Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Жомарттықтың атасы - кешірім
Бөлісу:
***
Қазақ - өзінің әулие екенін білмей жүрген әулие.
***
Ашуланған адамның албастысы сөйлейді.
Мейірленген адамның періштесі сөйлейді.
***
Күн қанша жарық болғанмен, ол да - Түн құрсағында.
***
Даналығы жоқ адам да бала тәрбиелей алады. Ал, балалығы жоқ адам - ешқашан.
***
Өзіңді сүй... өзгелер үшін.
***
Тақыр кедейге - бит те қазына.
***
Өмір сүріп жүрген ешкімді көрмедім. Еркектердікі де, ұрғашылардікі де, ақылдылардікі де, ақымақтардікі де, діншілдердікі де, дінсіздердікі де, байлардікі де, кедейлердікі де - құр тірлік. Өйткені, өмір сүрудің мәнісін білмейді. Білгілері де келмейді. Тек, сәбилер ғана жұпар былдырлайды.
***
Бөгеннен аса алмаған ағын су топаннөсерлі бұлтқа айналып ұшып өтеді одан.
***
Рухы әлсіздердің санасы - әзәзілдер меншігі.
***
Жер сатуға Құдайдың ғана қақысы бар. Өйткені, Жерді жаратқан да, ол Жердің Ійесі де - бір Өзі. Алайда, Құдайда саудагерлік пиғыл болмайды. Жерді саудаға салатындар - сайтанданған пенделер!
***
Мен - жаңарып келген бабалар даналығымын. Ол даналықсыз - нөлмін.
***
"Әні-шәні, күләптар. Пошал дереу, күнәһар...".
Қазіргі қазақ "намазы" да - Абай сынаған сол Абралы "намазының" аржақ-бержағы.
***
Қош Үйлесім ғылымын меңгермейінше, "Сайтан" бізді алдап та, сатып та, қорқытып та, қорлап та, өлтіріп те, қызыққа бата береді.
***
Өз Сайтанымнан басқа - досым да, қасым да жоқ.
***
Махаббат жұмағы шекарасының барша тұсы - ашық. Бірақ, Жүрек Қақпасы арқылы ғана өте аласың оған.
***
Ақиқат - Ойда.
Шындық пен жалған - Сөзде.
***
Тағдыры талай ғасыр тапталған ел орнынан бірден тұрып кете алмайды.
***
Сіз жолмен жүріп өтсеңіз, жол да сізбен жүріп өтеді. Басыңыздан өткерген жағдайдың бәрінде - сол заңдылық.
***
Қазақ - өзінің әулие екенін білмей жүрген әулие. Себебі, Тілінің әулиелігінен хабарсыз.
***
Көсегем көгерсін десең, көңіліңді басқара біл.
***
Жауым көбейсін десең, не мана бол, не дана бол.
***
Ажалдың үш хабаршысы - кәрілік, дерт және қатер.
***
Алып құзғынның қуатынан титімдей бұлбұлдың үні күшті.
***
Өзгетілді әр қандас - генеалогиялық байтеректен үзіліп түскен бір жапырақ.
***
Қарыз - қара Жермен өлшенеді.
Парыз - Аспанмен.
***
Пенделік махаббат - іңкәрліктің елесі ғана.
Іңкәрлік - періштелік жұпарнұрлы махаббат.
***
Адамның Ойы - онға, Санасы санға бөліне жасампаздық көрсете алады. Пенде - бір Ойының өзіне де ие бола алмай жатады, көбінесе. Неткен сорлылық десеңізші!
***
Күн нұры да бойлай алмайтын қайғы түбіне үміт сәулесі еркін жетеді.
***
Тоқ айдаһардан аш кесіртке қауіпті.
***
Сорың - Бастағы Бағыңның тыңайтқышы.
***
Өз Тілін қорлаған ұлтты да өз Тілінің Кійесі атады!
***
Күнді танымаған - дымды танымаған.
***
Түнді шашынан еркелете сипай білетіндер ғана шын Айды табады, көреді.
***
Күн көзінен тозақ нұры да төгіліп тұр...
***
Күйіктен өртеніп кеткен күрескер сүйегінің күлі де сөйлеп жатады.
***
Көздің кірі - көлегей.
Дүниені анық көрем десең, бір сәт жылап ал.
***
Әке-шешеңді қастерлегенің де - жалған, - Ұлтыңды, Ата Тіліңді сүймесең!
***
Ұйқас - Өлең қолындағы кісен. Шебер ақын оны жеңсеге я білезікке айналдыра алады.
***
Көсегелі миымыздан бастап, көтеннен түсетін "қиымызға" дейін, бәрі шоу болып кетті!
***
Адамның әр Ойы - парасатты нажағай... Дұрыс ойлап, дұрыс сөйлей білейік.
***
Адам жалғыз емес. Ол - "Сайтан мен Періштенің" біртұтастығы. Ойлану процесі - сол "екеуінің диалогы".
***
Көркем сөйлейтіндер аз емес.
Көркем ойлайтындар көп емес.
***
Маусымдар айналымы - эволюцияның Күнге бағытталған мерзімдік спиралі.
***
Күн де өзінің көлеңкесін көрер еді, егер оған Тәңірінің жарығы түссе.
***
Әділет - адам ауызы сөйлеуге ғана қажет болатын заманда орнайды.
***
Оңбаған елдің орманы да назалы.
Бөлісу: