Біржан Ахмер. Карлагқа сапар
Бөлісу:
Қарағанды лагері – қара орамал
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы...
Ғалым Жайлыбай
Тарихты білу – өткен өміріміздің ізі ғана емес, бұл – бүгінгі көзқарасымызды айқындап, болашағымызды бағдарлау үшін аса қажетті болып саналатын ғылым. Осы саланың ішіне ұлтымыздың дүниетанымы да, әдебиеті мен мәдениеті де енеді. Дегенмен, әр ғылым өзіне қажетті тақырып аясында қамтылып, ізденушінің білімін толықтырары анық. Қазақ және орталық Азия тарихын Ресейдің жүріп өткен жолынан, мәдениетінен ажыратып қарау мүмкін емес. Сондықтан да біз Тәуелсіздік жылдарына дейінгі 2-3 ғасырды тікелей Ресейдің тарихымен байланыстырамыз. Міне, осы себептен кей кездері тарихымыздың ақ парағы кірленіп, өзгертіліп, өзгеше жазылып кеткенін де байқау қиын емес. Оны жасыра алмаймыз. Бірақ бүгінгі таңдағы ашық қайнар көздері біздің өткенімізді толықтай зерделеп, саралап, сұрыптап шығуға мүмкіндік береді.
Иә, тарих – жалғандық пен жаланы, өтірікті, әсіре көркемдікті қабылдамайды. Ақты ақ, қараны қара деп көз алдыңа ұсынады. Бұл ғылымның ерекшелігі де осында. Бірер күн бұрын Қарағанды қаласына жол түсіп, қаланың әдеби-тарихи тыныс-тіршілігімен танысу нәсіп еткен еді. Сонда жол түсіп, қаладан 40 шақырым алыстау жерде орналасқан Долинка ауылындағы Карлаг (Қарағанды еңбекпен түзету лагері) музейіне экскурсия жасадық. Мұражаймен танысу арқылы қазақ тарихына қара таңба қалдырған зобалаң жылдардың зардаптарын өз көзімізбен көргендей, қолмен ұстағандай әсер алдық. Сұсты ғимараттың қабырғаларында әлі күнге дейін сол нәубетті жылдардың белгілері сақталып қалғандай, музей ауласындағы ескерткіштер өткеннен сыр шертіп тұрғандай көрінді. Бір сөзбен айтқанда бұл ғимарат бізді XX ғасырдың тұманды әлеміне жетеледі.
Карлагтың тарихы
Қазақстанда «Гулаг жүйесі» орналасқан Карлаг секілді біршама лагерлер болды. Олардың әкімшіліктері Жезқазған, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда қалаларында салынып, қазақ даласын тұтастай «түрме алаңына» айналдырды. Негізі, Қарағанды XX ғасырдың басында өркениеті қалыптасқан, мәдени-гуманитарлық саласы жақсы дамыған қала болған еді. Шаһардың архитектурасы да келушілердің көңілін аулап, көркем болып тұрған-тұғын. 1929 жылдан бастап Қарағанды көмір бассейні қарыштап дами бастады. Осыған көптеген жұмыс күші мен азық-түлік керек болды. Сондықтан да 1930 жылы осы жерде «Гигант» атты ірі кеңшар ашылды. Сол қыруар малды лагерьге әкеліп, жинап, совхов құрды. Міне, осындай түрлі себептермен лагерь өз жұмысын бастады.
Долинка ауылында орналасқан бұл орталық кеңсе (қазіргі музей) тікелей Мәскеуге ғана бағынған. Яғни, әскерилердің кез келген әрекеті жоғарғы биліктің рұқсатымен ғана жүзеге асқаны белгілі. Бұған соттау, жазалау, өлтіру, еңбекке араластыру, қинау, мойындату кіреді. 1933-1935 жылдары жазалау мерзімі тағайындалған адамдарды Долинканың маңайындағы төрт қорымға апарып, он-он бес адамнан атып отырған. Жалпы, лагерьдің батыстан шығысқа қарай аумағы 250 шақырым құрайды. Онда 29 бөлімше мен 192 лагерь түрме (зона) салынды. Карлагтың құрамына әкімшілік-шарушылық, бақылау-жоспарлау, есепке алу, мәдени-тәрбие бөлімшелері және қаржы, сауда, кадрлар, көлік және саяси тұрғыдан бақылаушылар, жедел-чекистік бөлімдері енді.
Музейдегі деректер
Бірінші залдағы экспозицияда Ішкі істер халық комиссариятының және бүкілресейлік төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия басшыларының қабылдаған бұйрығы қойылған. Бұл деректен азаптау, қинау, тәркілеу, ату жазалары Қылмыстық істің 58-ші бабы бойынша жасалғанын аңғару қиын емес.
Лагерьлердің салынуы қазақтың ең қиын кезеңі – ашаршылық нәубетімен тұспа-тұс келеді. Бұл нәубеттің екі толқыны болды. Біріншісі – 1928-1930 жылдары, екіншісі – 1930-1933 жылдар-тұғын. Бұқараның мұндай күйге түсуі әуелі кеңес өкіметінің тікелей ықпалы болса, одан кейінгі себептер азаматтық соғыстан кейінгі күйзеліс, мал шаруашылығының ыдырауы, тәркілеу секілді бірнеше мәселелер әсер етті.
Музейде Карлагқа байланысты көптеген кітаптар, естеліктер және қолжазбалар сақтаулы тұр. Соның ішінде орыс қаламгері Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» атты туындысын айтуға болады. Жазушы аталған кітабында Карлагқа қанша адамның тұтқындалғаны, жер аударылғаны, үстем өкіметтің озбырлығы, Қазақстандағы түрмелердің жағдайын жазған. Одан кейінгісі Шаймұхановтар әулетінің «Карлаг» кітабы. Бұл туынды да лагерьдегі түрлі қиыншылықтар төңірегінде баяндалған.
Сталиннің тікелей тапсырмасымен 1930-1931 жылдары Карлагқа алғашқы жазаланушылар келе бастады. Аталған операцияларға құпия һәм ашық түрде НКВД-нің қуатты әскері жұмылдырылып, Қазақстанның көптеген аймағына орыс, неміс, украиндар мәжбүрлікпен әкелінді. Бұл жазаланушылар сталиндік зобалаңға қарсы шыққан, өзінің азаматтық құқығын қорғаған, ұлттың құлдырауын қаламаған түрлі саланың өкілдері еді. Бірі суретші болса, бірі кәдімгі дәрігер, ұстаздар-тұғын. Тіпті, азын-аулақ мал-мүлкі бар байлардың өзі қатал жүйенің құрбанына айналып, осы лагерьлерге жеткізіліп отырды.
Осындай қуғын-сүргін көріп келген жазаланушылар Карлаг аймағында мал шаруашылығына арналған түрлі қоралар, барактар, темір жолдар салып, қара терін төкті. Құрылыс кезінде «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынады» деген арнайы жарлық шықса да, ешкім мұны елемей, сол кірпіштерді өзінің керегіне жаратып жатты. Осындай заңсыз әрекеттердің бірі Жаңарқа ауданында кездескені туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Сүлейменовтің Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге жолдаған хатында ашық баяндалған. Онда: «Карлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Карлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды», – делінген. Міне, аталған факті секілді заңға қайшы бірнеше әрекеттер анықталып жатты. Бірақ ешкім бұған тойтарыс беріп, қарсы шыға алмады.
Музей экспоциясындағы құнды деректердің бірі – Мая Шейнинаның хаты. Ол – Карлаг түрмесіне түсіп, басынан небір қиыншылықты өткерген қайсарлы тұлғалардың бірі. Мая жазған хатта қазақ елінің дархан пейілі, ықылас-ниеті, ашық көңілі анық аңғарылады. Расымен де, алаш халқы репрессия кезінде жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің кеудесінен қақпай, құшағына баса білді. Бұл да бір ерліктің нышаны десек, артық айтпаспыз. Хаттың мәтіні төменгідей:
«Зұлмат заманында репрессияға ұшыраған неміс, шешен, орыс, еврей және т.б мыңдаған ұлт өкілдерін қабылдаған қазақ халқына алғысымды білдіремін. Және де қазақ жерінде аман қалған анам үшін рақмет айтамын. С.А.Зильбербергтің қызы Мая Шейнина. Ленинград (Санкт-Петербург). Хайфа-Израиль. № Телеф. 972 (Изр), 4 (Хайфа) 8242399».
Лев Гумилев туралы аз-маз сөз
Карлагта орыстың белгілі ғалымдары, жазушылары мен қоғам қайраткерлері де жатқан. Соның ішінде ең елеулісі – ғалым, аудармашы, шығыстанушы, тарихшы Лев Гумилев. Ол – белгілі ақындар Николай Гумилев пен Анна Ахматованың ұлы екенін айта кеткен жөн. Осындай танымал қос алыптан туған Л.Гумилевтің шығармашылыққа деген қызығушылығы жоғары еді. Тынбай ізденудің нәтижесінде ол Ресейдің ғана емес, орталық Азияның мәдениеті мен философиясын жан-жақты танып, білімін толықтырды. Дегенмен, ол үшін тағдырдың сынағы қатал болды. Л.Гумилев 1933, 1935, 1938, 1949 жылдары төрт рет қамауға алынды. Ал ақырғы қамауы 10 жылға созылып, ғалымды Қазақстан, Алтай, Сібірге жер аударып жібереді. Міне, осы 10 жыл ішінде ғалым Карлаг лагерінде де болып, жазасын өтейді. Қамауға алынуының нақты себебі жоқ. Тек Л.Гумилевтің басқа елдердің поэзия және прозалық шығармаларын орыс тіліне аударғаны, шығыс елдеріне экспедиция жасап, олардың тарихы мен мәдениетін зерттегені үшін түрмеге тоғытылды деген болжам ғана бар. 1980 жылы Л.Ардовқа берген сұхбатында Л.Гумилев соғысқа дейін «әкесі» үшін, соғыстан кейін «анасы» үшін түрмеде отырғанын айтады.
Л.Гумилев отбасымен
1950 жылдың 13 қыркүйегінде Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің Арнайы кеңесінде: «Антисоветтік топтың идеясын қолдағаны және террористік мүддені берік ұстанғаны үшін», – деген айып тағылып, оны 10 жылға соттайды. Ал осы жарлықты ғалымға түсіндіргенде әскерилер: «Сен білімдісің, сондықтан сен қауіптісің», – деген екен. Сөйтіп, қаламгер жазықсыздан-жазықсыз 1950 жылдың 11 қазанында Челябинск қаласына, одан кейін Қарағандыға әкелінеді. Осы кезеңнен Гумилевтің Карлагтағы өмірі басталады. Лагерьдің қиыншылығына үйрену, қатаң тәртіпке бағыну шығармашылық адамына оңай соқпайды. Тіпті, кейбір хаттарында ол: «Осы түрмеде соңына дейін отыра алмайтын шығармын», – деген көрінеді. Архивте сақталған қаламгердің фото суретінен осы азапты күндердің белгілерін анық аңғарамыз.
1952-1954 жылдары күні-түні тынымыз еңбектенудің әсерінен ғалымның жүрегі әлсіреп, асқазанында жара пайда болады. Бірақ ақырында түрме ішіндегі білікті дәрігерлер қаламгердің жанын аман алып қалады.
Тұтқындағы суретші
Карлаг аймағында болған тағы бір өнерлі тұлға – неміс суретшісі Владимир Эйферт. Ол 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап 1944 жылға дейін Карлаг лагеріне қарасты Пушкин ауылында жазасын өтеген. Суретшінің өмірбаянына тоқталатын болсақ, Владимир 1884 жылы Саратов ауылында дүниеге келіп, жастайынан сурет өнеріне қызығып өскен деседі. Қылқалам иесі көптеген жоғары лауазымдарда жұмыс атқарады. Мәселен, ол 1926 жылы Кіші Поволжья аймақтық әкімшілігі төрағасының орынбасары, 1936 жылы А.С.Пушкин атындағы сурет және өнер музейінің директоры секілді лауазымды қызметтерде болды. Дегенмен, соңғы жұмысы Эйфертке қуаныштан гөрі қиыншылықты көбірек сыйлады. Өйткені осы қызметтен бастап суретшінің көлеңкелі өмірі басталған еді. Оның басты себебі – «Перекоп соғысы» понорамасы. «Бұл картинаны музейге қою арқылы Эйферт жоғарғы үкіметке наразылығын білдірді» деген қауесет тарады. Ақыры Сталиндік репрессия басталып, ресейдегі немістерді және т.б. мемлекетке қауіп төндіретін өзге ұлт өкілдерін орталық Азияға, Сібірге жер аудару туралы жарлық шығады. Онда: «По достоверным данным, полученным военными властями, среди немецкого населения, проживающего в районах Поволжья, имеются тысячи диверсантов и шпионов, которые по сигнал данному из Германии должны произвести врывы в районах населенных немцами Поволжья», – делінген. Яғни, бұл заңға сәйкес Поволжья елді-мекеніндегі немістердің барлығы жат жерге жер аударылуы тиіс. Солардың қатарында біз сөз етіп отырған Эйферттің өзі де бар еді. Сөйтіп, суретші 1941 жылы Қазақстанға эвакуацияланады.
Владимир Эйферттің суреті
Карлагта ол өз өнерін мейлінше дамытып, қолы босағанда сурет салумен айналысты. Шыны керек, суретшінің қара жұмысқа жегілген күндері аз болған жоқ. Соған қарамастан Эйферт өз шедеврларын салуды бір сәтке те баяулатқан жоқ.
Қайымның Карлагтағы күндері
Белгілі алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Қайымның абақты азаптары немесе №14 камера» атты мақаласы бар. Сонда танымал абайтанушы, ғалым, М.Әуезовтің шәкірті Қайым Мұхамедхановтың Карлаг түрмесіндегі қиындықтары, қоғам мен заман бейнесі туралы мәліметтерді жасқанбай ашық баяндайды. Сол мақалада: «Қайым «Абайдың ақын шәкірттері» үшін 25 жылға сотталды. 1951 жылы қаңтар айында Абайдың ұлтшылдығы туралы қаулы қабылданды. Дәл соның алдында, 30 желтоқсанда мақала шығып тұр ғой. «Абайдың ешқандай мектебі жоқ» деген Қажым Жұмалиевтер, олардың өзі біреулерді айдап салып, асқан қажырлылық танытты, біз осыларды ашық айтуымыз керек», – деген пікірі көпшіліктің есінде. Осы себепті келісілген әуелгі ату жазасы 25 жылға ауыстырылып, Қайым басында Сібірге, одан соң Қызылжардағы түрмеде жатады. Ақыры әйгілі Карлагқа түседі.
Ғалымның сол азапты жылдары туралы жазған «Тағдыр және Карлаг» еңбегі оқырман қауымға таныс болар. Еңбектің алғысөзінде Герольд Бельгер: «Бүкіл адамзатқа қасірет таңбасы болып елестейтін «репрессия», «депортация», «Гулаг» секілді ауыр сөздер еліміздің жадынан біртіндеп өшіп бара жатқан сыңайлы. Менің ойымша, қазақтар – өз тарихы мен дәстүрін ұмытпай, үнемі дәріптей білетін халық. Және ұлт үшін аянбай еңбек еткен ақын, жазушы, ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедхановты да ешқашан ұмытпайды деген сенімім мол», – деп жазғаны бар.
Орталық кеңсенің кітапханасы
Аталған еңбектің ішінде Қ.Мұхамедхановтың өз отбасына жазған хаты жарияланған. Оның мәтіні төмендегідей.
«Фая!
Мен есен-саумын.
Сенің 25/VIII-53 ж. Хатыңды, Мусяның 24/ІХ-53 ж.жазған хатын баяғыда алғанмын.
Сентябрьде бір хат, 7/Х екінші хат, октябрьде тағы үшінші хат, 29/ХІ-53 ж. 4 хат жаздым. Міне, 5-хат жазып отырмын. Содан бері бірде-бір хат алғаным жоқ. Күліштерден де солай.
Амансыңдар ма? Балалар есен-сау ма? Менің хаттарым қолдарыңа тимей жатыр ма? Бұл қалай? Сендерден еш хабар болмай жүдеп жүрмін.
Басқа хал-жайым жаман емес. Мұндағы басқа ел үзбей хат-хабар алысып жатыр.
Амандық білдіріп, хат жазыңдар! Өздеріңнен хат алған соң толық жазармын.
Адрес бұрынғы:
Карагандинская область.
п/о Карабас
л/к п/я №246 Т-3 мне.
Сұраған жанға сәлем!
Балаларды мен үшін беттерінен сүй!
Сағынған жүрекпен Қайым
29/ХІІ-1953 ж».
Қан жұққан ақ көйлек
Карлагтағы тұтқанды азаптау түрлі әдістермен жүргізілді. Айыбын мойындамай қойған адамдарды жабық камераларға апарып, екі-үш күн ас-су бермей қинайтын көрінеді. Осындай азаптау, ұрып-соғу, қинау, мойындату әрекеттерін сенбі-жекенбі күндері жүргізген. Бір сұрқиялығы – бұл күндері ауыл-аймақтарда арнайы ойын-сауық кештері, музыкалық бағдарламалар ұйымдастырылады екен. Бұл – қиналыстан шыбын жаны шырқырап, жан дауысы шыққан адамдардың ащы зарын жұртшылыққа естіртпеу үшін қолданған әдіс болған.
Тағы бір жәйт. 1937-1938 жылдары Сталиннің арнайы жарлығымен көптеген алаш арыстары және өзге ұлт өкілдері түрлі жаламен ату жазасына кесіліп жатты. Біріне «Жапонның тыңшысы», біріне «ұлтшыл», енді біріне «антикеңестік идеяны насихаттады» деген айып тағылды. Әскери қызметкерлер сондай жандарды үстіне ақ көйлек кигізіп, маңдайынан атқанын білеміз. Бірақ бұлай ату жазасы әскерилердің түсіне елес болып кіріп, мазасын қашырған сыңайлы. Осындай мазасыздықтан құтыла алмай, НКВД-ның жендеттері Сталинге «Ату жазасының басқаша тәсілін ұсыну» жөнінде хат жазады. Сталин бұл мәселені қолдап, жазаланушыны қабырғаға сүйеп қойып ату керектігін жеткізеді.
Сталиннің сұрқия саясаты бойынша бұратана халықтарының ішінде бас көтерген, өз ойын ашық айтқан, ұлтын қараңғылықтан құтқаруға талпынған «қаймақтардың» көзін жойып, жер мен елді толықтай иемдену болғаны ақиқат. Міне, соның кесірінен әдебиет пен өнер майталмандары: Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, С.Сейфуллин секілді алыптар жазықсыз оққа ұшты. Олардың барлығы да ұлтқа адал қызмет етіп, ар мен намысты әрқашан да биік қойған азаматтар еді. Бұл тізімдегі арыстар Карлаг аймағында емес, Ресейдің шалғай мекендерінде, еліміздің басқа қалаларында атылғанын айта кету керек.
Түйін
Карлагқа барған экспедициядан алған әсеріміздің бір парасы осындай. Бірақ бір мақалаға көңілдегі алуан ойдың бейнесін тұтастай сыйдыру мүмкін емес. Замана жылжып, ұрпақтар алмасқанмен, ұлт тарихы қашан да маңыздылығын жоғалтпайды. Санадағы қара «шымылдықты» түріп тастап, өткен мен бүгінге жаңаша көзқараспен қарайтын, сұрыптайтын, сынайтын уақыт келді.
Бөлісу: