Қуандық Шамахайұлы. Темір құрсау

Бөлісу:

21.12.2019 7937

(романнан үзінді)

...Ертеңінде Жарқынбек туған жеріне барып қайтпаққа дайындалды. Қала көшесінде әлсін-әлсін құжат тексеріп, жүріс-тұрысты ауырлатып жүрген сақшылардың сұры жаман, ауылға жеткенше әуре-сарсаңға салып жүрер деген оймен ол қалалық сақшылар басқармасына келді. Ондағы ойы шетелдік ретінде уақытша тіркеліп, құжатын реттеп алу болатын.

Басқармадағы сақшы қызметкерге көк паспортын ұсынып еді, ол оқып көрді де, бастығымен ақылдасатынын айтып, кетіп қалды. Сүт пісірім уақыт күттірген соң қайта оралды да:

-Сіз туралы мәліметтер біздің базада бар екен. Бұрын біздің елдің азаматы болған екенсіз ғой?

-Иә, қазір Қазақстан азаматымын.

-Ол жағы мәлім. Қазір сізге бұрынғы жеке куәлігіңіз беріледі.

-Неге? Маған өз елімнің паспортыммен-ақ бір ай іссапарда жүруіме рұқсат берсеңіздер болды. Жұмысымды реттеген соң еліме қайтамын.

-Еліме дейсіз бе? - деп, қытай сақшы маңдай тісін орсита суық күлімсіреді де: - Әрине, еліңізге қайтасыз. Сіздей «екіжүзді, қос жүректілерді» алып қалайын деп жатқан біреу жоқ. Жұңғоның жеке куәлігімен жүрсеңіз, өзіңізге жеңіл болады. Жол-жөнекей ешкім мазаламайды. Қазір бізде тәртіп қатал. Солай болмасқа амалымыз жоқ. Сіздің елде бірнеше рет лаңкестік оқиғалар болғанын білеміз. Сирияға барып, қолына қару алып жүрген отандастарыңыз да баршылық. Сондықтан, ондай елден келгендерді бақыламасқа болмайды. Ал, мен сізге өте қолайлы мүмкіндік жасап отырмын. Уақытша тіркеу емес, керісінше, біздің базамыздағы бұрынғы жеке куәлігіңізбен жүресіз. Бұл сіздің еркін жүріп-тұруыңызға өте қолайлы болады – деп, тағы да жүзі суық бола тұра тым жасанды түрмен ыржиып күлді.

-Ал, Қазақ елінің паспорты ше?

-Оны бізге уақытша қалдыра тұрасыз. Шаруаңыз біткен соң келіп, куәлікті өткізіп, паспортыңызды аласыз.

-Мейлі, солай ұйғарсаңыз, мен не дейін. Бір айдан соң келермін.

-Бара беріңіз, сіз боссыз!

Қытай инспектордың біртүрлі суық жымиысы мен жайсыз сөзіне іштей жыны келсе де, ештеңе дей алмады. Сау басыма сақина тілеп алып жүрермін деп, төзімділік танытып, салқын қоштасты да кете берді...

Жарқынбек отырған автобусты аудан орталығына жақындаған сәтте жол үстінде біреулер тоқтатты. Сақшылар формасын киген біреу қасында жай киімді екі адаммен бірге үшеуі суыт кіріп келіп, жолаушылардың құжаттарын тексерді.

-Сіз автобустан түсіңіз! - деді, көзәйнек таққан тапал бойлы ұлты қытай сақшы:

-Неге? - деді, Жарқынбек.

-Сұрақты сіз қоймайсыз. Мына біз ғана қоямыз. Қазір кеңсеге барған соң түсіндіреміз. Жүгіңіз болса, алып бізбен бірге жүріңіз! - деп, бұйырды.

Кеңсеге келген соң Жарқынбектің жеке куәлігін алып әлгі тапал қытай бастығына кіріп кетті. Қабылдау бөлмесінде отырған Жарқынбекті сәлден соң шақырды.

Төргі үстелде отырған толықша келген еңгерзедей қартаң қытай лауазымы жоғары бастықтарының бірі болса керек, алдындағы шағын үстелдің қасындағы орындықты нұсқап:

-Отыр! - деп, бұйырды да:

-Бейжіңде оқығансың, жоғары білім алғансың ғой?

-Иә, солай.

-Жөн екен. Бүгіннен бастап біздің ауданның сақшылар басқармасында сақшы болып қызмет етесің!

-Бастық жолдас! Мен... - дей беріп еді, «тоқтат» дегендей ишара білдіріп, сөзін бөлді де:

-Менің бұйрығымды талқыламайсың! Сөзсіз орындауға ғана міндеттісің! Аз ұлттарды қайта тәрбиелеу, оқу-үйрету орталығында қызметкер боласың! Егер бас тартсаң, өзіңді сол жерде қайта тәрбиелеуге тура келеді. Сенің базадағы құжаттарыңмен толық танысқанмын. Бізде арнайы ереже бар. Қажет болса, таныстыруға болады. Мен осы ауданның парткомы бірінші хатшысымын. Қазір табан астында екі адамды сот үкімінсіз атып тастауға құзыретім бар. Ондай мүмкіндікті маған партия берген. Сондықтан, маған қарсы келуге еш жағдайың жоқ, бірдеме айтып, түсіндіруге де тырыспағын! – деді де, қасындағы сақшыға:

-Мынаны ертіп апарып, жайғастыр! - деп, бұйрық берді...

Осылайша, тарихи Отанының азаматтығын алып, атажұртына әлде қашан орныққан, ежелгі Шығыс Түркістан жеріне ғылыми іссапармен бір ай мерзімге келген Жарқынбек ақыры мәжбүрлі түрде «оқу-үйрету орталығына» сақшы болып қызмет етуге еріксіз келіп қалды. Бұлай болады деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Ұялы телефонын тәркілеп алды. Әр қадамының аңдулы екенін, олардың нұсқаған жолынан сәл ауытқып кетсе, аяусыз жазаланып, басына пәле болатынын, сол үшін шыбын жанымен жауап беретінін келген бойда анық аңғарды.

Алғашында ол «оқу-үйрету орталығы» дегенді кәдімгі мектеп деп елестеткен. Алайда, Жарқынбектің ойлағанынан мүлдем өзгеше дүние болып шықты.

Аудан орталығынан шыққан соң тау бөктеріндегі әлгі орталыққа жеткен. Сырты үш метрдей биік дуалмен қоршалған, оның үстіне бірнеше қатар тікенек сым жүгірткен, ауласын қарулы әскерлер күзетіп тұр. Дуалдың ішінде қатар-қатар етіп орналастырылған үш-төрт ұзын сұры үй тұр. Сол үйлердің қақпаға жақын орналасқан, бергі жағындағысына Жарқынбекті бірге келген сақшы ертіп кірді.

Тар дәлізде төрт есік қатар орналастырылыпты. Ары қарай созылып жатқан ұзыннан ұзақ дәліздің бергі жақ шағын бөлігін құлып салынған есігі бар, темір тордан жасалған қабырға секілді бірдеме бөліп тұр. Сақшы қытай ортаңғы есікті нұсқады. Бөлменің ортасында төрт орындықты үстел. Екі жақ қабырғада бірінің үстіне бірін қойған, екі қабат темір төсек. Төрт адамға арналған болса керек.

-Мынау сенің төсегің болады – деп, сақшы сол жағындағы төсектің астынғысын нұсқады да:

-Ал, енді жуынып ал! - деді.

Жарқынбек жуынып шыққанда оған әлгі сақшы полициялық су жаңа форма дайындап қойған екен.

Өстіп аяқ астынан «оқу-үйрету орталығының» сақшысы болып шыға келді. Дуалдың іші-сырты, бөлменің төрт бұрышы мен әжетхананың өзінде камералар орнатылған. Аттап басқан әр ізіңді үздіксіз қадағалап отырады екен.

Таң сәріде оятып, әскери жаттығулар жасатады. Алдымен тауды өрлетіп жүгіртеді. Өрге жүгірудің азабын айтсаңшы. Алқынып, деміккенде іші-бауырың ауызыңнан шыға жаздайды. Біраздан соң өрден құлдилата дедектетіп, таудың етегіне түсіреді. Қара терге малшынып жүріп түрлі жаттығулармен арпалысуға тура келеді. Жасы қырыққа таяған, өмір бойы жазу-сызумен, ғылыми-зерттеу сынды ой еңбегімен ғана шұғылданып келген Жарқынбекті күн құрғатпай жасайтын осы жаттығулардың өзі әбден титықтатып жіберсе де, төзуіне тура келді.

Бұл жерден қашып шығамын деп ойлаудың өзі қорқынышты. Құдайдың басқа салғанына мойынсынып, көнбеске еш амал жоқ. Жаттығуды қойшы, қанша қиын болса да, тән азабына көнбейтін пенде бар ма? Бәрінен де жан азабы Жарқынбекті діңкелетіп бітті. Артында қалған отбасы, ата-ана, туыстары хабар-ошарсыз кеткен өзіне алаңдап отырғанын ойлағанда сай-сүйегі сырқырағандай күй кешіп жаны ауырады. Оларға тым құрығанда, өзінің дін аман екендігінен бір хабар бере алмай пүшайман хал кешіп жүргені жанына қатты батады. Алаң болған көңілдерін сәл де болса, жайландыратын амал табылса ғой.

Жаттығуларды аяқтаған соң сақшыларды жиналыс залына отырғызып қойып, қытай заңдарын жататады. Ши бастықтың өмірбаянын және оның сөйлеген сөздерін күнделікті қайталап оқыта береді. Бір сарынды дүниені осылай қайталай берген соң адамның жүйкесі жұқара бастайды екен.

Осындай ит әуіре істердің одан сорақысын Жарқынбек көрумен болды. Сақшылар мінетін арнайы көлік бар. Ол үнемі үрейлі дабылын ызыңдатып, аудан орталығын шиырлайды да жүреді. Жазғы демалысында туыстарына Қазақстаннан келген бір студент қызды сақшылар ұстады. Ондайға Жарқынбек араласа алмайды. Барлығы сақшыларды басқарып жүрген аға офицердің пәрменіне сөзсіз бағынады. Әлгі қыз шамасынша қарсыласып бақты.

-Мені не үшін тұтқындайсыздар? Қандай қылмыс жасадым? Мен шетелде оқитын студентпін.

-Қазір сен Қытайдасың. Біздің бұйрыққа бағынасың. Қытайша ойлап, әлемге қытайдың көзімен қарауға міндеттісің. Сөзді көбейтсең саған электрошокер қолданып жуасытамын! – деп, қоқиланған аға офицер әлгі қызды қайта тәрбиелеу лагеріне жарты жыл мерзімге қамауға табан астында шешім қабылдай салды. Олар үшін қолға түскен қазақтың бәрі жазықты секілді көрінеді.

Көшеде кездескен тұрғындардың құжаттарымен қоса смартфондарын мұқият тексереді. Телефондарынан әлде бір ілік тапса, дереу тұтқындалып «оқу-үйрету орталығына» жеткізіліп, жазасын өтеулеріне тура келеді.

Бірде екі әйелдің телефондарын тексергенде 2009 жылы Үрімжі қаласында ұйғыр жастары өткізген наразылық шеруінің бейне жазылымы табылды.

-Бұл не? Сендер лаңкес ұйғырларды неге қолдап жүрсіңдер? – деп, тергеуші оларды қысымға алды.

Ауылдың қарапайым тұрғындары әлде бір сауда орнынан бұрын қолданыста болған арзан смартфон сатып алған ғой. Оның ішінде бұрын не сақталғанын, қандай ақпараттардың болғанын қайдан білсін. Білмеген соң оны өшіріп тазартуды да ойламағаны анық. Аяқ астынан сақшылар кездесіп тексергенде смартфондарын бұрын қолданған адамдардың баяғыда түсірген бейне жазбалары шыға келсе керек.

Екі әйел де телефонды күні кеше ғана сатып алғандарын айтып, неше жерден ақталса да, тергеуші олардың уәждеріне мүлде құлақ асқан жоқ. Әй-шәйға қарамай тұтқындады да, лагерге аттандырып жіберді.

Ол ол ма, Қазақстандағы жақын туысымен телефон арқылы сөйлескендерді де тұтқындап әкете береді. Мешітке барған, жұма намазына қатысқандар да ұсталып, қамауға алынып жатыр.

Әйелдер мен еркектерді екі бөлек қамауға алғанымен, бәрінің қол-аяқтарын шынжырлап қояды. Бос қойса да сол лагерден қашып кетейін деп жатқан тірі жан жоқ. Соған қарамастан өлмелі кемпір-шалдардың да, оң-солын танып үлгермен жас жеткіншектердің де аяқ-қолдары кісендеулі.

Жарқынбек бақылайтын дуалдың ішіндегі әйелдер түрмесінен бір топ адамды көлікке салып әлде бір жаққа апаратын болды. Тұтқындар арасынан жасы сексеннен асқан, ұлты ұйғыр кейуана тұрған орнынан қозғала алмай әлсіз үнмен ыңырсып, қиралаңдап әрең тұр екен. Бір қытай аузына келгенін айтып, балағаттап әлгі байғұсты қолындағы ағаш сойылмен періп-періп қалады. Жарқынбек оның бір аяғы сынық екенін көргенде, қатты аяп кетті де жүгіріп барып, көтеріп алды да машинаға апарып отырғызды.

Бір күні Жарқынбек дуал ішінде орналасқан әйелдер абақтысына өзге сақшылармен бірге рейд жасағаны бар. Тар бөлмеде қырық шақты адам қамалған. Сыймайтындықтан оң жақтарымен қырындап жатуға ғана мәжбүр. Бұрыш-бұрышта естерінен танып, әлсіз ғана ыңырсып жатқандары да кездеседі. Бұрыштағы есігі жабық бөлмеден «құтқарыңдар, мені!» деп жанұшыра бажылдаған әйелдің даусы естіледі.

Өрімдей жас қыздардың қорланып, зорланғандарын да анық аңғаруға болады екен. Кейбірінің аяқтары ауырлап, ай-күні таяу көрінеді. Бұлар да осыған дейін бір шаңырақтың мәпелеп, аялап өсірген ерке қыздары, қатарлас құрбы-құрдастарының сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленген арулар болған шығар. Қазір сөз байласқан ғашық жандары бұлардың қайда екендігінен бір хабар таба алмай жанұшыра іздеп жүрген болар. Әке-шешелері де екі көздері төрт болып, күтуден шаршады ма екен. Бір кездері жігіттің төресі білектерінен ұстауға батылдары бармаған қазақтың ибалы да ажарлы, кербез қыздарының қазіргі дәрменсіз халдерін көргенде, жүрегі қан жылады.

Тағы бірде әлгі бейбақтарды тергеп жатқанын көрген-тін. Егде тартқан бір әйелдің саусығына әлсін-әлсін ине шаншып шыбын жанын шырқыратып отыр. Мейрімділіктен мүлде жұрдай тергеуші бір әйелдің саусағын алма-кезек тістеуік секілді бірдемемен қысып тұрып, тырнақтарын бір-бірлеп суырып алып, ойбайлатып жатыр...

«Алла-ай, көрейін деп келгенім осы ма еді? Айсәуленің сөзіне неге ғана құлақ аспадым екен?» деп сол сәтте Жарқынбек осы жолы сапарға шыққанына қатты өкінді.

***

Шыңы аспанмен таласқан Алтай тауы сілемдерінің жоғарғы тұсынан беліне қарай ну орманмен көмкерілген тоғайлы болып келетін әсем жерлері көп. Сонымен қатар кейбір сай-саласында бір түйір ағашы жоқ біріңғай жартас пен қойтастардан да тұратын бөліктері де бар.

Жарқынбек биік құздардың шыңына көз тіккен күйі бір орында тапжылмай отыр. Таудың ортаң белінен жоғарғы жағына дейін жібектей есілген тұман басып, төменіректе күн сәулесі түскен жар тастары күреңденіп көзге шалынады. Таулардың батыс жақ тұсында Қазақтың кең жазира даласы өң мен мен түстің арасында белгісіз өңге боялып, көз қуантып, көңіл сергітеді. Қарай бергісі келеді...

Ойдан өрлеп, қырдағы тау басына шығып бара жатқан түйе көш елес іспетті көз алдынан шұбырып өте шықты. Баяғыда бала кезінде жадында сақталған ғажайып көрініс кино кадр секілді бір сәт зу етіп өткенде, көңілі толқып, ерекше сезімге бөленгендей болды...

Көздің ұшына зорға ілініп, алыстан көгілдір мұнар тартқан ұлы дала көсіліп жатыр. Сонау етектегі кең дала теңіздей толқыған көк мұнарға оранып, аспанмен астасып кеткендей. Жақсылап көз салсаң, көк майсалы алқаптың аспан көкжиегімен қосылған тұсы тұнжырап көрінгені болмаса одан бергі жағы тұп-тұнық.

Жарқынбек өзі отырған шатқалдағы сайдың қарсы бетіне қараса, әлде бір әйел адам қолындағы ақ орамалын бұлғап, бірдеме деп дауыстап тұрғандай көрінді. Жақсылап қараса, Айсәуле екен. Жанұшырып бірдемелер айтып жатыр. Бірақ, анық естілмейді. Дереу отырған орнынан тұрды да, тура оған қарай жүгірді. Айсәуле де оған қарсы жүгіре басып, келе жатыр. Жақындай бергенде, екеуі де кілт тоқтап қалды. Сайды бойлап, таудың басынан құлдилай ағатын қатты ағынды асау өзен қып-қызыл түске боялып, буырқана тасып жатыр екен.

-Айсәуле, сен орныңнан қозғалма! Мына өзенге жақындама! Лезде ағызып әкетеді. Сол орныңда тұр да мені күт. Мен өзеннен өтіп саған барайын! - деді.

Күркіреп ағып жатқан судың шуы оның даусын жұтып қойды. Қанша қатты айғайласа да, өзеннің бергі жағалауынан ұзай алмаған секілді, даусы өзіне қайтап келгенін сезді. Ол да бірдеме деп айғайлап айтып тұр. Алайда, Айсәуленің сөзі мұның құлағына шалынбайды. Екеуі бір-бірінің сөзін ести алмаса да, еш тоқтаусыз бірдемелерді айтумен тасыған өзеннің екі жағасында тұр.

Жарқынбек өткел іздеп, өзеннің жағалауымен құлдай жүгірді. Айсәуле де келесі жағада қатарласып, ере жүгіріп келеді. Жарқынбек тоқтаған жерге ол да тоқтайды. Екеуі де өткел боларлықтай жерді екі жағадан қатар тұрып барлайды. Десе де, тау өзенінің асау ағыны өткел берер түрі жоқ. Тағы да жүгірді, Жарқынбектің екі аяғы ауыр тас байланғандай бастырмай қатты қиналды. Айсәуле «Саған не болды?» - дегендей ишара білдіріп, таңдана қарап тұрып қалды.

Сол сәтте тауды жаңғыртқан бір жағымсыз үн құлаққа түрпідей тиіп, мазасын ала бастады. Алғашында өзеннің қатты ағынынан анық естілмеген. Тоқтай қалып құлақ салса:

-Чи ләй, чи ләй, куәй чи чуаң!* (Тұр, тұр, орныңнан көтеріл!) - деп, азанда шақыратын әтештей таң сәріде ойбайлап жүретін қытай офицердің ащы даусы екен. Тани қойып, Айсәулеге «Бұл арадан тез кет! Мына оңбағандар енді, сені бас салып ұстап алмасын!» - деп, жанұшыра айғай салып, Жарқынбек шошып оянды. Айналаны азан-қазан ете айғайлап жүрген оңбаған қытайдың тәтті түсінің де берекесін алғанына ит жыны келді. Бірақ, амалы қанша, жарлық қатты, жан тәтті.

Көрген түсін іштей жақсылыққа жорыды. «Менің мына қапастан құтылып шығып, шекара асып, елге жетуіме Айсәуленің бір көмегі болады екен» деп ойлады. Өзіне іздеу салып, жарының жарғаққұлағы жастыққа тимей жүргенін Жарқынбек еш хабар алмаса да, түйсікпен сезетін еді. Бүгін оны түсінде көрді.

Жарқынбек Айсәулемен алғаш танысқан бақытты сәттерін сағына еске алды. «Әй, дәурен-ай!» - деп, іштей сыбырлап, күрсінді

Магистратура бітіретін жылы күзде жатақхананың көрші бөлмесіне университеттің соңғы курсында оқитын төрт қыз орналасты. Олардың үшеуі Жарқынбектің жерлесі еді. Жай жерлесі де емес, бір ауылдың аталас жамағайындары еді. Олар Жарқынбекті туған ағасындай сыйлап, араласып тұратын. Олардың бірінің жақын құрбысы болса керек, қаланың байырғы тұрғыны, қыздардың курстасы Айсәуле үнемі келіп-кетіп жүретін. Дәлізде кездесіп қалғанда Жарқынбекпен жылы жүздесіп, амандасады. Мінезі жібектей, ибалы қыз екендігі бірден аңғарылып тұратын.

Жай аман-сәлемнен көп ұзамаса да, Жарқынбек Айсәулені алғаш көрген сәттен-ақ іштей ұната бастаған. Кейін тіпті жиі көргісі келетінді тапты. Ол көрінбей кетсе, ауылдас қыздардан сұрайтын болып алды. Бірде түн іңірден ауғанда, көрші бөлмедегі қыздардың бірі кешірім сұрай келіп:

-Аға сізге айтар бір өтінішім бар.

-Айта ғой, айналайын.

-Құрбым Айсәуле келген еді. Қызу әңгіме-дүкен құрып отырып, түннің бір уағы болғанын аңғармай қалыппыз. Үйіне жеткізіп саласыз ба? Екі көшенің ар жағында ғана ғой – деп тұр.

Жарқынбек көктен іздегені жерден табыла кеткендей қуана-қуана келісті. Көктемнің алғашқы айының тамылжыған түні. Көшеде жүйткіген көліктің де, ерсілі-қарсылы ағылған адамдардың да қарасы сиреп қалған. Асықпай аяңдап, өзара қызу әңгіме өрбітіп келеді. Екеуінің сөздері салған жерден жарасып ала жөнелді. Ой-пайымдары да ұқсас екен, оның үстіне көзқарастары да бір жерден шығып жатты. Жарқынбектің айтқан әдепті бола тұра жеңіл әзіл-қалжыңдарына Айсәуленің сыңғырлап күлген үні құлаққа сондай жағымдысын айтсаңшы.

Сол көктемді жұбы жазылмай саябақтарда, ойын-сауық орындарында бірге өткізген Жарқынбек пен Айсәуле сол жылдың жазында қосылып, атажұртта отау құрған еді. Ежелгі Шығыс Түркістан жеріндегі қазақ ауылын, жаз жайлауын көрген қала қызы Айсәуле таң-тамаша болғанын күні бүгінге дейін үнемі зор ықыласпен еске алып жүреді.

Ал, дәл қазір Айсәулені таңғалдыра тамсандырған, өзінің кір жуып, кіндік кескен жерінде Жарқынбек қытай басқыншылары мәжбүрлеген, көңілі қаламақ тұр ғой, үш ұйықтаса түсіне кірмеген, маңайына жоламай қырық қадам алыс жүретіндей-ақ, тіпті, ойлаудың өзі жиіркенішті лас қызметке еріксіз жегіліп жүр. Осыны ойлағанда, көкірегі қарс айырылады. Әйелін, бала-шағасын, елін сағынып, кеудесіне өксік тығылады.

Сақшы деген аты ғана болмаса, заты зорлықпен ұсталып, сақшылыққа жегілген Жарқынбектің де қапасқа түскен тұтқындардан айырмашылығы тым аз еді. Өзін бас салып азаптап, қинап, ұрып-соғып оған тән жарасын салмаса да, одан да бетер ауыр жан жарасының қасіретін бір кісідей-ақ тартып жүр.

Бәрінен қиыны, азапталған жандардың мүшкіл халін үнемі көзбен көріп жүру екендігіне күн өткен сайын көз жеткізіп келеді. Қоғамдық қауіпсіздік күштерінің қорлауы мен тәндік азаптауларының құрбаны болған қайран қандастарының езіліп-жаншылып, зорланғанын көзбен көре жүріп, қолдан келер еш қайран жоқтықтан асқан зобалаң бар ма десеңші. Екі күннің бірінде, қаншама жазықсыз момын азаматтар көптеген қамалушылар азаппен өледі, тірі қалғандары есінен адасып, қасірет шегеді.

Бір күні қазақтың өрімдей жас қызын күллі тұтқындардың көзінше бірнеше әскер зорлап абыройын айрандай төкті. Олардың бұл айуандығын көруге дәттері бармай көздерін жұмғандарды, теріс қарағандардың өзін жазалап, соққының астына алды. Осындай қасіретке толы көріністер көз алдында өтіп жатқанда, жаныңнан түңіліп ай далаға безіп кеткің келеді. Алайда, амал нешік, жерге кірерге тесік жоқ, аспанға ұшып кетуге қанатың жоқ...

Ватцап желісін ұялы телефонына орнатқандары үшін абақтыға қамалғандар да бір төбе. Соны да қылмыс дейді-ау. Әйтеуір сыныққа сылтау іздеп табудың ғана амалы мен айласы.

Қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлері өздерінің жазықсыз жандарға көрсетіп жатқан адамзатқа қарсы қылмыстарының сыртқа жайылып кетпеуі үшін бір-бірін танымайтын мұсылмандарды бір камераға қамайды. Оның өзінде әр апта сайын тұтқындарды жан-жаққа бөліп, қайта-қайта көшіріп отырудан бір тынбайды.

Осылайша, бір тұтқынның отыздан астам түрмеге ауыстырылып, жазасын өтеуі бер жағы. Ондағы қулық мақсаттары мен жымысқы ойлары сақшылар мен тұтқындардың бір-бірімен жақындасып, таныс-біліс болып, өзара достасып кетуінен сақтанғаны. қамаудағылардың отбасы мүшелерінен келіп-кеткен жандарға әлде бір хабар беріп, түрме ішіндегі сорақылықтарының әшкере болуынан барынша абайлайды. Жаңа бөлімшеге көшірілгенде тұтқыннан ішіндегілерді танитын-танымайтынын сұрайды. Бірер танысы бола қалса, әлгі тұтқынды өзге лагерге апартады. Оларды күзетіп, нұсқаған лагерге жеткізіп салу Жарқынбек сынды сақшыларға міндеттелген.

Шыңжаң полициясы қамауға алынатын адамды түнгі сағат он екіден кейін ұстайды, таңғы сағат үштер шамасында сол күні ұсталған тұтқындардың бәрін түрмеге қамап үлгереді. Әр күні түнде, сағат он екіден кейін адам ұстау басталады.

Соңғы кезде қауіпсіздік мекемесі күндіз тапа-тал түсте адам баласын тұтқындауды доғарған. Себебі, олардың иттігін ел-жұрт байқап қалатынын біледі. Сондықтан, шибөріше түн қатып, жортады. Оның өзінде ұстайтын адамдарын алдын ала жоспарлап қояды да, сақшылар бөлімшесі бастығы қоңырау шалып, мекемеге келуін, әлде бір құжатқа қол қоюын бұйырады.

Шақырылған азаматты сыртқа шыққан жерінде дереу тарпа бас салып, кісендейді де, басына қара қап кигізіп, орта жолда күттіріп қойған қамақ бөліміне жауапты сақшыларға өткізеді.

Абақтыға келген соң оларға түрлі әдістермен жуасыту шаралары қолданылады. Орындыққа ұзақ уақыт байлап отырғызып қояды, тоқ жүгіртілген таяқшамен ұрғылайды. Аяусыз соққыға жығу әдеттегі көрініс. Бағынбай қарсыласқандардың қолына алдымен екі келі қол кісен салады, аяғы да құрсауланады. Кейін шынжырланған темір кісеннің салмағын бес, сегіз килограмға жеткізеді. Кісеннің қысып қажауынан қолы мен аяғы қанап, іріңдеп кетеді. Жүре алмай қалғандарды орындыққа байлап тастайды да, үлкен-кіші дәретті сол сол жерде сындыртады.

Түрме азабын көп көргендердің ауыз-мұрны шіріп, құрттап кететінін сұмдықты да Жарқынбек осында келгенде көрді. Жыбырлап, ирелеңдеген құрт олардың ауыздарынан кіріп мұрындарынан шығып жатады. Мұнда жасалатын қатыгездіктің түпкі мақсаты қазақ, ұйғыр ұлтын ит өліммен азаптап көздерін құрту ғана.

Бір жолы әбден қалжырап шаршаған жас жігіт Жарқынбектің қасында тұтқындарды түгендеп жүрген қытай офицерінен сұрады: -Мені мына абақтыдан қашан босатасыздар?

-Мұнда кіргендердің ешқайсысы шығамын деп ешқашан ойламасын, Шыққан күннің өзінде ұзаққа бармай өлесіңдер! - деген жауап берді, әлгі қытай офицер еш шімірікпестен.

Тұтқындарға беріліп жатқан тамақты Жарқынбектің бала кезінде ауылдың сиырлары да жемейтін. Әлде бір капуста сорпасы, түскі асы күріш суы мен тастай болып қатып қалған момо (ашыртқы қосылып, иленген буға пісірілген нан) ғана. Оның өзіне Қытай мемлекеттік әнұранын шырқап, Ши Жинпиңге мадақ айтқан соң ғана қол жеткізеді. Өзегі талып, өліп қалатындай болса, түрме емханасына апарған болады. Оның өзінде әлсіреп өлімші халде жатқанына қарамай аяқ-қолдары кісендеулі болатындарын қайтерсің. Қамауға алынған мұсылмандарға сары немесе қара түсті киім кигізеді.

Сары түсті киім - өмір бақи бас бостандығынан айрылғандықтың белгісі. Ал, қара түсті киімділер еркіндікке шығуға аз да үміттері бар деген сөз.

Сары киім кигендердің көбі естерінен адасып, құтырып кеткен. Азаптың ауырлығы олардың жүйкесін қатты зақымдаса керек. Қытай сақшылары мен бақылаушылары жүйке ауруы асқынып, жынданып кеткен сол беймаза жандардың өзін пасық істеріне пайдаланады. Түрмеге жаңадан келгендерге әлгі жындыларды қарсы қойып, өліп-тірілгеніне қарамастан сабаттырады. Қазақ «саңыраудың астына түспе, жындының қолына түспе» деп бекер айтпаған ғой.

Ондай жазалаушы-науқастар біреудің өлген-тірілгеніне қарамайды, аяушылықты мүлде білмейді. Есі ауған адамның қанталаған көздерінің өзі аса үрейлі және сұмдық алып күш иесіне айналып кететінін Жарқынбек көріп, жағасын ұстады.

Жазалаушылардың ішінде ұлты қытай әйел офицерлер де бар. Сақшы қытай қатын бір қазақ келіншектің құрсағына тізерлеп отырып алып, төбе шашынан уыстап ұстап, омырауынан тоқ жүгіртілген таяқпен ұрып азаптағанын да шығар көз көрді.

Мұндай азаптауды көтере алмаған бірқатар ұйғыр әйел жынданып та кеткен. Әлгі қазақ келіншек ол қорлыққа төзіп, қатты жуасып қалса да, аман-сау жүргенін ертеңінде көрді. Бірақ, кейін талма ауруына шалдығып, жарымжан болып қалды, бейшара.

Әр сәт сайын қан-жоса болып таяқ жеп жатқан қазақтарға араша бола алмайтын шарасыздығы Жарқынбектің жанын тіпті жегідей жей түседі.

Жазықсыз жандарды осыншама қорлауды шыбын-шіркей қыру құрлы көрмейді. Жарқынбектің жайы «күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегеннің кері...

***

Қытайдың сыртқы барлау қызметіне тікелей бағынатын кеңсесі. Полковник Бай Люо қабылдауына келген Лайн Лянмен бірге өздерінің бақылауында тұрған кейбір мәселелерді жіті талқылаған соң Қазақстандағы жақтастарының жағдайына көшті.

-Кейбір блогер-жазғыштар әбден арандарын ашып, ауыздарына не келсе, сол соманы айта беретін болды. Бізге тағы да қосымша қаржы керек болып тұр – деді, қолындағы парақтарын Бай полковникке ұсынғанда, Лайн Лян жасқаншақтай қипақтап.

-Әлгі бір Ютуб арқылы жеке арна ашып алған жігіт қанша сұрап отыр? Ана жолғы телехабары үшін Сю Шү Жан генерал менің төбемді ойып жібере жаздады ғой.

-Ай сайын екі миллион төлесеңдер, Жұңго туралы даттап та, мақтап та ештеңе айтпаймын. Аузымды жабамын дейді.

-Юанмен ба? - деп, Бай Люоның сықсиған екі көзі бақырайып ашылып кетті.

-Жоға, полковник! Теңгемен ғой.

-Бер, атаңа нәлетке. Тамағына тас тығылсын!

Осы сәтте рұқсат сұрап, есіктен Байдың хатшысы кірді де:

-Полковник, сізге қауіпсіздік қызметі академиясынан хабарласып жатыр. Жарты сағаттан кейін тыңдаушыларға лекция оқуға тиіссіз ғой! - деп, ескертті де шығып кетті.

-Лайн Лян, келесі аптаның басында кел! Тапсырмалардың орындалуын баяндайсың. Әр тиынның сұрауы бар екенін ұмытпаңдар! Мейлінше, тиімді жұмсалсын! - деді де, кетуге ыңғайланды...

Академия ректорымен бірге кең залға кіргенде, сонда лық толып отырған тыңдаушы курсанттар ағаш үстінде отырған қарғалар дүр етіп бір сәтте ұшып кеткендей дыбыс шығарып, орындарынан атып тұрып, сыртқы барлау басқармасының танымал полковнигіне құрмет көрсетті.

Мінберге асықпай көтерілген Бай Люо дәрісін бастап кетті.

-Құрметті тыңдаушылар! Мен бүгін сіздерге ұлы ұстазымыз Сунь Цзыдың ұлағатты әңгімелерінен дәріс оқуды жөн көрдім.

Сунь Цзы ұстаз барлау қызметінің негізін айқындай келе тыңшыларды бірнеше топқа бөледі. Айталық, жергілікті тыңшылар немесе белгілі бір елде тұрақты тұратын адамдар. Ішкі барлаушылар немесе бәсекелестерге жалданған лауазымды тұлғалар. Өлім тыңшылары немесе төтенше жағдай туғанда жанын құрбан етуге тапсырма алған барлаушылар. Өмірлік тыңшылар немесе жау жағында жоғары лауазымдық қызмет атқаратын достары көп, бөтен адамның рөлін сомдауға қабілетті ақылды барлаушылар. Сондай-ақ, сатқын тыңшылар. Бұлардың қатарына қайтадан жалданған екі жаққа алма-кезек қызмет ете беретін барлаушылар жатқызылады.

Бұл жерде сатқын тыңшының орны біз үшін құнды саналады. Оның тапқан ақпараттарының негізінде алдын ала болжам жасауға болады. «Тыңшы» атаулының бәрі соғыс уақытында елеулі міндет атқарады. Себебі, бүкіл бір армияның қызметін қалай үйлестірудің өзі барлаумен тығыз сабақтасады. Соғыстың елге не әкелетінін білмей тұрып оны бастауға болмайды дегенді Сунь Цзы талай рет ескертіп кеткен. Сондықтан, барлау жүйесі қаншалықты кең болса, бәсекелес жақтың артықшылықтары мен осал тұстары туралы молырақ рас та, нақты ақпарат алуға мүмкіндік табады.

Сунь Цзыдың пайымдауы бойынша, жау жағы басшысының сарайында, орданың сыртында және армия қолбасшысының штабында да, барлық жерде тыңшыларымыз жүрулері керек. Әлде бір ақпарат алу, бұрын алған мәліметтердің рас-өтірігін тексеріп нақтылаудың болмашы мүмкіндігінің өзін құр жіберуге болмайды. Тыңшы дегеніміз соғыс қимылындағы көптеген күрделі істерді мейлінше жеңілдетіп береді – деп, сәл тыныстап алған полковник әңгімесін ары қарай жалғастырды:

-Барлау қызметін тиімді жүргізу үшін жау жағындағы әскери шенділердің аты-жөндері жазылған тізім жеткіліксіз. Олардың лақап есімдерін, жеке басының мінез-құлқын, балалары, туыстары, қызметшілерінің санына шейін нақты білулерің керек. Жау жағындағы ең жоғары лауазымды тұлғалардың психологиялық ерекшеліктерін жетік білудің өзі оны парамен аузын ұрып, сатып алудың ең басты кілті болады. Бірақ, жау жағы да саған қарсы өз тыңшысын жіберетінін ұмытпа! Егер қарсы жақтың тыңшысын әшкерелеп, ұстап алған болсаң, оны дереу жазалаудан бұрын өз жағыңа тартып, жауға жалған мәлімет жібертіп тұрудың жолын қарастырған абзал. Жалпы, барлау қызметін қалай ұйымдастыруды бізге өсиет еткен Сунь Цзы ұстаздың тарихи рөлі ерекше.

Тан мемлекеті тұсындағы VII және IX ғасырларда Сунь Цзы туындыларын зерттеу, оған түсініктеме жасау, жұмыстары қолға алынған. Сол кезеңде өмір сүрген ақын, әскери тарихшы Ду Му ол туралы «мейрімді, адал кейіпкердің бейнесін жаса, бірақ, қулық пен сұмдықты да шамаң жеткенше қолдан» деп ұқтырған. Ол барлау өнеріне қатысты өз тәсілдерімен Сунь Цзы қағидаларын байыта түсті. Мысалы, қарсы тараптың биік лауазым иелерін қалай сатып алу туралы жазғанда: «Жау жағының жоғары лауазымды тұлғалары арасында өте ақылды жандар көп болады. Дегенмен, олардың арасында белгілі деңгейде жаза жүктелген, лауазымы төмендетілген жандар да кездеседі. Сондай-ақ, төменгі қызметте жүргендердің арасында мәнсапқорлар мен атаққұмарлар да бар. Берілген тапсырмаларды орындауға қабілеті жетпейтін жалқаулар мен қызметіне көңілі толмай өрлеуді армандайтындар “тоқылдақ” болуға әзір тұрады. Тағы залым әрі дүниеқор, принципсіз, адамгершіліктен жұрдайлар да болады. Осындайлармен қарым-қатынас жасап, қалталарын толтырып, өз жағымызға тартуымыз керек. Содан кейін мемлекеті жайында ақпарат алып, елінің құпия жоспарын, арман-мүддесін білуге тиіспіз. Солардың арқасында элита арасына шоқ тастап, бірін біріне соғып, өзара қырқыстыруға болады.

Қолға түскен жаудың тыңшысын өз жағымызға тартуға мүмкіндігіміз баршылық. Олардың кез келгенін ақшамен, әйел затымен төсектестігі арқылы да өз жағымызға тартып, тапсырмаларымызды орындата аламыз. Жау жағынан келген тыңшыны біле тұра аңғармаған түр көрсетіп, оларға жалған мәлімет ұсынып, елден қашып шығуына мүмкіндік берілетін де тәсіл бар. Олар менің көздеген мақсатымды орындап жүргенін өздері де білмейді. Нәтижесінде, қарсы тараптың барлау жүйесі оңбай шатасады - дегенде, залда отырғандар бәрі қарқылдап күлісті.

Полковник Бай Люо да мәз болып, екі езуі жиылмай біраз тұрды да ары қарай сөзін жалғастырды:

-Ду Мудың «өмір тыңшысы» деген де термині бар. Ондай барлаушыларға қаншалықты қымбатқа түссе де қажетті мәліметті тауып алып, міндетті түрде есен-аман оралу міндеті жүктеледі. Әрине, мұндай тапсырмалар тек өте жоғары білікті барлаушыларға ғана беріледі. Ондай тыңшылар ақымақ адамның кейпіне де ене алатын ерекше ақылды жандар. Сөйте тұра өте батыл, денсаулығы темірдей мықты, төзімді, бірнеше мамандықты жетік меңгерген болып келеді.

Барлау жүйесін басқаратын адам үшін жан-жақты біліктілік қажет. Себебі, ол өз қызметкерлерінің мінез-құлқына, адалдығына, білім деңгейіне шынайы баға бере алатын болуы тиіс. Және оны барлау қызметіне пайдалана алғаны абзал. Мұны бір деп қояңдар. Ал, екіншіден, әр басшы қызметкерлеріне мейрімді, әділ болғаны жөн. Жау жағы басшыларының сеніміне кіріп, ондағы шынайы жағдайды білуге қабілетті еті тірі адамдарды іздестіруіміз керек. Біздің бүгінгі саясатымыз соғыссыз жаулауды алға қояды. Ол үшін қазіргі Орталық және Орта Азия елдерінің басқару аппараттарын ішінен бөлшектеп, ірітуді қолға алуымыз маңызды.

Осы сәтте жиналғандар арасынан бір тыңдаушы қол көтерді:

-Бір сұрақ қоюға бола ма?

-Әрине, болады.

-Олардың басқару тетіктерін қалай ірітеміз және күш қолданбай-ақ сол елдерді тәуелсіздігінен қалай айырамыз?

-Ең алдымен, үлкен басшысының қалағанын орында. Оны өз жағыңа тарт. Қаржы аямай жұмсап, сатып ал. Қыз-қырқынмен басын шыр көбелек айналдыр. Содан кейін басқарушылардың араларына от жақ. Алдап-арбап, былық-шылыққа батырып болған соң қоқаң-лоққы жасауға көш. Осылайша, ешбір әскери күш, қару-жарақ қолданбай-ақ кез келген елдің билігін қолғапша ауыстыра беруге болады және керек болса, мемлекетінің де дербестігін жойып жіберуге қол жеткізе аламыз! - деген полковниктің жауабына бәрі ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

Академияның ректоры полковникке қайта-қайта алғыс білдіре келіп:

-Құрметті полковник! Алдағы күндері де уақыт бөлсеңіз, біз сізді әрдайым қуана қарсы аламыз! - деді...

Көрнекі сурет ашық интернет көздерінен алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар