Бағашар Тұрсынбайұлы. Сұлу сөзді көкке ұшырған
Бөлісу:
«Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!».
Бақытты болу, бақытсыз қалу пенде атаулының ырқында еместігін ақын түсінбейді деп айтып көріңіз! Түсінгенде қандай. Тек ақынның тұтас шығармашылығымен таныспай тұрып, осы өлеңді оқысаңыз, «бұл не деген сөз?» деп таңырқауыңыз да мүмкін. «Дүние жыртығынан жүдеген» ақын жаны «күннің қызыл кірпігі мен айдың аппақ сәулесін» бақытты болу үшін місе тұтар болса, «мен бақытты бола салам бір күні!» деп жарты әлемге жар салғаны қайткені дерсіз.
Екі шумақтан ғана тұратын осы өлеңді түсіну үшін ақынның шығармашылық әлемін шарлап, тіпті жеке өміріне де үңілгің келеді. Біздей қарапайым оқырман үшін ақындардың өлеңдерін оқу, шама келгенше түсінуге талпыну бұйырғанымен, жеке өмірлері «жұмбақ» қалпында қала береді. «Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі» (З. Қабдолов) деген қағидаға сүйенген қалпы «сірә, бұл өзінің өмірі болды ғой» деп жорамалдауды ғана қанағат тұтамыз. Кей ақындардың күнделіктері мен сұхбаттарын оқығанда, тіпті бірер сағат өлең жайлы дидарласқанда, одан асса сапарлас, қызметтес болғанда, өлеңдерін ілгеріден гөрі басқаша түсіне бастайсың. Бірақ ақын бүкіл оқырманымен таныс бола алмайды ғой. Сондықтан оқырман үшін ақынның өлеңдерінен жақын ештеңе жоқ. Бұл өлең дегеннің не екенін де тіпті түсіндіру қиынға соғады. «Ұйқас қана емес, ішкі рухтың бостандығы, еркіндігі» екені де айтылып келеді. Сол бостандық пен еркіндікті әркім өз таным деңгейінде түсініп, өлеңді өзінше қабылдайды.
«...Әр ұрпақ, танымның әр деңгейі өз сөзін айтады». Сексенінші жылдары өлеңсөз өлкесіне аяқ басқан ақын Гүлнәр Салықбай үшін біз осы өлкедегі несінші ұрпақ екенбіз? (Гүлнәр Салықбай поэзиясының нешінші толқын оқырманымыз?). Кім біледі? Бірақ әйтеуір бір ұрпақ ретінде біз де өз сөзімізді айтпақпыз.
Біздің білуімізде, Жұматай қағанатындағы жалғыз «баһадүр қыз» – Гүлнәр Салықбай. Дерегінен гөрі даңқы, дақпырты басым сол жыр қағанаты туралы аңыз халық жадынан әлі өше қойған жоқ. Жиі-жиі кеш өткізіп, дүрілдеп өлең оқитын шайырлардың ортасындағы жалғыз ақын қызды елестетіп көріңізші. Сол кездегі сән үлгісімен шаш қойған, әкелеріміздің суреттерінен ғана көретін киім үлгісінде жасанған қалың топтың арасындағы ұялшақ қызды көрер едіңіз.
«Светқали, қос Бауыржан, Қайрат, Есжан – бәріміз ҚазМУ-да оқып жүргенде, поэзия кештері көп болатын. Солардың ішіндегі өлең оқуға, өлең жариялауға келгенде ең ұялшағы, ең жасқаншағы мен болатынмын. Олар мені «Гүлнәш» деп қатты сыйлайтын. Өздері шетінен дарынды, өлеңді қалай оқиды! Сондай бір кештерге Есенғали ағамыз, тағы біраз ақындар келіп қатысты. «Аудитория» деген жас ақындар жинағы құрастырылғалы жатыр екен. Жігіттер қоймай өлең оқуға көндірді...» («Айқын» газетіне берген сұхбатынан). Сол өлең оқыған күнінен бастап, өз бойындағы «ұялшақтығы» мен «жасқаншақтығын» жеңген сияқты.
«Жалғыздықтан жараланып жүрегі,
Кемем менің кетті жүзіп тереңге.
Жұмағамдар, бірі тірі, бірі өлі,
«Нең бар, бала, – демей ме екен, – өлеңде?!»
...Тербетілген мекенімде қалқыдым,
Дауыл соқса, ұрынармын жарға сан.
Ағалардың артып берген алтынын,
Болар еді балшық етіп алмасам...».
Әдебиетте ақын үшін өлеңнен артық, өлең жазудан қиын ештеңе жоқ. Егер өлеңнен артық бірдеңе пайда болса, өлең жазу оңайға айналса, онда оның ақын деген атына күмәнмен қарай бастасаңыз болады. «Жұмағамдар, бірі тірі, бірі өлі, «Нең бар, бала, – демей ме екен, – өлеңде?!» деген жолдардан Гүлнәр Салықбай үшін өлеңнен артық дүние барын көрмейсіз. Ақын көңілінің өлеңге деген іңкәрлігі, махаббаты, адалдығы оның бүтін шығармашылығында жиі кездеседі. Сірә, бұл бүкіл ақындарға тән құбылыс болса керек. Өлең туралы өлең жазып, ақын атын қорғайтын әдет мүмкін комплекстің жемісі шығар. Бірақ Гүлнәр поэзиясында ол байқалмайды. Оның өлең туралы этикалық пафосы оқырманын таңғалдырмайды. Сендіреді. «Өлеңнан адасып қалатын» ақын: «Өмірдің өзі – ұйқаспайтұғын, ақыры жұмбақ ақ өлең...», – дейді. Өлеңін өмірім деп түсінген ақын өлеңнің ішіндегі өлеңнен адасып қалатын шығар, бәлкім... Тіршілік қамымен, қызмет бабымен өлеңнен адасып, алыстап қалатын шақ ақындарда аз болмайды. Көп ақындарымыздың тіршілік үшін де өлеңнен алыстап кеткенін білеміз. Олар туралы қатарластары да «Жақсы ақын еді. Жазбай кетті» деп жатады. Ал Гүлнәр өлеңнен адасады. Бірақ оны жоғалтпайды. «...Ең қызығы, осындай қапылып жатқан кезде тұманда адасып жүрген бір сәуле сияқты болып бір нәрселер келеді. Одан да айырылып қалғың келмейді, ана жұмысты істемесең, тағы қиын. Сөйтіп жүріп айырылып қаласың. Кейде бір жерлерге түртіп қоям, бірақ біраз уақыт өткен соң тура сол күйге қайта түсе алмайсың, сондықтан жалғаспай, әр жерде шашырап қала береді. Кейде үзілген ойдың жалғанатын кезі де болады, бірақ өте сирек» («Айқын» газетіне берген сұхбатында) деп ағынан жарылған сөзі де бір өлеңді түсіндіреді. «...Өмірдің өзі – ұйқаспайтұғын, ақыры жұмбақ ақ өлең...» деген ойы өмірді тек өлең деп қана түсінуге болмайды дегенді меңзеп тұрғандай сезіледі. «Ақ өлең» деп ақын нақтылап тұрғанын ескерсек және тура түсінсек, ақ өлеңде ырғақ пен ішкі ұйқас болғанымен, оған прозаизм де тән. Демек, өмір күрделі, қат-қабат. Прологы мен эпилогы бар, тұтас шығарма. Сол шығарманы бүтіндей алып қарағаныңда, «ақ өлең» (поэзия) болып елестейді. Ақын үшін өмірдің өлеңге ұқсауы заңды да. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген Абай өлеңімен әлденедей байланыс іздеп әлек болатының сондықтан шығар.
«Қалғып кетсең, ашады қатер есік,
Қандайлығын кім білсін түсі бақтың.
Емделем деп өлеңмен, қателесіп,
Жазылмайтын дертіне ұшыраппын...».
«...Өмір деген – үңгірлерге үңілу, Содан кейін түңілу!». Гүлнәр Салықбай осындай тосын теңеулерімен де ерекше көрінеді. Өлеңді өмірге, өмірді «үңгірлерге үңілу, содан кейін түңілу» деп суреттеген ақын ойына тосырқап та қарайсың. Өмір жайлы осыған дейінгі жазылған өлеңдердің озығы «Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай, өмір деген – көк аспанның күркірі» деген ақынның еншісінде деп ойлаймыз. Ал мына теңеу тым тосын. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» принципімен өтіп жатқан тіршілікті, бәлкім, тура осылай айту керек шығар. Іздегеніңнің бақыр да болмауы мүмкін. Ол жәй шартты нәрсе ғой. Әйтеуір алдыңа қойған мақсатыңа жету үшін, іздегеніңді табу үшін «үңгірлерге үңілесің». Таппайсың. Адасасың. Содан кейін түңілесің. Үңгірлерге үңілу арқылы басыңды қатерге де тігесің. Өйткені, «қандайлығын кім білсін түсі бақтың». Содан ақын жалғыз жұбанышы өлеңімен жаныңды емдемек болады. Бұл оның қателігі екенін сәл кешірек түсінеді. Мүмкін мүлде қателік те емес. Үңгірлерге үңіліп іздегені тап осы өлең шығар! Ақын содан кейін де «...қара түннің көзінен сорғалап келе жатқан бір өлеңді» көріп қояды. Іздегенін тапқан соң, одан әрине, безіне де алмайды.
«...Суырылып топтарда сөз алмадым,
Өміріме жетер деп өз алғаным.
Түңілгенмен тайғақтау тағдырымнан,
Бірақ, өлең, өзіңнен безе алмадым».
Жоғарыда Гүлнәр поэзиясының бір ерекшелігі тосын теңеулерінде деп айтқан едік. Ақын қарапайым өлең жазып отырып, оқыс бұрылыс жасайды. Қиялын тізгіндемей, тапқырлыққа барады. Бірақ Гүлнәрдің тапқырлығы Қадыр ақынның дидактикасына мүлде ұқсамайды. Тіпті, кейінгі ақындардың тақпақтап кететін тапқырлықтарына да келмейді. Одан гөрі әңгімелесіп отырып, оқыс сұрақ қойып, есіңді шығаратын сұхбаттасқа ұқсайды. Ойландырады. Жүйкеңмен ойнайды. Дегбіріңді қашырады. Осының бәрі ақынның ішкі қуатынан туады.
«Мен білмейтін адамдар:
көшелерде,
үйлерде,
Жаназада, жарыста,
емханада, билерде.
Мен білмейтін адамдар –
қуанады, күледі,
Мен білмейтін өмірін өздерінше сүреді.
Мен білмейтін адамдар –
(мен де соның біреуі),
Өзге түгіл өзін де түсіне алмай жүреді...
Қаламымен жазылған құдіреттің көктегі,
Мен білмейтін адамдар – жұмбақ кітап беттері.
Мен білмейтін адамдар –
көрінбейтін ұшқаны,
Тас үйлердің ерекше тағдыры бар құстары.
...Тереземді ұратын тамшылардың тырсылы –
Мен білмейтін адамдар – жүрегінің дүрсілі...».
Бәйіт үлгісіндегі осы өлеңнің өзегі – жаратылыстың ұлылығы. Адам болмысының мәңгілік шарасыздығы, жұмбақтығы. Лирикалық кейіпкердің кіріптар психологиясы. Ақын мына жаратылысты мәңгі жұмбақ қалпында таниды. Тек өзіне жақындатқысы келеді. Ал жақындықтың, туыстықтың ең жақсысы жүрек сөзін есту. Соны ұғу. Гүлнәр өзі тапқан жұмбақтың шешуін солай іздейді. «...Тереземді ұратын тамшылардың тырсылы – Мен білмейтін адамдар – жүрегінің дүрсілі...». Бұдан артық жақындау, жақсы көру мүмкін емес сияқты. «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйер» бір қауым болса, олар – ақындар-ау!..
«Түн.
Терезенің ар жағы –
Түтін.
Түн.
Терезенің ар жағы –
Құм.
Түн –
Сүйікті жатым.
Түн –
Саған хатым.
Кім еді атың?..».
«Кім еді атың?» деп жәй аяқтала салған өлеңнен әдеттегі төгіліп тұрған өлеңнің кейпін көре алмайсыз. Ұйқасы, ырғағы бар, бірақ төгіліп тұрған қара өлеңнің болмысы жоқ осы жырдың бізді қызықтырғаны ақын түйсігінің дәлдігі, танымының кеңдігі, қиялының ұшқырлығы. Мұндай формалық ізденістер қазақ поэзиясына жат емес-тұғын. Кейінгі ақындарға Абай жасап кеткен перспективаның бір жемісі деп те қарасаңыз болады. Формалық жаңалықтарға хәкім поэзиясы да бай. Одан кейінгі ақындардың көбі орыс, Еуропа ақындарының үлгісімен төрт тармақты өлеңдердің шеңберін бұзып, өлең өрістерін кеңейтті. Бұл өлеңнің алғашқы екі бөлігі сызықшадан кейін сындырылып жазылғанымен, екі тармақты, он буынды өлең екенін көреміз. Екі тармақты өлең, жалпы, Шығыс поэзиясына жат емес.
Жәй оқып тамсану үшін емес, терең сезініп, елестетуге, ойлануға жазылған өлеңнің фонынан пейзажды көресіз. Бер жағында лирикалық кейіпкердің жан дүниесі. Ол Гүлнәрдің өзінің пәлсапасы. Егер картина ретінде көз алдыңызға елестетер болсаңыз, бөлме ішінде хат жазып отырған қызды көрер едіңіз. Терезенің ар жағындағы көрініс пен хат жазып отырған бикештің жүзіндегі сағыныш пен мазасыздық күйін аңғарасыз. Менің көз алдыма осы өлең картина күйінде келеді.
Гүлнәр Салықбайдың поэзиясында лирикалық кейіпкер біреу ғана. Оның өлеңдеріндегі дауыс бір ғана кеудеден шығады. Психологиясы да біреу. Сезінуі, кешіруі де, айыптауы да, сағынуы, жерінуі де бір. Ал түр, форма жағынан келгенде сан алуан. Кей өлеңдеріне қарап пәлсапаның ақыны деп түйсең, кейде сезімді ғана жырлайтын ақын шығар дейсің. Ал кейде бар қуатын бір арнаға салып, төгіледі.
«Сыбыр-сыбыр,
Күбір-күбір...
Сенен қашып барамын.
Созылмалы сіңір ғұмыр,
Сенен қашып барамын!
Ойлан, досым, ойлысымақ,
Сенен қашып барамын.
Қойлы ауыл – қойны сұрақ,
Сенен қашып барамын.
Жаны ашымас жалған егем,
Сенен қашып барамын.
Обалыма қалған Өлең,
Сенен қашып барамын.
Қорадағы қорлық өмір,
Сенен қашып барамын.
Тола алмаған сорлы көңіл,
Сенен қашып барамын.
Қайда барам қашқанда?!».
Осы өлеңнің де қалай аяқталғанын қараңыз. Жалпы, өлеңдерін оқырманы күтпеген жерден аяқтау ақын поэзиясының ерекшелігі десек те болады. Оны қарапайым аяқтағанымен, ойсыз, мақсатсыз да тәмамдай салмайды. Ойының бар түйінін, өлеңнің бар салмағын және оқырманын ойландыратын ең ауыр сұрағын, сосын сол сұрақтың ішіндегі еріксіз мойындайтын ең ауыр жауабын да аяғына қалдырады. Осы өлеңін бір ырғақпен сыдырып оқып шығуыңызға да, әр екі тармағына үңіліп, асықпай оқып шығуыңызға да болады. Екі түрлі оқу да адамға әсер етеді. Бірақ әсері де екі түрлі болмақ. Негізгі айтпақ ойын, нақты меңзеген нәрсесін символдық сөздерге жасырған. «...Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» екен (Ахмет Байтұрсынұлы). Оқырман міндеті айтылған дүниені түсінуге жарау болса керек...
Мына дүние бәрімізге ортақ. Сол ортақ дүниені ақындарымыз өздерінше жырлайды. Туған жер, Отан, ана, махаббат тақырыптары қай ақында болсын кездеседі. Бірақ көбіне трафареттік құбылыс тән сияқты. Туған жер тақырыбын бар шығармашылығының жүлгесі етіп алған ақындар болмаса, көбіне ортақ қасиет көп. Гүлнәрдің ауыл туралы өлеңі оларға мүлде ұқсамайтын сияқты. Айтар ойы да, сезімі, сезінуі де басқарақ.
«Ауыл, ауыл...
Тәтті елесім,
Енді оралмас «ақ кемесің».
Алыстасам – сағынасың,
Жақындасам – жат көресің.
Арна таппай, тасып келдім,
Жылай алмай, жасып келдім.
Өзімді іздеп кеткен едім,
Енді өзімнен қашып келдім».
Дәл осы сезімді бәрі бастан кешірген шығар. Ақынның қасиеті соны айта алуында. Қалаға көшіп келген, балалық шағы ауылда өткен адамның сағынышы. Ұзақ уақыт алыста жүріп сағынып бара қалсаң, адамдары да, табиғаты да жат көрінетін мекеннің жатырқауы да заңдылық. Кейде «мотордың үнін есіте-есіте шаршап», көкірегіңді кере демалғың келеді. Сондай ауылға барасың. Бірақ ауыл сені емес, сен ауылды жатырқап қалғандай әре-сәре күй кешесің. Сонда қала өміріне соншалықты бой үйрете бастағаныңа таңғаласың. Адамның екіге жарылуы осындай сезімдерден басталса керек. Бір жартың балалығыңды аңсайды, бір жартың кері қайтқысы келмейді.
«...Ол күндер кетті оралмай,
Айналып қайта соғар ма-ай!..
Балалық шақтың елесі,
Сағындым сені көре алмай», – деп зарығады. Өзіне таныс әр зат аяулы өрініп, өткен күніне, баяғы сезімдеріне қайта-қайта жолыға береді.
«...Қаладан қашып, нала ұмыт,
Ауылға келдім – анама.
Баяғы өткен балалық,
Барады зулап шанада».
Бар сурет, бар сезім осы. Ауылда туып, қалада тұрақтаған ақындардың ортақ сезімі, ортақ тақырыбы, ортақ трагедиясы.
Гүлнәр Салықбай поэзиясының лирикалық мені де өзгеше. Гүлнәрдан кейінгі ақын қыздар түгел «сіз» деп жырлайтын болды. Бірақ бәрібір олар Гүлнәрдің эпигоны сияқты әсер қалдырады. Өйткені, ол өлеңде «сіз» деген сөз болғанмен, Гүлнәр жүрегі сезінген махаббат пен ғадауат жоқ. М. Цветаева поэзиясын қазақ поэзиясымен тұтастырып жіберген де осы ақынымыздың аудармасы еді. Өзі Цветаева топырағынан өсіп шыққан, бояуы қанық, өзегі нәзік ақын болды. Бізде ақындар көп болғанымен, олардың арасында оқ бойы озып шыққандары аз. Әйел ақындардың ішінен Гүлнәр Салықбай оқырмандардың ықыласына ерекше бөленді. Оны сол замандарда байқаған жазушы, ақын, сыншы ағалары бірден қолдап, «Гүлнәш» деп алақанға салды. Ал одан кейінгі шыққан ақын қыздарымыз Гүлнәрдің көлеңкесінде қала берді. Неге? Бұл сұрақтың жауабы да бөлек тақырыпқа жүк. Одан бергі отыз жылда қазақ поэзиясында Гүлнәр Салықбайдың поэтикалық фигураға айналғанын мойындауымыз керек. Қыздарды қойып, Гүлнәр поэзиясынан ақын жігіттеріміз де көп нәрсе үйренді. Бұл басы ашық мәселе. Бүгінгі жастардың бір сөзге келмей мойындайтын, және міндетті түрде оқу керек деп санайтын ақыны осы Гүлнәр. Бұл сөзіміз тым асқақ естілетін шығар. Бірақ бары сол.
Ақынның лирикалық «мені» оны басқаша тануға мүмкіндік береді. Ол лирикалық «меннің» ақынның өзінен алыс та емес, бірақ өзі де емес, өлеңдері арқылы көрінетін «өзге, әдеби болмысы» екенін зерттеушілер көп айтқан. Тіпті, лирикалық кейіпкер жөніндегі таласта айтылған пікірдің бәрі дұрыс сияқты, бәрінікі керек сияқты көрінеді. «Жеке тұлғаның лирикалық мазмұндағы өзгеше болмысы ақынның өз өмірбаянына жаңа ғұмыр дарытады» деп Д. Мотольская, К. Соколова дәлелдеген екен. Ендеше, біз Гүлнәр ақынның өлеңдерін оқи отырып, өзімізше өмірбаянының жаңа қырын ашамыз.
«Бөлмеде – біреумін,
Көшеде – көппін...
Қаладан қай күні,
Нешеде кеттің?
Жаныма батады
Азаптың атаны –
Бүгін де жоқтығы
Кеше де Жоқтың...».
Ақынның өзіндік Аңсары бар. Оның аңсары көп жағдайдағыдай «белгісіз жан» емес. Нақты адресаты бар. Оны өлеңдеріне ортақ интимдік сазынан аңғарасыз.
«Қайдасың?
Қай елдесің?
Қай жақтасың?
Қай жерде қаңғырып жүр әйбат басың?
Теңіз ем... тамшы болдым, танисың ба,
Тіршілік қайта-қайта қайнатқасын.
Қайдасың?
Құдайым-ау, жоқ шығарсың?!
Сен мені соттамайтын сот шығарсың...
Мың ғасыр өткеннен соң мұңайып қап:
«Мен соны сүйем-ау», – деп топшыларсың.
Адасқан ашық күнде арманым-ай,
Көзімнің қарай-қарай талғанын-ай!
Өтірік күліп қайтем өткендерге,
Өтіпті өмір деген... қалғаны жай».
Осы сезімді, сағынышты, жанның қиналысын, аяғында көндіккен шарасыздықты сезінудің өзі ауыр. Махаббатына асық кейіпкердің соншалықты сүйіспеншілігі, адалдығы қатты сезіледі. Аңсарына деген үлкен құрметі өлшеусіз бе дейсің. Жалғыздықтан шаршаған, тіршіліктің қамыты күйзелткен «меннің» жасыратын дүниесі жоқ. «...Теңіз ем... тамшы болдым, танисың ба, Тіршілік қайта-қайта қайнатқасын...».
Лирикалық кейіпкер бар жан дүниесімен сүйген, бүтін шығармашылық ғұмырымен аңсаған жардың дидарына ғашық. Ол аңсарының психологиясын өте жақсы біледі. Оның ойын, емеурінін өте жақсы түсінеді. Сол ойын еш жасырмайды да. Гүлнәр поэзиясында «жүрек билікке ие».
«Өкпелеме бұл өмірдің азына, бұрылып кеп,
Қыс ішінде қырық шаршы жазыма жылынып кет...
Бұрылып кет.
Өліп қалсаң, қайтадан тіріліп кет.
Бал қосып, шай ішеміз.
...Өкпелеме жер жаурап, терек тоңса,
Жазыма бір келіп кет,
Керек болса.
Өкпелесең өкпеле маған ғана – себеп болса...
Бал қосып, шай ішеміз...».
Гүлнәр поэзиясында махаббат, өлең, бақыт туралы жырлар көп. Ақын не нәрсені көп жырласа, демек, сол дүние оны көп толғандырады. Жанына батады. Гүлнәр бар махаббатын, сағынышын, жүрек сөзін өлеңге айтудан, оқырманымен сырласудан қашпайды. Сол себепті де «ағаларының артып берген алтынын» балшық етпеген сияқты. Көп томдығы да жоқ. Оның өлең үшін өлшем емес екенін де жақсы біледі. Жеке басымен таныс емес, ғұмырынан хабарымыз жоқ ақынның өлеңбаяны бізге осыны түсіндіреді. Оның аңсары – бақыт, бақыты – аңсары.
«...Сен көрінсең, қуанышта өлшем жоқ,
Ұраным да, жыр-әнім де сен, сен боп.
Бақыттымын,
Ал, сен кімсің?
Білмеймін.
Армандаймын соны білмей өлсем деп».
***
«...Көрсем, шіркін, қазір қарасын!
Өлсем бір күн бақыттан уланып...»
***
«...Бақыт барсаң, кейде есіңе ала сал
Сол бақытпен жаны туыс біреуді...»
***
«...Мұң атаулы бізде-ақ қалсын қарайып,
Бақыт Сізбен жүрсе болды бірге ұшып».
Ақынның бақыт туралы ойы осындай. «Бақытпен жаны туыс» ақынның аңсары – осы. Мақаламыздың басында айтқан ойдың түйіні де осы бақытқа келіп тіреледі. Оқырманы ретінде сөз айтуға хақылы болсақ, оны ақындығы – бақыты дейміз. Ал өз пайымындағы бақытқа Гүлнәр бәрібір жетеді. Өйткені, ақын өлеңдерінде қайсар мінез бар. Қиялымыз жетіп, көңіліміз аңдаған ойды айшықтап жазуға «өнер кем», «түсіндіруге тіл қысқа» (Тәкен Әлімқұлов). Әйтеуір «Кешіріңдер келгенімді өмірге» жыр жинағын оқып отырып, бұл кітап бақыт туралы жыр екенін топшылайсың. Бақыт туралы екі шумақ өлеңнің арасында ақынның күллі шығармашылық жолы жатқанын түйсінесің. Тағдырының ыстығы мен суығы, махаббаты мен ғадауаты, құлағаны мен биіктегені бәрі осында. «...Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар...» деген Мұқағали күнделігіндегі сөз бүкіл ақынның шығармашылығын түсіну үшін керек қағида екен. Бөлшектеп бүтіндеп тұрған, біз келтірген алғашқы өлеңнің екінші шумағы, міне:
«...Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам –
Көресің!».
Бөлісу: