Саян Есжан. Неге мұңды бұл мамыр, неге өкпелі...
Бөлісу:
Неге мұңды бұл мамыр, неге өкпелі,
Сыздатты ма көңілін жел өкпегі?!
...Бәлкім, бізге өкпелеп тұрған шығар,
Бәлкім, бізге кездеспеу керек пе еді?!
Кесірі көп күндердің кесімі боп,
Кеттік пе екен төзгісіз кешіріп от?!
Өткен күннен бір әуен жеткенімен,
Бүгін бірақ о, соның еш үні жоқ...
Неге мұңды бүгін бақ қызғалдағы?!
Кетті ме екен айналып күзге арманы?!
Өнбей жатқан сол гүлдей –
мендік бақыт –
Көңілімде о, қайран сыз қылғаны...
Неге мұңды бұл мамыр, неге өкпелі?
Әлде жазмыш жазуы себеп пе еді?!
...Қосқанымен қу Тағдыр бағымызды,
Табиғаттың өзі де бөлектеді...
...Әлде бізге жолықпау керек пе еді?!
* * *
Жалғыздық.
Мұңлы атырап.
Астана түнерулі.
...Жел ғана жүр бақылап,
Мені –
және бұл Өмірді...
Жаңа Алаң.
Кәрі қала.
Жалғыздық – жүдеткен ой.
Сағыныш соңы – Нала,
Қалғаны – жүректе ғой...
Жүректе – сезім соңы,
Соңының дерегі жоқ.
Жолықпау сезілсе енді –
Кездесу керегі жоқ.
...Біз жүрген (осы қала...
Сол көпір...
сол бір алаң) –
Ғашықтар қосы ғана...
Қызықсыз енді маған!
...Айтылмас басқа датым,
Жазылмас басқа жырым.
Сол Есіл...
Астана.
Түн.
...Тек Сенсіз, басқа бүгін...
* * *
Телефон
тағы да үнсіз,
Тағы да
үнсіздік түні.
Қара түн
ұйқыда мұңсыз,
Ұйқыда
көктеме гүлі.
Тыныштық
мүлгіген сәттер –
Көзіңдей
тұп-тұнық неткен!
...Тағдырым –
шимайлы дәптер,
Көктем ғой
шимайлап кеткен...
Сезімнің тілінде
асқақ,
Сөйлете алмадым
Жанды...
Кездесу
кештерін бастап,
Қоштаса
алмадым мәңгі.
Сен жайлы
түс көріп көркем,
Сен жайлы
жыр оқып түнге...
Ұмыта алмадым,
Еркем,
Ұмыта алмадым мүлде.
Телефон
тағы да үнсіз,
Жүзінде келмеген
«хаттар».
...Ғашықтық
сөйлетті тілсіз,
Сөйлетті
мазасыз шақтар.
Құс түсі
секілді өмір,
Өлшемге сыймайтын –
дара.
...Қалғанмен
бір сәттік көңіл,
Өшпейді
мәңгілік жара?!
Жапырақ жыры
Нені ұғындым?..
Жалғанда нені білдім?!
Досым – өлең,
білерім...серігім –мұң.
Тағдыр сірә,
өтпелі жаңбыр шығар
Тамшылаған
көгінен көңілімнің?!
Солай, құрбым,
(Бұл өмір – жаңбыр ғана,
Жауынына
жазмыштың көндім жаңа)
Әр тамшысы жанымды
қалтыратқан,
Жапырақ боп иілдім
тағдырға ана.
Көндім, көндім...
Көндікті жан да сірә,
Жетпеймін бе,
жетем бе таңға шұға?!
Жел жұлмалап
тәнімді өмір тұнған,
Жіберер ме
лақтырып жар басына?!
Күндер көшсін, баянсыз...
бастан дәуір,
Қайран,
Жалған көзінен жас тамбағыр!..
Жанардағы
саф тамшы мөлдіреген –
Толағай көтере алмас
тастан да ауыр.
Тапталса да табанға
бар мұратым,
Жапырақпын кәдімгі,
тағдыры – ақын...
Қоңыр күздің көзінде
қалтыраған –
Өмір боп оқып тұрған
соңғы датын...
***
Басқаша бүгін
көктемнің лебі,
Сезімдей
серттен айныған,
Бақтардан аңқып
өткеннің демі –
...Бәрінен
көзді тайдырам.
...Сен жоқсың онда себебі,
Күнім,
Тек өткеннің
елесі ғана.
Жастық жолымен
келеді бүгін
Үр үміттерім келесі – жаңа.
Көңілде мұң жоқ,
налам да өшкен,
Сағыныш қана тербеген.
Елес-күндермен
санамда көшкен
Қалада кешкі сенделем.
Бәрі де тым жат,
қызық дегенмен,
Бәріне көнер жаным бұл.
Теңіз-ойлармен
жүзіп келем мен,
Бұлдырап
көзде сағым жыл.
Сезім боп
тұнып қаласың анық,
Қош,
болғын енді гүл көктем!
Сары қыз
салған жарасың алып –
Кеудемде
раушан бүрлеткен...
Сағым жалдармен
ұмыт қаламыз,
Сен-дағы,
мен де...бір күні.
Ұлы Құрдымға сіңіп барамыз –
...Күлкілі!
Кіндікқарағай
Бұлдырап көз алдымда
бұла жалған,
Сылдырап Хан көлі
үнсіз тына қалған...
Қоңыр жел
күбірлеген құба дөңде,
Құйғытып бара жатыр
құлан-арман.
Жасыл нұр
саулап қоңыр топырақтан,
Боз дала
бұйдасында отыр ақ таң.
Ұлы рух иісі сіңген
ұлы түзде,
Қасиет нілі
тамған топырақтан.
Төсінен жасыл шүйгін
жалдың құлап,
Таранған самал нұрмен
балғын құрақ.
Құба жон құлағында қырат мүлгіп,
Пәк тілде былдырлайды
тарғыл бұлақ.
Тарихын табанына
мәңгі көмген,
Сарыны құйылатын
әнді желмен.
Ех, баталы белдер-ай,
манаты нұр,
Сырласқан таңдай
тұнық Талдыкөлмен.
Рауанның құшағында
балбырап таң,
Мезгілдің жанарынан
солғын атқан.
Ырғалған қарағайлар биіменен,
(Тулайды қара орман Сорбұлақта).
Шіркін-ай, кербез,
көркем, керім далам,
Өмірден қымбат сірә,
белің маған!
Қасиетіңнен айналдым,
қайран Арқа,
Обал жоқ төгілсе
егер жолыңда қан!.
ТҮС. АБЫЛАЙ. ДАТ.
Түсім...
Түн... сәулесі төгілген
лағыл айдың,
Кеудемде күмбірлеген
қоңыр айбын...
Буалдыр –
көзім алды қалың елес,
Бурабай...
ақ ордасы Абылайдың.
Сексен көл
толқынындай толқып өмір,
Әуезді жел
гуіне елтіп өңір.
Кісінеп қарагердей
көңілім дүр,
Ханға айтпақ
дат бұйырды еркіме бір.
Ұстаған сөзбен мығым
паң даланы,
Қатулы қара түндей
хан қабағы.
Көзінің сұсыменен
«сөйле» деді,
Тыңдалық,
қалай екен ар бағамы...
Есінеп есі кеткен
есіл жалған,
Бүрлейді үмітімнің
төсінде арман.
Жүрекпен датымды айтып
сөйлеп тұрмын,
Күмілжіп, күткендейін
«кесірді» алдан.
− Хан ие, азат міне, халқың бүгін,
Тірі ғой... әнім, күйім,
салтым, жырым.
Көгенде ойнақтаған
қозы-лағым,
Төбемде алып қыран,
алтын Күнім.
Елімнің түні – еркін, азат – таңы,
Тегімнің Тектілігі – Қазақ қаны...
(Тіл – шала,
дінім – шұбар болмаса егер,
Былайша,
бәрі жақсы...ғажап бәрі.)
Ер бабам, ұлың асқақ,
қызың керім,
Далаң – бай,
әрі байтақ, түзің – көрім.
Асанның Жер Ұйығы
осы мекен,
Аралап, қызықтаған
Қызыр белін...
...Ес кетіп,
шошынды екен дәтім неден,
Тіл-мылқау,
жүрек үнсіз, ақыл-керең.
Сөзімді жалғай алмай
тұрып қалдым,
Тұрып қалдым,
жалғыз-ақ датымменен.
Қояндай дір-дір етіп
бойдағы Үміт,
Хан сұсы тұла бойды
жайлады нық...
(Білмеймін, сүйінді ме,
күйінді ме,
Қара түн...
сүйенеді айға бұлт...)
Ұзақ бір
маған қарап үңілді де,
Елемеді сыбысты,
күбірді де...
Балбалдай мұңға батты
үнсіздікпен,
Мұң ілді ме көзіне,
түңілді ме?!
Хан үнсіз салды-дағы
ойды елекке,
Бекінді әлденені
сөйлемекке.
Сол бір сәт түс үзілді,
құба таңмен
бұлдырап бұзылды әттең,
ой кенетте.
Қан тулап,
өрттей лаулап тамырымда,
Білмедім,
не болғанын анығында.
...Теңге-күн көз алдымда
дөңгелейді,
Дүние сол
баяғы қалыбында.
Белгісі екен сірә,
түсім ненің,
Белгісіз... ойым он сақ...
түсінбедім.
Көп елес
көлбеңдейді көз ұшымда –
Есіме басқа ештеңе
түсірмедім...
Шолпысын алтын күннен
таң тағынып,
Тауға үнсіз
сүйенеді марқа-бұлт...
Аспанға телміремін
түсімді ойлап,
Аспаннан түскендейін...
аңтарылып...
Жанымды алғандай
бір күш дуалап,
Көзімнен кетпей қойды
«сұсты қабақ»
Абылай жанарындай
өткірленіп –
Рауандап атты үнсіз
сұсты таң ақ.
Тылсым түс...
өшпей қойды өредегі,
Қайран хан,
ұрпағына не дер еді?!
Ойымнан айыға алмай
әлі жүрмін,
Шайқалған адамдайын кемедегі...
Білмеймін, жоритынды неге, нені...
* * *
Қобыздай күңіренген
қоңыр Далам,
Сор болып көрінеді-ау
Бағың маған...
Жалған сірә,
Пенденің түсі шығар –
Бұ дүниеде әлі ешбір жорылмаған.
Өмір, Өмір...
Ол жайлы не білермін?
(Алжастырған
бұл сұрақ көбін елдің.)
Ақиқат –
шексіздіктің шегі болса,
Бір соқпақтың
бойында көмілермін.
Өтер Көктем,
өтер Күз, өтер Жалған,
Ұлы Ақиқат
іздеумен өтем бе Аллам?!
Аруақтар шәһарынан
Шындық іздеп,
Жат көрініп,
Өзіме бөтен болғам.
Осы ма Ар ілімі, Өмір мәні –
Таусылмас
Шексіздіктің жолындағы?!
Жанарыма күллі
Әлем құйылған сәт –
Жаныма ауыр...
Тым ауыр соның бәрі...
...Ал, Сен айтшы, қарт Ғалам,
қоңыр Далам,
Қай Соқпақтың қалды екен соңында
Мән?!
...Арды іздедім, мөп-мөлдір
Жанды іздедім –
Пенделер арасынан табылмаған...
Бөлісу: