Ұларбек Дәлейұлы. Жылқыайдар айтқан хикая
Бөлісу:
Өр Алтай бетіндегі менің туған ауылым Шәкүртіде тұтанып, Үш аймақ көлемін шарпып, қытай коммунистерін қынадай қырған осынау Ұлт азаттық көтерілісінің тірі куәгерлерін көзімізбен көріп, не бір хикаяларын тыңдап өстік.
Алғаш Есімхан, Елісхандар бастаған бұлғақтың туын көтерісіп, қазақ қосындарының бас қолбасшысы болған аталарым Сүлеймен мерген мен ұлы атам Шәукейдің (лақап аты «Сұрмерген») қасында жүріп, талай майданда қан кешкен атақты мергендер мен батырлар біздің үйге жиі келетін. Ол кезде атам да тірі. Әкем кенжесі болғандықтан біздің үй қара шаңырақ саналатын. Қазанға ас салынып, екі ағам және мен үшеуімізге қонаққа келген батырларға қызмет қылу міндеті жүктелетін. Сол шақтарда естіген әңгімелерімнің кейбірі көмескіленіп қалғанымен, есейген соң санамда қайта жаңғырттым. Соғыс көрген шалдардан қайта-қайта сұрап, адам және жер аттарын қайтадан нақтыладым.
Көргені көзінде, естігені құлағында қалатын, әрнеге қызығатын балалық шақ. Тете өскен екінші ағам екеуіміз егіз қозыдай жұбымызды жазбай, бірге ойнайтынбыз.
Жаз уақтысы еді. Ағам екеуіміз бір-бірімізді қуалап, алқын-жұлқын ойнап далада жүрсек, барқыт шапанын жамылған еңгезердей бір ақсақал есік алдында дәрет алып отыр екен. Ақшам намазына дайындалып жатса керек. Екеуіміз әй-шәйға қарамай қасына жетіп барып, жамырай сәлем бердік. Сол жағындағы құманын таласа алып, қосанжарлай қолына су құйдық. «Әй, жүгірмектер! Дәрет алған адамның қолына су құймайды!», – деп ұрысты арт жақта тұрған әкемнің үлкен ағасы. Оған қарайтын біз бе, дәрет алып болғанша құманға жармасып, қасында тік тұрдық.
«Әп, бисмілла! Сәби ғой, бұлар. Сәби ғой. Періште тілектері қабыл болсын!» деп күбірлеп, орнынан тұрды ақсақал.
Сөйтсек, бұл кісі Есімхан, Елісхан, Ақтекелер бастап, Оспан батыр жалғастырған арпалыстың ішінде жүріп, қан кешкен атақты батыр Жылқайдар ата болып шықты. Бірге қан кешкен досы, атам Шәукейді іздеп келген беті екен.
Біздің шағын үй лезде үлкен адамдарға лық толды. «Құ үй соғысы», «Ышқынтыдағы қырғын» деген әңгімелерге құлақ түреміз.
Қиыр тау шатқалдары мен орманды жоталарда қытайлармен жан аямай соғыс салған осынау қазақ батырларының ауызынан не бір керемет хикаяларды естідік. Қасында мылтық оқтап отыратын елгезек көмекшіден екеуін алып, әр төбеге жасырынған мергендердің ентелеп келген жауды «Герман бесатармен» екі-үштен қабаттап ататыны қызық-тын. Қолына жалаңаш қылыш алып, көк арша арасына жасырынған жас батырлардың үстіне ентелеп келген қытай шеріктерін шалт қимылман қиялай шауып, ішек-қарындарын ақтарып тастап, жартасты қорымға сіңіп үлгіретіні бізді еліктіре түсетін.
Электр жарығы жоқ ауылдағы әр үйдің терезесінен кешке қарай қой майын ерітіп, қолдан ширатқан білте шамның жарығы жылтырайтын. Сыйлы қонақтар келген соң ба, біздің үйге үш жерден шам қойылды. Қазан түсіріліп, ас келгенше біраз әңгіменің шалғайын қайырған шалдар енді Жылқайдардың ауызына қарады.
Аяғын жазып, арқасын жүкке сүйеген батыр:
– Біздің керей мен найманнан талай есіл ерлер өтті ғой. Көктоғай басында болған, өзім бас болған бір шағын соғысты айтып берейін, – деп бастады әңгімесін.
– Сенің әкең, мына сұрмерген бір қазық адам еді, – деп атама бір, әкеме бір қарап күлді де: ел бөлініп, жайлауға шығып кеткен кез. Алтыншы айдың басында етекті барлауға кеткен хабаршылар «Гоминдаң жолын» басып, Тұрғынға беттеген жаудың жиырма шақты көңкесін көріпті. Олардың Белқайың арқылы қытай әскері бекінген Көктоғай қаласына келе жатқаны айдан анық. Бұл жерде орыстар тау-тасты қопарып кен қазып жатқан. Қытай мен орыс тіл табысып алып, біздің елді көп михнатқа ұшыратты, қырғындады ғой, әттең...
Біздің көрші Шіңгіл елімен қосылып кеткенімізді, қуғынға келген мыңдаған шеріктерін тау арасында қырып, мол қару-жарақ олжалап алғанымызды естіген Шың қытай (Шинжияңның сол кездегі басшысы Шың Шысайды атйып отыр) басым күшпен жаншып тастауды ойлаған. Сол үшін орыстан көмекке келген қызыл әскерді қосып, Шонжыдағы үлкен қосынын Өр Алтай бетіне аттандырғаны бізге мәлім еді. Мына келе жатқандар үстеме шеріктер. Ел үшін атқа қонған азаматтардың басына ауыр сын-сағаты келді. Алда ұзаққа созылатын, соңын болжауға келмейтін бір қиянкескі шайқастар күтіп тұр еді.
Есімхан, Сүлеймен, Шәмғұн батырлар бастаған қосын сардарлары ұзақ ақылдасты. Қабдүлмалік екеуімізге бас болып, қасымызға қарақас Қапырыш батыр мен Рәшат мергенді қосып, шерушінің бір қос сарбазын ертіп, Көктоғай жақтағы жау топанын білуге, шолғынға жібермек болды.
Алтай бетін мекендеген найман мен Абақ керейдің әр руы жау келетін негізгі өткелдер мен асуларды қос бойынша иелеп, әр ру өзі күзеткен жол тораптарына келген қытайларды баудай түсіретін. Ал мықты мергендер мен соғыс тәсіліне жетік батырлар қай рудан шықсада әр қолға ортақ қолбасшылық жасай беретін. «Жіңге», «Әмір-Сана» таулары шеруші руына қарайтындықтан бұл жақта Сүлеймен өзі бас болып жүр еді.
Қан жағынан жәнтекейден болсам да Сүлеймен мерген мені өзіне жақын тартып жүретін. Жасы үлкен, соғыс тәсілі мен абыройы өзгеден үстем ағаны бәріміз қадір тұтып, ұстаз санайтынбыз. Ертеңгі жорық жайын кеңскенімізде мерген маған:
– Қасыңа қан көрген, әбжіл жігіттерді қосып берейін. Қапырыш та, Рәшат та, Қабдүлмалік те талай алапатты көрген сенімді азаматтар. Қытайды қойша қырғындай беруге қатты құмар болмаңдер. Қаруға, олжаға қызығып, үлкен жоспарға кесір жасап алмаңдар. Ініне тығылған қытайлар бізге қарай, орманды тауға өрлесе, мақсатымыз орындалғаны. Қыс бойы атыс көрмей, қолы алдына симай отырған жігіттерді бір серпілтіп алар едік. Негізгі жау шырғаға түсіп, алдымызға келсе, қалғанын өзіміз жөнге саламыз», – деп тапсырды.
Бұйрықты ала салып қаруымызды сайлап, етекке түсуге қамдандық. Қия беткейдегі текшелерге тігілген қостарда жайғасқан батырлар күн бата тамақ ішуге ыңғайландық. Ел бөлінген, ірілі-ұсақ малдар әр сайға шашылып қалған. Оны жинап жүрерге мұрсат жоқ. Қос алдында ет асқан ошақ басын қоралай, қысыр кеңес соғып отырмыз. Қарағайлы тауды ымырт басып келеді. Көзі қырағы жас жігіттердің бірі қарсы беткейдеген қараңдаған сұлбаны көргенін айтқанда, бәріміз сол жаққа қарадық. Жиі қозағалып, төмен қарай түсіп келеді. Барып анықтауға жігіттер ерінді, тік беттен түсіп, бізге қараған қарсы биікке жету үшін көп уақыт керек. Қатын-қалаш, кәрілер бар ауыл Қуүй жақта. Мұнда ел адамының жүруі мүмкін емес. Болса да не қытай барлаушысы, не қараң-құраң тау аңдарының бірі.
Мергендер мылтықтарын ыңғайлады. Тауға түн тез келеді ғой, тіпті, қас қаққанша. Бізге ірге баса қонған орта қостан Жетей батырдың дауысы шықты. «Сұрмергеннің тасын төрттен қоясыздар. Ашық күнде, басы қылтиған жау шерігін бізде қалт жібермей атып жүрміз. Шәумең ағамның өнерін бір көргім келіп тұр. Кезекті соған берейік», – деп айқай салды. Батырлар қостап дуылдай жөнелді. Оқ үнемдеу үшін жауды өзіне жақындатып алып, екіден қабаттап ататын мергендердің бірегейі еді. «Қытай шерігі дегеніңіз үйездеген қой сияқты. Мылтық оқтап беретін көмекшің ширақ болса, сосын, биік төбені иелеп алсаң болды. Етектен өзіңе қарай тырмысқан немелерді жусатып ата бересің. Рахат!» деп отыратын.
Жетейдің сөзіне елең еткен Шәумең арша шоғына қызара піскен еркек қойдың үлкен төсін алдына алып, қиялай турап жеп отырған еді. Қолындағы төсті алдына қоя салды да, қасында оқтаулы жатқан бесатарын алды. Екі ара оқ еркін жетердей мөлшерде. Герман бесатардың құлпын ашып, иығына тіреген бойы сәл көздеді де басып қалды. «Гүрс» еткен мылтық үнінен тау іші солқ етті. Іле-шала қарсы беттен салдыр-гүлдір құлаған әлдене домалаған бойы етекке түсті.
Қол-аяғы жылдам жас жігіттер жапа тармағай етекке жүгірді де, кешікпей қайтып келді. Сөйтсек, жаугершілікте табынынан адасып қалған құнан өгіз екен. Оқ тура жон арқадан тиіп, сол жақ сүбе қабырғаны жарып өткен. Бір топ жігіт «оқ тиген адал етке обал болады. Азық қыламыз» деп етін бұзып көтеріп келіпті. Көз байланған шақта, осынша алыстан қарайған нәрсені бір тал оқпен түсірген мергендікке бәрі риза болып, Шәумеңді қолпаштап жатыр. Сүйінген қолбасылар ертеңгі барлауға аттанатын шағын топқа оны да қосып жібергуе шешім қабылдады.
Әр төбеге күзет қойылып, сарбаздар ұйқыға жатты.
Ертесі алаң-елеңде тұрып, мұсылман жосыны бойынша «Өлеск шейіт, қалсақ қазымыз» деп жақындарымызбен арыздасып, жорық қамын қылдық. Таң намазынан кейін Мәсали молла жаназамызды оқып, белімізге ақтық байлап жолға салды. Соғыс тәртібіне сай жеңіл ғана киіндік.
Күдір жолмен құлдап, Күн найза бойы көтерілгенде Көктоғай қаласының шетіне жеттік. Атымызды жартас түбіне қатарлап байлап, соғысқа енді шығып жүрген бала жігітті күзетке қалдырдық. Оңтайлы тұстан дүрбі тартып, қаланы шолып едік, айнала, ағаш көпір үсті толған күзет екен. Жіңге бетіне де қойылған қарауылы күшті. Біз бекінген бағытта, иек астында ғана отыз шақты шерік жаттығу жасап жүр. Түрі суық, тәртібі тастай. Ұстаған қарулары, киген киімдеріне дейін анық көрінеді. Жаратушы Алла ісімізді мұншалықты оңынан келтірер ме? «Іздегенге сұраған» деген осы. Жау көрген жігіттердің көзі тұнып, жүздері жайнап сала берді.
Сусын ішіп, шөл қандырып алдық та, аз-кем кеңестік. Мақсатымыз мынау, ай бойы қалаға бекініп, шықпай жатып алған шеріктерді ашыққа шығару. Соғыс аттары ауызы көкке тиіп семіріп, мал қоңдана бастаған шақ. Басқыншылық пен тонауға үйір күпәрлармен шайқасып, сабасына түсіріп қоюуға ең қолайлы кез. Кеше ғана жауға келген қосымша көмекті біздің шолғыншылар көрді. Қалың жау қаладан түп қотарыла аттанса, Жіңгеден асырмай, Бүркітұяның түбінен-ақ қырып тастауға болады.
Ал, бекініп жатып алса, жаз ортасына қарай Құүйді жайлаған қалың елдің соңынан қуып, әйтеуір бір баратыны сөзсіз. Олай болған жаңдайда «Әмір-Санаға» бекінген мықты қол Құмсалған арқылы өрлеп, Тесіктасты басып, Байбазар, Қырқын арқылы жыныс орманды кесіп отырып, Қайырты басын иелемек. Арғы жағы Қуүй. Осынау жерлердің бәрі қалың орман, сай-сала. Атыс салуға, елді қорғауға ыңғайлы.
Ұзақ ойланып отыруға уақыт қысқа. Дағды бойынша үш адамнан бөлініп, бір шеттен нысанаға іліп, алдыңғы сапта тұрған он екі шерікті Қапырыш, Рәшат, Шәукей төртеуіміз сырттай бөлісіп алдық. Артындағылар бізге еріп келген алты жігіттің үлесінде. Әр шетке қойылған тас үйлердегі күзетшілердің сыбағасын Қабдүлмәлік бермек. «Маңдай мен жүрек тұсын ғана көздеп атыңдар. Әйтпесе, бұл қытай деген немелер итжанды. Оңайлықпен өле қалмайды», – деп сыбырлады Шәукей. Әр мергенге тиесілі екіден бесатар. Мылтық оқтап беріп отыратын көмекшілеріміз бар.
Жауды тұмсықтан соғар орайлы сәт жетті. Жарыса атылған он мылтықтың оғынан шеріктердің үлкен тобы жусап қалды. «Әу» дегенде беліне қылыш асынып, жеңін түріп алған, шеріктерге айқұлақтана айқайлап жүрген бастығына Рәшаттың оғы құлақ шекеден дарыды да, тік шаншылып түсті. Бізден атылған оқтың біреуі де құр кетпеді. Ат ерттейтіндей аз уақытта, не болғанын түсінбей аңтарылып қалған бишаралар қашуға да үлгірмеді. Тау жақ шеттегі тастан қаланған қарауыл үйінен бізге қарай оқ жауып кетті. Асықпай нысанаға алған Қабдүлмәлік тас үйден басы қылтиған екі шерікті отырған жерінде сұлатты да, бытырлаған пулемет үнін өшірді.
Қаланың шығыс шеті айқау-шу, абыр-сабыр болды да қалды. Мылтығымызды оқтап алып, артқа қарай жүгіріп, атымызға жеттік. Сал аялдап, қуғыншыларды күтіп тұрғанымыз сол еді, ызаланған қытай шеріктерінің дауысы естілді. Артымызға анда-санда оқ атып қойып, қара көрсетіп, із тастап өрлеп келеміз. Қысқа-қысқа айналмарадан өткенде жау бараны көзімізге шалынып қалады. Атқа міне алмайтын өңкей бозөкпе қытай ердің алдыңғы қасынан тас қып ұстап, шоқақ-шоқақ желеді
Бүркітұядан өткен соң аңғарды бос тастап, қия бетті өрлей төте тарттық. Себебі, жалғасты соғысуға да, жау мөлшерін, адам санын білуге де қолайлы еді. Қарамыздан қалмай, тірсектей қуған қытайлар да соңымыздан ілесті. Шырғамызға түскенін біліп, қуанып кеттік. Аттарымызды тізгінінен қосақтап, атшы балаға жетектетіп, алдыға салып жіберіп, қарағайлы беткейді жаяу өрлеп келеміз. Мінген аттарын етекке тастаған шеріктер де жаяулай қуды. Әне-міне түс ауып та барады.
Жалғыз самырсын өскен жартасты иықшаға жетіп, солығымызды бастық. Қол дорбамыздағы салқын етпен жүрек жалғап алып, жаудың жақындауын күттік. Етекте қалған шеріктер сәл тынығып алды да бізге қарай өрлей бастады. Шамасы отыздан асады. Артындағы үлкен қосыны әлі қозғалмаған. Біздің топанымыз аз екенін біліп, ішіндегі таңдаулы әскерлерін қуғынға жіберсе керек.
Тойға барардай жабданып шыққан, арқаларына асқан ауыр қоржындары бар қытайлардың жүрісі мандымай келеді. Иіс алған иттей танауларын көтере біз жаққа қарайды. Асықпай жақындатып алып санап атып, қолымыздың қыбын тағы бір қандырмақпыз.
Жауды күтіп отырғанда, екінті намаз уақыты да болып қалған екен. Жаяу өрлеген қытай шеріктері де бізге жақындап қалды. Арамызды қарағай мен самырсын басқан қысқа сай бөліп тұр. Ендігі жоспарымыз топаны мол жаудың алдыңғы барлаушыларынан біразын жайратып, өзіміз жартасты ормандарға сіңіп кету. Шырға үшін шай қайнатым уақыт қана ұрыс салып, жеңілген іспет білдіріп, кері шегіну – біздің көп айламыздың бірі еді. Ал, мүмкін болса саны тым көп те емес мына шеріктердің бәрін қырып тастауға да үлгіретін сияқтымыз.
Тау басына жақын бір дөңесті асып, Жауға көз қылып, тағы аял қылдық. Қабдүлмалік батыр жігіттерге атыс басталардан бұрын намаз оқып алуды бұйырып, өзі имамдыққа қамданды. Өрге қарай тырмысқан жау шеріктері болса қарқындары үдеген сықылды, жанталаса баса көктеп келеді. Біздің әр қимылымызды дүрбімен көріп алғаны белгілі. Тек, өздеріне оңтайлы жерге жетіп алып атыс бастамақ.
Көп шайқасты басынан кешкен жігіттер еш саспады. Оқтаулы мылтықтарын жанына қойып, төрт рәкат намазымызды асықпай оқып алдық. Жәйнамазымызды жинап, орнымыздан тұра бере сай тағанынан мылтық атылып, атыс басталып та кетті. Қазан тастарды қалқа етіп, жылдам қимылдаған Қабдүлмалік жау жақтан төрт адамды іркес-тіркес атып түсірді.
Қасымыздағы көмекшілер қос бесатарды кезек-кезек оқтап беріп отырды. Жаңқа тасты қалқалаған Қапырыш пен Рәшаттың оғынан домалаған қытайлардың жан дауысы тау ішін жаңғыртты. Әр бұтаның түбінен түтін бұрқ еткенде, жыт еткен басты Шәукей қиып түсіріп отырды.
Сәйпіл, Самарқан мен Қабдел үшеуі бала самырсындар қаулай өскен қойтастар арасымен киіктей орғып, жаудың қиыс шетінен бүйідей тиді. Тебіндеп келген жаудың алдыңғы тұсы санап атқан оқтан ойсырап, әр тас түбінде қимылсыз қалған жансыз мүрделер көрінеді.
Біздің жігіттердің осындайда ұстай қалатын бір жаман мінезі бар еді. Қырғын салған сайын қызығып, қызыл көрген аш бүркіттей тепсініп, өлген-тірілгеніне қарамай атыс салатын. Өлген жаудың мүрдесін баса көктеп, әр қытайды атқан сайын қаны қызып, құтырынып кететін. Соны сездім де сарбаздаға тауға қарай шегінуді бұйырдым.
Шапшаң топтасқан жігіттер атыс сала отырып, қайың арасымен тауға өрледік. Шағын асуға жетіп, бекініс алдық, артымызға қарағанда атыс болған жер көз алдымызға ап-анық көрінді. Темір телпектері әр жерде, бірі етпеттей, бірі шалқалай құлаған жау шеріктерінің өлекселері әр жерде шашылып жатыр.
Қатты ыза буған жау қолбасшысы наганын қолына алып, шеріктерді алға жүрге қузап шәңкілдейді. Бағана баршамыз намаз өтеген шағын текшеге жеткенде оған қатарласа жүрген тағы бір бастығы тура біз сәжде еткен жерге түрегеліп тұрып дәрет сындырды. Бәріміздің көзімізді қан жауып кетті.
Атыс қызығында жүріп, таудың қысқа күні де еңкейіп кеткенін енді білдік. Бесатарын алып, нысанасын туралаған Рәшат мергенді Қапырыш батыр тоқтатты да:
– Бұл кәпірдің сыбағасын мен берейін! Қарап тұрыңдар, тура екі ұмасын дәлдеп тұрып, жалғыз оққа жем етейін. Мұсылманның оғы қалай дәл тиетінін көрсін!, – деді.
Тізесі басып тұрған ұзын күрмесінің етегін тартып, ыңғайланып алған Қапырыш батыр дәрет сындырып болып, белдігін буып жатқан қытайдың кіндік астын көздеп тұрып тартып қалды. Тура дәрет төгетін әурет жерінен тиген жарты қарыс бесатар оғы әлгіні жалпасынан түсірді. Қапырыш пен қатар нысана көздеген жігіттер аңтарылып қалған шеріктердің оншақтысын өреден түскен құрттай домалатты.
Үлкен тобы қырылып, аман қалған алты шерік шегіне қашқанымен айналма тұмсыққа іліне алмай, жалтаң жерде қалып қойды да, тегіс оққа ұшты. Қуғынға келген топ шеріктің бірде-бірі аман қалмай, әр жерде өлексеге айналды. Тіпті, тіл құтылмады.
Күні бойғы атыс пен шабыстан қалжырасақ та, етекке қайта түсіп, қару олжаладық. Сол кезде шеріктердің басшы-қосшылары киетін саптама хұрым етікке қатты қызығатынбыз. Бар қытай кие бермейді оны. Тоғанақ тартқан моңғол саудегерлерінде болмаса, оңай қолға түсе бермейтін. Оның өзінде бір аттың құны. Тобылғы мен жыңғыл арасын аралай жүріп, серейіп өліп жатқан қытайларды аударып, өлі-тірісін тексердік. Ауыр жараланып ыңырсып жатқан бірнешуінің жүрегіне жігіттер қылыш жүгіртіп алды...
Біз сәжде қылған жерге дәрет сындырған басшысын анықтап қарасақ, қытай емес қазақ жігіт екен. Қапырыштың оғы талқандаған, белдігін байлауға үлгірмей арам қатқанда, ашық қалған әбүйірі сүндеттелген мұсылман екенін айғақтап тұр. Түр-әлпеті біздің таудың адамына келмейді. «Сырт жерден келсе де өз қанымыз екен» деп су орған жыраға апарып, бетін жасырып кеттік.
Одан әріректе киім киісі бөлекше, кеудесі сарыала салпыншаққа толған тақырбас семіз қытай ыңырсып жатыр екен. Оқ кеуде қуысын тесіп өткен. Екі қолын қозғай алмай, бізге тістене қарайды. Өгіздей немені атқа өңгеріп тауға апарып жүруге еріндік. Сонша азаппен жеткізген күннің өзінде мына жарақатымен мал болатын түрі жоқ. Не қылсада қытай шерігіне бас болып, күш беріп тұрған немелердің бірі болса керек деп ойладық та, құлағынан тартып тұрып басын кесіп алдық.
Өзіміз алып кете алатындай қарулармен оқ қапшықтарды бір жерге үйдік. Біз іздеген хұрым етік төртеуінің аяғынан табылды. Үшеуінің етігін оңай суырып алып едік, төртіншісі шешілмей біраз әбігерге салды. Асыққан жігіттер кездікпен тізе буынынан айналдыра буындап, жіліншігімен қоса кесіп алды.
Тау арасына ұйыған уыздай қою қараңғылық екі жаққа да, тірілер мен өлілер арасына тыныштық сыйлады. Олжаға алған мылтықтарымызды атқа теңдеп алдық. Түнделетіп «Әмір-Сана» етегіндегі қойнауға бекінген сардарлар қосына қайтып келіп, ел ағаларына сәлем бердік...
* * *
Үй іші Жылқайдар қарияның майын тамыза айтқан әңгімесіне елітіп, құлаққа ұрған танадай тыныш күйге ауысқан. Білте шамға үймелеген сайтан көбелектердің жалынға соғылған көлеңкесі қабырғада ербеңдейді.
Қолға су құйылып, табақ тартылды. Хикая әсерінен әлі арыла алмаған жастар жағы таңдайын қағып, оқиға үзіктерін қайталап айтып жатты. Біздің балалық шағымыздың мәуесі осынау қасиетті қарттардың арқасында көктеп, бүр жарып келе жатқанын түсінгендеймін.
Содан бастап, етік киген шалдарды көрсем «Қай қытайды құлағынан тартып тұрып басын кесіп алды» екен деп ойлайтын болдым, көпке дейін.
Бөлісу: