Толымбек Әбдірайым. Сабыт

Бөлісу:

12.09.2019 4151

Әңгіме

«Алла өте шапағатты, өте мейірімді, зор рақым иесі»

(Құран-Кәрім, Хашр сүресі, 22 аят)

1.

Жанайдар қатты налыды. Налытқан жанына батқан ауру емес, сонау-сонау тау қуысындағы бір қора қойдың иесі, былайша айтқанда қожайыны – Таңатар. Дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекке біраз қаражаты кеткен соң, айлығын сұрайын деген ниетпен кеңсеге келген.

- Жүгі жеңіл есек жатаған келеді деуші еді. Қақаған қыстың түрі мынау?!. Сырқатыңды сылтауратып қалашыл боп алдың, пұл сұраудан өзге не білесің сен, айтшы?!.

- Қант-шәй алуға аз-мұз тиын-тебен ғана...

- Кассада ақша жоқ, бес мың теңге жете ме?!.

Қысық көздері адамның өңменінен өте қарайтын, үрлеген қарындай домаланған қожайын жан қалтасынан қызыл құлақ бесмыңдық шығарып, столға тастай салды.

- Рахмет!

- Еңбегіңді жемеймін, ондай ойдан аулақ бол!.. – деді қалта телефонына жармасып. – Тезірек қайт, көп ұзамай мен де барып қалармын.

Зәңкиген екі қабатты коттеджден ұзаңқыраған Жанайдар ашу-ызасын тежей алсашы.

- Бүйткен тірлігі құрысын! – деді жерге бір түкіріп. - Тіс берген Алла, тіске басарын да берер. Әи-й, болмады-ау, бұл тіірлік?!.

Қыстыға жөтелген жігіт булықты. Жүрісі қиындаған соң шөкелей отыра кеткен. Кеуде тұсы сырылдап, қала шетіндегі автобекетке зорға жетті.

2.

Ақшұнақ аяз шақылдап тұр, кеш батуға тақау. Манар тау етегінедегі жалғыз үй мұржасынан болар-болмас түтін шығуда. Қоршау шарбақтағы қойларды кең базға қамап, жасы отыздардағы жас келіншек әбжіл қимылмен зыр жүгіріп жүр. «Маядағы шөпті қар басып қалады-ау! Бәрінен де, отағасының жатып қалғаны қиын болды. Қу тіршілікке алданып, асқындырып алды ауруын. Біреудің малын бағып жер арқасы қиянда отырмыз. Сондағы төлейтіні шәй-судан аспайды. Жаз шыға азаптан құтылармыз, қалаға көшеміз деген күйеуі. Алдағы өмірді кім болжаған?!. Бес-алты күнге сұранып кеткен көмекші шопан Жоламан да кешікті. Қайыршыға жел де қарсы соға ма, қалай өзі?!. Қалта телефон да ұстамайды бұ жерде...»

Кешелі бері дерті асқынған сияқты Жанайдардың. Мазасы қашып, айқайлап оянып жүр көзі ілінсе. Олай-пылай болып кетсе не істейді, қайда барады?!.

Астафиралла! Тілім тасқа, жақсылыққа жориыншы, бәтір-ау?!.

Қарасы жеті жүздей қойды қамаған жас әйел мал қораның айқарма есігін мықтап жауып, күрең атты шанаға жегіп, қыстау шетіндегі маяға барып шөп тиеді. Оны әкеліп дендіктегі ұзынша оттықтарға тоғытты. Неше мәрте қатынап, тыстағы жұмыстарды тап-тұйнақтай етті.

3.

Төргі үйдегі төсекте шалқасынан жатқан қара торы жігіт жөтеле алмай булықты.

- Алла-ай!.. Жаным-ай!.. – деді оң қырына аударылып. - Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығушы еді?!. Мендегі дерттің шипасы жоқ-ау, осы?!.

Әлсіздік меңдеген сырқатын әу баста әдеттегідей тұмау шығар деп онша елемеген. Күнде таңертең ашқарынға қойдың құйрық майын ысытып ішіп, жатар алдында аяғын ыстық суға салды, кеудесіне қыша қағазын жапсырды. Ешбіреуі ем болмағасын аудандық ауруханаға ат басын тіреген. Қатты суық тиген, мына дәрілерді қадағалап ішсеңіз, құлан-таза жазылып кетесіз деді дәрігер. Келе сала семіз тоқты сойып, сорпаланды, дәрілерді де ықтияттап ішіп бақты. Бәрібір ауруы асқынып барады.

Алғашқы күндері кеспе көже сораптап, екі-үші кесе шәй ішетін. Жарты айдан бергі талшығы – қара су.

- Іһі!.. ІҺі!..

Текемет үстінде ойнап отырған екі баланың жан дауысы шықты:

- Әке!.. Әке-е!..

Алты жасар Таңатар қарындасына қамқорлық танытып бәйек:

- Айнұр, жылама! Әкеміз көп-көп дәрі ішсе тез жазылады.

-Тұла ма?! Лас айтасың ба, аға?!.

Шынашақтай қыз ағасының сөзіне иланды. Жылауын қойып, көздерін уқалады.

- Қалным ашты...

- Қазір тамақ беремін. - Таңатар тайпақ үстел шетіндегі түстен қалған ет пен туралған нанды ортаға қойды. Ақ шәугімде қайнаған шәйдан кесеге толтыра құйды.

- Айнұр, жақын отыр.

Ағайынды екеу ас ішіп отырған кезде, сыртқы есік сықырлай ашылды, аналары екен. Айнұр айырықша қуанды.

- О-о, анашым келді, - деп тұра жүгірді.

- Балапандырым-ау, қарындарың ашты ма?! Тоңдыңдар ма?!. Пешке көмір салайын, жылынасыңдар. Ыстық тамақ істеймін қазір... Әкелерің қалай?!.

- Әкем көп жөтелді, - деді Таңатар мұңайып.

- Мен жыладым, - деді Айнұр бұртиып.

- Неге алтыным?!.

- Әкем қашан тұлады? – Жүрегі нәзік Айнұрдың жанары боталады.

- Үрейлерің ұшпасын қарғаларым! Әкелерің ертең-ақ орнынан тұрар! Күн ашылып, боран да толастар! Далаға шығып, ойнайсыңдар, әлі-ақ!..

Үміт отын жаққан әйел өз сөзіне өзі де сенгендей.

- Солай ма, анашым?!

- Рас, құлындарым.

4.

Ыстық тамақ ішіп, бойлары жылынған балалардың көздері кілегейленіп, маужырай бастаған. Аналары өз бөлмелеріне апарып төсектерін салып жатқызды. Ешнәрседен бейхабар сәбилер аздан соң тәтті ұйқы құшағына енді.

Ауыр тыныстап, кеудесі сырылдаған еркек үнсіз. «Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ» деген осы-ау, айға жетпей тұралауын-ай, - деді ішінен қанша ойласа да, дені сау күндегі қызыл шырайлы, қапсағай денелі Жанайдарын елестете алмай.

Отағасы ойлы жанарын бір нүктеге қадап, тістеніп жатыр. Әйелдің жүрегі атқақтай соқты. Күйеуінің маңдайын қолымен ұстап еді, ыстығы көтеріліп жатыр. Ұшып түрегеліп, таза сүлгіні суық суға шылап, қызып-жанған аурудың маңдайына басты.

- Қарақора қорғаным-ай, қайтейін...

Уа, Тәңірім, жар бола гөр бір өзің!

Сауығып кетуін нәсіп ет,

Жақсылықты нәсіп ет! – деді күбірлей сөйлеп.

Отағасы ауызын жыбырлатып, бірдеңе айтқысы келгендей ұмсынған. Қаншайым еңкейіп, құлағын тосты.

- Түнге қарай асқынатын әдеті емес пе аурудың?!. Мықты бол өзіңе!..

- Жаным-ау, сыбырласаң да... өстіп тірлігіңді білдірші, зәрем ұшты ғой.

- Артық ауыз ренжітсем кешір!.. Кеш-ш!..

- Не деп кеттің, отағасы-ау!.. Олай демеші...

Кенет еркектің отсыз жанары бір нүктеге тесіле қадалды да, оң жағына қарай басы сылқ ете түсті.

- Жанайдар-р!.. Жанайдар-р!.. Басыңды бұршы бер қарай?!. Тіл қатып едің әлгінде?!. Не болды саған жаным-ау?!. Алла-ай!.. Кеңшілігіңді бере гөр?!.

Адам қазасын көрмеген жас келіншектің дегбірі қашты. Айқайлап жыласа шиеттей балаларының үрейі ұшпай ма?! Бойына тосыннан күш-қуат енгендей қатайып алған. Күйеуінің ашық қалған көзін жауып, медет тіледі Тәңірден. Мәйітті оң қырына ақырын жантайтып, жан-жағын көрпемен қымтады, ұйқыдағы балаларын оятты.

- Алтындарым, білесіңдер ғой әкелеріңнің ауырып жатқанын. Көзі жаңа ғана ілінді, мазасын алмаңдар, - деді үрейі ұшып тұрса да, батыл-батыл сөйлеп.

- Сіз ұйықтамайсыз ба?!

- Мен көрші ауылға барып келемін, қорықпайсыңдар ма?!

- Әкеміз жатыр ғой, неден қорқамыз.

- Сөйтіңдер балапандарым! Ауызғы бөлменің жарығын жағып, есікті сыртынан бекітіп кетемін.

Қаншайым қалың киінді, тор төбел атты тездете ерттеп, көрші қыстаққа бет түзеді.

5.

Шұбар төс арлан бірінің соңынан бірі шұбырған үш қасқырдан көз айырмайды. Топ басында екі әлжуаздау қасқыр. Олар жол таптап, соныға із салып келеді. Отияр тауынан таңертең шыққан түз тағылары талай жерді шарлады. Әншейінде кезіге қоятын қоян мен қарсақтар да көрінбейді. Қар қалың болғасын басқа жаққа ауа көшкен бе, тәйірі?! Боран да адымдарын аштырмай жолдарына бөгет болуда.

Шұбар төс кенет тұра қалды. Адам иісі... Ызыңдаған жел ешнәрсені естіртер емес. Көк бөрі түйсігі жаңылып көрмеген. Анандай жерде қараңдап, қалың қарды омбылап, салт атты кісі келе жатыр.

Тортөбел құлақтарын қайшылап осқырынды. Ер үстіндегі аққұбаша әйелдің жүрегі зу етті. Түз тағылары состиып-состиып тұра қалған.

- Иә, Аллам!.. Бір өзің жар бол!.. – Әйел атын қамшылады.

- Кетіңдер деймін, кетіңдер,

Жақындап көріңдер осыдан!..

Айқай – көрсеткен сесі, қуат алғандай өзі. Өрекпіген жүрегін басып, сабыр сақтауға тырысты.

-Кетіңдер деймін, кетіңдер!..

Жақындап көріңдер осыдан!..

Тортөбел жер тарпыды. Топ басшысы - шұбар төс арлан есік пен төрдей алға озған. Көздері от шашқан бөрілер арасы бір-бірінен алшақтап шеңбер құраған.

- Кетіңдер деймін, кетіңдер,

Тақап көріңдер осыдан!..

Түз тағылары қулыққа көшті. Доғаша иіліп, салт атты әйелді алыстан қоршап қатарласа еріп келеді. Ұрымтал тұста тұра шаппақ.

«Сойылдан өзге дәнеңесі жоқ әйелдің қандай қауқары бар?!.»

Бұл шұбар төс арланның ішкі ойы болатын.

- Аға-а?!.

Түсінен шошыды ма, әлде анасын іздеді ме Айнұр көзін ашып алды. Таңатар терең ұйқы құшағында.

- Аға-а?!. Аға деймін, тұлшы?!

Селк ете басын көтерген Таңатар бастапқыда ештеңенің байыбына барған жоқ. Үрейі ұшқан, көздері бақырайған қарындасы дірілдей, бүрісіп отыр.

- Не болды Айнұр?

- Анам қайда?

- Бағана айтты емес пе, кешікпей келеді.

- Келе ме?

- Қорықпа, жата ғой.

- Тоңдым.

- Үстіңе тағы бір көрпе жабайын, жылынасың.

- Аға-а!.. Әкемнің қасына балып жатайыншы.

- Мамам айтты ғой, мазасын алмаңдар деп.

- Әкемнің қасына балайықшы?!.

- Мамам ұрсады! Баруға болмайды!..

- Баламын... әкеме!..

Айнұр еңіреп қоя берді. Ағасы қарындасын қанша алдап-суласа да көндіре алмаған соң, жапсарлас бөлмедегі әкелерінің қасына келді. Отағасы қозғалар емес. Әйелі жатқызған орында сол қалпы жатыр.

Таңатар көрпені ашып, өзі сол жағына, Айнұр оң жағына әкелерін тарс құшақтап жабыса жатты. Көңілдері жайланып, сәлден соң көздерінің қалай ілініп кеткендерін білмей қалды.

Далада алай-түлей, ұлыған боран...

7.

Қайдан біткен қайрат-жігер?! Үрейі ұшқан, көздері бақырайған Қаншайымды тану қиын. Оң қолындағы ұзын сойылды оңды-солды сілтеп, жаттанды сөзінен жаңылар емес:

- Кетіңдер деймін, кетіңдер,

Тақап көріңдер осыдан!..

Кенет ат үстіндегі әйел дауыстап, сөйлеп жөнелді:

- Тортөбел, маған ренжіме сен?!. Жағдайды түсіндің ғой! Бұлай етпесем әсте болмас. Әттеген-ай!.. Мылтық ала шыққанда, қасқырлар басынбас еді бүйтіп... Тарс еткізіп басып салмаймын ба?!. Әмбе бөрі атаулы оқ-дәрінің иісін сонау-сонау жерден сезіп біледі... Аштықтан көздері қарайған жыртқышқа керегі ас. Қасарысып қарсы тұрар қауқар жоқ екеумізде. Көздері жәудіреп екі балам қалды үйде, күйеуім қайтыс болды. Тірі адам тіршілік етпек, отағасының о дүниеге озғанын айтуға шықтым ғой амалсыз, сол үшін сені бос қоя беремін.

Әй, қаскөйлер! Жақындап көріңдер осыдан!.

Айқайлай сөйлеп, сойылды оңды-солды бұлғаған әйелдің дауысы қарлықты. Атын тебініп, ер үстінде қопаңдап, көтеріліп-көтеріліп қояды.

Түсінемісің тортөбел,

Маған босаңсуға болмайды.

Опынғанмен не пайда?

Өкініш орны толмайды. Олай етсем, боқ басында өліп қалмаймын ба?!. Өлгім келмейді менің! Тәңірім, құтқара гөр?!. Жәрдем бер!..

Тортөбел, мен сені бос қоя беремін. Ана арландармен айқасып, алдыңа келгенін тістеп, артыңа келгенін теуіп құтылып та кетерсің бәлкім?!. Бәрі Тәңірдің қолында ғой?!. Менің қалайда тірі қалуым керек!.. Балаларым жетім қалмауы үшін!.. Күйеуімді ақтық сапарға арулап жөнелту үшін!..

Тортөбел деймін, әй Тортөбел?!.

Сен маған ренжіме?!

Өзге айла қалмады?!.

Уа, Тәңірім, күш-қуат бере гөр!

Өзіңнен ғана тілеймін,

Өзіңнен ғана сұраймын,

Өзіңе өтініш жасаймын!

Қалдырма мені далада?!

Қасқырларға талатпа!

Кетіңдер деймін, кетіңдер!..

Жақындап көріңдер осыдан!..

8.

Аспан әлемінде тұтасқан қарақошқыл бұлттар ыдырап, жарық ай сәулесі қиғаштай түседі. Жел екпіні бәсеңсіпті. Көп ұзамай боран да басылар, түн пердесі де түрілер. Аш қасқырлар құрсауынан шыға ала ма Қаншайым?!. Сабыт түсті-ау басына!.. Тағдыр талқысы ма дөп келген?!. Не күтіп тұр оны алда?!. Сормаңдай ма соншама?!. Мехнат көрді-ау қаншама?!.

Ат үстіндегі әйелді қоршаған аш бөрілер біртін-біртін жақындай түскен. Жасыл көздері от шашады. Ырғып-секіріп тортөбелдің шабынан ала түсуге адам мысы басатындай ма, қалай өзі?! Аңысын аңдыған ләзім, сабыр сақтайық!.. Өз аяғымен келген олжадан айырыла қоймаспыз.

Әйел әлі тың. Атын тебіне түсіп, оң қолындағы ағаш сойылды айналдыра айқайға басып жүр:

- Кетіңдер деймін, кетіңдер!..

Жақындап көріңдер осыдан!..

Бір-бірлеп жайратып саламын!..

Әккі шұбар төс арлан әйелдің әншейін қоқан-лоққысы екенін біледі. Қашанға жетер қайраты, дауысы да қарлығар, зорығып, шаршар деп ойлады азу тістерін ақсита ырылдап.

Қаншайым байқайды, ілкіде алыстау жүрген бөрілер шеңбері тарыла түскендей. Құр айқайдан, сойыл сілтеуден ештеңе өнбесін сезген әйел тізгін тартып, жерге түсті. Кедергі болар деп қос айылды босатып, ер тоқымын алды. Атты мойнынан құшақтап, басындағы жүгенді сыпырып еді, кісінеп шаба жөнелді жануар.

- Шап жануар, сілте!.. Алаңдама артыңа!..

Әйел дауысы тарғылданып айқайлады.

Мұндай оқыс жағдайды күтпеген қасқырлар таң-тосын. Әлі болдыра қоймаған тортөбел келген ізімен қыстақты бетке ала тарта жөнелгенде, бөрілер де шұбыра ілесті соңынан.

Қыстығып зорға келе жатқан әйел ұстай алмады өз-өзін. Тұрған жерінде отыра қалып, ебіл-дебіл жылады. Манадан бергі ашу-ыза қос жанарынан жас болып парлады-ай!.. Бірақ есін тез жиды. Бұлай етуге болмайды! Әрекет керек!.. Жобалауынша біраз жол жүріп өткен сияқты. Шалбарынан ызғар өтіп барады. Орнынан ширақ түрегелді, ай жарығы себездеп, айнала төңірек айқындалғандай. Абыройы - боран саябырлаған, келе жатқан бағыты да түзу сияқты.

- Ия, Алла, оңғарта гөр жолымды, – деді жігерленіп. Сойылын сүйретіп алға тартты.

...Таң ағараңдай бастағанда он бес түтіні бар Ақтас елді мекені көзіне оттай басылды. Ауыл адамдары тұра қоймаған секілді. Шеттегі үлкен баздың алдындағы биік бағана басында электр шамы жарқырай сәуле шашады. Өзіне таныс шет жақтағы көк шатырлы үйге бұрылды.

9.

Қатты шаршаған, тоңып-жаураған Қаншайым жамағайыны Мағзом үйінде ыстық шәй ішіп, оразасын ашқан соң киімшең күйде төсекке қисайды.

- Соңының қайырын берсін, - деді туысы жағдайды естіп білген соң. – Сен бір-екі сағат дем ал, оған дейін мен жігіттерге хабар айтып, жүрудің қамын жасайық.

Қанша ұйықтағаны белгісіз, Қаншайым тыңайып қалыпты. Тұра сала жинала бастады.

Ат шана мен үш салт атқа мінген адамдар Жанайдарлар отырған қыстауға күн тұсау бойы көтерілгенде келіп жетті. Сыртқы есікті ашып ішке енгенде, дәліздегі тықырды естіген балалар алдарынан шықты.

- Анашым, келдің бе? – деді Айнұр шешесін құшақтап.

- Келдім жандарым, келдім... Қорыққан жоқсыңдар ма?!

- Қорыққан жоқпыз, - деді ересектеу Таңатар.

-Тоңдық, - деді Айнұр тақылдап. – Әкем де тоңды, ол әлі ұйықтап жатыр. Енді оянатын шығар...

- Әкеңді ойлаған, әкеңді сағынған жүрегіңнен айналдым!

Қаншайым кішкентай қызын құшақтап, бетінен сүйді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар