Қуандық Шамахайұлы. Жиырма жыл өткенде

Бөлісу:

05.09.2019 5626

Астананың ең көрікті жеріндегі бизнес орталығы. Әсем ғимараттың әйнек қабырғаларында жалт-жұлт еткен жарнамалық көрсетілімдер түрліше құбылып, көздің жауын алады. Осынау еңселі бизнес орталығының қақпасына зулап енген, сырты жалт-жұлт еткен қара түсті «джип» көлігі тұп-тура кірер есікке тақап барып тоқтады.

Көліктің артқы есігінен түскен компания директоры Медетбек ішке енгенде, күзет қызметінде отырған екі жас жігіт орындарынан атып тұрып, сәлемдесті. Оларға бас изеп қана ернін жыбырлатқан басшы жігіт жедел сатымен он екінші қабатқа лезде көтеріліп, ат шаптырым кең кабинетіне келіп кірді. Төбеден еденге дейін жалғасқан биік терезеден қаланың ландшафт алаңқайы мен айналасында сап түзеген сәнді ғимараттары көзге түседі. Таңнан бері бір рет те толастамаған ақ жауын әлі себелеп тұр.

Күнделікті қайталанатын қарбалас тірлік пен қаптаған жиындар, таусылмайтын жобалық бағдарламалар, маусым сайын жасалатын бизнес жоспарлар мен оның есеп-қисабын бақылау секілді қым-қуыт шаруалар соңғы кезде оны жалықтырып жібергендей. Медетбек қабағы түйіліп, түнерген жаңбырлы аспанға бір сәт көз жүгірте қарады да терең дем алып, орнына жайғасты. Құжаттарын парақтай отырып, таңертең шай үстінде айтқан анасының сөзін еске алды.

«Балам, мен қартайып барамын. Сен де міне, жасың қырықтан асты. Неге бас құрамайсың? Ауылдағы Қалима құрбым кеше хабарласты. Сенімен бірге оқыған ұлының тұңғышы үйленіпті. Жасы жиырмаға келген немересінің қызығын көріп отыр ғой. Оның жасында сен студент болдың. Ол тұста менің айлығым шайлығыма жетпейтін. Сен оқу бітірген кезден бастап, тұрмысымыз түзелді ғой. Кейін қызмет бабымен, өкіметтің қамымен біраз жүріп қалдың. Сен әкеден жастай жетім, мен байдан ерте жесір қалдым. Тіршіліктің тауқыметін көп тартсақ та, осы күнге аман сау жеттік қой. Ал, енді не жетпейді, саған?».

- Апа, болады ғой.

- Не болады, қашан болады? Мен өлген соң ба?

- Қойыңызшы, апа! Бір күні қолынан жетелеп алып келемін.

-Үнемі өстисің. Әкел, енді! Егер әкелмесең үйге кіргізбеймін.

Бұрын талай естіп жүрген сөзі. Анасы оны өз үйіне кіргізқайда жіберсін. Кешке келгенде дәмі тіл үйіретін тамағын дайындап, күтіп отырады. Ұлы анасына көмекші болсын деп үй қызметші жалдаған. Бірақ, шешесі оған ас-су әзірлетпек тұрмақ, асүйге бас сұғуына қатаң тиым салған. Дүкеннен керек-жарағын алдырып, бөлмелерге тазалық жасатып алады да, қызметшіні дереу үйіне қайтарады.

Анасының туыстары, жақын жанашыр жандар, Медетбектің достары оған талай қыздарды таныстырды. Таныстыруға түрлі сылтау да табыла кететін. Туған күн, анау мереке, мынау мейрам дей ме, пәлен-пәштуан тақырып көп-ақ. Бірақ, сол танысулар мен табысулардың ешбірінен нәтиже шықпады. Одан тыс қызмет бабымен әдейі іздеп келіп, бірдемелерді сылтауыратып жақын жүруге тырысатындар болады. Медетбек олардан әрдайым ат-тонын ала қашып аулақ жүреді. Тым пысық тақылдап қалған, көздері ойнақшыған, қулығын асырып, жасанды қылықтарымен баурап алғысы келіп тұратын зымиян қыздарды тіпті суқаны сүймейді.

Бизнесі пайдаға кенелген, тасы өрге домалап тұрған салт бас, сабау қамшылы жігітті уысына түсіруге кім тырыспайды. Туған қарындасын, еркетотай қыздарын да Медетбекке сыңар еткілері келетіндер баршылық. Ондайлардың ешбіріне көз салып, назар аударған Медетбек жоқ. Соңғы кездері жұрт жалықты ма, әлде, қырықтан асқаннан кейін шынымен де бәрі одан үміт үзді ме, таныстыру-табыстыру жағы пышақ кескендей тыйылған жайы бар. Бұл да бір есептен жақсы болды. Әркім бір мазасын ала бергенді кім ұната қойсын.

Бүгінгі ауа райынан ба, Медетбектің еңсесі езіліп, көңіл-күйі құлази берді. Өзін топ ішінде жалғыз қалғандай немесе бір сарынды мына тірлігі жалықтырғандай біртүрлі жабығып отыр. Арасында, «Иә, анашым! Мен де жиырма жасымда үйленген болар едім-ау, әнтек...», - деп іштей сыбырлап қояды.

Есіктен шұғыл кірген хатшы қыз оны ауыр ойдан арылтқандай болды.

- Мынау, кешеден бері келіп түскен түйіндемелер, аға!

- Ілікке аларлықтай біреулері бар ма екен? Тағы осының алдындағылардай ма?

-Аға, мен барынша сұрыптап, тәуірлеулерін іріктегендей болдым. Сізге шай, кофе? Не әкелейін?

- Ештеңе керек емес. Бара бер!

Компанияның құқық басқармасы басшысы министрлікке ауысып кеткелі Медетбек сайт-порталдар мен газет, басылымдарға хабарландыру жіберіп, білікті заңгер маман іздестіріп жатқан жайы бар. Әдетте, көшеге шығып таяқ лақтырсаң бір заңгердің басына тиеді деуші еді. Онысы рас секілді. Бірақ, олардың арасынан білікті маман табу мұң екен. Бірқатар үміткерлерді шақырып, әңгімелесіп көрді. Олардың бәрі ірі компанияның жоғары жалақысына қызыққандары ғана болмаса, қолдарынан келері шамалы секілді көрінді.

Медетбектің таныс-білістері, дос-жарандарынан бастап, үкімет кабинеті мен парламент маңында көз көргендеріне дейін бәрі біреулерді ертіп келіп, мақтауын асырып тықпалайды. Бірақ, сонда да, олардың арасынан да жібі түзу бір үміткер шықпады.

Хатшысы әкеліп тапсырған папкіні ашып, түйіндемелермен мұқият таныса бастады. Оқығандарын үстелдің келесі жақ шетіне қарай қойып отырды да, кенет кезекті біріне көзі түскенде:

- Мынау Мәдина ғой! – деп, орнынан қалай атып тұрғанын өзі де аңғармай қалды.

***

Сол жылы Мәскеудің күзі жайма шуақ мамыражай басталғандай, жүрек тебірентерлік бір сиқырлы тылсым сыры бардай сезіліп еді. Көңілге беймәлім бір қуаныш сезімін ұялатып, көкірегінде алда болатын әлде бір жақсылықты асыға күткендей ме, алып-ұшып жүретін. Медетбектің жадында күні бүгінге дейін мәңгі сақталған сол бір күзде ол Ломоносов университетінің төртінші курсына көшкен болатын.

Студенттік жатақханаға баратын ұзын жолдың бойымен жаяу өрлеп келе жатыр еді. Қарсы алдында сол жақ иығына үлкен сөмке ілген, оң қолында ірілеу шабаданы бар сұңғақ бойлы қыз кетіп бара жатты. Жүгі тым ауыр болса керек, әлсін-әлсін жерге қойып, сәл бөгеледі де, қайтадан алға ұмылады. Қатарласа келе айтты:

- Қане, жүгіңді маған бер, жеткізіп салайын. Қайда барасың?

- Екінші жатақханаға! – деді, қыз қуана күлімсіреп.

- Мен де сонда тұрамын – деді де, шабаданы мен сөмкесін қолына алып, екеуі қатарласып жүріп кетті. Алғашында қыздың азиялық екенін аңғарғанымен оны бурят, саха, алтай қыздарының бірі шығар деп ойлаған. Есімдерін сұрасқанда ғана екеуі де қазақ екендерін білісті.

- Мен сізді тува ма, қалмақ па, әлде, моңғол ұлтының өкілі шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, өз ағам екенсіз ғой. Екі қазақ өзара орысша сөйлесіп келе жатқанымыз қызық болды ғой – деп, күлімсіреген Мәдинаның жүзіне тесіле қараған Медетбек одан ерекше бір жылылықтың лебін сезінгендей болды.

«Сұрастыра берсең, қойныңдағы қатының да қарын бөле болып шығады» демекші, қарға тамырлы қазақтың қызы мен жігіті бір қалада, бір мектепте оқыған жерлестер болып шыққанда тіпті, таңғалысты. Жат елде жүргендер үшін иісі қазақтың бәрі бауырындай көрінетіні заңдылық. Ал, екеуі елдес қана емес, тіпті жерлес, оның өзінде бітірген мектептері ортақ, қазіргі білім алып жатқан оқу орны мен жатақханасы бір болса, құдайдың өзі табыстырғаны емей, немене.

Осы танысудан кейін Медетбек пен Мәдина лезде тіл табысып қана қойған жоқ. Қос жүрек жақыннан бірге соғып, бір бірін қас қағым сәт көрмесе, «қайдасың» деп шарқ ұрып іздейтін жағдайға жетті.

Үйінен ұзап көрмеген, жаңадан мектеп бітіріп, бірінші курсқа түскен Мәдина үшін Медетбектей арқа сүйер азаматтың тап болғаны тағдырдың сыйы іспетті еді. Сабақтан тыс уақыттарда қаланың көрікті жерлерін бірге аралап, кейде кешкісін кинотеатрларда иық тірестіріп қатар отырады, емен-жарқын әңгімелесіп, саябақта бірге серуендейді, кештетіп жатақханаға қолтықтасып, жұптасып келеді. Осылайша, үнемі араларынан қыл өтпей қатар жүретін болды. Құшақтасып, сүйісуден басталған алғашқы махаббаттары күн өткен сайын лаулап жанып, қысқы сессия аяқталар алдында тар төсекте табысып тынған болатын.

Сессия бітіп, каникул басталарда Мәдина елге барып демалып келетін болды. Ал, Медетбекте ондай мүмкіндік жоқ еді. Азғана стипендиясы өзінен аспайды. Баруға, қайтуға пойызбен жүру тиімсіз. Демалыстың біраз күні жолға кетеді. Ұшақтың билетін оның қалтасы көтермейді. Екі аптаны Мәскеуде, жатақханасында кітап оқып жатып өткізбеске өзге амалы жоқ.

Университеттің кәсіподақ комитетінен қала маңындағы санаторияға екі жолдама алуына болар еді. Бірақ, Мәдина елге барамын деп қоймады. Оған біріншіден, әке-шешесінің арнайы ақша салып, келіп-кетуді тапсырғаны себеп болса, екінші жағынан курстас құрбысы Айнаның ықпалы зор болды. Ол Мәдинамен бірге Жезқазғанға барып бір апта бірге демалмақшы. Каникулдың соңғы аптасын екеуі бірге Шымкентте өткізбекші.

Медетбектің олармен бірге шығып кетуіне де болушы еді. Мәдина да қиылып тұрып, жалынды. Бірақ, амалы қанша, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Қала театрында еден жуатын жалғызбасты анасын қинағысы келмеді. Әрине, жалғыз ұлын ол кісі де сағынып жүргені анық. Бірақ, алыстан ат арылтып келген ұлының жолына тиын-тебен тауып беремін деп қиналып қалады ғой. Анасын аяп, Мәдинаны қимай ақыры, Айна екеуін әуежайға шығарып салып, көңілі құлазып жатақханасына келіп жантайған еді.

Түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай дөңбекшіп жатты. Мәдинаны шығарып салғаны жаңа ғана болса да, қатты сағынып қалды. Онымен алғаш танысқан күнін, бірге жүрген сәттерін, тар төсекте бірнеше рет тас құшақтасып, рақатқа батқан сәттерін еске алды. Ұшаққа шығу залында құшақтасқандағы ыстық демі дәл қазір бетін сипап өткендей болады. Бал татыған ерні мен мақтадай жұмсақ беті мен ақша қардай тамағын дәл қазір өбіп алғандай сезім бойын билейді. «Ол да мені дәл осылай ойлап отыр ма екен? Ұшақта ояу ма, әлде, ұйықтап қалды ма? Айна екеуі алаңсыз әңгіме-дүкен құрып, Мәдинам мені есінен шығарып алмаған болар. Жо-жоқ, ол да мені ойлап отыр. Айна ауыз жаппай әңгіме айтса да, ол бас изеп, әдеттегісінше, жымиып қойып, мені ойлап отыр». Медетбекті сан-сапалақ ойлар әбден мазалады.

Ұйқысы шайдай ашылып, кірпік айқастыра алмаған соң бөлмесінің шамын жағып, кеше ғана жаңадан сатып алған кітабын парақтады. Оқи бастаған сәтте мына бір жолдар ерекше назарын аударды. «Уақытша алыстау – қос ғашықтар арасындағы махаббат берік болса, оның от жалынын одан ары маздатып өртейді. Ал, осал болса, біржолата сөндіріп тынады».

Тура өзіне арнап жазғандай Медетбекті таңғалдырды. «Екі аптада екеуіміздің махаббатымыздың оты алапат өртке айналатын шығар», - деп сыбырлады. Солай болуы керек еді.

Екі апта бойы уақыт тоқтап қалғандай Медетбек әр сағатты санап, зорға өткізді. Мәдина кеткелі төрт күн өткен соң үйіне телефон соғып сөйлесті. Сағынып-сарғайып зорға жүргенін, тезірек келуін тағатсыздана күтетінін азғана минуттың ішінде айтып, «жаным мен сенсіз өмір сүре алмаймын» деп түйіндеді.

Мәдина да өзінің сыңғырлаған әсем даусымен жауап қатып «иә, мен де», «менің де жағдайым дәл сендей», «өзің де білесің ғой, мені», «жолыққанша күн жарық болсын» деп жауап қатты. Оның жайын да түсінуге болушы еді. Үй телефоны. Оның үстіне қасында әке-шешесі, аға-бауырлары бар дегендей. Үш күннен кейін Айна екеуі ұшақпен Шымкентке баратынын, бір аптадан кейін сол жақтан Мәскеуге қарай шығатынын, билет алған соң телеграмма салатынын межелі минут біткенше айтып үлгерді.

Медетбек екі көзі төрт болып телеграмма күтті. Каникулдың соңғы аптасы аяқталуға жақын қалды. «Олар Шымкенттен ұшаққа билет алған болуға тиіс. Неге телеграмма жібермей жатыр? Мәдина аяқ астынан жатақханаға жетіп келіп, маған тосын сый жасамақшы ма екен?» - деп те ойлап қояды. Сабақ басталуға бір күн ғана қалды. Телеграмма ұшты күйлі жоқ. Бәлкім, пойызбен шыққан болар деп те топшылады.

Сабақ басталғалы бақандай екі күн өтсе де Мәдина келмеді. Тағаты әбден таусылып, бөлмесіне барды. Онымен бірге тұратын украин қызы оның былайша кешіккеніне өзінің де таңданып отырғанын айтты. Айна да келмеген. Жаманаттың беті аулақ! Ондай бола қалса алдымен, деканатқа хабар келер еді.

Төртінші күн өткенде, сабақтан соң жолда кітапханаға соғып бөлмесіне келгенде бірге тұратын тува жігіт:

- Айна деген қыз сені сұрап келіп кетті! – деді.

- Мәдина екеуі келді ме?

- Мәдина жоқ. Ол қыз жалғыз өзі келді.

Салып ұрып, бесінші қабатқа жетті де Мәдинаның бөлмесінің есігін қақты. Украин қыз есік ашты.

- Мәдина келді ме?

- Жоқ. Сізге хабарласты ма?

- Хабарласқан жоқ. Ол келіп қойды ма деп ойлап едім.

- А, түсіңізде көрген болдыңыз ғой – деп, күлімсіріп қояды.

«Мысыққа ойын, тышқанға өлім» дегеннің кері. Мәдинаны өлердей сағынып, қашан келерін ойлап, жолын тосып, жабығып, жалғызсырап жүрсе, бұл өзінше мысқылдайды. Тапқан екен, қалжыңдасатын уақытты.

Салып ұрып Айнаның бөлмесіне жетті. Оны көрген Айна түйіліп келген бүркітке тап болған қоянның көжегіндей жасқаншақтап, қос жанары бақырайып, отырған жерінен селк етіп, атып тұрды да:

- Медетбек аға, мені кешіріңізші! Бұлай болады ойламап едім – деп, жылап жіберді.

- Не болды? Мәдина ауырып қалды ма, аман ба, өзі?

- Дін аман, еш ауырған да жоқ...

- Ендеше, несіне жылайсың? Ол қайда?

- Ол Шымкентте қалды... – деп, қыз одан ары еңіреп тұрып жылады.

- Не дейді, мынау? Шымкентте қалғаны несі?!

- Оны алып қашты... тұрмысқа шығып...келін боп түсіп...

Медетбек ары қарай тыңдамады. Есікті тарс жапты да шығып кетті. Өңі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен ол көше бойлап, сенделіп кетіп бара жатқанын көрген Монгуш деген тува жігіт соңынан жүгіріп жетті:

- Медетбек, қайда тарттың? Саған не болған?

- Ішім өртеніп барады. Мен арақ ішемін...

- Қой, сен бұрын татып көрмеген едің ғой...

- Енді, ішемін. Ішпесем, өлетін түрім бар...

- Жарайды, жүр! Мен апарайын, мұнда бір кафе бар.

Үстел басына отырып, Монгуш тапсырыс берді. Ас-су келгенше, одан ештеңе сұрамады. Даяшы келіп, ащы суды екеуіне грамдап құйды. Монгуш үнсіз ғана қолындағысын көтеріп, тартып қалды. Медетбек те оған еріп, қағып салды. Бірақ, қатты ашырқанып, алақанымен аузын басты. Алдындағы тіскебасардан асап жіберген Монгуш:

- Мәдинаға бірдеме болды ма?

- Болғанда қандай, тұрмысқа шығып кетіпті.

- Ал, ендеше. Ол сенімен үйленіп қойғандай бірге тұрып, жүреді де еліне барып тұрмысқа шығады. Екеулерің келер жазда үйленетін едіңдер ғой. Ал, оның мұнысы несі?

- Біреулер алып қашып кеткен ғой. Содан ...

- Бөртені ұрлаған меркіттердей болған екен. Несіне мұңаясың? Қане, досым! Екеуіміз ертең жолға шығайық. Мәдинаны олардан қайтадан тартып алып келейік.

- Болмайды! Енді, бәрі бітті...

- Бұл жерде Мәдинаның не кінәсі бар? Құтқарайық, ол сені сүйеді ғой.

- Дәстүр солай. Ол алғаш барған күні босаға аттамай қоюы керек болатын. Енді, тіпті кеш. Сол Шымкентке бекер барды. Бәрі кеш...

- Ендеше, өткен іске еш өкінбе, досым! Қабағыңды аш, серпіл, бәрін ұмыт, қане, алып қояйық!

- Не үшін ішейік? Монгуш, сен бірдеме айт!

- Мен айтар болсам, былай. Мәдина бақытты болсын! Босаға аттап қойған болса, бітті. Енді, оны Медетбек тез ұмытсын!

Бұрын-соңды спирттік ішімдік атаулыны татып көрмеген Медетбек тез масайып қалды. Әлсін-әлсін қарқылдап күле береді. Монгуш оның көңілін көтеру үшін неше түрлі күлкілі бірдемелер айтуға тырысады. Сөйтіп отырып, түннің бір уағы болғанда кафені жаптырып барып, екеуі құшақтасып жатақханаларына қайтты.

Сол күнгі вахтада Маруся деген жайлы мінезді апайлары кезекші еді. Екі масты қанша кеш келсе де ішке енгізді.

- Монгуш, мұның не? Өзің ішкеніңмен қоймай енді, Медетбекке үйретейін дедің бе? Тыныш барып ұйықтамасаңдар, айықтырғышқа жіберемін.

- Маруся тәте, ол бәрін ұмытуы үшін ішті, тек бүгін ғана.

- Әрине, ішкен адам есінен адасады. Мұның әлгі сұлуы қайда?

- Тсс..шш, оны айтпаңыз. Сол қызды ұмыту керек.

- Әй, ұмытқыштар! Бөлмелеріңе барып, қорылдаңдар!

Медетбек таңертең төсектен басын көтере алмады. Ішкі құрылысы алай-дүлей боран соғып жатқандай астаң-кестең. Басына біреу толтырып жүн нығап тастағандай. Шағып ауырғанда, шыбын жанын шырқыратып шығара жаздап тұр. Ал, Монгуш ештеңе болмағандай әндетіп, шай-суанын дайындап:

-Медет, кел шай ішіп ал! – деп, қояды.

Мұны естігенде, Медетбектің іші-бауыры түгел солқылдағандай болып лоқси бастады. Монгуш терезенің алдында тұрған үш литрлік банкіні әперіп, қолына ұстата қойды. Сол-ақ екен лақылдатып құсты дерсің.

Маңдайынан суық тер бұрқ ете қалған сәтте кеуде толған өрттің жалыны бәсеңдегендей болғанымен, басы жарылып кетердей лық-лық етеді. Монгуш оны қайтадан төсегіне жатқызып, алдына шелек әкеліп қойды.

- Сен осылай тапжылмай жатып ұйықта! Сабақтан келген соң сені өзім емдеп, сауықтырып аламын. Сені ауырып қалды деп деканатқа айтамын. Еш алаңдама, біздің туваларда «ішпейтін еркек жоқ, тумайтын қатын жоқ» деген сөз бар. Жазылып кетесің, – деді де, ол кетіп қалды.

Басының лықылдауы, асқазанының батып ауырғанымен қоса Мәдинадан көз жазып қалғаны одан бетер жанын қинап, өкініш өзегін өртейді. Оңаша жатып, өткен күндері ойға оралғанда, егіліп тұрып жылады. Тұла бойының сау тамтығы қалмаған секілді, бүкіл денесі сыздап-сырқырап ауырады. Жүрегі қан жылайды.

Басының әңкі-тәңкісі шығып, талықсығандай болып жатып қатты ұйықтап кетіпті. Тасыр-тұсыр еткен дыбыстан оянып кетті. Монгуш сабақтан келіп жатыр екен. Түс ауып кеткен болса керек.

- Жағдайың қалай, Бөртесінен айырылған ер Тэмүжін? – деп, қояды.

Басы тәуір болғанымен, ішкі құрылысы әлі жайсыздап тұр. Монгуш сөмкесінен екі бөтелке сыра шығарып келіп, бірін Медетбекке ұсынды:

- Дем алмастан бірақ тарт! Дереу сауығып, аттай желіп шыға келесің.

Тамағынан ары жүрместей боп жүрегі айныса да, досының пәрменімен жиіркене-жирыла отырып, ішіп алды. Аузын басып, көзін тас жұмып біраз отырды. Сәлден соң тұла бойы қара терге малшынғандай болды да, біртүрлі жеңілдеп қалды.

Жағдайы түзелген соң Медетбек үш нәрсеге серт беріп, өзіне өзі іштей ант-су ішті. Біріншісі, осыдан былай арақ-шарап атаулыдан қырық қадам аулақ жүруге, екіншісі, ешбір қыз-қырқынға қарамай, өмір бойы үйленбей өтуге, Мәдинаны мүлде ойламай жадынан мәңгілікке өшіруге.

Алғашқы екеуін мүлтіксіз орындағанымен, соңғысына шамасы жетпеді. Мәскеудің қай тұсына шықса да, Мәдинамен бірге серуендеген саябақтары, қатар отырып кино көрген театрлары, қолтықтасып жүретін жолдары үнемі есіне салып тұратын.

Бірде одан хат алды. Саусақтары дірілдеп конвертті ашып, маржандай тізілген көркем жазуына көз жүгіртті: «Жаным Медет! Маған ренжіп жүрген боларсың. Мән-жайды Айна саған жеткізгендіктен бәрін тәптіштеп жатпайын. Тағдырдың басқа салғаны. Бұлай болады деп үш ұйықтасам, түсіме кірмеген еді. Мына қараңғы қапаста амалсыздан ғана тірі жүрген секілдімін. Жүрегім қалаған, жанымдай жақсы көрген алғашқы махаббатым, шын сүйген ғашығым менің! Сенен жырақта, танымайтын-білмейтін біреудің қатыны болып күн көрудің мен үшін қандай қасірет екенін түсінсең ғой. Пешенеме жазылғаны осы болса, не шара...

Бірақ, мен үшін бұл жалғанда сен ғана шын ғашығымсың. Солай болып қала бересің. Өмір бойы сүйіп өтемін. Айнаға ермегенде, сенімен бірге Мәскеуде қалғанымда бәрі басқаша болар еді. Бұл өкініш өмір бойы өзегімді өртеп өтері хақ. Бұдан бұрын саған тым қатты бауыр басқаныма, өте ерте қойныңа енгеніме, өзімді кінәлі санайтынмын. Жеңілтектік жасадым деп өзімді ұдайы сөгетінмін. Ал, енді керісінше, қуанамын. Өзім құлай сүйген жаныма пәктігімді ләззат етіп сыйладым, несіне өкінейін... Қош бол, мәңгілік арманым! Саған тек бақыт тілеймін! Сенің Мәдинаң».

Медетбек оған жауап жазбадым. Мәдинадан алған алғашқы және соңғы хаты да осы болды. Құжаттарын Ломоносов университетінен жергілікті оқу орны сұратып алды дегенді деканаттың хатшысынан естіген.

Елге келгеннен кейін бес-алты жылдан соң Мәдинаның дәл сол жылы қызды болғанын, сәбиі қырқынан шыққан соң күйеуінен ажырасып, туған жеріне келгенін, қазіргі күні Жезқазған қаласындағы ірі комбинатта заңгер болып істейтінін ұзынқұлақтан естіген.

Енді міне, тура жиырма жылдан кейін өзі басқаратын компанияға жолдаған түйіндемесін оқып отыр. «Отбасы жағдайы» деген тұсына қайтадан бір көз жүгіртті. «Жалғызбасты, ажырасқан. 19 жастағы қызы Медетгүл – студент».

Медетбек хатшы қызды шақырды да:

- Мына резюмедегі телефон нөмірлеріне дереу хабарласып, қазір мына кісіні менің қабылдауыма әкел!

Жарты сағаттан кейін хатшы қыз телефон соқты:

- Аға, резюме бойынша ғой. Әлгі үміткер келіп тұр. Кіре берсін бе?

- Иә, кіре берсін!

Сәлден соң есік ашылып сұңғақ бойлы, аққұба келіншек имене кіріп келе жатты...

2019 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар