Жанна Елеусіз: Аспан шығар — менің Елім?
Бөлісу:
...Сен де мендей жаныңды мұңға малып
Көрдің бе? Ай секілді түнде ағарып...
Түн ылғи шошытады дүниедегі
Ең жақын адамымды ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті көзін жұмып?..
Бәлкім тылсым түс болып қашықтады?
Бәлкім сол ма күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар жанарын ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем! Менсіз өмір
Сүре алмайтын жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер, Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде –
Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...
***
Қызғалдақтың — даласы бар.
Гүлзар бақтың — қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған —
менің Жаным аласұрар…
Адамдардың — ауылы бар.
Алаңдардың — қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар…
Дос біледі. Ол — ғапылдан.
Жау күледі — жақыннан.
Ақын: — Қоғам! Ортам!.. дейді.
Мен шошыдым ақыннан…
Айдалаға қашқан шынар —
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар — менің Елім?
Менің елім — Аспан шығар…
…көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп. —
Өлесің ғой… дегендерге, —
Өлеңмін!.. деп барам — Өксіп…
***
…тағы – Жол.
Тағы – қысқа емес шақырымдары.
Алаңдауменен күн өтті бірнеше жүдеу…
«Сен жаққа емес!..»
деп біреу ақылымдағы
жымиды.
Жылап жіберді жүректе – біреу…
Солқ!..етіп іште Сағыныш.
Сол қалды. Әлі
Айыра алмай тұр Түсін Өңінен – қала.
…Әділдік болса, жердегі Жолдардың бә-әрі
Бітуі керек еді ғой — Сенімен ғана!..
…Күзде бір Шынар болатын.
Сол Шынар ма едім?..
Жел қағып, түсіре алмайтын нәзік бүрлерін…
Сен жаққа бастап, бармайтын
ЖОЛ шығар менің – ӨМІР…
деп сүріп жүргенім!..
***
Майшам екем.
Түнектерге көнбейтін!
Жанған сайын ұзаратын білтесі.
Шыны бойлап,
Шындыққа өрлейтін отының әр күлтесі...
Бере алмайтын Мақсатымды анықтап,
мен Жарықтан бас тарттым!
Қараңғыда Майшам болып шарықтап.
Сұмдық-Өмір, сені көре бастаппын...
Болып алдым өңімде де,түсімде –
қабырғаға Шын бейнеңді салатын.
Көбелектей сұлу Өлең ішімде күйіп жатыр қанаты!
Күн де өшеді. Көкірегін көтерсе.
Болу керек мына өмірде мұң да – Арлы!
Мені емес.
Өзіңді іздеп жетерсің.
Көру үшін – ең шынайы Сұлбаңды...
***
Керек емес ештеңе. Ешкім. Өлең,
Мен болайын әндерін естімеген.
Күле алмадым қосылып көп тобырға,
сорыма орай,
олардан естірек ем…
Келмейді енді оралғым ортасына,
жүре берсін бөленіп торқасына.
Жалғыз дауыс шығады «қайдалаған»,
ол да күмән – шыны ма, жортасы ма?!
Сүрем үнсіз бір ғұмыр. Іздемегін.
Туа бермес мендей қыз Күз дегенің..
Бір ағашқа жан бітсе биыл көктем,
бұл тірліктен сол-күдер үзбегенім!
Бақытыңды жырлаңдар қурамаған…
Біреулерге ұнағам, ұнамағам.
Бір қыз осы – қайдам, өмірінде…
Өлеңінде ешқашан жыламаған…
***
Сен де бөтен. Мен де саған бөтенмін…
Өз мұңымды өзім үнсіз көтердім…
Сен де қиын. Мен де саған қиынмын..
шілдедегі аспандай сап тыйылдым…
Сен де жаңбыр. Мен де сондай жаңбырмын!
Жауғызбаған, жауа алмаған тағдырмын…
Сендегі аспан…мендегі көк тамаша.
Тек оңаша жылайтының болмаса..
тек оңаша жылайтыным болмаса…
Сен де кешір…мен де сені кешіргем…
кетпейтінім болмаса тек есіңнен…
кетпейтінің болмаса тек есімнен!..
***
Құс көрмеймін қаланың аспанынан…
қайда кеткен қанатты туыстарым?..
жылу іздеп жапанның тастарынан,
паналай ма үй асты қуыстарын…
бүлкілдетер секемшіл бүйректі не…
бұлбұл тұтқын билікке, бұлғын – дәрі…
уысынан жем беріп үйретті ме
сәулетті үйдің дәулетті тұрғындары…
қарлығашым, қанаттас кептерлерім,
қайда жүрсің еркіңмен ұшып-қонбай?..
саңғып кеткен қыран құс бөктерлерін,
жалап-жұқтап, жағып жүр пысық торғай…
Суреттер ғаламтордан алынды
Бөлісу: