Данияр Әлімқұл. Көзiмiзден бүрлесiн сезiм-гүлдер
Бөлісу:
Пейзаж
Қағысын қанатының жиілетіп,
Қызыл іңір қонақтап қалды қырға,
Қас қарайып қалғаннан күйі кетіп,
Дидарын дала тегіс малды мұңға.
Айнала алабұртып өз алдына,
Қараңғы құшағында булығады.
Тау жатыр келітіріп көз алдыңа:
Бүк түскен Баһадүрді дулығалы
Еркінсіп ен далада қара тұман,
Торлады төңіректі түн ұрланып.
Маң дала қою сағым арасынан,
Қарайды қабақ шытып, қыңырланып.
Сам жамырап байыды қара кезең,
Самала нұр сейіліп қабағында.
Жыландай ирелеңдеп барады өзен,
Түйе-өркеш таулардың табанында.
Табиғат тылсымына жатыр бөлеп,
Қалмассың қарағанда шын ұғынбай.
Аспанда жартыкеш ай нәті бөлек,
Көрінер күміс теңге сынығындай.
2010 ж.
Жол қарау
Өткір сөзім өлгенде тіл ұшында,
Мен келемін жан сұлық-тірі сұлба.
Мыңқ етпейтін минуттар арасымен,
Селт еткізер сәттердің бұрышында.
«Мен келемін» деген бір кез есімде,
Сен келесің ой опат сезесің бе?
Бар болмайтын үміттер арасымен,
Жоқ болатын елестер мезетінде.
Шақыратын жолдардын ерегі ме?
Мен келемін! Келудің керегі не?
Аласарған армандар биігімен,
Шөгіп қалған ойлардын тереңінде.
Маңай жылжып, маң тоқтап, маң бұрыла.
Мен келемін мамырлап Жан нұрына,
Өміріме өкпелеп қалғаныммен,
Өлеңіме, өзіңе,тағдырыма.
Көктемгі романс
Мезгiлдердiң арасы жырақ неткен,
Былтыр күзде бiз едiк жылап кеткен.
Көзiмiзден бүрлесiн сезiм-гүлдер,
Құстардың қанатынан құлап көктем.
Жанымыз бен Жанымыз жұптала ма?
Бiлмеймiн. Көктем кептi. Шық далаға!
Қарасаңшы алғашқы Көктемiңе,
Қарашалар үлгермей, сұқтанарда.
Төзiмдердiң талықсып, шерi: кел деп,
Сезiмдердiң тасқынды сеңi меңдеп.
Таныстырам мен сенi Көктемменен,
Табыстырар менi де Сенiмен деп.
Көзжасым
Келмедім... басым сұлық,
Келмейді тілім түнге.
Жанымның жасын сығып,
Бір гүлді тірілтуге.
Келмедім...жол құрып ем,
Ұқсайды түрім Түнге.
Он гүлді солдырып ем,
Бір гүлді тірілтуге.
Келмедім... у ішіп ем,
Келмеумен болған күндер.
Көзімнен су ішіңдер.
Көзімде солған гүлдер.
Келмедім... қорғанғам сол:
Кірпікте жас тоңатын,
Гүліне қонғаннан соң,
Көбелек мас болатын.
Келмедім... болып кеткем,
Көктемнің кесірін бер.
Түндерде солып кеткен
Гүлдерім кешіріңдер!..
Әлем
Тар шеңберде – мұң шеруі,
Мұң шеруде – жасық жыр.
Қарашықтан құтыла алмай,
Қарашыққа қашып жүр.
Тар шеңберде – жалғыз нүкте,
Жалғыз нүкте – түн көзі.
Мұңға мені шақырады,
Шақырады кімді өзі?!.
Көз ұшында – түн сөнуі,
Көз ішінде – бар сеңдер.
Жасық жырда – мұң шеруі,
Мұң шеруде – тар шеңбер.
«Уақытшамен» жүр қатталып,
Әттең, шеңбер – ғайып әлем.
Әлдекіммен сырқаттанып,
Әлде қашан айығар ем.
Айығар ем – түн қонады,
Қалқып ауып – жаңбыр ірі.
Тар шеңберде – гүл тоңады:
Қалтырауық... (Жан дірілі)
Шеңбер іші – сұлу мұңы,
Сұлу мұңы – жас мөлдір.
Мөлдір мұңның сұлулығы:
Жалғыз ақын мас боп жүр.
Бұл өлке... күбірлі... Һәм қызық...
Сананы сарсаңға салғызып,
Жалқылық жүрекке жылыстар.
Азырақ азынап жалғыздық,
Бөлмеде бөтен бір дыбыс бар.
Бастаған секілді жел есе,
Біресе сыңсиды сыңғыр Мән.
Жылауық жаңбыр ма? Немесе
Гүлдердің даусы ма шыңғырған?
Естиімін тылсымдар тасырын,
Құйылған ауаға науамен.
Ол неге жұмбақтау... жасырын,
Бөлмеде бір дыбыс, бар әуен...
Тосудан жалықтым нақ үнін,
Таппадым Саздардан шын ілік?
«Күт, иә...» дейді ме САБЫРым
Құпия тозаңын сіміріп?..
Бұл өлке... күбірлі... Һәм қызық...
Көлеңке ілулі бұрыштар.
Азырақ азынап жалғыздық,
Бөлмеде бөтен бір дыбыс бар.
***
Сәттерге тәу етем көп,
Сәттерде түн өксіген.
Қайтадан тәуекел деп,...
Қайтадан жүрексінем.
Санада сезік бөтен,
Сезікке құныққам көп.
Мұңымнан безіп кетем,
Мұңыма кіріптар боп.
Кешкенде кіл Ой анық,
Ескендей тамшы лебі.
Көзімде түн оянып,
Көзіме таң сіңеді.
Көзілмеу – шығар ұқсақ,
Түндерді жіті бағу.
Өлеңмен шығарып сап,
Өлеңмен күтіп алу.
Жолдарға бір із бекіп,
Жолшыбай қаймана мұң.
Үмітке Бақ іздетіп,
Үмітке айналамын.
Үмітте ызың бүрлей,
Қонады қайтадан Бақ,
Ертең түн бүгінгідей,
Дәстүрмен қайталанбақ.
Бөлісу: