Бекзада

Бөлісу:

25.01.2023 9262

Әлқисса, исі түркі жұртының алтын бесігі Алтайдың қойнауы Өтікеннен түлеп ұшқан Алаштың ән-күй керуені қанатын кең жайып, тұтас Арқаны шарлап, ұлы даланың қойнау-қатпарын қармап Қаратауға қонған деседі әпсаналы түпсарын. Қонбай қайтсін, қаймана қазақтың Қағыбасы Қаратау осы емес пе? Ұлы керуендер тоғысқан, озық мәдениеттер түйіскен қасиетті қарт Қаратау. Аш бурадай жараған, аруанадай ыңыранған, Қорқыттың қобызындай күңіренген байырғы баба тау. Етегінде Жетіқоңыры көсілген, биігінде Мыңжылқысы кісінеген, Сүгірдің «Бозінгені» бүлкілдеп, «Бес жорғасы» тайпалған аталы мекен, арқалы алап. Аққулы күйдің айдыны сынды аяулы өлке.

Менің Сәрсенғали ағам күй шалса көз алдыма тартылатын бейнелі қиялдың бір парасы осылай өрбитін. Удың да балы, қасіреттің де ләззаты барын аңдататын мерейлі сәт; Қалақтай ғана қу ағаштан мың бояулы, сан қатпарлы, құпияға толы қуатты әуен сарнай жөнелгенде, көз алдыңдағы қаршығадай жігіттің орнына алып Қаратау қонғандай алмағайып күй; Қыпшақы домбырадай шағын ғана бітімін құдты Қаратаудың кебежедей тастарынан кертіп-кертіп жасағандай, азырақ қарағай шайырын қосып адами кейіпке түсіргендей, тамырынан қан емес күй төгілгендей ілкім бейне; Топырағыңа тартып тусаң осылай ту дейтіндей сүйіншіті хәл.

Домбырашы, қобызшы, Сәрсенғали Әлімханұлы Жүзбай осы таудың бел баласы. Күй оған осы даладан қонып, әкесі Әлімхан ақсақалдан дарыған. Ықыластың әкесі Дүкен де, Тәттімбеттің әкесі Қазанғап та, Сүгірдің әкесі Әлі де дәулескер күйшілер. Қаратау күй мектебінің ең биік өкілдерінің бірі Әлімхан Жүзбайұлы заманында күйші Дина мен Жаппас Қаламбаевтың көзін көріп, бала жүрегіне солардың сарынын сақтап, сарқытын ішкен қазыналы қария. Әлекеңмен үзеңгілес күйшілер Генарал Асқаров пен Төлеген Момбековтер өз алдына бір-бір мектеп. Сәрсенғали осындай абыз ортада ен жайлап, еркін өскен ұл. Әлімхан ақсақалдың немере ағасы Сейітхан Әлімбеков Сүгірдің көзін көрген, күйін тыңдаған, қағысын үйренген бала шәкірттерінің бірі екен. Жүзбай атамыздың бауырынан өрген осы өнері әулетке, қасиетті қара шаңыраққа Сүгірдің шапағаты, күй қайнары, тектік сарыны Сейітхан атамыздың ырысты саусақтарынан жұғысты болса керек.

Әлімхан атамыздың мүшел жасты әлі жия қоймаған бала кезі екен деседі ескі әңгіме. Сол кездің салты бойынша арқалы күйшілер күй отаны Созаққа жиі концерттік сапармен келтін. Бірде қара суды теріс ағызған атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев та ат шалдырыпты. Ырғалып, ыңыранып ауыр басталған қобыз арнасын ортайтпай, аршындап, мамырлап, қоңырлап телегейдей теңселген Созақтың кәрі даласына Ықыласын қайта тудырғандай дидарғайып күй кештіріпті. «Аққуын» сұңқылдатып, «Жезкиігін» жосылта келе Жаппекең жарықтық байырғы күй, кәрі сарын, қаһарлы әуен «Қасқырға» басқанда ауылдың иттері ұлардай шулап, түнімен ұлып шыққан деседі... Жылдар өте өзі де асқан күйшіге айналған Әлімхан ақсақал Алматының айтулы күй кешінде кешегінің Ықыласы, бүгінгінің Жаппасы – қобызшы Сматай Үмбетбаевпен бір сахнада өнер көрсетеді. Сматай әдеттегіден бір жарым есе ұзын қияғымен ыса жөнелгенде, жылқы қылының үйкелісінен шыққан құдіретті үнмен боздай жөнелген қобыз дауысына Әлекең тұңғыш тыңдаса да анша тіксінбеген, кәнігі қобызшыдай беймарал қабылдаған көрінеді. Оңашада: «Әй, Смеке, тартуын тартады-ақ екенсің! Бірақ, бала күнімде Жаппастың тартқанын тыңдап ем, еее... ондай қобызшы енді қайда?», - деп күні бүгінге дейін еш әуен құлағына ерте ұялаған Жаппастың сарынындай еліте алмағанын ескертсе керек. Ақ жарқын Смакең кеңкілдеп балаша мәз болған да қойған. (Сәрсенғалиға біткен таңғажайып есту қабылетінің төркінін осы әңгімеден аңдауға болар). Сүйткен Сматай Үмбетбаев туралы Таласбек аға Әсемқұлов былай деп жазды: «Біздің халық үшін Сматайдың ұлы музыкант, ұлы қобызшы екендігін ашық айта аламын, оның дарыны – құдіреттің сыйы, бәлкім, ондай сыйға біздің ұлт лайық та емес шығар. Жапонияда Сматай сияқты музыка шеберлері ұлттық қазына ретінде дәріптеліп, мемлекеттің толық қамқорлығына алынады, әрқилы атаулы жиын, әйгілі салтанаттарда императормен қатар отырады». Жапония ғана емес кез-келген өз бағасын білген өркениетті ел осы үрдісті ұстанады. Олар үшін Сматайлар – ұлттық бренд. Бұл сөздің бір тиегі қобызшы Сәрсенғалиға да тиесілі. Сматай Үмбетбаевтай ұлы өнерпаздың ізін жалғаған аз ғана қобызшының бірі һам бірегейі осы Сәрсенғали Жүзбай.

Біздің қазіргі қоғамда даланың ғұмырлық қазынасын бойына сіңірген классикалық өнердің оғыландары айналасына мүлде жат, мүлде өгей. Самарқау. Өзін-өзі ащы күй, асқақ әнмен жұбатқан бір шоғыр дара қауым. Тыңдаушының назары да төмен, үкіметтің саңлауы да бітеу. Қобызшылық әр кімге қона бермейтін, санаулылардың сүбесі. Ежелден солай. «Ғайып ерен, қырық шілтен» дейтіндей киелі несібе. Қазақ сахнасы ғана емес, қазақ даласынан қобыз үні аңқымағалы қай заман. Бізге енді ойланудың өзі кеш. Онсызда жүз рет үзіліп, мың рет жалғанған алтын арқаудың ұшы алақанымыздан қапияда сусып барады. Оған енді не дауа, не қайыр?!.

***

Студенттермен болған шағын кездесуде Таласбек аға күйдің жай-жапсары хақында ұзақ әңгімесін түйіндей келіп: «Шіркін, біздің Сәрсенғалидан тепкілесе де күй кетпейді ғой, домбыраны аққуша сұңқылдатады сабазың...» - деп сүйініп еді. Еш боямасыз, күлбілтелемей айтар болсақ, қу ағашты әулиеше сөйлеткен Сәрсенғалидың күйшілігінің қыры мен сыры, құпиясы мен қуаты, еш саусаққа дарымаған апайтөс аймауыт әуені туралы ортамызда болса күйші, жазушы, ғалым Таласбек аға Әсемқұлов егжей-тегжейлі жазар еді. Сәрсенғалидың қорғасындай қағысынан шыққан кірпияз әуенге Тәкең соншалық ынтық болатын. Жазар еді дейміз, 2006 жылғы бір сұхбатында айтыпты да:

«Ағайынды Жүзбаевтар, үлкені Жанғали – Астанада, кішісі Сәрсенғали – Алматыда тұрады. Бір отбасынан осындай қос бірдей таланттың шығуы – бұл өте сирек кездесетін жағдай. Олардың музыканы соншама терең түсінетіндігі мені кейде тіпті үрейлендіріп тастайтыны бар: әдепкі әңгіме барысында олардың аузынан тұтқиылда шығып қалатын кейбір пайымдаулар, кейбір теоретиктердің докторлығына азық боларлықтай. Орындаушы ретінде де олар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Жанғалиға академиялық шертіс тән, ол – дыбыстан ләззат алатын нағыз талғампаз интеллектуал, эстет, оның орындауы құдды хрусталь табаққа шашылған інжу-маржан тәрізді. Ал Сәрсенғали ең бастысы – күйдің түпкі мән-мағынасын танытуға ұмтылады, оның күй тартысы – бейне бір лапылдаған отты ағынға ұқсайды», - деп.

Бұл күнде күйші көп. Жақсы күйшілерде баршылық әрине. Бар болғаны жақсы да. Бірақ, күйшілік мәнер аз. Байырғы далалық сарынды, адамизаттың әлди күйіндегі сәби дегдарлықты, құлашы кең, білегі сом даналықты, тазалықты, ұлы аңсарды құндақтаған тегеурінді дем, мөлдір әуез аз. Сәрсенғали сол санаттағы текті күйші. Ол бекзада болмысы, биік дауысы, сүрлеу соқпағы, асқақ мәнері бар шын мәніндегі домбыра иесі. Ол әкесі Әлімхан ақсақалды да, ағасы Жанғалиды да, ұстаздары Генарал мен Төлегенді де қайталамаған, өнер атаулының бұлжымас заңына бас ие отырып, өз бітімін қалаған бірегей әлем. Ол қазақ күй мектебінің баршасын жатсынбайды, қай-қайсысының да төл бесігіндей тербеледі. Қай өңірдің күйін тартса да өз ішінен өткізіп, өз әлеміне бағындырып, қалпын бұзбай, қорғасындай балқытып тартады. Ол тартқан күй тыңдаушысын өз күйіндей, өз жүрек қағысындай елітетіні содан. Сәрсенғали үшін ішкі мен қашанда бірінші позициада. Ол күйге өз қайғысы мен қуанышын, бүгіні мен ертеңін, әттегенайы мен алаулы сәтін демдеп бүкпесіз тартады. Қала берді қазақтың ішкі дыңылы, өзегі, өксігі мен өкініші, өрекпіген тағдыры қос ішекті еркін бойлап, шанақ бетінен жауар бұлттай жөңкіп бара жатады. Осы жөңкілістен туған алып толқын сізді еріксіз матап, өз тұтқынына айналдырады. Санаңыздың тым алыс түкпірінен оянған дауыс тамырыңызда ұзақ бүлкілдеп тұрады. Мұндай күйшілік мәнер кейінгі жеткіншекке үлкен өнеге, дала мектебінің жарқын сәулесі. Домбыраны бауырына батырмай, бармағын балға малғандай ерекше иріммен өрнек салатын қағысы, шанақ қайсы, шанаққа тиген қол қайсы екенін сездірмейтін, саусақ пен шанақ біртұтас әлемге айналып, біте қайнасып, сіңісіп, бірін бірі қамырша илейтін дәулескерлігі сені күйдің шыңырауына да батырады, зәу биігіне де шығарады. Қаратау күй мектебіндегі Ықыластан сонарлап, Сүгірден сүрлеу тартқан домбырадағы қобызға тән тылсым сарын осы Сәрсенғалидың саусағында сақталған және ол адамның тілі жетпес сұлулықпен әшекейленген. Оның сүйегіне сіңген осы сарын оны аттың қасқасындай айқындап, асқақтатып тұрады.

***

Жақсы ағаның қасында жүргендегі ізгі өнегенің бірі – көрегенді әңгіме айту еді. Сәрсенғалидың күй-ғұмырындағы ыстық парақтардың бірі – күй дүлдүлі Нұрғиса Тілендиевпен табысуы. Енді сол әуенді шертіп көрейін.

1991 жыл. Елдің рухы көтерілгенмен, еңсесі пәс, тұрмысы тарылған шақ. Студент Сәрсенғалиды дирижер Қарасай Сайжанов «Отырар сазына» жұмысқа кіргізбекші болып Нұрғиса Тілендиевтің алдына алып барады. Жиырма жасқа енді ілінген жас жігіттің тұңғыш үлкен ортаны көруі. Алдында Алатаудай Нұрғиса тұр. Ізінен аңыз өрген ұлы Нұрғиса. Қошқарбек Тасбергенов бастаған «Отырар сазының» барлық өнерпаздары жиылған. Бәрінің көзі жас жігітте. Тәртіп солай. Жаңа мүшені қабылдау үшін барлығы тыңдап, бір ауыздан ырзашылық білдіру керек. Басқаны қайдам, Нұрғисаның биік еңсесі, сұсты қабағы, өткір көзі жасқап барады. Ту сыртында жолбарыс кейіптес Жамбылдың суреті айбарына айбар қосқандай. Таяғын тықылдатып өзі де келді. «Бала осы ма?» дегендей қанжардай жанарын қадап өтті.

– Мойның ырғайдай, битің торғайдай боп қайдан келдің, бала? - деп гүр ете қалды зор дауыс.

– Созақтан! - деп саңық ете қалды жас жігіт. Құдай аузына салды деген осы.

Сұсты жанардан жылт еткен нұр балауыз шамдай шалқып барып ұясын тапты. Қолын баяу көтеріп ишара жасап еді, бір жас жігіт сейфты ашып коньяк құйды. Тартып салды. Беймаза үнсіздік орнады.

- Асқардың (Сүлейменовті айтып отыр – әңгімелеуші) сойынан екенсің ғой сабаз. Бұларға дауа жоқ! Әнеу сары қыздың қасына барып отыр.

Жұрт аң-таң. Әлдебіреу: «Біз не үшін жиналдық, тыңдайық та», - деп күңк ете қалды.

– Кейде «Отырар сазына» күйшіні осылай да алуға болады, – деп келте қайырған Нұрағаң баяу басып шығып кетті.

Бұл қалай болғаны? «Жындыны» «жынды» алыстан таныды ма, жоқ күйшілерге ғана тән биік түйсікпен, ықылым әуенмен тілсіз табысты ма? Бәлкім көзбен сөйлесіп, көңілмен ұғысқан шығар? Ол жағы бізге қараңғы. Нұрғисаның тегеурінді тезінен осылай өткен бала жігіт «Отырар сазы» оркестрінің концертмейстерінің орынбасары болып екі жыл жүріп, ұлы күйшінің тәлімін алыпты.

Сәкең осы әңгімесін аса бір ықыласпен айта отырып, домбыраға қол созып, Нұрғисаның «Көш керуенін» арыдан толғай жөнелер еді.

***

Соза берсең сөздің төркіні алыс, салмағы ауыр. Сәрсенғали ағамен алғаш танысқанымда «Мен жүрген жер – творчество ғой інім», - деп еді әзіл-шыны аралас. Шынында Сәкең жүрген жерде шығармашылықтан тыс бейсауат әңгіме айтыла бермейтін. Оның өмірі де, айналасы да, қызыметі де шығармашылықпен үндесіп жатты. Сәрсенғали ұзақ жыл Жезқазғандағы музыкалық колледжде, Алматыдағы А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінде ұстаздық етті. Талай өнерпаз баланы қаз тұрғызып, тұсауын кесті. Топ жарған шәкірттері қаншама. Ең бастысы көкірегі ояу сәби санаға күйдің алтын ұрығын екті. 2007 жылдан бері Қазақ радиосында, 2012 жылдан Шалқар радиосында журналист, редактор-жүргізуші қызыметін атқарып келеді. «Наридірген», «Күй-шежіре», «Қазақтың мың күйі», «Дәуір сазы», «Күй-шашау» сынды авторлық хабарларын құлағы түрік тыңдарман жақсы білеріне шүбәм жоқ. Оның жасап жүргенінің баршасы пайым мен парасатқа, күйтануға, күйшінің әлемін ашыуға, классикалық ән-өнерінің тереңіне бойлауға құрылған танымдық хабарлар. Былтырғы жылы Шалқар Ұлттық радиосының сайтынан редактор-жүргізуші Сәрсенғали Жүзбай осы уақытқа дейін 1144 сағат хабар жүргізген деген мәліметті оқығаным бар. Бұл қаншама ақыл-ойдың, білім мен біліктің қуатынан туған сапалы жұмыс екенін тыңдарман қауымы жақсы білері анық. Сондықтан да бұл тараптағы сөздің тізгінін Сәкеңнің әріптестеріне қалдырғанды жөн көрдік.

Ежелгі үнді даналығында «Сен не жесең – содан қалыптасасың» деган келелі сөз бар. Біз не тыңдап, нені күйіттеп жүрміз? Қандай қоғамда, кімдермен дәуірлес күн кешіп жатырмыз? Бұл да бір ойланатын аталы әуез. Бірде Алаштың ай маңдай күйшісі Секен аға Тұрысбекпен болған әңгіме үстінде Сәрсенғалидың күйшілігі туралы аз-кем сөзге тартқаным бар. Секен аға әңгімені арыдан қозғап келіп: «Біздің қоғам өз иісінен айныған, өз бояуынан қаймыққан, тәтті күйге, асқақ әуенге исіне бермейтін, иіле білмейтін қоғам. Бұндай қоғамда күйші боп өмір сүрудің өзі күнә. Ал Сәрсенғалиша ғұмыр кешу екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік. Күй мен адами болмыс балталаса бөлінбес егіз ұғым. Осы принциппен қарасаңыз Сәрсенғали бекзада күйші. Ол күйшіліктің айнасы іспетті, оған қарап бой түзеген ләзім. Кейде бір дәстүрді бір адам ғана алып қалатын кеп болады, Сәрсенғали сондай қуатқа ие тұлға. Ол адам талабы бойлай алатын бар биікті бағындырған күйші. Біз оны бағалауымыз керек», - деген еді.

Секен аға күйшінің тамырын дөп басып айтып отыр. Сәрсенғали бекзада күйші. Оның болмысына осы сөз лайық. Қобыз бен домбыраны тел тартқан Қаратаудың қоңыр ұлы бұл күнде ердің жасы елуге келді. Елу жасын ойлап жүрген ол жоқ, құбатөбел тіршілігін құныттап жүріп жатқан жайы бар. Екінің бірі бұлдап жүрген «лауреат» пен «қайраткер» атағына қол қусыру бітіміне жат, сүйегіне сіңбеген ғадет. Адамның өзінен тыс реалды өмірі деген ұғым бар. Содан шыққан шуақ пен сәуле ғана шын. Содан тараған нұр ғана өміршең. Ертеңгі ұрпақтың қаузайтыны да, бағалайтыны да сол. Есті жұрт қашанда кімнің-кім екенін салмақтап таразысына тарта білген. Солай болсада азды-көпті қасында жүріп, тәлімін көрген інісі ретінде жас жақсылығымен келсін, өнеріңіз өркен жая берсін деймін. Бұл сіз туралы айтылатын әңгіменің бір қайрымы ғана. Алтын басыңыз әмәнда аман болсын асыл аға!

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар