Дөңтай Қожамбетұлы. Асылың бойыңдағы әуелі – иман

Бөлісу:

14.04.2019 4987

Қазақ диаспорасының мемлекет қайраткері, ақын, ағартушы Дөңтай Қожамбетұлы 1876 жылы қараша айының 16 күні дүниеге келген. Алтай аймағы Буыршын өзені бойындағы Шарбақ өткелі жерінде 1898 жылдан бастап Құланбай мешітінде имам болған, медресе ашып, 30 жылдай шәкірт оқытқан. 1927 жылы Баркөл ауданына қоныс аударған.

1929 жылы қытай отаршыларының қысымына ұшырап, Моңғолия жеріне Говь-Алтай, Завхан аймағы тұсынан өтіп, 3000 қазақ отбасынан тұратын жеке аудан құрып, әкім болған. Кейін Моңғолия премьер-министрі Гэндэнмен дос болып, ел парламентінің төменгі палатасына мүше болды. 1938 жылы оған сталинистер тарапынан саяси жала жабылып, тұтқындалды. «Халық жауы», «жапон тыңшысы» делініп ату жазасына бұйырылды. Дөңтайды 1990 жылы Моңғолияның жоғарғы соты ақтады.

Әуелі бір Алладан қылдым үміт,

Мұсылман үміт етсең дініңді күт.

Мұсылман кәпірменен бірге туған.

Қыласың дін күтпесең неден үміт.

Дін күтсе ата-анаға боласың кең,

Мұсылман кәпірменен бола ма тең

Кәпір мен мұсылманның екі арасын,

Намаз бен оразадан білерсің сен.

Осының бәрін білмек оқуменен,

Көңілге үлгі жолын тоқуменен.

Көңілі харам, намазы қаза болса,

Көп артық хайуан мал онда сенен.

Хат жаздым құрбыларға оқысын деп,

Көңілге үлгі жолын тоқысын деп.

Ғылыммен әдепті боп, жақсы жүрсе,

Дүние мен ахиретке болмайма сеп.

Жаратқан әуел Құдай досты нұрын.

Еш нәрсе жаратқан жоқ одан бұрын.

Төрт бұтақты ағашқа нұрды қойып,

Дүниені кіргізіпті сонда түрін.

Тіл алсаң, бір Құдайға күнде сыйын,

Наданның көңіліне салсын тыйым.

Алдына таразының шыққан күнде,

«Я, Жаппар, саған оңай, бізге қиын.

Дін күтіп, ғылым білмек ақылында,

Досы да, дұшпанның да, жақынның да.

Кішік бол, ұлық болсаң деген сөз бар,

Пайда жоқ тәкаппардан ақырында

Берейін балаларға өлең жазып,

Болғанда иман жолдас, намаз азық.

Болмайды оқығанмен дін күтпесе,

Ғазазил көп оқумен кеткен азып.

Балалар әдепті бол тілімді алсаң,

Жаман жоқ әдепсізден тілге нансаң.

Әдепсіз тәкаппарлар қайда кетті,

Қиссасын Ғазазилдің көңілге алса.

Бек қатты, қиын екен ғылым білген,

Хайуан мал секілді қарап жүрген.

Оқымай бір Алланы тани алмас,

Наданнан сұрандаршы, тірі жүрген.

Балалар үйреніңдер ақыл – һайла,

Ақылсызға айтқан сөз бәрі найза.

Иманмағзұм ұйыпты сиыршыға,

Содан алған оқумен көрген пайда.

Ғылымның байланбағы ақылымен,

Жат болар надан кісі жақынымен.

Алланың рақымынан үміт қылсаң,

Қарсы етпей ата-анаға боласың кең.

Әуелі иман біліп, мұсылман бол

Ұқсаңдар ақылымның бәрі де жол.

Басқа зиян, бағыңа кесел болар,

Қарсы келмей ата-анаға әдепті бол.

Көз жетті өткен өмір келмесіме,

Келеді кеңге түсіп енді есіме.

Қадыр тұтып бір-біреуді құрметтілік,

Жалғанның баяны жоқ пендесіне.

Келмейді екі айналып өткен өмір

Жалғанның ең қызығы тату көңіл.

Шалқылап таразыдан өтеді екен,

Күнәсі пендесінің болса жеңіл.

Өте алмас таразыдан жазалы құл,

Бақ берсе айтқанның бәрі де жол.

Ораза мен намазды қаза қылмай,

Көңілді көтеруге ойна да күл.

Намаздың құтылмайсың қазасынан,

Көңілдің дін табарсың тазасынан.

Көзбен көрмей, тіліменен айтып салса,

Бар күнә қызыл тілдің жазасынан.

Дін күтіп біз қинадық шыбын жанды,

Айтпаса кім біледі ішкі арманды.

Дін күтіп тірі күнде құлшылық қыл,

Жүрмісің баянды деп бұл жалғанды.

Қас қылма мұсылмандар имаңына

Мақтанба дүние боғын жиғаңына,

«Мәуес» деген орынды сайлап қойған

Нәпсіңді харам істен тиғаныңа.

Қағазға жаза берсем әңгіме көп,

Бекер сөз ешнәрсеге болмайды сеп.

Әңгіме бір-екі ауыз жаза салдым,

Көңілін оқығандар көтерсін деп.

Адамға жақсы жолдас болмайды кез,

Жалғанда уағда бұзған кісіден без.

Ісінен шариғаты бөлек емес,

Алланы ауызға алып айтысқан сөз.

Адамға жолдас жақын жиғанынан,

Иман жолдас, нәпсіңді тиғанынан.

Дүниені таусыларын білген пенде,

Қылады шариғатқа сыйғанымен.

Адамға жақсы жолдас болар серік,

Шайтанға бұрылмайды діні берік.

Надан кісі жолдастан тез айрылар,

Шайтанның арадағы тіліне еріп.

Адамның үлкен бағы – алған жары,

Дәулетсіз ұзатпайды қолдың тары.

Әр нәрсе асылынан ұзамайды,

Бекерге күшенеді жанның бәрі.

Жаман ат ұстатпайды жалы болса,

Паң болар надан кісі – малы болса.

Мәулім қазы болғаны бәрі бірдей

Шыбындай көкірегінде жаны болса.

Балалар оқысын деп жазған хатым,

Жақсының кім біледі сүйек затын.

Күтіңдер ғылым жолын құдай үшін,

Жұқпайма надан елге шарапаты.

Белгісі мұсылманның иманымен.

Харам боп пайда бермес жиғанымен

Табарсың Құдайыңды халал жолмен

Нәпсіңді харам істен тыйғанымен.

Бұл сөзді қысқарталық артқы жағын,

Әр кімнің Алла берер атақ бағын.

Аят, хадис, мәселе кітап емес,

Әр нәрсе дәмді болар айтса шағын.

Балалар осы күнде ақылың шақ,

Ғылымның жолындасың көңілің ақ.

«Хул мен-хайру билла фа-аскун» деген,

Тіл алсаң өсек сөзден аузыңды бақ.

Балалар үйреніс қыл сөздің шынын,

Шығармас жақсы кісі ішкі сырын.

Басқа зиян бағыңа кесел болар,

Аңғармай артық айтқан қызыл тілің

Балалар ғылым ізден жанап жүріп,

Әбжаттың калимасын санап жүріп.

Бір шапан бір көйлекті көтере алмай,

Кей надан мақтанады қарап жүріп.

Болады ғамал қабыл ниетпенен,

Кетеді сүтпен сіңген сүйекпенен.

Наданға айтқан сөзің кетер зая,

Жасынан жын мен шайтан иектеген.

Бұл сөзді білер ме екен бекер адам,

Білмеген сөз мәнісін болар надан.

Оқығандар көңілін көтерсін деп,

Сөзінен әр кітаптың алдым тәмем.

Айтайын мен бір кеңес құлағың сал,

Ақылмен үлгі жолды аңғарыңдар,

Үш асылды үш жасық жеп тауысар,

Алланың бұйрығына таң қалыңдар

Асылың бойындағы әуелі - Иман,

Бір асыл – таза қылып дәулет жиған.

Бір асыл – басыңдағы ақыл екен,

Ақылмен харам істен нәпсі тиған.

Иман бойда тұра ма харам болса,

Дәулеттен пайда көрмес сараң болса,

Асылыңды жасыққа жегізбеңіз.

Мұсылман дін күтетін шамаң болса,

Дәулеттен не пайда бар сараң болса.

Ойлаңдар осы сөзді санаң болса,

Бірер тайды өлген күнде әрең берер,

Артында харам туған балаң болса.

Білермен сөз тыңдайды айтсаң досқа,

Бақ қайтса қылған ісің кетер босқа.

Керуендей сауда қылып, қырға шыққан,

Бір күнгі сапар үшін кірсең қосқа

Жолаушы қосын тартып қайтады үйге,

Бір күнгі жолаушыдай, осы дүние

Жалғыз жолғы сапарға қызығам деп,

Не деп жауап береміз екі биге!

Бұл дүние бір өлексе ит жейтұғын,

Бетіңе белгі салса кетпейтұғын.

Жалғанның боғын жинап таудай үйсең,

Бірі жоқ ахиретке септейтұғын.

Қызығы дүниенің көрер көзге,

Пайда жоқ ахиретте діннен өзге.

Бұл дүние керекті нәрсе болса,

Орап неге тастайды биттей бөзге.

Саудагер үйге қайтар қосыменен,

Кей надан араз болар досымнен.

Бұл сөзді көп айтқанмен кім ұғады,

Жиялық сөз аяғын осыменен.

Жақсымен жолдас болсаң көңілің тынар,

Дін қуған хақ жолында болар құмар.

Жақсы кісі жаманмен жолдас болса,

Күмісті тот басқандай кесел жұғар.

Парызды жария қыл, қойма тығып.

Шайтанның уасуасы кетер жұғып,

Әмен бирлан Пергауын Тозақ кетті.

Дұшпаны бір Алланың кәпір залым,

Ұрқына пайғамбардың қастық қылған,

Нәзит – лағын білерсіз хал-ахуалын.

Шидаттай хат баласы қазына үйсең,

Ажалға пайда бермес жиған малың.

Атам Мәлік - би, қажы қолы астында,

Дөңтай деп атым жазып, қылдым сарын.

Баспаға әзірлеген: Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

Фотолар Монғолияның ұлттық архивінен алынған.

Бөлісу:

Көп оқылғандар