Қуандық Шамахайұлы. Бас маман

Бөлісу:

30.04.2019 5679

(әңгіме)

Мемлекеттік қызметке үміткерлер іріктейтін тест тапсырып едім. Сәті түсіп бұл жолы өтіп кетіппін. Бұрын бірнеше рет тапсырғанда ылғи жалғыз ғана қате жіберіп алып, өтпей қала беретінмін. Сөйтіп жүргенде енді міне, жолым болды. Комиссиямен бетпе бет сұхбат кезінде де тосылмадым. Бәрі сәтімен өтті. Бірақ, мені министрлікке дереу қабылдай қоймады. Алдымен, қаладағы бір бюджеттік шағын мекемеге жіберді. Сол жерде кемінде үш жыл қызмет етуім керек екен. Содан кейін барып министрлікке ауыстыратын көрінеді. Оған да шүкіршілік еттім.

Бас маман деген қызметке кіріскелі де жарты жылдай уақыт өтті. Жұмысқа таңертең уақытында келіп, кешкі сағат алтыдан кейін шықсаң болды. Мекеменің басшысы тікелей шақыра бермейді. Орынбасарға тапсырма береді, оны бөлім бастығы маған жүктейді. Мен жасаған істі бөлім бастығы тексеріп орынбасарға ұсынады. Орынбасар мекеме басшысына таныстырады. Кейде алып-қосатын немесе түзейтін жерлері болса, басшы сызып, парақтың шетіне жазып орынбасарға кері қайтарады. Сатылай ылдилап маған жетеді. Мен нұсқау бойынша дереу түзетіп қайта жолдаймын.

Бір тәуірі, жазып жолдаған қағаздарым кері қайтуы некен саяқ. Көбінесе, үлкен басшының қол қойылуымен жоғары жаққа жөнелтіліп жатады. Есеп-қисап, баяндама дейсің бе, жоғары-төменнен келген ресми сауалдарға жауап, ұсыныс хаттар дейсің бе, жазып-сызатын дүниелер көп. Бәрі менің қолыммен жасалып барып, ары қарай кетеді. Сондықтан да, шын мәнінде, бұл мекеменің қозғаушы күші мен десем де артық кетпейтін шығармын.

Қызмет бабында мақтау да, сөгіс те бола береді ғой. Соның өзінде мекеме басшысы менімен тікелей қатынас жасамайды. Алғаш жұмысқа аларда бөлім бастығы, орынбасар және кадр қызметінің меңгерушісі бар бәрімізді бірге отырғызып қабылдаған. Маған жаңа қызметте табыс тілеп, қолымды алғаны бар. Содан бері ол кісімен бетпе бет кездескен емеспін. Апталық, айлық жиналыстарда төрде отырғанын көріп қаламын. Ол кісі жұмыс барысын қорытындылап, ресми түрде ортақ мәселелерді айтып, нұсқау береді. Қалған уақытта күнделікті қым-қуат шаруалар бөлім бастығы арқылы үйлестіріледі.

Мен тұрмақ бөлім бастығының өзі мекемедегі үлкен басшының алдына бара бермейді. Тікелей қабылдауында болатын санаулы адам орынбасар, бас бухгалтер, заңгер, кеңесші ғана. Мен жұмысты сапалы атқарсам, алдымен, мекеме басшысынан алғыс алатын адам сол орынбасар. Ал, ол өз кезегінде, бөлім бастығын шақырып алып, мақтайды. Ең соңында, бөлім бастығы маған рақмет айтады. Сөгіс те дәл солай.

Алайда, мен сөгіс алатындай ешбір қателік жіберген емеспін. Керісінше, мадақты көп естимін. Содан да шығар, бөлім бастығы мені өте жақсы көреді. Бұрын менің орнымда болған бас маманның кезінде бөлім бастығым мен орынбасар екеуі сөгістен көз ашпаған екен. Әр жиналыс сайын екеуін мекеме басшысы орындарынан тұрғызып қойып, быт-шыт қып ұрсады екен. Мен келгеннен бері көздері ашылып, ылғи мақтау естіп, еңселері көтеріліп қалыпты. Бұл туралы маған көрші бөлімнің бас маманы әріптесім айтып, арқамнан қағып қойған.

Бұл сөзге біраз марқайып, көңілім көтеріліп қалды. Бірақ, әкемнің «мақтағанға марқайма, даттағанға мұңайма» деген өсиеті еске түскенде сабама түстім. Өзіме жүктелген міндетті барынша мінсіз атқаруға бар күшімді салдым. Ұжымдағы барлық әріптестер сыйлайтын болды. Сол ортаға әбден сіңіп, үйреніп те кеткен едім.

Мекемедегі барлық қызметкер мінездері жайлы, жақсы адамдар болғанымен, солардың ішінде бір ғана жігіттің қылығы маған мүлде ұнамай-ақ қойды. Әлгі неме күні бойы ештеңе бітірмей кеңселерді аралап, босқа жүретін нағыз салбөксе сабаздың өзі. Өзінің қандай шаруамен айналысатынын да білмеймін. Кабинетте бірге отыратындардан сұрасам «атқарушы менеджер» дей ме, бірдеме көрінеді.

Бірақ, ештеңе тындырмайтыны анық көрініп тұрады. Онысымен қоймай айналасындағылардың бәрімен тым дөрекі қарым-қатынас жасайтыны тағы бар. Бірде орынбасардың өзі оны көргенде жалпақтап, жік-жапар болып жатқанына куә болып, таңғалып едім.

Бірде түскі үзілісте біздің және көрші бөлімнің жігіттері бар, жай ғана әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Әлгі атқарушы менеджер кіріп келіп еді. Бәрі қоғадай жапырылып сәлем беріп жатыр. Оның жасы кіші әрі лауазымы да менен жоғары тұлға емес. Бәзбіреулер оған тіпті, көпе-көрінеу жағымпазданып жатқанын қайтерсің. Мен бас изедім де орнымда отыра бердім.

-Осы бөлімде бір төтенше және өкілетті елші пайда болыпты ғой. Мен өзім барып саған сәлем беруім керек пе? – дейді, әлгі менеджер.

-Жасың кіші екен, үлкенді сыйлайтын қазақ болсаң, келіп бер, сәлеміңді! – дедім.

-Оһо, мынаның сөзін қара келмей жатып не дейді-ей!

-Сен менен бұрын келіп не тындырғаның бар еді, жігітім?! Мен келгелі сенің осы мекемеде тындырған бірдемеңді көрмеппін.

-Қой-ей! Сен өзі менің кім екенімді білесің бе? – деп, әлгі атқарушы менеджер маған қарай төніп келді.

-Білмейтін несі бар?

-Білсең айта қойшы, мен кіммін?

-Менің байқауымша, сен осы мекемеде текке жүріп айлық алып жүрген масылсың!

Әлгі жігіт не дерін білмей түтігіп кетті. Жұдырығын түйді де, маған қарай тура ұмтылды. Еш сасқан жоқпын, орнымнан тұрып күттім. Егер ол алдымен бір періп қалса, мен де есемді жібермей сыбағасын жақсылап тұрып берейін деген ойда болдым.

Бірақ, жігіттер оны жібермей алдап-сулап, тіпті, жалынып-жалпайып алып шығып кетті. Біреулері оған жағымпазданып, дәмханаға тамақтануға шақырып әлек боп жүр. «Соншама бәрі жік-жапар болатындай бұл кім еді, соншама?» деп іштей жыным келді де қойды.

Жарты сағаттан кейін бөлімнің жігіттері жиналып, жұмысқа кірісіп кеттік. Менімен қатарлас үстелде отыратын әріптесім:

-Онымен бекер жүз шайыстың – деді.

-Өзі бастады ғой. Мені кекетті, тиіспек болды.

-Жарайды, мен жай ғана ескерткенім ғой, оған ештеңе демеу керек, негізі. Өзіңе жаман болады.

-Маған не істей алады. Қолынан келсе, тырыссын. Ондайлардың талайын көргенімін – деп едім, бәрі аяқ астынан бір тас мүсінге тіл бітіп сөйлеп кеткендей немесе сала құлаш мүйізі бар қоян көргендей таңдана қарасты.

-Сен оны шынымен білмейсің бе? – деп, әріптесім қадалып сұрай бергенде, бөлім бастығы кіріп келді де сөзіміз үзіліп қалды.

Бөлім бастығымыз күнделікті шаруамен жүр екен. Берген тапсырмалары бойынша құжаттарды түгендеп алды да шығып кетті. Одан кейін әркім өз шаруаларымен айналысып кеттік те, әңгімеміз сол күйі жалғаспады.

Ертеңінде мекеменің басшысы мені тікелей өзі шақырыпты. Оны қабылдау бөлімінде отыратын хатшы қыз өзі келіп хабарлады. Әдетте мұндай болмайтын. Орынбасар немесе бөлім бастығы арқылы қабылдайтын жөні бар еді. Қорықпасам да, сәл үрей туғандай. Ойлап отырсам, жұмысымның бәрі тап-тұйнақтай, мүлт кеткен бір жерім жоқ секілді. Бөлім бастығынан сұрам едім, ол иығын қиқаң еткізді де қойды. Белгілеу дәптерім мен қаламымды алып қабылдау бөлмесіне кірдім.

Үлкен басшыда ешкім болмаса да жиырма минуттай күттіріп барып, енгізді. Қас-қабағына қарасам, мен қорқатындай ештеңе байқалмайды. Қысқаша ғана хал-жағдайымды сұраған соң былай деді:

-Азғана уақытта өзіңді жақсы қырыңнан көрсете білдің. Жұмыс қабілетіңе, біліктілігіңе өз басым көңілім толады. Бүгін таңертең министрлікпен сөйлесіп, келісіп те қойдық. Келесі аптадан бастап, министрлікке барып мамандығың бойынша қызмет ететін боласың. Ұсынысты мен өзім жасадым. Олар сөзімді жерге тастамай келісімдерін берді. Ал, жаңа қызметің құтты болсын! – деп, қолын ұсынды.

-Рақмет сізге! – дегеннен өзге сөз аузыма түспей қуану мен абыржу қабаттасып, біртүрлі болып қалдым.

-Айтпақшы, ертең яғни, сенбі күні ұлымның үйлену тойы еді. Шақыруды саған өз қолыммен тапсырайын. Ұжымдағылар түгел келетін шығар. Шақыруларды хатшы қыз таратып жүр. Бүгін шаруаларыңды реттеп, бөлім бастығына тапсырып, бухгалтериямен есеп-қисабыңды жаса! Саған бір айлық көлемінде сыйақы тағайындағанмын. Тойға келесің ғой? – дегенде:

-Әлбетте аға! Міндетті түрде! – деп, жауап қайтардым да, тағы алғыс білдірдім.

Басшының орынбасары мен бөлім бастығым мендей мықты қызметкерінен айырылғандарына өкінсе де, министрлікке өрлеп бара жатқаныма қуанатындарын айтып, құттықтап жатыр. Барлық жігіттер аяқ астынан болған бұл жағдайға таңырқап та, тосырқап та қарап жатты. Өзім де осы ортаға бауыр басып қалыппын.

Ертеңінде кешкісін бастықтың ұлының тойына бардым. Әдеттегідей жұрт қалыңдық пен күйеу жігіттің келуін күтіп тұр екен. Дастарханға жайғаса қоймапты. Ұжымдағы жігіттердің қатарына мен де барып қосылып кеттім. Мекеме басшысының езуі екі құлағына жетердей-ақ мәз-мейрам. Қолын алып, құтты болсын айттым.

-Бәрі дұрыс қой. Шаруаларың түгел реттелді ме? Мен берген телефон нөмірімен байланысып ал да, тура бара бер. Бұйрығың да дүйсенбі күні шығарылады деді ғой. Құжаттарыңды оларға тапсырып қойғанбыз – дейді. Алғыстан өзге не айтамын. Баласының бақытты болуын тіледім.

Асаба жігіт бәрімізді қаз-қатар тұрғызып қойып «Жар-жар» айтуға дайындады. Жас жұбайлар келіп кіргенде, алдымен күйеу жігітке көзім түсті де екі көзім шарасынан шыға жаздап таңданып тұрып қалдым. Қасымдағы әріптесім:

-Қатты таңғалып тұрған секілдісің. Ана жолы сен ештеңе білмеген екенсің ғой – деп, күледі.

-Қайдан білейін. Мұнымыз қызық болды ғой. Сен маған неге айтпағансың?

-Айтып үлгермей қалдым ғой. Бөлім бастығы кіріп келді де сол күйі сөзіміз үзіліп қалды. Бірақ, «бір жаманның бір жақсысы бар» дегендей сен ұттың. Олай болмағанда министрлік қайда, саған? – деген әріптесімнің сөзіне екеуіміз де күлісіп алдық.

Әлгі менімен жүз шайысып қалған атқарушы менеджер мекеме басшысының туған ұлы болып шықты. Ұжымда түк бітірмей еркетотай болып жүргендігінің сыры маған енді ғана белгілі болды. Әріптесімнің маған сыбырлап айтуына қарағанда, мекеме басшысы менің бұл жайдан бейхабар екендігімді білмеген. Менің батылдығым мен турашылдығымды ол кісі «мұның сүйенген иесі мықты» деп топшылаған да өзінің былығын әшкерелеп, түбі орнымды тартып алады деп әсіре сақтанған. Ал, менің ешбір «крышам» болмаса да, басшылық менен құтылудың ең оңай жолы министрлікке өрлетіп жіберу деп тапқан. Несі бар, орыстардың «характер – судьба» дегені осы болса керек.

Әлгі бастығымның еркесі, мекеменің масыл менеджерін қасына барып тұрып құттықтадым. «Ер шекіспей бекіспейді» дегенді айтып, ақ ниетіммен бақыт тілеп, екеуіміз құшақтастық. Ыржалақтап мәз болып қалды, сабазың.

Шын мәнінде, жаңа қызметіме даңғыл жол ашып бергені үшін мен де оған өте разы едім. Сол себептен де «бақытты бол, бауырым!» деп, қайта-қайта құшағыма алып, қысып-қысып қойдым.

2019.

Көрнекі сурет: Л.И. Соломаткин "Ревизор келгенде"

Бөлісу:

Көп оқылғандар