Бүгін Сәкен Сейфуллиннің туған күні

Бөлісу:

15.10.2019 6989

Бүгін 15-қазан қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, ақын, жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туған күні. Туғанына 125 жыл толып отыр. 1894 жылы дәл осы қазан айының 15 күні дүние есігін ашқан еді. Осыған орай, жылдағы дәстүр бойынша ақын шығармашылығын дәріптейтін қалалық «Сәкен оқулары» өтіп, бүгінгі мерекеде сол сайыста жүзден озған жүйріктер марапатталды.

Сәкен шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен шарада оқушылар төрт бағыт бойынша сынға түскен. Олар:

1. «Сыр сандықты ашып қара» ақынның бір поэзиялық шығармасын мәнерлеп оқу;

2. «Қазақты қазақ дейік» бір прозалық шығармасынан үзінді оқу;

3. «Арқаның кербез сұлу Көкшетау» Сәкен әндерін орындау;

4. «Сәкеннің аманаты» Сәкен өмірінен сахналық көрініс;

Ақын тойы ағымдағы жылдың 14-мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінде басталған болатын. Елордамыздағы Сәкеннің қарашаңырағынан басталып еліміздің Жаңаарқа, Қарағанды, Алматы, Көкшетау сияқты т.б қалаларда өз жалғасын тапты.

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, С.Сейфуллин музейінің директоры - Несіпбек Айтұлының бастамасымен музейдің мәжіліс залында мерейтойға арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға ақын шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдармен қатар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, әншілер, мектеп оқушылары қатысты.

Шара С.Сейфуллиннің еңселі ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюмен басталды. Алғашқы сөзді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, музей директоры - Несіпбек Айтұлы сөйледі. Ақынның туған күнімен құттықтап, қилы тағдырына тоқталды. Тәуелсіз елдің жастарына артында қалған мол мұрасымен сусындап, Сәкен әлемін терең танып зерттеуге шақырды.

Жиын барысында, С.Сейфуллин музейінің алғашқы директоры - Роза Иманғалиқызы, әнші, Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасын зерттеуші, сәкентанушы - Серік Оспанов, ұстаз, Сәкен мұрасын насихаттаушы - Оспан Сүлейменұлы, Ауыл партиясының өкілі - Қуаныш Сейтжанов өз кезектерінде сөз алып, музей ұжымына алғыс айтып, жас өрендерге тілектерін білдірді.

Сонымен үш күнге жалғасқан қалалық дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауының қорытындысы мынандай:

«Сыр сандықты ашып қара» номинациясы бойынша:

Жүлдегерлерді «Сәкен Сейфуллин музейінің» директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы марапаттады.

Ынталандыру: Пармешов Елдос. 8 сынып, № 70 мектеп.

ІІІ-орын: Араш Ділдә. 5 сынып, № 40 мектеп.

ІІ-орын: Жұмағазинова Жанерке. 7 сынып, № 24 мектеп.

І-орын Шахмашева Ақбота. 8 сынып, № 2 Қосшы орта мектебі.

«Қазақты қазақ дейік» номинациясы бойынша:

Жүлдегерлерді «Сәкен Сейфуллин музейінің» тұңғыш директоры Роза Иманғалиқызы марапаттады.

Ынталандыру: Жамшитов Арсен. 9 сынып, №61 мектеп.

Ынталандыру: Лахан Іңкәр. 8 сынып, Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектеп.

ІІІ-орын: Мейірбек Жандаулет. 11 сынып, № 57 мектеп.

ІІ-орын. Болат Мейірлан. 10 сынып, № 86 гимназия.

І-орын. Асқарова Нұрсәуле. 9 сынып, № 55 мектеп.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» номинациясы бойынша:

Жүлдегерлерді әнші, Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасын зерттеуші, Сәкентанушы Серік Оспанов марапаттады.

Ынталандыру: Алиайдарова Аида, Қасым Дидар. 7 сынып оқушылары, № 67 гимназия.

ІІІ-орын: Семсерхан Бақдаулет. 8 сынып, № 65 мектеп-гимназиясы.

ІІ-орын: Теміржанұлы Айбек. 7 сынып, № 53 мектеп.

І-орын: Байбуринов Бекарыс. 8 сынып, №81 «Astana English school» мамандандырылған гимназиясы.

«Сәкеннің аманаты» номинациясы бойынша:

Жүлдегерлерді ұстаз, Сәкен мұрасын насихаттаушы Оспан Сүлейменұлы марапаттады.

Ынталандыру: 9 сынып оқушылары. 9 сынып, №56 мектеп-лицей.

ІІІ-орын: 9 а, 9 ә сынып оқушылары. 9 сынып, № 40 мектеп-лицей.

ІІ-орын. «Нұр» балалар театры». 11 сынып, № 4 мектеп-гимназия.

І-орын. 10 сынып оқушылары. 10 сынып, № 77 мектеп

Қазақтың біртуары – Сәкен Сейфуллин тірісінде-ақ халық арасында «Сәкен сері» атанды. Оған дәлел Сырбай ақынның мына бір өлеңі:

«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

Өлеңнің құшағына сыя алмайтын.

Қазақты көргің келсе, міне, осы деп

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын».

Алла бойына сезім мен сұлулықты қосып берген ақын шығармашылығы да, тұнып тұрған махаббат пен көркемдік. Ақынның сұлу жанынан өріліп ғажайып туындылар өмірге келді. Азаматтық соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз, өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген жоқ.

Сәкен өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер. Оның «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айырылуы», шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

Оның есімі халық арасында ревалюция жылдары және одан кейінгі кезеңде кеңінен тарады. Ол қазақ ақындарының ішінде бірінші боп ревалюцияны жырлап, Совет өкіметі үшін күреске белсене қатысты. Қызылдардың жыршысы болып жүріп-ақ, Қазақ үкіметін басқарған тұста «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзеуді именбей көтеріп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазып, атымызды қайтарып бергенінің өзі – ұлы іс. Міне, осының өзінен-ақ оның орталық биліктен жасқанбай ұлты үшін басын бәйгеге тіккенін көреміз.

Сәкен – қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен рөл атқарған жаңашыл ақын. Өзінің бар өнерін халық мақсатына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болып, теңдікті аңсады. Бай мен кедей арасындағы тартысты, әділетсіздікті жырлады.

Оның асыл мұралары халқымен бірге мәңгілік жасай бермек.

Арман Шеризат

Бөлісу:

Көп оқылғандар