Досым Омаров. Өркениет Абай ілімі аясында
Бөлісу:
Бүгінгі өтпелі дәуірде адамзат өркениетінің дамуы мен оның құлдырау себептеріне көңіл бөліп, оларды қоғам өмірінде дұрыс пайдалана білудің маңызы зор болып отыр. Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, бұл мәселенің шешемін оңай табуға болатын тәрізді.
Өркениет (лат. сіvіlіs – азаматтық) – қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы. Өркениеттің құлдырау себебі – оның осы екі жетістігінің (рухани және материалдық) үйлесімді болмауында. Материалдық болмысы жетіліп, ал рухани болмысы жұтағанда өркениеттің ішкі мәні жойылып, ол ішкі қуатынан, негізгі мәнінен айырылып қалады. Оның құр қаңқасы қалып, мұндай өркениет әлсірейді. Ал тек қана рухани құндылыққа көңіл бөлініп, өркениеттің материалдық жағы ұмытылғанда да жан күйзеліске ұшырайды. Себебі адам жан құмарын қанағаттандыру үшін, ол әуелі тән құмарын қанағаттандырып алуы керек. Құмнан жасалған қалашықты теңіз толқыны қалай оңай шайып кететіп болса, мұндай өркениетті де заман толқыны оңай күйретеді. Демократия өркениеттің қозғаушы күші. Демократия әлсірегенде өркениет те әлсіреп, құлдырау жолына түседі. Ақыры жойылып, не болмаса сыртқы түрін өзгертіп, басқа қалыпқа түседі. Өркениеттің құлдырау себебі демократияның шектеулігінде жатыр. Демократияның шектеулігі адамның мінез-құлқына, ой-өрісіне әсер етіп, қоғамды өзгеріске түсіреді.
Өркениеттің құлдырауы мен өрлеуі әлем заңдылығымен тығыз байланысты. Бұл заңдылық дүниенің екі жақтық қасиетінен шығады.
Дүниенің екі жақтық қасиеті – табиғат заңдылығы, табиғи көрініс. Бүкіл дүние көрінісі Тәңірдің өзгергіш, заттық қуатына жатады. Қуаттар қозғалысқа келіп, бір-біріне әсер етіп, өзара байланысуы – бүкіл әлем тіршілігі. Қозғалыс болмаса тіршілік те жоқ. Қуаттардың қозғалысы арқылы әлем түрленіп, жаңғырып, өзгеріске түсіп отырады. Бұл туралы Шәкәрім былай дейді:
Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір Мән де,
Сол Қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан.
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп жаратқан.
"Жаралыс басы – қозғалыс"
Яғни, дүние өмірі дегеніміз – қуаттардың қозғалысы.
Толқынды тербеліс қуаттардың қозғалыс түрі екенін бүгінгі заттық ғылым дәлелдеп отыр. Адамзат қоғамы әлемнің бір бөлігі болғандықтан, ол да осы заңдылыққа бағынады. Сондықтан өркениет пайда болған соң өзінің шыңына жетіп, қайта құлдырау жолына түсіп, ақыры жойылып отырады. Мұны мұхит бетіндегі судың толқынымен салыстыруға болады. Толқын әуелі көтеріліп, өзінің шыңына жеткен соң қайта құлдырап, жоғалып кетіп, сонан соң қайта пайда болады. Бұл мұхит бетіндегі үздіксіз көрініс. Бірақ мұхиттың беті ғана осындай тынышсыз, ал оның тереңінде қозғалыс жоқ, тыныштық. Сол сияқты үнемі қозғалыста болып жатқан заттық әлем болмыстың беткі қабаты ғана, ал оның тереңінде – рухани қабатында тыныштық, мұндай қозғалыс жоқ. Рухани жаңғыру әлемнің рухани тереңіне бойлатып адамға осындай тыныштыққа жеткізеді.
Пенде тән құмары үшін өмір сүретіндіктен, оған өмір толқыны тыныштық бермейді.
Өмір толқыны қалай пайда болады? Өмір толқыны материалық әлемнің екі жақтық қасиетіне байланысты. Бұл туралы Абай «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде түсіндіреді. Ол өмірдің мақсаты Түп Иеге қайту екенін айтып келеді де, бірақ ол жолдың оңай емес, өте қиын екенін ескертеді. Оның себебін ол былай деп түсіндіреді:
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.
Осылай Абай бабамыз өмірдің өзі Хақ жасаған заңдылық екенін, өте күрделі екенін, оны дұрыс түсініп, қолдана білудің маңызын білдіргендей болады.
Өмір жолы дегеніміз – иілген жақтың (садақтың) ортасы, тиянақ, тегістік жоқ. Өмірдің екі жағы болады. Адам өмірінде жақсылық-жамандық, шындық-өтірік, қуаныш-қайғы, табиғатта ақ-қара, жарық-қараңғы, ыстық-суық, үлкен-кіші тәрізді екіжақтылық бар. Өмірдің жамандығын білмей, оның жақсылығын білу, өтірікті білмей шындықты білу, қайғыны білмей қуанышты білу мүмкін емес екені белігі. Адам өмірді кейде қуанышта емес, қайғыда тезірек түсінеді. Ал күннің шығуы мен батуы, қыс пен жаздың алмасуы болмаса, табиғат өмір сүре алмас еді. Бұлардың барлығы жақтың екі басы, ал ол екі басты иілтіп ұстаған Хақ. Табиғаттың екі жақтылығы күрес тудырып, бұл күресте жан иелері шыңдалып талап, қайратқа ие болады. Бұл Хақтың жасаған жалпыға ортақ заңдылығы. Мұндай тар соқпақпен жүрудің өзі қауыпты. Ұлы Абай «Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деп өмір жолының, міне осындай қауіпті екенін, сондықтан өте сақ болу керек екенін түсіндіреді. Оны ескермеуге, өзгертуге болмайды. Құлап кетпей сонда тура шығып, өмірдің түпкі мақсатына жетуге болады. Ол үшін көзіңе бағып, сақ болу керек, яғни болмыс заңдылығын дұрыс түсініп, оны дұрыс пайдалана білу керек.
Хакім Абай осылай болмыстың екі жақтық заңдылығын көрсетеді. Бұл заттық әлемнің бұлжымас заңдылығы. Тек қана дүние қызығымен жүрген пенде баласы бұл өмірде туу-өлу, жақсы-жаман, ақ-қара, қуаныш-қайғы тәрізді екіұдайылық ықпалынан шыға алмайды. Бұл екіұдайылық Хақтың жаратқан заңдылығы және оның екі басын иілтіп ұстаған Оның Өзі.
Өркениет қоғам өмірінінің көрінісі болғандықтан, ол да осы заңдылық аясында. Демократия күшейгенде өркениет өрлеп, ал әлсірегенде құлдырау жолына түседі.
Енді демократияның өркениетке қалай әсер жасайтынына келейік.
Қоғамдағы еркіндік пен қатаң тәртіпті жақтың екі басымен салыстыратын болсақ, демократия жолы осы екі бастың ортасы деуге болады. Жанның еркіндігі болу үшін тән құмарын тәртіптің шеңберінде ұстау керек. Бірақ тіршілік барысында тән құмары жан құмарын үнемі жеңіп кетеді. Оның себебі неде?
Оның себебі – адамның тән құмары мен жан құмарын дұрыс айыра білмей, тән құмарына ерік беруінде. Жан мәңгілікті және ләззатқа толы болғандықтан, осы қасиеттерді іздеп адам баласы үнемі мәңгілікті бақытқа ұмтылады. Бұл – жан құмарынан шығатын адамның табиғи қасиеті. Бақыт дегеніміз – қуанышы мол, қайғысыз, ұзақ өмір. Бұл ұмтылыс оның негізгі мақсаты, және өмір бойы өзгермейді. Себебі жан құмары жанның өзі тәрізді – мәңгілікті және өте ләззатты екені белгілі. Бірақ бұл ұмтылысқа материялық әлем кедергі жасайды.
Материяның екі қасиеті бар – әуелі жанды қоршайды, сонан кейін құлдыратып төмен түсіреді. Көзі жабылған адамды қалай оңай адастыруға болатыны тәрізді, өзін тәнмен балап, материялық әлемнің заңдылығына түсіп қалған жанды да сондай оңайлықпен жетілу жолынан тайдыруға болады. Себебі, жан өзінің құмарын қанағаттандыру үшін құрал ретінде материалдық әлемді, яғни денесі және қоршаған табиғи ортаны пайдаланады. Осылай жан құмары тән құмарына, яғни нәпсіқұмарлыққа айналып, адамды құлдырау жолына түсіреді. Нәпсіқұмарлық күшейгенде ол мөлшерден асып, тәртіпті әлсіретеді. Осы себептен бұл дүниеде тән құмары жан құмарын үнемі жеңіп отырады. Осылай қоғам бүлініп, өркениет құлдырау жолына түседі. Өркениетті құлдыратпау үшін әрбір азамат тән құмарын тежей отырып, нәпсіге берілмеуге тырысуы керек.
Өмірдің шырғалаңына түсіп қалған адамдарға Абай «Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі, Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?» дейді. Тән құмары жеңгендер адами қаситтерден айрылады. Жетінші қара сөзінде Абай олар туралы «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ» деп суреттейді. Көкірегінде сәуле жоқ, санасы төмен имансыз адамдар талап, ынта-жігерден айырылады. Ынта-жігерден айырылған адам жетіле алмай, өмірден жалығып, жалқаулыққа салынады. Мұндайларды «Жарым адам» деп атап, Абай олардың сыр-сипатын молынан беретіні белгілі.
Жалығу – нәпсіге берілген адамның бір сипаты. Бұл табиғи қасиет, өмір заңдылығы. Рухани болмысын ұмытып, тән құмарына берілген адам тез жалығады. Тән қасиеттері шектеулі болғандықтан, оның беретін ләззаты да шектеулі. Жан шексіз болғандықтан, ол шексіз бақыт, шексіз ләззатқа ұмтылады. Жан құмарын қанағаттандыра алмаған адам өмірдің белгілі бір деңгейіне жеткенде жалыға бастайды. Жалығу мәселесін Абай жиырмасыншы сөзінде былай деп береді:
«Тағдырдың жарлығын білесіздер — өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол — тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?
Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».
Демократиясы дамыған елдерде заттық өркениет өз шыңына жетеді. Дүниенің барлық қызығын көруге мүмкіндік бар. Мұндай өмірден адам жалыға бастайды. Не себептен жалығады? Себебі дүниие ләззаты шектеулі, сезімдерді қанағаттандыра алмайтын бірқалыпты көріністер. Бірқалыпты қайталану сезімдерді тұншықтырып, адамды жалықтырып жібереді. Жанға үнемі өзгеріп отыратын табиғаттың екі жақты қасиеті керек. Бұл оған өмірдің ащы-тәттісін татып, тіршіліктің қызығын көруге, жоғары ләззат алуға мүмкіндік береді. Тойымды бірқалыпты өмір оны бере алмайды. Шектеулі ләззатпен қанағаттана алмаған жан күйзеліске түсіп, жалыға бастайды. Ол бұл тығырықтан шығу жолын іздейді. Таппаған жағдайда бұл өмірмен қоштасуға дейін барады. Дамыған Батыс елдерінде бай адамдардың кейбіреулерінің суицит жасап, өмірден өтіп жатулары осы себептен болса керек. Байлығы кемеліне жеткен бір адам өзіне суицит жасап, артына «Мен бәрін көріп-білдім, енді маған ештеңенің қажеті жоқ!» деген жазу қалдырыпты. «Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады» деп Абай осындайлар туралы жазса керек. Демократияның осындай бір деңгейінде өркениет өзінің шегіне жетті. Ол адамның әрі қарай дамуына енді кедергі жасайды. Демократия жетілген болса да, бірақ заттық деңгейдегі өркениеттің адамға осындай зияны бар. Адам жаны күйзеліп, кризистік жағдай көпшілікті қамтығанда бұл бүкіл елдің трагедиясына айналды. Демократияның үйлесімділігі бұзылып, ол төмендей береді. Демократия төмендегенде өркениет те әлсірей бастайды. Осылай қоғам құлдырау жолына түсіп, елдің рухани жағдайы нашарлап, мемлекет әлсірейді. Әлсіреген мемлекет көрші елдердің қармағына оңай түседі. Ұлы Рим империясы тәрізді елдердің жойылып кету себебі де осындай болса керек. Құлдырау дәуірінде Рим империясында халық тек қана «нан мен қызық» керек қылған. Нәпсіге берілгендері соншалықты, тамақпен ләззаттану үшін ішкен асын құсып тастап, қайта ас ішкен, жыныс қатынасы шексіз болған, қызығын көру үшін әйелдерден гладиатор жасап, оларды жалаңаштап пайдаланған. Осылай нәпсіқұмарлық талап пен қайрат-жігерді тоздырып, адамдар рухани азып кеткен.
Сонымен, өркениеттің құлдырау себебі – адамның өзінің жан екенін ұмытып, өзін тәнмен балап, нәпсіқұмарлыққа беріліп кетуінен. Ал қозғаушы күші демократия әлсірегеннен кейін өркениет те құлдырау жолына түеді. Осы себептен өркениеті қандай жоғары дамыған ел болса да, ол уақыт келе әлсіреп, ақыры жойылып кетеді. Дүниенің қандай құбылысы болса да осы заңдылыққа бағынып, теңіздегі толқын тәрізді пайда болып, қайта жоғалып отырады. Толқынның өрлеу және құлдырауы тәрізді әлемнің барлық көрінісі де пайда болып, сонан кейін жоғалып жатады. Бұл материлдық әлемнің заңдылығын Абай «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді» деп береді. Әр құбылыстың өзінің өзгеру уақыты бар. Мысалы, адам тағдыры – жылдар, мемлекет – жүздеген жылдар, ал жер бетіндегі құбылыстар мыңдаған жылдарда өзгеруі мүмкін. Бірақ мәңгілікті өмір алдында бұлардың барлығы да бір сәт қана.
Қорыта келгенде, фәни әлемдегі адам өзінің рухани болмысын сезініп-түсінбегендіктен, өзін заттық болмысымен, яғни тәнімен балайды. Заттық болмыстың құрсауына түскен адам жан құмарын тән арқылы қанағаттандыруға ұмтылады. Осылай ол рухани болмысын ұмытып, материалдық деңгейгейге түсіп, заттық қасиет алады. Ал заттық қасиет жан қасиетіне қарама-қарсы, яғни уақытша, надандық құрсауында және өткінші. Осылай адам баласы нәпсіге беріліп, түрлі күнәлі істерге барып, өзінің рухани болмысынан айырылып, құлдырау жолына түсіп, жойылып кетеді.
Жойылып кету деген сөз жоқ болып кету дегенді білдірмейді. Заттық әлемде ештеңе де жоқ болып кетпейді. Барлық құбылыс түрлі қуаттар көрінісі болғандықтан, физика заңдылығы бойынша ешқандай қуат жойылып кетпейді және жоқтан бар да пайда болмайды. Қуаттар тек қана бір түрден екінші түрге айналып, өзгеріп отырады. Мысалы Ресей тарихын алатын болсақ, ол Николай ІІ патша дәуірінде монархиялық ел болды, Қазан төңкерісінен кейін социалистік елге айналды, ал 1991 жылдан бастап капиталистік жүйенің бейнесін алды. Осылай Ресей, сонымен бірге біздің ел де, бір ғасырдың ішінде үш түрлі бейнеге өзгерді.
Бірақ өзгеріс кенеттен болмайды. Табиғатта секіру деген жоқ. Инерция заңдылығы бар. Қандай өзгеріс болса да біртіндеп, эволюция заңдылығымен болады. Бұл өзгеріс бірде жоғарылап, бірде төмендеп, синусоида заңдылығы тәрізді көрініс береді. Әсіресе тірі табиғаттың өзгерісін түсіну қиын. Себебі жанда ерік бар. Сол еркімен жан табиғаттың өзгерісіне әсер етіп, бұл заңдылықтың түрлі құбылыстарын беруі мүмкін.
Ой жүйені өзгерту арқылы материалдық әлемнің ықпалынан шығып, өркениетті бір қалыпқа келтіруге болады. Ол үшін рухани жаңғыру арқылы болмыс заңдылығын түсіну керек. Осылай адамның ой жүйесі өзгереді. Негізгі шарт – жан құмары мен тән құмарының үйлесімді болуы. Заттық болмыс қана емес, рухани болмысты да ескеру керек. Адамзат өзінің рухани болмысын ұмытып, тән құмарына беріліп, материалдық болмыс ықпалына түскен сәттен бастап әлем құлдырау жолына түседі. Осылай қандай өрлеу болса да, ол заттық әлем заңдылығынан шыға алмай, әуелі жетілу қарқыны тоқырап, өзінің жетілу шыңына жеткен соң құлдырау жолына түсіп, ақырында қайтадан жоқ болады.
Досым Омаров, абайтанушы, теолог
Автор туралы:
Досым Омаров Қайырбекұлы — 1948 жылы наурыздың бірінші жұлдызында бұрынғы Семей облысындағы Бесқарағай ауданы Бөденелі ауылында дүниеге келді. Орта мектепті 1966 жылы бітіріп, Барнаулдағы Алтайдың политехникалық институтына оқуға түсіп, 1971 жылы тәмамдайды. 1979 жылы Мәскеудің ауылшаруашылығы инженерлері институтына аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертацияны қорғаған соң ғылыми және педагогикалық жұмыстармен айналысады.
1991 жылдан бастап Абай дүниетанымын зерттеуге кірісіп, ҚР Ғылым Академиясы Философия институтында «Абай дүниетанымы» атты тақырыпқа философия ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмыс жазады.
Досым Омаров — «Абайтану курсы», «Ұлылар үндестігі», «Абайтану», «Абайдың рухани мұрасы», «Жасару құпиясы», «Шәкәрім шыңы», «Шәкәрімнің үш анығы», «Единая основа мировых религий», «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негіздері» атты дүниетанымдық кітаптар жазып, сонымен бірге жүзден аса ғылыми-дүниетанымдық мақалалар жариялады.
Бөлісу: