Досым Омаров. Абай ілімі және демократия
Бөлісу:
Қоғамның түрлі даму жолдары бар. Адамзат тарихынан тоталитаризм, демократия, анархизм тәрізді басқа да көптеген көріністерді жиі көруге болады. Бұлардың айырмашылығы неде? Түрлі қоғамдар қалай пайда болады? Қоғамның құлдырау себебі неде? Рухани жаңғыру барысында бізге қандай жолды таңдау керек? Бүгінгі өткінші дәуірде біз үшін бұл сұрақтардың маңызы үлкен.
Бұл сұрақтардың жауабын хакім Абай мұрасынан таба аламыз. Олардың жауабы әлемнің жалпы заңдылықтарымен тікелей байланысты екен.
Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде Алла тағала біртұтас және Оның бір көрінісі ғалам екенін білдіреді. «Ол «бiр» деген сөз Алла тағала ғаламның iшiнде, ғалам Алла тағаланың iшiнде», – дейдi ғұлама. Ғалам Алла тағаланың ішінде және ол ғаламды Алла тағаланың Өзі жаратқан болса, онда Жаратушы мен жаратылған – бір. Кемшіліксіз Алла тағала жаратқан бұл бірлікте, яғни бұл ғаламда ешқандай кінәрәт жоқ. Бүкіл болмыс өмірі шексіз үйлесімдік көрінісі. Қоршаған ортаға көңіл бөліп, ой жүйесінен өткізген адамның қайсысы болса да бұл ақиқатты көре алады.
Адамзат болмыстың бір бөлігі, ендеше оның өмірі де ешбір кемшіліксіз, үйлесімді болуы керек. Осылай Абай адамзат өмірінің үйлесімді және ешбір кемшілігі жоқ кемелді екеніне дәлел келтіргендей болады. Негізгі дәлел: адамзат – Алла тағала кемшіліксіз жаратқан болмыстың бір бөлігі. Бұл дау тудырмайтын ақиқат және кемелділік шарты. Бірақ, іс жүзінде барлығы керісінше. Адамзат қоғамы бұл үйлесімділіктен ауытқып, ол кемелділіктен айырылып жатады. Үлкен империялар құлдырап, ыдырап, ал адам өмірі қайғы-қасірет, зорлық-зомбылық, әділетсіздікке жиі ұшырайды.
Мұны қалай түсінуге болады? Үйлесімді болмыста осынша кемшіліктің болуы не себептен?
Әрине, бұлар өте маңызды сұрақтар. Болмыстың терең сырын қамтитын бұл күрделі сұрақтарлың жауабын Абай мұрасынан іздесек, таба аламыз.
Хакім Абай отыз сегізінші сөзінде адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығын және артықшылығын түсіндіре келіп, оған ерекше ақыл-ес пен ерік берілгенін жазады. Бұл ерекшеліктер басқа жан иелерінде жоқ. Адамға бұл артықшылықтар рухани жаңғыру арқылы өмірдің түпкі мақсатына жетуге берілген. Бірақ адам баласы осы артықшылығын дұрыс пайдалана алмай, кейде болмыс үйлесімділігін бұзады. Яғни, адамның қайғы-қасіреті оның өзінен!
Оның себебі неде? Неге өзіне берілген артықшылықты дұрыс пайдалана алмай, адам осынша қателіктер жібереді?
Абай ілімі бойынша, оның себебі адам болмысында жатыр. Данышпан өзінің қырық үшінші сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» дейді. Яғни, адам тән мен жаннан, яғни рухани және заттық болмыстан құралады. Жетінші сөзінде Абай осыған байланысты бұл екі болмыс жан құмары және тән құмарын тудыратынын жазады. Адамға бұл екеуі де керек. Біреуінсіз екіншісі өмір сүре алмайды. Бірақ екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар: құндылықтары екі басқа, тіпті қарама-қарсы, сондықтан олар үнемі бір-бірімен күресте. Адам өзін жанмен балағанда жан құмары әсер етіп, ол рухани биікке көтеріле алады. Ал тәнмен балағанда – оны тән құмары жеңіп, түрлі күнәлі істерге барып, хайуаннан да төмен құлдырап кетеді. Өзінің шығармаларында Абай өмірдің барлық көріністері мен қоғамдағы қайшылықтар себебі, міне осы жан құмары мен тән құмарының өзара үйлесімділігі мен олардың күресінде жатқанын көрсетеді.
Рухани болмыс мәңгілікті, білімге толы және ләззатты. Сондықтан жан құмарындағы адамның өмірі ауру-сырқаусыз, ұзақ; ой-өрісі болмыстың түпкі сырын түсінетін терең; өмірі қуанышқа толы және бақытты. Заттық болмыс, керісінше, – үнемі өзгерісте және уақытша; надандық пен қателіктің құрсауында; өмірі түрлі қиындықтар мен қасіретке толы. Сондықтан тән құмары нәпсіқұмарлыққа айналып, адамдар түрлі ауру-сырқаудың, ой-өрістің тарлығынан өмірі қысқа, әрі бақытсыз болып, тіршілік шырғалаңынан шыға алмай қалады. Яғни, жан құмары басқарғанда – адамзат қоғамы өркениет жолында, ал тән құмары басқарғанда – керісінше, оған қарама-қарсы, құлдырау жолына бет алады.
Адамдардың жан құмарын ұмытып, тән құмарына берілуінің себебі неде? Себебі өздерінің сана-сезімдерінің төмендігінен олар өздерін тәнмен балап, жан құмарын тән арқылы алғысы келеді. Жан тұншығып, нәпсіқұмарлық билеп кетеді. Бұдан шығу жолы – рухани жаңғыру жолы. Рухани жаңғыру арқылы сана-сезімді өсіріп, жанды тазартып, жүрек көзін ашу керек. Сонда ғана адам баласы жақсы мен жаманды айыра біліп, жетілу жолына бет бұрады.
Жан құмары мен тән құмарының өзара күресіне байланысты қоғам өмірінде екі жол пайда болады. Бірі – табиғи жол. Бұл жол – болмыспен үйлескен, жан құмары басқарған еркіндік жолы. Екіншісі – адамдар өздерінің ой өрісімен ойлап шығарған тән құмарына арналған жасанды жол. Бұл жол – қатаң тәртіпті керек қылатын, ерікті тежейтін жол. Адамзат қоғамы осы екі жолдың арасында және өркениеттің деңгейі, яғни рухани жаңғыруы, олардың үйлесімділігіне байланысты болады.
Сонымен, қоғамның негізі адам болғандықтан, оның өркендеуі, немесе құлдырауы да адам болмысынан шығатын екі жолға байланысты екен. Бұлар – еркіндік, немесе қатаң тәртіп жолдары.
Еркіндік – жан құмарын қандырудың негізгі шарты. Еркіндік – жан қасиеті, адамның үнемі ұмтылатын шексіз арманы. Адам үшін ол ең қымбат және ең үлкен құндылық. Сондықтан еркіндік үшін адам жанын пида етіп, түрлі әрекеттерге барады. Революция, не болмаса түрлі төңкерістер осының көріністері. Бұл көріністер – еркіндік шектелген қоғам сипаттары. Адамдар осылай түрлі наразылықтар мен көтеріліс арқылы еркіндікке қол жеткізеді. Демократия орнайды. Адамдар бостандық алып, жан күйзелісінен арылып, рухани жетілуге мүмкіндік алады.
Бірақ бұл уақытша құбылыс. Еркіндік алғаннан кейінгі адамдардың шаттығы ұзаққа бармайды. Өмір осыны көрсетіп отыр. Не себептен? Үлкен қиындықпен қол жеткізген осындай еркіндіктен кейін не себептен адам қайтадан күйзеліске ұшырайды?
Еркіндіктің күйзеліске ауысу себебі адам болмысының құпиялығында жатыр.
Бұл дүниеде еркіндіктің шегі болады. «Дүние» деген сөз араб тілінен еніп, заттық әлем дегенді білдіреді. Сондықтан дүние дегенде біз осы өзіміз өмір сүріп жатқан заттық әлемді айтамыз. Заттық әлем шектеулі болғандықтан, ондағы еріктің де шегі бар. Жан шексіз болса, онда оның еркіндігі де шексіз болуы керек. Олай болса адамның шексіз еркіндігі заттық әлемде қалай шектеулі болып қалады? Себебі адам баласы рухани надандығынан өзінің рухани болмысын ұмытып, өзін тән ретінде қабылдайды. Сондықтан, ол бостандық алған соң, өмірдің қызығын тек қана тән арқылы алуға ұмтылады. Осылай ол дүниенің ықпалына түсіп қалады. Ал заттық дүниенің қасиеті бізге белгілі. Заттық дүниенің қасиеті – уақытша, надандыққа толы қысқа өмір. Осылай адамды тән құмары билейді, бүкіл қоғам заттық дүниенің ықпалына түсіп, тәртіп жойылып, оның орнына хаос орнайды. Еркіндікті дұрыс пайдаланбай, тән құмары үшін қолданғанда осылай еркіндік өзінің кері нәтижесін береді. Адамдардың еркіндігі анархияға айналып, өзінің алғашқы нәтижесінен айырылып қалады. Анархия дегеніміз адамдарды еш нәрсеге мәжбүрлемеу, қарым-қатынастың еркіндігіне негізделген, басқарусыз шынайы қоғамдық тәртіп орнату. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай түсінік адамның тән құмарын ескермейді. Сондықтан, анархия жүйесі – іске аспайтын утопия. Себебі, жан құмары мен тән құмарын дұрыс түсініп, оларды үйлесімге келтірмесе, өмірдің шырқы кетіп, қоғам бейберекет болады.
Мұндай көріністі барлық төңкеріс, революциядан кейінгі жағдайдан көруге болады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тоқсаныншы жылдары елімізде болған жағдайлар бұған жақсы дәлел. Тәртіп әлсіреп, еркіндік алған түрлі топтар қоғам байлығын талан-таражға салды. Елде зорлық-зомбылық, рэкет тәрізді түрлі бассыздықтар ұлғайып, адамдар күйзеліске ұшырады. Мұндай жағдайға біздің ел ғана емес, Кеңес Одағы ыдырап, еркіндік алған елдердің барлығы тап болды. Республикалардың экономикасы құлдырап, ел быт-шыт болды. Кейбір елдер сол кездегі экономикасын бүгінгі күнге дейін қалпына келтіре алмай отыр. Қылмысты тоқтататын қатаң тәртіптің маңызын ел осы кезде түсінген тәрізді. Мұндай жағдай – Кеңес Одағы құрылуының алғашқы жылдарында да болды. Революциядан кейін бұрынғы жүйе жойылып, анархия орнады. Қылмыскерлер көбейіп, елдің бейберекеті шықты. Елде тәртіп орнату керек болды. Бұл жағдай коммунистерді 1918-1922 жылдары «Қызыл террор» деп аталған күрес ұйымдастыруға мәжбүр етті. Ревоюция жауларын ауыздықтап, қоғамды бір қалыпқа келтіру үшін олар осындай қатаң шараларға барған еді. Сонымен, еркіндік қатаң тәртіпсіз дұрыс нәтиже бере алмайды.
Қатаң тәртіп – қоғамды реттеп, жүйелеу жолы. Рухани жаңғыру үшін жан құмарына ерік беріп, тән құмарын шектей білу керек. Тән құмарын қатаң тәртіп арқылы ғана шектеуге болады. Қатаң тәртіпті тоталитарлық әдіспен орнатуға болады. Бірақ, бұл әдістің, яғни қатаң тәртіп орнатудың да өз шегі бар. Бұл әдісте негізгі қозғаушы күш – қорқыныш. Қоғамды бір жүйеге келтіруде бұл жол әуелде өте тиімді. Бірақ өте үлкен кемшілігі бар: ерікті шектеп, адамның рухын тұншықтырады. Тоталитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен конституциялық құқықтары жойылады, оппозиция мен өзге саяси ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшыратылады. Ой еркіндігі жойылып, жан күйзеліске ұшырайды. Адамдар рухани және заттық күйзеліске ұшырап, ар-намыс, қайрат-жігерден айрылып, қой мінезді болып кетеді. Нәпсіқұмарлың күш алады, сондықтан қоғамда әділеттік аяққа басылып, коррупция, жемқорлық ұлғайып, мемлекет құлдырау жолына түседі. Тоталитарлық жүйені жеке адамдар, не болмаса белгілі бір партия басқарады. Бүкіл халықты өзіне толық бағындырып, шексіз билікке жеткен ондай адамдар өз қамын ғана ойлап, адамгершілік қасиеттерден айрылады. Бүкіл ел азып-тозып, рухани құлдырау жолына түседі. Осылай автократтық жүйе орнап, олар тиранға айналады. Мұндай ел басылар өздерінің, не болмаса отбасының билігін орнатып, елде тоталитарлық тәртіп орнатады. Өзінің мінген сүйікті атын Инцитатаны консул етіп тағайындаған Римнің императоры Калигула бұған жақсы мысал болады. Тағы бір мысал өткендегі Кеңес Одағы. Әлемдегі құдіретті тоталитарлық мемлекет жетпіс жылдай ғана өмір сүріп жылдам ыдырап кетті.
Қатаң тәртіпті қалай сақтауға болады? Біздің елде тәртіп орнату, әсіресе коррупцияны жеңу үшін үлкен күш жұмсалып отыр. Бірақ нәтиже жоқ. Коррупция жеңілудің орнына күннен-күнге күш алып, бүгінгі күндері бүкіл қоғамды жаулап алды. Қатаң тәртіп орнатудың қандай жолы бар? Ол үшін моратория жарияланған ең ауыр жазаны – өлім жазасын, қайта қалпына келтіру керек. Өлім – ең үлкен қорқыныш. Бұл табиғи заңдылық. Егер адам осы заңдылықтан қорқатын болса, онда ол ең ауыр қылмысқа ешуақытта бармайды. Бүгінгі күндері үлкен басшылар миллиондаған ақшаны қалтасына басып, түрмеге түсіп жатыр. Бірақ олар біраз жылдан кейін ақшаның күшімен тез құтылып кететінін жақсы біледі. Коррупция жайлаған біздің заманда қандай жазадан болса да құтылуға болатынын олар жақсы біледі. Өлім жазасы болмағандықтан, олар ештеңеден қорықпайды. Соларды көріп, үлгі алған қарапайым халық сондай болуға, соларға ұмтылады. Қоғамдағы коррупция, парақорлық етек алғаны соншалықты, қарапайым адамға бұл құбылыс сорақы емес, үйреншікті тәрізді. Халық бұл құбылысқа әбден көнді. Мұндай жолмен коррупцияны жеңу мүмкін емес. Жеңу жолы – қатаң тәртіп. Басқа жол жоқ. Келешегі жоқ мұндай жолдан шығу үшін халық рухани жаңғыру арқылы жүрек көзін ашып, ұйқыдан оянып, билікті өз қолына алуы керек.
АҚШ, Германия, Жапония тәрізді елдерде қатаң тәртіп орнаған. Бұлардың осындай жедел жетілулерінің себебі неде? Себебі, бұл елдерде толық еркіндік бар, сонымен бірге қатаң тәртіп орнатылған. Әділетті аяққа басқандар өте қатаң жазаға тартылады. Осылай адамның рухани жаңғыруына жақсы жағдай жасалған. Яғни, демократия жақсы дамыған.
Демократия жолы – тығырықтан шығудың ең тиімді жолы. Жан құмары мен тән құмарынан шығатын еркіндік пен қатаң тәртіп – қоғам өмірінің екі бастауы. Қоғамның рухани жаңғыруының сәттілігі осы екі бастаудың өзара үйлесімділігіне байланысты. Бұлар құстың екі қанаты тәрізді. Егер құстың бір қанаты әлсіресе, ол ұшқан бағытынан ауытқып кетуі мүмкін. Сол сияқты бұл екі бастаудың бірі әлсіресе қоғам өмірі үйлеспей, бейберекет болып, өркениет жолынан шығып кетеді. Демократия дегеніміз – адам еркіндігі мен қатаң тәртіптің үйлесімділігі. Осылай тән құмары мен жан құмарын өзара үйлестіру арқылы қоғамды өркениеттің сара жолына салуға болады.
Мемлекеттің даму дәрежесі осы үйлесімділіктің деңгейіне байланысты.
Демократия еркіндік пен қатаң тәртіптің, яғни анархия мен тоталитаризмнің арасындағы нүкте дейтін болсақ, осы нүктенің қай жаққа ауытқуына байланысты қоғам өмірі өзгеріп отырады. Егер нүкте тең ортада жатса, ондай демократия өзінің шыңына жетіп, қоғам өркениеттің сара жолында. Бұл қоғам өмірінің ең тиімді шағы. Бірақ уақыт ықпалымен бұл нүктенің орны бір орында тұрмай, бірде олай, бірде бұлай болып, құбылып отырады. Нүкте еркіндік жағына ауытқығанда, қоғамда тәртіп әлсіреп, анархия күш алып кетеді. Осылай еркіндік басым болып, демократия анархияға айналады. Ал нүкте қатаң тәртіп жағына ауытқығанда, тәртіп ерікті тұншықтырып, қоғам тоталитарлық бағыт алып, демократия тоталитаризмге айналады. Осылай қоғам өмірінің қандай көрінісі болса да осы нүктенің, яғни демократия деңгеймен бағалауға болады. Демократия деңгейі – қоғам айнасы.
Сонымен, қоғам өмірін басқаруда тиімді негізгі жол – демократиялық жол. Демократия – еркіндік. Бірақ қатаң тәртіп аясындағы еркіндік. Демократиялық елде еркіндік пен қатаң тәртіп үйлесімді болуы керек. Үйлесімділік жойылғанда елдің берекесі кетеді.
Еркіндік пен қатаң тәртіптің үйлесімділігі мемлекетке ғана емес, қоғамның отбасы, туған-туыстар тәрізді басқа да бөліктеріне керек. Сондықтан демократия тәртібін отбасында, жақын туыстар, дос-жарандар арасындағы қарым-қатынаста да бірдей қолдануға болады. Себебі, адамдардың қарым-қатынасы жан құмары мен тән құмарының өзара үйлесімділігіне байланысты. Адамдар арасында дұрыс қарым-қатынас болу үшін еркіндік қана емес, сонымен бірге, белгілі бір тәртіп болу керек. Бұрынғы заманда бұл тәртіп әдет-ғұрып арқылы сақталып отырған. Қазіргі заманда халықтың салт-дәстүрі ұмытыла бастады, сондықтан демократия қағидаларын қолдану керек. Бұл жолды кеңінен зерттеп, халыққа жеткізу саяси-әлеуметтік ғылымдардың міндеті.
Осылай Абай мұрасынан демократияның негізін табамыз.
Енді осы айтылғандардың өмірдегі көріністеріне тоқталайық.
Тоталитарлық жүйенің іске асуы үшін бүкіл халық қолдайтын өте жоғары идея (Кеңес Одағындағы коммунизм идеясы тәрізді) және соған шабыттандырып елді біріктіретін адам керек. Жоғары идеямен шабыттанған халық қиыншылықтарға төзіп, қоғам тез арада өркениеттің алғы шебіне шыға алады. Қатаң тәртіп еш қиыншылықсыз орнайды. Бірақ жан құмары шектелгендіктен, рухани суаттан айырылған мұндай қоғам өзінің белгілі бір деңгейінен аса алмайды. Еркінен айырылған адам намыс-жігерден жұрдай болып, жүнжіп, айдағанға көнгіш қой тәрізді болады. Олар туралы Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дейді. Бір сөзбен айтқанда, тобырға айналады. Осындай көріністі бүгінгі тоталитарлық Түркменстан мен Солтүстік Корея ғана емес, өзіміздің елден де көріп отырмыз. Солтүстік және Оңтүстік Кореяның екеуінде де болған бір адам «Тоталитарлық Солтүстік Кореяда көшеде полициядан аяқ алып жүре алмайсың, ал демократиялық Оңтүстік Кореяда полицейді ізеп таба алмайсың» деп таң қалады. Демократия орнаған елде құқық сақтайтын органдар әділетке қызмет етеді және олардың саны тоталитарлық елмен салыстырғанда өте азғана.
Сонымен, ең тиімді жүйе – демократия. Мұндай қоғамда ел басқарушы адамның рөлі өте үлкен. «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» дейді Абай. «Кемел» арабтың «әл инсан әл камил» деген сөзіндегі «кемел адам» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл сөздің қандай жоғары мәні барын көреміз. Кемел адам – кемшілігі жоқ толық адам. Ондай адамдар сирек кездеседі. Көп шуылдақты, яғни көпшілікті осындай адамдар басқарғанда қоғамда еркіндік пен тәртіп үйлесімге келеді. Түркияны Кемал Ататүрік, АҚШ-ты Дж.Вашингтон тәрізді осындай адамдар демократия орнатып, өркениет жолына салған. Қазіргі заманда Түркия түрік елдерінің, ал АҚШ бүкіл дүниежүзі елдерінің алдыңғы сабында. Мұндай қоғамды Абай «Жағасы жайлау ол бір көл» деп бағалайды. Кемел басшы халықтың алдында жүреді.
Данышпан Абай кемел басшының қоғам өміріндегі рөлін былай деп жоғары бағалайды.
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Көпшілік қауым кемел басшыға ереді, оны үлгі тұтып, теңелуге ұмтылады. Басшы қатаң, әрі әділ, ең бастысы – жаны таза абзал адам болуы керек. Мақсаты – алға ұмтылып, елді соңына ерту. Егер артына қарайлап, тобырдың көңілін аулап, оның сойылын соқса, қоғамдағы озбырлар күш алып, ел іші іріп-шіріп, құлдырау жолына түседі. Ал басшының өзі адамгершілік қағидаларын бұзып, қылмыс істерге барса, ондай қоғамның рухани жетілуі қиынның қиыны, тіпті мүмкін емес. Көпшілік қауымның сана-сезімі тән деңгейінде. Сондықтан ондай көпшілікті «...көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп түсіндіреді Абай.
Адамзат тарихында кемел адамның қоғамға әсері туралы көптеген мысалдар бар. Олардың ең алдында пайғамбарлар мен әулиелер тұр. Мұндай адамдарды Абай отыз сегізінші сөзінде адамзаттың ұстаздары деп бағалайды. Олардың өмірі ерекше. Олар өздерінің жан тазалығы арқасында қарапайым адамды өзіне сендіріп, соңына ерте білді. Көпшілік қауым үлгі алатын нысана, ұмтылатын деңгей, жол көрсететін шамшырақ болды. Осылай діннің негізі қаланып, бүкіл адамзат жаңа рухани деңгейге көтеріліп отырды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам дінін таратып адамзатты рухани жаңа деңгейге көтерсе, ал әулие Мүсірәлі Тәуке хан тұсында өзінің рухани қуатымен қазақ халқын еркіндік жолына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берді.
Өкінішке орай, бүгінгі күндері жоғары идея мен соған сәйкес басшы адамның табылуы өте қиын. Өмір осыны көрсетіп отыр. Біріншіден, рухани жағдайы жұтау, өркениеті жетілмеген мемлекетте халық ешбір жоғары идеяны қабылдай алмайды. Екіншіден, қазіргі қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты халыққа үлгі болатын, адамгершілігі жоғары, елге кіршіксіз қызмет ететін таза адамның табылуы өте қиын. Қандай адал басшы болса да уақыт ықпалымен оны кезінде жеке басының қамы жеңіп, тура жолдан ауытқып кететінін өмір өзі көрсетіп отыр. Мұндай басшылар халық қолдауынан айырылады. Халықтың наразылығы туып, қоғам одан да төмен құлдырайды.
Сонымен, Абай ілімінен рухани жаңғыру жүйесін көреміз. Ол жүйе – демократия. Өркениеттің теориялық негізі – тәртіп пен еркіндіктің үйлесімділігі. Демократия дегеніміз, міне, осы. Тек қана демократиялық елде ғана әркім өзін еркін сезінеді, өмірі бақытты болады.
Сөз соңында, демократияның бір көрінісі – ислам діні десек те болады. Ислам дінінде адамға толық еркіндік беріледі, бірақ дін жолын бұзғандар қатаң жазаға тартылады. Ислам дінінде адамның өмірі бір жүйеге келтірілген және қатаң тәртіп бар. Бұл рухани жаңғыру шарты. Бүгінгі күндері ислам дінінің бүкіл дүние жүзіне кеңінен жайыла бастағаны осының бір дәлелі болса керек. Осыған орай, тіпті кейінгі кездері «Еуропаның түсі өзгеріп бара жатыр» деген қағида пайда болды.
Демократия дегеніміз – еркіндік пен қатаң тәртіптің үйлесімділігі.
Сурет ғаламтордан алынды
Бөлісу: