Реформатор

Бөлісу:

01.09.2019 5525

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы рухына

Алтын күннен баға жетпес белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың...

М.Жұмабаев

Сәуле шашпақ білімімен жаһанға,

Күңірентіп күйге бөлеп алқапты.

Бір жолаушы келе жатты жапанда,

Асығыстау салт атты.

Маңғаз дала емес сірә ол қысқа,

Ұшқан құстар үні естілер үзілген.

Ауыл жатты шұбатылып әр тұста,

Қаз қатар боп тізілген.

Ат үстінде кейде сергіп салды да ән,

Көтереді көңіл күйін сезініп.

Жөн сұрады жол-жөнекей алдынан,

Бір қария кезігіп.

Сәлемнен соң деді осы бала сен,

Жүзің жылы көрінеді қарасың.

Ауыл қайда, өзің кімнің баласы ең,

Балам қайда барасың?

Жауап қатты, кідірместен ұлыңда-ақ,

Ата-ананың жанарының қарасы ем.

Ахмет деп, атын қойған ырымдап,

Байтұрсынның баласы ем.

Жалынатын тәңіріне, жол тілеп,

Иә, ата мен бір қазақ баласы.

Туған ауыл кіндік-мекен Сарытүбек,

Ұлы Торғай даласы.

Тосын сауал қойдыңыз-ау бауырға,

Тасқындаған ұлан еді талабым.

Ашылмаған бұлақ көп ғой ауылда,

Қайнар көзін ашқалы мен барамын.

Алашым деп арналады сана мың,

Ағартуға алыс жатқан ауылды.

«Маса» болып оятуға барамын,

Ұйқыдағы қауымды.

Өзіңдей ұл туа берсе сөнбес ел,

Қуанды да, жөн сұраған шал ғайып.

Деп «өркенің өсе берсін ендеше»

Бата берді қол жайып.

Баталы Ахаң өнер алды «әліп» деп,

Іс жасады қайманаға өтімді.

Ең әуелі «Ана тілін» дәріптеп,

Жаңартуға бекінді.

Ерінбеді білім жолын көп іздеп,

Қаламады рухани азуын.

Араб харпін «Ана тілге» негіздеп,

Жасап жаңа жазуын.

Өкінбеді өткенімен жас шағы,

Халқы үшін қалай ғана аянбақ.

Жаңашыл бір ағартуға бастады,

«Тіл -құралын» даярлап.

Қандай тұлға жеміс берген дән үккен,

Алғыс жолдап тұрғандай мың даласы.

Сауат ашты Ахаң ашқан әріппен,

Бүкіл қазақ баласы.

Ахаң ашқан таралымы мол жазу,

Алтай асты, Арқадан да өтті де.

Тарап кетті бар қазаққа сол жазу,

Парсыға да жетті де.

Мәңгі есімі жоғалмайтын жалғанда,

Қайтіп мадақ айтса да мың сиып тұр.

Алашым деп кеткенімен арманда,

Ахаң әлі биік тұр!

Тоғысатын ұлылықпен қарашы!

Аға берер арнасымен ұлы аққан.

Сусындайды талай алаш баласы,

Ахаң ашқан бұлақтан.

Жанат Боқашұлы,

Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы

Бөлісу:

Көп оқылғандар