Шерхан Мұртаза. Қыз бен бота
Бөлісу:
(әңгіме)
– Самолет! Самолет! – деп қыз теңіз жағалай жүгірді. Қанаты жоқ, қанаты болса ұша жөнелгендей. «Самолетке қарай шынымен ұшып кетіп жүрмесін» дегендей, еспе қызыл құм қыздың аяғынан тартты.
– Самолет! Самолет! Мені ала кетпейсің бе, а? – деді қыз тоқтай қалып. Жалаңаяқ тобығынан құм сусыды.
Жарған дарбыздың жартысындай шырайлы күн теңіздің о шетіне жайлап барып қонған кез еді. Теңіз бойлап бұдан бұрын да талай самолет ұшқан. Қыз бәріне де әлгі сөзді айтатын. Бірақ оның арызын самолеттердің ешқайсысы ілтипатқа алған емес.
– Мені алысқа ала кетпейсің бе, а? – деді тағы да. Бұ жолы тек сыбырлап айтты.
Самолетке айқайла не, сыбырла не – бәрібір.
Жоқ, бәрібір емес екен! Ол айқайдан гөрі сыбырды жақсы естиді-ау, сірә. Самолет шұғыл аударылып, бір қанаты жалт етіп жоғары көтеріліп, қыз жаққа бұрылды.
Қыз аң-таң қалып біраз тұрды да, тұра қашты. «Өзің шақырып, өзің қашқаның қалай?» дегендей, қызыл құм оның кішкентай аяқтарына жармасты. Құм оның көкорай шалғын көк шөбіндей еді. Баланың аяғын аймалағандай, жып-жылы жұмсақ тиетін. Құм түнде ғана салқын тартатын. Қара түннен қорыққандай бойынан жылуы қашатын.
Қызылқұмның теңізге барып сұлаған шебінде теңбілкөк теңге жапырақ өспейді, жабайы жоңышқаның гүлі жайқалып, иісі сені елітпейді. Онда қызыл алма ұрықтамайды. Осы себепті де, жайқалған көгал дүниенің қызметін өзі атқарғысы келетін сияқты құм да жел жапырған шалғындай желбірейді. Құм тіпті кей-кейде сыңсып ән салғандай болады.
Қыз малтығып, етпетінен құлады. Қызыл ленталы тұлымшағы селтең етті. Иір мойнына қыздыкіндей қызыл лента байланған бота жалт беріп, тапырақтап тұра қашты. Ботаның аяғы ұзын еді. Құм кедергі бола алмады.
– Мені тастап кеткенің бе? – деді қыз ботасына өкпелеп.
Анадай жерге самолет келіп, дөңгелек аяғын тіреді. Қап-қара дауыл бұрқ етті. Самолет секеңдеп біраз жүріп, бері бұрылды. «Е, шынымен-ақ менің шақырғанымды естіген екен ғой» деді қыз құмға бір аяғымен тізерлеп тұра беріп.
Самолет те гүр-гүр етіп бір нәрсе айтпақшы болған сияқты еді, қона бергенде тамағына құм кіріп кетті ме, қақалып қалды да – тоқтады.
Ұзын бойлы ұшқыш жерге түсіп:
– Амансың ба, айналайын! Атың кім? – деді.
– Менің атым Раушан, – деді қыз.
– А-а-а. Сен, шынында да, Раушансың, – деді ұшқыш.
– Сіз мені біледі екенсіз ғой, – деді Раушан.
– Білмегенде ше, – деді ұшқыш.
– Менің самолетті шақырғанымды сіз қайтіп естіп қойдыңыз? – деді Раушан.
– Самолетте бәрі естіліп тұрады, – деді ұшқыш.
– А-а-а, – деді Раушан. – Білдім-білдім.
– Нені?
– Басқа самолеттегі ағайлар естісе де тоқтамайды екен ғой.
– Жоқ, Раушан. Олар тоқтар еді, асығады ғой, – деді ұшқыш.
– Сіз ше?
– Мен бүгін асықпаймын. Оның үстіне, сен шақырдың, – деді ұшқыш қалтасынан үлкен қып-қызыл алма алып беріп.
– Сіз мұндай алманы қайдан алдыңыз? – деді Раушан қып-қызыл жемісті жеуге қимай сипалап.
– Ол алыста өседі. Алатау деген жерде өседі, – деді ұшқыш. – Барасың ба, алып барайын.
– Ол жақта мұндай алма көп пе? – деді Раушан, егер көп болса, мынау алманы жеп қояйын деп.
– О, көп болғандай қандай! Ағаштың басында сыңсып тұрады. Онда парк те бар. Өзің сияқты балалар әткеншек тебеді, кәдімгідей пойызға мінеді. Балмұздақ қандай десеңші!
– Онда барайын, аға, – деді Раушан.
Бұлардың қасына Раушанның әкесі келді. Амандасып, жөн сұрады.
– Мына Раушан шақырған соң келдім, – деді ұшқыш.
– Рас, көке, рас! Мен шақырдым! – деді Раушан.
– Онда үйге жүгір. Мамаң шай дайындасын, – деді көкесі.
Раушан жүгіре жөнелді. Құм аяғына оралған жоқ.
– Нөкіс қабылдамай қойды. Онда қалың тұман, – деді ұшқыш. – Аралға қайтуға бензин аз.
– Қонғаның жақсы. Қонақ боласың. Біз мынау Қызылдың құмына жаңадан орнап жатқан қой совхозымыз. Мен осындағы пошта бастығымын, – деді Раушанның көкесі.
Үлкендер шай ішіп, Қызылдың шекер қауынын жеп жатқанда, Раушан өзінің ботасымен қоштасты.
– Сен жаңа мені тастап қаша жөнелдің, ә, ботақан? – деді Раушан.
Бота кінәсін мойындағандай, үп-үлкен көзін тайдырып әкетті.
– Көрерсің, ертең ерте мен де сені қалдырып, самолетке мініп кетемін, – деді Раушан. – Алмасы көп, гүлдері көп, тауы биік, балмұздағы көп қалаға барамын. Сен бармайсың.
Енді бота мөлдір бұлақтай тұнық көзін кең ашып, таңырқай қарады.
– Сені алып жүруге болмайды. Сен самолеттен қорқасың ғой, – деді Раушан. – Әлгінде тапырақтап қаша жөнелмей, ұшқыш ағаймен мен құсап амандасқаныңда, ол сені де самолетке мінгізетін еді.
Бота иір мойнын төмен салбыратып, күрсінгендей болды.
– Жарайды. Бұртимай-ақ қой. Мүмкін, ол сені де мінгізіп алар. Онда бірге ұшамыз. Ал енді ұйықтайық. Таң азанда тұрамыз,
– деді Раушан.
Ол үйге кіргенде, үлкендер дастарқан жинап, төсек салып жатыр екен.
– Ал, Раушан, таңертең жүреміз ғой? – деді ұшқыш.
– Иә. Мен ұйықтап жатқанда кетіп қалмайсыз ба? – деді Раушан.
– Мен сені оятамын, – деді ұшыш.
– Шын көріп, таңертең жылап бәле болады ғой, – деді анасы.
– Баламысың деген, қызық көріп тұр ғой, – деді көкесі.
* * *
Ұшқыш алдаған жоқ. Ұрланып ұша жөнелмеді. Асықпай шай ішіп аттанды.
– Ал, Раушан, дайынсың ба? – деді ол.
– Ботаны да ала кетуге болмай ма? – деді Раушан.
– Ботаны дейсің бе? Ой, әттеген-ай, ботаға орын жоқ. Және ботаның барғысы да келмейтін шығар о жаққа. Тағы бір оралғанда ботаны да ала кетейік, – деді ұшқыш.
– Онда мен де келесі жолы ботамен бірге ұшайын. Сіз алдамайтын ағайсыз. Сіз қайтып келесіз, – деді Раушан. Сөйтіп, ол ботасына Қызылдың тәтті қауынының қабығын берді. Бота қабыққа тимей, Раушанның қолын иіскеледі. Аспаннан қараған ұшқышқа бота Раушанның қолын сүйіп тұрғандай көрінді.
Сурет emaze.com сайтынан алынды
Бөлісу: