Асылбек Байтанұлы. Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға
Бөлісу:
Ақын, әнші, сазгер, айтыс ақынын Мұса Асайынов - Үкілі Ыбырай әндерін насихаттап, бар бояуымен бүгінгі күнге жетуіне зор үлес қосқан өнер иесінің туғанына 90 жыл толып отыр.
Көкшетау – жер жәннаты, әйгілі сал-серілер бесігі, ақындар елі. ХІХ ғасырдың өне бойында Көкше өңірінен шыққан өнер-білім иелерінің атақ-даңқы Арқадан Алатауға, Алтай мен Еділге жетіп жатқаны тарихқа аян. Орақ ауыз от тілді Орынбай, өмірі өлең сөзден тосылмаған Тезекбай ақын, қазақ сал-серілігінің символы болған әйгілі Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ... Бұлардың ізін баса шығып, дәстүрін өз заманына лайық жалғастырған Молдахмет Тырбиев, Шәкен Отызбайұлы, Қалия Жұбандықұлы, Әміре Сұлтанмұратұлы – соңына ғибратты сөз қалдырған Жамбыл дәуірінің халық ақындары. Бұлар алапат соғыс тұсында тылдағы ауыр жұмыстан белі бүгілген жылаулы жұрттың еңсесін өлеңмен көтеріп, жігерін жанып, жүректерін жырмен жылытты.
Сал-серілер мен халық ақындарының елдік, ерлік сарынын жазба поэзияда жалғастырған Жақан Сыздықұлы, Жұмағали Саиндардан кейін әдебиет әлеміне қадам басқан бір шоғыр көкшелік ақындарды да қазақ әлемі жақсы біледі. Олар – Еркеш Ибраһим, Көкен Шәкеев, Нұрмияш Көбенов т.б. қаламгерлер. Ақын Мұса Асайынов та осы шоғыр қатарына жатады.
Ақын, әнші, сазгер, айтыскер, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұса Мырзағұлұлы Асайынов 1929 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Володар (Айыртау) ауданы Өскен аулында дүниеге келген. Көкшетау облысы таратылғаннан кейін бұл ауданның жері Солтүстік Қазақстан облысына қарайды. Батыстан шығысқа қарай 400-450, оңтүстіктен солтүстікке қарай 250 шақырымға созылып жатқан Көкшетау қыратының солтүстік нүктесі Жаман Жалғызтаудың күңгейіндегі бұл өңір – ән бұлбұлы Үкілі Ыбырай, Арқа әндерін кейінгі заманға жеткізуші Молдахмет Тырбиевтер туып өскен мекен.
Жалғызтау. Үкілі Ыбырай ауылы
Мұса Асайынов – Үкілі Ыбырайдың аталас туысы, шығармашылығын жалғастырушы ізбасары. Орта жүз арғынның қарауыл руынан тарайтын Сәбден батыр Абылай заманында ел қорғаған батыр, жауырын жерге тимеген палуан әрі дүкенде көрік гулеткен ұста болыпты. Сәбденнің Деріпсал деген ұлынан Әбіле, Маңдай, Сандыбай туған екен. Маңдайдан Асайын, одан Мырзағұл, одан Мұса тараса, Сандыбайдан Үкілі Ыбырай туған. Яғни, Мұса Үкілі Ыбырайға шөбере есепті.
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы
Әкесі Мырзағұл да өнерге бейім, домбырашы адам болса керек. Мырзағұл Мұсаның кішкентай кезінде дүние салып, анасы Бағидың тәрбиесінде болған Мұса нағашы ағасы Молдахмет Тырбиевтің үлгі-өнегесін көріп, тәлімін алып өседі. Халық ақыны Молдахмет Тырбиев – өз заманының айтулы өнерпазы болған адам. Арқа әншілік мектебінің үлкен өкілі Молдахмет Тырбиевтің шәкірті болған Мұса бала осылайша жасынан өнерге жуық болып өседі.
Мұса Асайыновтың білім жолындағы қадамы да сәтті болған екен. Себебі, болашақ көрнекті қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің алдынан сабақ алады. Бәйкен Әшімов 1941-42 жылдары Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған Сырымбет мектебінде ұстаз болған екен. Бұл мектепте Мұса қоғам қайраткері, ұзақ жылдар жоғары қызметтерді абыройлы атқарған іскер басшы Еркін Әуелбековпен, әнші-сазгер Кәрім Ілиясовтармен бірге оқиды. Мұнда олар оқи жүріп тылдағы ауыр еңбекке араласады. Сол кезең туралы сыныптасы Кәрім Есмағұлұлы Ілиясов былай деп еске алған екен: «...Жұмыс соңында жетекшіміз Бәйкен Әшімовтің басшылығымен Жартөбенің астында, шама-шарқымызша концерт қойып, қажыған колхозшылардың көңілін көтердік. Сабақ арасындағы үлкен үзілісте де Асайыновтың ән айтып, домбыра тартқанын қалайтынбыз».
Мектепте «әнші, домбырашы Мұса» атанған жас талаптың бұдан кейінгі жолы өнер саласымен байланысты болатыны сөзсіз еді. Мектепті оқи жүріп, 1946 жылы Петропавл қаласындағы филармонияға әнші ретінде қабылданады. Бірақта жас кезінде алған өкпе кінәраты оның ары қарай музыкалық білім алып, талантын ұштай түсуіне мүмкіндік бермейді. Бір топ жолдастарымен бірге Петропавл қаласынан Көкшетауға келген Мұса Асайынов мұнда өнерпаздар тобын құрады. Осы өнерпаздар тобы кейінірек Ленин атындағы сарай (қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайы) салынған кезде ансамбльге айналады. Бұл ансамльдің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған Мұса Асайынов өнер ұжымымен бірге КСРО-ның түкпір-түкпіріне, көптеген шетелдерге гастрольдік сапармен барып, өнерлерін ортаға салады. Осы ансамбльде әр кезеңде Қапаш Құлышева, Көкен Шәкеев, Кәрім Ілиясовтар қызмет атқарған екен. Аснасмбльдің көркемдік жетекшісі бола жүріп Мұса Асайынов музыка зерттеуші, актер, сценарий жазушылықты қоса атқарады, қала, облыс атынан айтыстарға қатысады. Осындай елеулі еңбегі үшін оған 1960 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері деген атақ беріледі.
Сегіз қырлы бір сырлы талант иесі Мұса Асайыновтың бойындағы бір кесек өнер – айтыс болған екен. Досы Кәрім Ілиясов өз естелігінде жазуынша, бала кезінен-ақ табан астында өлең шығаруға бейім болған Мұса соғыс жылдары астындағы өгізі жүрмей қойғанда былай деп өлеңге басқан екен:
Ала өгіз енді қитарланып тұрмайды,
Әкеліңдер, талғажау етсін қурайды.
Жан тапсырса әлдеқалай бұл неме,
Болсаңдаршы, құнын бізден сұрайды!
1958 жылы алғаш Айыртау ауданының атынан ресми айтыстарға қатыса бастайды. Ауданнан кейін облыстық деңгейдегі айтыстарда дараланған Мұса ақын республикалық айтыстарға да қатыса бастайды. 1971 жылы Алматыда Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығына орай өтккен айтыста бірінші орынға ие болады. Осы айтыста Мұса ақын өзін былай деп таныстырған екен:
Мен келдім кербез Көкше бауырынан,
Сал-сері, ақындардың ауылынан.
Шабытым найзағайды жұлып алар,
Көктемнің от-жасынды жауынынан.
Әнім бар сілкіндірер Алатауды,
Үнім бар тебірентер Қаратауды.
Балқиды қарт жүректер көне көзді,
Жамбылды көріп қалған шал атаулы.
Мұса Асайынов осылайша, ақындық талантымен жарқырай көрінеді. Бұл кезеңде Көкшетау облысының белді айтысткерлерінің бірі – Көкен Шәкеев болатын. Мұса ақынмен талай мәрте айтысып, әрі өңірлерде болған айтыстарға қанаттас барып қатысып жүлде терген Көкен ақын Мұсаның талант тегеуріні туралы былай деген екен: «Мұсамен айтысып, тең түсіп те, кем түсіп те жүрген күндерім болды. Бірақ ол жеңдім деп төс қақпайтын. Қандай айтыс ақыны қарсы шықса да, «Үкілі Ыбырайдың немересі» дегенде бір шошынатын. Айтыс аламанын бастап, тасқындата шырқай жөнеліп, шапқан аттай құйындатқанда, айтысып отырғанымды ұмытып, сөз тыңдап ұйып қалушы едім». Өкінішке қарай Мұса Асайынов айтыстарының көбінің мәтіні немесе аудиотаспалары сақталмаған екен.
Мұса Асайынов айтыс үстінде
Мұса Асайынов – қаламы төселген лирик ақын. Оның қаламынан көптеген лирикалық өлеңдер мен поэмалар туған. Туған жер табиғатын, алуан көңіл күйлерін, махаббат сырын арқау еткен Мұса ақын өлеңдері алып ұшпа қызбалықтан гөрі салқын сабырға құрылғанын көреміз:
Ақын болу – көп өлең жолында ма?
Бұрқыраған жылма-жыл томында ма?
Жоқ, батырым, тап-таза өлең керек,
Жеңіл жолға бұрылма, мойындама...
1978 жылы «Аңшының аңызы», 1999 жылы «Жүрегімнің жұлдызы» атты жинақтары жарық көрсе, 2009 жылы аталған екі кітап пен кейін табылған өлеңдері мен айтыстары енгізілген «Ынтық жүрек лүпілі» атты кітабы жарық көрген.
М.Асайынов өлеңінің қолжазбасы
Алғашқы кітабы ақын Еркеш Ибраһимнің, кейінгі екі кітабы Кәкімбек Салықовтың құрастыруымен шыққан екен. Бұл жинақтарға Мұса ақынның біршама дүниелері енгенімен, әлі де болса ағайын-туыс, ел-жұрттың қолында жүрген туындылары бар екендігін жергілікті зерттеушілер айтады.
Аршындасын, жыр сұңқары самғасын,
Асыл арман, ақ қанаты талмасын.
Жалғызтаудың жалғыз өскен ұлы едім,
Жүрегімнің лүпілі үміт жалғасын, -
деп жырлаған ақынның бұл өлеңінде тағдырының шындығы бар. Жалғыз апасы Ермектен жастай айырылып, бір отбасында жалғыз өскен ұлдың көкіректен шыққан өкісікті жыры, өсіп-өркендесем деген лүпіл үміті еді, бұл.
Көкен Шәкеев пен Мұса Асайынов
Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Кәкімбек Салықовтың Мұса Асайынов шығармашылығын жинақтаушы, жоқтаушы болуы бекер емес. Мұсаның анасы Бағи мен Кәкімбек Салықовтың анасы Ақық – туған апалы-сіңілілер екен. Туыстық жөнімен туған бөле болып келетін Мұса Асайыновтың өзіне мектеп қабырғасында жүргенде рухани тұрғыда үлкен ықпал жасағанын Кәкімбек Салықов өз естелігінде ризашылықпен жазған екен: «...Әкемнің газет оқыту сабағы – өмірлік сабақ болып саясатқа жас басымнан қанықтыра, таныстыра бастағандай болды да, қазақша шыққан барлық көркем әдебиет деген дүниенің қолға түскенін түгел білетін болдым. Оған қоса бөле ағам Мұса Асайынов үздік әнші, тамаша домбырашы болғандықтан ол маған «Елім-айдан» бастап барлық әндерді үйретті, кейін әрі қарай осының барлығы қазақ өнеріне деген үлкен сүйіспеншілік тудырып жақын етті».
Мұса Асайыновтың бөлесі, ҚР Халық жазушысы Кәкімбек Салықов
Айналаны баудай түсіріп жатқан алапат аштық, Үкілі Ыбырайдай барша қазақтың аяулысынан бастап талай әндігер ұлдарды көз көрмес, құлақ естімеске алып кетіп жатқан үрейлі зорлық-зомбылық жылдар сәбилік шағына, отыз жеті мен қырқыншы жылдардың аласапыраны жастығына тап келіп, жетімдік пен жоқшылықтың зарын тартып жүріп жасынан ауыр сырқатқа шалдыққан халі ақынның көптеген өлеңдеріне арқау болғанын көреміз:
Ауыр сырқат адамды оңдыра ма?
Құс көңілді бір жерге қондыра ма?
Ақ қағазға айта алмай кей сырымды,
Байлап қойдым перне ғып, домбырама.
Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, өзге де көптеген қаламгерлермен аралас-құраластықта болған, әдеби туындыларды көп оқыған Мұса ақынның әдебиеттен білімі де зор болыпты. Ақынның көлемді туындысы – «Аңшының аңызы» атты лирикалық поэмасы. Қонақбай атты мергеннің құс ату үшін көл жағасына келген кездегі басынан кешкен оқиғаға құрылған поэманың тілі көркем, құрылысы жинақы. «Атамын, атпаймын» деген алма-кезек ой арпалысына түскен аңшының дағдылы қолы ақыры абайсызда шүріппені басып қалады. Осы кездегі оқиға-көріністі ақын былай деп бейнелейді:
Сарт етті... от жарқ етті... су дір етті,
Зор дүркін сай-саланы күңірентті.
Болды іс – ойламаған, болжамаған,
Шалқайды, шаңқай түсті іңір етті.
Мұса Асайынов өлеңдері – жазу техникасына төселген, айшықтаулары нанымды кәсіби ақынның қолынан шыққан мағыналы туындылар. Мұса Асайынов өлеңдеріндегі талғампаздық, мұқияттылыққа қарап, за да болса саз жазуға деген өзіндік талабы болғанын аңғарамыз.
Жалғызтаудың баурайында Үкілі Ыбырайдан бері жалғасқан, Ақан сері, Сұлтанмахмұт, Әмірелермен тұтасқан әншілік, сазгерлік дәстүрдің өзіне дейінгі жалғастырушысы Молдахмет Тырбиевтің төл шәкірті Мұса Асайынов та 15-16 жасынан бастап әншілікпен шұғылдана бастаған екен. Мұсаның әншілік дарынының өзгелерден жоғары тұрған қалпы Кәкімбек Салықов былай деп жазып қалдырған екен: «Мектебімізге Қызылжар, Көкшетау филармониясының әртістері жиі келіп концерт беретін, оның ішіндегі ең талантты үздігі өз бөлем Мұса еді». Бұл сөйлемдегі мәлімет сонау қырқыншы жылдарға қатысты. Демек, Мұса Асайыновтың талантын ел ерте мойындағаны анық.
Әндетемін, Үкілі Ыбырай бабамша,
Қуанар ем, ұзаққа даусым бара алса.
Мен әйтеуір, талай әнін жеткіздім,
Кейінгі ұрпақ қағып алып, жаңарса, -
деп жырлаған Мұса ақын Үкілі Ыбырайдың көптеген әндерін ұстазы Молдахмет Тырбиевтен үйреніп, бар бояуымен орындап халыққа таратушы. Мұса Асайынов Үкілі Ыбырайдың «Гәкку», «Көкше», «Дүние» әндерін өз даусымен ҚР Ұлттық музыка қорына жаздырып кеткендігі – ұлттық руханиятымыға қосылған зор үлес. Әнші Үкілі Ыбырайдан өзге, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақтың да көптеген әндерін ұстазының орындауындағы тамаша нұсқасы арқылы кейінгі толқынға жеткізген әнші екендігін өнер зерттеушілер орынды бағалайды. Мұса Асайынов орындаушы ғана емес, өз жанынан шығарған «Тың сұлуы», «Алматым», «Қанша қыз», «Шабытым» қатарлы лирикалық әндері кезінде халық арасында кең тараған екен.
Бір басына әншілік, айтыскерлік, жазба ақындық, композиторлық, журналистік, өнертанушы зерттеушілік, актерлік сияқты жеті өнер сыйған Мұса Асайынов небәрі 47 жасында, 1976 жылы 8 қаңтар күні ұзаққа созылған науқастан өмірден өтеді. Сүйегі өз өсиеті бойынша қазіргі күні Үкілі Ыбырай бабасының атымен аталатын бұрынғы Өскен аулындағы бабалар қорымына жерленеді.
Мұса Мырзағұлұлының Ақжүніс, Фатима, Зылиха атты қыздары мен Еркін, Еркеш атты ұлдарынан тараған ұрпақтары Қазақстан мен шетелдерде тұрып жатыр.
Елдерін араласаң өскен, өнген,
Суретті көркем түрлі көп ескі өлең.
Кең көкірек, керней дауыс, ақын, әнші -
Келеді жігіттері боп өскелең, -
деп Сәкен Сейфуллин Үкілі Ыбырай бастаған көкшеліктердің өнеріне тәнті болып, тамсана жырлағанындай, сол Көкшетаудың айтулы азаматтарының бірі, керней дауысты әнші, арқалы ақын Мұса Асайыновтың туғанына 90 жыл толуына орай туған елі Көкшесінде, Айыртауында талай айтылу іс-шаралар, дүбірлі мерекелер өтері анық.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: