Талғат Ешенұлы. Жүрегі бар жалғыз үй

Бөлісу:

28.03.2019 5198

«Әуелде сөз болған». Cөз әуелде адамдардың сәулелі жадына мазасыз түйсік боп бітсе керек. Содан барып түйсіктен – естияр ойға, ойдан – әуезді дыбысқа, дыбыстан – көркем тілге, тілден – бәдіз тасқа, тастан – балдыр шөпке, балдырдан былғары кітапқа көшкен дейді. Ақырында кітаптардың жұмағынан мәңгілік өз орнын тауыпты.

Қараша ортан беліне ауып бара жатса да әл-әзірге ызғары білінбейді. Астананың май тоңғысыз кеші. Ағылған көлікпен жарыса жүйткіген ойлар сан-саққа жүгіреді.

Күнде және әр кеш сайын үйге оралатын жолымда, тоғайлы бульвардың оң қапталында құрылыс сүйегі асыл, қас беті маңғаз, өне бойы нешеме аймүйіздермен әдіптелген бір үй қалып бара жатады.

Үлкен де, кіші де, биік те, аласа да емес. Сән-салтанаты жаңа қаладағы ырғын құрылыстардан артық та, кем де емес. Бірақ, бір керім. Әрі жазықтың бұлтын шәлі, самалын желпуіш қып, ай сәулесін шынысына шағып ойнап тұрған осы маңдағы көп үйден ерек, ұстамды һәм парасатты. Терезелері жұмбақ та тылсым сыр жасырып, баспалдақтары белгісіз, есесіне қызықты да алыс сапарларға шақыратындай, төңірегіне рауандап, жылу шашып тұрады. Осы маңдағы жүрегі бар жалғыз ғимарат, ғимарат емес, ғибадат орнындай әсер қалдырады.

Сірә, Ақмешіт пен Достық көшелерінің қиылысындағы академиялық кітапхананың тұсынан өткен сайын оқуы бар, оқуға адалдығы бар жандардың көкіректері жылитын болар, көңілдері қозғалатын шығар.

Мен де кітапхананың жанынан өткен сайын сөз бен кітап туралы неше алуан тәтті әрі шытырман ойға шомам. Ондай сәттерде жүрегіме мәз-мәйрам боп қуаныш ұялайды, арқама жалданып қанат бітеді. Есіл сирағымнан келгендей, «Бәйтерек» иығымда көктегендей болады. Кітапханаға өзіңнің де әлдеқандай қатысың барын сезіну бір ғанибет, кейде осы. Басқа не керек?!.

Расында, «Қара басыңа көп нәрсе керек пе?». Бірақ, Толстойдың немесе тақуаның дегені бола бермейді ғой.

О, біздің астаналық жұртқа керек емес нәрсе жоқ. Отбасыңа – бақуатты тұрмыс, туыс-жұрағатыңа – жайлы жұмыс, ұлықтарға – кәсіби маман, достарыңа – қолы мен жолы ашық адал серік керек. Біреу атаққа, біреу ақшаға мұқтаж. Біреудің тәлкек тағдыры комедияны қалайды, біреу драмаға зәру. Біреу үшін түкке тұрғысыз нәрсе біреу үшін ауадай қажет. Бұл, енді, аса қызық емес.

Мені осы кітапханаға кіріп-шығып жататын жұрттың тағдыр-талайы, талғамы қызықтырады. Бұлардың бәрі ол жерден не іздейді? Мен іздегенді іздей ме? Және солардың бәрі мен құсап кітапханаға сұрақ белгісімен кіріп, леп белгісімен шыға ма?

Кітаптар да құдды адам сияқты – өзінше бақытты, өзінше бақытсыз, тағдырлары да, мазмұндары да ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Жаратушы мен жаратылғанның, көк пен жердің, ақ пен қараның, қоғам мен адамның, шығыс пен батыстың құпиясын жасырған құдіреті бола тұра, кітаптар да біз сияқты – қорғансыз. Ықылымнан жеткен кеп, Ниппур, Ашшурбанипала, Пергама, Александрия, Отырар қажеті жоқтығынан емес, қорғансыздығынан өртенді, тоналды, жоғалды.

Кітаптар да – жалғыз, біз құсап серік іздейді. Олардың көңілін сарғайған парақтардан рухына азық, көңіліне медет іздеген, жәрдем тілеген жандар ғана марқайтады. Дәл сондай серік табыла қалса екеуі ешқашан бір-бірінің ішін пыстырмайды, бір-бірін жалықтырмайды. Кітап саған, сен кітапқа айналып жүре бересің.

Кейде кітаппен отырған бір сағатыңды кісімен отырған бір күніңе қимайтын сәттер болады. Жұтқан ауаң, көрген аспаның, басқан топырағың, қоршаған ортаң – бәрі адыра қалады. Қас қарайғанын кезекші кітапханашы дігірлетіп қуып шыққанда ғана барып білесің.

Бізге керегі – таңбалар, белгілер, әріптер, сөздер, мәтіндер, сюжеттер, образдар, кейіпкерлер және т.т. Біздің іздегеніміз материя да, мейнстрим де емес. Біздің іздейтініміз – адам жанының мистериясы. Содан болар, кітапты жақсы көретін, кітаптың қадірін білетін, кітапханаға үйір адам әрдайым етене жақының, туыс-бауырың боп шығады.

Жан қажеті өтелсе ғана көңілің тыншиды. Ал, жан қажетінің өтеуі, көңіл тыныштығының жұмағы кітапхана ғана. Ойлы санасы тастай қатқанның, шерлі көкірегі мұздай суығанның мекені. Осыдан шығар, «жүрегі бар үйге» сен де жүрегіңді қалдырып кеткің кеп тұрады.

Әрине, сөз әуелден отанын іздеген жоқ. Ол балаң жады мен былғары кітаптың арасын жол қылып жүрген де қойған. Сөйтіп жаңағы мазасыз түйсікті – пәни мен бақидың көзі, кеңістік пен уақыттың тізгіні болған, шексіздік пен мәлімсіздіктің ақсөңке соқпағына және он сегіз мың ғаламға айналған түйсікті өзіне ғана ұғынықты, өзіне ғана қымбат, өзіне ғана жайлы кітапхана жасап алған.

Ойлар – жүйткіген көліктердей. Қараша ортан белінен ауғанда, Астананың май тоңғысыз кешінде тағы да академиялық кітапхананың жанынан өтіп барамын.

egemen.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар