Кәкен Қамзин. Рольдер мен орындаушылар

Бөлісу:

14.08.2019 4427

(әңгіме)

Ұзын арқан, кең тұсаумен үш жыл жүріп, аудан ПМК-сы Жосалының Мәдениет үйін өліп-талып зорға бітірді. Осы қызыл көзден құтылдық па, құтылмадық па дегендей анау-мынау ақау-сақауды бүтіндер-бүтіндеместен әккі құрылысшылар басқа объектіге үдере көшті. Қабылдау актісіне алдын ала қол қойып жіберген колхоз дәт деді де қалды. Бірақ ел соған да разы. Оларға не керек – сырт пішіні келіссе болғаны, қауқиып тұрса жетті де. Қой мінезді ел емес пе, әйтеуір, барға тоқ. Колхоз басқармасы да кеңпейіл. Дүние-мүлік, керек-жарақтан, музыка аспабынан, реквизиттен қаржы аяп жатқан ол жоқ. Тапқаныңды сатып ала бер. Тіпті ескі киноаппараттарды менсінбей жаңасын талап етіп еді, ол да орындалды. Оны-мұны емес, кең экранды фильм көрсетуге қауқары бар су жаңа төрт қондырғыны аудан кинофикациясының директоры өз машинасымен алып келіп тастады. Жоғары оқу орнына кеткен үрпек бастың орнына жаңа киномеханик қабылданды. Қысқасы, бәрі жаңаланып шыға келді. Түсінген адамға осы сияпаттың өзі неге татиды?! Өзіңіз ойлаңызшы, телевизордың шап-шағын экранынан атам заманғы фильмді талшық еткен қандай, я күн сайын жұмсақ орындықта шалқая отырып түрлі-түсті жаңа картина көрген қандай. Оның үстіне халықаралық фестивальдарда бәйге алған картина болса. Оны телевизордан жуықпанда көре алмайсың. Кейбір киноны қайталап көргің келеді, оныңа да құлдық. Көп болып жаз өтінішіңді, аудандық кинопрокат екі-үш жетінің ішінде орындап тынады.

Рас, Жиынбек айтпақшы, Армстронг айға қонғандай дүмпулі оқиға болмаса да, түймедейді оқта-текте түйедей қылуға не болмасын, әбден болады. Міне-міне, жөн сөз. Ғаламатизм бәрімізді әбден тойдырып бітті, жұрт байқұстың еті өліп кетті. Дақ қазір ұшпалы табақ кеңсе алдына қоныпты десең де ешкім тұра жүгірмейді. Барғысы келсе, шәй-суын ішіп, асықпай-аптықпай, сабыр сақтай барады. Онда да кежегесі кейін тартпаса. Ал, құмырсқаның жүріп кеткеніндей ұсақ-түйекке құлақтарын елеңдетіп, құмартып отырғандары. Пигмейлер ұлыға, алыптар аласаға бас иеді. Сол неліктен екен, ә? Бәріне жер шалғайлығы, жылы қолтықтан алыстық кінәлі шығар. Өзіңнің отты ортадан аулақтығың және бар. Алыстағы асылдан іргедегі мыс артық. Оған қоса алақан ұрар дөй шаруа Есалыдан тым жырақта тынып жатады. Оған сенің – барыңнан да жоғың. Ал, мыналар ма, мыналар – бүйіріңде, өз қасыңнан ұзамайды. Өз туысыңдай, іш тартып, бауырымдап тұрғаның. Сондықтан біздің жамағат «Жосалының жаман иті жеңіліп жатса да қан қысымың көтеріледі» жеген Жиынбектің дуалы сөзін мәрмәр тақтаға қашап қоюға да бейіл.

Осы күні Жосалыда не жоқ дейсің. Кірсе шыққысыз кітапханасы, таяуда техникум тауысып келген соның меңгерушісі – үлпершектей қыз қандай! Ақ халаттай емхана мен үріп ауызға салғандай дәрігер періште ше? Бәрін айт та бірін айт, әсіресе ауыл ортасына зәкір тастаған ақ кемедей су жаңа Мәдениет үйін айт...

Кешелі-бүгін бір топ жігітті соның қасына байлап қойған ба дерсің. Шымылдық құрысып, аппараттарды орнатысып, керегеден проекциялық тесік ойып – жандары қалмай жүргені. Әскер киномеханик қара жұмысқа араласпай, нұсқауларын шетте тұрып береді. Қол астындағылар оның әр сөзін бұлжытпай орындап, лыпың қағады. Асырмай айтсақ, Әскер тап қазір көне Париждегі ағайынды Люмьерлердің күйін кешіп тұр. Чарли Чаплинше зыр қаққан жігіттер ананы әпер, мынаны тартпен әп-сәтте аппарат бөлмесін әктеп, электроприборларды орын-орнына қойып шықты. Өздерінің ісіне өздері сүйсіне қарады. Серпантиндей шұбатылған он табақ пленканы мына мылқау қондырғылар зыр айналдыратынын жақсы білсе де әзірге сенімі босаң. Жазатайым жүрмей қалар, бірдеңесін бірдеңе клеммаға дұрыс жалғамаған шығармыз деп іштей күманданады. Кейбіреулер осы күдікті сейілту үшін ине-жіптен жаңа шыққан аппараттарды бұрап көрді. Бірақ бәрі орнында, бәрі сызба бойынша жасалған. Сызбадан қате іздеп не көрініпті бұларға.

Жігіт-желең көйлек-көншегін шертіп-қағып тұрған Әскерге жалтақтай қарады. Бір-біріне сайма-сай сияқты. Киноқондырғы Әскер үшін, Әскер кино қою үшін жаралған дерсің. Бәрі осы ойды іштей құп алды. Бәрі темекілерін сыртқа шығып тартты. Әлгінде ғана сәнделген аппаратхананы ыстап қайтсін. Мәдениеттен біздің де хабарымыз бар дегендей «дұрыс қой, иә-иәлап» шықты. Ана-мынаны сөз қылды, ауа райының жайсыз екеніне де бірі қалмай қапаланып алды. Осындай қысыр әңгіменің арты жұрттың көкейіндегісімен бітетіндігін сезген жігіттердің бірі:

- Атап өтпейміз бе? Бұл да бір шаңырақтың түтін түтетуі, біле-білсеңдер! – деп тар жағасынан сүңгуір қайық перископындай шығып тұрған мойнын шайқақтатты.

- Қой, әрі, есің дұрыс па? Бұл мәдениет ошағы, ашылып жатқан ресторан емес қой, түсіну керек! – оның ұсынысын көпшілік жаратпай тастады. Ұсыныс айту менің парызым, қабылдау-қабылдамау сендердің міндетің деп, әлгі жігіт универмаг құрылысын жүргізіушілерге қарай тартты. Қалғандары түрлі-түсті слайдтарды, жарнама плакаттарын, сән-сәнімен түсірілген суреттерді қолдан қолға көшірді. Өмір бойы әлпештеп өтерлік киноактрисалардың бейнелеріне таңдай қақты. Мына, қастарында тұрған Әскер сол қыз-келіншектермен тонның ішкі бауындай болғандай қызғана да сүйсіне қарады. Көзді ала бере Әшімхан қуың бірер суретті жымқырып кетпекші еді, Әскерің қырағы екен, түстеп санап темір қобдишаға салып қойды. Үрпек бас киномеханикте бұның бірі жоқ болатын, үзіп-жырып киносын қоюдан, сонан соң магазин жағалаудан аса алмайтын.

Біраздан кейін біткен істің қасына Сәулетқан бригадир келді. Өз қадірін дәл білетін адам емес пе, алшаң-алшаң басып арлы-берлі жүрді. Пластмасса сапты бұрауышпен электр приборларын, пленкаорағыш ұршықты түртіп көрді. Кешкі сеансқа келсем бе екен, келмесем бе екен деп жігіттерге қарады.

- Қызыл лента мен қайшы, оркестр керек емес пе? – деді Әскер тұрып.

- Ниетің түзік болса, бейіліңе құлдық. Бірақ дарылдақ салтанатқа ежелден жаным қас.

Әдет әдет емес, әдеп – әдет. – Сәулетхан бобигіне қарғып мінді, кабина есігін жаппай тұрып: - Әне күні сайлауда Жиынбектен басқаларың менің кандидатурама қарсы боп еңдер. Әлі бәрін жаңартам. Таяу күндері шаштараз бен етікші, ісмер тігінші әкелеміз. Әлеуметтік жаңғыруды тұрмыс қажетін өтеуден бастаймыз. Директивалық құжаттарда халықтың әл-ауқатын арттыру шаралары нақтылы көрсетілген, Солай, жігіттер! – деді.

- Сізге орынды алдыңғы қатардан сайлайық па? – Әскер және сүйкеніп көріп еді, көшелі басшы ондай ұсақ-түйекті қайтсін, Сәулетхан бұрылып та қарамады.

- Қап, әнеу күні осыған иттік жасаппыз. Өзі бір алтын асықтай жігіт. Жиынбектердің көзі көргіш-ақ. Әттең, Жиынбектерге тізгін тисе, асығымыз алшысынан айнымас еді. Сәулетхан да адамым-ақ! Айтпақшы, осы сен емес пе ең, бұл доңыздың тоңына қанжар бойламайды деген.

- Ал, айттым! Өз ролін қатырып орындайтын тип деген сен бе, мен бе, а? Құлатайық деп құлшынып шыққан кім екен?

- Солай-ақ болсын, достым, доғарайық қысыр әңгімені. – Жанахмет ымыраға көшті.

- Көзқарасымыздың әрқалай болуына байланысты айтысты әрі қарай жалғастырудың еш реті жоқ. – Әшімхан да бейбіт рай танытты.

- Ойбай, әрі қарай, әрі қарай! Тоқтамаңдар! Табиғи, тастай! Кешегі репетицияда сөйлете алмай қор боп ем. Тап қазір үстінен түстіңдер! Образға кірдіңдер!

Екі жігіт Марсель Паньольдың «Топазындағы» репликаларды дәлме-дәл қайталап тұрғанын енді аңғарды, Апырмау, мына өзіміздің тіршілік те айна-қатесіз драма екен-ау деп жағаларын ұстады. Режиссер жігіт риза болғанын жасыра алмай көкқұтанша қалбаңдай берді.

- Кеше түк шықпайды деген кім? Айдаладағы французды қайтеміз деп шулаған кім?

Ойнай алмаймыз деп қиғылық салған кім? Әлі-ақ бағаларың шанельдей аспанға атылып шығады. Француздар сын-сипатын білу үшін француз өмірін көру керек, зерттеу керек. Сол үшін мен француз фильміне тапсырыс бергем. «Фаңфаң-қызғалдақ». Ескі фильм боса қайтеді, тап осы картинадан француз иісі шығады, Франция рухы анық сезіледі. Бірің қалмай кеңдер. Бүгінгі күнді өткеннен іздейік. Содан бастайық. Несін айта берем, менің Флоберім айтқандай, әрқашан өнерге бас иейік, ол халықтан да, тәж киген патшадан да жоғары. Мен дүниені өзгертер күш өнер деп білем. Ал, өнерлі адам – романтик! Қоғамның қозғаушы тетігі, тіпті революционер!

Әскер гуашь әкеліп, үстелдің бетіндей кенепке бүгінгі киноның аты-жөнін жазуға кірісті. Онысы ликбез шәкірттерінің шимайындай бірі ойға, бірі қырға кетті.

- Осы қанша тырыссам да әдемі жазуды үйрене алмай-ақ қойдым. Каллиграфиям нашар! – деп қолындағы қылқаламды бояулы шелекке атып ұрды. – Өндіріс мәдениеті деген болу керек. Кейбір білгіштер адамның мінез-құлқын жазуына қарай ажыратады екен. Сұлу жазу да – өнер.

- Онда қайта жазайық. Осы ауылдың мейрам ұрандарын мен жазып жүрмін, - деп Әшімхан мұртын жыбырлатты. Білегін сыбанып жіберіп машықты қаріптерді қоңыр кенепке тізе бастады.

- Әй, тоқта-тоқта. Бұл саған жасасын жазу емес. Мұның стилі басқа. Сен мүсінді қыздарды талай көрген шығарсың? Көрсең, тап солардың жүрісіндей етіп жаз. Ал, мына кердеңбай қаріптеріңнің көзін құрт! – деп Әскер бес саусағымен жаңа жазудың нобайын сызды. Жанахмет те «Пегас» сигаретімен өзінше бірдеңені бөлектегенсіді. Әшімхан оны да көп-көрім меңгерген боп шықты. Самарқан өрнектеріндей үзілген әріптерге барлығы жабыла қарады. Әшімхан қолынан шыққан кенепке Ренуар полотносындай сұқтана қарады.

- Соңынан би болады деп жаз. Қайсыңда «Баккара», «АББА», «Уақыт машинасы», «Шыңғыс хан», немесе жапон, француз эстрадасы бар. Карел Готтың да жарап жатыр. Әзірге бұл шіркінді бастау қиын. Сонан соң мен дискотека ұйымдастырамын. Венаны сызылтамыз, Латын Америкасын азынатамыз, роктың ауырын да, жеңілін де боздатамыз. Қазір поштаға барып, ауданға хабарлайын. Барлығы сақадай сай деп бастықтарға баяндайын, - деп Әскер қия тартып кетті. Қызыл фескасын түзеп киген Әшімхан қалғандарына қарап:

- Мына мұғалімдерге бірдеңе көрінейін деген шығар. Оқушыларды кешкі сеансқа жібермейтін бопты. Жат жұрттың фильмі жас жеткіншекке дұрыс тәрбие бермейтін көрінеді. Тек комсомол мүшелерінің ішіндегі ұстамдыларын жібереміз деп педкеңес шешім қабылдапты, - деді.

- Е-е, оны қайдан білдің? Жібермесе жібермесін. Оған кімнің қай жері қисаяды! – деп Жанахмет шырт түкірді.

- Әй, осы екі аттам жерді көрмейсіздер. «Болашақ – жастардыкі» деп күнде қақсаймыз. Осы ауылдың тең жартысы оқушы. Олар келмесе, жоспар қалай орындалады? Бұл, әлбетте, аяқтан шалу. Саботаж. Зарлап жүріп мәдениет үйін салғыздық, енді оны толтыра алмасақ, жоғары жақтың бетіне қалай қараймыз? Мен газетке фельетон жазамын. Өзің облыстық Кеңестің депутатысың, сен де қолыңды қой. Өтімді болсын, салмақтырақ шықсын. Қолыңды тап қазір қой, әйтпесе сен ауылда бүгін барсың – ертең жоқсың. – Әшімхан қалтасынан төрт бүктелген таза қағаз алып Жанахметке әдейі ұсынды.

- Қой ары, бұл бәтуаңда мен жоқпын. Кеше ғана өзіме «а» мен «б» үйреткен, көзімді ашқан ұстаздарымды кәйтіп жереге қаратамын. – Жанахмет ат-тонын ала қашты. Әшімхан иығын қозғады да қойды. Жанахметті қолтықтай аялдамаға қарай тартты. Осы қазір ауданнан автобус келмек. Әшімхан қалтасынан барбарис кәмпитін шығарып Жанахметке ұсынып еді, ол тәттіге жоқпын деп басын шайқады. Әшімханның осымен екінші қабат меселі қайтты, бірақ оны елеп-ескерген ол ма. Жанахмет «Пегасын» тұтатып жан-жағына үрлене, сергек көз тастады. Осы кез төбеден «ПАЗ» автобусының төбесі қылт ете қалды, будақ-будақ шаң сүйретіп мектеп қашасына сүйкене тоқтай қалды. Кемпір-сампыр, шал-шауқан «аһлап-үһлеп» түсіп берді. Елдің соңын ала Жиынбек қара жерге табанын тигізді былғары дипломатын қос саусағымен ұстай. Әшімхан орнынан тұра бере Жанахметтің аяғын басты.

- Көңіліңіз өсіп қайтқан сияқты астанадан, Жиеке, одан артық мен не дейін... Осы әнеукүнгінің дәмін татар мезгіл жеткен секілді. Ақырып тұрған шығар жайлаудың қымызы құсап. Дәл кіндігінен екі шприц армян коньягын жібердім, - деді Әшімхан Жиынбектің зілауыр дипломатын қолына алып жатып.

Үшеуі гараж қасындағы бау-бақшалы, цинк шатырлы еңселі үйге беттеді. Әшімхан ұрасына түсіп кетті де кіші-гірім кеспектей қарбызды әрең көтеріп шықты. Жалтылдаған ақ пышақпен ала қарбыздың дөңгелек қалпағын ұшырып түсірді. Танауды жарар сұйықтықты ақ мескейге көтере қотарды. Тұп-тура бір іні болды.

- Жиеке, біз – бәріміз елім-жұртым деп жүрген азаматпыз. Жыгырмасыншы ғасыр перзентіміз. Осы қалбалақтап қайда кетіп бара жатырмыз? Мына орыстар қымс етсе Гогольдерін алға тарта қояды. Оның үш арғымағы да, заманы да басқа емес пе? Олардың алаяқ Чичиковы мінген тройкасы бізге дәрі ме? – дәмді крюшонды сүйсіне жұта отыра Әшімхан көптен көкейінде жүрге әңгімесін қозғады. – Мына менің алысқа сермеп, жақынды қармайтынымның себебі не? Соны таратып беріңізші. Қисайған бұта көрсем, түзеп жіберуге тырысам. Айтқаным – бірінші сорт шындық. Қыста мал қырылды, оны жасырмай жаздым. Бір адам қың деген жоқ, қайта өзім жаманатты болдым. Егістіктен түсім аз дедім, шабындықтың берері шамалы, суармалы жер жоқ екенін көзге шұқып көрсеттім. Үн жоқ! Бір жаман жерім – ләппайлап, қол қусырып жүре алмаймын. Мына Жанахмет ініңіз, облдепутат жолдас түйеқұс сықылды басын құмға тығып, түк көрмегендей болады. Бұл – бүгінгі күнді ғана емес, келешекті де алдау. Мен мана киноның жоспары туралы айттым ба, айттым. Оны қойшы, мына Жиекеңдер келген автобус мәселесін алайық. Осы жұрт ақшасын төлейді, билет алмайды. Өздерінше шопырға жасаған мырзалықтары. Автостанса қожайындары жолаушы қатынасын, жоспар орындалуын билетке қарап еспетейді, Кей-кейде автобус жетпей жатқанда, е-е Есалыға ешкім бармайды, сондықтан басқа жаққа жіберейік деп отырғаны. Өстіп үлкеннен де, кішіден де ұтылып жатқанымыз. Міне, аға, нәумездіктің, сен тимесең, мен тименің қайда апарып соғатынын қараңыз. Біздің елге қонған қасиеттің сұрқы осы ма?..

- Айтқаныңның бәрі көкейге қонады. Басымыздан бақайшығымызға шейін малтығып жатырмыз. Неліктен? Біріншіден, ана жақ та, мына жақ та экономика заңдылығынан мүлде мақұрым. Мөкеңнің тек идеологиясын ғана пір тұтады. Автономия беру керек әр шаруашылыққа. Екіншіден, сен тұр, мен атайындардан қорқамыз. Халық кімнің соңынан ереді? Ұранның ба, ұланның ба? Бос сөздің бе, жөн сөздің бе? Біздің ауыл үлкен дүниенің шап-шағын моделі ғана. Сенің шырылдағаныңнан не пайда, көпшілік жер шұқыса. Сын айтуға бәріміз жүйрікпіз. Мына мен жасаған шаруашылық есепке қарап ал ең алдымен. Сонан соң жазар босаң, кеңейтіп жаз. Бітіргеннен кейін маған көрсетіп ал. Мәдениет үйінің жұмысы ақсап, киноқондырғы жоспарын орындамай, автобус жөнді қатынамай жатқан жер аз ба? Әрине, бұған да ұсақ-түйек деп қарай алмаспыз. Сонда да боса, ол кімге таң, титаның тылағындай нәрсеге бола ойбайға аттан қосып не абұйыр табамыз. Экономикалық жүйе мен рухани жүйе майланған мотордай болғаны жөн. Қол ұстаса, жұмыла жұмыс істеуі керек. Сонда өз-өзінен ауыл архитектурасына да көңіл бөлінеді, жер құнарлығы да артады, мал тұқымы да асылданады, машина-трактор паркі де жаңаланады. Сендер айтып жүрген, музыка, спорт мектебі де ауылды жерде таңсық болудан қалады. Қалың көпшіліктің саяси-әлеуметтік белсенділігі артады. Елді ел басқарады, ел арасынан суырылып шыққан ер басқарады. Бұл – үлкен өнер. Ол, білсін-білмесін, қасыңа сөзіңді сөйлер ағайын-туғаныңды топырлату емес. Және бір фактор бар. Біз сырттың сөзіне әуеспіз. Өзіміздікінің өкпесі қабынғандай. Оларға не керек? Ішеді-жейді, одан кейін Кострома мен Вологдасына тайып отырады. Өз арамызда «Волга» мінер бір қазақ жоқ па? Әлде ақылдан кендеміз бе? Мен кіші-гірім лекциямды осымен аяқтайын... Құй түсін, құй түсінбе? Айтақшы, осы сендер кімнің драмасын қойғалы жатырсыңдар. «Топаз» дейсіңдер ме, топас дейсіңдер ме, онда менің шатағым шамалы. Бірақ бүгінгі күн проблемасынан іргені аулақ салғандарыңа мен түсінбедім. Солай, шырақтарым. Өзіміздің топыраққа сіңісті төл шығарма қажет. Жат жұрт біздің не теңіміз? Олар да кірме. Азғана шыққан бозға ортақ қып қайтеміз. Ал, депутат жолдас, өткір де икемді бол. Артыңда халқың тұр. Алда, құдай бұйыртса, талай асу, талай өзгеріс бар. Диалектика заңы Мәскеуге де, Алматыға да бағынбайды...

- Айтқаныңыз рас, ана шаңырақтың мысы басады да тұрады. Сессияда сөйлейін деп талай оқталдым. Имене берем. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда құты қашады, - деп Жанахмет ағынан жарылды. – Әлде мен секілді шорқақтарды сол жерге әдейі отырғызып қоя ма қоқырайтып, Жиеке...

Ақ мескейдің түбі көріне барып үшеуі де тысқа шықты. Жейделерінің жағаларын түзеп, темекілерін бұрқыратып біраз тұрды. Жиынбек кешкісін таудағы комбайншыларға жүріп кететінін айтты. Жанахметтің бүгін түнгі кезекшілігі бар екен. Жұмысы жоқ, әзірге қолы бос Әшімхан ғана. Кино басталғанша ол поштаға аялдауды құп көрді.

Осы ауыл байланысының нәні Қамбалай екі-үш пенсионерге ақша үлестіріп, қарық қылып жатыр екен.

- Оу, ақсақалдар, ұсақ жоқ деймін, міне, көздерің көрсін. Бұйырмасын. Сіздерден аяғанымды ит жесін! – темір сейфтің есігін сарт еткізіп ашып, сарт еткізіп қайта жабады. Қимылына көз ілеспейді. Темір қобдидың ішінде не жатқанын аңдап үлгермейсің. Қарттар сендік-сендік, бес-он тиында тұрған не бар деп, сақалдарын саумалап, алғандарын шыттарына орап жатыр.

Бағанағы Әскерге қолқабыс еткендердің бірлі-жарымы осында боп шықты. Қамбалай пенсионерлермен ісін бітірген соң соларға көшті. Сейф түбінде жатқан «Зенит» фотоаппаратын шығарып алып алай көрсетті, бұлай көрсетті. Фотографиямен айналысқанына, құдай бар болса, он жылдан асып кетіпті. Қара бақыр пайда көрмепті. Қаптаған зиян. Бастабында елдің суретін түсіріп, ақшаның астында қалам ба депті. Онысы бекершілік екен. Осы харекетіміздің бәрі бекершілік боп жүрмесін деп папиросын будақтатты.

- Жігіттер, қолдарың бос боса, тәк, ертеңдер ме екен, бүрсүгіндер ме екен, септесіп жіберсеңдер. Еңбектеріңді жемеспін. Мына иек астындағы Қосағаштан екі дайман сабан-мабан алып қайтпақшымын. Табан астында тасып алмасаң, маяға иіртіп қоям деп Сәулетқан қоқаңдап кетті. – деп орындыққа шалқая түсті.

Иіріліп тұрғандардың ешқайсы да мұның сабанын тасуға жаланып тұрған жоқ, бірақ ертең керек адамның көңілін жығып қайтсін. Тарыға қалса, ақшаны осыдан қарыз алмағанда, кімнен алады. Жіпсіз байлаулы барлығы. Оны Қамбалай да сезеді, тізеге салмайды. Майдалап, жіңішкелеп жеткізеді. Уақ-түйекке де үлкен саясат, асқан актерлік шеберлік керек екенін өнер институтында сырттай оқып жүрген режиссер жігіттен кем білмейді. Әне, сұқ саусағы мен ортан қолының арасына қыстырылған темекіні күлсалғышқа шертіп қойып, безектеген телефон трубкасын мәнерлей алуының өзі қандай. Көрер көз керек. Құлағына жетер-жетпес ұстап:

- Әле! Иә, мен, Қамбалаймын. Иә, Жосалы байланыс бөлімінің бастығы. Тиыштық дейім. Не жаңалық дейсіз бе? Жаңалық па, жаңалықтың көкесі газет бетінде ғой, һе-һе... Әу, бұ кім өзі? Шуламаңдар, түге! Адамның аты-жөнін ести алмай қалдым. Аманшылық. Шөп шабу аяқталған жоқ. Шат-шаттың, қабақ-қабақтың дымын қалдырмай, таздың басындай қырып жатырмыз. Орақ па, орақ бітуге сәл қалды. Комбайн біткен тауға шықты, жаздыққа кірістік. Бәрі орнында. Колхоз басшыларының бәрі орнында, Кім, кім, Жиынбек пе?.. Слушай, оны мен күзетіп отыр деймісің? Әй, тергеушідей тықақтайтын кімсің-ей өзің, ә-ә? – дей трубканы сарт еткізді.

- Есалаң ба өзі, ішіп алған ба? Аты-жөнін сұрасаң қыр-қыр етеді. Сендер де бір жағынан бөрінің көтіндей шулап. Дым естімедім. Әлгі көкезу рефоматорсымақ Жиынбекті сұрайды, оның қай қамына керек бола қалғанын итім білсін! Колхоз басшылары орнында ма деп жеп бара жатыр. Керек боса, кеңсеге тлипон соқпай ма? Әй, бірақ науқан кезінде онда кім отырар дейсің. Әгі аудан, облыс, астана деп екі аяғы жерге тимей жүрген Жиынбек агроном қай қақ шекесіне керек бола қалғанын білмейім...

- Иә-ау десеңші, - қалғандары да ерсілікке жорыды. Осы тұрғанымыз да жетер деп бәрі таза ауа жұтуға сыртқа беттеді. Қамбалай да темір есігін салдыр-гүлдір жаба бастады. Кілтін оңға қарай бір бұрағанда, оқыс ойдан дір ете түсті. Жаңа телефонмен сөйлескен адам кемі ауданнан, әрі кетсе облыстан. Сөз жоқ, сол жақтан. Аудан басшыларының бірі боп жүрмесін. Басқа пәле тілден деген осы, аузына келгенін оттап несі бар еді. Ана Жиынбек өсетін болды. Бас агроном басқарманың орындығына бір-ақ ырғымақ. Облыс, астана деп сабылуы тегін емес еді орақтың қызып тұрған шағында. Ана шегіркөз бастықтың саудасы біткен екен. Бағана ойына келсеші. Қап!

- Әй, жігіттер, бұралқы сөз күлгенге жақсы. Бекер күлеміз. Жиекеңдер де ойнап жүрген жоқ шығар. Ел қамын жер азамат болса, Жиекеңдердей-ақ босын. Жатса-тұрса ойлағаны – шаруашылықты өрге сүйреу! – деп манағы әттегенайын лезде түзеп алды.

Мәдениет үйінің алды қара-ғұрым. Таудан түскен комбайншылар, етектен көтеріліп шөпшілер келіпті. Осы ауыл бойжеткендерінің өзі бір шоғыр. Күлара, Алтынжамал, Мәпіш. Жігіт бейшаралардың көзі осы жақта. Ол көздерді елеп жатқан бұлар жоқ.

- Әскер бүгін керемет батник киіп кепті, - деді Күлара мұғалым күлімсіреп. – Құйып қойғандай. «Аршин мал аландағы» Әскердің тап өзі емес пе?

- Жарасатын адамға кебенек кигізсең де қона кетпей ме! – Мәпіш кітапханашы да қостай кетті. – Біздің дорбауыздарға атлас кигізсең де мыжырайып тұрады. Радж Капур десеңші.

- Жазуына қарамайсыңдар ма. Афишаны өрнектеп жіберіпті. Қас суретшінің қолынан шыққаны көрініп тұр. – деді Күлара мұғалім тағы да.

- Басқасын былай қойып, аппаратхананы қараңдаршы. Жарқырап тұрған жоқ па? – Алтынжамал дәрігер де өз ойын айтып қалды.

- Иә, драма үйірмесіне тартпаса болмас. Аузынан сөзі түсіп тұрған Жанахметке, сужұқпас Қамбалайға, тырнақ астынан кір іздегіш Әшімханға да жалынышты боп жүрміз-ау! – деп Мәпіш кітапханашы өкінішпен біздей саусақтарын майыстырды. Басқа қыздар аузын ашып үлгермеді, залға шақырған қоңырау бәрін сыпыра жөнелді. Есік аузында қызарған шамдардан басқаның бәрі өшті. Тынши қалған жұрт Павлодар трактор заводының көтеріңкі міндеттемесі туралы киножурналдан жыланбауыр көк тракторларын танып әжептәуір серпіліп қалды. Небір қызық содан кейін басталды дейсің. Ортаңғы қатардың бел ортасында отырған Сәулетқан бригадир өзіне таныс шөмелелерді көргенде қопаң ете түсті.

- Осы тегін шөмеле емес! – деп айтып аузын жиып алғанша болмады, елдің көзі оның сөзінің жаны барлығына бірден жетті... Кинофильм финалы керемет кадрлармен шырайланды. Ел тарап жатты. Көптің аузында – бір ғана сөз. Қыз қандай әсем, жігіт қандай сымбатты. Жігіттер жағы өз қосақтарының Джина Лоллобриджиданың тырнағына да татымайтынын қалай мойындасын, әй қойшы деп барады, келіншек атаулы өз күйеулерінің қалқанқұлақ Жерар Филиптің қасында жіп есуге жарамайтынын білсе де, білмегенсіп барады. Бойдақтар тобы:

- Шөмеленің қызығын көре алмай жүр екенбіз ғой осы күнге дейін, - деп бармақтарын тістеді. Бірақ ештен кеш жақсы емес пе, ертеңінде екі-үш жігіт өздері тіленіп шөп шабуға, сабан маялауға кетті. «Өнер әлеуеті, өнер пәрменділігі деген – осы!», - деп режиссер жігіт шаттанды. «Өнердің тікелей өндіргіш күшке айналуы, міне, осы», - деп Сәулетқан бригадир Жиынбек агронмға тауда баяндап жатты...

...Өркениеттің жалпақ та шомбал доңғалағы Жосалы ауылының кедір-бұдырын барынша әрлей, барынша тегістей кіргелі қаш-ша-ан. Қарттар жағы қол сілтеу тіршілігіне бас ұрып, бойкүйез аталыққа көшкелі не заман. Жастар жағы пайдасы қара бақырға татымайтын романтизмге ілесіп, талай жерге де барып қалған. Айтты-айтпады, ыстығы мен суығы да бірдей бір өліара шақ сияқты.

Әскер киносын көрсетеді. Жосалының үш сұлуы күнде болмаса да күн аралата киноға келеді. Мұғалім қыз оқушыларды тексерем деп келеді. Дәрігер зеріктім деп келеді. Кітапханашы кітап оқудан жалықтым деп келеді. Алғы жақта қарлығаштай тізіліп отырады дейсің. Кинодан қалмайтындардың бірі – Сәулетхан бригадир мен Қамбалай пошташы. Олар әсіресе детективке әуес, шпион мен бандиті қаптаған киноларға құмар. Сондықтан болар, сараптау мен талдауға келгенде, алдарына жан салмайды. Экраннан бос жатқан кеспекті көрсе болды, осы, неғысада тегін емес деп мәлімдейді жарыса. Айтқандары айдай келеді. Әлгі кеспек ақырында домалап тынады.

Кинодан кейін драма үйірмесі дайындығын бастайды, екінші студиядағы эстрадашылар жапон әуендерін сала алмай әуре болып жатады, үшінші студияда ұлт аспаптар оркестрі төрт-бес күй ойнап олар кетеді. Көбінесе ел биге келеді. Сондағы «Чарльстонды», «Твисті», «Буги-вугиді» жарытып билейтін жеті-сегіз адам. Жосалының үш перизаты, Әскер, Жанахмет, Әшімхан. Кейінгі екеуімен қыз байқұстар амалдарының жоқтығынан билейді. Оны бұлар да сезеді, сезсе де тура бір айналымға шақырудан жалықпайды. Әскер кейінгі кезде Күлара мұғаліммен ғана вальс билейтінді шығарды. Осыдан кейін тура бір ай биледі.

Қамбалай пошташының көріпкелі бар екен Науқан-сауқан, тығыз жұмыс саябырсыған соң колхоздың жалпы жиналысында Жиынбек дырдай басқармасы боп шыға келді. Елдің алдын ала, көпшілік көзінше шляпаларын аспанға атқандардың бірде-бірінің қолы көздеген қызметтеріне жетпеді. Тауы шағылып қайтқандардың ішінде Қамбалай пошташы да бар. Оның қолы бас экономистікке екі-ақ елі жетпей қайтыпты, Жиынбек оған «колхоз мүшесі емессің, біріншіден. Екіншіден, соңғы курсың қалды ғой, алаңдамай бітіріп ал. Арғы жағын көрерміз» депті-мыс. Ол бірақ жұрт құсап жаңа бастықты күстаналап қайтпады, жүрген-тұрған жерінде, қайта, оның әділдігін, принципшілігін, білімдарлығын жария етумен болды.

Жанахмет пен Әшімхан салып ұрып кеңсеге барған жоқ. Жақын адамының көтерілгеніне шүкіршілік еткен де қойған. Өздері бармаса да дәмдес болған бұларды Жиынбек ұмытпапты. Басқарма басымен өзі іздеп келді, өкпе-назын айта келді. Тамам қаймана қазақ жалпылдап келіп жатқанда, екеуіңнің тым-тырыс жатып алуларың мені ойландырып тастады. Соның төркінін білейін деп келдім деп сөздің турасына көшті.

Мына екеуі қопалақтап, сасып қалды. Жосалының бел баласы басқарма болып жатқанда жақтырмағандай омалып отырып қалғандары әсте жарамаған екен. «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» демеуші ме еді үлкендер. Ақыр-аяғы көппен бірге қопаңдап қайтеміз, ел аяғы басылған соң, екеуара барып құтты болсын айтпақ едікке салып құтылды.

Көзін жұма күлкіге шашалған Жиынбек басқарма енді бұйымтайын алға жая бастады. Салған жерден Жанахметке ауыр жүк артты. Екінші бригаданың бригадирі осалдау, соған жетекші боласың, ойлануға бір жеті мәулет беремін деді. Ана Сәулетхандай дөңгелетіп алып кетсең, жұртың да, өкіметің де алақанына сап аялайды. Өзің депутатсың. Менің де табан тірер мықты тиянағым болу керек. «Ағзам айналасымен ардақты» деуші ме еді ана режиссерлерің. Әйтеуір, соны естен шығармасаңдаршы. Ал, мына көреген Әшімханды халықтық бақылау комиссиясының төрағалығына ұсынғалы отырмыз. Мал дәрігерлігі ешқайда қашпайды, қайта, мал отарларын тексергенде пайдасын көреді. Әрқайсыңа жуан-жуан потрфель ұстатып, жылы-жұмсақ орынға жайластырайын деген мен жоқ. Жақсылап жұмыс талап етемін, бір ай ішінде сылынып түсесіңдер. Елім-жерім десеңдер, киіңдер осы қамытты. Мысыңа сай ісің болсын деп бір қойды.

Әшімхан ойланып-толғанатын кез емес, біз қатардағы солдатпыз, маған сол айтқан жұмысыңыз дәп келеді деп келісе кетті. Жанахмет үйренген трактордан қол үзіп кете алмайтынын айтып отырып алды. Екі қолға – бір руль, құмырсқа әліңді білден бір танбады. Әшімхан әне бұлар сенім көрсетсең өстіп кергиді дегендей алақанын жайып, Жиынбекке қарады. Жиынбек іштей жетекке ерген тазының түлкі алмайтыны рас шығар, осыны бекер қинадым-ау десе де, сырттай:

- Жігіттер, қиял мен қиялидың арасы бір-ақ әріп. Қиял адамға қанат бітіреді, нақты іске басшы болады. Қияли жан елес қана қармайды. Экономика нақтылықты сүйеді, оны өркендету бағдарламасын өзім реттермін. Ал, цифрға көнбейтін, өлшеуге болмайтын көңіл-күй мәселесін қайтеміз? – деп үстелге бір-біріне мінгесе қонған шыбынды газетпен соғуға оқталған Әшімханға, оның қимылынан көз жазбай отырған Жанахметке көз тастады. – Жұртты жасар ісімізге нандыра алмыз ба, соңымыздан ерте аламыз ба? Басты мәселе – осы. Айтпақшы, сендер «Топазды» әлі дайындап жатырмысыңдар? Әзірге сендерді Парижге гастрольдік сапарға ешкім жібере қоймас. Интеллектуал режиссерларыңның таңдап алғаны ғой, сірә. Мен қарсы емеспі, бірақ әлеуметтік сұранысты ескермеген батырың. Тап қазір бізге сипаты өзгешелеу шығарма керек. Мен сендерге мына бір нәрсені ап кеп ем, көрерсіңдер. «Он үшінші прелседатель», «Он үшінші төраға» десеңдер де болады. Бізге осындай тартысты драма лайық қазір.

Жиынбек «Әшімханның» қолына жуан журналды ұстатты да «Волгасына» мініп аттанып кетті.

- Осы сенің не ойлағаның бар? – Әшімхан Жанахметке қарады. – Елдің көбі ат арқасына бұт артуға зар боп жүрсе, ылғи кері сиесің. Бұ не кергіс. Сен кетсең, қара тірәктір қараң қала ма, әлде Күләрә сұлу соляркадан басқа иісмайды жақтармай ма?

- Әй-әй, бас жаққа барыспалық. Не десең, о де – бәрін құп алам. Бірақ Күләрә туралы шайпау сөз айтпа! Ол періште ғой, періште...

- Әйбүй, шикінай, көзсіз көбелек... Қойдым-қойдым, тойдым-тойдым. Ей, құрдас, жаңағы Жиынбектің айтқанына имандай ұйыдың ба?..

- Сенбегенде ше, ол жанын сап кіріссе, біз де қабырғасүйеу болармыз. Сен ана жақтан, мен мына жақтан. Іргедегі Алдабергенов пен Головацкийден қай жеріміз кем?

- Солай де, Жанахметім. Менің наныңқырамай тұрғаным. Құрғақ қиял емес пе, а? Экономиканы, әл-ауқатты шұғыл өрге бастыру бір-екі жылдың шарасы емес. «Ура-ура!» деп жүріп... Омақасып жүрмесек... Бірақ әңгімесінің біразы көңілге ұялайды. Ұялайды, сайтан ұялайды... Һа-һа-һа! Тіктім басымды бәйгеге, ердім соңынан. Ер соңымнан, кеттік! Режиссерымызды табайық.

Режиссер жігіт әуелі қатты шамырқанды. Бітуге таяу дүниені тастап, жаңаны бастауға бола ма, әркімнің өзіндік тәсілі, шығармашылық әдісі, халыққа әсер етудің өзіндік жолы бар. Ол, мәселен, батысевропалық үлгінің ішкі драматургиясымен толғандырғысы келіпті. Творчество диктатқа көне алмайды деп біршама күйіп-пісті. Біірақ колхоз басқармасы айтқан соң, не амал, оның үстіне мына екі беделді артист те қос қолдарын көтеріп жақтап отыр. Амалын тауып, басты рольді Жиынбектің өзіне ойнатсам. Аншлаг дайын. Председательді ойнайтын председатель! Қатып кетпей ме? Телевизия мен газет қызметкерлерінен аяқ алып жүріп көр сонсоң. Атақ та, даңқ та... Перс-с-с-пектива!

Өз ізденісін осылайша әлеумет қалауына икемдей білген режиссер жігіт жаңа спектакль дайындауға құлшына кірісіп кетті. Осы пьесадағы председатель роліне Қамбалай жармасып көріп еді, председательді председатель ойнайды деген соң беті қайтып қалды. Бірақ қадалып жүріп статистің орнын сұрап алды. Қыздар жапатармағай мақтаған Әскерге роль де тимеді. Оның онсыз да жұмысы бастан асады. Осы ауылдың қыз-жігітінің шетінен биші болып шығуына оның едәуір еңбегі сіңді. Ол енді валсьті тек Мәпіш кітапханашымен дөңгелетіп жүрді, бұдан бір ай бұрынғы Күлара мұғалім мүлде ұмытылды. Күлара да сол би кештерін естен шығарып алыпты. Көп ұзамай ол Жанахмет депутатқа тұрмысқа шықты да кетті. Облкеңестің депутаты ұлан-асыр той жасады. Осы дүрілдеген жиында Сәулетқан бригадир ұзақ-сонар сөз сөйледі, жас жұбайлардың құрметіне ел орындарынан қопарыла көтеріліп, екі рет алып тастады. Ай аяқтала бере Әшімхан мен Мәпіш те арғымақ басын ауылдық Кеңес кеңсесіне тіреді.

- Сен маған күле беруші ең. Қазір де сол қылығыңнан арыла алмай келе жатырсың-ау деймін. – Әшімхан тізгінін ірке берді.

- Енді іркілмейік. Саған деген көңілім таза, пейілім ақ. Дақ түспеген. Түсейік аттан, куәләр да түссін, - деп Мәпіш Әшімханның қызыл белбеуінен мықтап ұстады. Әшімхан да ұлан-асыр, ағыл-тегіл той жасады. Бұның тойында Жиынбек басқарма көсіле де, шешіле де сөз сөйледі. Көпшілік жастардың шаңырағы биік, босағасы берік болуы үшін үш қайтара алып жіберді.

Той-томалақтан кейін Әшімхан афиша жазуын кілт тоқтатты. Киноның аты-жөні енді қиқы-жиқы қаріптерді місе тұтты. Алғашында ел таңқалып жүрді, бірте-бірте көзі үйреніп кетті, өмір бойы осылай жазылып жүргендей жұрт бұл кері кеткен құбылысқа самарқау тартты. Онда тұрған не бар. Мән-мағынасы келіссе болғаны, сырт пішінді кім елеп-ескерер дейсің. Оның есесіне мұғалімдер жоғары класс оқушыларын кешкі сеансқа жіберетін болды. Көптен бері шетжұрттық фильмдер де бой көрсетпеді. Не десең де, қалай сілтесең де, ересек оқушылар кешкі сеанстан қалмайды. Жоспар асып-төгіле орындалып жатыр. Әскер негізгі жұмысымен қоса эстрада оркестрінің жетекшісі ретінде де көзге түсіп жүр. Енді ол Алтынжамал дәрігерді аргентин тангосы ырғағымен үйіріп алды. Алтынжамал сұлу Сәулетхан бригадирдің туған қарындасы емес пе? Сол себептен болу керек, Әскердің тайпалысы бір айға да жетпеді. Тұп-тура жиырма күннен кейін Алтынжамал мен Әскердің тойға шақыру қағазы талай адамның қолына тиді. Осы тойда аудандық кинофикация директоры, колхоздың халықтық бақылау комиссиясының төрағасы Әшімхан, облыстық Кеңес депутаты Жанахмет сый-сияпаттарын жасап, тәуір-тәуәр тілек айтты. Өз жетекшісінің тойында ойнамағанда, қайда ойнасын – эстрада оркестрінің таң атқанша жағы сембеді. Әскер өз тойында танго-фокстротты өз қосағымен ғана биледі. Көшелі сөздерден кейін бас қосқан жұртшылық жастарға көл-көсір бақ тілеп, төрт қайтара алып-алып тастады.

Режиссердың мақсаты ішнара орындалды, ішнара орындала қоймады. Төраға ролін төраға ойнамады. Оның санаулы, есептеулі уақыты неге жетсін. Ақыры пошташы Қамбалай өз дегеніне жетті, он үшінші председательдің ролі соған тиді. Қарапайым статистен басты кейіпкерге дейін көтерілген оның қуанышына поштаға келген шал-шауқан ортақ болып жатты. Режиссер жігіт Қамбалайды ертіп гастрольге келіп жатқан Ленинград Үлкен драма театрының екі-үш спектаклін Алматыға барып көріп қайтты.

Науқандық жұмыстың бәрі аяқталысымен, «Он үшінші председательдің» премьерасы қойылар күні колхоз халықтық бақылау комиссиясының төрағасы мен облыстық Кеңес депутатының ауылдың әлеуметтік жағдайы мен мәдениетін көтеру туралы мақаласы облыстық газетте жарық көрді. Спектакль премьерасына облыстан, ауданнан бірталай ығай мен сығай келді. Вестибюльде қыдырып жүрген ығай мен сығайдың бірі басқармаға қарап:

- Биыл астықтан да, мал өнімінен де көрсеткіштерің жаман емес. Облыстық кеңесте аттарың аталды. Тасың өрге домалап келеді, бала, - деді.

- Қолымыздан келгенді аямай жатырмыз, ағасы. Облыс пен ауданның да көмегі зор. Сөзімізді сөйлеп жатырсыздар, - деп Жиынбек жан-жағына қарады. Ығай мен сығай:

- Соны біліп жүрсеңдер болғаны да... Дегенмен бар ғой, әуресі аз, үйреншікті фольклорлық шығармалардан бастау керек еді. Жұрт сонысымен-ақ халық театры атағын алып жатқан жоқ па. Мына пьеса Алматы түгіл Москвада жаңа қойылып жатыр деп естимін, - деп иек қақты. Анадай жерде тұрған аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі дәл солай деп тақ ете түсті.

- Алматының алдына түсіп кеткеніміз қалай болар екен?.. Осы кімнен естідім, басты рольді басқарманың өзі ойнайды деп? – әлгі ығай мен сығай Жиынбекке көзін сығырайта қарады.

- Режиссерымыздың алғашында сондай ойы болғаны рас. Ол рольге менің талантым да, уақытым да жетіңкіремеді. Тізгінді жігіттердің өзіне бердік. Еркін сілтесін. Алматылықтар бізге ренжи қоймас. Біздің де үлкен көшке қосылсақ деген мақсұтымыз бар. Өнер көзі халықта емес пе, ағасы? – деп Жиынбек барынша байыппен жауап берді.

- Еркіндік дейсің, ә? Оның өзі былай нелеу ғой... Талантым жетпеді дейсің, ә? Қайлайша жетпейді? Сенің актерлік дарының жоқ па еді? – ығай мен сығай ұнатпай қалғандай болды.

- Жоққа жүйрік жетпейді. Сахнадағы рольді Қамбалай ойнасын. Ал, мына он үшінші председатель қызметін оған бере қоймаспын. Санай келсем, шынында да он үшінші басқарма екенмін, - деп күліп қойды.

Осы кезде ығай мен сығайдың көзі қабырғадан апыл-ғұпыл алынып жатқан портреттерге түсті. Мойнын бұрып қасын керді. Онысын Жиынбек айтқызбай түсінді.

- Режиссермыз бір оригинальный жігіт. Ана кісілерге қарама-қарсы бір қабырғаға түгелдей ғалымдар мен ағартушылардың портретін ілгізіп қойыпты. Мәдениет үйі ғылым академиясы емес қой, мен алып тастаңдар дегенмін. Кеше тындырар істі бүгін қолға алар біздің халық қой, - деп Жиынбек әзілге аударды.

- Абай, Шоқан, Ыбырай тұра берсін, - ығай мен сығай рұқсат еткендей сұқ саусағын жазып-бүкті..

- Абай, Шоқан, Ыбырайға тимеңдер! – деп Жиынбек бала жүгіртіп жіберді.

- Мына аруақтай қатпаң кім? – ығай мен сығай жағына пышақ жанып алғандай арық адамның портретінің көзін шұқып ала жаздады.

- Иоганн Кеплер. Бұдан 349 жыл бұрын дүние салған, - режиссер жігіт мырс ете түсті.

- Дөңгелек дата емес екен. Сонша қастерлейтін кім өзі? – ығай мен сығай режиссер жігітке жылтырай қарады.

- Жұлдыздар маманы. Осы кісінің үш заңына сүйене келе және айдың мерзімдік қозғалысын бақылауы арқасында Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын ашыпты, - деді режиссер жігіт портреттің бетіндегі дақты орамалымен сүрте беріп.

- Е-е, онда тұрған не бар?! – ығай мен сығай қабақ шыта залға тартты.

- Онда тұрған не бар! Жөнсіз ақылгөйсуді қашан қоясыңдар! – Сәулетхан режиссерға жазғыра қарады да, ығай мен сығайдың соңынан ерген топқа ілесе партерге жайғасты.

Жер шары өз есебінен жаңылар емес. Театр сахнасындай аспай-саспай айналып жатыр. Мұнда да сусылдап торғын шымылдық ашылды. Дүркірете қол соғылды. Мына ығы-жығы тіршіліктің сыбағалы оқиғалары мен қақтығыстары Жосалы мәдениет үйінің сахнасында жайдарлы шешімін тауып, әдемі де әсерлі ойын әлеміне көшті.

Алматы, 1982.

Бөлісу:

Көп оқылғандар