Асылбек Байтанұлы. Ұлы Даладағы дін мен дәстүр
Бөлісу:
Дүниежүзі тарихын сан алуан өркениеттердің кеңістік пен уақыт аясында өзара ықпал ету жолындағы жүріп өткен жолы дейтін болсақ, бұл түркі әлеміне, оның ішінде қазақ халқының да өткені мен бүгініне тікелей қатысты. Өркениеттердің алмасуы, өзара ықпалдасуы жергілікті өңірдің ділі мен тілін, діни нанымына тікелей әсерін тигізгендігі анық. Бұған Ұлы Дала халқының күні бүгінге дейін жүріп өткен жолы дәлел.
Еуразияның екі қиырындағы Сары теңіз бен Қара теңіздің ортасындағы ұшқан құстың қанаты талатын ұланбайтақ кеңістікте ғұндар алғаш біртұтас мемлекет құрды. Мөде қаған салтанат құрып, сан түрлі тайпаларды дәргейіне бағындырған дәуірден бастап айналасындағы жан саны көп, қуатты мемлекеттердің өзі санасқан құдіретті көшпелі империялардың тегеуріні батқан көршілері сан мыңдаған шақырымға созылған қамал тұрғызып, олардың көңілін табуға тырысты. Осы бір құдіретті көшпелілердің, «Тәңірдің жіберген жазалау қамшысы» деп санап, Батыс жұртының менменсіген корольдері тас қамалында қалтыраған, жөңіле көшіп мейманасы тасыған жұрттың Жаратушы ие туралы түсінігі, табиғаттың сан түрлі құбылыс, тылсымы аясындағы наным-сенімі де әр дәуірде әрқилы болғанына олардың көне жұртына жасалған археологиялық қазбалардың нәтижесі арқылы көз жеткіземіз.
Батыс пен Шығысты томаға тұйықтықтан сақтап, олардың бірінің заттай және рухани мәдениетін екіншісіне тасымалдаушы, транзиттік рөл атқарған Ұлы Дала перзенттері ұстанған діни наным туралы біржақты айтып, қорытынды берудің өзі мүмкін еместей. Ұлы Далада ғасырлар жүзіндегі туып қалыптасқан төлтума наным-сенімдерімен қатар, өзара байланыстар барысында алуан түрлі жат жұрттан жеткен жаһандық діндердің мұндағы жұрттың Жаратушы туралы таным-түсінігі қалыптасуына түрлі деңгейде ықпал-әсерін тигізгендігі анық.
Барлық ғаламның иесі Көк тәңірі деген түсінікке негізделген тәңірлік діннің бесігі де осы Ұлы Дала. Сондай-ақ, әлемдегі алғашқы діни, философиялық танымның бастауы делінетін, мынау ғаламға күліп туған Зәрдөш (Заратуштра) негіздеген зороастризм діні де Ұлы Далада туып қалыптасқандығын әлем тарихы мойындап отыр. Жеті қат көк, жеті шелпек, марқұмның үшін, жетісін, қырқын беру т.б. діни рәсімдер туралы түсініктердің сол замандардан жеткені және анық. Бұдан кейін де Ұлы Далада талай су ағып, талай-талай діндер мен ағымдар кезегімен келіп, өз ізін қалдырып жатты. Солардың арасында ең жаңа дін ретінде өмірге келген ислам дінінің әсер, ықпалы ерекше болды. Ұлы Дала халқының исламмен алғаш танысқанына да он он төрт ғасырдың жүзі болған екен.
Жетінші ғасырда Арабия түбегінде пайда болған ислам діні айналасындағы елдерге жылдам таралып, сегізінші ғасырда Орта Азияға жетті. Яғни 714 жылы қазіргі қазақ жеріне араб армиясының қолбасшысы Құтайба ибн Мүслімнің әскері кіруінен бастап, Ұлы Дала халқы ислам әлемімен бетпе-бет келген ата-бабаларымыз, яғни қазіргі қазақ халқының негізін құраған ру-тайпалар бірі ертерек, бірі соңын ала исламды қабылдай бастағанына тарих куә. Ерікті түрде жүрек қалауымен, еркісіз биліктің күші, қылыштың жүзімен қабылданған жаңа діннің орнығу үдерісінің салдары да нәтижесі де – бүгінгі халқымыздың діни дәстүрі, тұтыну мәдениеті.
Ұлы Далада тәңірлік танымының орнын ислам канондары басты. Бағзыдан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мұсылмандықпен кірігіп, жаңа сипатқа ие болды, кейбірі мүлде ұмытылды. Бағзы дүниетанымдардың кейбірі елеусіз аңыз елесі түрінде сақталып жетті. Соның бірі – Қорқыт туралы аңыз. Ұлы Даланың данагөйі Қорқыттың түсінен шошып жер дүниені кезетіні, желмаясымен желдіртіп қай жерге келсе де, қабір қазып жатқан адамдарды көретіні, олардан: «Бұл кімнің қабірі?» - деп сұрағанда: «Қорқыттың көрі», - деп жауап беретіні, ақыры жер ортасына жетіп, бұл дүниенің құбылмалы жалғандығын қобызда сарнаған күй тілінде аңыратып, ажалмен айқасып жүріп қапияда ажал құрығына ілінуі туралы аңызды бәріміз де білеміз. Бұл астарлы аңыздың тәпсірнамасының өзі қаншама.
Академик Мұхтар Әуезов былай дейді: «Ажалды тоқтатудың мүмкін емес екендігін мойындағысы келмеген Қорқыт ата жұрттан безіп, айдалаға, табиғат аясына кетеді. Бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп өлмеудің амалын өнерден табады». Анталаған ажалды тоқтатудың еш мүмкіндігі жоқ, Сырдың ортасындағы тоқымдай аралдан өзге барар жері, басар тауы қалмағай тығырыққа тіреліп, пұшайман күй кешулі данагөй Қорқыттың іштен жалын атқан ащы зары, мұң-наласы саз тілінде, қобыз үнімен аңырап, бебеулеп, дәуірлерден дәуірлерге, ұрпақтан ұрпаққа ұласа беріпті. Расымен де, Қорқыттың өлімнен қашуы дегенді мұндағы қалың елдің бағзыдан бергі дәстүрлі наным-сенім, мәдениетті мансұқтап, жаңа дінді жаппай қабылдап жатуына деген қарсылығы деп түсінсек дұрыс болар. Кез келген жаңа наным, идеология өзіне дейінгіні түгел мансұқтап, оларды халықтың санасынан, тұрмыстық игіліктенуден аластауды жүзеге асыратын даңғыл үрдіске сай, түркінің ойма жазуы қолданыстан шығарылып, табиғат қобыз күйі арқылы табиғат тылсымен үндесетін өнер иелерін қуғындалды. Ғасырлар бойына Ұлы Даладағы дәуірлер тұтастығы мен ұрпақтар сабақтастығының нышаны іспетті сап түзеген тас балбалдар тас-талқан қиратылды. Тараздың археологиялық музейіндегі кілең басы жоқ, мойнынан сындырылған тас мүсіндер сөзіміздің айғағы.
Ислам діні келуімен, Ұлы Далаға араб және парсы мәдениетінің, тілінің ықпалы артқанымен, ұзақ дәуірлер мұндағы тамыры терең байырғы әдет-ғұрыптарды толық ығыстыра алмады. Жалпы кез келген халық өзінің рухани-мәдени болмысын сақтауға алаңдап, өзге мәдениеттің үстем экспансиясы белгілі бір шектен аса бастағанда қарсы күрес бастайтыны табиғи заңдылық болса керек. Қорқыт ата зар шегіп, жеңіліске ұшырағаннан кейін ХІІ ғасырда түркі әлемінде араб-парсылық діни дәстүр ұстанымға, мемлекеттік басқаруға т.б. қарсылық туындай бастады. Мұны түркі әлеміндегі Махмұд Қашғари, Ахмет Жүйнеки, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани және басқа ғұламаларының шығармашылық мақсаты ұстанымынан байқаймыз. Олар жат жұрттық өркениет тасасында аяқсыз етіліп, біртіндеп тозып жоғалуға айналған төл түркі тілі мен әдебиетін көтеруге құлшынды. Осы құлшыныстың арқасында, исламның түркілік сипаты әлеуеттеніп, Ұлы Даладағы түркілік өркениет гүлдене түскені, түркі-шағатай тілінде жасалған әдебиеттің күні кешеге дейін түркі халықтарына мүлтіксіз қызмет еткені белгілі. Қожа Ахмет Яссауидің хикметінен мына бір жолдарды алайықшы:
...Қоштамайды ғалымдар, сіздің айтқан түркіңді,
Даналарды тыңласаң, ашар көңіл мүлкіңді...
....Міскін зағип Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,
Парсы тілін білемін, құп көремін түркімді!
Жоғарыда аттары аталған және басқа да түркі ғұламаларының тіл мен ділдің тазалығы, діннің үйлестігі жолындағы алаң көңілі мен жанкешті әрекеті ислам дінін тану мен ұстануды араб тілі мен дәстүрі арқылы жүзеге асыруға қарсылықтан туындады. Мұндай өнегелі жолдың көрінісін ХІХ ғасырдағы Ыбырай Алтынсариннің іс-әрекетінен де анық көреміз.
Қостамайды ғалымдар, бізнің айтқан түркіні,
Ариф ғашық естісе ашар көңіл мүлкіні,
Аят, хадис мәнісге түркі болса муапық,
Мағынасына жеткендер жерге қояр бөркіні, -
деп Қожа Ахмет Яссауи жазған ахуалын бүгінгі күнгі қазақ тілін мойындамай, қажеттілікке жаратуға қарсы болып жүргендердің әрекетімен салыстыруға болар. Қожа Ахмет Яссауи түркілік ауыз әдебиеті мен шығыс поэзиясындағы өлең формалары мүмкіндігін сәтті пайдалана отырып мұсылмандық ұғымдар мен қағидаларды халыққа етене түрде беруі өз жемісін бергені анық болатын.
Біз ислам дінін біржақты қаралап, оның прогрессивті қырларын, осы діннің ауқымында ғасырлар жүзінде қалыптасқан моральдік-этикалық құндылықтарды жоққа шығарып мансұқтаудан аулақпыз. Айтпағымыз, тектік, ұлттық мазмұн мен пішінді ескере отырып, синтездеп пайдаланудың жарқын үлгісін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру дәстүрі еді. Басты бағытымыздың бірі дінге, ұлттық дәстүрлердің біразына ескілік, кертартпалықтың нышаны ретінде тыйым салған кешегі атеистік коммунистік дәуірде жазылған әдеби туындылардағы авторлық концепциялар туралы мысалдар қарастыру болды.
Жалпы алғанда Қазақ хандығы дәуірінің құрылып нығаю, әлеуеті құлдырап ыдырап бодандыққа ұшырай бастаған кезеңдеріндегі діни ахуал туралы мағлұматтар белгілі бір деңгейде зерттеліп, ғылыми айналымға түскендігі анық. Бірақ бұл жөнінде қалың бұқарға тайға таңба басқандай етіп ұсынылған еңбектер жоқтың қасы. Бұларға қарағанда Патшалық Ресей тұсындағы діни ұстанымдар, қарама-қайшылықты жағдайлар біршама айқын. Бұл кезеңде исламдық қазақ әлеміне ықпалын жүргізудің екі фронты айқындалғанын көреміз. Бірі – араб-парсы, османдық түрік әлемімен шектес жатқан Орта Азиядағы Бұқара, Самарқан, Ташкент т.б. діни руханият орталықтары. Екіншісі – Патшалық Ресей қоластына қараған Қазан, Уфа қалаларындағы діни басқармалар мен білім беру жүйелері. Патша үкіметі ХІХ ғасырда отарлануы толықтай аяқталған Ұлы Дала халқын уысында нық ұстаудың бір құралы ретінде діни наным-сенімді қарастырғаны анық еді. Мұны сол кезең жайлы туындылардан анық көреміз.
Социалистік реализмнің, коммунистік қағидаттардың сұранысы ауқымында жазылды десек те, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы мен өзге де туындыларында қазақ халқының сол кезеңдегі дін күту қалпы біршама көрініс тапқан. Әуелгі көрініс жас шәкірт Абайдың кәрі әжесі Зеренің құлағына шығыс бәйіттерін немесе қазақтың қара өлеңін оқып «дем салуы» эпизодынан біз бағзыдан жеткен ұшықтау, үшкіру, аластау т.б. дәстүрлердің ислам дінімен астасып өмір сүріп келе жатқанын көреміз:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап,
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап... –
деген жас Абайдың әжесін «емдеуге» арнап шығарған әзіл өле өлең шумағының арғы жағында қазақ халық емшілерінің науқасты аурудан, ұшық-дерттен айықтыру үшін қолданып келген магиялық тылсымы жатқан жоқ деп айта аламыз ба?
Исламдық түсінікпен әбден астасып кеткен, Ұлы Далаға тән дәстүрлі діни жоралғылардың бірі – анттасу, серт байласу. «...бір топ салт атты ымырт жабыла бергенде Оспан қарасынан тай шаптырым жердегі кәрі аруақ Кеңгірбайдың биік, шошақ моласына келіп, ат тұмсықтарын тіресті. ...Оразбай мола басында құраннан бұрын тіл қатты. ...Бейсенбі күбірлеп құран оқып, бәрі бірдей бата қылысып болған соң, осы арада тұрып жеті бай аса бір қатты жасырын байлау жасасты». Ата-баба зиратының басына барып анттасу, тірі пенденің асқын, кесір қылығының жазасын беруді аруаққа тапсыру – бұл да ұлы жазушының туындысындағы көнеліктің көрінісі. Қалай дегенмен де Мұхтар Әуезовтің ислам діні канондары бойынша сауаттылығы мен ұлттық салт-дәстүрлер қолданысы тұрғысындағы биік деңгейі анық сезіліп тұр.
«Абай жолы» романындағы дінге қатысты оқиғалар мен детальдердің кейіпкер образын, авторлық идеяны айқындап ашу үшін қолданылды дегенімізбен, мұның бәрін қиюластырып жазу үшін де үлкен діни сауаттылық қажет екендігі анық. Осыны ескере отырып Мұхтар Әуезов шығармаларындағы діни және ұлттық салт-дәстүрлік, наным-сенімдік қағидаттарға қатысты авторлық көзқарас тақырыбында арнайы зерттеу еңбектер жазылса дейміз.
Мұхтар Әуезовтің ұлттық дәстүр мен діни қағидат арасындағы конфликт көрініс тапқан туынды ретінде «Қарагөз» драмасын атай аламыз. Бір ғасырға жуық уақыт театрлар репертурасынан түспей келе жатқан «Қарагөз» драмасы 1926 жылы жазылған екен. Драманың оқиға желісі Өсер аулындағы Қарагөз бен Сырым атты екі жастың махаббаты жолындағы трагедияға құрылған. «Қай заманда кімге кім ғашық болмаған? Сырым мен Қарагөз де сол көптің бірі емес пе?» - деген сұрақ туындайды, әрине. Мұндағы бар кілтипан, ғашықтықтың трагедиялық халге жетуіне себеп – бірін-бірі сүйген екі жастың рулыцқ өлшеммен алғанда үйленуге болмайтын межеде екендігінде. Қыз бен жігіттің алтыншы атасы бір. Екі жастың әрекеті «жеті атадан аспай қыз алысуға болмайды» деген қазақтың ежелден бері қалыптасқан ар-намыс кодексіне қарсы.
Әдетте, көптеген ғашықтық жырлар мен олардың драмалық нұсқаларында немесе таза драмалық туындылардағы өзара көңіл жарастырып сүйіскен екі жастың ортасына түсетін, нақытлай айтқанда шиеленіс тудырушы дәмелі қарсылас көбінесе ақылынан гөрі қайратына, байлығы мен билігіне сенген ожар да томырық біреу болып суреттелетіні бар. «Қарагөз» трагедиясындағы жағдай бұдан мүлде өзгеше. Қарагөздің пешенесіне бұйырмақ болашақ жары – ол да бір елдің ардақтаған әндігері – басқа рудың беделді де, зерделі азаматы Нарша болатын.
Трагедиялық туындыда қазақтың кешегі замандағы түгілі, бүгінгі күнге дейін қатаң сақталып келе жатқан, сақталуы да тиіс ұлттық салт-дәстүрлік қағидаттарды автор кейіпкерлер арасындағы диалог арқылы аңдатып, біртіндеп желілеп, кейіпкерлердің іс-әрекеттерімен өрбітіп отырады:
«Матай. Сырымың не? Оны не деп айтасың?! Ол да Өсердің бірі емес пе?
Асан (жарыса). Рас, Сырым болуға қисын жоқ. Ол қыздың ағайыны. Аралары неше ата екен осылардың? Тым жақын емес те ғой өздері.
Матай. Неше ата болса дағы, Өсердің ауылы бір-бірінен қыз алысқан емес қой.
Нарша. Және шоқтай тұтас бір үйір емес пе бұл ауыл?
Асан. Солай... Жеті атаға жетпей, қыз алысар бұлар емес. Оған жеткенде де құда болыспайды ғой мұндай ауыл».
«У ішсең – руыңмен» деп, рулық-патриархалды қоғамның кез келген жағдайдағы ынтымақ-бірлігін қамтамасыз етумен бірге, өзара қан жақындасудың алдын алудың аса тиімді құралы болған жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін айдың күннің аманында Сырым мен Қарагөз бұзып, тұтас бір ауылды жерге қаратпақ (Қазақтар отырықшылыққа көшіп, мидай араласқанға дейінгі «ауыл» атауы – біркелкі бір атадан тарайтын әулет, руластар мағынасында қолданылғаны белгілі).
Өзара қыз алыспайтын ағайындар арасындағы бірін бірі сыйлау әдебі Қарагөздің ұлы анасы Мөржанның сөзі арқылы былайша берілген:
Мөржан. Сұмдық!.. Мен мынау Жабайдың шешесін «Ақ жеңеше» дейтұғым. Әкесін «Момын қайнаға» дем келем... Төрі түгіл, отының басынан ұзап көргем жоқ олардың. Бес ата, алты ата айырушы ма еді сендерді?!...
Трагедиядағы біздің мақаламызға тұздық болған да айтылымдардың бірі де осы. Иә, аталас адамдардың келіндері жағы түсіп кемпір болғанға дейін үлкендердің атын атамайтын, үлкен үйлердің, қара шаңырақтардың төріне шықпайтын байырғы салт қазақ әлемінің кейбір жерлерінде әлі күнге дейін толықтай сақталған деп сеніммен айта аламыз және ол да өзара сыйластықтың тамаша көрінісі. Міне, осы ұлттық әдептің сақталуын талап еткен Мөржан анаға Сырым жігіттің айтқаны мынау болды:
«Сырым. Ой, жарықтық бәйбіше, мұсылмандық шариғатыңыз алты ата түгіл немерені де қосады. Арада малмен шырмап, «бата» деп матап отырмасаңдар, Қарагөз маған, мен Қарагөзге бұйырған болсақ та, кәпір қауымында өтпес ек қой!
Мөржан. Тілің құрсын, жолың құрсын сенің!»
Иә, бұл – дұрыс жол емес еді. Жастықтың албырт сезімінен бой алдырып, жақынына көңілі кеткен Сырым жас Өсер аулының салиқалы бәйбішесі Мөржан ананың басу айтып, ақылға келуге шақырған сөзін құлағына ілмеді. Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан ізгі дәстүр бұзылды. Қарагөздің трагедиялық оқиғасы осылай шарықтау шегіне қарай өрлей берді. Біз уақыт межесінде мойындалған, сахна төрінде сан саңлақтарымыз өзіне берілген кейіпкер психологиясын жеріне жеткізе ашып ойнаған классикалық туындыға, олай болса, былай болса дұрыс еді деп сын айтып, терістеуден аулақпыз. Дегенмен, шын мәнінде Сырым мен Қарагөз тағдырындағы хал дәл қазіргі замандағы қазақ қыз-жігіттерінің басында болса да, ақтап алмаған болар едік. Ұлттық салт-дәстүрдің айнымас ұстанушысы, оның орындалуы жолындағы айнымас адал сақшы ретіндегі кейіпкер Мөржан ананың жолы анағұрлым жүрекке қонымды.
Туысқан адамдар өзара қан араластыруының ұлттық зәузат қорына зияндылығы туралы қазіргі генетика ғылымы да әбден дәлелдеп отырған қазіргі заманда, бұл игі дәстүрлі сақтауды ХХІ ғасырда да сақтап қалудың маңызы өте зор екендігі – еш күмәнсіз ақиқат екендігі анық қой. Дегенмен, келесі буындарда мұны сақтап қалудың оңай болмайтынын да іштей бағамдап, қауіптенгеніміз жөн.
Біріншіден, урбанизация күшіне еніп, ауылдың халқы қалаларға ағылғанға дейін қазақтардың басым бөлігі рулық құраммен, белгілі бір аумақта тұтаса отырған болатын. Ауылдық жерден қалаларға қоныстанып, туыстық тұрғыда бытыраңқылыққа ұшыраудың салдарынан рулық кодтарды ұстанудың маңызы біртіндеп төмендеуі салдарынан «Қарагөз» трагедиясындағы тәрізді, жеті атадан бергі туыстар өзара құдаласу жағдайы жиілеуі мүмкін.
Екіншіден, қазіргі күні қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау туралы дәстүрін қажетсінбей мансұқтайтын діни топтар (секталар десек те болар) еліміз ауқымында көптеп ұрпақ өрбітіп келе жатыр. Олар үшін туыстық қатынас маңызды емес, діни көзқарасы қабысса жетіп жатыр. Исламның қатқыл бағытын ұстанатын бір азаматпен пікір алмасып, сұхбаттасу барысында: «Егерде немере туысқаныңыздың ұлы сіздің қызыңызбен үйленетіндей жағдай болса, «дініміз рұқсат береді» деп мақұл боласыз ба?» - деген сұрағымызға: «Егерде дініміз рұқсат еткен жағдайда, қарсы шыға алмаймын», - деп жауап берген болатын. Ұлы Даланың жартылай отырықшы көшпелі халқына діни фанатизм жат еді. Сондықтан да қазақ халқы сырттан келген ағымдарды қабылдап жатса да, олар біртіндеп шайылып кетіп жатты. Бұл тіпті, күні кешегі ХХ, ХХІ ғасырлар тоғысында да өз нәтижесін берді деп айтсақ болар. Тоқсаныншы жылдары сырттан толассыз еніп жатқан жат діни ағымдар мыңдаған қандастарымыздың санасын шырмап, торына арбап түсіріп жатты. Отандық қазақ басылымдар «осыншама қазақ жат дінді қабылдады» деп дабылдатып жататын. Толықтай шүкір етерлік жағдай болмағанымен, егерде сол басылымдардағы ақпараттар расқа айналған болса, онда дәстүрлі діннен теріс айналғандардың үлесі орасан мөлшерге жетіп, Қазақстандағы діни ахуал мүлде күрделі бола түсер еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, төлтума дәстүрін ардақтай білетін халқымыздың діни фанатизмге бой бермей, жүрек көзінен, сана сүзгісінен өткізе білетін қорғаныштық қабілеті арқасында дана халқымыз, жас мемлекетіміз діни қызу эйфориядан біртіндеп суынып, жат ағымдардың тұманды тұмшасынан арылып келе жатқаны көңілге қуаныш. «Біз кеше ұлтсыздықпен күрестік. Енді сендер ұлтсыздықпен күресетін боласыңдар!» - деген қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафин қандай сұңғыла еді дейміз де, данагөй абыз бүгінгі халді көрсе бұл ойын: «Біз кеше дінсіздікке бас ауырттық. Енді сендер діншілдікке бас ауыртатын боласыңдар!» - деп жалғастырған болар ма еді деп ойлаймыз да, кейбір жағдайларға қарап.
Ұлы Даладағы кейінгі үш мыңжылдықтағы рухани құндылықтары алмасуы, халқымыздың ұлттық таным көкжиегі аясында дін тұтыну талғамы және оның кеңестік дәуірдегі қазақ жазушылары шығармашылығындағы көрініс табуы тұрғысындағы ой толғауымызда қарама-қайшы пікірлер мен сіздің ұстанымыңызға келіспейтін тұстарымыз болса, алдын ала кешірім өтіне отырып, мұны ашық қоғамымыздағы пікір алуандығының жемісі ретінде баладық.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: