Өтен Ахмет. Кішкентай қолдың құдіреті
Бөлісу:
(Әңгіме)
Дәліздегі аяқ басқан тықырынан-ақ танып, бұл қоңырау қағам дегенше, Райхан алдынан шығып есікті аша қоюшы еді. Қоңырау түймесін ек-үш басты, жөткірініп дыбыс беріп, тамағын қырнап та алды, аржақ үнсіз. «Дүкенге шығып кетті ме» деп, ойлағаны сол еді, осы кезде іш жақтан асығыс кеп есік ашқан жұбайы:
- Тез өт, қызық боп жатыр, - деп, өзі үй төрінде сөйлеп жатқан телевизорға қарай ұмтылған. Ол да бәтеңкесін сілкіп-сілкіп жол-жөнекей шеше сап артынан ере барған еді. Экрандағы бажбиған таныс бейнені көріп, күліп жіберді.
- Осы үшін асықтырдың ба?
- Тыңдасайшы не деп отырғанын, - деді Райхан күйеуіне орындық ыңғайлап жатып.
Ол жұбайы ұсынған орындыққа жайғасып, тынышталып, экрандағы божбанның лебізіне құлақ түрген. Мәссаған! Соғып жатыр. Өйтеміз де, бүйтеміз, корруация мен пара алуды жоямыз, мафияның тамырына балта шабамыз...
- Баламызды өтірік жаладан құтқару үшін төрт бөлмелі үйімізді сатқанда, ақшасын осы адамға берген жоқ па едің? – деп сұрады Райхан.
- Иә, тап соның өзі ғой. Сайрауын-ай сабаздың.
- Мойны жоқ па өзінің. Қалай семіз, басы мойыномыртқасы ішінен шығып тұрғандай екен.
- Жақтырмасаң, көріп қайтесің әуре боп, - деп, күйеуі басқарғыш тетікпен телевизорды сөндіріп тастады.
Олар көкәнаға барып шай ішуге кіріскен. Күйеуі үйге кіргеннен жұбайының жүріс-тұрысынан, сөйлегендегі үнінен, көзінің қарасынан өзі ғана байқай алатын түйсікпен көңілінде бір жақсы жаңалығы барын аңғарғандай еді. Соны білгісі кеп:
- Ұлға тағы ақша салғанбысың? – деді алыстан құрық тастап. - Бізді күтетін жасқа келсе де, керісінше, өзін де, балаларын да әлі күнге дейін біз асыраймыз.
- Әкелік парызыңды міндетсінбе, - деді Райхан, ренжімей сабырлы айтты. -Көкем марқұм қандай еді. Бір айлыққа қараған қарапайым жұмысшы бола тұра бес ұл, бір қызды өмір бойы бір қыңқ етіп қабақ шытпай-ақ бағып-қағып өсірді ғой.
- Рахмет, атаңды ұмытпағаның үшін.
- Қазіргі қайсыбір еркек бір күн есік күзетіп, үш күн үйде жатқанын мақтан көріп, иығымен аспан тірегендей боп жүреді. Ал біздің көкеміз бала-шаға қамы үшін деп бір емес, үш жерден жұмыс істеп ақша алатын.
- Е, атаңның «Рақилашым» деп еркелетіп, еселеп сорпа ішкізіп, қауынның тәттісін таңдап жегізетін қамқорлығын сағынған-ақ екенсің.
- Әрине, сағынамын. Ал біз...
- Өй, не демексің өзі, жаманшылық бірдеңе естідің бе?
- Жоқ. Қуанғандағы түрім ғой, не сөйлеп, не қойғанымды білмей отырмын ба?
- Қуанып деймісің... Қандай хабар?
- Өзің көр. Поштамен салып жіберіпті, - деп, Райхан терезе жақтауына қойып қойған жерінен төрт бұрышты бейнетаспаны алып, күйеуінің қолына ұстата қойды.
- Ау, манадан бері мұныңды маған айтпай қалай шыдағансың?!
- Телевизордан сөйлеген әнебір парақор ақылшыны тыңдаймын деп, бір жағынан қуанғаным бар, есім шығып кетті ғой.
Күйеуі сөзді одан әрі созбай орнынан жедел тұрды да, үлкен бөлмеге барып, бейнетаспаны дереу тиісті ұясына қондырып, телевизорды іске қосқан. Экранға жайнаңдап ұлы шыға келді. Әуелі қолын бұлғап қойып, ата-анасына сәлем жолдады. Үсті бүтін, жүзі жарқын. Бойшаң, көрікті. Кім түсірсе де, шебер екен. Әрбір көрініс нақты, айтылар сөз орнымен. Тұрмыстық жағдайлары, атқаратын жұмыстары, емделушіге қойылатын талаптар – бәрі рет-ретімен. Әшейінде мұрын шүйіріп қасынан өтуге жиіркенетін лас жұмыстың өзін бар күшін салып ықыласпен атқаруды үйреніпті. Сусыннан таза қара судан басқа ештеңе ішпейміз дейді. Тіпті лимонадтың өзін де. Тәртіп барынша қатал. Шыдамасаң, ереже бұзсаң, қайтарып жібереді.
- Мынау шынымен біздің ұл ма? – дейді күйеуі бәйбішесін иығынан қапсыра құшақтап, ақбурыл тартса да толқынды, қалың шашынан құшырлана иіскеп қойып. - Ұлымыздың көркемдігі саған тартқан-ау деймін.
- Бойшаңдығы, мығымдығы, мұрыны саған тартқан - дейді Райхан.
- Жастай қанатымды қайырды, аштан өлсем де ешқашан мемлекет үшін ештеңе істемеймін деп, қауіпті ауруға ұшырап адасып жүрсе де, оның атқарған, менің түсінігімде, бір үлкен ісі бар, сол үшін мен ұлымды өте жақсы көремін.
- Шүкір, шүкір, ол жағынан Аллаға мың алғыс,- деді Райхан.
- Алғандары жоғары білімді әрі текті жерден болды ғой. Арғын келіннен туған немереміз ер жетіп, политехникалық университетке оқуға түсті. Қолымызда болмаса да, көз алдымызда өскендей. Каникул сайын келіп-кетіп тұрады. Ата, әже дегені қандай тәтті.
- Иә, - деді Райхан, - қыпшақ келініміз ше. Бір ұл, бір қыз егіз немерені бір-ақ тарту етті ғой. Олар да ұлымызға өкпелеп, бізден хабар үзіп кеткен жоқ.
- Сол келіннің қалай босанғаны есіңде ме? Түн ішінде толғағы кенет басталып... Он бес шақырым жердегі Қарғалыға машинаға сап ала жөнелейін. Сен шарбақ қора аузында қол бұлғадың да қала бердің.
- Енді қайтейін, саған әбден сеніп кеткем ғой. Өзіміздің қыз бен ұлды туарымда да бала босандыратын жерге мені сен өзің алып барғансың. Тұңғыш немереміз туарда да келінді сол жерге сен алып бардың. Иә, сүйтіп егізді туған келінді де бала босандыратын үйге өзің апарып, алып келдің ғой. Отағасы-ау, жан дүниең мамықтай жұмсақ, жүрегің асыл, аса мейірімді шуақты жансың ғой сен, білемісің өзің.
- Маған мақтау сөз айтуға тым сараң сияқты едің, маңдайынан өмірі сипау көрмеген баладай жүрегімді қапелімде езіп жібердің ғой елжіретіп.
- Сөз деген айтылады, қалады... Өмірдегінің бәрін адамның тек нақты әрекеті ғана шешеді ғой...
- Осы жағынан бұл дүниеде сенің қадырыңа жете алсамшы... Кейде бір-бірімізді қайсымыз артық сүйеді екенбіз деп ойланған кездерім болған. Сонда сен алдыма шығып кете беретінсің ылғи да.
- Көңіліңде маған деген бір күмәнің болғаны ғой, сірә.
- Жоқ, одан емес. Қалай десем екен, қай адамның болмасын ішкі жан дүниесі үнемі бір қалыпта тұрмайды ғой. Көңіл – сынап, кейде толқиды, құбылады да дегендей. Жоқ, олай емес дейтіндер болса, мен олармен бәрібір келіспес едім. Мысалы, махаббат менің түсінігімде құшақтасу, сүйісу, құлаққа жағымды айтылатын әдемі сөздердің жиынтығы ғана емес, нақты еңбек, сын сағатта көрсетер шешімді және ең қажетті әрекетің. Сен, Реш, өзің қаншалықты ақылға салып, мән бердің, білмеймін, жап-жас кезіңде-ақ мені үш рет ажалдан болмаса да, одан кем емес, үлкен абыройсыздықтан құтқарып қалғансың. Есіңде ме?
- Ой, одан бері нешеме заман алмасты, әлі ұмытпай жүрмісің? Қызық екен.
- Қызық деймісің. Тыңда ендеше, сен ұмытқан болсаң, есіңе түсірейін.
Танысып, білісіп бір-бірімізге біршама бой үйретіп алған кезіміз болатын. Курстас бір топ қыз-жігіт Алатауға серуендеп қайтуға шықтық. Медеу шатқалын қапталдап, мәңгі мұздақтардың етегіне, сонау қар жатқан жерге дейін биіктеп-ақ кеткен едік. Тау басында жүру қандай ғанибет. Өндіріс ошақтарының түтіндері жарыса будақтап аяғың астында қалған Алматыға қарайсың қызықтап. Құзар шыңның етегіндегі мақтадай үлбіреген аппақ ақ қардан уыстап-ап, аузыңа салып талмалап шөліңді басасың; беті-қолыңды олай-былай ыспалап, ысыған денеңнің терін сүртесің. Тұрған жеріңде секіріп қап, төбеңде ақырын қалқыған ақша бұлттардың шалғайынан ұстай алғың келеді. Қарапайым жадау уақыт еді ғой ол кез. Қазіргідей дорбалап азық алып, бөтелке тасып жүру ойымызға да кірмейтін. Ішкен-жегенге емес, өмірге, жанарымыздағы туған жердің сұлу табиғатына мәз болатынбыз. Жастар, бір-біріміздің дидарымызды көргеннен, әңгімелесіп-сырласқаннан рухани қанағат алып, жанымыз содан кәдімгідей тоғайып жүретінбіз. Қайсымыз да болашаққа еш күмәнсіз зор сеніммен қарайтынбыз. Көп ұзамай оқу бітеді, диплом аламыз, сосын Абай айтқандай, қайсымыз да өз орнымызды тауып, қоғамның бір-бір кірпіші боп қаланатынымызға кәміл болатынбыз. Қасымда қуыршақтай боп жұтынып сен жүресің. Штангі көтеретін курстас досым Жұман тұрқыңа қарап сені қомсынады-ау демін: "Сен дорақ, не бүлдіргеніңді білесің бе?", дейді маған мені оңашалап алып, бетіме тура қарап. "Не бүлдіріппін?". "Сіріңкенің талы секілденген мынабір шөпжелкені қайдан тауып алғансың. Алматыда қыз жетпеді ме. Оқу үздігі, мақтаулы спортшы деген атыңа лайықты біреу табылмады ма?" "Өзіме ұнайды". "Егер осыған түбі үйленер болсаң, ертең қатын болғанда көресің сен бұдан көрешікті. Ата-анаңа қарағанды, бала тауып бергенді былай қойып, дұрыстап ас пісіріп, кіріңді жуып та бере алмас мына түрімен. Досыңның осы сөзін есіңе ұста мықтап, дорақ", деп сені жақтырмаған көңілмен мені де қомсынып, тұрған жерімізде екумізді сопитып жеке қалдырып, анадайда топтанған басқа балаларға қарай кете барған-ды.
Сағат түскі үштің кезінде күн қатты ысып, судан қаталап шөлдеп, шыдатпай бара жатқасын тау бөктерін ақырын құлдап төмен түсе бастағанбыз. Кенет жұмыртқадай домаланған малта тасқа өкшем тайып, кілт етіп тобығым шықты да кетті. Жалғыз аяқтап секеңдедім де қалдым. Қасымда Райханым сен болғасын ба, жанымыздан өткен балалар "Не болды?" дегендері болмаса, біреуі де тоқтап қайырылған жоқ. Тобығым шыққан жері жан шығарып ауырғаны өз алдына, күп болып ісе бастады. Мен жалғыз аяқтап секеңдеп не істерімді білмей қалдым. Бір кезде сен "Мін арқама" дедің. Мен өзімше намыстанып жоқ, жоқ деп азар да безермін. Мін, мін деп сен де алған бетіңнен қайтар емессің, арқаңды тосып. Жан деген, шіркін, тәтті ғой. Тау басында көмексіз қалай қаларсың. Сен де бәрібір мені жалғыз тастап кетпес едің. Арқаңа отырдым. Сен көтеріп ала жөнелдің. Ол кезде менің салмағым жетпіс келі, ал сен қырық алты келі болатынсың. Етекке жақындап қалғанымызда байқасам, Жұман досым тоқтап, артына мойын бұра бізді қарайлағандай боп тұр екен. Ол сенің тілерсегің майсып, бет-аузың терге малшынып мені қалай арқалап келе жатқаныңды көргенде, ұясынан шығып кете жаздаған көзі атыздай болды. "Мынау сені ешқашан жолда қалдырмайтын, өлсең, бірге өлетін адам екен, манағы ағат айтқан сөзімді қайтып алдым", деді де Жұман досым бағыт алған өз жөніне кете барды. Төменге түскесін біз сәл дамылдап отырдық. Саған мұндай ойдың қайдан келгенін білмеймін, бір кезде ауырған табанымнан ұстап, бір аяғыңды менің құйымшағыма тіреп қойып, бар күшіңді салып шірене тартып қалдың, буыным сырт етті, көзім алды жарқ етті. Артынша жаным жайланып сала берді. Тобығым шығып кеткен екен, сен орнына түсірдің. Бұл өмірде сені маған кездестірген Құдайыма мың алғыс айтып, мен сонда шаттанып бір қуанған едім.
Екінші рет, бұрынғы Пастер, қазіргі Мақатаев көшесінде жаңадан асхана ма, ресторан ба, әйтеуір, арақ-шарап сатылатын сондай бірдеңе ашылған еді, қалтамда азын-аулақ ақшам бар, сені сонда апардым. Үлкен үстелдің басында ұлты бөлек үш жігіт отыр, екі орын бос. Жайғасқанымыз сол еді, әлгі үшеу бал көрген арадай саған жан-жақтан төніп қыспаққа ала жөнелді. Мені адам екен деп пысқырып қарар түрлері жоқ. Сәл кешіксем, істің насырға шауып кетері хақ. Төбелестің әдісін білетін спортшымын ғой, үстелді төңкеріп жіберіп, біреудің ертіп келген қызына қырындайтын менменсінген серісымақтардың естерін жиғызбастан үшеуін үш соғып сұлатып салдым. Басқа үстелдерде тамақ ішіп отырған қонақтар, оларға қызмет жасап жүрген даяшылар не болғанын түсініп үлгергенше, сен менің қолымнан тас қып ұстадың да, сыртқа қарай ала жөнелдің. "Хулиган, бандит" деген сөздер естіліп, артымыз у-шу болды да қалды. Бірақ біз көше бойлап қашпадық, өйткені сен қолымнан тас қып ұстаған күйі мені ғимараттың қора бетіне алып кірдің. Жауырынымызды қабырғаға сүйкете арқамызбен жабыстық та қалдық. Екеумізде де үн жоқ. Жүрегіміз ғана дүрс-дүрс. Машинаның гүрілі, милицияның ысқырығы, "Вот, в эту сторону, кажется, побежали" деген дауыстар жарыса-таласа естіліп қалды да, біраздасын маңайда қайтадан жым-жырт тыныштақ орнады. Біз аяғымызды аңдап басып, жан-жағымызға барлай қарап қойып, жасырынған жерімізден шықтық та ЖенПИ-дің жатақханысын нысанаға алып тартып кеттік. Егер сонда көше бойлап қашқанымызда, бізді көп ұзатпай милиция ұстап алатын еді. Мен сонда сенің ең қиын сәтте бірден-бір дұрыс шешім қабылдаған сұңғылалығыңа қайран қалдым, бұл өмірде тек сенімен ғана басқа салғанға төзе алатыныма да, жеңе алатыныма да көзім де, көңлім де жетіп, жаныммен қанаттанып іштей керемет марқайдым.
Үшінші рет, жаңа үйленген кезіміз, Қарсақпайда мұғаліммін. Университетте бес жыл бірге оқып, жолдамамен осында бірге келген курстасым Адай, аузы-басы қан-қан боп үйге кіріп келді. Кешкі шайымызды ішіп отырған едік. Сен шошып, кесеңді қолыңнан түсіріп алдың. Адайдың қанын сүртіп, есін жиғызып не болды деп сұраймын ғой. Айтқаны зығырданымды қайнатты да жіберді. Бір топ жергілікті жігіт, ішінде сегіз жылдық мектептің директоры Жәпек бар, бәрі мыс зауытының бағына барып арақ ішеді. Арақ шайтан тіл қышытпай тұра ма, сөзден сөз шығып, аяғы сен мұнда қаңғып неге келдіңге саяды. Намысы жыртылған Адай да қарап қалмайды. Ерегестің аяғы жанжалға ұласып, қасындағы жерлес жігіттердің көмегіне сүйенген Жәпек сол жерде Адайды сабап тастайды. Әлгілердің қаңғып жүрсің дегені менің де жүрегімді қанжардай тіліп өткен. Адайды алдыма сап далаға атып шықтым. Тас қараңғы. Зауыт жақтың алаулаған от жалынымен жылтылдап тар табанды темір жолдың релістері ғана көрінеді. «Әне, келе жатыр», деді Адай. Темір жолды бойлап үйіне бет алған Жәпектің алдынан шыға келдім. «Кірме, қаңғып жүрсіңдер», деген не сөз?», деп әй-шайға қаратпай Жәпекті рельске құлатып, жерге екі-үш аунатып алдым. Онымен қоймай дырылдатып үйге алып келдім. Үйде бірге шәй ішіп отырып, «кірме, қаңғыған» деген сөздердің төңірегенде делебем тағы қозып, өзімді-өзім тоқтата алмай, жағасын жұлып, бет-аузын шимандай ғып Жәпекті тағы сабайын. Құмардан шығып, құйрықтан теуіп, далаға қуып салдым. Кегі қайтып, қанағат алған Адай да жөніне кетті.
Жатып қалғанбыз. Көзім ұйқыға іліне бергені сол еді, біреу есік қақты. Сен барып аштың. Он екі мың халық тұратын поселкенің жалғыз милиционері Мыржық, қасында қолына бос бәңке ұстаған медбике екеуі келіп тұр. «Төбелес болыпты, кісі сабапсың, шағым түсті», дейді маған Мыржық. «Жәй, ұрсысып қалды, төбелес болған жоқ», дейді Райхан мен үшін жауап беріп. «Жағасы жыртылып, осында қалыпты, еден қызыл қаннан көл болыпты», дейді Мыржық тақымдап. «Ешқандай жағаны да, қанды да көргеніміз жоқ», дейді Райхан міз бақпай. Мыржық еденді тексерді, бұрыш-бұрышты қарап шықты. Жаға түгіл, қан ізін де таппады. Медбике тосқан бос бәңке аузына мен күшеніп біраз дем үрледім. Медбике «ішкен, бірақ мас емес» деді.
Түк айғақ таппай олар шығып кеткесін сұрасам, сен тымпиып, «едендегі қан ізін қайта-қайта жуып тазартып, айнадай еттім де, жұлынған жағаны отқа жағып өртеп жібердім» дейсің, Тым ірі келеңсіз оқиға еді, жұмыста біраз сөз болды. Нақты айғақтың жоқтығынан өрши қойған жоқ. Жәпектің бетіндегі быт-шыт жараны ішіп жүріп, рельске құлап жаралап алған өзі ғой деп, мен де бет бақтырмадым. Қалай дегенмен ұстаз ғой, ол да атқұйрығын біржола кесісуге барған жоқ. Аса қатты кектенбеді. Ақырында бөлісіп арақ ішіп қайта татуласып кеттік. Мен сонда бұл өмірде сен кездеспесең, тағдыр жолым қалай түсіп, қайда бастар еді деп, тағы бір қатты ойланған болатынмын. Сүйтіп адал да сенімді сыңарымды адаспай бірден тапқанымды білдім, махаббаттың ауыр еңбек, тынымсыз да мақсатты әрекет екенін шындап ұқтым, бұл өмірде саған лайық болуым керегін түсіндім.
- Түу, саған не болды бүгін. Шарапты көбірек жұтып қойғанбысың? – деді Райхан күліп.
- Жоқ, шараптан емес, сенен. Мен сенен өмір бойы маспын ғой.
Райхан орнынан тұрып кетіп, төсек салуға кіріскен.
Ол бірден ұйықтап кете алмады. Көрпе астынан қолын созып, Райханның қолынан ұстады.
- Ұлыңның жақсы хабарынан кейін бүгін тәтті ұйықтаймын деп берген уәдең қайда?
- Сенің қолыңнан ұстамасам, алақан жылуынды сезбесем, ұйықтай алмайды екем.
- Одан да бұрын қай-қайдағы шым-шытырық ойлардың қамауында жатырмын десейші шырмалып.
- Ол да бар, жасырмаймын, - деді күйеуі алақанында жатқан жұбайының қолының ұшынан сүйіп алып. – Осы бір кішкентай қолдың ұлы еңбегін алдымен ойлап жатырмын. Мені Алатаудың басынан арқалап түсіргеніңде, жерге құлатып алмай тырмысып ұстаған осы кішкентай қол еді. Қауіпті сәтте мені жетелей жөнеліп, тасаға әкеп жасырған да осы кішкентай қол еді. Едендегі бадырайған айғақ қанды жуып тастап, жұлынған жағаны өртеп жіберген де осы сенің кішкентай қамқор қолың болатын. Мен ұстаздықтан кетіп, журналистік қызметке ауысарда баяғы шахтама уақытша қайтып барып, бір жыл ауыр жұмыс істедім емес пе. Ауысым ыңғайына қарай кейде түнгі сағат екі-үштің кезінде аяғымды зорға басып, жұмыстан қатты шаршап қайтатынмын. Сен ұйықтамай есік алдында күтіп жүретінсің. Мен анадайдан қараң ете қалғанда, алдымнан қарсы жүгіріп кеп мойныма қарғитынсың. Шаршағаным заматында жоқ боп кететін. Сонда менің жанымды шуаққа бөлеп, төбемді көкке жеткізетін сенің осы кішкентай нәзік қолдарың болатын. Ұл, қызды мәпелеп өсірген де осы қол. Немерелеріміз бар, жиендеріміз бар, Құдай берген төрт ұл мен екі бүлдіршін қыздың боқ-сідігін жуған да, сылап-сипап ауыртпай-сырқатпай зіңгіттей ғып өсірген де сенің осы кішкентай асыл қолың ғой.
Қала ұйқыға кеткен. Терезе сыртындағы үлкен көше жым-жырт.
- Айтпақшы, - деді ол кенет ұмытқаны жаңа есіне түскендей, қуана қатты дауыстап, - көкеміздің қарына бөрткен шыққанда, оны тұз ба, марганцовка ма, сондайлардың қоспасынан ертінді жасап, сылап жазып алғансың. Көкеміз риза болып «Рақилашым дәрігер болатын-ақ бала екен», деп айтатыны ше. Есіңде ме? Есіңде болса, сонда көкемді де жазып алған сенің осы кішкентай қолдарың болатын.
Тамағына кенет келген өксік тығылып, ол бөгеліп қалды.
- Ұйықтасайшы, шаршадың ғой? – деді Райхан.
- Әлі айтып болғам жоқ, - деді күйеуі өксік қысқан демін оңдап алып. –Кенжеш те есіме түсіп кетті.
- Жазмыш шығар, фәниден тым ертелеу көшті.- Райхан терең бір күрсінді де, ақырын сөйлеп кетті.- Мен келін боп түскен жылы ол мектепке барды. Аяғының күсін пышақпен қырып отырып, үш күн жуғаным есімде. Елгезек, сүйкімді еді. Тұңғышым сияқты жақын еді ол маған.
- Жұмыссыз қалып тарыққанда, қол ұшын бере алмадым. Өзі де ештеңе айтпай жасырып...
- Сенің де шекең шылқып жүрмегенін білген соң, артық салмақ салмайын деген шығар. Қасында емес, алыста болдың.
- Одан не пайда, осындай алып елдің азғантай қазағына жұмыссыздық келеді, бір үзім нан тауып жеу сорға айналады деп кім ойлаған...
- Талайдың басына келген нәубат қой. Өтті-кетті дегендей. Ел есін жиып жатыр.
- Иә, дұрыс айтасың, көңілімізді басқаша қалай жұбатамыз енді.
- Ертең де күн бар, болды ғой, демалсайшы.
- Апамыз ұзақ жатты ғой төсек тартып, он жылдай, - деп, ол бір бастаған ойын аяғына жеткізгенше тоқтамайтын әдетімен отбасылық жақсы-жаман хикаятты онан әрі сабақтай түсті.-Университет кітапханасын басқарасың, жұмысың бастан асып жатады. Соған қарамастан түскі үзілісте жүгіріп кеп, бәріміздің тамағымызды бересің. Апамыздың жағдайы ауырлаған. Оны жеке тамақтандырасың. Астын ауыстырып, тазартасың. Туған баласы мен ондайды істемек түгіл, қасына баруға дәтім шыдамайтын. Ал сен астына жібергендерін қос қолдап күреп алып, шелекке салып, шешемді жас баладай олай-бұлай айналдырып жуғанда, жиіркенбек түгіл, ренжіп қабағыңды да шытпайтынсың. О дүниеде апамыз, мені білмеймін, саған риза шығар деп ойлаймын. Апамды риза еткен де сенің осы кіп - кішкентай сүйкімді нәзік қолдарың ғой.
Ол жұбайының саусақ ұштарынан шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алды. Сосын қолының сыртын, алақанын алма-кезек танауына басып, ұзақ-ұзақ құшырлана иіскеген.
- Құдай біледі, мына сенің кішкентай саусақтарың мен алақаныңда апамыздың иісі бар, апамыздың иісі сіңіп қалыпты, - деді. Сосын бірауық үнсіздіктен кейін: «Алла жазса, сенің кішкентай қолдарыңның арқасында, асыл жарым, шашырап жүрген басымыз қайта қосылып, түгенделетін күніміз жақын қалды. Алда жаңа таң. Сеземін. Сенемін», - деп іштей күбірлеп жатты да, ол да ақыры қасындағы жұбайының бірқалыпты тынысына тыныс қосып, лезде тәтті ұйықтап кетті...
Көрнекі сурет: Октавио Окампо "Мәңгі бірге"
Бөлісу: