Бейбіт Сарыбай. Силуэт
Бөлісу:
(әңгіме)
– Шешiнiңiз, – дедiм.
Ол бетiме қарап үнсiз тұрып қалды. Қапелiмде аузына сөз түсер емес. Сәлден кейiн ғана есiн жиғандай болып:
– Келмей жатып сiздiкi қызық екен… Ентiгiмiздi басып алсақ болар едi. Әлде ақшаң төленген деп басынып тұрсыз ба? – деп, бетiме тiктеп қарады.
– Кешiрерсiң, мен сәл асығыстық жасаппын. Бөлменiң есiгiн кiлттемептiм де ғой. Мүмкiн кофе iшiп шөлiмiздi басып алармыз. Содан кейiн асықпай кiрiсермiз...
– Алғаш рет болған соң ба, өзiмдi жайсыз сезiнiп тұрмын. Бiр бiрiмiзге етiмiздi үйретiп алсақ жарар едi.
– Айтқаның болсын. Алайда, сен менiң алдымда мұншалықты қысыласың, бүкiл бiр топқа ортақ болып келсең, мүлде қиналып қалғандай екенсiң. Оның үстiне бiз топқа ортақ қылып алған қыздармен аудиторияда-ақ жұмыс жасай беремiз. Ал жатақханада екеумiз ғанамыз. Кiмнен қысыласың?
***
Бала күнiмнен арманым болған суретшiлiк өнердi шындап қолға алған кезiм едi. Университеттiң суретшi-дизайнер факультетiнiң 3-курсында оқитын мен үшiн қыздардың жалаңаш тәнiн көру соншалықты таңсық емес. Алғашқы курстарда әсерi болғаны рас. Кейiн келе барлығымыздың да етiмiз өлiп кеткен. Ең бiрiншiсiнде қызық болған. Өзiмiздi әлдеқашан классиктердiң қатарына қосып қойған бiр топ студент бес қаруымызды сайлап алып отырғанбыз. Мұғалiмiмiз бүгiнгi күнi натурщицамен жұмыс iстейтiнiмiздi ескерткен. Бiраз уақыт өткеннен кейiн ұстазымыз талдырмаш бойлы әдемi қызды ертiп келдi де, бiзден:
– Дайынсыңдар ма?–деп сұрады. Бiз бiрауыздан дайын екенiмiздi жеткiздiк.
– Ал, онда iске кiрiсiңдер. Үлгермей қалуларың мүмкiн. Бiр сағатқа ғана алдым, – дедi де, қызға қарап: – бастай берiңдер, – деп ескертті. Натурщицамыз бiзден бұрын да талай суретшiмен жұмыс iстеген болса керек, еш қысылмастан үстiндегi бар киiмiн сыпырып тастады да, лыпасыз тұрған қылпында:
– Сiздерге қалай отырғаным ыңғайлы?–дедi.
Бiз сол кезде ғана есiмiздi жиып, бiр ауыздан „бiзге бәрiбiр“ деп шулап сала бердiк. Тiсқаққан қыз бiздiң бақырайған көзiмiзге қарап бiр күлiп алды да орнына жайғасты.
Мiне, сол алғашқы натурщицадан берi нешеме қыздың жалаңаш тәнiн суреттедiк. Бiр ғана қызды қатар отырған алты бiрдей суретшi кескiндеймiз. Әрине әрқайсымыздiкi әртүрлi болып шығып жатады. Алайда, мақтанғаным емес, солардың бiр де бiреуi менен асырып әспеттей алмаған шығар. Басқа жанрларда жақсы жаза алмасам да алдыма әйел келгенде шабытым қозып, қаламым озып сала бередi.
Оның үстiне өзiмнiң сүйiп таңдап алған жанрымның өзi де портрет жанры едi. Кейiн келе даңқты батырлар, ұлт ұранына айналған қазақтың бiртуар ұлдары мен қыздарының портретiн жасаумен айналысып, көп уақытымды соған арнап жүргем. Әйтсе де менiң ең жақсы шығармам әйел тақырыбына арналған дүние сияқтанады да тұрады.
Сол ең ұлы туындымды жазамын деп қаншама кейiпкер ауыстырдым екен. Өмiрдiң бар қызығынан баз кештiм деп айтпай-ақ қояйын. Бiрақ, мен үшін өмiрдiң ең бiр мағыналы да мәндi кездерi сол ұлы кейiпкерiм мен үлкен туындымды iздеп, әдемi әйелдердiң тәнiн сызбалап отырған сәттерiм екенiн айтсам: бiреу сенiп, бiреу сенбес. Менiң қандай да бiр мерекенi жақсы өткiзуiм үшiн, мерекенi мереке деп сезiнуiм үшiн осылай сурет салып отыруым керек едi. Бiрақ мен күткен кейiпкер де табылмай, үлкен туындым да жазылмай, талай әуре–сарсаңға түстiм. Курстас достарым мейрамханалар мен түнгi клубтарды жағалап кеткен түндердiң барлығында да мен бар қаржыма натурщица жалдап алып, табиға сұлулықты кескiндеумен отыратынмын.
Бүгiн де сол оймен үлкен дүнием жазылар ма екен деген үмiтпен мына қызды алып келгенмiн. Келе салысыммен асығыстық жасап, «шешiнiңiз» деп шошытып алғаным да сол. Құштарлығым шыдатпай бара жатса қайтейiн.
Ол кофе iшiп үнсiз отыр. Мен асай-мүсейiмдi дайындап алып, өз орындығыма отырдым. Қыздың орнын да жақсылап жасап қойғанмын. Шығарма композициясына лайықтап жасалған бұрыштың өзiне арналғанын қыз кiрген бетте-ақ сезген. Байқауымша, сол жерге отыруға жүрексiнетiн сияқты. Тiптi батылы бармай бiраз уақыт тұрды. Шөлi қанса да кофенi қайта-қайта сiмiре бердi. Бар мақсаты уақытты соза түспек. Оған менiң шыдамым жетер емес.
– Шешiнiңiз,–дедiм.
Ол өз орнына келдi де бiртiндеп шешiне бастады. Бiрiншi үстiндегi жеңiл кофтасын шешiп, қасында тұрған орындықтың арқалығына iлдi. Тағы да бiраз уақыт қимылсыз тұрып қалды.
– Мен сiздi күтiп отырмын.
Қоңыр барқыт шалбарын шештi. Шалбарының iшiнен жұқалтаң калгөткi киген екен. Бетiме бiр қарап, калгөткiсiне бiр қарап үнсiз отыр.
– Оны да шешiңiз.
Шештi. Осы отырысында құдды бiр аш қасқырдың алдында отырған бейкүнә көжек сынды едi. Тағдыр жазды, мен көндiм дегендей ақыр соңында лыпасыз қалды. Сол кезде ғана мен оның жанына бардым да қалай отыру керек екендiгiн көрсетiп берiп, өз орныма келiп жайғастым. Қозғалуға болмайтындығын ескерттiм. Өзiм болсам ұзақ жолдан, сахарадан шөлдеп келiп, сусынға бас қойған жолаушыдай өз iсiме құныға кiрiстiм.
Иә, бұл қыз мен ойлағандай болып шықты. Мен бұл перiштенi алғаш рет бас корпустың үшiншi қабатынан кездестiргенмiн. Көктемнiң жазға ұласар мамыражай шағында көргенмiн. Абитуренттердiң келе бастаған кезi едi. Сабағын онша менсiнiңкiрей бермейтiн бiр академик шал болған. Сол шалдың кесiрiнен соңғы сынақтан екi алып қалып, соның әуресiмен жүргенмiн. Курстастарымның барлығы да ауылдарына әлдеқашан аттанып кеткен–тұғын. Мен сол академик атамды iздеп келiп, кафедраның алдында тұрғанда көргем осы сұлулықты. Жеңiл басып бара жатқан қыздың соңынан қалай ерiп кеткенiмдi өзiм де байқамай қалдым. Аяқ басысына дейiн тартып барады. Қолында кiшкентай сөмкеше мен кiтаптар бар. Емтиханға дайындығы жаман емес деп түйдiм. Мiнезiнен хабарым жоқ. Дегенмен тал бойынан тарыдай мiн табылмасы белгiлi. Аллатағаланың шеберлiгiне таңданбасқа шараң қайсы. Өз қалағанын мiнсiз қылып жарата алатын Жаратушы иенiң арманы жоқ-ау. Тәңiрiмiздiң жақсы күнi жаратқан сұлулығын тамашалап есiм кеткенi соншалық, академик ақсақалды да, оның сабағынан бүгiн соңғы мүмкiндiк берiлген сынағын да ұмыт кеткендей едiм. Менiң қиялымдағы перiштенiң жер бетiндегi бейнесi жолдың қарсы бетiндегi саябақтағы бос сәкiлердiң бiрiне барып жайғасты. Мен оның қасына барып отырдым да қалтамнан шылым алып тұтаттым. Ал, оның кiтапқа берiлгенi соншалық, маған мүлде назар аударар емес. Қажет қылмасын бiлдiм де, онсыз да аз қадiрiмдi жоғалтпайын деп кетiп қалдым. Iштей бiр үмiттiң жетегiнде жүрдiм. Ол қыздың мынадай дайындығы далада қалдырмас. Қайтсе де осы университетке түседi деп сендiм. Ал, бұл университетке келсе болғаны, қалғанын көре жатармыз дегем де қойғам.
Үмiтiм алдамапты. Күз келiсiмен мен бұл қызды iштей iздей бастағанмын. Ақыры философия факультетiнiң студентi болғанына көз жеткiздiм. Алайда, өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарындағы ескi модамен киiнетiн, қаладағы қаптаған шаштараздарға жылына екi-ақ мәрте бас сұғатын сабалақ шашты маған қарайтындай сыңай танытпағасын үмiт үзгенмiн.
Мен оған ғашық емес едiм. Сөз айтып мазасын алсам деген де ойым жоқ. Тек көп аңсаған, зарыға күткен кейiпкерiмнің прототипін тапқандай ғаламат бiр әсерде жүргенмiн. Бiрақ ауылдан келген, таң тазалығындай мөлдiрлiгiн жоғалтпаған ботанакөзге менiң алдыма келiп жалаңаш отыршы, мен сенiң суретiңдi салайын деп қайтiп айтпақпын. Батылым бармаған.
Құдай сәтiн салса тез-ақ екен. Кезектi бiр сабақ барысында тағы да натурщицамен жұмыс iстеуiмiз керек едi. Ұстазымыз нысаналыққа тұратын сұлуымызды ертiп келген. Бастапқыда қарындаш ұштап отырып аңғармаптым. Бiр кезде басымды көтерiп қарағаным сол едi, есiмнен танып қала жаздадым. Мынау сол ғой… Сол қыз ғой, Құдай-ау. Иә, соның дәл өзi. Егер шынымен ол болса, бұл жерде не қып жүр. Бiр күш менi орнымнан тұрғызып жiбердi.
– Бүгiнше натурщицамен жұмыс iстемей-ақ қояйық. Бұл менiң қарындасым, – дедiм де оны сыртқа ертiп шығып кеттiм.
Онсыз да есi кiресiлi-шығасылы болып тұрған қыз аң-таң қалпында маған ерiп шықты. Сыртқа ертiп шығып бара жатқанда бұл қызды алып келген ұстазым:
– Кешiр, мен бiлмедiм. Бұл қыздың ақшасы төленiп қойған едi, – дедi.
Әртүрлi тапсырыстар орындап жүретiндiктен қалтам құрғамайтын. Көктен iздегенiмдi жерден тауып берген көкеме керегiн ұстатып жүре бердiм.
Иә, бiз натурщицаларға қомақты қаржы төлейтiнбiз. Бiр сағаттай алдыңда жалаңаш отырып бергенi үшiн жас мұғалiмнiң бiр айлығы көлемiнде ақша алады. Әрине олар үшiн де көп еркектiң ортасында жалаңаш отыру оңай емес. Бiрақ, бұл өнер ғой. Оның үстiне суретшiлер жабайы емес. Бәрiне де салқынқандылықпен қарап үйренген. Мына бейшара қыз да амалсыз келген екен. Сыртқа шыққаннан кейiн бiраз жер үнсiз келе жатты да:
– Сiз жаман ойлап қалған шығарсыз,–дедi.
– Бiздер жаман ойлай алмаймыз.
– Ақша керек болған соң келiп едiм.
– Ақша елдiң бәрiне қажет. Ешкiм ерiккенiнен емес, бәрi ақша табу үшiн келедi бұл жерге.
– Жоқ, маған аяқ астынан қажеттілік туындады… Тез арада табу керек болған соң… Құрбыларымның ешқайсысы маған көмектесетіндей күйде емес еді. Жалғыз жол осы болды, – деп үзiп-жұлқып бiрнәрсе дегендей болды.
Өзiнiң айтысына қарағанда бұл қыздың сабақ үлгерiмi жақсы болған. Білімі мен білігіне деген сол сенімнің жетегімен қысқы сессиядан қиналмай өтемiн деп жүрген. Сақтық жасап өзге курстастарынша сынаққа беремiн деп ауылдан ақша сұратпаған. Сұратқан күнде де шалғайдағы әке мен шешенiң жағдайы белгiлi едi. Соларды қинағысы келмеген. Әйтпесе жоғарғы курстағылар «басқа сабақтардан өз күштерiңмен алсаңдар да Есiмжан Қасымжановтың сабағынан ала алмайсыңдар. Соған береселерiң қалталарыңда жүрсiн» деп ескертуiн ескерткен. Сөйткен Есiмжан ағасы бұл қызды қайдағы жоқ сұрақтарды қойып сүрiндiріпті. Тығырықтан шығар жол осы деп үлкен курстардағы бiр қыз бiзге жол сiлтеп жiберiптi. Бастапқыда бас тартқанымен тәжiрибелi қыздың: «Былтыр дәл сен құсап қиналғанда мен де барғанмын. Олардан қорықпа, олар өнер адамдары. Сенi жемейдi. Тек суретiңдi салады, болды. Ұялатындай түк те жоқ» деп үгiттеп, көндiрiп алып келген екен.
Содан берi доспыз. Қиналған кездерiнде келiп тұрады. Мен көмегiмдi аяған емеспiн. Тағы бiр жолы көмек сұрай келгенде:
– Мен сiзге қарыздар болдым-ау,– деген. Мен сол кезде жайлап қана:
– Көңiлiмнiң хошы болғанда шақырамын. Сол кезде сөзiмдi жерге тастамасаң болғаны,–деп жайлап қана құлаққағыс жасағанмын. Қыз үнсіз келісімін берген. Осы бір көзімен берген уағдасынан кейін үлкен дайындықта жүрген едiм. Соның ретi бүгiн келдi. Мен оны шақырдым. Бастапқыда қолының босамайтындығын айтып, басқа күнге ысырғысы келгенiмен, уәдемiз бойынша келетін болып шешті.
Ендi мiне алдыма отырғызып қойып, мәрмәр кейпiн ақ қағазға көшiру үстiндемiн. Төрт сағат бойы қозғалмай отырып бердi. Жүмысым аяқталған соң қарап отырып таң-тамаша болдым. Мен iздеген сұлулық осы едi. Көп күткен кейіпкерімді таптым. Үлкен туындым дүниеге келдi. Қуанышымда шек болмады. өз шығармамнан ешқашан бұндай әсер алған емеспiн.
Аяулы кейіпкерім өзiнiң суретiн көргiсi келдi. Қанша қалап, қиылып сұрағанымен, оған өзi әспеттелген портреттi көрсетпедім. Және себебi де жоқ емес.
Бұл қыз мен үшiн бар болғаны кейiпкерiмнiң прототипi ғана. Ары кетсе философия факультетiнiң озат студентi деп қабылдайтынмын. Сұлу қыз екенi екiбастан белгiлi. Басқа ойым жоқ едi…
Бүгiнгiдей аталы күндi атаусыз қалдыруға болмас деп шештiм. Бiз арзанқол кафелердiң бiрiне барып, дастарханға жайғастық. Өзiме ең қымбат коньяк, оған жемiс шырынын алдым.
Екеуара әрнәрсенi сөз қылып отырдық. Ол маған шығармашылық табыс тiледi. Мен оған бақыт тiледiм. Осылай тост көтерiп отырдық. Еркек болған соң сол да: сәл қызыңқырап едiм өтiрiк айта бастадым. «Саған ғашықпын, сенсiз өмiр сүре алмаймын» дедiм. Қызды-қыздымен сүйем деген де шығармын. Бұл өтiрiктердi не үшiн айтып отырмын? Ақымақ қыз не үшiн сенiп отыр? Осы өтiрiк бiз сыртқа шығып баяғыда екеуміз алғаш кездескен саябаққа жеткенге дейiн жалғасты. Біз бұрынғы сәкiге барып жайғастық. Мен оны құшактап отыр екенмiн. Мас болып қалыптым. Ең ғажабы сол – осы сәттерде менiң өтiрiгiм шынға айналып бара жатты… „Саған ғашықпын, сенсiз өмiр сүре алмаймын“ дегендерiмнiң барлығы да о басында айтылғанда өтірік болып басталғанымен, бiрте-бiрте кеудемдегі шындығыма ұласқанын байқадым. Өтiрiк едi, ғой.
– Сенiң өнерге деген көзқарасыңды бiлгiм келедi?–дедiм оның шаштарын саусақтарыммен салалап отырып. Ол болса иығымнан басын көтермеген қалпында:
– Бiлгiңiз келсе айтайын. Менiң өнерге деген көзқарасым, сiздiң өмiрге деген көзқарасыңызға қатты ұқсайды, – дедi.
Бөлісу: