Атажұрттан рухани тарту - Баян-Өлгийге

Бөлісу:

19.09.2019 4105

«Бармасаң, келмесең – жат боласың» деген сөз бар, қазақта. Бұл бірге туған бауырластарға, әсіресе, тарихтың толқынымен, қазіргі Қазақстанның шекара аумағынан тыс өмір кешіп жатқан миллиондаған қазаққа қаратып айтылатын сөз. Демографиялық статистика әлемнің қырықтан астам елінде тұратын қазақтардың саны 5 миллионға жуық дегенімен, шынайы саны одан да көп болуы әбден мүмкін. Бұл дегеніміз – әрбір үшінші қазақ Қазақстаннан тысқары өмір сүріп жатыр деген сөз. 1991 жылдан басталған Атажұртқа қоныс аудару бірде қарқынды, бірде баяу қалыппен жалғасып келеді. Ресми деректер осы мерзімде бір миллионға жуық қазақ Қазақстанға оралыпты. Бұл – 28 жылдық өсімімен алғанда Латвия сияқты бір мемлекеттің халқы деген сөз.

Шетелдегі қазақтың миллионмен өлшенетін ең молы Қытай, Өзбекстан, Ресей Федерациясында болса, бұлардан кейінгі, ондаған-жүздеген мыңдармен саналатын шоғыры Монғолия, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Түркия елдерінде тұрып жатыр. Бұл елдердің әрқайсысына қазақтар қоныстануының өзіндік тарихи кезеңдері мен ерекшеліктері бар болғанымен, Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде тұратын қазақтардың көбі байырғы атақоныстарында тұрып жатыр деуге болады. ХХ ғасырдың өн бойында қаншама қуғын-сүргін, зұлматтар мен апаттарды бастан кешіргенімен, Атажұрт пен шет елдердегі қазақтар ділдік, тілдік, діндік бірегейліктен айырыла қойған жоқ. Себебі, Өзбекстан, Түркіменстан мен Ресей Федерациясы мен Монғолиядағы қазақтардың басым бөлігі мектепте ХХ ғасырдың орта тұсына дейін Қазақстандық оқулықтармен ана тілінде білім алды. Алматы қаласындағы №12 мектеп базасында шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар әзірленіп, жөнелтіліп отыратын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап Ресейде бұл мүмкіндік тарыла-тарыла, ақыры кей өңірдегі факультативтік сабақтар деңгейіне түсіп отыр. Қытайдағы қазақтар күні кешеге дейін Ахмет Байтұрсынов әліпбиі негізінде ана тілінде білім алып келсе, соңғы бірер жылдың жүзінде ондағы қазақ мектептерінің басына қара бұл үйірілгенін естудеміз. Түркменстан мен Қырғыз Республикаларындағы қазақ тілінің жай-күйінен нақты хабарымыз жоқ, болғанымен, ондағы қаракөздеріміздің де бауырлас ұлттардың тіліне күн сайын жұтылып бара жатқанын сеземіз. Ал саны аз, тілдік орта шағын Иран, Түркия мен Еуропа қазақтарындағы қазақ тілінің ахуалы күрделі екендігі анық.

Өзбекстан мен Монғолияда күні бүгінге дейін қазақ мектептері бар дегенімізбен, ондағы оқулықтар өз мемлекетінің бағдарламасына үйлестіріліп әзірленіп оқытылады. Кеңес Одағы тұсында баспа өнімдерін жеткізу қызметі жақсы жұмыс істейтін. Мектеп оқулықтары, көркем әдеби кітаптар, өзге де баспа өнімдері Одақ құрамындағы республикаларды айтпағанда, Монғолияның түкпір-түкпіріне жеткізілетін. «Балдырған» «Қазақ әдебиеті», «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Білім және еңбек» («Зерде»), «Жұлдыз» т.б. газеттер мен журналдарды шетелде оқып өскен буынның соңы қазір үш мүшелден жоғары жастағылар. Яғни әдеби нормаланған қазақ тілін меңгерген ұрпақ.

Ал сол үш мүшелден бергі, қазіргі буынның жағдайы қалай? Бұл – үлкен проблемалы сұрақ. Ақпаратты жеткізу мен қабылдау форматы мен жылдамдығының мүмкіндіктері өзгеріп, жетілген бүгінгі дәуірде бұл миссияны негізінен теледидар мен ғаламтор атқарып отыр десек болады. Шетелдегі қазақтар жерсерігі жүйесі арқылы қазақстандық арналарды, әсіресе «Балапанды» орнату арқылы тілдік байланыс ортасын қалыптастырып отыр. Жас буынның тілдік оралымынан, сөздік қорынан бұл айқын аңғарылады және балалық шағы өлараға тап келген екінші мүшел өкілдері, бүгінгі жас ата-аналар да мұны мақтанышпен айтып, мойындайды екен. Демек, Қазақстанның іш-сыртындағы қарадомалақтарды біртұтас қазақ ұлты ретінде қалыптастырамыз десек, балаларға арналған телеарнаның мүмкіндігін мейлінше күшейту керек-ақ. Теледидар алдындағы қазақ баласы ресейлік, шетелдік балалар каналдарына ауып кетпеуі үшін, олармен бәсекелесерліктей төл және аударма телеөнімдерді ұсыну – бүгінгі күн талабы. Олай жасамаған жағдайда балақайларымыз көз алдымызда отырып-ақ орыс, ағылшын тілді ұрпаққа айналмақ, шындығын айтқанда, айналып та жатыр.

Жоғарыдағы проблемаларды ескере келе, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қазконтент» АҚ тарапынан шетелдерде тұратын бауырластарға кітаптар жеткізіп, олардың рухани өнімдерге деген сұранысын қамтамасыз ету идеясы әлеуметтік желілер арқылы ұсынылған болатын. «Қазконтент» АҚ құрамындағы «Қазақстан тарихы», «Әдебиет порталы» интернет жобалары атсалысқан бұл іс-шараны қолдаушы мекемелер мен ұйымдар, жеке тұлғалар қатары аз болған жоқ. «Атажұрттан рухани тарту» атты акцияға үн қосушылар арасында «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАК) мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «Фолиант» баспасы, ҚР Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы болып, кітаптай, қаржылай қолдауының нәтижесінде жиналған кітаптың алғашқы бөлігін шетелдегі қандастарға жеткізу жүзеге асырылды. Бұл ретте сапардың жол қаражаты шығындарын "Отандастар" КЕАК көтеріп алғанын атап өткен жөн.


Амандық-саулықты жүздесуден кейін қалаға беталып, мұндағы ағайындардың ықылас-пейіліне бөленген бірнеше күнді өткіздік. Бұған дейін де жеке адамдар немесе мекемелер тарапынан Баян-Өлгейдегі қазақ жұртына рухани көмек ретінде әдеби кітаптар жеткізіліп тұрғандығын атап өткен жөн. Солардың бірі – белгілі қаламгер Жәди Шәкенұлы. Жазушы өзінің жүздеген кітаптарын алдыңғы жылдары да жолдаған екен. Бұл жолы ынталы топпен бірге сапарлап барып, жаңа туындыларын ұсынып, оқырмандармен кездесу жасады. Жалпы, Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романы баянөлгейлік оқырмандарға аса танымал екенін аңдадық.

Баян-Өлгийдегі сан мыңдаған оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, сол өңірдегі білім мен мәдениет ошағы ретінде өз жұмысын жүргізіп келе жатқан, Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхананың 70 жылдық торқалы тойы қарсаңында, аталған мекеменің іскер басшысы Алтынгүл Дәлелқызының арнайы шақыруына орайластырған акциялық сапарымыз барысында көптеген игілікті ісшаралардың куәсі болдық. Кітапхананың 70 жылдығына арналған мүшайраға жас өскін өрендерден бастап, сексендегі қартқа дейінгі қырыққа жуық ақынның жыр қуатын Монғолия жазушылар одағы Баян-Өлгей филиалының директоры, қазақ әлеміне танымал ақын Сұраған Рахметұлы бастаған қазылар алқасы сараптап, қорытынды бағасын берді. Қаламы төселген қарымды жастардың молдығы көңілді тоғайтты. Жергілікті азаматтар мен аймақ басшыларының ұлттық руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке деген ынта-ықыласы мен іс-әрекеттеріне қарап, аталған өлкедегі қазақылықтың қаймағы бұзылмайтындығына сеніміңіз нығаяры анық. Сондай азаматтардың бірі – елдегі жетекші екі партияның бірі Монғолдың Халық партиясы Баян-Өлгий бөлімшесінің жетекшісі, әдебиетсүйер азамат Асқар Шаймарданұлы. Бұл азамат Ақтан Бабиұлы атындағы кітапхананы бұған дейін басқарып, көркеюіне зор үлесін қосыпты.

Ең бастысы, мұнда жоғарыда айтып өткеніміздей, кешегі дәуірдің көзі іспетті, қазақстандық оқулықтармен сауатын ашып, қазақ ақындарының өлеңдерін жаттап, том-том романдарын оқып өскен қалың қазақ оқырман бар. Біз сапарымызда осыған анық көз жеткіздік.

Кітапхана базасында «Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті» орталығы ашылып, бұдан былай өз жұмысын жүргізетін болды. Бұл игілікті шараға Қазақстанның Монғолиядағы елшілігінің консулы Шынар Жұматаева арнайы келіп қатысты. Баян-Өлгий аймағы әкімінің орынбасары Қабыл Шәріпұлы бастаған жергілікті билік өкілдерінің қатысуы да бұл іссапардың маңызын арттыра түскендей.

Осы жолы жеткізілген кітаптар арасында «Бабалар сөздігінің» толық жинағынан бастап, көптеген құнды дүниелердің бар болуы мұндағы оқырмандарды бір серпілтіп тастады. Кітапхана қызметкерлеріне: «Мұндағы оқырмандардың кітапқа деген ынтасы қалай?» - деп сұрақ қойғанымызда, кей кезде оқу залында бос орын қалмайтындығын айтып жатты. Кітап қоры бөлімін аралағанымызда, қазақша кітаптар баршылық болғанымен, көптен бері жаңаланбағанын аңғардық.

Ата-аналар, балабақша меңгерушілері мен қызметкерлері тәрбиеленушілерге арналған балаларға арналған ертегілер мен тақпақтар қамтылған кітапшалардың қат екенін айтып жатты. Бұл да ойланарлық мәселе. Жалпы осы сапардан ойға түйгеніміз – Қазақстаннан шет жатқан қазақтарға баспа өнімдерін жеткізіп ұсынудың мемлекетаралық деңгейдегі арнайы бағдарламасы қажеттігі еді. Себебі, қанша достастық қарым-қатынаста дегенімізбен, әр мемлекеттің ішкі тұтастық, қауіпсіздік тұрғысындағы өзіндік ұстанымы бар. Осыған сәйкес, жеке адамдар мен мекемелерден жеткізілетін баспа өнімдерін шекара өткелектерінен өткізуде қиындықтар туындайтыны сөзсіз. Сондай-ақ қабылдаушы жақтың да өзіндік міндеттемелері болмаған жағдайда, мына жақтан қыруар күш-жігер, уақыт пен қаржы сарп етіп жөнелткен дүниенің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі бек мүмкін екен. Қазақстандық кітап өнімдерінің арнайы дүкенін Ұланбатыр мен Өлгейде ашса да артық болмас еді. Өлгей сапарынан түйгендеріміздің бір парасы осылар. Расын айту керек, қаншама жерден қазақ теледидарын көріп, қол телефоннан қазақ әндерін тыңдап өсіп жатыр дегенімізбен, Қазақстанда әзірленген қазақ кітаптары мен газет-журналдарды оқып өспесе, шетелдегі қазақ ұрпағы біртіндеп жаттанып, көдекси беретіндігі – өмірдің ащы шындығы екендігін осы елде отыз жыл бұрын тұрып, қазірде Атажұртта өмір сүріп жатқан қазақ ретінде анық сезініп отырғанымызды жасырмаймыз. Монғолия қазақтары тұрғысында болашақта туындайтын бір проблема – Қазақстандық қазақ тілі латын жазуына толықтай көшкен жағдайда, бұлар қайтпек? Кириллицада қала бере ме, әлде латын жазуына көше ме? Ол енді – осы елдегі зиялы қауым мен ел ағаларының ойланатын сұрағы.

«Атажұрттан рухани тарту» акциясы Атажұрттағы қара ормандай қалың елдің ықылас-ниеті арқылы әлі де жалғасын табатын болады. Осыған орай әсіресе, жеке азаматтар өз қолдарындағы кітаптарын ынталы топқа тізімдеп тапсыру арқылы аталған игілікті іске өз үлесін қоса алмақ. Кітап жеткізіп тарату – шетелдегі қазақтардың тілдік, руханияттық тұрғыдағы мәселесін толықтай шешіп тастайды деуден аулақпыз. Дегенмен, «әр қазақ – менің жалғызым» дегендік тұрғысында, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап жүрген қара көз бауырларымыздың алдында арқа сүйейтін Қазақстандай отаны, қара ормандай қалың қазағы бар екендігін сезіндірудің өзі үлкен медеу емес пе!

Сөз соңында Атажұрттан барған құрамды ыстық ықыласымен қарсы алған Баян-Өлгий аймағы әкімшілігі мен Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхана ұжымына, ондағы қалың оқырманға алғысымызды білдіре отырып, Арқаның кіндігі мен Алтайдың күн беті арасындағы алыс та болса жақын даңғыл жол әрдайым еш бөгетсіз, сіздер мен біздердің ізгі ниетті игі сапарымыздың куәсі бола бергей дейміз!

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар