Ақұштап Бақтыгереева. Қазақ журналистикасы не оқытып жатыр?

Бөлісу:

04.04.2019 4991

Сонау жылдары мектеп бітіруші баладан қай мамандық ұнайды деп сұрасаң шетінен заңгер болғысы келетін. Қазір шетінен журналист болғысы келеді. Соңғы жылдары журналистикаға қыздар көп барды. Ол ұлттың есеюі ме, әлде теңдік алған әйел затының даму сатысы ма, әлде бір кездегі матриархаттың қайта оянуы ма, кім білсін, оны зерттеушілердің үлесіне қалдырдық.

Өз басым жетілген қыз балаларға қызыға қарап қуанам, сөйлесіп болып мұңаям. Қуанатыным – алға ұмтылған сауаттыларына, өмір жүгін көтере білген қайсарлығына сүйсінем. Мұңаятыным – ана болып бесік тербер мүмкіндігі аз. Еркелетіп отырған ерге зәру. Ал мұның бәрі табиғаттың заңы еді ғой.

Енді сол жан-жақты журналист даярлауда қалай білім бере алдық? Қазір олармен сөйлесе қалсаң, тек сұрақ-жауап (интервью) ғана алатын дәрежеде білімі бар. Терең тарқатып сөйлесе алмайды, қоятын сұрақтары шектеулі ғана. Өнер жұлдыздары жайлы өзі айтып бергенді жазудан әрі бара алмайды. Аяғында бәріне қоятын бір сауал: Болашақ жаспарыңыз қандай? Ондай сұхбат оқырманға да қызық емес, журналистке де абырой әкеле бермейді. Ендеше, журналист сан саладан білімді болуы шарт, тілі бай болуы қажет. Ал біздің журналистердің біразы 4-5 жыл бойына шешендік сөздерді оқымайды екен. Сырым Датұлын, Жиреншені, Малайсары, Байдалыны, Мөңкені сұрасаң танымайды екенмін деп жауап береді. Әкім Таразиды – Тараздың әкімі дейтін де сондайлар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ақұштап Бақтыгереева. Дала заңы әрі қатал, әрі адал

Қасымның да, Қадырдың да өлеңін оқи бастасаң, Мұқағалиға жапсыра салады. Сонда қазақ журналистикасы не оқытып жатыр? Әлем журналистикасына араласқаны тағы жоқ. Познермен сөз таластыратын кім бар?

Осындайда көшпенді бабалардың «Байтал шауып бәйге алмас» деген мақалы санаңда қайта жаңғырады. Туламай, ренжімей, сабырмен ойлансақ, зияны жоқ сияқты. Орныңды біл деген парасаттылық емес пе екен? Бәлкім, көшпенділер ондайды бастан кешкен шығар. Бұл күнде Азамат беделі төмендеп кеткен жоқ па? Кінәлі саясат па, жоқ өзіміз бе? Иә, сан сауалдың жауабын табу қиын кезең бұл.

Туған жерді тану да бүгінгі күннің басты мақсаты. Туған елдің сыры мен жырын білмейтіндер шетел асып жатыр. Ал даламыз аяқ бассақ тұнған тарих, үйренер өмір сабағы да сонда.

Ақ Жайықты бойлап Атырауға дейін без жүз шақырымда кім жоқ? Бекежан Төлегенді атқан Қосаба. Сырымның туған ауылынан Бөкен биге бата ала барған жері де сонда. Куә боп Бөкен бидің моласы тұр. Сонда естіген сөзі бір ғалымның оқитын дәрісіне татиды. Бөкен би Сырымға былай деп бата берген:

– Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Мінезің қара жердей ауыр болсын.

Өкпең жоқ – бауыр болсын,

Құлағыңнан сыбыр кетпесін.

Жасың алпысқа жетпесін, – деген.

Бәрін ұққан Сырым жасының алпысқа жетпесін дегеніне түсінбеген. Сонда Бөкен би: «Үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым, қара сақалды әкем, қара шашты шешем болды, ауру келді, кәрілік жеңді. Осындай алпыстан кейінгі өмір несі қызық?» депті. Сондағы қара сақалды әке – ұлы, қара шашты шеше – келіні екен. Не деген болжау? Бүгінгі сол бала-келін алпыстан асқан қарияны бақпай қартайғандар үйіне тапсырып отыр емес пе? Міне, ойшыл, көреген адамдары осылай сөйлеген көшпенділердің.

Енді ойшылдарды қоя тұрып, өз әжемнің мақалына оралсам. Беті аулақ болсын, бірақ, әжем «ақырзаман» деген сөзді жиі ескертіп отырушы еді. Әжем «Ақырзаман болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» деп Мөңкенің айтқанын қайталағанда мен бетімді басып ұялушы едім. Ондайды өз көзіммен көретінімді қайдан білейін. Сонда «сауатсыз» көшпенді деген ата-бабамыз қалай болжаған, неден сақтандырған ұрпағын? Оларды «сауатсыз» деуге мүлде болмайды. Әр сөзінде өмірдің сабағы, болашақ болжамы бар. Осыны Ванга айтса тамсанар едік-ау, ал көпті көрген көшпенді айтса құлақ аспайтынымыз қалай?

Бір кеште көз жүгірте салатын «Аяз би» ертегісі нені аңғартар еді? Иә, киімі жаман болған соң хан «Әрі апарып ас үйден көже беріңдер» демей ме?

Сол бір ауыз сөзбен ханның тегінде кедейлік барын дәлелдеп бермей ме Аяз? «Аузыңызға көже сөзі түсті, жеті атаңызда хандық жоғын содан білдім» демей ме? Не деген терең ойлау!

Міне, теледидардан халыққа қарап сөйлеген журналист ел ішіндегі Аяз билер қандай баға беріп отыр деп ойлану керек. Сөз құрап сөйлегенде сауатың көрініп тұратынын ойлап қойған жөн. Құрған сөйлемің де сауатыңның айнасы, ендеше журналистикаға келу үшін ана тілін терең меңгеріп, үнемі ізденісте болған жөн. Ұлтымыздың шешендік мектебі соған үйретеді. Ауыз әдебиетіне сонша бай «сауатсыз» көшпенді бабалардан қалған сөз мұрасы «Ұлы даланың жеті қыры» аясында қайта оқитын сарқылмас қазынамыз болса керек!

Сурет baq.kz сайтынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар