Өтен Ахмет. Телефон үнсіз қалған күн
Бөлісу:
(Әңгіме)
Бақдәулет астындағы арқалықты жұмсақ орындыққа шірене шалқайды. Екі адам қатар отырса емін-еркін жайғасқандай үлкен араб креслосы әдетте бір өзіне ғана өлшеп пішілгендей тым жайлы көрінуші еді. Бұ жолы, неге екені белгісіз, өзін кең төсектің үстінде әлдеқалай ұмыт қалған жансыз қуыршақтай сезінгені. Жүрегі зу етіп, өн бойын безгек ұрғандай тітіркеніп кетті... Мұнысы несі екен, ә? Тоқтығы мен мықтылығын білдіретін бұлтиған қозы қарны орнында, ақыл мен парасаттың айғағындай жылтыр шеке, қазан басы да. Сәуегей білімпаздығының белгісі – алтын жалатқан піл сүйегі көзілдірігін де шешкен жоқ. Ендеше, жүрегі құрғыр неден шошынды? Жапан түзде жалғыз қалған жанкешті жолаушыдай неге сонша елегізи береді өзін-өзі тоқтата алмай?
Кабинеті аула жақ тұйық бетте. Үлкен көшенің айқай-шу мазасыз дабырасы қалың қыртысты шоң қабырғалардан өте алмайды. Сонда да таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға шейін анау тұрған бүйірдегі қызыл қоңыр ауыр есік дамылсыз бір ашылып, бір жабылып, келушілердің аяқ басқан тықыры, барынша майпаз, барынша сыпайы сөздері бір үзілмейтін де, тыныш бөлмеге, тоқ көңілге өзгеше бір әшекей - жарасым әкелгендей болатын.
Қызыл қоңыр есіктен сығалаған адамға сонау төр алдындағы қос кебежелі жалпақ үстел басындағы Бақдәулет ұзақ жол сапарының жетіп жығылар соңғы қазығы сияқты көрінетін. Жүрегінің дітіне қарай көгендеулі қозыдай қатар тізілген көп орындықтардың біреуі есік жақ шетінен, екіншісі орта тұсынан, тағы біреуі бастық үстелінің сырт арқасына тірете қойылған жұмсақ креслоға таман жығыла кеп жайғасар еді.
Бақдәулет бұл кезде не қағаз жазып, не газет қарап, не болмаса біреулерге телефон шалып, әлдене іспен қызу айналысып жатқандай кейіп көрсетер еді. Бірақ көзілдірік ілген сұсты қалың қабағы астынан алдына келген адамның жүріс-тұрысына қарап-ақ оның шама-шарқын өзінше топшылайтын. Мәселен, қызыл қоңыр есіктің табалдырығынан аттай бере пысы құрып, анадай шеткі орындық жанында селтиіп қалатындар – момын, ынжық біреулер. Болбырдан болымды іс шықпайды дейтін де, ондайлармен жүре сөйлесетін. Көгендеулі қозыдай қатар тізілген көп орындықтың орта тұсына жетіп тоқтайтындарды – сыпайы, бірақ солқылдақ, жоғарыдан нұсқау түспейінше өз бетімен батып ештеңе шеше алмайтын жалтақ деп ұйғаратын да, ондайларға ағыл-тегіл ақыл айтып, арқасынан қағып ақырын шығарып салатын. Ал енді бастық үстеліне тақау кеп жайғасатын үшінші топты шешімді, батыл жандар деп, оларды жылы шырай қабақпен, тіпті өз теңіндей кең көңіл ілтипатпен қарсы алар еді.
Бір қызығы, алдына келгендердің қабілетін осындай жаттанды үлгімен бағалай жүре, оларды қызмет бабында жоғарылату яки төмендету жөінде билік айта жүре, еш уақыт өзін олармен қатар қойып көрген емес-ті. Рас, төс қағып одыраңдап меменсуді білмейтін. Алдына келген адам сөзін айтып болғанша, оған алыстан аңғарар ірілікпен жымия қарап, көзілдірік тұтқасымен сәл көгістеу жұқалтаң еріндерін, үш жағы қызыл, ортасы басыңқы үйрек мұрнын, кейде тіпті самайын, қышыған жерін қасыған сияқтандырып сызғылап - сипалап қана отырар еді. Ара-арасында көзілдіріктің мүйіз құлағын аузына сап сорғылап, талмалап тістелеп те қоятын. Алдындағы кісінің сөзін тыңдай отырып, өзінің де қарапайым жан иесі екенін мойындайтын, бірақ менің жаратылысым басқа, менің орным бөлек дегенге де сенгісі келетін.
Мұндай ниет-пиғылдың көңіліне қашан, қай жерде ұялап қалғаны есінде жоқ. Әйтеуір, ел танып қызметке араласқалы тасы өрге домалаумен болды да, кейін шегінудің не екенін ұмытты. Содан да болар, «Мен де бір күні жеткен жерімде тоқтап, тоқырап қалмасам игі еді-ау», деген күдікті ойдан бойын аулақ ұстайтын.
Әдетте, жаңа қызметке жоғарылаған сайын, мұны өз іскерлігінің заңды жемісіндей қабылдайтын да, алдан бұдан да биік лауазым баспалдағы қол бұлғап күтіп тұрғандай көрінетін.
Облыстық деңгейдегі ірі қызметке жоғарылаған соң да, біраз уақыт осындай әрі-сәрі есек дәме күйде жүріңкіреп қалды. Бірақ жоғарғы жақтан мұны тағы бір саты биік секіртетіндей ыңғай байқалмады да, араға сына боп кірген уақыт залым тасты бұзған тамшыдай Бақдәулетті де алғашқы ойынан айнытқан. Ол енді маған облыс та жетеді, алыстан айбар шеккенше, жақыннан жасқағаным мың артық деген бір керенау, өзімшіл ойға бой алдырғандай еді.
Өмір болса арнасынан толықсып аққан өзендей тап осы өзі топшылаған тұстан ақырын жылжып өтіп жатты. Мына оңы мен солындағы ақ, қара, көк, қызыл телефондар бірінен соң бірі дыр-дыр етіп, алыс-жақын қиырлардан үлкен өмірдің бар тынысын: табысқа жеткен қуанышты да, біреулерге әтеген-ай дегізген өкінішті де, бұған тоқтаусыз жеткізіп тұратын-ды.
Бүйірдегі қызыл қоңыр есікті батылы жетіп ашып, алдына әлдебір өтінішпен келуші де, алыстан қажетті хабар жеткізіп телефон шалушы да – Бақдәулеттен төрелік үкім күтетін. Бақдәулет болса дұрысын - дұрыс, бұрысын - бұрыс деп өз шешімін айтатын. Төрелік үкім айту туа біткен бойындағы мөрлі қасиеті сияқты еді. Мына абажадай кең кабинет осынау ұлан байтақ абатты өлкенің төс кіндігіндей көрінетін. Енді ше, енді не болды? Енді ме, бағзының көне ертегісінде аузы-мұрны шегеленіп, түпсіз теңіз қойнауына тасталатын сандық сияқты. Сағат тілі міне, тура күндізгі он екіні көрсетті. Ал таң атқалы бұған әлі ешкім телефон соққан жоқ. Оңы мен солындағы ақ, қара, қызыл телефондар біреу әдейілеп келіп бар жұлынын бытырлатып үзіп кеткендей қыбырсыз мелшиіп тұр. Әшейінде қайта-қайта ашылып-жабылып бір тыным болмайтын қызыл қоңыр есікті де, ерегістіргендей, бүгін жан баласы ашпай қойды.
Тым-тырыс.
Жұмсақ креслода жансыз тас мүсіндей қалшиып отырған Бақдәулет кең кеудесін көріктей қозғап ауыр-ауыр күрсініп қойды. Безірейген сырты демесең, ішкі жан-дүниесі алау-далау: ой қамап, жаны безектеген кей сәттері өзінің басқа емес, өзі екеніне де сенгісі келмей кетеді.
Қазақ даласы қандай кең, шіркін. Осы апайтөс ұлы далада жаңадан тағы бір облыс құрылып жатты. Ақ түйенің қарыны жарылды дегендей, талай жайсаңның биік лауазымға қолы жететін болды. Бақдәулетке де атағы мен тәжірибесіне лайық бір айбарлы жұмыс бұйырса жаман болмас еді. Сондай алыпқашты жақсы сыбыс та естілген. Алайда, жеме-жемге келгенде, ол әңгіме бекерге шықты. Рас, ұсыныс жасалуы жасалды, бірақ қазіргі өзі атқарып жүргендей ғана қызмет. Тым құрмаса бір саты секіртсейші. Жоқ. Ендеше, жылы орнын суытып не көрініпті бұған. Бармаймын, басымды қатырмай әрі жүріңдер, деп жаңа облыстың болашақ бірінші басшысына шешімін бір-ақ кесіп айтып салды. Анау да сөзі жерде қалып көрмеген кеудемсоқ өткірдің бірі еді. Жарайды, дей салған. Сыпайылығы бергі жағы екен. Аржағында тиісті орындарға не айтқанын кім білсін, әйтеуір, арада бір жеті, он күн өтті ме, өтпеді ме, шенеуніктер арасында Бақдәулет қызметінен алынатын болыпты деген суық хабар желдей есе жөнелді. Сонда бұған аяқ астынан қандай кінә тағылып отыр десеңізші? Баяғы талайлардың түбіне жеткен жаттанды айып: дүниеге қоғамдық ашық сана көзімен қараудан қалған, өзімшілдік буымен уланған. Шынымен солай ма? Апыр-ау, сонда бұл қай аяғын қай жерде теріс басты? Не бүлдірді? Не ішкені, не жегені жоқ еді ғой. Өзіне сеніп тапсырған қызмет үшін неден аянды бұл? Тіпті туған шешеден де, жақын бауыр ағайыннан да бойын аулақ ұстады ғой.
Облысқа жоғарылайтын жылы болатын. Ауылдан шешесі Балым келді бір күні артынып-тартынып. Өңі жүдеулеу екен. Ауылда, тұрмыстағы қызының үйінде, күйеу бала қолында, ың-шыңсыз жүріп жатушы еді. Сыңайы, ұлын қатты сағынып кеткенге ұқсайды. Қазақ салтында шешенің ұлы тұрып, қыз қолына қарағаны келіспейтін ерсілік қой дегенді айтады. Бақдәулет «салт-малт» деп шеше сөзіне іштей біраз күліп алды да:
- Осында тұрам десең еркің білсін, үй жетеді, - деп, шешесін отырған жерінде тастап, өзі жұбайы Катя - Қадишаның соңынан ас бөлмеге қарай қайқаңдап кете барды.
Катя – Қадиша енесі келгенде не қуанып, не ренжіп дегендей, ашылып сыр білдіре қоймады. Ол бір өз жайымен жүрген қайдағы бір қаймана қазақтай-ақ тіл ұшынан еріне амандасты да, жөніне кетті. Балымның қол жүгі – бұлтиған шағын кенеп дорба есік қайырмасында қалып қойды. Арада үш күн өткенде, Балым шыдамай: «Ауылдың дәмі еді», деп дорбаға өзі барып, сүйретіп әкеп, аузын шешкен. Алып келгені – қыстан шыққан сүрдің сарқыты еді, жарты шұжық, жамбастың майлы ұшы, бір омыртқа және қос уыстай ежегей құрты бар. Көп сақталған дәм болғандықтан еттері де, құрты да қатып-семіп мейіз болып кетіпті.
- Уай,- деді Катя - Қадиша мұрнын тыржитып, - мұны кім жейді? Сосын: - Ұлттық тағам ғой, мүмкін сен...- деп кекеткендей боп күйеуіне қарап еді.
- Зачем о пережитках говорит? Зачем ворошит прошлое? Ішімді тесіп кетсін дейсің бе? – деп, орысша - қазақша араластыра сөйлеген Бақдәулет кәдімгідей-ақ ашу шақырып ренжіп қалды.
Балым шешейдің балам жесін деп сарымайдай сақтап әкелген ауыл дәмі бұл үйдің асқазанына шегедей қадалатын болған соң, қайтып қапқа да, қазанға да түспеді. Ызым-қайым жоқ болды. Көршіге берді ме, далаға апарып қоқысқа тастады ма, ол жағын Балым шешей білген жоқ.
Обалы не керек, Катя - Қадиша орта көрген тәрбиелі әйел ғой. Енем екен-ау деп, күйеуімнің шешесі екен-ау деп Балымға келін болып еркелеп, әңгіме айтып жарқылдай қоймаса да, қолын ештеңеден қақпады. Оның өзіне тән кесе - аяғына шейін ыңғайлап, бүйірдегі қалтарыс оңаша бөлмеге жайылма төсек құрып берді.
Бақдәулет боса да ұсақ-түйекке көңіл бөлетін жан емес. Түскі асын ішуге келгеннің өзінде үй - ші жағдайынан гөрі сырттағы іс қамын көбірек сөз етіп отырар еді. Не тамақ үстінде, не әңгіме кезінде қасынан шешесі Балым бір көрінбейді. Үйге қонақ келгенде де Балымның бар-жоғы білінбес еді. Кейде өзінен-өзі елегізіп: «Оу, осы біздің мамашка үйде ме?», деп сұрап қалатын әйелінен. Катя - Қадиша болса саспайды, қасын кергіштеп қойып: «Қайда кетуші еді, отыр бөлмесінде», дейтін мұның әлгіндей сұрақ қойғанын өзінше ерсі көріп. Жоқ жерде әдептен жаңылып қалдым ба деп қысылған Бақдәулет: «Біздің мамашка ауылдың шайпау тілді надан кемпірлеріндей емес, тәртіпті, инабатты ғой, нағыз современный кемпір», деп біраз ақтала сөйлеп барып тоқтар еді.
Бір күні Балым:
- Балам,- деді баяу сөйлетін әдетімен сыбырлағандай болып: - балам, біраз күн аунап-қунадым. Сағынышымды бастым. Мен енді елге қайтайын.
Бақдәулет түскі асын ішіп, жұмысына жиналып жатқан еді.
- Біржола тұрамын деп келіп, бір айға шыдамағаның ба? – деді таңданған сияқтанып. - Бұл үйден қандай қысым көрдің? Әлде, келінің бірдеңе деп...
- Жоқ, ә, шырағым. Баяғының хан сарайынан бір кемдігі жоқ қабат - қабат үйің бар. Келінім де әйбат. Мінез десең мінезі, келбет десең келбеті ешкімнен кем емес.
- Ендеше, кетем деуің қалай?
- Ауылды сағындым, ауылдың өзімдей кемпір-шалдарын сағындым. Көзім жұмылғанша, абысын-ажын дегендей, солардың арасында болғаным жөн секілді, шырағым балам.
- Ім... Иә, ол да дұрыс екен-ау,- деді Бақдәулет сәл ойланған болып. - Бұрын қалай есіме келмеген. Бұл жерде саған скучно екен ғой... Жарайды, онда, қазір жиналысқа тез жетуім керек еді. Сосын машинамды жіберейін. Автобус аялдамасына дейін жеткізіп салсын.
- Маған бола әуре болма, балам.
- Ал қош ендеше. Ондағыларға менен сәлем айтарсың.
- Сұрап жатса, айтамын ғой.
Кешкісін қызметінен келген соң Бақдәулет әйелінен:
- Мамашка кетті ме?- деп сұрап еді, Катя - Қадиша:
- Кетпесе, қайда жүр, кеткен шығар, - дей салды тап бір түк болмағандай жайбарақат.
Толып жатқан дүз жұмысы: жиналыс, мәжіліс, конференция, шұғыл мәселе шешу – от басының ұсақ-түйегіне қайдан мойын бұрғызсын, арада бір апта өтпей жатып-ақ Бақдәулет шешесінің бұл дүниеде бар-жоғын мүлде есінен шығарды. Ауылға аман-есен жетті ме, онымен де ісі болмады.
Бақдәулеттің қанға сіңген бір қасиеті – кіші қызметкерлер дайындап берген баяндаманы үстінен қайта жөндеп астан-кестеңін шығара сызғылап, түзетіп қайта бастыруға беретін. Ол со жолы да көзілдірігін мұрнының ұшына таман іліп қойып, үш күннен кейін әлдебір жиналыста жасайтын баяндамасының мәтінімен асықпай танысып отырған. Мәтіннен пәлендей олқылық таппаса да, бас жағындағы кейбір сөз тіркестерін аяғына қарай шығарып, аяқ жағындағыны бас жағына әкеліп өзінше біраз өзгеріс жасады. Сосын көзілдірігін шешіп, алақанымен ұйысқан қабағын уқалап, аз-кем ойланып отырып қалған. Ту сыртынан естілген Катя - Қадишаның:
- Пришли, какие-то... Тебя спрашивают, - деген оғаш даусынан ойы бөлініп кетті. Бұл басын көтергенше, әйелі бөлмеден шығып та үлгерген еді. Оның жаңа осында болғанын толқындана қозғалған есік пердесі ғана білдіріп тұрды.
Бақдәулет ә дегенде қарсы алдында тұрған Торшаны танымай да қалды. Қасында өзінен гөрі біршама бойшаңдау, бірақ өзі секілді жалпақ мұрын, қошқар бас балауса жігіт бар, ол бұған қарап ыржақтап күле береді.
- Әпсәмет қарағым, - деді Торша еркінсіп,- Сонша жерден әдейі іздеп келген менің інім, сенің ағаң осы кісі болады. Сәлем бер ағаңа дұрыстап.
Балауса жігіт құнжыңдап, қос қолын алға соза ұмтылса да, алақанына
Бақдәулет саусақтарының ұшы ғана ілінді. Соның өзінде анау қолын тез тартып ала қойған.
Қонақтар жоғары шығып жайғасқан соң, Бақдәулет төргі үйде тұрып есіктен сығалаған әйеліне:
- Катя, туыстар келді, - деді үстел үстін саусақ ұшымен тырс-тырс шерткілеп қойып. - Помнишь, Торша ағаны. Баяғыда мен оқуға түсерімде жалғыз өгізін сатып, жолыма керекті пұл тауып берген еді ғой. Қасындағы үлкен ұлы Әпсәмет. Екеуміз үйленетін жылы қыдырып барып, бір жақсы түкті кілем, біршама ақша алып қайтатында жалаңбұт жүрген бала еді, қарашы, зіңгіттей жігіт болыпты.
- Нет, что-то не припоминается. Столько воды утекло с тех пор,- деп Катя - Қадиша анадайдан сылаң қағып ас үйге қарай өтіп кетті.
Әкелі-балалы қос қонақ аңырып бір-біріне қарап қойды.
Бақдәулет жөткірініп алып:
- Мұнда көп боласыңдар ма? – деп сұрады Торшадан. - Қажет етсеңдер қонақ үйіне орналасуға көмектесейін. Қазір жаз уақыты, олай-бұлай жүргінші көп. Ертерек қамданбасақ қонақ үйден орын табу оңай емес.
- Рахмет. Бір қонып шығатын жер табылады ғой,- деп, Торша ұстарамен қырнай алдырған тоқ шекесін күректей жалпақ алақанымен бір сипап қойды.
- А, онда өзің біл, менікі далада қалмасын дегендік қой.- Бақдәулет жалыққан пішінде қонақтардан бетін бұрып терезе жаққа қарап кетті.
- Менің келген шаруам... бұйымтайым...
- Оу, ондайың болса, манадан бері айта отырмайсың ба? - деді Бақдәулет теріс қараған күйі дүңк етіп.
- Айтсам, мына Әпсәмет інің биыл мектеп бітірді ғой. Инженер болғысы келеді.
Бақдәулет ақыры бетін бері бұрды.
- Келешек жастардікі. Боламын десе болады да.
- Дұрыс қой. Мектептегі оқуы жаман болған жоқ. Тек ауылда өскен бала ғой, орысшаға шорқақтау.
- Біз кезінде «дай хлеб» дегенді де білмегенбіз.- Бақдәулет алтын қаптатқан күрек тістерін көрсете бар денесі қозғалып, лекілдей күлді. - Оның қасында бұлар дегенің орысшадан орыстың өзін жаңылдырар.
- Сонда да, сырттай болса да, оқуға түсіп кетуіне демеу болсаң дегенім ғой. Өзің білесің, түңғышым, кейінгі балаларға үлгі болар ма еді.
Айтуын айтса да қысылған Торша қатты ысынап кетті. Қалтасынан көлдей орамал алып, тершіген бет-аузын сүртіп қойып отыр.
Бақдәулет ойланып қалды. Маңайға тыныштық орнады.
- Әй, осы ескілік-ай, - деді кенет Бақдәулет күйіне сөйлеп.- Айды қойып, Марсқа да адам ұшырылғалы жатыр. Ал қайсыбіреулер сол баяғы ескілік шырмауында әлі жүр. Ағайын-туыс, ілік-шатыс дегенді қоятын уақыт жетті ғой. Мені бұл қызметке ағайынның жоғын жоқтасын деп қойған жоқ. - Оның айтпағы көп еді, бірақ Торшаның:
- Қой, шырақ, жарайды, - деген қатқыл үні еріксіз кідірткені. «Өй, мынау қайтеді-ей», деп қонағының жүзіне адырая қарап еді, Торша елең қылмады.
- Мен сенен жарапазан тыңдағалы келгем жоқ. Себің тие ме деп көмек сұрай келдім. Ондайың болмаса, қарағым інім, бауырым, басымды босқа қатырма, - деп ойының тоқ етерін бір-ақ айтып салды. Сосын атып тұрып, баласын жетектей жөнелген. Сыртқы есік қатты жабылды.
- Вот қызық, баяғыда бір өгіз бердім деп... – Бақдәулет шығып кеткен қонақтарының артынан қуа күңкілдеді. Аяқ астынан тап бола кеткен Катя - Қадиша да:
- Из-за таких родственничков не трудно репутацию потерять, - деп үстеп қойды...
Осының бәрін тап қазір не үшін еске алып отырғанын Бақдәулеттің өзі де түсінбейді. Мүмкін күндегідей істей қояр үйреншікті ісі болмаған соң, қарадан – қарап отырып зерігейін дегені ме, әйтеуір, мың үзіліп әбден тозығы жеткен кинолентадай өткен күннің қай-қайдағы елестері өстіп көз алдынан шұбатылып үздік-создық өтумен болды. Мысалы, бір жақсы досы бар еді. Есімі –Арыстан. Саясатқа аса жүйрік, елгезек, әрі турашыл, жаны жабырқауды білмейтін жігіттің бір жайсаңы еді. Сол бірде, мәжіліс пе, кеңес пе, Бақдәулеттің есінде жөнді қалмапты, әйтеуір, кілең бір ығай мен сығай жиналған беделді жиын болатын. Арыстан досы сөздің бір ретінде: «Сен тым ережеқұмарсың және сол ереженің әрпін білсең де, мәнін білмейсің. Сен үшін дүниедегі құбылыстың бәрі ап-айқын. Күмәнданбайсың. Қандай сұраққа да берер жауабың дайын. Ойланып-толғанбайсың. Бұл тереңдік емес, тасырлық. Сен бірбеткей сыңаржақ басшысың», деп айтып-ақ салғаны ғой. Жиналып отырғандар бұл сөзге рахаттана күліп қарық болды да қалды. Оларға қосылып өзі де күлген. Бірақ күлкі артына сақтаған зілі де бар еді. Күндердің бір күнінде Арыстан досы қызметтен кішірейіп, шалғайдағы алыс шаруашылықтардың біріне бас маман болып қиыр асып кете барды. Істерін істеп алып сондағы Бақдәулеттің айтқаны ғой: «Әкесі атын Арыстан қойғанға, өзін шын Арыстан көріп жүрген шығар бұл, шіркін...»
Қызыл қоңыр есік сықыр ете қалды. Таң атқалы бөгде қолдың бірінші рет қозғағаны еді, Бақдәулет оқыс елеңдеп, жалт қарады, бөлім меңгеруші Біртоға кіріп келеді екен. Аяқ басысы нық, бұлтиған толық ұрты дөңгеленіп езуіне күлкі үйірілген. Ол бұрын үстіне бұлай баса-көктеп кірмеуші еді, Бақдәулет кетсе орнына Біртоға жоғарылайды деген сөз бар-ды. Болмай жатып соның буы да. Әйтеуір, Біртоғаның бұл жолғы жүріс-тұрысы Бақдәулетке ұнамады. Кеудесін әдейі кергиді, аяғын да әдейі алшаң басады деп жорыды.
Біртоға қапталдағы шкаф жанында, сөредегі қағаздарға көз жүгірте қарап тұр.
- Жоқ іздегеннен саумысың? – деп, Бақдәулет оны сөзге тартты.
- Облыстың перспективалық даму жоспарының бір данасын осында қойған сияқты едім, - деді Біртоға теріс қарап тұрған қалпын өзгертпей.
«Болмай жатып пысығын көрдің бе?» Мұны іштей айтса да, бер жағымен:
- Асығып жүрсің бе? Ертең шкаф-мішкафымен тапсырармын,- деген сөздердің аузынан қалай шығып кеткенін Бақдәулет өзі де байқамай қалды.
- Бекер олай дейсіз. - Зымиян жымиыспен ақырын мойын бұрған Біртоға дауысын соза сөйледі. - Сізді ренжіту ойымда жоқ. Жазып жатқан анықтама үшін керек боп қалды. Егер... сізді мазалаған болсам кетейін. - Солай деп айтуын айтса да өзі тұрған орнынан қозғала қоймады.
«Мені ызаландыру үшін өтірік сыпайы болғансып, әдейі істеп тұр», деп ойлады Бақдәулет. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды», мен де соның кебін кидім-ау. Бұрынғы дәуренім болса мені бүйтіп басынар ма еді бұл шіркін, басындырар ма едім... Әттең, алдамшы жалған дүние-ай!» Кеудесі кеуіп ісініп отырса да:
- Жә, ойнап айтам, іздегенің табылса, ала бер, - деді Бақдәулет. Жұмыс басты болып отырған кісі сияқтанып әлдене қағаздарды ақтарыстыра бастады.
Біртоға керегін алып шығып кетті.
Кабинет ішін қайтадан өлі тыныштық биледі.
Бақдәулет қағаздан басын алып жан-жағына жатырқай қарады. Мына абажадай кең кабинет, мына оңы мен солындағы ақ, қара, қызыл телефондар бұрын көзіне сондай үйреншікті, ыстық көрінуші еді. Енді осының бәрі қазір бұған жақтырмай жатырқап суық ызғар шашатын сияқты.
«Апыр-ау, аяғымды қай жерде шалыс бастым? Не бүлдірдім?», деп ойлайды Бақдәулет іштей ышқынып.
Бұдан соң тағы да шешесін еске алды.
Немере ағасы Торшаны ойлап та біраз мәңгірді.
Тағы да қиыр шет асып кеткен Арыстанды, ескі досын есіне түсірді.
«Тура жүріп, тура тұрыппын. Ішпеппін де жемеппін,- деді іштей күбірлеп, - Сонда неден сүріндім, тәңірім-ау? Қай жерде сақ басатын епті табаным мүлт кетіп еді?» Өстіп өзі қойған сауалына өзі ойша сандалып жауап іздеп табар емес.
Кабинетте кешкі қара көлеңке үйіріліп келеді біртіндеп. Бақдәулет жұмыс уақытының аяқталып үйге қайтар мезгіл жеткенін сағатқа қарамай-ақ біліп отыр. Ол бір күрсініп алып, ауыр қозғалып орнынан тұрды. Кетерінде оңы мен солындағы қаптаған ақ, қара, қызыл, көк телефондарға соңғы рет, құдды бір басқа дүниеден келген адамдай ұзақ телміре қарады. «Бүгін ешкім телефон соққан жоқ. О, ғажап-ай!», деді ол кабинетін қимай сүйретіле шығып бара жатып өз-өзінен күбірлеп...
Бөлісу: