Өтен Ахмет. Көңілдесті күткенде (әңгіме)

Бөлісу:

01.10.2019 7239

Сығырайған көзін ғана қалдырып, бетінің басқа жерін қолдан жасалған қоймалжыңмен айғыздап, басына шаңырақтай етіп үйіп орамал байлап, тахта үстінде шалқасынан түсіп қыбырсыз жатыр. Үй іші құлаққа ұрған танадай, тым-тырыс. Мезгіл түс ауғанын білдіріп, терезеден қиялай сығалаған күн сәулесі бөлменің бір жақ шетін қиып алып ерекше жарқыратып жіберген. Бір бүйірден келесі бөлмеге өтетін есік аузы үңірейіп көрініп тұр. Онда – осы үйдің маңдайына біткен жалғызы Олжас, жетінші орыс класының шәкірті, сабақ қараудан жалықты ма, әлден уақытта гитарасын дыңғырлатып, ән айтуға кірісті:

Вдох глубокий, руки шире.

Не спешите – три, четыре!-

Бодрость духа, грация и пластика!

Общеукрепляющая,

Утром отрезвляющая,

Если жив пока еще...

Олжас кішкентайынан мектеп хорына қатысып жүр. Онда «Комомольцы – добровольцы», «Мой адрес Советский Союз», «Барабан» сияқты әндерді дабылдатса, ал үйде өзінше Высоцкийге ұқсаған боп өңешін жыртып соның әндерін қайталайды да жатады. Гитара дыңғыр-дыңғыр:

Если вы в своей квартире,

Лягте на пол – три, четыре!

Выполняите правильно движения!

Прочь влияние извне –

Привыкайте к новизне, -

Вдох глубокий до изнеможения!

Шамалы айтып қоятын шығар деп еді, үдетіп барады. Шыдамы таусылған Зейнеп айқай салды:

- Әй, болды, жетер! Басымды қатырып жібердің!

Гитара дыңғыры басылып, Олжас есіктен басын шығарды. Қабағын түйіп алған, тілін шалыстыра мұрнымен сөйлеп маңқ ете қалды:

- Лишь бы войны не было, товарищи!

Зейнеп баласының қылығына еріксіз күліп жібергені. Бірақ күлгені қызық болды, маска салған бет-аузы бүрісіп-тырысты, көз орнындағы сызықтан аржағындағы жанары түймедей жылтырап әрең көрінді. Шешесін көңілдендіргеніне Олжас та өзінше мәз.

- Есть на свете Бармалей,

Брови черные, густые,

Речи длинные, пустые, кто он?-

деп, ел аузындағы тағы бір әжуа сөзді қойып қалды.

- Қой балам, мұндайды айтпа! – деді Зейнеп. Жастықтан басын көтеріп отырды.

- Айтса несі бар. Жұрттың бәрі айтады. Әкем де, әкемнің достары Нарбай, Сертай, Айдар ағаларым да.

- Олар айтса, үй ішінен арыға шығармай айтады.

- Мен де үйде айтып тұрмын ғой.

- Қайдан білейін, сыртта мұндай сөзден байқас бол. Жұрт аузын аңдитындар бар, баласың, білмейсің. Ондайлар естісе жас-кәрі демейді, кім болса да аямайды.

- Жарайды онда, тәуірін айтайын. «Совет жастарының қазіргі ұрпағы коммунизм кезінде өмір сүретін болады». Соның бірі – мына менмін!

- Пай-пой, әкеңде жоқ, шешеңде жоқ қылжақбастықты қайдан алғансың, балам-ау?

- Қожанасыр, әлде Алдаркөсе менің жетпіс жетінші атам болуы мүмкін.

- Қожанасырыңды да, Алдаркөсеңді де білмеймін, олар тым әрідеге адамдар. Сен туғанда аузыңа түкіріп атыңды қойған Нарбай ағаң еді. Оның да қайда отырмасын, аузынан анекдот түспейді.

- Жоқ, Нарбай ағам 12 баптан тұратын коммунизм құрылысшысының кодексін үйретеді.

- Туһ, балам, саған еш дауа жоқ екен.

- Мам, а мам?

- Немене, тағы не айтпағың бар?

- Білсем деп ем.

- Нені?

- Оқуға институт қиын ба, әлде мектеп қиын ба?

Кірпігін болар-болмас қана жыбырлатып, көзін сығырайта ашқан Зейнеп анадай орындық жанында тұрған ұлына сынағандай боп зер сала қарады. «Осы өзі төртбақтанып кімге ұқсаған?».

- Өзің ше, қалай ойлайсың?

- Меніңше, мектеп қиын.

- Біліп қой, балам, оқу деген неғұрлым жоғарылаған сайын соғұрлым қиындай береді.

Олжастың күткені де осы жауап болса керек:

- Иә, саған-ай, сен ғой, мама, сырттай оқисың. Не кітап қарағаныңды, не қағаз жазғаныңды көрмеймін. Барасың да келесің. Сабақтың бәрін жақсыға тапсырып, келесі курсқа өттім деп келесің. Ендеше, әрине, институтта оқу жеңіл. Ал мектепте кодекс жаттайсың. Генсектің өмірбаянын ежіктейсің.

Зейнептің кілегей жағылған әлеміш беті безірейіп, маска сызығынан сығалаған жанары ызғарлы ұшқын шашып шоқтана қалды.

- Сен, бала, өзіңе қатысты емес шаруаға араласпа, білдің бе? Мені аңдуға әкең бар.

- Ой, мама! – Анасынан мұндай ызбар күтпеген Олжас сасып қалды.

- Жә, жетер енді осы ділмарсығаның.

Шеше мен ұлы арасында тағы қандай әңгіме боларын кім білсін, әйтеуір, тап осы кезде босаға жақтағы үш аяқты араб орындығының үстінде мелшиіп тұрған қызыл телефон кенет қатты шырылдап қоя бергені. Зейнеп тахта үстінен жеңіл сырғып түсті де, былқ-сылқ басып барып, тұтқаны еріне көтерді.

- Алло, - деді де, қуанғаннан күлгені болар, кілегей жағылған бет-аузы тырыса-пырыса дірілдеп, қозғалып-қозғалып кетті. Даусы да көңілдене сыңғырлай шықты.

- Есімханбысың-ей?! Қайдан жүрсің көктен түскендей боп? – Ұлынан қаймықты ма, тұтқаға жабысқан күйі мойнын бұрып, көзімен Олжасты іздеп еді, таппады. Бөлмесінің есігі тарс жабық тұр. Зейнеп сонда да сақтық жасап, микрофонға ернін тигізер-тигізбестей етіп бұғына сөйледі. – Жынданған шығарсың... Ойпырмай, осы сенің тас кенедей жабысқақ мінезің-ай. Бір қадалсаң өлсең айрылмайсың... Қойшы-ей, Ақтан өзі шақыртыпты деймісің? Онысы қызық екен. – Сықылықтай күлді. – Жарайды, боса да келіп қалыпсың, қонақ үйде не бар, жападан-жалғыз шошайып. Жатарға барарсың. Әлде, немере ағаң Қасымхандікіне түсетін шығарсың?.. Давай, онда біздікіне кел. Ә, ол ағаңның жарты өмірі мартен мен конвертер пештерінің отын көсеумен өтіп жатқанын білмеуші ме едің. – Зейнеп тұтқаны ұясына қондырып, сәл ойлана кідірген. Сосын ұлының бөлмесі жағына қарап мейірлене дауыстады:

- Олжас, Олжасжан!

Есік ашылып, екі беті бұлтиып, өкпесі әлі қайтпаған ұлы көрінді.

- Не болды, жайша ма?

- Үй жинастыршы, күнім.

- Сабақ пысықтап жатырмын.

- Өлең мен қалжыңды азайтсаң ғой... Жә, кейін пысықтарсың. Қазір үйге қонақ келеді.

- Ол кім, мама, қандай жақынымыз? Мен білемін бе?

- Ол ма, ол осы үйдің досы, ұлым.

Олжас басқа сөзге келген жоқ, дәліз жақтан шаңсорғыш әкеліп, дереу іске қоса бастады.

Аяқ астында үйге қонақ келерін кім ойлаған. Бетіне қалың жағылған кілегейді алып тастау оңайға түспеді. Біресе дәкемен, біресе мақтамен сүртіп, әтір суымен тазалап жуып, айна алдында біраз бөгелген. Айнадағы өз келбетіне, әбден кемеліне жетіп толықсыған кердең келіншектің әр қимылына бір сәт сынай қарады. Қарады да өз көркіне өзі сүйсінді. «Әлі де қыздай екенмін-ау». Желікпе ойдан кеудесі ісініп, бетіне лыпып қан жүгіргенін сезді. «Сосын да ғой Есімхан байғұстың менен бір жола қара үзіп кетпей, айналшықтап қимай жүргені...»

х х х

Өмірдің шым-шытырық жұмбақ сырларының түбіне кім жеткен. Бір кездегі ұнатпағаныңды кейін ұнатасың. Жақсы көргеніңнен жерінесің. Және ешқандай күштеусіз өз еркіңмен. Әйтеуір, ұшатын көбелек қанатындай құбылып тұрған бір дүние, тұрақтап қалар баянды ештеңе жоқ. Әйтпесе мұның жары Ақтан емес, осы Есімхан болатын-ақ реті бар еді. Олай болмады, өмір өз дегеніне көндіргені.

Шіркін, уақыт-ай! Сен үшін бай да, кедей де жоқ. Мынау жақсы, ал мынау жаман деп те ешкімге, еш нәрсеге мойын бұрып жалтақтап бір қарамайсың. Өзіңнің белгілі әуеніңмен сынаптай сырғып алғалап тарта бересің, тарта бересің. Оған да міне, бақандай он үш жылдың жүзі болыпты. Әйтеуір, бір шүкірлігі, тәуекел деп Ақтанның етегінен ұстаған көзжұмбайлығынан Зейнеп ұтылмаған сияқты. Ақтан қазір бүкіл қазақ металлургтерінің алды. Атағына табысы, табысына атағы сай келіп тұр. Зейнептің жегені алдында, жемегені артында, қолын жылы суға малып қойып, молшылық тұрмыстың бал дәуренін емін-еркін белден кешіп-ақ жүр. Зауыттың бірде қосымша бөлшектер сақтайтын қоймасында, енді бірде химия лабораториясында тиіп-қашып жұмыс істеуші еді. Ондай кір кәсіпті тастады. Ес жия, тұрмыс түзеле келе оқу соңына түскендей сыңайы бар. Оқу дегенде, жанығып кітап қарап, көз майын тауысып жүрген бұл жоқ. Күйеуінің беделі, қалың қалтасы, оған қоса табиғат берген өзінің оңды келбеті – қиналтпай-ақ кешкі мектепті бітірткен. Институтта да жан қиналтпай курстан курсқа көшіртіп жүр. «Бала – бәле» деп кім айтса да дұрыс айтқан. Жаңағы Олжастың сөзін көрмеймісің, институтта оқу жеңіл шығар деп өз шешесін өзі кекетеді.

Атағы мен беделіне қызығып тиген күйеуі осындай болғанда, бой жетіп қыз санатына қосылған кезде алғашқы махаббат сезімін оятқан, өліп-өшіп құлап түспесе де, бүйрегін бұрғызған адамы Есімханнан біржола көз жазып қалғандай-тын. Онымен Алматыға оқуға түсуге барған жолы кездесе кетті. Мәссаған! «Өлді деген батырың, өгіз мініп келеді». Қатардағы көп қара жаяудың бірі емес, дардай ғылым кандидаты болып алған. Университетте биологиядан сабақ береді. Келбеті сол баяғы шыр бітпеген қалпы: қушық жауырын, шибұт, бет-аузы шүңкиген, шөкімдей бір уыс. Соған қарамастан еріндері қалың, дүрдектеу. Баяғысынша, шаңырақтай қара көзілдірігін бір тастамайды екен. Әуелгі бетте бір-бірін тосырқағандай еді. Олары көзалдамшылық болып шықты. Өйткені бұл оған бірінші болып жымиып, бірінші болып:

- Үйлендің бе? – деп ойнақылана тіл қатып еді.

- Жоқ, - деп ол да лып ете қалды жез сымдай иіліп.

- Неге? – деп сұрады бұл ойнақылана түсіп.

- Бір рет алданған адам екінші рет алдануға асыға қоймайды, - деді Есімхан.

- Аузы күйген үрлеп ішеді. – деуін десе де, ұялды ма, Зейнеп өрттей болып қызарып кетті. Іштей жігіт өкпелейді, енді көрместей боп теріс айналатын шығар деп еді, бірақ Есімхан ондай асаулық танытпады.

- Сүріну айып емес, ол қайта кісіні айлакер, сақ болуға үйретеді, - деді жымсиып.

Сонымен не керек, майлы қасықтай жылпылдап жүріп, Зейнептің оқуға түсіп кетуіне көп көмегін тигізгені. Кейін, сессиялар тұсында да, бұның сынақтардан қиналмай өту жолын қарастырып, аянбай жан салып бағатын болды. Бұл оқуда жүрген кезінде кейде жолы түсіп, кейде бірер күн әдейілеп уақыт тауып, Ақтан келіншегінің артынан келіп-кетіп тұратын. Ондайда үшеуі Алатаудың көрікті жерлеріне серуенге бірге шығып, оның арасында ресторандатып дегендей, қазақтың таусылмайтын шыж-мыжының арқасында өзара жақын сырлас, дос болысып кеткендей де еді. Ақтан – қашаннан кеңпейіл, жолындағысын кеуделей жарып жүретін тура мінезді адам. Зейнеп пен Есімханның арасында ертеректе жастыққа тән өтпеші желік болғанын білсе де білмегенсіп, қызғанышы барын еш сездірмейтін. Қайта, Есімханды жасы кіші інім деп бауырға тартып, өзіне тым жақындатып жібергендей де еді.

Сүйтіп бұлар былайғы сырт көзге араларын ешбір кір шалмаған, бет шіркеулеріне көлеңке түспеген, өзара ынтымағы жарасқан аға мен іні, қайны мен жеңге сияқты болып көрінуші еді.

...Көрпе астына кіргелі жарты сағаттай болған. Көз ілінер емес. Қалың перде тұтылған терезе сырты Алматының басты даңғылы: такси, автобус, троллейбус, ал мына жағындағы Пастер көшесі бойынан трамвай бірінен соң бірі дыбыстап, сартылдап, дырылдап, бір дауыс айқын, енді бір дауыс құлағына құмыға жетіп, түйдектелген мазасыздық сарын бір толастар түрі жоқ. Үйренген ың-жыңы ғой, ендігі ұйықтап та қалар ма еді, жаңа ғана телефоннан біреу: «Еркек керек пе, ұлтын, жасын айтсаңыз болды», - деп қалғып жатқан шайтандарын оятып, желіктіріп жібергені. Содан денесі ысып, кіндігінен төмен тұсы қатты қызып, өз-өзінен мазасы кете бастағаны. Неге екені белгісіз, мана күндіз Есімханның қасынан көрген ұзын бойлы сары жігіт көзіне елестей бергені. Ұзын болғанда тым арықтау, сосын да көзге ұзын сияқты көрінеді. Әсіресе бас бітісі есінде қатты қалып қойыпты. Атжақтылау сопақша беті шекелікке жетер жерінен әрі қарай бас сүйектің орнына орыстың горшогін кигізіп қойғандай. Өзі елден алабөтенденіп насыбай атады екен. Салфетка қиындысына ораған екен, таблетка дәрінің үлкендігіндей біреуін лып дегізіп ернінің арасына қыстыра салды ды:

- Ақүрпек, - деп өзін таныстырып, бұған қол созған. Саусақтары салалы, бірақ етсіз шидей екен. Мұның алақанын тарамысша орап, қатты қысып жібергені. Тесіле мөлдіреген шегір көзі мұның үстіндегі бар киімін шашып жібергендей болды. Зейнеп өзін осы сәт Ақүрпек алдында тыр жалаңаш тұрғандай сезінгені.

- О бәрекелді, біздің жақтың қыздары міне осындай болса керек-ті, - деді Ақүрпек мұның көзінен көз алмай қадалған күйі тамсанып. Жігіт тамсанғанда қазір аузына жиналған сілекейін түкірер деп ойлаған. Өйтпеді. Ерніне салған насыбайды жеп қойғандай, сөйлегенде сөзін де бұзбай айтып, түк сездірген жоқ. «Сырбазын-ай», - деді Зейнеп іштей сүйсініп. Өзі де қарап қалмады.

- Біздің жақтың дегеніңізге қарағанда, жерлес болдық қой, сірә?

- Иә, мен де Нұрлы бойынан, «Казгородок» деген жерденмін.

- Астанадан жерлесім табылғанына қуаныштымын. Бірақ «қыз» деп мені тым жасартып жібердіңіз білем.

- Отыздың о жақ, бұ жағындағы келіншектің қасында қыз дегенің немене, мұрнының боғын сүрте алмай жүрген біреу емес пе. Нанбасаңыз, биолог ғалым Есімхан айтсын.

- Не айтатыны бар. Не нәрсенің де өнетін, өсетін, жетілетін, кемелденетін, ескіретін, тозатын, өлетін кезеңдері болады. Сен Зейнеп, әйел жынысы ретінде, әбден жетіліп кемелденген шағыңдасың. Оның үстіне әр нәрсенің де табиғат тарапынан оған өмірге деген күш-қуат, құмарлық пен құштарлық сыйын ерекше мол өлшеп берген асылдары болады.

- Сіз әйел жыныстының ішіндегі сондай асылысыз, - деді Ақүрпек, - Үсті-басы жермай сасыған жұмысшылар сіздей перизаттың қадірін қайдан білсін. Оларға жұмыстан кейін топтанып арақ ішіп, үйге келіп келесі ауысым кезегіне дейін естен тана қорылдап ұйықтаса болды ғой.

- Әй, қой, байқа, - деді Есімхан досына ескерту жасағансып, - Зейнеп үйіндегі ағамыз атақты металлург, қалалық советтің депутаты. Мемлекеттік сыйлықты да, бұйыртса, сенен бұрын алып қалуы мүмкін. Заманы еркелетіп жұмысшыдан шыққан ақсүйек!

- Сіз... Сіз де өндіріс озатысыз ба? – деді Зейнеп жаңа танысының жүзінен көзін әкете алмай арбалып.

- Жоқ, мен жәй... Академияда фольклор зерттеймін, - деді Ақүрпек.

- А-а, сіз де ғалым екенсіз ғой.

- Иә, әзірге кішкентайлауымын.

- Ендеше тезірек үлкені болыңыз.

Орынды сөзге үшеуі бірдей қосылып, жарыса күлген еді...

Көзіне сопақ басы горшок тәрізденген Ақүрпек тағы елестеді. Шегір көзінде бір жұмбақ сиқыр бар. Қасыма келіп, алғаш көргендегідей тесіле қараса, құмарлыққа толы отты жанарымен-ақ үстімдегі көрпені ұшырып түсірер ме еді. Ар жағында мен... Ішкиімсіз жататын әдетім, жалаңашпын. Қоя тұршы деп те айта алмай қаламын ба... Бар денесімен тоқ ұрғандай қатты тітіркеніп кетті. Қызып, мазасын алып жатқан борбайы арасына, тап бір содан жаны жай табатындай, қолын сұғып жіберіп, тас қып қысып алды...

Біреу ақырын-ақырын тықылдатып есік қағып тұр. Есімхан екен.

- Аты-жөні жоқ бұл қай жүрісің? – деген бұл даусы әлденеге дірілдей қалып. - Сағатқа қарамағанбысың, түнгі он екі ғой.

- Сағындым сені, сағынып кеттім.

Есік ашарда Зейнеп жалаңаш иығына жеңіл халат іле салған еді. Түймеленбеген, алды ашық халаттан бар тәні жарқырай көрініп тұрды. Онысын өзі аңғармады ма, әлде құмарлық шақырсын деп әдейі сүйтті ме, қалай болғанда да Есімхан артық сөз айтпастан Зейнепті кереует үстіне құлата салып, екі сан – екі ердің арасына бар құшырымен қона кетті.

- Ах, қандай зорсың! – деді құмарлығы бірден басына шапқан Зейнеп ышқынып қап. Жігіт иығын қанын шығара қырши тістеп алды...

Апай-топай аяқталғасын, олар ес жиғандай демдерін басып біраз үнсіз қалды.

- Сағындым дедің бе? – деді Зейнеп бірінші боп тілге келіп. Араларында тап бір түк болмағандай жайбарақат сұрай салды.

- Сен де, Ақтан да менің жақын достарымсыңдар. Сағынған досты көру үшін уақыттың ерте-кеші болмайды.

- Енді ше, басылдың ба?

- Жоқ, саған деген ынтызарым жаңа ғана өршіп, артып келеді.

- Жарайды, өтірігіңе сенейін. Тек соны айту үшін келдің бе, осы қазір жеті түннің ішінде?

- Жоқ, саған сақтаған жақсы жаңалығым да бар.

- Айт.

- Докторлығыма тақырып етіп, зауза қоңызын алғам-ды. Дәлірек айтсам, Орталық Қазақстан аймағындағы зауза қоңыздарының тірлігі.

Шалқасынан жатқан Зейнеп өз төсін өзі сипалады.

- О, тоба, қоңыздан басқа жәндік құрып қалған ба жер бетінде?

- Құртақандай қоңызда, тани білген кісіге, талай терең сыр жатыр. - деді Есімхан желпіне түсіп. - Ол дегеніңіз ғылыми атақ, машина, бедел.

Зейнеп сиқырлана күлді:

- Соның бәрі құртақандай қоңыз арқылы келе ме?

- Әлбетте. Қоңыздың бір жүз қырық тұқымдасқа бөлінетін үш жүз түрі болады. Бірақ қоңыздар біздің елімізде, оның ішінде Қазақстанда аз зерттелген. Ал қоңыз дегенің шаруашылыққа зиянды насекомдар қатарына жатады.

- Бала кезімде қоңыз көрсем сасығы жұғады деп ол жерден айнала қашушы едім зәрем ұшып.

- Енді бұдан былай зерттейтін боламыз.

- Зерттей бер өзің. Онда менің шаруам қанша.

- Шаруаң сол, екеулеп зерттейміз... Қоңыз дегеніңіз – биология ғылымындағы тың тақырып. Ол саған да, маған да жетеді... Әрине, сен әуелі диплом жұмысынан бастайсың. Амандық болса алдағы жаз сендер жаққа, елге шықпақпын. Қоңыз термекпін. Сол кезде сен маған ассистенттік қызмет көрсетесің.

- Не дейсің? Түсінбедім. – Зейнеп ұқса да ұқпаған болды.

- Не түсінбейтіні бар, - деді Есімхан, - мен сенің дипломдық жұмысыңа жетекші болып бекідім, демек сен маған тікелей бағынышты шәкіртсің. Енді түсіндің бе?

Зейнеп бұл әңгіменің тегін емесін, соңында ауыр салмақ жатқанын сезіп шын-ақ сасайын деді.

- Мен... Зауза қоңызынан диплом жазамын ба?

- Иә, иә, тура зауза қоңызынан.

- Ендеше, - Зейнеп кенет ойнақылана қалды, - көңілім көбелекке көбірек ауып жүруші ем.

- Әркімнен бір қалған көбелекті айтып қайтесің. Алтын шыққан жерді белден қаз деген. Дәл қазір сен және мен үшін жәндіктер ішінде қоңыздан тиімдісі жоқ.

- Сөйтіп қоңыз теретін болдық десейші, - деді Зейнеп жеңілген үнмен.

- Тереміз, Зейнепжан, тереміз... Мысалы бар ғой, менің бақытым көзіме тұп-тура қоңыз болып елестейді. Ал бақыт дегеніңіз ол да бір қашаған ат сияқты, қуып жүріп алмасаң, ұстатпайды.

- Жарайды, теретініміз қоңыз болса, ол ешқайда қашпас. Ағаштың жарығынан ба, тастың қуысынан ба, уыс-уыс ұстап алармыз тыраңдатып.

- Тыраңдатып, именно тыраңдатып. Міне былай, - деп Зейнептің тізесінде жатқан ақ жамылғыны бір шетке қарай серпіп жіберіп, сол сәтте-ақ құмары қайта қоза бастаған ләззатшыл ыстық әйелдің үстіне атқа қонғандай сарт етіп тағы қонды.

- О, боже, - деді Зейнеп қос аяғын қосаяқша сермелеп, - Ши борбайыңа қарап қауқарсыз шығарсың деп жүрсем.

- Ши борбайдың арасындағы ше?

- Бар маңызың сонда екен. О-о-о, тағы, тағы, аяма өлтір...

Екеуі де соқыр сезім ләззат майданын қатты сағынып қалған екен, ауық-ауық демалып-ап ойнас қызығын таң атқанша жалғастырумен болды.

Есімхан таңертең кетерінде:

- Өрекпіген көңілім басылды. Сағынышымды суардым. Бірақ құмарым әлі қанған жоқ, - деп Зейнептің кіндіктен төмен томпайып жатқан жерінен шөп еткізіп сүйіп алды. Жалт бұрылды да, нық адымдап бөлмеден шығып кетті. Сол екі ортада қан тамырларындағы тойымсыз шайтандары қайта қозғандай, денесі ыси бастаған Зейнеп: «Құмарымды қоздырма», - дегісі келіп еді, айтып үлгермей қалды. Бас жағында жатқан құс жастықты жұлып-ап пергіштеп-пергіштеп жіберді де, бауырына ала екпеттеп жата кетті. «Мен оңбаған шығармын. Біреуге жар болып, бала сүйіп отырсам да...» Бұл ойдан тез суыды. «Адалсымақ ақылсыз қатын бір сыбағамен аузы ыржиып ауға жарымай жүреді, жолын тапқан ақылды қатын кем дегенде екі сыбағалы болады», - дегенді естуші едім. Мен әлде, сол болдым ба?» Көз алдына басының төбесі орыстың горшогына ұқсаған Ақүрпек елестеп кетті. Жамиды. «Ол мені іздер ме екен...»

Арада бір жеті өткенде, Есімханның арқасында, сессиясын еш қиындықсыз ойдағыдай тәмәмдап, ел жағына «Құрышкент қайдасың» деп аттанып кеткен еді...

Көрші бөлмеден шаңсорғыштың бір қалыпты ызыңы тұншыға естіліп тұр. Бұл бетін кілегейден тазартып болғанша ұлы да біраз шаруа тындырып тастаған еді. «Айналайын, мендей емес, іске келгенде әкесіне тартқан ба, қолы епсекті өзінің», - деп сүйсінген болды.

Тез киім ауыстырып киіп, қолына сөмке ұстап, үйден шығып кетті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар