Жүрсін Ерман. Барайын десем, жер шалғай
Бөлісу:
Тұрсын Жұртбай екеуіміздің де азан шақырып қойған есімімізде кісі қызығарлық ештеңе жоқ. Досымыз Асқар Егеубай Тұрсын, Несіпбек Айтұлы үшеумізге арнап өлең жазып:
Бұрай тартқан арқаның,
Бурлактары-ай Арқаның, – деп аяқтапты.
Ал Несіпбек болса:
– Əй, сендердің есімдерің етістіктен құралған. Екеуің де етістіксің. Мен зат есіммін. Мені құрметтеп жұріңдер, – деп қажайды. Есімге байланысты осы қағажу аз болғандай, өзімнің бір ағам – Көбейсін де, екіншісі – Тұрсын. Үшеуіміз ағайынды үш кісінің баласымыз. Сөйтіп жүргенде, тұңғыш құдамның есімі Тоқтасын болып жолықты: Көбейсін, Тұрсын, Жүрсін, Тоқтасын!
Сол Көбейсін көкем Жезқазғаннан телефон шалып:
– Сенің ағаң, Мараттың əкесі Емберген қария дүниеден қайтты. Топырақ салуға үлгермесең де, жетісіне келіп кет. Тұқымымызда тоқсан алтыға келген өзге ешкім жоқ еді ғой. Бала-шағаңа жасын берсін, арнайы ат ізін салғаның дұрыс, – деп кеңес берді.
Шынында да, ет жақынымыз болып есептелетін Емекең елдегі елеулі кісіміздің бірі еді. Күні кешеге дейін белі бүгілген емес. Атан жіліктері сидиған ұзын, қол-аяғы балғадай, алпамыс ағамыз ана жылы Марат екеуіміз сайлаудың əлегімен ойға-қырға шапқыламақшы болып, батасын алуға барғанымызда:
– Сен екеуіңді депутат етіп сайлайтындай, бұл Жезқазған, Қарсақбай табанында өзге ешкім қалмаған ба? – деп біраз бізге көңілі толыңқырамай отырды да:
– Бұйрық біледі ғой. Бəлкім, өтіп те кетерсіңдер. Берейін батамды. Əгаракім, депутат бола қалсаңдар, біздің екі сиырға жыл сайын екі арба шөп түсіріп тұрыңдар, – деп қолын жайған.
Көңілсіз берген батада баян болушы ма еді, Марат екеуіміз екі ай бекер арам тер болғанбыз.
Сол Емекең өмірден озып жатқанда, елге барып, Марат досымның қасынан табылғанға не жетсін! Барайын десем – жер шалғай. Баяғы мың жарым шақырымдық ұзын күре жол. Ұшақпен ұша қояйын десең, баяғы 18 сомның билеті енді жоқ. «Қазақмысты» басқаруға алған кəріс ағайындардың бүкіл Жезқазғанды бауырына басып, билеп-төстегені аз болғандай, Алматыға қатынайтын əуе жолын да «жекешелендіріп» алған: ұшқысы келген күні ұшады, ұшпаса қояды. Билеттің бағасы менің бір айлық жалақымнан асып жығылады.
Сонымен, барайын десем – жер шалғай, бармайын десең – ел қандай!..
Естелікпен өмір сүретін жасқа шынымен-ақ келіп калғанымыз ба, қайдағы-жайдағының бəрі еске түсе береді. Сол сайлаудың алашапқынымен жүргенімізде, алдымызға Қасым Қайсенов пен Камал Смайыловты салып, Байқоңыр ауылына жұртшылықпен кездесуге келдік. Аттандап сөйлейтін бір жеңгеміз:
Осы сені жазушы деп шабылып жатырмыз. Жазғыш болсаң, осы өз ауылыңның өткен-кеткенін неге жазбайсың? Аттың басындай ағаларыңды неге жазбайсың? Махаббат-сахабатты коятын кезің болған жоқ па, əдірам калғыр! – деп шүйліккені бар. Айтты – кетті. Ыбырай Жақаевтың кетпені секілді сол сұрақ менің көкжелкемнен əлі төнеді де тұрады. Кейде шырт ұйқыдан шошытып оятады. Каршадайымыздан қалаға кетіп, елден қол үзіп қалған басымыз, ауылдағы ақсақал-қарасақалдан сөз үйренеміз, əңгіме естиміз деп, əне барам, міне бараммен жүргенде, сол абыз қарттар да түгесіліп бітуге айналыпты. Міне, Емберген ағамыз да аттанып кетті.
Төрт-бес жыл бұрын Көбейсін көкемді, Бекіш жездемді, сұңғыла Сабыр Момбекұлы қарияны қасыма алып, Байқоңырдың оңтүстікбатыс желкесіндегі «Үйтасқа» арнайы бардым. Жетпіс сегізінші жылы, Зəбида əкемнің зиратына қажет қайрақтас іздеп барғанымда, «Үйтас» дегеннің ешқандай қара тас емес екенін көріп едім. Кақпақтастан қаланған қалмақ батырының моласы екенін басындағы жұлдызша белгісінен танығанбыз. Сол «Үйтастың» өзен жақ бойында быжырлаған араб жазуына толы 50-60 жапа тас жатушы еді. Жазу болғанда, бəлен жылы бəленше туды, өлді деген дерек емес, кəдімгі «Қилы заманның» тасқа көшірілген қолжазбасындай, ұсақ-ұсақ маржандай, мол жазу еді. Кітап беттері жерге шашылып түскендей. Сол тас жазуларды ширек ғасырдан соң ұзақ іздедім. «Үйтас» бар, белгілер бар, жазулы жапа тастар жоқ. Ізім-қайым жоқ.
Сабыр ақсақал:
– Ана жылы осы Байқоңыр басында біреу тастан қора салып, соған жазулы тастар қаланып кетті деуші еді. Кімнің қорасы екенін де ұмыттым. Кеңес өкіметі құлағаннан бері талай үй қалаға көшіп, талай қора бұзылды ғой, – деп сарыуайым айтты.
Сабыр шалдың бізге сойған лағының басы піскенше, талай кісіге сұрау салдық. Тастағы жазулар таптырмады. Осы əңгімені Ақселеу Сейдімбекке айтқанымда:
– Құрттың-ау, бала! Жерден қазсаң да, табу керек еді! Тарих сені кешіре кояр ма екен? Томсон Орхонның бойына барарда... – деп бір ұзын сонар əңгімені бастап кеткен.
Іздеймін деген кісіге, «Үйтас» орнында тұр. Оның өзен жақ беті қаптаған қалың тас. Қай төбенің етегінен көргенімді қайдан білейін...
«Үйтасты» сол иыққа алып, əрі жүрсең, шым-шытырық дала жолдары андыздап қоя береді.
Осы құба жонда осыдан отыз жыл бұрын ондаған мың киік баласы өріп жүруші еді. Тұрсын Нұриланы алып қашатын жылы мамыр айының басында, қара жолдың үстінде балалап жатқан киікті жарып өте алмай, тоқтап қалғанымыз есімде. Сол жылдары біздің ағайындар сырттан кісі келіп қалмаса, мал соя қоймайтын. Киіктің ақбас текелерінің сүйкімді еті – елдің ырысы еді. Енді киіктің суретін балаларымызға кітаптан көрсетіп, ертегі айтатын болдық. Ол ертегіңе сенетін бала да жоқ. Соңғы бір жылдары жол үстінде аңырып тұрған екі лақ текешікті сусыз жерде шөлдеп өледі ғой деп, мəшинемізге салып алдық. Бармақтай ғана мүйіздерінің түбінен шып-шып қан шығып тұр екен. –
Өсіріп, бағып-қағарсыздар, – деп, кеңшар директоры Дүйсебек Дүйсенбаевтың үйіне апарып бергенімізде, көпті көрген Дүйсекең:
– Ойбұй, бұл радиацияға ұшыраған жануарлар ғой. Мынау қанды көрмеймісің? Бал беріп бақсаң да, қатарға қосылмайды, – деп өкініш айтқан. Сол екі лақ шынында да мал болмады. Киігіңіз не, радиацияның сəулесі сол жылы құлын біткенді баудай түсірді. Ірі басты жылқы төзеді екен де, қарақұлақтанып үлгермеген құлын тұрған жерінде сеспей кататын көрінеді. Біздің Ұлытау ауданы осындай сұмдықты да көрді-ау.
Ұлытау демекші... Сəбит Мұқанов əкемізден қалған дəстүрмен, бірді айтып, бірге кете береміз. Əлқисса, əлгі екі лақты тауып алатын жолы, Ұлытаудың теріскей бетіндегі «Ащыкөл» деген балшықты суға ем алуға бардық. Əулие-əнбие көбейген, ем-домды көрінген бұлақтан, таудан-тастан іздеп кеткен бір заман еді ғой. Рас, əлі де дос алдамаған, жолдас сатпаған, адам біткен бір мейірбан шақта əлгі Дүйсебек ағамыз, Мұхтар Бəйменов пен Серікбай Омаров досымыз, аудан басшысы Серік Тілеубаев «Ащыкөлдің» басына үй тігіп, егін шаруашылығының бір көк вагонын қойып берді. ЬІдыс-аяқ та, көрпе-жастық та су жаңа. Айдалаға тоңазытқыш та əкелінді. Айтайын дегенім – «Ащыкөлдің» беті толған сыңқылдаған аққу кұс. Қоға-құрақтың арасы – сутышқан. Қырқадан ассаң болды – мыңғырған киік. Қаратай деген қайнағам екеуіміз дырылдаған ескі «Москвич» көлігімен топ киікке барып араласып, суретке түсіреміз. Көзі баданадай жарқыраған киік баласы кандай сұлу! Түн ортасына қарай маңырап-жамырап мыңдаған ақбөкен суға құлағанда, жым-жырт түн ертегінің еліндей күйге көшер еді. Осы өлкеге енді барсаң, емге майын қуыратын суыр таппай сандаласың. Қойнауы құтқа толған Ұлытау мен Кішітау, Желдіадыр тандырдай кепкен табиғаттың музейі тəрізденіп, көңіліңді кұлазытады. Бір ғажабы, калай қарай жүрсең де, қаптаған зираттарға, қараусыз қалған молаларға жолыға бересің. Бір қырқаға шыға келгеніңде, мұржасы сорайған Карсақбай мыс зауыты, оның іргесіндегі құлаған үйлер, қалқайған қабырғалар көзіңе шалынады. Кеше ғана соғыс жүріп өткен өңір тəрізді сұрықсыз сурет көңіліңе қаяу салады. Елестен қашқан кісідей, тезірек жолға түсіп, ауылыңа жеткенше асығасың...
Көтерме жол «Жыңғылдыөзектен» өтіп, біздің «Қоскөлге» жете бере таусылады да, қара жолдың сорабы екі айырылып, бірі – зиратқа бұрылады, бірі – ауылға кіреді. Зиратқа баруға қанша асыққанмен, ауылды аттап кетуге болмайды. «Итсіз ауыл – қорымдағы» аналарым, əкелерім, бауырларым жаққа қарап, жүрек сыздағанмен, дəстүрге бағып, ауылға кіресің. Біздің түсетініміз – Елубайдың үйі. «Жыңғылдыөзектің» балығын аулап, ыстап, қалаға өткізіп жүрген кəдімгі Елубай ғой. Келініміз Ардақ екеуі тапса, тоқты сояды. Таппаса... Əй, таппаған күні жоқ-ау. Үйелмелі-сүйелмелі төрт қыз өсіріп отырған Елубай:
– Келіндерің биыл да қыз туды. Мені жұмаққа барасың деп қуантып қояды, – деп əзілдейді. Екі үлкені – Айсұлу мен Күнсұлу апасының қыс киесің деп əкелген жылы киімдерін киіп алып, пысынағанына карамай, шарайнаның алдында көлбеңдейді. Жетінші сынып оқып жүргенімде ағам Жұмағали маған да костюм-шалбар, табаны падош туфли, тор көз көк ала жібек көйлек əкеліп, мектепке барар кезге шыдамым жетпей, мұздай киініп алып, Ембергеннің үйінің тұсынан бұзау қайырғаным есімде...
Елубай мен Ардақтың күрең бауырсағы пісіп, самаурыны божылдағанша:
– Ассалау... – деп Сапар Қайратұлы ағамыз кіріп келеді. Бұл бұлжымайтын дəстүр. Соятын тоқты-торымның бар-жоғын түгендейді, отын-суды тексереді. Кешке электр шамының сөніп қалмауын қадағалап, оған бір шөлмегін жөнелтеді. Сонсоң барып шайға отырады. Еттің наны салынды-ау деген кезде бұрын ауылкеңес болған құдамыз Доскен де босағадан аттай береді. Басқа ешкімді біз де іздемейміз. Тұрсын отарда болар. Нұрила жеңгей терезесін бүркеп алып, үйінде жатады. Жортуылға күн қызуы басылған соң, кешкілік қана шығады. Жылқы отарын басқарған, кісілігі мол Жандарбек ағамыз біздің шаңымыз қыр басынан көрінгеннен-ақ Елубайдың үйін бетке алушы еді. Ол кісі бір-ақ күнде о дүниелік болып кете барды. Іскендір ағамыз да, Мүгір ағамыз бен Мейрам ағамыз да əлдеқашан аттанып кеткен. Біздің катарымыздан ауылда қалған Иманбек пен Алпыс мен келді деп естісімен, «аң қарауға» жөнеледі. Артық кісі күтіп неғылсын...
Айтпақшы, сол шалдардың көзін көрген, тəрбиесін алған Кұлжанбай деген ініміз Сапармен ілесе келіп, отын жарып, мал сойып, шаруаны үйіре жөнелетіні бар. Ішің жылып қалады. Осындай бір тəуір балалар Əпек ағамыздың үйінде де бар. Аттары да қызық: Тəуекел, Келсеңкел, Алыпкел, Ұмтыл, Вперед. Тəуекел бізбен катар. Впередті де қатарқұрбысы «Пеке» дейтін болыпты. Əпекеңнін балалары сабаққа онша алғыр бола қоймапты. Жазда, оқуға түсу науқаны басталған шақта, Əпек те бір баласын жетектеп, калаға жүрейін деп тұрса, ауылдастары:
– Осы балаң оқуға түсіп не жарытады, Əпеке? – деп қажапты.
Сонда Əпек:
– Балам оқуға түспейтінін өзім де білем. Əншейін, Əпек те баласын оқуға апара жатыр екен деген сөз шықсын дегенім ғой, – дейтін көрінеді.
Сол баласы Тəуекел ақыры институт бітіріп, біраз жыл осындағы мектептің де директоры болды.
... Елубайдың үйінде қона жатып, зиратқа шұбырып барып, əкешеше, ағайын-туысқа аят бағыштап, мауқымыз басылған соң, жайлау іздей бастаймыз. Қоскөлдің басындағы əйелдер жалқаулыққа үйренген. Бір үй бие байламайды. Сиыр сауатындардың өзі аз. Мейрам көкемнің үйіндегі Жібек жеңгеміз қысы-жазы ашымал ұстаушы еді, енді, міне, Мекең де, Жікең де бұл пəниде жоқ. Жалғыз інгенін сауып отыратын Ахат ағаға сəлем беріп, шұбатын қотарып кетуші едік, ол үй де Жезқазғанға коныс аударғалы неше жыл болды. Обалы нешік, кұмның іші толған жеке шаруалар. Қайсысының кай өзекті сағалап отырғанын кісі біліп болмайды. Кешегі мұғалімдер, кешегі дəрігерлер, кешегі шопыр-тракторшылар бес-он қойын айдап, малшы боп кеткен. Бəрінің байығысы келеді. Алла соларға оң көзбен қараса екен, токтысы егіз туса екен деп тілейсің. Байып жатқандары да жоқ емес. Соның бірі – менің туған жиенім Қуанышбай Досжанов. Апам Қалия кайратты, қажырлы, көргенді кісі еді. Ақбоз үйді қосарлап тігіп, үйірлеп бие байлап, күмпілдетіп саба пісіп, мейман келсе екен деп елеңдеп отыратын. Ол жылдары Көбейсін, Шымболат, Мұхтар бəріміз сол ауылдан жиі табылушы едік. Апам түйе қарап кеткеннен бері, жиеніміз жөн таба алмай қалды. Қойдың саны мыңнан асып, мінетін көлігі көбейген сайын Қуанжан дəулетін айтып мақтанатын, жер-көкке сыймайтын болды. Бұрын менің «Жезкеме» деген өлеңімді əнмен айтып қарсы алушы еді, қазір сөзінен жаңылысатынды шығарыпты. Жана кітаптарымды да оқымайтын тəрізді. Содан ба екен, мен де ол ауылға ат ізін салмай жүрмін.
Ең шырайлы ауыл – «Ұзынсордағы» Ғалымның ауылы. Жандарбек көкемнің түтінін түтетіп отырған Мəруа жеңгеміз аударып-төңкеріліп əзер жүрсе де, ұлдарын шаруаға жегіп койған. Кешегі мың жылқының жұрнағы əлі де берекелі. Табыс та бар, мақсат та мол. Жасы қырыққа келгенде Нұрперзент атты ұл сүйген Ғалым ініміз соңғы жылдары көшелі кісілік тауып келеді. Барсаң, құлын сойып қарсы алады. Биенің сүтіне шомылдырады. Қысқы соғымыңа да ен салдырып жібереді.
– Шіркін, ауылым-ай! – деп, Темірхан Медетбек айтпақшы, алшаңалшаң басасың. Талтайып тұрасың. Шалқайып жатасың. Аяулы ағаларыңның, жайдары жеңгелеріңнің сиреп қалғанына жүдеген көңіліңнің наласы сəл де болса сейіліп, көрген күніңе, кешкен ғұмырыңа шүкіршілік етесің. Мəруа секілді ескінің көзі анаңдай аялап, арқаңнан қаққанға марқаясың.
– Əй, қайным! Нұрперзентімнің бір жасқа толғанын Жезқазғанның ресторанында тойлаймын. Ат шаптырамын. Алматы деген мына тұрған жер емес пе, келін екеуің қалайда келетін болыңдар! – дейді Мəруа мерейленіп. Келмей қайтушы едік. Жалғыз Мəруа емес, қалада отырып-ақ үйткен қойдың жамбасын алдыңа тартатын Айман, Əтір, Күлмəрия, Жібек, Кеңгірбайдың Күлəші секілді балбармақ жеңгелерің, Фатима, Балгүл, ІІІынар, Бəйкеңнің Күлəні секілді ыспадияр келіндерің сол баяғы ескі ауылдың сарқытындай болып, көзіңе оттай басылып жатса, елге қарай құстай ұшарсың! Туған жермен қатынаспай қалған азғантай айларда жаның жабырқап, бір жақсыңды жоғалтқандай, бірқызығың кем болғандай, елегізу күй кешесің. Хабар күтесің. Жақсы хабар келсе екен деп тəңірден тілейсің.
Емберген қарттың қырқы да таянып қалды.
Барайын десем – жер шалғай, Бармайын десең – ел қандай!..
Бөлісу: