Жазушылар үйінің жаңа қадамы
Бөлісу:
Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс атқаратын Қазақстан жазушылар одағының 27 мүшесі елордадағы Қазақстан жазушылар одағының филиалында бас қосты.
Жиналысқа қатысқан ғалымдар мен жазушылар Нұр-Сұлтан қаласындағы Жазушылар үйінің жаңа ғимаратымен, филиалдың жұмыс барысымен, тыныс-тіршілігімен танысып, қаламгерлер ордасының қадамына сәттілік тіледі.
Қаламгерлер бас қосқан жиналыстың негізгі мәні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықов пен Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы арасында өзара ынтымақтаса жұмыс істеу туралы 8 баптан тұратын меморандумға қол қоюы болды.
Ерлан Бәтташұлы өз сөзінде Еуразия ұлттық университеті мен Жазушылар одағы бұрын да бірлесе жұмыс істеп келе жатқанын, бұл меморандум арадағы шығармашылық, мәдени, рухани байланысты онан ары қоюландырып, жұмысты жүйелендіре түсетінін айта келе, университет тарапынан естелік сыйлықтар мен кітаптар ұсынды.
Бұдан соң сөз алған Қаржаубай Сартқожаұлы, Тұрсын Сыдықов, Құныпия Алпысбайұлы қатарлы ғалымдар Жазушылар үйіне құтты болсын айтып, өздерінің соңғы кезде жазған ғылыми кітаптарын табыстады.
Ғалым Тұрсын Жұртбай кезінде астананы қасиеттендіру (ғылым ордасына айналдыру) үшін Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ашылғанын, ол хал-қадерінше ел руханиятына қызмет еткенін айта келіп, Елордада Жазушылар одағының жеке шаңырағы ашылуын құт пен қасиет, береке мен кие оралды деп есептейтінін, жазушысыз, жазушының абыройынсыз елдің мерейі үстем болмайтынын баса айтты. Алматыдағы Жазушылар одағының шығармашылық секциялары осында ашылып, қаламгерлер ордасы қазандай қайнап, сан-алуан пікірлер сапырылысып, әртүрлі ойлар ортаға түсіп талқыланып жатуы керектігін айта келе, ол үшін тынбай жұмыс атқарыңдар деп қасиетті шаңырақтың қадамына құт тіледі.
Жиналыстың қорытынды сөзін алған ел ағасы Мырзатай Жолдасбеков Жазушылар үйінің ашылуына атсалысқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке алғыс білдіре келе, елімізде ұлттық өнер мен ұлттық құндылықтар, сол үшін аянбай еңбек ететін жазушылар мен ғалымдар, руханият саласының қайраткерлері шеткері қалып, олардың орынын жылтыраған жұлдызқұрттар мен шуылдақ әндер, арзан әзіл-қалжыңдар басып кеткенін, мәдени өміріміздегі бұл жағымсыз үрдістің ұзаққа созылмауын, рухани һәм тарихи құндылықтар өз орнын нықтап табуы керектігіне айрықша тоқталды. Сонымен бірге Мырзатай Жолдасбеков өз өмірінде қазақтың небір асыл азаматтарымен қатар жүргенін, көбіне іні, аға, дос, сырлас болғанын, солармен бірге жүріп түскен фотосуреттері мен жазған ғылыми еңбектерін осы жазушылар ордасына сыйлайтынын жеткізді.
Еліміздің бас қаласының құтты шаңырағында бас қосқан ғалымдар мен қаламгер қауымы өзара әңгімелесіп, қауқылдаса сыр ақтарысып, бұдан былай жазушылар үйіне жиі-жиі ат басын бұрып тұратынын айтып, рухани көкжиегіміз кеңейе берсін деген ізгі тілекпен тарқасып жатты.
Еркін отырып, емен-жарқын ақтарылғын әңгіменің сіргежияр тұсында қонақ иесі, осы кештің ұйтқысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы барша қауымға шын көңілмен рақмет айтып, шығармашылық үйінің іргесін бірге бекітіп, керегесін бірлесе кеңейтуге шақырды.
Ұмтыл Зарыққан
фотосуреттер "Әдебиет порталының" меншігінде
Бөлісу: