Асылбек Байтанұлы. Тоқсандағы абыздың толғамдарынан

Бөлісу:

23.08.2019 4359

2019 жыл – айтулы даталарға, мерейлі мерейлі мерекелерге толы. Ердің жасы елуге толған «жас» ақындар, арқырап алпысқа жеткен арқалы да арналы ақындар мен жазушылар, жетпіс – бұл – жет, піс деген жас», - деп Шерағаң айтқанындай, жетіп, піскен шағына жеткен аға буын қаламгерлердің қарасы мол. Солардың арасында екі ғасырдың, екі дәуірдің ыстық-суығын бірдей бастан өткеріп, отандық әдебиет пен ғылымда өнімді еңбек еткен қадау-қадау ақсақалдарымыз сексеннің сеңгірі мен тоқсанның толағай биігін бағындырып отыр.

Солардың бірі де бірегейі – Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақ ПЕН клубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы сыйлығының иегері, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, журналист, драматуг, аудармашы, қоғам қайраткері, көптеген оқулықтардың авторы, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.

1929 жылы 3 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Аршалы аулында дүниеге келген абыз ақсақал – Отандық ғылымының кейінгі жетпістен астам жылдық кезеңінің бел ортасында жүріп, рухани қазынамызға мол олжа салған беделді ғалым, қарымды қаламгер, қаламы жүйрік журналист, өнегелі ұстаз.

Қазақ әдебиеттану ғылымының ұлы Мұхаң негізін қалаған абайтану ғылымы мен екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі мұхтартану, жамбылтану, сәкентану т.б. әдебиетіміздің белгілі тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын кешенді зерттейтін салалары қалыптасты. Бұл үрдіс соңғы отыз жылда сәтті жалғасын тауып, жаңа көкжиектерді бағындыруда. Солардың бірі – мағжантану. Қазақ әдебиеті мен педагогикасы, психологиясы, мемлекетшілдігі тұрғысында үлкен орны бар Мағжан Жұмабаев шығармашылығын зерттеуді қалыптастырып, дамытуда айрықша еңбегі бар ғалымдардың бірі де бірегейі – Шериаздан Елеукенов. Мағжан есімі туған халқымен қайта қауышқан 1989 жылдан бастап, алғашқылардың бірі болып Мағжан Жұмабаев пен өзге де Алаш қайраткерлерін ақтау және олардың әдеби шығармаларын қайта жарыққа шығару үшін реттеп зерттеуді қолға алған ғалымның ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесі «Мағжан» монографиясы мен Мағжан өмірі мен шығармашылығына қатысты жазған көптеген цикльді зерттеу мақалалары. Ақын өміріне қатысты мұрағаттарды аса ыждаһаттылықпен ақтара отырып, жүйелеп, алаш қайраткерінің тарихи тұлғалық орнын айқындайтын толымды дүние жазып, ғылыми айналымға енгізген ғалым мағжантану ғылымының арқауын құрды деуімізге әбден болады. Бұдан Шериаздан Елеукеновтің қазақ әдебиеттануы тарихы мен теориясындағы жалғыз нысаны Мағжан Жұмабаев шығармашылығы деген ой тумаса керек. Ғалымның Мағжанның ақындық, философиялық, педагогикалық т.б. қырлары тұрғысындағы толғамдары мен байламдары Абай, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов т.б. ұлттық ақыл-ой алыптарымен қатар, орыс, батыс ғұламаларының ой-тұжырымдарымен астасып жататынын көреміз. Яғни, Мағжан шығармашылығын талдап тарқатуды ғалым отандық, әлемдік ойшылдардың таным көкжиегі деңгейімен шендестіре отырып, өзіндік ой түйеді. Ғалым еңбектерінде айтылған ой-тұжырымдарын оқып, мәніне бойлауға тырысамыз. Осы әрекетіміз арқылы Мағжанды, Абайды жаңа қырынан, бұрынғыдан гөрі анық, айқын тани түскендей, олардың шығармашылық қуатын сезінеміз. Оқимыз, зерттеушінің батыл ойынан туған тұжырымдарды ой елегінен өткізіп, таным дәрежемізбен түйсініп, түсінуге тырысамыз. Осы тұрғыда Шериаздан Елеукенов еңбектеріндегі кейбір ойларға тоқталайық. «Мағжанның төл туындыларындағы жаңалықтар оны Абайдан алыстатты да, жақындатты да. «Алыстатты» деген сөзді бейнелеудің жаңа тəсілдерін, стильдерін игеру мағынасында айтып отырмыз». Асқар Сүлейменовтің «қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» дейтін каламбурға құрылған терең мағыналы тұжырымына ұқсас бұл айтылымды ғалым Пушкин мен Лермонтовтың арасындағы жақындық пен алыстық жайындағы белгілі орыс сыншысы В.Белинскийдің «Печорин Лермонтова... Это Онегин нашего времени, герой нашего времени, Несходство их между собою гораздо меньше расстояния между Онегою и Печорою.», - деген сөзімен сабақтай отырып, Абай мен Мағжан арасы Есіл мен Ертіс сулары арасындағы қашықтықтан әлдеқайда жақын екендігін айтады. Және мұны көптеген аспектіде ала отырып зерттеп, дәлелдейді де.

Абайдың дінге деген көзқарасы туралы алуан пікірлер де аз емес. Абайды ислам дінінің әрқалай тармағының өкілі ретінде қарастырып, зерттеулер жазылғанынан хабардармыз. Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі дін мәселесіне қатысты ойларын өзге ұлт зиялыларының ұстанымымен сабақтастыра отырып, Шериаздан Рүстемұлы былай деп қорытындылайды: «Көп жылдар бойы суфизм десе аза бойымыз қаза тұратын. Ал Абай мен Мағжан суфизмнің үстемдік құрушы системаға, ресми діндəр доктриналарға қарсы күресін барынша қолдаған. Бір кездері Науаи, Хафиз, Жəми, Румилер суфизмнің халықтық сөлінен нəр тартса, Абай мен Мағжан да сөйткен. Сонымен бірге олар тақуа, дəруіштерден іргесін аулақ салған». Бұл ислам дінінің алуан түрлі ағымдары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, қазақ қоғамының бас ауруына айналар күйдегі қазіргі кезеңде, қалай болғанда да қаперге алатын тұжырым екендігі анық. Абайдың «Құранды молла теріс оқыр, дағарадай болып сәлдесі», - дейтін, құранның ішкі мағынасына, мәніне бойламай, қате әрі ойсыз оқитын дүмшелікке қарсылықты ойы мен Мағжанның:

Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,

Көрмейтін көзді көр ғып артты-алды,

Үйретіп, дін деп құлдық, қорқытады,

Қандай құл бізге молда бола қалды?! –

деген өлең шумағындағы дінді көзсіз бағынудың құралы ретінде пайдалануды қабыстыра отырып, екі алыптың дінге деген сыни көзқарасындағы егіздей ұқсастықты ашалап көрсете отырып, Абай мен Мағжанның сопылық мистикасының мынау дүниенің қызығынан баз кешуді дәріптеушілігіне екі ақынның да қосылмағандығын атап өтеді.

Абайдың туғанына 175 жыл толып отырған қазіргі күнге дейін, қазақтың бас ақыны, оның өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған зерттеу еңбектердің тізімінің өзі бірнеше томды құрайтыны сөзсіз. Мұның өзі Абай толығымен зерттеліп бітті дегенді білдірмейді. Орыстың ұлылары мен көрнектілерінің әрбір күні не істеп, қайда барғаны, қай күні қай шығармасын, қандай оқиғаға немесе көңіл күйге байланысты қай жерде жазғаны туралы деталіне дейін мұқияттап зерттеп тастаған дегенді ескерсек, бұл тұрғыда істелетін жұмыстың телегей теңіз екендігін ғалым зерттеуші түгілі, қарапайым қазақ біздердің өзіміз ап-айқын сезінетініміз анық қой. Өзгені айтпағанда, Абай өлеңдерінің текстологиясы толық қалыпталып, мызығымастай болды деп айта аламыз ба? Абаймен салыстырғанда кеше ғана қалыптасқан мағжантану тұрғысында жасалар жұмыс тіпті шаш етектен. Мағжантанушы ғалым бұл тұрғысында құпия мекемелердің қоймасында жатқан, Мағжан Жұмабаев өміріне, шығармашылығына қатысты деректерге мерзімді кезеңдері жеткенде қол жеткізіп, ұңғыл-шұңғыл жайлар айқындалып, оқырманға белгісіз талай туындылары табыларына сенім білдіреді.

Сондай-ақ, ғалым біздің қоғамымызда кейде қылаң беріп жататын, ана ақын мен мына ақынның интеллектуалдық деңгейін салыстыру, біреуді біреуден жоғары немесе төмен санауға қатысты тірлік тұрғысында былай деп тұжырым жасайды: «Өзге қазақ ойшылдары, өнер иелері білім, парасат жағынан Абайдан төмен тұр дей алмайсың. Мағжан, Қасым не бүгінгі Тұманбай сөз өнерінде қай ақынмен де атсалысуға жарайтынын дəлелдеу керек пе? Абайға ешкімді тең көрмейтініміз, меніңше, «өлең – сөздің патшасы» болса, Абай сол өлеңнің нақ өзімен туысқан», - дей келе, әр дәуірдің өз талғамы, өз даму биігі, өз оқырманы мен қаламгері бар деген ой айтады: «...Оның бер жағында, сол Мағжан, Қасым, Тұманбайлардың өздері қандай ақындық Алатауына арқа тірейтінін ұмытпауымыз керек», - деп қорытады ғалым Демек, өз дәуірінің биігі саналатын бұл ақындарымыздың барлығының да арқа сүйер Алатауы – Абай. Сондықтан да оларды салыстыру артық деген тұжырымды пайымдаймыз.

«Абай дара һəм дана туған ақын. Мағжан Абайды хакім атаған. Өйткені Абай шығармалары – ғылым, білімнің, рухани азықтың бітелмес көзі. Абай халықпен бірге жасайды. Сондықтан оған бар заман есігі ашық», - дейді ғалым. Бұл – бүгіндері ешқандай жаңалық емес, жас баладан қалжыраған қартқа да анық түсінік. Абайды таныту, абайтануды дамыту арқылы, ең бастысы ұлы Абайдың ғаламат шығармашылық қуаты арқылы орныққан аксиома. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, Абайды танып білу тұрғысында, әлі де болса асар асуымыз, алар қамалымыз көп сияқты. Сондықтан да, «халқымызға ес кірген кезде Абайды ескірте аламыз». Біздіңше, «ес кіру-ескіру» деген ұғымның орындалу межесі – отаршылдық құрсауының зардабы қазақ халқының жан-жадынан әбден арылып, санасы азат, кемел ұлттық деңгейге көтерілетін болашақ болар, сірә. Оған жету үшін де Мұса пайғамбардың үмбетін соңынан ертіп шөл кезген қырық жылы аздық ететін сияқты ма, қалай, бүгінгі қалпымызбен. Сұңғыла ғалым Шериаздан Елеукенов осы орайда не дейді екен. Көз жүгіртелік: «Хакім Абай қандай Абай? Бұрын ішіміз сезсе де, кесірімізді тигізіп аламыз ба деп айта алмай келген Абай. Жаңа заманымыздың басы, болашағымыздың жол сілтеушісі. Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған күрескер ретінде зерттемедік». Абай шығармаларында отаршылдыққа қарсы мандымды ештеңе жоқ деп пікір айтушылар да аз емес. Ендеше, Абай шығармашылығына жіті үңілейікші. Мүмкін, бүгінгі біздермен салыстырғанда әлдеқайда еркін, азат ойлы болмақ кейінгі ұрпақ Абай бабасының шығармаларындағы мұндай ойларды бізден гөрі көбірек тауып, түйсінер, бәлкім.

«Мен жастарға сенемін» деп ұлы Мағжан айтқанындай, бәріміздің де сеніміміз – болашақ жастарда. Тіл мен, ділдің шөре-шөре күй кешіп, Ыбырай Алтынсариннің Асаны мен Үсені тәрізді жолайрыққа тірелген бүгінгі шағында, анық сүрлеу – ұлттық өзін өзі табуы, тануы болса керек-ті. Ұлтты тану – Абайды тану десек, бағытымыз айқын, жол ұзақ, көтерілер деңгей әлі де биік тұр. Ол үшін өзгелердің жеткен биігіне ұмтылуымыз, ғылымымыз бен әдебиетімізді керек деген ойды меңзей отырып, ғалым Шериаздан Елеукенов былай дейді: «Абай мен Мағжан арқасында біздің көркем санамыз азаматтық биік өреге көтерілді. Əттең, соны өз сапасында былайғы жұртқа жеткізе алатын аударма дүниеге келсе. Пушкин мен Лермонтовты – Абай, Фет пен Горькийді – Мағжан қазақшалап, орыс тіліндегі тума қалпынан түсірмей қалай сөйлете алса, сол қазақ ақындарын да басқа тілдерде түпнұсқасындағы күйіндей сөйлете алса, сол қазақ ақындарын да басқа тілде түпнұсқасындағы күйіндей сөйлете аларлық қуат табылса».

Ұлттың таным көкжиегін, әлеуетін арттыру үшін ұлттық болмысты іздеу, ұлттың ішкі энергиялық қуатын ояту – әрине қажет. Мұндағы бір ескерерлігі – кез келген ұлттың тым өз-өзімен болып, оқшауланып қалуы да тежелудің бір сипаты болмақ. Қазақ психологиясы, қазақ педагогикасы, қазақ әлемі т.б. ұғымдар жиі айтылып, көтеріліп жатады. Бұл ұлттық бірегейліктің (идиентичность) сипаты. Ұлттық құндылықтарын дәріптеп, дамыту, өзгелерге таныту, насихаттау – кез келген есті ұлттың мақсат мамзұны. Бұл тұрғысында ғалым былай деп ой қорытады: «Ұлттық психологияның бір қыры ұлттық қатынастармен жанасады. Қазақ психологиясы, өзге жұрт секілді, ғасырлар бойғы қауымдастықтан, өзге елдерден іргесін белгілі дəрежеде бөлек ұстағандықтан туындады. Ұлттық психология екіжақты екені белгілі. Бірінші жағы – ұлттық сезім, ұлттық мінезділік (характер), ұлттық мақтаныш, ұлттық дəстүрдің жан жүрекке қатысты астарлары. Екінші жағы – өзге халықтармен белгілі ұлттың қандай қатынас орнатуына қатысты. Ұлттар қақтығысы, этникалық соғыстар жағдайында өзге халықтарға өшпенділік, сенімсіздік шаласы бықсиды, басқа жұртты кемсітетін, əжуаға салатын нешеме қотыраш наным қаулайды. Мұның бəрінің шын аты – ұлтшылдық. Отарларына менсінбей қарайтын өркөкірек шовинизмнің ауылы да бұдан алыс қонбаған. Ал ұлттық мақтаныштың, жалпы ұлтжандылықтың бұған үш қайнаса сорпасы қосылмайды».

Демек, қай қашанда да, қандай қоғамда да болмасын, Абайша айтқанда, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке негізделген сабырлы білім мен мәдениет әділдікті негізге ала отырып салтанат құруы керек болмақ. Бұл, қоғамдық құбылыстардың барлығына да, оның ішінде халық руханиятының қайнары – әдебиетке де ортақ ұғым. Профессор Шериаздан Елеукеновтің сөзімен айтқанда: «Қазіргі əдебиет тарихының міндеті – болғанды болған күйінде көрсетіп, əділетін, ақиқатын айтуда. Жəне біреуді су түбіне жіберу есебінен, екіншілерді аспандату мүлде парыз емес. Кезінде ондай əрекеттен не шыққаны белгілі. Əдебиет тарихын қаз-қалпында, шөп-шалам, қоқыстан, боямадан тазарған түрінде оқуға не жетсін».

Қазақ совет әдебиеті аталған кезеңнің негізін қалап, қалай айтсақ та ұлттық әдебиетіміздің тағанын тартысып, қабырғасын қаласқан әйгілі жазушылардың көзін көрген, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары қазақ әдебиетіне келген әлдене толқынмен қанаттаса өмір сүріп, олардың шығармашылығы туралы сан ондаған әдеби толғамдар мен сын, эсселер жазған, асқаралы алпыстан асқан шағында тәуелсіздік дәуірі әдебиетінің тарихы мен теориясын қалыптастыруға атсалысып, алпыс атанға жүк болар дерліктей іс тындырып, толағай таудай тоқсан жастың биігіне жетіп отырған Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов еңбектеріндегі әдеби толғам, елдік пайымдарға ой жүгіртуге талпынысымыз осы еді.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар