Арман Шеризат. Ойың – сөзіңе, сөзің – өзіңе айналмақ...

Бөлісу:

24.04.2019 11223

Ой дүниесі шетсіз-шексіз әлем. Тіршіліктегі барлық жаратылыстан адамның артықшылығы еркін ойлай білуінде болса керек. Ойлау ғұмыр бойы жүретін үздіксіз процесс. Ой қуаты күшті. Дүние ойдан жаратылған. Ойдың жемісі - сөз. Соның сырын білген бабаларымыз «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» - деп ұрпағын алдын-ала сақтандырып отырған. Жарқын өмірге талпынушы адам үшін, өмірде ең алдымен ой тазалығы маңызды. Жақсы ойдан - жақсы сөз туады. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Сөздің сырына терең бойлаған Шәкәрім атамыз: «Сөзіңді түзе - әдетіңе айналады, Әдетің - мінезіңе айналады. Мінезің - сенің тағдырың» - деген екен. Демек, ойың – сөзіңе, сөзің – өзіңе айналмақ.

Қазақ халқы ежелден ойшыл халық. Әрбір қазақ ұрпағының бойында бабалар аманаттаған жауһар ойлар жатыр. Сол ойлар адамды адам етуге талпындырады. Парасат биігіне ұмтылған халқымыздан ойы көркем, толғауы терең текті тұлғалар өмірге келген. Даналықпен әлемге ақыл-ойдың күндей шуағын таратқан. Соңдарына осылайша өшпестей із қалдырған. Демек, біздің көркем де, терең ойлауымыз аталар қанымен дарыған қасиет. Ойлары арқылы адам ішкі жан дүниесін танытады. Ой арқылы сана сезімін аңдатады. Асыл сөздің қарапайым сөзден айырмасын есті құлақ, алғыр ой ғана тани алады. «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады, Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады». Шынымен-ақ адам бойындағы кемелдікті ойдың көркемдігі толықтырмақ. Адамның пайым-парасаты ой деңгейіне байланысты болмақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Азамат Тасқараұлы: Буырыл талға қаздың үні тамшылап...

Ой азығы - оқу. Әдебиет халқымыздың ой-санасын жетілдіріп, рухани ләззат сыйлап келеді. Қашанда ұлттық ойдың басында – ұлттық әдебиет тұрады. Терең ойлап, көркем жеткізе білу – адамның жетістігі. Болмаса хәкім Абай айтқандай: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады».

Адам – тіршіліктегі ең күрделі жаратылыс. Жарық дүниеге келгеннен бастап сәби – тұлға болып қалыптасқанша мынау әлемнен әр күн сайын сабақ алып өседі. Сан қилы жолдарымен жүріп, талай тағдырдың куәсі болмақ. Есейген сайын ойлау түйсігі дамиды. Адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына жинап, оны ой сүзгіден өткізеді. Адам өз ойы арқылы болмысымен, жаратушымен тілдеседі. Ойшылдықтың сыры осында болса керек.

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей

Міні қайда екенін біле алмассың

Терең ойдың телміріп соңына ермей. (Абай)

Бақи мен фәни арасындағы аз ғана өмірде дүние қуып алданбай, өз мінімен күресіп, адамдық пен ізгілік жолында тіршіліктің алды-артын ойымен барлап отыруды данышпан ақын үнемі есімізге салып отырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тұрсын Жұртбайдың видео-лекциясы: Абай және жәдитшілдік

Тіптен, ақыл-ой тазалығының күші емі жоқ аурулардан да айықтыра алатынын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Лисса Рэнкиннің «Ақыл-парасаттың медицинаны жеңуі» («Победа разума над медициной: революционная методика оздоровления без лекарств») кітабында осы жайында ғылыми тұрғыда айтылады. Тексеру нәтижесінде зерттеуші науқас жандардың ақыл-ойын барыншы тазартып, өмірге деген құлшынысын оята білген. Осылайша адамдардың сенімі мен таза ойы арқылы оларға өмір сыйлаған.

Дұрыс ойлай білу - дұрыс өмір сүрудің кепілі. Әсіресе, енді қалыптасып келе жатқан еліміздің жас өрендері үшін дұрыс ойлай білудің маңызы өте жоғары. Қазіргі заман талабына қарай оқу­шы мектептен алған білімін өмір­де қолдана білуі керек. Еліне қызмет ету үшін жастар білімді, өмірде кездескен қиындықтарды шешуге бейім тұлға болуы шарт. Өзінше ой қорытуды ұстазының бағыт-бағдар беруі ар­қылы ізденіп, жаңа мәлі­мет­тер алып, еңбектену арқылы игереді.

Оқушыға ең алдымен, шығармашылық ойлауды қалыптастыру керек. Шығармашылық сөзі «шығару», «ойлап табу», «іздену» деген мағынаны білдіреді. Шығармашылық ойлау оқу­шы­ның еркін сөйлеуіне, пікір талас­тыруына, мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықтан шыға білуге үйретеді.

Оймен жақсылықты да, жамандықты да шақыратын өзіміз. Жақсы-жаманды ойлай бергендіктен, олар да бізді айналып тастап кете алмайды. «Ауру шақырып келеді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бәрі жай ғана кездейсоқ болып көрінетін сияқты, бірақ... Ғалымдар адамның бейсаналы ойлауын зерттей келе: ойымыз – қалауымызды іске асыратын өзіндік тартылыстық күшке ие екенін әлдеқашан дәлелдеді.

Ошылдық пен ойсыздықтың белгілі бір мөлшерде парқы бар. «Адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық» – дейді Оралхан Бөкей. Ойсыздық ешкімге опа бермейді. Ойлау тоқтағанда өмірдің де тоқтайтынын ескерсек, ойсыздық өліммен тең.

Бойда қайрат, ойда көз

Болмаған соң, айтпа сөз.(Абай)

Дүниені ой көзімен шолған кешегі бабалардың дүниетанымына еріксіз сүйінесің. Ой көзі, көкірек көзі жабық жанға дүние қараңғы.

Сурет ғаламтордан алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар