Азия әдебиеті: Өткен мен бүгіннің бейнесі
Бөлісу:
Әр ұлттың дербес әдебиеті бар. Дегенмен, Еуразия құрлығындағы батыс пен шығыс елдерінің мәдениеті мен әдебиетінің арасында анағұрлым алшақтық бар екенін білеміз. Мұны «алшақтық» десек те, бәсеке десек те, артық болмас. Алғашқысы еркін форма мен стильдегі жаңаша пайымдауды, ойлау мен жазуды көздесе, екіншісі рухани құндылықтарды алдыңғы орынға қойып, адамның жан дүниесін ізгілендіруге көбірек бет бұрған сыңайлы. Мыңжылдықтар тоғысындағы осындай үдерістердің нәтижесінде ғаламдық деңгейдегі классикалық туындылар жарық көріп, әдебиеттің сан қырлы бейнесін ашып бергендей болды. Сол себепті Еуропа – еркіндік ұстыны, Азия – адам жанының қайнары болып танылды.
Өткенге шегініс
X-XІ ғасырларда Азия жерінің ортасында түркі, оңтүстігінде үнді, шығысында жапондық үлгіде дамыған мәдениеттердің тамыры тереңдей түсті. Оның ішіне Қытай секілді алып империяның әдебиетін де қосуға болады. Әр мемлекет өзінің әдеби әлемін қалыптастыруға тырысып, жалпы азиялық мәдениетті ысырып қойғаны шындық. Сондықтан да біз Азия әдебиетін тұтастай емес, жеке дара қарастырып келдік. XIX-XX ғасырлардағы Орталық Азияның «бөлінісі» қарқындап дамуға, араласуға, түрлі мәдениеттердің тоғысуына кері әсерін тигізді. Оған жанама және тікелей ықпал еткен көптеген факторларды қосыңыз. Дегенмен, біз шығыс шайырларынан, шығыс мәдениетінен түбегейлі алыстадық деуге болмас. Амудария мен Сырдарияның сағасында мекендеген Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікместан, Ауғанстан, Пәкістан елдері рухани байланысты үзбей, әртүрлі диалог пен келісім арқылы азиялық әдебиеттің бағыт-бағдарын, өзегін ұстап тұрды. X ғасырда осы аталған елдер Қарахан мемлекетінің тегеурінді ықпалында қалып, шығыс түркілік дүниетаныммен өмір сүрді.
Ғасырлар тоғысындағы әдебиеттің қарқындап дамуы алтын қорды байытып, ғазал жырлардан бастап, дастан, поэма, проза секілді эпикалық шығармалар өз қоғамының айнасына айналғаны белгілі. «Азия әдебиетінің басты нысанасы не?» деген сауалға мігірместен адамзатты сүюге, махаббатты қадірлеуге бағытталған идеяларды айтамыз. Бірақ бұл кеңістік мұнымен шектелмейді.
Бүгіннің бейнесі
Елорда төрінде өтіп жатқан «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» көптеген маңызды тақырыптар сөз болып, келелі кеңестер, ортақ идеялар айқындалып жатыр. Азияның әр түкпірінен келген жазушылардың басты мәселесі – қазіргі таңда Азия әдебиетінің әлемдік аренада алатын орны, жалпы жаңа әдеби серпілісті туғызу болса керек. Аталған форумның екінші күні жазуышылар «Қаламгер лабороториясы» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Сол сессия барысында Шриланка, Ресей, Иордания мемлекеттерінен келген белгілі қаламгерлермен аз-маз сұхбаттасып едік. Оларға қазақ елінен алған әсері, форум жөнінде және өз елінің әдебиеті төңірегінде сұрақтар қойдық.
Шриланка елінің өкілі P.B.Jayasekara әдебиеттегі журналистиканың рөлін атап өтіп, әңгімені былайша бастады: «Әдебиетке журналистика арқылы келдім десем болады. Қазір 50 жылдай жазушылықпен айналысып, көптеген романдар жаздым. Басында өз еңбектерімді ағылшын тілінде жаздым. Бірақ шриланкалық қандастарымның өмір сүру деңгейі төмен немесе орташа болғандықтан, ана тілімде қалам тербеуге бел будым. Ал ағылшынша жазылған еңбектерімді ауқатты адамдар сатып алады. Дегенмен, менің басты идеям мен ұстанымым – қарапайым халықтың көңілінен шығу, қоғамда қордаланған мәселелерді көркем тілмен жеткізу. Азия жазушыларының жұмыстарын азия тілдеріне аудару керек. Егер Азия жазушыларының еңбектерін бір-бірімен бөлісіп, аударып отырсақ, онда бүкіл Азия қаламгерлерінде ортақ дүниетаным пайда болып, бірлесе жұмыс істер еді», - дей келе сол арқылы мәдениетті және өзге де салаларды дамытуға мүмкіндік туатынын, осы форумды өткізген қазақстандық тарапқа шынайы ризашылығын білдіретінін тілге тиек етті.
Ал Қазақстанда дүниеге келіп, қазіргі таңда ресейлік ақын атанған Анатолий Ким: «Бір адам басқа бір адамды жақсы көру үшін немесе бір ұлт бөгде бір ұлтты жақсы көру үшін сол адам мен ұлттың жанын түсіну қажет. Жанын түсіну арқылы ғана олардың арасындағы жылы қарым-қатынасты, мәдени-рухани байланысты аңғаруға болады. Сіз белгілі бір адамның талантына сүйсінуіңіз мүмкін, бірақ жанын танымай, толықтай жақсы көре алмайсыз. Ал жекелеген адам мен тұтастай ұлттың жанын тек қана өнер, әдебиет, поэзия арқылы ғана тануға мүмкіндік бар. Себебі өнер мен әдебиетте адам жанының сиқырлы жауһарлары, небір сұлулықтары, эстетикалық бейнелері жатыр. Осы орайда аударма ісінің маңызы зор. Әдеби шығарманы аудару – ұлттың таным-түйсігін, ішкі әлемін тану деген сөз. Көркем әдебиетті аударған аудармашылар қоғамдық дамуға, рухани құндылықтардың өрлеуіне тікелей қатысы бар тұлғалар ретінде ерекше насихатталуы керек. Жоғары деңгейде сапалы тәржіма жасау үшін аудармашы ұлтты оқумен шектелмей, өзі көріп-біліп, тануы керек. Мәселен, мен қазақ елінде туғандықтан, Абайдың мұрасын жақсы танимын. Сондықтан маған хәкім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін аудару жеңілірек тиеді. Он үш жасымда Ресейге көшіп кетсем де, менің балалық санамда Абай мұрасы анық қалып қойды», - деп аударманың әуелгі миссиясын, аудармашының қандай болу керектігін және аударма саласындағы түрлі критерилерді сөз етті.
Оның ойынша, Азия, оның ішінде шығыс елдерінде отбасындағы асыл құндылықтар, еркек пен әйелдің сыйластығы дәстүр ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Сондықтан да біз жаһандану процесінде өзгенің идеологиясына жұтылмай, ұлт ретінде сақталып қалдық. «Біз – өте қызықты әрі тамыры терең халықпыз. Бұл форум осы тамырды тірілтуге, Азия елдері қаламгерлерін жақындастыруға, әдебиеті мен мәдениетін тануға таптырмас мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың осы форумды өткізуде еркін форматты таңдағаны қуантты» - дейді Анатолий Ким.
Келесі қаламгеріміз Иордания елінен келген белігілі тұлға, жазушы – Firas Al-Nasan. Ол: «Бұл форум жазушылардың бір-бірімен тәжірибе алмасуы үшін қажет. Азия жазушыларының үнін дүниежүзі есту керек деп ойлаймын. Себебі бұл елдегі жазушылардың өзіндік айтар ойы, тың идеясы, классикалық туындылары жетерлік. Форумның ерекшелігі – әр елден келген қаламгерлер ашық алаңда өзінің әдеби шығармаларымен, әлемдік проблемаларды қозғайтын сөздерімен бөлісе алады. Алғашқы форум қазақ даласында өткізілуі де тегін емес. Себебі мұнда кемеңгерлердің ізі бар. Бұл әдеби форумның одан әрі жалғасқанын қалаймын. Жалпы, Қазақстан мен Иордания елдерінің арасында жақсы қарым-қатынас орнағанын білесіздер. Екі ел пікір алмасып, тек қана мәдени салада ғана емес, басқа да маңызды салаларда байланыс орнатады деген сенім мол», - деген пікірде.
Бір атап өтерлік жәйт, ол мемлекетте, яғни Иорданияда қазақстандық жазушылардың бөлімшесі бар көрінеді. Одан бөлек, бұл форумға Иорданияның белгілі қаламгерлері де келген. Сол жазушылар қазақ елінің байырғы тілде жазылған көне кітаптарды, әдеби шығармаларды, ғылыми жинақтарды аударуға көмектескенін айтты қаламгер.
Қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған аударма саласы болсын, күрделі шығарманы тудыратын маңызды тақырып, идея, сюжет болсын – барлығы да әдебиет әлемін еркіндікке жетелеуі қажет. Себебі әдебиет – бір қалыпты құбылыс емес, әрі ешқандай қасаң қағидаға бағынбайды. Ол – адамның өз жанындай азат, тегеурінді, жұмсақ, қатты, сыпайы, салмақты, жеңіл. Сондықтан адам жанына үңілуде әдебиет, оның ішінде психологиялық тартысқа толы шығармалар еш уақытта құндылығын жоғалтпайды. Азия қаламгерлерінің негізгі ойлары осындай.
Біржан АХМЕР
Сурет ca-irnews.com сайтынан алынды
Бөлісу: