Абай және демократия - 2

Бөлісу:

30.08.2019 4932

Абай ілімі бойынша Жаратушы өзгермейді және шексіз мәңгілікті. Ал Оның жаратқандары, яғни бұл дүние, үнемі өзгерісте, тұрақтылық жоқ, шегі бар. «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер», немесе «Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi» деп Абай осыны айтады. Әлемде бар болғанның барлығы да уақыты келгенде шегіне жетіп, жоқ болып, жойылып кетіп жатады. Дүние шексіз емес. Демократия – дүниенің бір көрінісі, Жаратушының жаратқандарына, яғни осы дүниенің өркениетіне арналған заңдылық. Ендеше лемократия да шексіз емес, оның да белгілі бір мөлшері бар. Демократияның шексіз болмауы – оның кемшілігі. Демократия өркениетті шексіз дамытуға қауқарсыз.

Демократияның шексіз емес екеніне өмірдің өзі дәлел. Егер демократия жолы шексіз болса, онда демократияның алғашқы пайда болған отаны Көне Греция мен Көне Рим империясы бүгінгі күндері оның өркениеті алға шығып, бүкіл адамзатқа үлгі болулары керек еді. Іс жүзінде Греция қазіргі заманда өзінің экономикалық дамуы жағынан Еуропа елдерінің соңғы қатарында, ал Ұлы Рим империясы өздері кезінде варвар (жабайы) деп атаған демократиядан ешқандай хабары жоқ солтүстік халықтарынан оп-оңай жеңіліп, быт-шыт болды. Бүгінгі демократиясы дамыған АҚШ, Еуропа елдерінде жан тыныштығынан айрылудың кесірінен психикасы бұзылған, инфаркт, инсульт алған адамдар көбейіп жатыр. Мұндай жағдай бұрын болмаған. Яғни, демократия рухани жаңғыру жолында адамға толық қанды өмір бере алмайды. Демократияның белгілі бір мөлшерінде өркениет өз шегіне жетіп, құлдырау жолына түседі.

Демократия дүниенің заңдылығы болғандықтан, ол материалдық өркениетті жетілдіруге ғана, яғни өмірдің белгілі бір деңгейінде ғана тиімді. Демократия материалдық әлемнің заңдылығынан шыға алмайды. Адамзат қоғамында пайда болғанның барлығы да, өрлеу дәуіріне жетіп, сонан кейін біраз өмір сүрген соң, шегіне жетіп, әрі қарай құлдырап, мүлде жоғалып кетеді. Бұл табиғи заңдылық. Бұл заңдылық дүниенің барлық құрамына ортақ. Отбасын алатын болсақ, егер рухани жағын ұмытып, тек қана дүние қызығына берілсе, ондай отбасында әуелгі қуаныш, қайғы-қасіретке айналып, тіршілік шырғалаңдарынан аса алмай, ыдырайды. «Дүние жалған, ол уақытша» деген тұжырым осыдан шығады. Түрлі қоғам өмірінде, тіпті бүкіл мемлекет деңгейінде де осы көріністер байқалады. Демократия орнаған елде әуелде ғылыми-техникалық өркениет жылдам дами бастайды. Адамзат тарихынан көптеген осындай елдерді білеміз. Бірақ олардың барлығы дерлік әуелі тоқырауға ұшырайды да, сонан кейін құлдырау жолына түседі. Аяғында жоғалып, не болмаса басқа қалып алып, өзінің сыртқы бейнесін өзгертіп жатады. Әлемдік деңгейді алатын болсақ, адамзат тарихында Лимурийцы, Атланттар тәрізді өте жетілген өркениет үлгілері болған. Бұлар туралы екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген көне грек ойшылы Платон, Елена Блаватская (1831-1891 гг.) «Тайная Доктрина» атты еңбегінде, Елена Рерих (1879-1955 гг.) «Живая этика» ілімінде береді. Ал Америка құрылығындағы Талтектер тәрізді басқа да көне өркениет үлгілері туралы бүгінгі ғылымның мол дүниесін интернет жүйесінен оңай табуға болады. Көне замандағы ол елдердің өркениет деңгейі бүгінгі күнмен салыстырғанда өте жоғары болған. Әрине бұл елдердің барлығында да жетілген демократия болуға тиісті. Бірақ, әлемнің барлық көрінісі тәрізді, қандай жетілген қоғам болса да, олардың барлығы да жер бетінен жоғалып кетті. Осы тұрғыда айтылған интернет жүйесіндегі Илья деген азаматтың ойын өзгеріссіз келтіре кетейік. Ол былай дейді «Бесспорно, до нашей цивилизации их были ещё. По каким то причинам это не признается официальной историей. Но стоит увидеть своими глазами то, что осталось от них, будь то мегалиты, геоглифы, пирамиды, древние города и прочие достижения технологических цивилизаций, дошедшие до наших дней. Но что самое интересное — выходит, что какими бы технологиями не обладали цивилизации бывшие до нашей и сколько бы их не было, судя по всему они так же как и наша цивилизация воевали, и воевали серьёзно используюя оружие планетарных масштабов, из-за чего и сгинули. А значит, так же как и мы, были разумны не в полной мере, раз не избавились от проблем, которые приводили к конфликтам, и решались эти конфликты уничтожением друг друга. Не умели жить в мире. И наша цивилизация закончит так же, если не научится дипломатии, пониманию, решению проблем без применения каких либо сил. Когда зависть, жадность, злость и прочие чувства берут верх над разумом, в праве ли называть все это разумной цивилизацией…»

Мұндай құбылысты саналы өркениет қатарына жатқызуға болмайды. Бүгінгі күндерді алатын болсақ, демократиялық елдердің саны көбейді. Бірақ соған қарамай, ауа райының бұзылуы, жер сілкіністері, топан су басып, мұхиттағы цунами тәрізді бұрын болмаған түрлі құбылыстардың етек алуы әркімді де ойға қалдырады. Адамдардың кінәрәтті істерінен жиналған қара күштер табиғатты тұншықтырып, жер бетіндегі өмірге қатты әсер етуде. Болмыс үйлесімділігін бұзатын бұл әрекеттерге мән беріп, табиғат өзінше осылай қарсы әрекет етеді. Бұл Алла тағаланың адамзатқа берген ескертулері тәрізді. Ол адамдарға белгі бергендей болады. Бірақ тән құмарынан шыға алмай жүрген бүгінгі адамдар бұл белгілерді түсіне алмайды, тіпті түсінгісі келмейді. Қазіргі заманда қоршаған ортаны, тіпті бүкіл Жер бетіндегі өмірді жойылып кетуден сақтау мәселесі тұр.

Осылардың барлығы демократия жолының шексіз емес екенін, оның белгілі бір мөлшері барын көрсетеді.

Космостық үйлесімділікті сақтау үшін қанша ескертулер болса да, оған мән бермейтін адамзатқа Жаратушы үлкен сынақ беруі мүмкін. Жер бетіндегі тіршілік өзгеріп, жаңа бейне алады. Бұл құбылыс барлық діндердің қасиетті жазбаларында айтылып, оның Заманақыр, Апокалипсис, Армагеддон тәрізді атаулары бары белгілі. Мұндай құбылыстың себебі Жер бетіндегі жылудың өсіп, Солтүстік пен Оңтүстік полюстегі Мәңгі мұздардың еруі; Жердің космостық бір денемен қақтығысуы; Жер осінің ауытқуы тәрізді түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Жер бетіндегі зұлымдықты осылай тоқтатып, имандылықты қалпына келтіру үшін жасалатын мұндай әрекеттер Жаратушыға ешқандай қиындық тудырмайды.

Осыған орай заңды сұрақтар туындайды. Демократияның шектеулі болуының құпиясы қандай? Демократия жолымен дамыған өркениеттің жойылып кету себебі неде? Бұл заңдылық па? Егер заңдылық болса, онда оның аясынан шығу жолдары бар ма?

Қоғам өміріндегі бұл маңызды сұрақтардың жауабын тауып, өркениетті белгілі бір жолға сала білсек, бәлкім адамзат өмірі мүлде басқа бағыт алып, басқаша көрінер ме еді, кім білсін. Сонымен бірге, бұл сұрақтардың жауабы өзіміздің бүгінгі жағдайымызды түсініп, келешегімізді болжау үшін де өте маңызды.

Мәселенің шешімін Абай мұрасынан іздеп көрелік.

Демократияның шектеулі болу себебі оның біржақты заттық деңгейде болуында жатыр. Себебі адамзат демократияны өмірдің түпкі мақсатына жету үшін емес, өздерінің тән құмарын қанағаттандыру үшін пайдаланады. Тән құмары адамды заттық деңгейге түсіріп әлемнің материалдық заңдылығына шырмап тастайды. Материалдық әлемнің сипатын біз білеміз – өткінші, надандық құрсауында және қасіретке толы.

Сонымен демократияның шектеулі болатын себебі – Абай өзінің жетінші сөзінде көрсеткен жан құмарын тән құмарының жеңіп кетуінде жатыр.

Не себептен тән құмары жан құмарын үнемі жеңіп кетеді? Абай мұрасы бойынша, оның себебі адамның өз болмысын қалай қолдана білуінде жатыр. Өмірде адам баласы әрқашан бақытқа ұмтылады. Бұл – жан құмарынан шығатын адамның табиғи қасиеті. Бақыт дегеніміз – қуанышы мол, қайғысыз, ұзақ өмір. Адам баласы жан құмарын өзінің еркі мен қалауы бойынша қанағаттандырады. Бұл ұмтылыс оның негізгі мақсаты, және өмір бойы өзгермейді. Себебі жан құмары жанның өзі тәрізді – мәңгілікті және өте ләззатты.

Жанға өзінің құмарын қанағаттандыру үшін құрал керек. Материалдық әлемде ол құрал – материалдық элементтер, яғни адамның денесі және қоршаған табиғи орта. Материяның екі қасиеті бар. Ол әуелі жанды қоршайды, сонан кейін құлдыратып төмен түсіреді. Көзі байланған адамды қалай оңай адастыруға болатыны тәрізді, мұндай жанды да сондай оңайлықпен жолдан тайдыруға болады. Себебі жан өзін тәнмен балап, материялық әлемнің заңдылығына түсіп қалады. Осылай жан құмары тән құмарына, яғни нәпсіқұмарлыққа айналып, адамды құлдырау жолына түсіреді. Нәпсіқұмарлық күшейгенде ол мөлшерден асып, тәртіпті әлсіретеді. Осы себептен тән құмары бұл дүниеде жан құмарын үнемі жеңіп отырады. Тән құмары жеңгендер адами қаситтерден айрылады. Жетінші қара сөзінде Абай олар туралы «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ» деп суреттейді. Көкірегінде сәуле жоқ, санасы төмен имансыз адамдар талап, ынта-жігерден айырылады. Ынта-жігерден айырылған адам жетіле алмай, өмірден жалығып, жалқаулыққа салынады. Мұндайларды «Жарым адам» деп атап, Абай олардың сыр-сипатын молынан беретіні белгілі.

Үнемі бірқалыпты өмірден адам тез жалығады. Жалығу туралы Абай жиырмасыншы сөзінде былай дейді:

«Тағдырдың жарлығын білесіздер — өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол — тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».

Демократиясы дамыған елдерде заттық өркениет өз шыңына жетеді. Дүниенің барлық қызығын көруге мүмкіндік бар. Адам тән құмарының барлық түрін көрген соң жалыға бастайды. Не себептен жалығады? Себебі дүниие ләззаты шектеулі, сезімдерді қанағаттандыра алмайтын бірқалыпты көріністер. Бірқалыпты қайталану сезімдерді тұншықтырып, адамды жалықтырып жібереді. Жанға үнемі өзгеріп отыратын жоғары рухани ләззат керек. Заттық оны бере алмайды. Шектеулі ләззатпен қанағаттана алмаған жан тығырыққа тіреліп жалыға бастайды. Ол бұл тығырықтан шығу жолын іздейді. Таппаған жағдайда бұл өмірмен қоштасуға дейін барады. Дамыған Батыс елдерінде бай адамдардың кейбіреулерінің суицит жасап, өмірден өтіп жатулары осы себептен болса керек. Байлығы кемеліне жеткен бір адам өзіне суицит жасап, артына «Мен бәрін көріп-білдім, енді маған ештеңенің қажеті жоқ!» деп жазып кетіпті. «Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады» деп Абай осындайлар туралы жазса керек. Демократия өзінің шегіне жетті. Ол адамның әрі қарай дамуына енді кедергі жасайды. Демократия дамыған заттық өркениеттің адамға осындай зияны бар. Мұндай кризистік жағдай көпшілікті қамтығанда бұл бүкіл елдің трагедиясына айналды. Демократияның үйлесімділігі бұзылып, ол төмендей береді. Демократия төмендегенде қоғам да әлсірей бастайды. Осылай қоғам құлдырау жолына түсіп, елдің рухани жағдайы нашарлап, мемлекет әлсірейді. Әлсіреген мемлекет көрші елдердің қармағына оңай түседі. Ұлы Рим империясы тәрізді елдердің жойылып кету себебі де осындай болса керек.

Сонымен, демократияның құлдырау себебі – адамның өзінің жан екенін ұмытып, өзін тәнмен балап, нәпсіқұмарлыққа беріліп кетуінен. Осы себептен өркениеті қандай жоғары дамыған ел болса да, ол уақыт келе құлдырап, ақыры жойылып кетеді. Дүниенің қандай құбылысы болса да осы заңдылыққа бағынып, теңіздегі толқын тәрізді пайда болып, қайта жоғалып отырады. Толқынның өрлеу және құлдырауы тәрізді әлемнің барлық көрінісі де пайда болып, сонан кейін жоғалып жатады. Бұл материлдық әлемнің заңдылығы. Бұл заңдылықты Абай «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді» деп береді. Әр құбылыстың өзінің өзгеру уақыты бар. Мысалы, адам тағдыры – жылдар, мемлекет – жүздеген жылдар, ал жер бетіндегі құбылыстар мыңдаған жылдарда өзгеруі мүмкін. Бірақ мәңгілікті өмір алдында бұлардың барлығы да бір сәт қана.

Сонымен қорыта келгенде, фәни әлемдегі адам өзінің рухани болмысын сезініп-түсінбегендіктен, өзін заттық болмысымен, яғни тәнімен балайды. Заттық болмыстың құрсауына түскен адам жан құмарын тән арқылы қанағаттандыруға ұмтылады. Осылай ол рухани болмысын ұмытып, материалдық деңгейгейге түсіп, заттық қасиет алады. Ал заттық қасиет жан қасиетіне қарама-қарсы, яғни уақытша, надандық құрсауында және өткінші. Осылай адам баласы нәпсіге беріліп, түрлі күнәлі істерге барып, өзінің рухани болмысынан айырылып, құлдырау жолына түседі. Соңында жойылып кетеді.

Жойылып кету деген сөз жоқ болып кету дегенді білдірмейді. Заттық әлемде ештеңе де жоқ болып кетпейді. Барлық құбылыс – түрлі қуаттар көрінісі. Физика заңдылығы бойынша ешқандай қуат жойылып кетпейді және жоқтан бар да пайда болмайды. Қуаттар тек қана бір түрден екінші түрге айналып, өзгеріп отырады. Мысалы Ресей тарихын алатын болсақ, ол әуелі монархиялық ел болды, Қазан төңкерісінен кейін социалистік ел болды, ал 1991 жылдан бастап капиталистік жүйенің бейнесін алды. Осылай Ресей, сонымен бірге біздің ел де, бір ғасырдың ішінде үш түрлі бейнеге өзгерді.

Бірақ өзгеріс кенеттен болмайды. Табиғатта секіру деген жоқ. Инерция заңдылығы бар. Қандай өзгеріс болса да біртіндеп, эволюция заңдылығымен болады. Бұл өзгеріс бірде жоғарылап, бірде төмендеп, синусоида заңдылығы тәрізді көрініс береді. Әсіресе тірі табиғаттың өзгерісін түсіну қиын. Себебі жанда ерік бар. Сол еркімен жан табиғаттың өзгерісіне әсер етіп, бұл заңдылықтың түрлі құбылыстарын беруі мүмкін.

Материалдық әлемнің ықпалынан шығу үшін ой жүйені өзгерту керек. Адамның ой жүйесінің өзгеруі болмыс заңдылығын түсіну арқылы болады. Ол заңдылық – жан құмары мен тән құмарының үйлесімді болуы. Заттық болмыс қана емес, рухани болмысты да ескеру керек. Адамзат өзінің рухани болмысын ұмытып, тән құмарына беріліп, материалдық болмыс ықпалына түскен сәттен бастап әлем құлдырау жолына түседі. Қандай өрлеу болса да, заттық әлем заңдылығынан шыға алмай, әуелі жетілу қарқыны тоқырап, өзінің жетілу шыңына жеткен соң құлдырау жолына түсіп, ақырында қайтадан жоқ болады.

Досым Омаров, абайтанушы, теолог

Автор туралы:

Досым Омаров Қайырбекұлы — 1948 жылы наурыздың бірінші жұлдызында бұрынғы Семей облысындағы Бесқарағай ауданы Бөденелі ауылында дүниеге келді. Орта мектепті 1966 жылы бітіріп, Барнаулдағы Алтайдың политехникалық институтына оқуға түсіп, 1971 жылы тәмамдайды. 1979 жылы Мәскеудің ауылшаруашылығы инженерлері институтына аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертацияны қорғаған соң ғылыми және педагогикалық жұмыстармен айналысады.

1991 жылдан бастап Абай дүниетанымын зерттеуге кірісіп, ҚР Ғылым Академиясы Философия институтында «Абай дүниетанымы» атты тақырыпқа философия ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмыс жазады.

Досым Омаров — «Абайтану курсы», «Ұлылар үндестігі», «Абайтану», «Абайдың рухани мұрасы», «Жасару құпиясы», «Шәкәрім шыңы», «Шәкәрімнің үш анығы», «Единая основа мировых религий», «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негіздері» атты дүниетанымдық кітаптар жазып, сонымен бірге жүзден аса ғылыми-дүниетанымдық мақалалар жариялады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар