Азамат Тасқараұлы: Буырыл талға қаздың үні тамшылап...

Бөлісу:

20.04.2019 7545

Азаматтың әдебиеттегі шың Алтай тақырыбында қалам тербеуі - Оралхан Бөкейден кейін қайта тыныс алған ба деп ойлаймыз... Оның Ай мен Күні айқайлап туады! Азаматтың поэзиясы - Алтай таулары алқанында ешбір кедергісіз өскен лала гүлдеріндей үлбір, күнге тырмыса өскен өсім - өлеңдер. Азаматтың азаматтық лирикалары ішкі түрлі бояуымен, тылсым әуенімен, зау шырқауымен «Мен Қазақпын!» деп ерек еңселі көрінеді. Сыртынан қарасаң да өлең өрімі бесенеден белгілі. Таудың үні, даланың түгел түр-түсі, күліктің желісі, түземдіктердің болмыс, кейпін басқа өркениетке жеткізу үшін Тасқаралардың тастай ақық өлеңдері керек-ақ.

Сұраған Рахметұлы

Жайылым

Аяңы аққұла аттың кекілқақпай,
Шаршатпай жылдамдайды, не құлатпай.
Ойнақты белден-белге ойыстырсам,
Қариды терімсал жел бетімді оттай.

Біз жақта әуір, өкпек, ызғырық бар,
Жел сөзге және емеспіз біз кіріптар.
Сай құлдап "Дүния-ай"- ға салған сайын,
Жөңкиді аласұрып күзгі бұлттар.

"Дүния-ай, қудым сені жалықпастан,
Кездерім көп те шығар шалыс басқан.
Ұлардай ұлы Алтайда көп шулаған,
Бұл дәурен барады аттап ғаріп бастан...", -

дегенше азынатып көк қасқасын,
Сәурік сап, үйірінің топтап басын.
Иіскеп насыбайын әпенді қарт,
"Әкеңді бар ғой сенің...", - деп бастасын.

Кербұғы мүйізінен тақысы бар,
Бес-алты тайлы бие ақысы бар,
Атамның ақ шақшасы осы шалда,
Ақсақал не десе де һақысы бар.

Сөз бастап құнан жайлы, құлын жайлы,
Уақытын ұрпағына шығындайды.
Байғыздың үні жетіп, сам жамырап,
Жон-арқам аракідік шымырлайды.

Даламдай дарқан қайдан табам құшақ,
Мен де шат, мал жайғаған бабам да шат.
Отырам ойраншөптен мұрным қышып,
Біртүрлі көпті көрген адам құсап.

***

Ертістің бір терең сай арғы жағы,
Бүркеген тоғайлығын бар мұнары.
Бабамның кісінейді (түсімде ғой),
Шашасын шаң қаппаған арғымағы.

Құлан жал, талыс танау, бөкен сағақ,
Сыныңды, серегім-ау, не етем санап?!.
Бірге ішкен қара өзенді жалғыз кешіп,
Мен кеттім,
Мекен болып бөтен сорап...

Жел гулеп, селеу сыңсып, дала тынбай,
Бұйра бұлт боз жартасқа қонатын жай.
Сондайда құйқылжиды көкіректе ән,
Ыңылдап атам айтқан - "Қараторғай".

Жүруші ем үйіріммен қатар ойнап,
Күрпілдеп саумал аңқып жатар аймақ...
Қанша күн өтті содан,
Мен білмеймін,
Ол да бір қашқан түлкі бұта бойлап.

Еспейді салқын самал жайлап қырдан,
Бұл күнде баба аруағын айбат қылғам.
Қаншама үкі-түнге кез боп келдік,
Тұмсығын қара тасқа қайрап тұрған.

Сағымы арбаса да жүз белеңдер,
Керме үзген күлік, шіркін, Түзге елеңдер.
Алтайдың иығында туған мені,
Қаланың көшесінен іздемеңдер.

Шындық


Далдалап кемер тауларды,
Даладай көңілі иен моладай қарайып,
Аруана көзінен ақса тек қан ағып,
Көрсоқыр тобырға таланып,
Шындық келеді...
Қазанаспа аузында күн ысып,
Шиыршық атқан қыл арқан екі қолын күйдіріп,
Сонда да аспандай асқақ қарауға тырысып,
Шындық келеді...
Шындық келеді...
Қараңғы қоғамның ұлыған ажалын көп көрген,
Залалын көп көрген,
Басынан мың дәуір өткерген
Шындық келеді...
О, бәлкім, ол ерте түсінген -
Асыл да қардың алдымен,
Алтайдай тауға қонатынын,
Тіпті, Тәңір жұпарлы жусанның арасында да
бір тұтам қара шұбар жылан болатынын,
Тапса егер сорлы адамның Арынан пана табатынын,
Арынан пана таппаса,
Сүйекті де ерітер аңызақ соғатынын...
Шындық келеді!
Бір кездері ол дағы өксіп аққан тұма-тын,
Өксіп аққан тұмаға қаншама адам қанатын.
Бір кездері ол дағы - құла тартқан өзен-ді,
Бұл күндері өзінің еріндері кезерді...
Көшкен күннің қияғына ұзақ қарап, қадалып,
Шындық келеді...
Надан жаққан тезектің түтініне қақалып
Шындық келеді...
Шындық келеді...
Әр адымын аңдыған жұрт
әзәзіл ойларынан суырысып зор қылышты,
бір күні оны да өлтіріп тынатынын ойлаудың өзі
................?

Иіс


Қай жаққа ақтың, менің қасқа бұлағым,
Сәлем саған, бетегелі боз далам.
Айналайын, атам жатқан Ұланым,
Іздеп келген өз балаң.

Бұлт боп неге түнердің,
Бар ма алдыңда әлдеқандай жазығым?
Мен бір тапқан күреңмін,
Қайта айналып қазығын.

Ізі қалған қаймалдың,
Ызбан оты қаулаған.
Қасиетті топырағыңнан айналдым,
Менің мынау реңімнен аумаған.

Боз ағашы бөрте қалған күздерде,
Шоқ боп ұшқам томардан.
Бөрі жортқан түздерде,
Бір тағамыз (талтүсте ме?) жоғалған.

Қара өлеңдей – шөптей болсам деп едім,
Қасқа құлын емін-еркін аунаған.
Құс самғаған көктей болсам деп едім,
Қара нөсері жерді оярдай саулаған.

Тайынты-Тарғын... Тау жайлаған бұ жұртта,
Кім, кім өткен, кім өткен?!.
Күннің өзін тегін сөзбен қызарта,
Билер орта гулеткен.

Тауды көрсем қасқайған,
Көргендеймін қарыс маңдай әкемді.
Ат тағалап жастайдан,
Сүйген мынау селеу басқан мекенді.

Қосын тігіп құлан ауған далаға,
Сыры бардай өзі ғана білетін.
Аттың терін алабажақ жағама,
Жаға салып жүретін.

Шыбынды су, шұбар сайым – сағымым,
Сауыр желі кеулеген.
Аттың иісі – арқыраймын – әлі күн,
Бұрқырап кеп кеудеден.

Жүрекке ыстық туған жердің иісі ол,
және мынау мекеннің.
Туған жердің иісі ол,
Иісі ол – менің асқақ әкемнің.

Жолбарыс


Сүлдерімді сүйретіп кеп жолға айырық,
Тағдыр тоз-тоз еткен кезде бордай қып.
Алтай ауған қызыл жирен жолбарыс,
Ақ сапарға бастайды ылғи алты айлық.

Сондай жота басып, жон асам,
Қос көзімде ай бұлдырап...

Сана - Шам.
Көкірегімнің түп иісін танытып,
Сөз бүрлейді көзіне оның қарасам.

Қапы кетсем азуыма қаяу түс,
Жау дегенде білген бе еді аяуды іш?!.
Кеудем ішін қан-қан қылып тырнайды ол,
Тұрпаты най, сойдақ тырнақ, сояу тіс.

Мен бақсының қос иығына шөк, тұман,
Жолбарысым салғысы бар көкке лаң.
Жеті түнде жұлдыз түсін жамылып,
Жон терісін қанжыға етсем деп тұрам.

Бұл дәуірде мендей ғаріп жоқ, мейлі,
Бір хайуанның жыртқыштығы-ай... жетпейді.
Ақырғанда айдай жерге от шарпып,
Өзегімнен өкпек шағым өтпейді.

Жолбарысым, пысқырмаған мұң-даққа,
Мен де ақыры таусылам бір ырғақта.
Сол кезде, аң-ау, атыларсың кеудемнен,
Сәулесімен арбап жатқан Күн жаққа.

Алтай



Алтай таудың бөктері,
Кімдер келіп кетпеді.
Жарау тартып жылқыдай
Жер көксеуім өтпеді.

Өткен күннен орасақ,
Саған болып алашақ -
Шаңырағын иді әкем,
Күнгей жерден ағаш ап.

Алтай таудың ұшары,
Қобыз күйім құсалы.
Жусан түбін босатып,
Созаң торғай ұшады.

Шеше иіскеп маңдайдан,
Әкем қағып арқамнан.
Теріс біткен бұтаққа
Қан жиренді қаңтарғам.

Алтай Алтай болғалы,
Алып құстар қонғалы.
Тәңір тұттық біз де оны,
Тамыр тартты ол дағы.

Табан тілген тас-құмы,
Кіл қара жал қасқыры.
Қаһарынан айналдым,
Қара Ертістің тасқыны.

Сусап қалған серегің,
Борт-борт саған келемін.
Орман болып тәу етер,
Оман дариям сен едің.

Алтай тауым - өрлігім,
Тау көрмесем шерлімін.
Мүйіз төсеп толқынға,
Күн жайлатқан кербұғың.

Ескі жарам қанап бір,
Алыс кетсем тағат қыл.
Ақ селеуің үкісін
Жүрегіме қадап тұр.

***

Алтай таудың алқызыл боп торабы,
Бұлт ойнайды...
Бабажапырақ тоңады.
Үшаталық қоңыр талға қош айтып,
Көкжиекке құстар сіңіп барады.

Нар қобыздың үні жетіп қиырдан,
Көш, бәдік, көш, біздің ойға бұйырған.
Жарбайда ауып бір шаңырақ тағы да,
Гөй-гөй зары көкірекке құйылған.

Гөй-гөй зары жәһаннамдай, түнектей,
Соның бәрін удай көрген жүрек қой.
...Бес биенің сабасындай жеңгемнің,
Берген сүті өңішемнен тұр өтпей.

Ілесерміз, ілеспеспіз көшке енді,
Уһ күрсініс дәл осылай кешке өлді.
Желмаяның жерге тамған жасынан,
Таушымылдық шоғырланып өскен-ді.

Жылтыр тартып тас төбеде сынық ай,
Суық түннің сусып жатқан құмын-ай.
Қара Ертіске қарайлайды желмая,
Сағынышын,
Қимастығын,
Мұңын-ай.

Өкпесі бар секілденіп бес күнге,
Қараңғылық перде басып кескінге,
Шыли түнге еніп кетіп жоқ болды ол,
Содан қайта жолықпады ешкімге.

Содан қайта...
Көкіректе бір мұз бар,
Таныс маған сол сағыныш...
Түнгі ызғар.
Желмаяның көз жасы ма дей берем,
Түн кеудесін тіліп ақса жұлдыздар.

«Аға, аққулар ұшты!»



Боз қанатын жел қайырған құстай-ды,
Жүрегімнен қайтпай қойды-ау жүз қайғы.
Қарындасым тана көзі жәудіреп,
Түсімде ылғи ескі үйімді нұсқайды.

Ымырт көшіп...
Елестейді там жалғыз,
Сағыныштың әнін салып сан жалбыз.
Жон арқадан қара жаңбыр сорғалап,
Кімді ғана іздеп кетіп қалғанбыз?!.

Буырыл талға қаздың үні тамшылап,
Бұлттай басты сеңгірімді сан сұрақ.
Айға қарап ұлиды ұзақ көкбөрім,
Көкірегі тұрса да ылғи қансырап.

Қарындасым, қан жақыным, қарғашым,
Қу басыма сен жыласаң ол да - сын.
Жолсыз күнде терезеге көп қарап,
Көңіліңе қаяу түсіп қалмасын.

Сені сонша сағындыртсам кеш, гүлім,
Бұлқынудан босатпады-ау бес күнім.
Қар жауғанда «Аға, аққулар ұшты!» деп,
Әлі күнге айтады деп естідім.

Кірпігімді ауырлатып күз-ойым,
Күз-ойымды ақ параққа тізейін.
Сәлем жолдап жұлдыз ақсын сен жаққа,
Кеудешемнің бір түймесін үзейін.

Шеше



Қатайдық қой бірер самғап, бір құлап,
Қара бастан қарлы жаңбыр ұрғылап.
Қаймана боп жүрген ұлың баяғы,
Жон арқадан жылқы иісі бұрқырап.

Жалғанымен таба алмаған жарасым,
Қайран дәурен, қыстан да өріп барасың.
Қапалақтап қар жауады көз жұмсам,
Қарды кешіп сен жүресің, анашым.

Құлыншағым құлдыраңдап қай жақтан
келеді-ау деп,
еңсеңді езген ой батпан.
Сені көрем, таңмен бірге жарысып,
Будақтатып самауырын қайнатқан.

Сені ойласам бәрі өзгеріп бір демде,
Соқыр, мылқау отырамын күркемде.
Жолға нәлет айтам сосын шатқаяқ,
Шеке тепкен қара өкпекті сүртем де.

Мұз көк атым шапты ме екен бір үдей,
Қалай жүрмін сүт сүдінім ірімей.
Сені ойласам тыныштығым жылан боп,
Сол жыланды жұтамын кеп тірілей.

Тұрмысымыз болғанымен тұл кейде,
Жүгірмегің жүреді ылғи күнгейде.
Қазыбек көкем берген әлгі медальді,
Ауыл-аймақ аңыз қылып жүр дей ме?..

Өткел бермей тұрса дағы жар, тұман,
Өзің жаққа іштей болсын талпынам.
Кер тағдырға кеңірдекпен байлансам,
Өлең үшін шығар деймін бар кінәм.

Өмірімен қалған құлға бетпе-бет,
Әзіз анам, сенің орының бөп-бөлек.
Маңдайыңды тесетінін білем ғой,
Менің қырық қабырғамнан өткен оқ.

Еске түсті-ау балқаймақ сәт өткен бір,
Өткен күнім - өзен демі көктеңбіл.
Шеше-оу, саған ешкім бойлай алмайтын
Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

Құбыла



Өмірмен бе,
Өмір деген отпен бе,
Дәл мен құсап ойнап жүрген жоқ пенде?!.
Өлмесіңді түсінгендей боласың,
Қайран өлең өңменіңнен тепкенде.
Сезіп сонда ойдың мизам шуағын,
Құбылаға үнсіз қарап тұрамын.

Өзіммен бе,
Өзгемен де, о, бәлкім,
Жанұшыра жарыстырған қамар түн.
Тағдырыма қарсы ұстаған қамшымның,
Шырмауығы жез болғанмен, сабы - алтын.
Бәрін айтып ақтарылам кімге мен,
Қауым болды-ау құбыласын білмеген.

Күн түсіндей алуан-алуан сәттерім,
Ол да бір Сөз -
Ақ Сарбазым,
Ақ Перім!
Көз алдымнан күз кетпейді содан-соң,
Жапырақ қып ұшыратын кептерін.
Жауынына малшынам да сол айдың,
Құбылама қайырылып қараймын.

Күйіндіріп, сүйіндіріп көшер күн,
Көшкен күннің көлеңкесін кешермін.
Жыл құстары жиі енетін түсіне,
Мен дағы бір ақыны едім осы елдің.
Хәл-дариғам үзген кезде бұла әнін,
Құбылаға үнсіз кетіп тынамын...

Жалғыздық



Шақтарыңда ұзақ жолдан шаршаған,
Жүрегіңе толса қан.
Шертіп тұрып кереғарыс маңдайды,
Шарап емес, у құяды ол саған.

Арбап-алдап қарайды ол,
Сосын тағы сенделтеді талай жол.
Қауіптенсең сол бәледен қауіптен,
Абайласаң сол бәледен абай бол.

Сүйеніш жоқ, тіреу жоқ,
Жүргенің тек өз ойыңнан жүдеу боп.
Ұйқаспаған тағдырыңды түн сайын,
Құлағыңа сыбырлайды біреу кеп.

Көкірегің үскірікке толғанда,
Адасасың тылсым дейтін аңғарда.
Көргеніңнен қателігің жасаған,
Әлдеқайда көп боп шықса, таң қалма.

Тікен біткен тар жолдарды таптап кеп,
Қан түкірсең – қар жауады аппақ боп.
Бұл өмірде құзғынның да орыны бар,
Тұлпарлар да сүрінетін соқпақ көп.

Жуық болып туады ғой көрге ақын,
Кетілесің кете-кете шерге ақың.
Жалғыздықтай, жек көретін кімің бар,
Одан өзге кім бар еді ең жақын?!.

Ұпайыңды түгел алып ұры-күн,
Саған кебін қалдырады тірінің.
Екі сөз бар – «Талант» және «Керексіз»,
Екеуі де, ойлай берсең, бір ұғым.

Соны ойласақ көңіл неге түседі,
Үзілгендей домбырамның ішегі.
Өлең жаздым деп ойлайсың, солайша,
Ол өзіңді тауысады, ішеді.

Түсіндіре ала алмаспыз дәл мұны,
Өткен күннің төпелейді жаңбыры.
Суреткердің шығармасы ең сәтсіз –
Ол өзінің тағдыры ғой,
Тағдыры!..

Алтайдан көшу



Күн, күн өрдім, күн өрдім,

Бұғы-Анаммен бір өрдім.

Қоңыр бұйра мүк талмап,

Таңғы шалғын, шыққа аунап,

Құба жалға жеткенмін,

Шағыл кұмнан өткенмін.

Биігіңді қайтейін, өр Алтай-ау, өзіңмен

Қоштасайын деп келдім.

Зілдей соқыр тұман басып еңсемді,

Кел, қара өлең, келші енді!

Бір түйір жас умен ғана толтырам,

Көңіл деген керсенді.

Мұңлы естіліп жиі әнім,

Нөсер болып құямын.

Түсімде ылғи сәби бүрін жарады,

Бітік келген тобылғысы қияның.

Оны кімге айтайын?!.

Байыз табар жер алыс,

Бойға қызыл шер қонды-ау.

Алай тартсам – керағыс,

Былай тартсам – кертолғау.

Сай, сай өрдім, сайда өрдім,

Сақман кезі Ай көрдім.

Сері күнім қалар енді шырмалып,

Селеуіне қай белдің?!.

Қос көзімде ырғап шоқ,

Кеу-кеулейді жүрегім.

Ой, бұл жүрек – көкжауқазын құрғақ шөп,

Күпсек қарға үгілмейді бүрі оның.

Аруанама жас ұйып, көшіп бара жатырмын,

Ақ Ертіске бас иіп, көшіп бара жатырмын.

Сағынышқа ұтылып, көшіп бара жатырмын,

Сары уайымға жұтылып, көшіп бара жатырмын.

Құшақ жайған түн алда,

Езбе жауын ми қылған жолсыз андыз, қыр алда.

Жетім қозым маңырап, суырғаны-ай өзекті,

Қимай, сірә, тұр ол да.

Көз алдымда бұлдырап құлын шағым баратты,

Себез, себез таң атты.

Мені Жусан Қызыма жеткізіңдер ал енді,

Айналайын, ақ бұлттар,

Сағынышым қанатты!

Ажал емес қорқарым,

Маңдай сорым, ол – қалың.

Ұлы да емес, Кіші емес,

Ертіс бойы ен жайлаған Ортамын.

Мұң ғана бар жүк қылып ап артатын,

Кірлегендей шарқатым.

Біз – Бұғының әулеті,

Алтайына кіндік қаны тартатын!

Қош, қош енді, өр Алтай,

Бар қазаққа төр Алтай!..

Жазғасын да жыр өңге,

Бір керегім бар-ау менің бұл елге.

Қолын бұлғап жол жатыр,

Жол болғасын жүрем де...

...Тәңір жазса келем әлі, келем ғой,

Түн дейтұғын Қубас атқа мінем де.

***

Жерошақта шала сөнген от қалып,

Күз де келді... жалғыз тамшы боп тамып.

Сұлық таңнан суық ұшып барады,

Сағым-құстар,

Жұлдыздарды бетке алып.

Жекен түзге лақтыра сап күртесін,

Бізге қандай айтады енді бұл кесім?!.

Көкірегіне бір күрсініс кептелген,

Ызалы жел ыққа сүйреп білтесін.

Сол күрсініс...

Мүмкін емес мұң ұқпау,

Оның мұңы біздікінен тұнықтау.

Кебе құрғақ жас үзіліп көзінен,

Кеберсіген дүниені жібітті-ау.

Бұйра бұлттар сетінейді, солай-ау,

Күзді күту керек емес және аяу.

Қою түске ұласады ол бірте,

Ай астында ақ байғыздар ғана ояу.

Қою түске ұласады ол бірте,

Көлеңкенің бір атауы – көрбілте.

Ол еркіне бағындыра алады,

Ол өзіне және алады сендірте.

Ғайпи шақта қос анарын түн емген,

Ол жанасса жанасады түленмен.

Көзіне оның қараған жан сол сәтте,

Өлім құшып кететінін білем мен.

Раң қарабас белін басқан тұман бар,

Сұрасандар, күзден сауға сұрандар!

Боз жауыннан жаратылған бибі қыз,

Одан, тіпті, жатырқайды жыландар.

Жас безінен жалғыз тамшы иді аспан,

Күз деміне алабөтен күй қосқан.

Қабіріне ол да бір күн жатады-ау,

Көміп жатқан көпшілікті қимастан.

Туған жер

Осы ма ұзын дүнием қарыс болған,
Қай кезде қара жұртым алыс қалған?!.
"Әжеңнің құрты бар ма?" - деп сұраймын,
Ауылға барып-қайтқан таныстардан.

Құйындай құла дүзде ескен серек,
Аңсаймын еру-еру көш көрсе деп.
Аңсаймын шаңырақтың желбауын да,
Есілген ат қылынан бестемшелеп.

Қонса егер қазбауыр бұлт түсіме ерен,
Бұл қызыл топырағымның күші дер ем.
Аспаннан әр төбеге қарағым бар,
Орауыз кезқұйрықтай кісінеген.

Аз күннің көрінгенде бәрі жалған,
Ауылдың құбылады-ай сағымы алдан.
Тайлақ та туған жерін аңсайды ғой,
Тізесін тандыр құмға қарып алған.

Қасқа атым босағандай жетегімнен,
Күйік пе, көкіректе от өрілген?..
Жайлы бір жазды аңсаймын, қазды аңсаймын
Мамырлай көл бетінен көтерілген.

Білмеймін, балаң көпке жарыды ма,
Ризамыз рауан таңның жарығына.
Туған жер!
Жүрсең - ыстық, өлсең - суық,
Құдай-ау, тең болар ма ең әр ұлыңа.

Қасқайып не күтсек те енді күннен,
Сәттерде қас-қабақтан шер білінген,
Атамның иісін сезіп мәз боламын,
Көкжалдың терісінен төрге ілінген.

Бөлісу:

Көп оқылғандар