Пер Лагерквист. Қасиетті сүйектер

Бөлісу:

07.10.2019 4312

(әңгіме)

Әлдебір екі халық бір-біріне соғыс ашыпты. Екі жақ та өздері орнатқан қасіреттің қасында пенденің қандай да бір уайым-қайғысы баланың ойыны боп қалғанын мақтан тұтса керек. Қанға құмартып алған адамдар тіпті қалған тіршілікті ойлап қамығып жатпапты.

Хош. Екі жақтан да өлік тау болып үйіліп, қан суша аққан шекара түбінде отан үшін офат болған жауынгерлерге арнап нелер бір ескерткіштер орнатылады. Ел ерлікпен қаза тапқан батырлардың басына тәу етіп, бас иіп келіп жатады, үсті-үстіне келіп жатады. Сүйегі сонда қалған қаһармандардың қасиетті рухына бағышталып нелер бір жалынды сөздер айтылып жатты дейді.

Бірақ айтулы абыр-дабыр ұзаққа созылмапты. Өйткені ескі майдан алаңында түсініксіз бір жайт орнағаны белгілі болады. Түн ішінде өлгендердің бәрі орнынан тұрып, тап бір баяғыда татуласқан жандарша шекараның ар жақ, бер жағы болып араласып кетеді екен.

Жұрт жағасын ұстайды. Тірілер отан үшін офат болды деп кие тұтып жүрген өлілер жаумен емен-жарқын араласып жүр. Масқара!

Екі жақтың кісілері ақылдаса келе, мән-жайды анықтау үшін комиссия құрады. Сөйтіп жасырын аңдуға кіріседі.

Ақыры жасырынып жатқан комиссия жұрттың айтып жүргені сыпсың сөз емес, ақиқат екеніне көз жеткізеді ғой. Түн ауа жер астынан мыңдаған елес шығады. Шығады да шекараға қарай аяңдайды. Қолдарында бірдеңе бар. Жасырынып жатқан топ шеткерек кетіп бара жатқан біреуін қаумалап алады, әлгі жерде.

– Бұларың не? – дейді комиссия төрағасы, – Біз сендерді отан үшін жанын қиды деп батырға балап, жас ұрпаққа үлгі етіп, қабірлеріңді қасиет тұтып, тәу етіп жүрсек, сендер ата жаумен достасып алыпсыңдар!

Сонда өлген ердің елесі таңдана қарап тұрып:

– Бекер налисыңдар! Біз бір-бірімізді әлі де жек көреміз. Тек мидай араласып кеткен сүйектерімізді түгендеп жүрген жайымыз бар, – депті.

Аударған: Нұрлан Қабдай

Көрнекі сурет: Эрнст Неизвестный "Қолы бар бетперде"

Бөлісу:

Көп оқылғандар