Өтеген Оралбайұлы. Жаны жұмсақ, жыры жұмбақ Жапония (толықтырылған нұсқа)
Бөлісу:
Көптен бері көрсем деген таңсық ой көкейде жүр еді. Сәті түсті.
Қазақстандық делегацияны жаһандағы, жапандағы Жапонияға алып ұшқан ақсұңқар күншығыс елінің таңғы арайында Токиоға алып жетті. Түн ауа себездеген ақ жауын таңға таласа өрмегін жиып, адарғысын тіктеген екен. Тоты бейнелі Токио аңсап жеткенде атамыздай болып алдан шығатын Алатаудың бауырындағы аяулы Алматымыздай болып аялап қарсы алды.
Жүзі ұқсас, тілі басқа, түрі ұқсас, тірлігі өзгешелеу жапондықтарды көргенде, неге екенін қайдам, көңіліме ақындар ағасы Әбділда Тәжібаевтың жүрекжарды жүздесуде туған жеделжыры орала кетті:
Басымда менің ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ,
Айырмам қайсы қырғыздан, -
деуші еді ғой абыз ақын. Осы шумақ ойыма түскенде: «басымда менің күнқағар, сапарда серік атанған, қоңырқай жүз де менде бар, айырмам қайсы жапоннан» деген жүйрік төрт жол келе қалды. Сол кезде көңілімнің аспаны күлімсіреп сала берді. Енді тіпті өз үйім, өлең төсегімде жүргендей болып, бізден де бетер күлімсіреп тұрған жаңа таныс жапонға «конничива, охаэ годзаимас» деп әрең жаттаған екі ауыз сөзімді қайта-қайта айта бердім. Олар одан сайын иіліп-бүгіліп, дәл мың жыл көрмеген құдалары келгендей онан сайын құрақ ұшады. Инабат иірімдері бізді бірден тартып әкетті. Ауылымызға келгендей алшаң бастық.
Яэи мәдениетін тұңғыш таратушы болып есептелетін жапондардың арғы бабалары біздің жыл санауымыздан 300 жылдай бұрын Еуразия құрлығынан, нақтылай кетсек, Алтайдан келгендігін жапон тарихының өзі қазір жаңылмай айтып жатыр. Сондықтан арғы құдалары келгендей құрақ ұшып қарсы алған жапондардың кейбіреулерін құда болып, құйрық-бауыр жесіскен қазақы тойлардың бірінен көргендей болып, қайта-қайта қарағыштап жатқанымды әбестік санап та жатқан жоқпын. Олар да осылай ойлап жатқан секілді көрінеді.
Жапония өзіндік ұлттық дәстүрін жоғалтпай ұстаған ел. Мүмкін ол талай ғасырлар бойы Тынық мұхиттың қиыр қойнауында жатқандықтан келімді-кетімді аяқтың аздығынан да болар. Ұшақтан қарағанда су бетінде желбіреген бозаң түсті шаршы орамалдай болып көрінетін Жапония қалай болғанда да біз үшін таңсық жұрт. Тіпті біз емес-ау, жастары ұлғайған сайын жер көруге, ел көруге деген құштарлығы кенет артып кететін еуропа жұрты да арқаларына жолқапшықтарын жапсырып алып, қолдарына әр алуан маркалы фотоаппараттарын ұстап, «о, япония, э, япн, е, японо» деп әр тілде таңырқай тіл қататын туристерге толып кетіпті. Жапон кухнясын басып бара жатқан, ауылы аралас, идеясы қоралас қытай, корейлерді былай қойғанда, жер түбінде жатқан Түркияның ысқаяқ қараторы жігіттері «Стамбул» деген ресторан ашып тастап, жапон жастарының ынта-ықыласын аударып-ақ тастапты. Қашан барсаң да үйіріліп отырған жапондықтар. Жапонның салт-дәстүрін ұстанып, оны сыйлап, қадірлеу арқылы да етене елдес болып кетудің көрінісі осы. Әйтпесе кешегі жапандағы, жаһандағы ел атанған Жапония енді жаһанданудың арқасында тиіп тұрған жер. Жаһанданудың жақсы жағы, мүмкін, осы шығар. Басқалар үшін. Алаштың ардакүрең абыздары да жайдан-жай «жапон тыңшысы» атанбаған шығар. Өз елін жапонға теңестірсем деген арман өлімге алып келетінін білсе де, басын бәйгеге тіккен болар. Қазір бұл оқиға тарих қойнауына кетті. Жаһанданудың жанкешті қозғалысы мұнда да төрге озуға жан салып жатыр екен. Бірақ жапондар бұған аса қуанулы емес. Еріксіз ендеп кіріп, жайпап басып бара жатқан жат дәстүрдің де жастар бойынан белең ала бастағанын бұл елдің қарттары қынжыла баяндайды.
Дәстүр демекші, жапон елінің көптеген салт-дәстүрлері бізге ұқсас, тіпті кейде қазақтан бетер жерлері де бар екен. Әсіресе ол халықтық дәстүрлерінен терең көрінеді. Бұлар да қазақ секілді балажан халық. Жапон елінде: «Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай сыйла, он жеті жасқа дейін құлыңдай жұмса, он жеті жастан досыңдай сырлас» деген сөз бар екенін білуші едік. Осының өзінен-ақ осы халықтың бала тәрбиелеу дәстүрі қазақ тәрбиесіне ұқсастығы көрініп жатыр.
Осы сапарда бір байқалған нәрсе, Токио көшелеріндегі жарнамалар мен құлақтандырулар, билбордтар мен баннерлерде тек қана жапон әйелінің кескіні – әдемі суреті салынады екен. Қайда қарасаң да алдыңда жұмбақ жымиып, ұлттық киімі мен халықтық тәрбиесін сыпайылап көрсетіп тұрған жапон қыздары. Содан кейінгі екінші жиі кездесетін бейне – сәби бейнесі. Осыған қарағанда жапондар ана мен баланың бейнесін қастерлеу, құрметтеу арқылы мәңгілік өмірдің үзілмес жырын жырлап жатқандай. Тазалық пен пәктік, нәзіктік пен сыпайыгершілік, әдемі әдеп пен әсерлі иба жапон өмірінің символдық та мәні екен. Осындай көзқарастың нәтижесінде Токио көшесі жылылық пен сұлулыққа барынша бай. Тарам-тарам таралған Токио көшелері пішіні жинақы үш жолдық жапон жыры – хайку сияқты.
Тағы бір ерекше есте қалған жайт – қала көшелерінің өте тазалығы. Басы артық жатқан бір тал шөп, бір түйір темекі қалдығы, немесе айдын көшелерді айғыздап жатқан аткөпір сағыз шайнамасы мүлде көзге түспейді. Көшеде жүріп келе жатып темекі тарту жапон әдетінде жоқ. Темекі тартатын адам бір ыңғайлы жерге тоқтап, шылымын сорып біткесін жанынан тастамайтын кішкентай ғана темір қорапшаға тұқылын салып алады. Бұл тазалық қала әкімінің қақшаңдаған тәртібі емес, қарапайым жапон жұртының қанында бар қасиет. Әйтпесе айтылған ақыл бізде де аз емес қой, естір құлақ, қабылдар ниет болса.
Қаладан 76 шақырым жерде жатқан «Нарита» аэропортынан шыққан сәттен бастап жолмен қапталдаса желген қарағайлар мен тал-дарақтар қағып-сілкіген қол орамалдай болып заулап қалып жатты. Сәлден кейін айдын жолмен бірге аламан бәйгеге шапқан биік-биік, зымыран ғимараттар «мені де бір көріп қал» дегендей белін таянып, кес-кестеп көшеге шықты. Жапондардың өздеріндей шағын-шағын автокөліктер таңертеңгі қой өрген шақтағы қозысы жамыраған ауылдың дауысындай болып, азан-қазан шулап, анда-санда қойдай маңыраған, сиырдай мөңіреген машина сигналдары әлгі ойыңа одан сайын бекіндіріп, баяғыда Алматыға алғаш келген «Ай-паркті» көргендей етіп таңырқатып, таңдандырып тастады. Көлік кептелісі жоқ, айдалада келе жатқандай ағып келеміз.
Жүре берсең, көре бересің деген осы екен-ау. Менің Смағұл деген нағашым: «Бала, бұл не көрмеген Смағұл, бұл сонау Гурьевті де көрген Смағұл» деп кеудесін ұрып-ұрып қоюшы еді. Тәуелсіздіктің арқасында, шүкір, талай елді де, талай қаланы да көріп келеміз, бірақ бұл жолғы әсер бәрінен де асып түсті. Тіпті аспан мен жердің қайсысында келе жатқанымызды білмей, «бұл пәленшең нені көрмеген, Токионы да көрген» деп кеуде тұсымызды қағып-қағып та жібергіміз келеді.
«Байқосақтың сөзі байқасақтан басталады», - деп Бейімбет көкем айтқандай, жалпы, жапондар өмірде «білсем, көрсем, ашсам, байқасам» деген көзқарасты мықтап ұстанатын халық екен. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей жаңаны да жатсынбай, одан қажетті мүмкіндікті табуға және қолдануға әрқашан бейім. Ізденімпаз жұрт. Осындай қасиеттерінің арқасында өзгелерден озып, жаңа заманның қалтарыс-бұлтарыстарын ой көзімен шолып, жаманның өзінен жақсылық туындатуға тырысқан ел. Аса биік технология мен озық прогрестік идеяларды күл мен қирандының астынан қазып алып, техникалық инновациялар мен жаңғырған модернизацияның Эльдародасы атанып отыр. Қызығасың, қызықтайсың. Бұлардың ғасырлардан озып кеткен көшіне қалай жетер екенбіз деп, қиялға да батасың.
Қиял демекші, осыдан отыз жылдай бұрын болған бір жай есіме түскені. Кеңес Одағының керегесін кең жайып, кемелденген социализм құрдық деп дүрілдеп сөйлеп, дігірлеп тұрған кезі. Көк сандықтың алдында көлбеп жатырмыз. Орталық теледидарда «Вокруг света» хабары жүріп жатыр. Сұхбаттасып отырған екі адам, бірі тележурналист, екінші жапон елінің бір ғалымы. Ұмытпасам, техника саласының маманы болса керек. Жапон сыпайылап, СССР-дің да дамып, өркендеп келе жатқанын, ғылымы мен техникасының да күшті екенін айтып қояды. Тележурналист ол сөздерді естіген сайын екпінін үдетіп, сұрақты бастырмалатып беріп жатыр. Арасында өзі көсіліп-көсіліп сөйлеп те кетеді. Бір кезде: «Шынын айтыңызшы, біз Жапонияға ғылыми даму жөнінен қашан қуып жетіп, басып озамыз?», - дегені.
Қонақ аздап тосылып қалды. «Айтсам ба, айтпасам ба?» деген екіұдай ойда отырса керек. Тілші төтеден тартып, төске шауып барады. Сол кезде жапон ғалымы: «Егер расын айтсам, ешқашан жете алмайсыздар», - дегені. Хабарды келте қайырды телетілші. Осы жай ойыма түскенде мен аздап қысылып та қалдым. Бірақ, «үмітсіз – шайтан» дегендей, абыз атамның айтқанын есіме алып, «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп өзімді-өзім қамшылап та қойдым.
Жапондар үшін тарих өте қастерлі. Өзінің өткенін құрметтеп, келер күндеріне үлкен үмітпен қарай білетін оптимист ел осындай-ақ болар. Бірақ осы қасиет, мінездерін ашып көрсетпей, басып көрсетіп, биязы болып тұрып-ақ бәрін тындырып жатыр. Мұнда кез келген тау да, тас та, жылға мен бұлақ та, бел мен белес те, орман мен тоғай да бәрі тұнған тарих. Шалғындарында маялап үйілген, тап-тұйнақтай жиылған шөмелелерді көріп, осылардың өзін айырмен түртіп қалсаң, өзінің тарихын айтып, сөйлеп кетердей көреді екенсің.
Ал храмдары мен ғибадатханалары, енді бұлар жапондар үшін жердегі құдырет, елдегі ерекше орындар. Жапонияның көне діни ағымы «синтодан» тартып, буддизмге ұласқан бүгінгі діні өзі бастау алған Күн құдайы Аматэрасудан тартып, қазіргі жапон жұртын тек ізгілік пен игілікке бастап тұр. Бұлардың әдет-ғұрыптары, ата-баба аруағын сыйлау құрметі қазаққа жақын келеді. Бұлар қайтыс болған ата-ана, туған туыстарының аруағын қастерлеп, тәу етеді және осы орайда табиғатты да естен шығармай, оларды да өлген, өшкен рух деп сыйлайды, табынады. Синтоизм өмірге, буддизм өлімге бағынады. Сондықтан да сәби өмірге келгенде синтоизм дәстүрінде қарсы алынып, адам дүниеден өткенде оны буддизм дәстүрімен жерлейді. Сол себепті бұлардың арасында діни секталар өзара қырғи-қабақ болып, бір-бірін жоққа шығарып жатпайды. Дінге сенуде де жапондар бірқалыпты, прагматик, салқынқанды, сарабдал, ұстамды, ұғымтал.
Жапондар «бәрі де өтеді, бәрі де өзгереді» деген ұлы тәмсілді толық ұстанған және оны өмірлік қағидасы ретінде тұтынатын жандар. Содан да «өлі аруаққа деген құрмет» ешқашан күн тәртібінен түспейді. Олар адамның тәні өлгенмен, жаны өлмейді деген ұғымды ұстанады. Бұл ұғымның түп тамыры тереңде, түп төркіні көне Азияда, тіпті сәл жеткізе айтсақ, адам баласының алғаш табаны топыраққа тиген Алтайда жатыр десек, мұны жапондар да жоққа шығармайды. Күнге табынудың көне ізі осы халықтың жүрегінде әлі атойлап тұрғандай. Мемлекеттік туындағы аппақ әлемнің төбесіндегі қып-қызыл күн, бәлкім замандар шаңы басқан қатпарлы қарт тарихқа сілтеме жасап тұрғандай. Содан болса керек, жапон поэзиясында мәңгілік өмір жыры басты тақырыптардың бірі. Бұл жерде ол ұлы Абаймен үндеседі. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес...», - деуші еді ғой данышпан ақын. Жапондар Абайды оқыса, өз ақынымыз деп қабылдар еді.
Жапонның мәдениеті, өнері, әдебиеті, спорты, салт-дәстүрі, діни наным-сенімдері бәрі тек жапондікі. Мәдениетінің арғы бастауларында қытай мен корейлердің ықпалы болғанмен, одан кейінгі тарихи кезеңдердің бәрінде өзіндік жол салған ұлы презенті Сётоку. Принц-регент барлық жат, өзге дәстүрлерді біріктіріп, кіріктіріп, бірыңғай жүйеге айналдырған. Бірақ бұл кезеңде жапон елі жабық дәстүрді ұстанған, томаға-тұйық күн кешкен. Сол себепті әлі күнге дейін жапон елін жабық ел деген түсінік өзгермей келе жатқаны да рас. Нарита аэропортында Қорғалжынның құс базарындай болып, қиқулап келіп қонып, әрбір минут сайын қаңқылдап, қанатын қағып ұшып кетіп жатқан алуан-алуан ұшақтарға қарап тұрсаң, бұл елдің әлдеқашан ашылып, төрткүл дүниенің төріне айналып кеткенін жақсы сезінесіз. Ұшуға кезекке тұрған ұшақтардың керуені екі-үш шақырымға дейін жететінін өз көзімізбен көргенде, бұл бір айта жүретін әсер, бағалай жүретін баян екен деген ойда болдық.
Бұл елдің халықтық дәстүрге беріктігіне келтірер мысал ұшан-теңіз. Әрине, бір мақалада оны айту да оңай емес. Бірақ айтпай кетуге болмайтын бір дәстүрі, бүкіл әлемге белгілі дәстүрі Жапонияның көктемгі кезіндегі ұлы салт-дәстүрі – сакураның гүл ашу мерекесі. Ұл-қыздарын атастырып, тіпті кей отбастарында біздің ұғым бойынша бел құда, бесік құда дәстүрін ұстанатын, енші бөліп беретін, ата-анасы кенже ұлының қолында тұратын, келін түсіргенде ұлттық дәстүрлерін толық көрсететін, ұлттық киімін киюдің маңызын қасиеттеп ұстайтын, қариясын қадірлейтін, жасын тәрбиелеуде ұлттық ұғымның ауқымында көрінетін жапондар балаларын сакура гүлдеген кезде үйлендіруді жақсы ырымға балайды. Сакураның гүлдеуі олардың ұғымында табиғаттың гүлденуі, жасарып, жайнауы ғана емес, бұл өмірдің шешек атуы, жаңа күндердің басы, жарқын жақсылықтың ізашары, жүрекжарды қуаныштардың бастауы.
Және бір айта кететін, тек айтып қана қоймай, есте ұстай жүретін бір дәстүр – өлі аруаққа деген құрмет. Бұл дәстүр, немесе еске алу мерекесі бонмацури деп аталады екен. Бұл өмірден өткен ата-бабаны еске алып, құрмет көрсетудің ерекше үлгісі. Жыл сайын шілденің 13-15 күндерінде жапондар осы күнді үлкен құрметпен атап өтеді. Оның ең басты ерекшелігі сонда, әрбір отбасы өзінің шыққан жерін ұмытпай, ата-бабасы, не өздері дүниеге келген ауылдарға барып, аруаққа тәу етеді. Түрлі еске алу шараларын өткізіп, оны ұлттық мерекеге айналдырады. Мұндай әдет ежелгі түркі халықтарының бәрінде болғанын, қазіргі заманда да оның нақты көрінісі елімізде бар екенін еске алсақ, бұл халықпен арадағы генетикалық байланыстың тіні мен жібі алыс-алыс ғасырларға кетіп жатқанын жаңылмай тани аласыз.
Жапондар мерекешіл халық. Тіпті оларда демалыс мерекесі деген де мереке бар екен. Бұл сәуірдің 29-нан мамырдың 5-не дейін біп аптаға созылады. Жапондар осы кезде демалатыны демалып, атқарар шаруалары барлары жұмыстарын бітіріп, арқайын тірлік кешіп, ағайын-тумасын аралап, бір-біріне қонаққа барып, еркінсіп қалады. Қаланың мезі тірлігі шаршатқан жандар осы кезде бір жасап, дем алып қалады екен. Ұлдар күні мен қыздар күні сірә, өз алдына мереке. Ал осылардың ішінде ең қызықты әрі жапондар жақсы көретін мереке – жаңа жыл. Бұл сёгацу мерекесі деп аталады.
Шие гүлдеген шырайлы шақта жапон еліне ат басын тіреген Қазақстан делегациясын жапондықтар жылы шыраймен қарсы алып, «Сіздер жақсы кезде келдіңіздер, сакура гүлін аша бастады, енді бірер күннен күннен кейін Токио тотыдайын таранып, сұлулығы бұдан өтіп, көздің жауын, көңілдің ілтипатын алады» деп құрақ ұшып жатыр. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген қазақтың мақалы бар деп біз де өзі де сакурадай сәнін асырып тұрған сөзге қонақ беріп жатырмыз. «Біздер де сондай ұғымға келетін мақал бар» деп аз-кем шүйіркелескен жапондық жігіт ағасы одан сайын иіліп-бүгіледі. Бізге алдын-ала ескертіп қойғандай, жапондықпен кездесіп, не сөйлесіп қалғанда ол иіліп-бүгіліп, ілтипат білдірсе, сен де оған сонша қайырыммен иіліп-бүгіліп құрмет көрсетуің керек екен. Әлгі жерде екеуіміз он қайтара иіліп, бес қайтара бүгіліп, бір-бірімізді әрең жібердік.
Мұнда бәрі жапондық. Салт-дәстүр де, ұстаным мен ұлағат та, тәлім мен тәрбие де. Әрине, өзге мәдениет пен өзге дәстүрді силау бар, бірақ ол жапон ұлтының ұлттық шеңберінде ортақ орбитада бірге айналады. Жапон үкіметі өз кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымына табандап тұрып мәселе қойып, «бұл елде этникалық азшылық жоқ» деген қағиданы бекітіп алған. Ұсақ әлеуметтік топтар да жоқ. Тіпті Камчатка мен Курильдің байырғы халқы – айну да жапондық. Миллионнан астам корейлер де, буддизм діні бойынша тыйым салынған кәсіптердің иесі – буракуминдар да жапондық. Діні бір, тіні бір, тілі бір, ділі бір. Бұра тартып, бұзық ойлап, әрі тартып, әуреге түсіп жатқан ешкім жоқ. Олардың самурайлары ұлттық мерекелер күндерінде қайқы қылышын асынып, көшеге шықса, біздегі кей әулекі топ айқыш-ұйқыш буынып, салпаңдатып қылыш тағынып, Алматының өзінде, басқа қалаларымызда талтаңдап та кеткенін кеше көзіміз көрді.
Жапонның озық технологиясының құдыретін әлем әлдеқашан мойындаған. Жапон мәдениетін әлем ежелден бағалаған. Мұның бәріне жапон елі жанкешті бейнетпен, жасампаз еңбекпен жетті. Біреу келіп жасап берген жоқ, біреу келіп салып берген жоқ. Қасында тұрып, басына қарасаң басың айналар, бажайлап қарасаң салынуында бір мін жоқ, қалаған кірпіштерінің арасына алмас өтпейтін, жымдасып, жұтынып тұрған алып ғимараттар мен сарайлар, қонақ үйлер мен кеңселер осы бір шағын денелі жандардың қолынан шыққанына қарап тұрып сүйсінесің. Үлкен қалалар тұрғызған кішкентай жандардың рухы биік, жігері жалын, мінезі қайсар екенін сезініп оларды одан әрі құрметтей түсесің.
Жақсының жүрген жерінде із қалады. Және ол із «ғұлама жылдар судырлатқанда парағын» жоғалып та кетпейді. Сол ізді тап басып танитын, тапқанда қуанатын жаңа бір жүректес жолаушысы келгенше жұмбақ болып жатады да қояды. Біз осы аз күнде көп көруге, көп ұғуға, көп естуге барынша талпындық. Әттең тіл білмеудің қияметі қолымызды байлаумен болды. Аудармашы да қат. Аяқ-қолыңды ербеңдетіп, басыңды мың қайтара шұлғысаң да, білгің келіп тұрған нәрсені тереңдеп сұрай алмайсың, өліп-талып жеткізгенмен, қайтарма жауапты барынша байыпты түсіне алмайсың. Түйе таңертең өріске өргенде: «Қап, бәлем, бүгін қалайда Меккеге жетіп қонармын», - деп шығады екен. Сол айтқандай, біз де: «Қап, бәлем, енді ағылшын тілінің ізіне түспесем бе!» - деп, өзімізді өзіміз жұбатып қоямыз. Ауылдың қарасы көрінгенде-ақ қазақы еріншектік сайтандай сап ете қаларын қайтерсің.
Әңгіменің әуелгі ізіне үңілсек, жапон еліне бұған дейін де қазақ мәдениеті мен өнерінің талай жампоздарының аяғы тиген. Бізге соның қалам ұстаған қайраткерлері жақынырақ. 1957 жылы мұнда кеңес делегациясының құрамында ұлы Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезов келген. Талай-талай кездесулерде мұхит Мұхаң телегей теңіздей ақтарылған, Азия жұртының арғы-бергі тарихына бойлап кіріп, ойлап пікірлер айтқан. Сол кездесулерде атом бомбасының құрбаны болған жапон жұртының қайғы-қасыретін тереңнен сезіне отырып, ядролық қару-жарақтың жойқын қатыгездігі мен жосықсыз әрекеті жөнінде де көсіліп сөз сөйлеген болар-ау. Оған шүбә жоқ. Тек өзінің кіндігі кесілген атажұрт, анакүлдігі Қасқабұлақ пен Қайнардың, Шыңғыстау мен Дегелеңнің, Абыралы мен Қарауылдың бастан кешкенін, жер жарылып, аспан көшкенін айта алмаған шығар. Айтқысы келсе де. Мүмкін «келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деген тұспалдың бүге-шігесін бәрімізден артық білетін ұлы қаламгер дейтін жерде деп те жіберген болар.
Сергек қаламгер Сауытбек Абдрахманов өткен жылы осындай делегация құрамында Жапонияда болғанда осы іздің шиыры көзге шалынар ма екен деп бірталай алаңдаған көрінеді. Эстет қаламгердің екшеп айтқан сөзінде: «...Семейде жүрген жиырма жасар жігіт кезінде «Япония» деген мақала арнаған, Алашқа үлгі тұтқан елге сапары туралы ештеңе жазбаған. (Бұл жерде автор кейін бұл жөнінде жолсапар очерк жазып, жарияламағанын айтып отыр. - Ө.О.) Шынында да, Жапонияға атом және сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі бүкіләлемдік конференцияға арнайы барған қаламгердің Токиода сөз сөйлегені туралы дерек бар, бірақ онда Семей жеріндегі атом сынақ жарылыстары туралы әңгіме айтылды деген дерек жоқ. «Сұрақ көп. Жауап жоқ. Қазірше. Сол жиынға қатысқан жастар қазір сексеннің о жақ, бұ жағындағы кісілер. Олардың бірінің болмаса бірінің күнделіктерінде Әуезов сөзінің ұзын-ырғасы сақталып қалған шығар, бәлкім?» - деп аңдампаз журналист алаш жұртына аңдатпа тастапты. Қазір жаңа заманға сай іс-қимыл таныта алатын, ең бастысы сол елдің тілі мен тарихын біліп, таразылай алатын жастар қызметке келіп жатыр. Бұл ізге енді солар түскені ләзім. Мүмкін, Мұхаңның бір ізі Токиодан табылып та қалар. Табылса, ол қазақ мәдениеті мен рухани әлемі үшін үлкен олжа болар еді. Жапон жұрты күнделік жазуға құмар екен. Сондай бір қазыналы күнделік біздің жастардың да қолына түсіп қалар деген үміт бар. Ондай күн туса, сүйінші сұрап, шүлен таратармыз.
Одан кейін бұл елге қазақ сөз зергері, Еңбек ері Ғабит Мүсіреповтің жолы түскен. Сол сапардан кейін қазақ прозасының алтын қорына тосын болып қабылданған «Тастың әңгімесі, Көздің әңгімесі, Арқаның әңгімесі» деген ұғымдар енді. «Өмір жорығының» тұспалы социалистік реализмнің ауласынан баспалап шығып, бойын көрсетті. Бұл балық туралы емес, қайғы теңізінде жүзген халық туралы шығарма еді.
1971 жылы қазақтың және бір заңғар қаламгері, Еңбек ері Әбіш Кекілбаев жапон елінде болды. Бұл сапардың қорытындысында қаламгер қаламынан «Тырау-тырау, тырналар» деген көркем жолсапар очеркі дүниеге келді. Мұнда Әбіш Кекілбаев тарихы мен тағдыры ұқсас, жүзі ұқсас, жүрегі пейілдес жапон халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, өмірбаяны мен ұрпақ өсірудегі аяны хақында кеңінен ой толғады. Сол айтылғандарды сараптай қарасаң: «Шіркін, осындай өз алдына дербес, өз алдына түтін түтеткен, ұрпақ өсірген, ғылым мен білім қуған дербес ел болған қандай бақыт?» - деген ой сорабы айқын көрінеді. Тізіліп ұшқан тырналар тағдырын жапон елінің бүгінімен салыстырып, биіктеп бара жатқан еңбекқор халықтың бейбіт аспаны бұдан да ашық болса екен деген азаматтық, қаламгерлік ойын білдіреді. Біз де осы сапарда өзімізге дейін айтылған ой-пікірлердің бәрі шынайы қазақы жүректен, адал тілектен туындап жатқанын тағы да бір қайыра айта кеткіміз келеді.
Сөз орайында жүрдектеу болса да, жапон тілі мен әдебиетіне де назар аудара кеткен жөн шығар. Жапон тілі агглютинативті тілге жатады, оқырманды қинамай айтатын болсақ, біздің қазақ тілі сияқты түбірге жалғау мен қосымша тіркеу арқылы сөз туындайды. Сөздердің бәрі негізінен, екі буыннан тұрады. Екпіні әуенді, ырғағы өте баяу, сөз ырғағы жүзбелі. Бір қарағанда жаңылтпаш секілді оңай көрінетін жапон тілі дендеп енген сайын қиындай, күрделене береді дейді. Сөзжасам әдісі де күрделі, мысалы тиисай – кішкентай, тиисакунай – үлкен, тиисакатта – кішкентай емес. Дыбыс үндестігін қусаң тиисай деген сөз «титтей» дегендей де болып естіліп кететіндей. Мүмкін бұл Бердібек Соқпақбаев ағамыздың кейіпкерлерінің жапондарды «жұпыны», Бразилияны «біраз ел, ә» дегеніндей шығар. Өзімізге ұнағанын жанымызға жақын тартатын әдет қой бұл.
Жапон әдебиетін талайдан бері бақылап, зерделеп, зерттеп жүрген қаламгер Шарафат Жылқыбаева жылдар бойы тірнектеп жинаған жапон тіліндегі қазақ сөздерінің тізімін 1001 сөзге жеткізіпті. Бұл құрметтеуге тұрарлық құнттылық. Осы сапар барысында біз бұл тақырыпқа тереңдеп бармасақ та «сан, ру, апа, су, ақ, көру, қосу, тура» деген сөздердің жапон тілінде де осылайша дыбысталатынын байқадық. Иероглифінің үндестігі әсерінен фонетикалық өзгерістерге ұшыраған мұндай сөздер іздесе әлі де табылса керек. Бұл да бір лингвистика саласындағы тілші-ғалымдарымыз үшін алдағы жұмыстың бір майданы. Мақсат жапонды қазақ қылу емес, мақсат түбі бір түркі дүниесінің арғы тарихы әріде жатқанын және бір-біріне кіндіктес екенін көрсету.
Жапондардың наным-сенімдері де ұқсап жатады. Сондай бір байқалған нәрсе, біздің қинала түсіндіріп сұраған жауабымызға жапондар берген жауап та қызықты. Жапондар 9 санына ерекше мән береді. Бұл күні жаңа іс бастамайды, жолға шықпайды, қонақ шақырмайды. Әрине, қазіргі жапон жастары мұны толық сақтай да бермейді, бірақ аға буын бұған мән береді екен. Біздің де елде, батыс аймақтағы ысық деген ру «үш тоғыздан сақтан» деп біз айтқан жайттарды ескеріп отырады. Ал үш, жеті сандары бұлар үшін де қасиетті. Тау мен көкті қатты құрметтейді. Бұл тұрғыдағы әңгіме ұзап кететіндіктен, біз енді «балықшының көзі ауға түседі, бағбанның көзі бауға түседі» дегендей, өзіміздің жанымызға жақын тақырыпқа ден қоямыз.
Жапон әдебиеті – жаһанға белгілі әдебиет. Ізі VIII ғасырға кететін жапон әдебиетінің дәстүрі сарай маңы қаламгері, жапон қызы Мурасаки Сикибу жырлаған «принц Гэндзи» мен екінші бір әйел жазушы Сэй Сёнагоннан басталады. Кеңес оқырмандары Мори Огайдың, Нацумэ Сосэкидің, Акутагаваның, Тосонның, Мисимо Юкионың, Муракамидің, Банани Ёсимотоның және Оэ Кэндзабуроның шығармаларын біледі, бұлардың туындылары толық, жартылай көлемде орыс тілінде жарық көрген. Соның ішінде Нобель сыйлығының иегері, атақты қаламгер Оэ Кэндзабуроның «1860 жылғы футбол» деген романы 1984 жылы Мәскеуде жарық көрді. Бұл жазушы өзін Достоевскийдің тікелей шәкіртімін деп санаған, тіпті 15 жасында атақты жазушының хрестоматиясын құрастырып шығарған. Аталмыш романның жапон жұртына ұнағаны сондай, «1860 жылғы футбол» бір жылда 11 рет қайта басылған. Роман Американың Хиросима мен Нагасакиге тастаған атом бомбаларынан кейін, 1960 жылы Америка мен Жапонияның «Қауіпсіздік келісім-шартына» қол қоюына қарсы жазылған. Жапон жастарының болашағы туралы жан жүрегіндегі алаңды ашық айтқан қаламгер адам бойындағы жоғары идеал – адамгершілікке жасалған сатқындықты әшкерелеген.
1959 жылы Әбіш Кекілбаев жапон поэзиясының әр буын өкілдері Иссаның, Нюдо Саки Дайдзедайдзиннің, Сайге Хосидің, Исикава Тонудокидің жекеленген жырларын қазақшаға аударған. Ал жапонның атақты ақыны Басёні қазақ оқырмандары жақсы біледі. Оны аударып жүрген ақындар бар, солардың ішінде осы жолдардың авторы да бар. Және осы сапар барысында оқырман аз да болса, жапон поэзиясының жай-күйін ұғынсын деген оймен осы елдің белгілі ақындарының бірнеше хайкуларын қазақшаға аударып бере кеткенді жөн санаймыз.
Жалпы, Жапонияны «лирика елі» елі деп те атайды. Адамдарын былай қойғанда, табиғатының өзі тамылжыған лирика сияқты. Әсіресе сакурасы гүлдеген кезде мұнда сегіз қиыр шартараптан жолаушылар ағылады. Бәрі де сакура гүлдеген кезеңді көруге ынтық. Көрген адам оны жыр етіп айтып, сыр етіп жеткізеді. Әңгіме, айта білуде шығар. Әйтпесе біздің де елде шие гүлдеген шырайлы да шуақты жерлер аз емес қой. Бірақ жапондар осынау сәтті маржандай мәңгілік лириканың арқауына айналдырған. Бәлкім, тіршіліктің үзілмес жырын сакура арқылы сағынышқа айналдырған нәзік ел осы арқылы да өзінің басқа елдерден ерекшелігін көрсеткісі келген болар.
Әуелі Басёден бастайын.
БАСЁ (1644-1694)
* *
Ай дегенің – ақ қазық...
Алды жайлау жап-жазық,
Тауға қон да, дамылда.
* *
Көктемдегі бүрін жарған шиелер,
Менің мұңым – тыңдай алсаң күй егер,
Өлең-қабым ән-жырымды жасырды.
* *
Ғұмырымның асқар шыңы түсінсін,
Қалпағымды мая шөпке түсірсін,
Азғана сәт аялдайын дамылдап.
* *
Күз дегенің келеді ғой сыбырлап,
Желіккен жел жеткізеді тың ырғақ,
БОНТЁ (?-1714)
Қала деген – саясы жоқ қапырық,
Ауыр тыныс алғызады жапырып,
Жазғы айдың жетімсіреп сәулесі...
* *
Бес-алты ағаш кесіліпті тірілей,
Жатыр суда, қалай қалар шірімей,
Отжағарды кемерлетіп басты су...
КЁРАЙ (1651-1704)
Ұшқан шөптің тұқымдары төгіліп,
Күзгі шалғын қалыпты ғой көміліп,
Кешкі құйын салқын екен...
* *
Сарт етті бір егеуқұйрық қақпаны,
Тышқан қақпан бәлкім олжа тапқаны,
Ал бұл үйде егеуқұйрық жоқ екен.
Бұл өлеңдерді орыс тіліне аударған жапон поэзиясын зерттеуші ғалым, ақын В.Маркова.
Жапон поэзиясында жылдың төрт мезгілін жырлау – үлкен үрдіске жатады екен. Бұл ақындардың бір-бірінен озар шеберлігі мен талантын да көрсетеді. Жылдың әр мезгілін жырлауда жапон ақындары жыр жарысына түсіп, бір-бірінен шеберлік арттырады. Оқырман ақындарды осынысына қарап та мықты не осал деп бағалайды. Сондықтан жапон ақындары үшін жылдың қай мезгілінде де шабытты шақта жүру – жүйріктің қай кезде де жарысқа дайын екендігіндей сын. Енді осы айтылғандарға аз-кем назар аударып көрелік. Көктем қалай жырланады?
ЁСА БУСОН (1716-1784)
Көктемгі теңіз –
Буырқанып бой көтерді толқындар,
Күні бойы көктем әнін ол тыңдар.
* *
Күн батып барады –
Шулатады қанаттарын бірқазан,
Көктемгі тау көп дауысты, шулы азан.
КОБАЯСИ ИССА
* *
Көктемгі жаңбыр –
Жыртып-жыртып тасталынған хат сынды,
Ондағы сөз енді бөтен, жат сынды.
* *
Тас будданы қарашы,
Ұйықтап жатқан жанды оятар күйің бар,
Гүл бұрқырап, сыңғырласа тиындар.
ООСИМА РЁОТА (1718-1787)
Таңғы самал.
Бозторғайдың әні биік, тым алыс,
Аспан жаққа асығады мың ағыс.
МИДЗУХАРА СЮУООСИ (1892-1981)
Қарлы шыңдар.
Сакуралар гүлін ашты, құлпырды,
Тыныштықта ұйыған бір мұң тұрды.
Жазғы жырдың тынысын сезініңіз.
ЁСА БУСОН
Қысқа нөсер!
Асып-сасып қалды білем торғай да,
Жапырақты жамылуға болмай ма?
КОБАЯСИ ИССА
Кешкі шапақ, қарлығаш.
Жүрегінде ертеңгі күн амалы,
Кеудесі оның көп күдікке толады.
КАВАБАТА БОСЯ (1900-1941)
Жанады да сөнеді,
Ғұмыры оның өте қысқа көбелек,
Өкпесі көп мына өмірге не керек.
НИСИДЗИМА БАКУНАН (1895-1951)
Калейдоскоп секілді,
Өзгереді өмірімнің беттері,
Қарттық жетті, кімге айтамын өкпені.
Күздің бояуларына да назар аударалық. Өйткені жапон поэзиясы табиғат тамыршысы, жүрек әміршісі.
ООСИМА РЁОТА
Күздегі ай.
Мен де өлермін, көңіл соған бекінді,
Тауда өлген қарағайлар секілді.
МИУРА ЮДЗУРА (1729-1783)
Күн батуда.
Кешкі күннің әлсіреген шапағы,
Шегірткелер ұшып-қонып жатады.
ЯМАГУЧИ СЭЙСОН (1892-1989)
Күзгі тоғай.
Қарақұмық гүлдері де солыпты,
Бұлттар құсап бір-біріне жолықты.
Қыс та келді. Жапон қысы, әрине жұмсақ. Токиода болған кездесулерде Жапонияның қос палаталы парламентінің төрағалары Т.Йокомичи мен С.Эда биылғы қыс біздің елде қатты болды деп бірнеше рет айтты. Сөйтсе, Токиоға қар бұл жылы екі рет жауған екен. Осындай кездесулердің бірінде, әзіл сөздің ыңғайында делегация басшысы Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі: «Біз сіздерге экспортқа көп қар шығара аламыз», - деп оларды бір күлдіріп тастады. Бұл кезде еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде көктем қарсаңында тұтқиылдан боран соғып, қыстайғы қытымыр да қатал қыстың соңғы аккордтарын одан сайын мазасыз мажорлы ырғаққа салып, әбігерді алып жатқан болатын. Бейнеткеш бауырларымыздың қыспен алты ай бойы айқасқан жекпе-жегі әлі де шегіне жеткен жоқ. Таулар да қар тасқынын бұрқыратып, «жау жағадан алғанда бөрі етектеннің» кебін келтірді. Біздің қысты жырлауымыз бөлек. Жапон ақыны Нодзава Сэцуко қысты былай суреттейді:
Ауыр қарлар жауады.
Таусылғасын амалы...
Аспан мен жер бірге тыныс алады.
Жапонның екінші бір ақыны Муро Сайсэй жақындап келген жаңа жылды өлеңмен былайша қарсы алады:
Жаңа жылда...
Таулар-дағы қатарласа тізілген,
Ақша қарлар оған қарап сүзілген.
Қытымыр қыстан кейін мөлдіреп көктем де жетеді. Жапонияға оны алғаш алып жететін – тырналар. Бұл елде тырналар қасиетті құс. Ұшақтары мен биік ғимараттарының қабырғаларында тырналардың суреттері тізіліп салынады. Жазушы Әбіш Кекілбаев жапон елінде болған жолсапар жазбаларын «Тырау, тырау, тырналар» деп неге атағанын енді түсіндік. Жапон поэзиясының қазіргі көрнекті өкілдерінің бірі, ел поэзиясын шет елдерге танытып, таратуда көп еңбек сіңіріп жүрген ғалым-профессор, Нагоя қаласындағы университеттеің ұстазы Миура Юдзура шығармаларында тырналар бейнесі көп кездеседі.
Таңмен бірге...
Жеткізгендей бір хабар,
Тыраулайды, тыраулайды тырналар,-
дейді ол бір хайкуында. Өлеңнің ішкі құйылысы мен әуені қазақ жырымен қанаттас. Бұл өлеңдерді орыс тіліне аударған белгілі ақын Александр Белых.
Мұнда таулар да көп. Тіпті әр қаланың, әр аймақтың өз тауы бар. Дегенмен солардың ішінде қасиетті Фудзияманың, жапондарша айтсақ, «киелі Фудзидің» жөні тіптен бөлек. Жапонның әрбір перзенті міндетті түрде осы таудың басына шығуы заңдылық, міндет. Әтпесе ол нағыз жапон деп есептелмейді. Биіктігі бар болғаны 3776 метр Фудзияма жапондар үшін әлемде теңдесі жоқ биік тау. Мүмкін ол адамгершілік пен гуманизмнің биіктігін көрсетіп тұрған символдық биіктік шығар. Мүмкін ол әрбір адамның сол биікке шығып, біліп-білмей істеген күнәларынан тазару орны шығар. Мүмкін ол пенденің парасатқа ұмтылған биіктігі шығар. Қалай болса да, Фудзияма – жапон әдебиеті мен өнерінің мәңгілік мақтанышты тақырыбы. Біздің Қазығұртты қадірлеуіміз оны көргенде, не қасына келгенде ғана болса, тарихымызды таразылап бағалаудағы енжарлығымыз бен еріншектігіміз осыдан-ақ көрініп жатқан жоқ па?
Жапонияда болған азғана күнде көптеген әңгіме айтылды. Негізгі алтын қазығы – екі ел арасындағы достық, әріптестік, ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі тереңдету. Екі жақ та бұған күмәнсіз келісті. Біздің де осынау өркендеп дамыған, өнегелі жолы бар өркениетті елден аларымыз аз болмаса керек. Үйренеріміз де жетерлік.
Аз күнде көп әсерге бөлеген, тотыдайын таранған Токио ақ жаңбырмен шығарып салды. Ақ жол тілегені шығар. Бұл жол енді біртін-біртін кеңейіп, әлі-ақ айдын даңғылға айналар. Сол даңғылмен қазақ жұрты өздеріне түрі де, жүзі де ұқсас, тірлігі мығым, тіршілігі тоқ, дамуы қарқынды, өсуі өркенді жапон жұртына жатсынбай қадам басып, жақсы қасиеттерін бойына сіңірер. Мен сол күндердің жақынға тартуын тілеймін.
Жақын да алыс Жапония қазақ жұртымен аңсап табысқан ағайындай болып араласуының бір дәнекері болар деген оймен бұл жазба қағазға түсті.
Нұр-Сұлтан – Токио – Нұр-Сұлтан
Бөлісу: