Арман Шеризат. Жүрек деген – кеудеңдегі ұлы айна!
Бөлісу:
ЖҮРЕК
Шынның жүзін көрсететін Құдайға,
Жүрек деген – кеудеңдегі ұлы айна!
Пенделіктің сыпырады ол пердесін,
Күнің үшін тапсаң да ойлап мың айла...
Қалтқысыз ол көрсетеді барлығын,
Алдында айдай жүзі жарық арлының.
Абайсызда алсаң сызат түсіріп,
Тас түнекке айналады тағдырың.
Кеудеңдегі шын құдірет болғасын,
Оны қайтып жуа алмайды көз жасың.
Өкінерің, өртенерің белгілі,
Көкірегің шемен шерге толғасын.
«Жоқ, жүректен аяулысы тірінің»*
Құдай ғана ашады оның құлыбын.
Бір жүректің құпиясын тануға,
Кейде бүкіл жетпейді екен ғұмырың.
*- Хәкім Абай
***
Ғашық жүрек мойындауға тиісті,
Мені өртеген сағыныштың күйі ішкі.
Бізден бұрын ойларымыз табысып,
Бізден бұрын жолдарымыз түйісті.
Бізден бұрын болып кеткен бәрі де...
"Тағдыр" деуден аса алмадық әріге.
Енді бізге ем болмайды уақыт,
Енді жүрек бағынбайды дәріге.
Ауанына еріп іңкәр көңілдің,
Бал шәрбатын қанып іштім сол у-дың.
Ессіз ғашық болып күйген жүрекпен
Қажеті не енді ақылды болудың...
Енді ешқандай бұл жүректің жоқ емі,
Тек ұлғайар жалғыздықтың көлемі..
Қорлығы мен мазағына өмірдің,
Маxаббатсыз адам ғана көнеді.
ҮНСІЗДІК
Ешбір адам байқамаған, сезбеген,
Жанымды оқып қоясың-ау көзбенен.
Мұнша қымбат болар ма еді үнсіздік,
Мұнша аяулы болар ма еді сөз деген.
Сезіне алмай жүрміз неге сол бақты,
О үнсіздік сені сүйем толғақты...
Бəрі ішінде жұдырықтай жүректің
Біз айтатын ештеңе де қалмапты.
Тіпті нəзік қағысымен кірпіктің,
Үрейімді қабақтағы үркіттің.
Сөздің қанша қажеті бар ғаламға
Тілі сөйлеп тұрған кезде түйсіктің.
Таңғажайып тіршілікті таң нұрын,
Тілсіз жырлап, шексіз сүйем барлығын.
Түпсіз терең жанарыңның ішінен
Үнсіз менің оқылады тағдырым.
Алтынай
(баллада)
Неге күле береді, жын ба қысқан?
Жан-ау сірә, ақылы мүлде ауысқан.
Күйге түскен неліктен аянышты,
Ей, дүние, не ұқтың бұл дауыстан.
Неге күле береді, сыры жұмбақ,
Әлде тағдыр кеткен бе мұңын ұрлап?
Ақылынан адасқан Алтынайдың,
Арқалаған азабын кім ұғынбақ.
Жырлатардай көктегі көркі құсты,
Ешкім бірақ білмейді дертін ішкі.
Айналдырған адамдар мазағына,
Мағынасыз күлкі бұл, қорқынышты...
...Кеше ғана қыз еді албыраған,
Қандай сынақ әкелді тағдыр оған.
Естелігін өткеннің естігенде,
Езіледі жүрегім қан жылаған.
Жолы қандай бұралаң басып өткен,
Аяқталды неліктен қасіретпен?!
Ойда жоқта кез қылып бір жігітке,
Он алтының көктемі ғашық еткен.
Ғашық еткен, айырып ақыл-естен,
Сұлу еді өмірдің басы неткен...
Еліктірген еліктей сұлу қыздың,
Ерке самал тарайтын шашын еппен.
Жарқырайтын жап-жарық жүзі күндей,
Жалт қарайтын жігіттің жүзі бірдей.
Қос жанары қап-қара жаңа піскен,
Мөлдірейтін бақшаның жүзіміндей.
Тәнті ететін өзіне қылығы бал,
Тазалығы тұманың тұнығы дәл.
Жігіт біткен бір көріп ғашық болып,
Жүрек біткен жырлайтын құнығып, ал.
Қарамайтын солардың біріне де,
Ұға алмады ешбір жан сыры неде.
Махаббатсыз сезімдер ояна ма,
Ғашық болмай жүректер тіріле ме?!
Тек бір-ақ жан жүрегін дір еткізген,
Тек бір жігіт көңілге гүл еккізген.
Екі жүрек бір-бірін тауып солай,
Жазын, қысын, көктемін бір өткізген.
Бір өткізген күндерін, апталарын,
Былғамастан кіршіксіз аппақ арын.
Сезді ме екен әлде олар ең алғашқы,
Махаббаттың мәңгі есте сақталарын.
Өтіп жатты айлар да, жылдар-дағы,
Әскер күтіп жігітті тұрды алдағы.
Мектеп бітіп оқуға түсті қыз да,
Арманының бүр жарып қызғалдағы.
Араларын екі жыл бөлмек енді,
Не көрсе де бәрін де тең бөледі.
Қос жүректің сертін ап мәңгілікке,
Шыр айналып уақыт дөңгеледі.
Сағыныштан қыз жаны өртенеді,
Күндер қандай бір жүрген көркем еді.
Домбыраға тағылған екі шектей
Екі жүрек бір күйді шертеді енді.
Махаббатты көрсе де осы берік,
Кеудедегі сезімнің оты жеңіп,
Өзі құлай сүйетін жігітінің
Сөз айтады бір күні досы келіп.
Досы үшін еді ғой жан бағалы,
Сене алмастан қыз бұған таң қалады.
Жүзіне түкіреді: «қарғыс атқыр,
Жүрегімнің жалғыз! - деп таңдағаны».
Әділеттің жолынан жығылдық па?
Өмір толы неліктен тығырыққа.
Адамға тән тап-таза періштелік,
Адамға тән шайтандық зұлымдық та.
Қорлық болып қолының жетпегені,
Жігіт досы қызға енді кектенеді.
Қара түнек тұмшалап көкірегін,
Бір сұмдыққа байқалды беттегені.
Өп-өтірік қайғыдан боп қаралы,
Алыстағы досына аттанады.
«Жүрегіме батты деп қатты менің,
Сендік адал сезімді таптағаны».
Аңғал досты сөзіне сендіреді,
Сендіреді, үмітін сөндіреді.
Ағайынның алдында таба болмай,
Келін алып келуге көндіреді.
Өрге тасын өтірік дөңгелетті,
Шындық үні шырылдап желге кетті.
Көзі түскен бір қызбен сөз байласып,
Әлгі жігіт әскерден елге жетті.
Ата-ананың жүрегін елжіретіп,
Алтынайдың жанарын мөлдіретіп.
Туған-туыс жақынның барлығына,
Көптен күткен күн міне, келді жетіп.
Барлығы тұр алдында құшақ ашып,
Кеудесіне елжіреп қысады асық.
Кеше ғана қолында аялаған,
Бақытының кеткендей құсы адасып.
Сүйгені де хал-жайын еді білмек,
Кетті жігіт кеудесін кегі билеп.
Алтынайдың көзінше шешесіне,
Таныстырды бір қызды келінің деп.
Тұрып қалды, бұл оның не дегені,
«Айырбастап кетті оған неге мені».
Сүйгенінен көргенше опасыздық,
Жақсы еді ғой өмірге келмегені.
Жақсы еді ғой одан да жалғыздығы,
Махаббат деп айтамыз ал, біз мұны.
Топыраққа тапталып қала берді,
Адалдығы, үміті – жалғыз нұры.
Жетім жүрек тұтады кімді медет,
Көкірегін жіберді тілгілеп от.
Шарасынан кетердей шығып көзі,
Шашын жайып, қарқылдап күлді кенет...
Р.S:
Күлмеңдерші ол жанға өтінемін,
Аяңдаршы тағдырдың жетімегін.
Күліп бара жатады ол содан бері,
Жылап қала береді көкірегім.
Бөлісу: