Асылбек Байтанұлы. Қазақ әдебиетіндегі шай...

Бөлісу:

22.11.2019 10565

«Бір мақалдың мәні» ауқымында сөздік қолданысымыздағы бір мақал немесе мәтелді ала отырып, оған арқау болған, қазақ халқының өмір-тіршілігімен тұтаса байланысқан белгілі бір заттарға қатысты ұғымдарды қаузау – айдарымыздың басты ұстанымы. Біз бұл жолғы таңдауымыз «Шай ішіп үйренген, қымыз деп қыстамайды» деген тұжырымға түсіп отыр. Бастапқы мағынасы расымен де шай ішіп үйреніп қалған адам қымыз ішемін деп дәстерленбейді дегенді білдіреді. Ал келтірінді мағынасы – белгілі бір деңгейдегі қолайлылыққа (комфортқа) үйренген адам одан жоғары жайлылықты іздемейді дегенді меңзегені болмақ. Ал біздің қаузар нысанымыз – мұндағы шай болмақ. Шайға қатысты мақалдар мен мәтелдер де аз емес. мысалы: «Шақырмаған қонаққа шайдан артық тамақ жоқ», «Ертеңгі қонақ, шай ішер», т.б.

Шай сусынының шыққан отаны, шайдың түрі, көптеп өсіретін мемлекеттер, қазақтың шайқорлығы, шайдың құрамы, пайдасы мен зияны т.б. ақпаратттарды ежіктеп жатудың қажет шамалы болар. Қазіргі ақпараттық дәуірде, сандық технология қарыштап дамыған, ғаламторлық қолжетімділік заманда бұл – басы артық қайталау болар еді. Біз қазақ әдебиетіндегі шай концептісінің көрініс табуы туралы қарастыруды жөн көрдік. Және мұның өзі тарихи дәуірлермен, оқиғалармен астасып, белгілі тұлғалардың шығармаларымен өрнектеліп жататындығы белгілі.

Кез келген заттың белгілі бір географиялық аймақта пайда болып, қолданыс, тұтынысқа енуі – сол өңір тұрғындарының әдеби туындыларында көрініс табары сөзсіз. Осы уәжге саятын болсақ, қазақ даласына шайдың келуі, алаш қоғамының күнделікті сусын ретінде пайдалана бастауы тым арғы замандарға бастамайды. Себебі, қазақтың ілгері дәуірлерде қалыптасқан бай фольклорлық қазынасында шай туралы тым сирек айтылады. Шайдың отаны Қытай екенін, ал шай өсімдігі камелияны бұл халықтың адамзат игілігіне пайдалана бастағалы 5-6 мың жыл болғанын ескерсек, олардың Ұлы Жібек жолы бойындағы құдайы көршісі көшпелілерге бұл сусын таныс емес деп айта алмаймыз.

 

Қазақтардың шайды сусын ретінде қолдана бастағаны туралы деректер, әсіресе, ХҮІІІ ғасырдағы орыс, қытай құжаттарында жиі кездеседі. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері яғни Қытай патшалық дәуірінің мұрағат құжаттары атты кітаптың екінші томында (қытай тілінен аударған Бақыт Еженханұлы: «...Тайпа-тайпаға бөлінетін қазақтар әр жерде тұрады... Ішкі Қытайдан шығатын шайды олар аса ұнатпайды, сондықтан ондай шайларды оларға апарудың қажеті жоқ...», - деп анықтап жазады. 1758-жылы 8-сәуірде тиісті лауазымды орындарға жолданған бұл құжаттан қазақтардың шайға деген сұранысы мен талғамын аңғарамыз. Бұл – Жоңғария құлағаннан кейін Үрімжіге қазақтардың Мәнжі-Шың үкіметімен айырбас сауда жасай бастаған кезеңі. Демек, дәл осы кезеңнен, яғни бірнеше ғасыр бойы Қытаймен ортада буфер болып, саяси-экономикалық тұрғыда Орта Азияны ықпалында ұстаған Жоңғария жойылған кезден бастап қазақтарда шай ішу дәстүрі қарқын ала бастады деп айтуымызға болады. Ресейде де бұл кезеңде шай танымал сусынға айналып үлгерген еді. Ресейге шай мен оны қайнататын ыдыс самаурынның етене болуына екі түрлі жағдай әсер етсе керек. Біріншіден, «Еуропаға терезе ашқан» Петр І патша үлгі-өнеге алған мемлекет Голландия – қытай шайын батыс әлеміне жеткізуші ел болғандығы. Екіншіден, ұланбайтақ Сібірді жаулаған бойы Тынық мұхитқа барып тірелген Ресейдің қытай мәдениетімен бетпе бет келуі. Қазіргі Ресей-Монғолия шекарасындағы Қияқты (Кяхта) қаласы – орыс-қытай шай саудасының орталығы ретінде осы кезеңде даңқы өрлеп тұрды.

Кейбір тарихи құжаттарға қарағанда, қазақ қоғамына шайды мейлінше таратып, экономикалық тәуелді болдыруға Патшалық Ресей мүдделілік танытып, жүйелі жұмыс жүргізген. Мұны Орынбор облыстық Мемлекеттік архивте Орынбор өлкесі әскери губернаторы граф П.К.Эссенге 1829 жылы граф, вице-канцлер Нессельродтың жолдаған хатынан айқын көреміз. Онда мынадай ой айтылады: «Орал тауының ар жағында өмір сүретін көшпелі халықтар (қазақтар мен башқұрттар) арасында кірпіш шайды тұтыну әдетін енгізу керек және бұл Ресей мемлекетінің Қытаймен, оның ішінде Қияқты кедені арқылы жасалатын сауда-саттықта мол кіріс әкелуге тиіс.» Қалай болғанда да ХҮІІІ ғасырдың соңғы бөлігі мен ХІХ ғасырдың басында қазақтар шайды көптеп тұтынатын халыққа айнала бастайды. Бірақ, бұл – әлі де болса ауқатты тұрғындардың ғана қолы жететін игілік дәстүрі еді.

Шай ішу дәстүрі Ресей тарапынан келді деуге тағы бір дәлел – орыс мәдениетімен алғаш ықпалдасқан батыс пен солтүстік қазақтары арасында шайға қатысты тарихи деректер мен әдеби фрагменттер ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ұшыраса бастайды. Солардың бірі – Арқаның ардагері Ақан сері аса танымал әні «Маңмаңгерін» былай деп шырқайтын жері бар ғой:

Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,

Бал татыр қант қосса қағаз шайға.

 

Кірпияз серінің «Жаман әйел сипаты» атты өлеңінде де ластық пен тазалық, қолы ашықтық пен жомарттықтың айырмасын тізбелей келе:

Таусылды қант пен мейіз, ет пен шай деп,

Қонағын қыстай келген бәрін санап..., -

деп сараң әйелді сипаттайтын жері бар ғой. Ақан серімен тұстас өмір сүрген Арқа сал-серілерінің біразының әндері мен өлеңдерінде шай туралы бірлі-жарым жолдарды ұшыратуға болады.

Көңілсіз берген қымыздан,

Көңілді берген шай артық.

Жапалап асқан жасықтан,

Жағып жеген май артық, -

деген айтылым да осы кезеңде туған болса керек деп болжауымызға болады. Қазақтың кейбайтақ жерін Ресей мен Мәнжі-Шың империялары бөліп алып бодандыққа түсірген ХІХ ғасырда қазақ халқы осы екі мемлекеттің шай саудасын қызыдартын плацдармына айналды. Мұның зияны басым ба, пайдалы тұсы көп пе дегенді тап басып айту қиын. Қалай болғанмен де, қазіргі көрсеткіштер бойынша әлемдегі шайды тұтыну мөлшері бойынша алғашқы он бестіктің қатарында қазақ деген халық бар. Қонағын шайға шақыратын, қонағына шай беріп шығарып салғаннан кейін «өзіміз отырып шай ішейік» дейтін, яғни шайдан соң тағы да шай ішетін халық – қазақ. Шай – қазақтың жайдары, жарқын өмірінің, символына, ішкі жан дүниесін өзара ақтара сырласудың кілтіне, сүйген жүрегінің лүпілін сездірудің ишаратына айналды. Әйгілі «Аңшының әнінде" мынадай жолдар бар:

Самаурын ақ шәйнекпен тұрса қайнап,

Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап.

Сол күні қыз әкесі үйде жоқ боп,

Отырса әзілдесіп, күліп-ойнап.

Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе,

Шешесі желөкпелеу жастау келсе.

Қу жігіт кездігімен түлкі сойып,

Әзілмен қалжың сөзін бастай берсе,

Сол жігіт бастай берсе әзіл сөзін,

Қараса қызға қадап, жігіт көзін.

Қиыннан қиыстырып сылтау таппай,

Отырса мырза ұнатып істің тезін.

деп жырлаған қазақтың жас жігіттері шәугімдегі шайды үш қайтара сапырып шүмегін қайырып, ожаумен құйып, оң қолымен демей ұсынған кезде, ару қыздың кесеге сыртындағы сүйрік саусағының сыртынан сипай қабылдап үлгеретін болған. Қыз кесені кімге қалай ұсынды, кім қалай қабылдады, қыздың бұған деген көңіл реакциясы қалай болды дегенді қабақ астынан қапысыз әрі елеусіз аңдау – бұл қырық үйге тыйымның екі шылбыр бір тізгінін қолына нық ұстаған салиқалы шешелер, сабырлы әжелердің жұмысы.

Қазақтың көптеген белгілі тұлғалары үшін шай – құмартып ішетін сүйікті сусынына айналған. Солардың бірі – хакім Абай. Баласы Тұрағұл өз естелігінде былай деп жазады: «Қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргем жоқ, бірақ ол қанты алдында жатады. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртеді, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді. Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салатын».

Шай қайнату, демдеу, кесеге құю, кесені ұсыну, кесені қабылдау, ұртап ішу – дәуірлер жүзінде қалыптасқан тұтастай бір рәсімдер кешені (церемония). Бойжеткен қыздар мен жас келіндер үшін шай құю – үлкендер мен игі жақсылардың игі ықыласына бөленіп, алғыс-бата алатын орайлы сәт.

Қыздарым да бар еді,

Шай құйып беріп атамның.

Батихасын алам деп,

Саусақтары майысқан, -

деп Сүгір жыраудың айтатыны осы бір сәт екендігі анық. Бір қызығы, шайға қатысты айтылатын өлең, ән-жырда мұң-зар, өкініш-нала болмайтындығы, болса да аз болатындай. Сал-серілер дәстүрін ХХ ғасырдың екінші кезеңіне дейін жалғастырушы болған әйгілі ән бұлбұлы Кенен Әзірбайұлының «Ойжайлау» әнінің қайрмасында да ойнақылана шырқалатын, қазақпен әбден етене болған ақ шәйнек пен сары самаурынға қатысты жолдар мынадай бар:

Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,

Отырса қыз-бозбала күліп-ойнап,

Киінген қызғалдақтай қыз-келіншек,

Сапырса сары қымыз, құлан ойнақ.

Қуарған қара ағаштай қақиғанша,

Жас шақты өткізелік гүлдей жайнап.

Иә, шай қазақ өмірінің бөлінбес атрибутына айналған. Сондықтан да болар, «шай қайнатым» дейтін уақыт өлшемін де шығарып алғаны. Кешегі кеңестік дәуірмен басталып, азаттықпен астасып жатқан жаңа дәуір поэзиясында да шай аз жырланған жоқ. Даналық сөздің даңғылы Қадыр Мырза-Әлінің «Қызыл шай және қызық» өлеңі – қазақтың шай ішу дәстүрін тамаша сипаттап берген туындылардың бірі. Өлең мәтінін үзбелемей толықтай оқып көрейікші:

Құрбы-құрдас әзіл сөзбен сайысып,

Құдашаңыз қонақ күтер майысып.

Ойын-тойдан бір кем емес, отауда,

Отырсаңыз қызыл күрең шай ішіп.

 

Көрші ауылдан досың келсе салдыртып,

Керегіңнің бәрін түгел алдыртып.

Шай ішілсе, тасқұманды өзгертіп,

Самаурынды қайта-қайта жаңғыртып.

 

Бірі болса жексенбі мен сенбінің,

Бірден сезсең үй иесінің кеңдігін.

- Тесілуден аманбысың, әйтеуір!

- Түйе болып кетпегейсің сен бүгін!

 

Шынында да, көп ішесіз бұл күні.

Шат күлкі де, шай құю да үлгілі.

Маңдай терді сүртіп-сүртіп аласыз,

Мойныңызға асып қойып сүлгіні.

 

Ақ дастарқан – Ақ ниетің, Ырысың.

Ақ көңілмен айтасың сен дұрысын.

 

Қаймақ қатқан күрең шайдан жазылар

Қайдағы бір құрысың мен тырысың.

Сөз болады халық қамы, Ел қамы,

Сөз болады ойын-тойлар алдағы.

Құрбы-құрдас, қылықты қыз қақында –

Содан соңғы әңгіменің қалғаны.

 

Ерлік жайлы айтылған сөз әлгіде

Есіңізде қалады енді мәңгіге.

Шайдың көркі – қаймақ емес, шынында,

Шайдың көркі — қызғылықты әңгіме.

 

Қатар-құрбы әзілменен сайысып,

Құдашаңыз қонақ күтер майысып.

Шайдың көркі — …Сенбегендер байқасын:

Бір тіл қатпай, үнсіз-түнсіз шай ішіп!

Иә, әлемге кең таралған осынау сусынның қазақ өміріндегі алар орны ерекше. «Шай. Ішсең, көңілің жай...», - дегендей, күнібойғы тірліктің күйбеңінен қажығанда шаршағанды басатын, таңдайдың дәмін, дастарқан басындағы отырыстың ажарын кіргізетін осынау сусын турасындағы айтылар ой, шайға қатысты мақалдың мәні осылай болды.

«Шай ішіп кетсең қайтеді, мен ұсынған кеседен» деп наздана әндеткен қазақ аруларының ұяңдық-ибағатпен шай ұсыну дәстүрі ғасырлардан ғасырларға жалғаса бергей!

Бөлісу:

Көп оқылғандар