Тэцуо Миура. Қызыл белдемше

Бөлісу:

16.09.2019 4403

(әңгіме)

I

Ресаку қарындасы Хидэ мұның шақыруын қабыл алып, көп күттірмей Наориға жетіп келеді деп ойлаған да жоқ. Бар болғаны түкпірдегі ауылда науқас анасына қарайлап қалған бойжеткен қарындасының жүрегіне болашаққа деген титімдей үміт ұялатсам деген. Әутеуір бірдеңе қылып қалаға, бұған қонаққа келіп, ауылдың күйбеңінен бір сәтке дем алмас па екен деп жазған. Бұл осы сөздерімнен кейін шешем өмірде ешқандай қызық көрмеген қарындасымды құптайтын шығар деп ойлаған.

Хидэден сәтінде-ақ тілдей хат келді. Шешесі қалаға бір кешке жібергенін, сембілік таңғы пойызбен шығатынын хабарлапты. Бұл өзі Ресаку үшін аса бір күтпеген жағдай болды. Ол тіпті қарындасын өзі шақырса да аздап сасыңқырайын дедеді.

Сасқанда, Хидэнің келісі бұған қандай да бір ыңғайсыздық туғызады деп емес. Ол бұны еш ұялтпас та еді. Десе де, ауылда науқас анасына қарап отырған қарындасының шақыра сала жетіп келмегі аздап шошытқандай. «Үйден қашып шыққалы отырған жоқ па екен? Сонысымен анасының өзімшіл баласына деген жеккөрінішін оятып алмас па екен?» Мұны әбігер еткен міне осы жайт.

«Жо, бірақ Хидэ ондай қыз емес. Ол анасының көзін ала бере білгенін қылатындардың қатарынан емес» деп ойлады.

Хат қарындашпен жазылыпты, бірақ сөздері құдды билеп тұрғандай. Тущьтей қап-қара иероглифтер бірден көзге ұрады – қарындаштың ұшын жалап отырып жазған болуы керек. Тап бір он сегіздегі қарындасының жүрек соғысын естіп отырғандай. Қайталап бір оқығанда жанын саз кернегендей болды.

Ресаку асығыс-үсігіс бөлмені жиыстыра бастады. Сембіге дейін әлі төрт күн бар, тазалықты асықпай жасаса да болар еді, бірақ бұл байыз тауып отыра алмады. Порт аумағындағы шағын верфьте* ағаш ұстасы болатын. Сондағы сайман сақтайтын қойманың екінші қабатындағы аумағы үш татамилық қана үйшікте қымтырылып тұрып жатқан. Тап сол үйшіктің қуықтай болғаны үшін де жақсылап жиыстыру керек.

II

Сембі күні Ресаку бас жоқ, көз жоқ күн шықпай оянып алды. Бөлме алакөлеңке еді. Пердесіз терезеден таңғы боз аспандағы солғын тартқан жұлдыздар көмескі жылтырап тұрды.

Көмескі жұлдыздарға қарап жатып, Хидэ үйден шыққан шығар деп ойлады. Таңғы пойызға үлгеру үшін түн қараңғысынан аттанып, тар соқпақпен тау етегіндегі станцияға дейін құлдилау керек. Бұлардың ауылы шатқалдың өрінде болатын.

Үйдің артқы ағаш есігін ашасың – жарық ауыз үйден қараңғыға қарай лап қояды, ал көлеңкең алдыңа түсіп алады да, сорая теңселіп бара жатады. Таудың суық ауасы бас салып жағаңнан алады. Ертемен үйден шыққандағы сол суық есіне түсіп, бұл көрпесін мұрнына дейін қымтанып алды.

Алайда қалада, жылы жерде жатып алып қарындасын уайымдаудың еш мәні жоқ еді. Тіпті уайымдамай-ақ қойса да болғандай. Хидэ анасынан рұхсат алысымен ағасына келеді, қазір қуана басып пойызға асығып бара жатқан шығар.

Күн көтерілгенше әлі біраз уақыт бар. Бұл аздап мызғып алмақшы болып көзін жұмғаны сол еді, құлағына бір дыбыс келді – сыбдыр ма, тырпыл ма. Көзін ашып, басын көтерді – ештеңе көрінбейді, дыбыс та жоқ болып кетті. «Елестеген шығар» деп ойлады.

Жастыққа бас қойып, кірпік айқастырып еді, сыбдыр тағы естілді... Көзін ашпаған күйі құлақ тікті. Дыбыстың қай жақтан жеткені белгісіз. Бірақ алыстан талып естілгені анық.

Бұл не болды? Құдды табақтағы сорпаны мысық жалап жатқандай. Әлде теңізде таңғы жел көтерілді ме. Жел көтерілсе, мүйістегі теңіз баяу тербеліп, жуас толқын верфь айлағын жалап жатар еді. Ал мына сыбдыр теңіз толқынына қарағанда жылдам сияқты.

Ол көзін ашты. Терезеден таңғы жұлдызды аспан көрінеді. Кенет бұл нендей дыбыс екенін ұқты. Бұл қарындасының аяқ сыбдыры болатын. Шық тұнған соқпақпен асыға адымдаған ол, кедиі тырпылдап таудан түсіп келеді.

Бұл таң қалды. Шамамен әлденеше ондаған ри* жердегі тауда келе жатқан адамның сыбдыры анық естіліп тұр. Көзін жұмып еді, құлағына тағы келді: тырп-тырп... Ия, бұл қарындасының жүрісі.

Көзі жұмулы жатқан бұл мұңая жымиып: «Қарындасымды сағынғаным сонша, міне енді қай-қайдағы елестеп жатыр», – деп ойлады. Ол келе жатқандай көрініп, түн ортасында көзін ашып алды. Әдетте күннің нұры кірпігінен түртіп оятатын. Өзінің бүгінгі шектен тыс сергектігіне таң қалды.

Қайтып көз іле алмады. Лып етіп тұрды да, киініп сыртқа шықты. Істей қоярлық көп жұмыста жоқ еді. Айлақты жағалап қашан көрсең темірбетонды конструкция шығарып жататын көрші зауытқа қарай жүрді. Ұзаңқырап барып, тоқтады да: «Бүгін күн ашық болатыны қандай жақсы», - деп ойлады.

Теңіз тыныш еді, ал көкжиектен көлденең жатқан ұзын қылыштай жарқырап таң атып келеді.

«Хидэ де ауылға қайтады, қыс та қыр астында» – бұл ой сап ете түсуі мұң екен, бойын буған салқын лептен қалтырап кетті.

III

Хидэ мінген пойыз Наори станциясына он бір елуде келді. Ресаку сөйтетінін Хидэден открытка алған күні, станцияға арнайы барып біліп алған. Сағат он екіге таяп қалды, ал бұл болса ыбылжып әлі жүр. Міне енді қожайын есіне салып жатыр: «Әй! Сағат он бір жарым боп қалды. Қарындасыңды күтіп алмайтын ба едің?»

Ресаку верфьтен шыға, жемпірінің қалтасын қысып ұстаған күйі құстай ұшты.

Егер тура станцияға беттеген болса, онда асығудың қажеті жоқ-тын. Алайда бұған жолай поштаға соғып, жинақ кітапшасынан аз-маз ақша шешіп алуы керек. Сембі күні пошта түске дейін ғана жұмыс істейтіндіктен, Хидэні күтіп алған соң барса үлгермей қалатын түрі бар.

Поштаға кіре жемпірінің қалтасынан жинақ кітапшасы мен жеке мөрін шығарып тексеруші терезесінің алдына қойып жатыр еді, мөр қолынан шығып кетіп бетон еденге барып түсті. Бұл жалма-жан жерден алып, фүү деп үрледі де терезеден ішке берді. Тексеруші әйел күдіктене қарады... Бұл қатты ентігіп тұрған.

– Кешіріңіз. Асығыс едім... – деді жалпақтай бас изеп.

– Есіміңіз?

– Итиномори Ресаку. Жиырма бір жаста. Бұл сұрамаса да жасын қоса айтты. Сосын: «Атымды несін сұрап отыр, кітапшада жазылып тұр емес пе» деп ойлады. Тексеруші әуелі кітапшаға қарады, сосын қасын керіп мөрге тесілді. Бұл қобалжулы: «Неменеге қадала қалды?».

– Ауылдан қарындасым келе жатыр еді. Сол үшін... – аптыға тіл қатты да, артынша ақталуға әсте міндетті емесін түсініп жым болды.

– Хрусталь болмағаны қандай жақсы.

Әйел бұған бір сәт көз қадап, жымиған болды. Ресаку мөр туралы айтып отырғанын ұқты. Хрусталь болғанда ғой, еденге түсіп бытшыты шығар еді. Терең бір дем алып еді жеңілдеп қалғандай болды, сосын ұяла жымиды: «Айлақтағы бізге хрусталь мөр ұстау қайдааа!».

– Көк тиындық... – міңгірлеп тұрып белбеуіне қыстырған беторамалын алып, маңдай терін сүрте берді.

Поштадан шыға салып жүгіре жөнелді.

Хидэ, ұяла төмен қараған күйі ығы-жығы жұрттың арасымен перронға өтті. Дүңгіршектің жанында тосып тұрған Ресаку оны көре сала соңынан жүгіріп, вокзалдан шыға берісте қуып жетті. «Әй» - деп айғай салды, ту сыртынан келіп. Хидэ селк ете түсті де, көзін күннен қорғаштай сығырайып бұған қарады.

– Міне, мен де келдім. Хидэнің көзі жасаурап тұрды. Ал бұрын-соңды не туысқанын, не бір басқа адамды күтіп алып көрмеген Ресаку мұндай жағдайда не айту керегін де білмейтін. Тек жыпылықтай берді:

– Рахмет!

Хидэ шашын әдеттегідей қос бұрым қылып өріп алыпты, үстінде ер адамдікіне ұқсас сырмалы қара күрте, балағы тізеден сәл жоғары шорты киген. Қолына түйіншек ұстап тұрды.

– Кеттік! – деді де, Ресаку, түйіншекке жармасты. Көзге жеңіл көрінгенмен, буылтықта әжептәуір салмақ бар екен. Қапсыра қысып ұстаған еді, түйіншектің ауырлығынан өзі де тасқа айналғандай. – Мынауыңда не бар?

Ресаку арт жақта қалып қойған қарындасына мойын бұрды. Жортақтай басып қуып жеткен Хидэ:

– Талшын жемістері мен күріш. Жартысын қожайыныңа сыйлаймыз, жартысы – саған.

«Күріш неменеге керек?» деп ойлады бұл. Бұған ортақтаспас үшін шешесі әдейі беріп жіберіпті.

– Шешем-ақ бәрінің қамын ойлайды да жүреді, – деп күлді. Деді де қарындасының тыржиа қалғанын сезіп, бұрылып бетіне қарады. – Денсаулығы жақсы ма?

– Жақсы.

Ресаку үнсіз бас изеді. Аурушаң анасының халі тіптен төмендеп кетпегенін ұқты. Қайта рұхсат бергеніне қарағанда аздап тәуір болған да шығар деп ойлады.

Екеуі алаңды кесіп өтіп, бұл ойлағандай «Кит» кафесіне кірді. Түскі ас кезі еді, кісі көп екен. Сәтін салғанда келгіншілердің бірі тұрып кетті де, бұлар соның орнына жайғасты.

– Не қалайсың, таңда, – деп Хидэнің құлағына сыбырлады, сосын көзінің қиығымен жемпірінің қалтасын көрсетіп, сыртынан алақанымен басып-басып қойды: ақшадан қысылыс жоқ дегені.

Хидэ қабырғаға жапсырылған мәзірді бір шолып өтті де, көзін тайдырып, ұяла, ақырын тіл қатты:

– Маған бәрібір. Өзің не алсаң, маған да сол. Қуырылған сайраның түтіні төбені кернеп тұрған. «Бәрібір болса, онда сайра жарайтын шығар» деп ойлады бұл. Ауылдарында балық жемейтін. Тентіреп жүріп тап болған саудагерлер анда-санда кептірілген бірдеңе әкелетін. Ал қармаққа жаңа түскен балықты өмірі көрмепті. Хидэ де әрине, тұздап қуырған сайраны туғалы ауыз тиіп көрмеген.

– Екі кісіге сай... сай... сайра мен күріш беріңдер! – деп кафе қожайыны ас үй жаққа тұтыға айқай салды.

Таңертең ерте тұрғаннан ба, түске қарай Ресакудың қарыны қатты ашқан болатын, балық салынған табақтың бірін ала сала Хидэге қарай сырғыта салды: «Ал же!» - сосын қарындасына қарамастан өз сыбағасын қарбытып асай бастады. Алайда Хидэ бұдан бұрын жеп тауысты.

– Жеп болып қойдың ба? – деді таяғын қойып жатып. Хидэ үрпиіп отыр.

– Мен таңнан бері нәр татпап едім.

– Табағында балықтың басы мен жуан сүйектері ғана қалғана екен. Қабырғаларына дейін жеп қойыпты.

– Дәмді ме екен?

– Дәмді, бірақ... – Хидэ қабағы түйіліп қолымен тамағын көрсете берді.

Бұл мұңая жымиды.

– Қабырғаны жұту қиын болды ма?

– Жоға, тамағыма бірдеңе батып тұр. Қылтанақ кетіп қалған сияқты.

«Демек, сүйек тұрып қалды» деп ойлады Ресаку. Күріштің бір шөкімін шайнамай жұтып жіберу керек. Бірақ Хидэнің табағы бос еді.

– Менікінен ал да, бір шөкім күрішті шайнамай жұтып жібер. Тез жұт!

Бұл оның алдына өз табағын сырғытты. Ауылда мұндайды «Үнсіз жылау» дер еді. Бәлкім еңіреп отырған адам ештеңе жей алмайтынын меңзейтін шығар.

Хидэ аузын күрішпен тығындап алды да, көзі адырайып жұтып жіберді. Бұл болса жан-жағына алақтай қарап, қарындасының арқасынан ақырын қағып отырды. Ақыры сүйек ар өткенде, күріштің табағы да босаған еді.

– Мен де қалаға алғаш келгенде балықтың қылтанағына жиі қақалатынмын, – деді кафеден шыққан соң ұялып төмен қараған Хидэні жұбатқансып. – Үйренгенше ғана. Есесіне қалалықтар талшын жемісін жесе тілдері уылып өліп қала жаздар еді.

Олар үлкен көшеден теңіз жағасына шықты, сол сәтте бұл Хидэнің аяқ басысынан тұп-тура таңертең күн шықпай тұрып құлағына келген дыбысты естіді. Аяғындағы ескі кеданың бедері әбден қажалып таусылған ақ табаны асфальтты тырп-тырп басып келе жатты.

– Сөйтпегенде-ші... – деп күбірледі.

– Не?

– Жәй, қызық ештеңе емес.

ІV

Олар верфь қожайынына бас сұғып, Хидэ өзін салтанатты түрде таныстырған. Ресаку таң қалды. «Анаң қара, өзі сондай емін-еркін!» - деп ойлады. Осыдан бірер жыл бұрын өзінің түсініксіз бірдеңелерді міңгірлеп тұрып қожайынға бас игені есіне түсті.

Қойманың екінші қабатындағы үйшікте піскен талшын жемісін асап отырып, Хидэ кенет ақырын ғана сықылықтап күлді.

– Мұның не, сенің? – деп Ресаку таң қалған. Бірақ ол да мұның бағана көшедегі өзі секілді жауап қайырды:

– Жәй, қызық ештеңе емес.

– Кісі біреумен ас ішіп отырғанда әй-шәйсіз күле ме екен? Мұның дауысы қатқыл шықты. Хидэ талшынның құрт түскен түйірін терезеден сыртқа бүркіп жіберді де, бұған мойын бұрмаған күйі:

– Жәй, сен нағыз еркек болыпсың деп ойлап отырмын.

– Тағы не!

Бұл қызарақтай бастады. Сосын көз алдында нарттай болған Хидэге де таңырқай қараған. Неге екені белгісіз, қарадай қысылып, бірақ онысын сыртқа сездіргісі келмеді.

– Қалада үш жыл тұрасаң өзің де нағыз әйел болып шыға келесің, – деді. Деді де төмен қараған күйі талшын жемісін жей берді. Ал басын көтергенде Хидэ терезеден теңізге қарап тұрған. Қызыл шырайлы жүзінде ешқандай да жымиыс жоқ. Сұлбасын мұң шалғандай – бұл оның тап бұлай мұңайған сәтін бұрын-соңды көрмеген екен. Жүрегіне уайым тұнды.

– Саған не болды? Талшыннан тағы жемейсің бе?

– Жоқ, талшын жемісін енді жегім келмейді, – деді Хидэ теңіз жаққа сығырая қарап тұрып. Сосын сыбырлай тіл қатты: – Қалада... дейсің бе...

Бұл артық сөйлеп қойғанын сонда білді. «Қалада үш жыл тұрсаң...» Алыс түкпірдегі ауылда тұратын бойжеткенге ауыр тиетін сөз. Бірақ аурудан айығар үміт жоқ анаң үшін өзің де сонда қалғаның дұрыс деп айта алмайды ғой, бұл оған.

– Жә, кейіме. Кешікпей сен де келесің, қалаға. Азырақ шыда.

Бұл қарындасын жұбатам деп отырып өкпелетіп аларын білген жоқ. Ал Хидэ күтпеген жерден шамданып шыға келді:

– Сен сонда, шешең өлгенше күте тұр дегің келе ме?

Бұл күрсінді де үнсіз қалды. Үнсіздік ұзаққа созылды.

V

Кешке таман Ресаку Хидэні теңіз жағасына ертіп барды. Аздап көңілі көтерілсе деген. Рас, бұл келгендері сұрықсыздау жер еді. Солтүстіктің суық мүйісі. Дегенмен серуен күтпеген ауанда өтті – Хидэ үшін теңіздің өзі таңғажайып еді. Ол жағалаудан ұлудың ұсақ қабыршықтарын терді, біресе түре қуып, біресе кері серпіле қашып толқынмен ойнады, дымқыл құмның бетіне сурет салып, иероглифтер жазды – қысқасы балаша мәз. Ал бұл жақтың балалары бес жастан асқан соң тап бұлай ойнамас еді.

Хидэге қарап мұның жаны жай тапқандай болғанмен, аяушылық сезімі үдей түсті. «Жұмысты өндіріп істеуім керек, – деп ойлады бұл. – Талмай еңбектенемін де, анам мен қарындасымда қалаға, қасыма аламын».

Сол күні кешке бұл Хидэні моншаға апарды. Ауылда екі айда бір рет ысық су тола бөшкеде отырса, соның өзі жетіп жататын, ал мұнда жиі бару керек. Хидэ бір-ақ сағат жуынам да шығамын деп уәде берген, алайда бұл оны моншаның жанында артық жарты сағат күтті.

Ақыры Хидэ моншадан шыға, кешірім сұраған күйі жүгіріп келе жатты. Ал Ресаку көзі шарасынан шыға таң қалды. Алдында мүлдем басқа қыз тұр еді. Шашының кірі кеткеннен бе, әлде қызара бөртіп моншадан шыққасын ба, Хидэ өзіне-өзі еш ұқсамай қалыпты.

– Міне, енді сұп-сұлу боп шыға келдің, солай ма? – деді Ресаку.

Хидэ сықылықтап күлді де тілін шығарды. Тіпті ерніне дейін басқаша жиектелгендей.

– Жуынып жатырмын, жуынып жатырмын, кір деген домалап түсіп жатыр. Міне қызық! Ауылдарында «ұят болды» деудің орнына «міне қызық» дейтін. Таныс сөздер Ресакудың есіне туған аулының кештерін салды. Үйшікке оралған соң, Ресаку үн-түнсіз өзінің жалғыз матрасын жерге төседі.

– Жастықты өзіңе ал, – деді қарындасына. Жалғыз төсекті көрген Хидэ үндемеген. Енді ғана байқады:

– Ал сен жастықсыз қалай жатасың? Бұл күлді.

– И, жарайды. Болмағанда жастығың табиғи болсыншы. Ауылдан әкелгем. Құмықтың қалдығы толтырылған!

Шынын айтқанда, қожайын Хидэге деп төсек-орын ұсынған-ды, бірақ бұл бас тартқан: жарар, қойындасып жата кетеміз деді. Қарындасының көзінше қожайыннан көрпе-жастық ала тұруға ұялды. Ауылда қарындасы екеуі бір матрасқа жата салатын. Бала күннен бұйырғаны сол болды да, бұлар соған дағдыланып кеткен.

Алайда сол күні кешке Хидэні лыпа, жейдешең көргенде көзін тайдырып әкетті... Екеуі шалқалап қатар жатты, және баяғыша бір-біріне сүйкене кетудің өзі ыңғайсыз еді. Әсіресе Ресаку өзін ыңғайсыз сезінген.

Сосын күлді.

– Қалай, матрастан сырғып түсіп қалатын сияқтысың ба?

– Жоқ, өзің?

– Уайымдама...

Хидэнің тап-таза денесінен аңқыған бейтаныс бір жұпар иіс танауын қытықтап жатыр. Бұл қанша жерден жанап кетпеуге тырысқанмен, шынтағы байқаусыз тиіп кетіп еді, тұла бойынан тоқ жүгіріп өткендей болы – терісі нәзік әрі жанып тұр екен.

– Шамасы, осылай ыңғайлы болар, – деп мұрнының астынан міңгірлеген күйі аунап түсті де, күрсінді. Үнсіздік.

– Сенің үйленгің келмей ме, ағатай? Дауысында мысқыл бар, бірақ Хидэнің қалжың сұрағына да жауап беруге құлықсыз еді.

– Әйтеуір үйленермін.

– Қашан?

– Білмеймін. Білмейтініме қарағанда, жуыр маңда емес-ау. Мен әлі оқушы емеспін бе. Ол туралы ойланбаппын.

Хидэ үндемеді. Айтатын ештеңе болмағаннан емес. Жанын жеген бір нәрсені ағасына ақтарып сала алмады.

– Ал саған, шамасы, құда түсушілер көп шығар, – дей салды бұл да, ештеңені меңзеп жатпай. Хидэ әуелі үнсіз қалған, сосын тіл қатты:

– Ылғи бір қырықтағы еркектер.

Енді бұл үнсіз қалды. Сұрайтын не бар? Ауылдан шыққан бұған онсыз да бәрі түсінікті. Қырықтағы еркектер құда түсіп жатыр екен, демек ауылдың өзінде тұрмақ тақау төңіректе бойдақ жастардан ешкім қалмады деген сөз. Есесіне елуге дейін де отбасын құрмаған еркектер өріп жүр. Олар іні-қарындастары екі қолға бір күрек деп қала жағалап кеткен боз самайлар. Солардың бірі мына Ресакудың өзі, аяқ астынан ағасы өліп қалса да қайтпас еді, сол ауылға. Сөйте тұра, қай бетімен Хидэні жұбатпақ. Тынысы тарылып кетті.

– Ертең қала аралайық, – деді әңгіменің ауанын басқа арнаға бұрып. – Саған бірдеңе сатып әперейін. Не қалайсың, өзің?

– Киетін бірдеңе болса, – деді Хидэ құлшына жауап қатып. Ресаку оның аңқылдақ мінезіне қуанып, ақырын күрсінді.

– Кимоно?

– Жоқ, еуропалық киім. Бірақ көйлек керек емес. Киіп көрмегем. Блузка немесе белдемше...

Ресакудың есіне Хидэнің балағы тізеден сәл жоғары шортымен келгені түсті.

– Мен саған қысқа белдемше сатып әперем.

– Қысқа?! – Хидэнің қуанышты дауысы оқыс саңқ етті.

– Сен қандай түсті ұнатасың?

– Қытай шамының түсін, – деді Хидэ бірден.

– Аха! Демек, қысқа қызыл белдемше.

Хидэ бұған сенбеген кісіше азырақ үнсіз жатты да, маңдайын ақырын ғана арқасына тигізді. Біраздан соң пысылдап ұйықтап жатты.

VI

Бірде, Хидэ ауылға қайтып кеткен соң он күн дегенде, күтпеген жерден Ресакуге көрші ауылда тұратын туысқаны Его шал келе қалды. Ресаку айлаққа жақын алаңқайдағы құрғақ шөп үстінде, астына қамыстан тоқым төсеп, шот қайрап отырған. Ол сүйретіліп әрең келе жатқан кәрі Егоны көргенде, онсыз да бұлыңғыр күн одан сайын күңгірт тартқандай болды.

– Ата! – деп күбер етті де, атып тұрды. Шал келе аман-сәлем жоқ, бірден бұйыра сөйледі:

– Ауылға кетеміз!

Ойламаған жерден сап ете түскеніне қайран қалған Ресакуда үн жоқ.

– Хидэ қайтыс болды. Ресаку көзі шарасынан шыға аңтарылып тұрып қалды.

– Үй артындағы талшынға асылып қапты, – деп үстемеледі шал.

Ресакудың ерні жыбырлап кетті, бірақ тамағына тас тығылғандай үні шықпай қалды.

– Сен сатып алып берген қызыл белдемшесін киген, ал мойнында ұлу қабыршығынан түзілген моншақ...

Ресаку теректің жапырағындай қалтырап кетті.

– Өтірік! Мүмкін емес! Мұның бәрі өтірік!

– Жоқ, рас, – деді Его нығыздап. Ресаку қалтырауын қойып, абыржулы жүзбен шалға тесіле қарады.

– Хидэнің қалтасынан сенен келген хат табылды. – Шал ат мінгенде киетін шалбарының қалтасынан бірнеше рет бүктелген хатты шығарды.

Ресаку парақтың бүктеуін жазды. Онда қызыл қаламмен екі-үш шумақ жазылған екен. Бірақ қолының қалтырағаны сонша, ештеңе оқи алмай, құдды нашар көретін кісіше парақты көзіне тақады. Қағазда былай депті:

Қызыл белдемше кидім мен,

Ағам сыйлыққа сатып алып берген,

Сосын көшеге шықтым...

Қарсы жолыққан ешкім болмады

Ешкім маған қарамады.

Көрші ауылға да жеттім –

Онда да тірі жан қалмапты,

Үшінші ауылда да тап солай.

Өлі тыныштық.

Қысқа қызыл белдемшемен

Мүлгіген көшені кезіп келемін,

Және бір де бір еркек

Маған қарсы жолықпады.

Ресаку абыржып шалға қарады. Ол бұның қолынан хатты алды да шалбарының қалтасына салды.

– Оны өлтірген мен емес шығармын? – деп сыбырлады Ресаку. Сосын қос қолымен шалдың жағасынан алып, сілкіп-сілкіп жіберді. – Ата, айтшы! Хидэні мына мен өлтірдім бе?

– Сандалма, – деді шал салмақты үнмен. – Сен тек оған қызыл белдемше ғана сатып алып бердің. Ал Хидэ оны киді де өліп қалды. Бар болғаны осы.

Ресакудың тізесі дірілдеп кетті. Ол аяғынан әзер тұр, бірақ шал асықтырған соң, соңынан ілбіді. Сол сәтте ол ту сыртынан аяқ дыбысын естіді. Тоқтап, жалт қарады. Бірақ өлген Хидэнің бұл жерге келуі мүмкін емес еді. Жел тұрып, шулай жөңкілген толқын айлақты ернеулей серпіліп жатқан. Ал айлақтан ары ымырттағы теңіз жайылып жатыр. Ол оған түнеу күні өзіне қонаққа келген кездегі терезе алдында тұрған Хидэнің мұңды сұлбасын елестетті.

Верфь – кеме жөндейтін жер

Ри – ұзындық өлшемі, шамамен 4 шақырым

Аударған Нұрлан Қабдай

Бөлісу:

Көп оқылғандар