Қабидаш Қалиасқарұлы: Мәліктей жақсы жан қайда...
Бөлісу:
2020 жылдың 11 қаңтары күні филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлы пәниден бақиға озды. Бүкіл саналы ғұмырын білім беру, ғылым жолына арнаған ұстаз-ғалымның негізгі ғылыми бағыты қазақ фольклоры болды.
Қабидаш Қалиасқарұлы – Абай атындағы ҚазМПИ-дің (қазіргі ҚазМПУ) түлегі. Аталған білім ордасында бес жыл оқып бітірген соң, Баян-Өлгейге оралып, білім беру қызметін атқара жүріп, фольклор жинау ісін қызу жүргізеді. Академик, жазушы, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің қолдауымен және жетекшілігімен 1973 жылы филология ғылымдарының кандидаты атағын қорғайды.
Көзі тірісінде Қабидаш Қалиасқарұлына арнайы сәлем бере барып, қазақтың біртуар азаматы Мәлік Ғабдуллиннің адами ақжарқын бейнесін айшықтарлық сұхбат өрбіткен едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
- Армысыз, аға. Біз сонау Көкшетаудан өзіңізбен дидарласып, сұхбаттасу үшін арнайы келіп отырмыз. Алдағы жылы ұстазыңыз Мәлік Ғабдуллиннің ғасырлық тойы келе жатыр. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – академиктің алдынан сабақ алып, тәлімін көрген төл шәкріттерімен жүздесіп, ұстазы жайлы естеліктерін жинақтау еді. Сұхбат арнасын осы бағытта өрбітсек деп едік.
- Бар бол, балам. Иә, қош келдіңдер. Мәлік аға туралы қалай айтса да сыятын адам ғой. Ондай алды кең, көңілі дархан адам қайда! Өзі батыр, өзі ғалым, жоғары оқу орнының басшысы, академик, депутат – атағынан ат үркетін қол жетпес тұлға болғанымен, үлкен-кішіні бірдей көретін, мінезі жібектей есілген қарапайым жан еді ғой. Мәкең туралы не айтамын? Айтарым көп, әрине.
- Ең әуелі өзіңіздің өмір жолыңыздан қысқаша баяндап, Алматыға оқуға аттанған кезге дейін шолып өтсек дұрыс болатын сияқты. Өзіңіз туып-өскен Монғолиядағы қазақтардың ана тілінде білім алу мүмкіндігі қалай еді деген сұрақ та біз үшін қызықты...
- Мен 1938 жылы өмірге келдім. Әкемді осы тұста халық жауы ретінде ұстап кеткен екен. Қайта оралмапты. Анам мен әпкемнің, 1924-жылғы ағам Нығметтің арқасында, жетімдікті көре жүріп жетілдік, білімге құштар болдық. Монғолия еліне еш өкпеміз жоқ. Монғолия – Совет Одағынан кейін коммунистік жүйені қабылдаған екінші мемлекет қой. Екі елдің достық-ынтымақтастығы зор болуы – ондағы аз қазақ біздерге де шарапатын тигізгені анық.
Суретте: профессор Қабидаш Қалиасқарұлы
Айта кетерлігі, 1940 жылдардың ақырынан бастап, Монғолияда халықтың сауатын ашу науқаны қыр-ой, қала-дала демей аса пәрменді жүрілгенін кейін білдік. Мұндағы қазақ халқының сауаттануына Монғолия үкіметі ұлттық ерекшелікті ескере отырып қарады. Қазақ аймағында қазақ бастауыш мектептерінің әр ауданда (сұмында) ашу, аймақ орталығында жеті, он жылдық мектепті болу істері қарқын алып, «еңбекшілердің сауат ашу» науқаны үйірмелер түрінде қала мен ауылда жаппай қолға алынды. Астана Уланбатырда ел радиосының қазақша бөлімшесі баспада қазақша әліппе, ықшам оқу құралдарын басып шығару ісі басталады. Осындай сауат ашу үйірмесіне тартылған шешем, әпкем «Әліппе» атты кішкене кітапша әкелді. Хат танымайтын менің кітапты қызықтап жармаса бергенімді көрген әпкем оның сөз, сөйлем өлеңдерін әуелі ежіктеп, кейін еркін оқып, суреттері туралы мұғалімдерден естіп, ұққанын әңгімелеп беріп отырды. Мұндағы екі жігіттің суретін: «Бұл Кәрмениені жеңген Мәлік, Төлеген деген батыр қазақтар екен», - деп таныстырды. Мен Мәкеңнің атын осылай алғаш естідім.
Суретте: Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин
Кәрмениесін ұқпасам да ол суреттерге сүйсіне қарап, сипалайтынмын. Бұл менің әйгілі екі батырды, олар арқылы Қазақстан деген үлкен ауылымыз барын тануымның «әліппесі» болды. Отыздай жылдан соң аймақтың кітап қоймасындағы Совет Одағына жіберілетін тастанды кітап үйіндісін ақтарғанымда осы «Әліппені» тауып алдым. 1948 жылы басылған, қалыңдығы бір елідей бұл «қойын кітәп» аталатын оқу құралын өкімет тапсырмасымен Қашыбай Сәдуұлы дейтін алғашқы жаңаша сауатты кадр жазған екен.
Өмірдің ащысы мен тұщысын жастай қатар тата жүріп 1958 жылы Өлгейдегі қазақ орта мектебін бітірдім. Сәтіне салғанда, 1956-жылдан бастап Монғолиядағы қазақтар үшін Қазақстанның оқу орындарында кадрлар дайындау мәселесі шешімін тауып, осының арқасында мен, бірнеше қатарластарыммен бірге Алматыға жолдама алдым.
- Қаншалықты дос ел, бір коммунистік жүйе дегенмен, Совет Одағы шекарасынан аттау – ол заманда әр қазақтың басына бұйыра бермеген бақыт қой. Ұзақ жол жүріп, Қазақстанның шекарасынан өтіп, ел астанасы Алматыға алғаш келгенде қандай сезімде болдыңыз?
- Қазіргідей Қазақстанның шекарасы, кедені дейтіндей бөгет жоқ, бір советтің даласы ғой. Қазақ жеріне қалай кіріп келгенімізді білмей де қалыппыз. Дегенмен, бір қуаныш көкіректі кернейді. Монғолиядан Алматыға темір жолмен апта жүріп жеттік. Бірінші Алматыдан түскен бізге қала шытырман бір алып болып көрінді. Қайшыласқан адам. КазПИ-ге қалай барарымызды білмеген біз, жөн сұрайық десек, орысша сұрауға дәтіміз бармай тұр. Жолдастарым мені: «Орысша көп білесің. Бар сұра!», - деп итермелей бастады. Вокзал маңында олай-бұлай сапырылысқан жұрттың көбі көзі шегір, өңі сары жігіттер. Оларға таяп: «Іздірәсти» десем, бәрі түріме секемдене қарап өте береді. «Орысша білгірлігім» жүрмей қара көз, қоңырқай түстес өз ағайынымыз жолыға ма деп алақ-жұлақ етіп тұр едім, еңселі, ересек біреу қасымнан ерекше қарап өте берген еді. Жалт бұрылды да.
– Қайдан келген баласыңдар?! – деп қасыма келді.
– Ойбай, ағатай-ай қазақ екенсіз ғой. Монғолиядан, Уланбатырдан! – деп қуанғанымнан сасқалақтап қақалып-шашалып айта бастап едім.
– Оқуға келдіңдер ғой, қайда оқымақ едіңдер? – деді.
– КазПИ-ге келдік, Абай атындағы КазПИ-ге деймін. Менің асып-сасқан түрімнен, олпы-солпы киіміме қарап ауылдан екенімізді біліп, жөн таба алмай тұрғанымызды сезіп бұрылыпты.
– Кәне, жүр бері. Мен ертіп барайын! – деп қолымнан ұстап жетелей жөнелді. Дедектеген мен:
– Ағатай, әне жерде жолдастарым тұр еді, – дедім.
– Жүр, бәрің де еріңдер маған, – деп тобымызды ертіп келіп, темір жолды тарсылдата тоқтаған қос боғанды «пойызға» әкеліп міңгізді. Оның кітаптан көрген трамвай екенін біліп тұрмыз... Көшені басына көшіріп, салдыр-сұлдыр еткен қос қорабымыз біраз жүріп, аяғымыз талған кезде ағамыз:
– Қане түсіңдер, келдік, – деді. Құрғыр қап-сабымызды сүйретіп, елді үркіте жүріп түсіп қалдық. Ағай да түсіп:
– Міне, мыналар жатақханалар. Ауласына барған соң өздеріңдей балалардан жөн сұраңдар. Мұнда студенттер көп. Мұғалімдер де тұрады. Ал мен кеттім, айналайындар. Сау болыңдар, – деп бұрыла берді.
– Ағай, көп рахмет сізге , – десіп қала бердік.
– Ағай, ағай құрт алыңызшы! – деп қайырымдылығына қуанған Күлияш сөмкесіне қол салып еді, жымия қараған ағамыз:
– Керек емес, балалар, өздеріңе қажет болып қалар! – деп кете барды. Қасиетті қазақтың жеріне елеңдей қарап алғаш аяқ басқан бізге алғашқы қазақи бауырмалдық көрсеткен ол Ағайымыздың бауырмал бейнесі әлі есімде. Аты-жөнін де сұрай алмаппыз ғой, абыржып жүріп.
Суретте: Өткен ғасырдың 50-жылдарындағы ҚазПИ-дің оқу ғимараты
- Сонымен алыстан өгдеп аңсаған КазПИ-ге де келіп жеттіңіздер. Институт директоры Мәлік Ғабдуллинге қалай жолыққан едіңіздер? Ректор деген лауазым ол тұста директор атауымен жүрген заман ғой.
- Иә. Әлгі ағамыз кеткен соң «жетімдік» қайта басқа келіп, қайда, кімге барарымызды білмей, үш қабатты екі «дәу үйдің» ортасында үйіріліп, үрпиісіп тұрып қалдық. Тағы да серіктерім:
– Әй, сен бар директрге. Мәкең туралы өзің көп айтушы едің ғой. Ол кісіден басқа бұл елде танысымыз жоқ, – деді.
– Елден келіп І-V курста оқитын аға-апайлардың бәрі елде студенттік демалыста. Күзде бірақ келеді.
– Барсам, барайын, – дедім тарыққан мен. Ішіміздегі арпа ішіндегі бір бидайымыз Күлияш қытқуырлап:
– Қане, Қабеке бар енді, Мәкеңе! – дейді бұйырып.
– Сен де жүрші, – деймін жалынышпен, жалғыз бара алмай.
– Бар, бар! Сен орысша білесің ғой, – дейді. Ал менің екі-үш сөзден аспайтын орысшам кімге жетеді.! Біздің бір ағамыз 1930 жылдары совет-монғолдың кеденінде орыс саудасына жиналған ауыл қазағына «орысша білемін» деп мақтанып, жалғыз «а патом» деген сөзімен тілмаш болып, ақыры орыс ұқпай, шулаған елге: «Өзі жалғыз а патомды қайсыңа жеткізем, шуламай кетіңдер!» - деп құтылған екен. Менікі де соның кебі, енді.
Ал «Мәкеңді қалай табам» деймін үрпиіп. Далада қалатын емес, тағы бір-екі қазақсүрей баладан: «Директор қай жерде отырады? – деп ем, олар одырая қарасып кете барды. Ызам түскен мен келесі бір сары қызға тебіте келіп: «Директір гиде, директир?» – дедім. Ол:
– Вам директир надо? – дегендей болған соң.
– Ия, ия, директір, Мәлік Ғабдуллин! – деп ем, жымия күліп: «Жүр маған ер!» дегендей болғанын сезіп, ілесе жөнелдім. Келесі тар көшеден өтіп екі қабат тамға келіп кірдік. Қара көлеңкеде сығылысқан жастарға бірдеме деп әлгі қыз мені бір есікке енгізіп, кете барды. Мұнда да сығылысып иін тіріскен жастар. Бәрі орыс, ұлынан қызы көп. Келесі бір есікке тіресіп, ду-ду етісіп тұр. Олардың сөздерінен бұл есіктің ар жағында алыстан іздеп келген Мәлік ағам бар сияқты сездім. Иектеп, иықтап ілгерілеп ем, сірескен көп қыз ытырына қарасты. Өткізбесін сезіп, әбден абыржи бастаған кезде есік жарқ ете ашылып, іштен ұзын бойлы, өңі жып-жылы, аққұба кісі бері шыға берді. Айналамдағылар «Мәлік Ғабдуллаевичтап» шулап кетті. Іздеген Мәкеңім осы кісі екенін бірден аңғардым. Шулаған қыздарға орысша, қазақша жеделдете айтқан сөзінен тығыз шаруаға баратынын, қайтып келетінін ұққандаймын. Қазір жармаспасам қайтып келгенше күніміз не болады деп сасқан мен де жандәрмен қасымнан өте берген бұл кісінің сол жақ жеңіне ептеп барып жабыса бере:
– Аға, аға, Мәке, – деп сөзіме сүрініп безілдей қалдым. Менің үрейлі кеспірім мен киім киісімнен алыс елден келгенімді біле қойды-ау деймін, Мәкең жылышұрап:
– Ия, ия айналайын, не, не, айтпақ едің? –деді.
– Аға, мен, біз Мұңғылдан келіп едік... бүгін...және..., – деп, асыға-аптыға түсіндірген болып жатырмын, сөзіме шашалып.
– А, ия, ия, 1-курсқа келдіңдер ме? – деді. «Иә, ағай, иә!» - деп жан ұшыра құптаған мені: – Жүр! - деп оң қолымнан қыса ұстаған бойы, топ жара кері ұмтылды. Жастар қақ жарылып жол берісті. Мені дедектете жетелеп, бірер есіктен кейінгі бір бөлмеге әкелді де:
– Ұлықпан қайда? – деді.
– Мен мұндамын, аға, – деп орта бойлы біздіңше қала жігіт жетіп келді.
– Міне, бауырларың келді. Как обычно өзің орналастыр! – деп маған қарады да:
– Бұл ағаларың жатақханаға орналыстырады. Не мұқтаждарың бар, соның бәрін жасайды. Қысылмай бәрін айта беріңдер. Ал жақсы, айналайын, – деп әлгі кісіге әбден сенетін болу керек, бізді өзімсіне тапсырып кете барды. Ол кезде оңды-солды, қажетті-қажетсіз болса да сілтей беретін «рахметке» үйренбеген біз енді әлгі ағама жармасып жатырмын. Мәкең оған кетерінде менен оңашалау шығарып бірдемелер тапсырған-ды.
– Жүр, қалқам, ере бер, маған. Енді саспа Құнафияны білесің бе? – дейді маған. Оның іштарта сөйлегеніне, әрі жерлесім туыстығы бар Құнаш ағамды сұрағанына қуанып кеткен мен:
– Құнафия аға... Иә, білем, білем, туысым ғой, – деп жатырмын.
– Ендеше ол менің дос жігітім, – деді, – жолдастарың бар ма? – деп сұрады. Қуанған мен:
– Жолдастарым бар, анда тұр, – деп бұл ағайды енді қолынан ұстап өзім жетелей жөнелдім. Күле, жүгіре сөйлескен біз балаларға келдік. Оны көрген жолдастарым «Мәкең осы ма?» дегендей оған олқысына, маған осқырына қарады. Мен:
– Мына кісі Құнафия ағамыздың досы, өзі мұғаліміміз екен. Мәкең осы Ұлықпан ағайға бізді тапсырып берді, – деп лекітіп-ақ жатырмын. Олар да қуанысып жатыр. Осылайша, Мәлік ағаны бірінші рет көруіміз еді.
- Алтайдың алыс қиырындағы ауылдан шығып, Алатаудың етегіндегі Алматыдай үлкен қалаға топ ете түскен қыр баласының басынан өткен қилы-қилы қызықтар да мол болар?
– Ондай жағдай көп болды ғой, қайсыбірін айтайын. Қош, сонымен орналасып жатырмыз. Ұлықпан ағамыз бухгалтерге ертіп барып:
- Осы арадан ақша аласыңдар. Бір айлық стипендияларың, соны алып бөлмелеріңе барып демалыңдар. Баняға барып, тазаланып, серігіп алыңдар. Кешке келемін, қорықпаңдар, – деп кете барды. Қолымызға тиген, елдегі үйіміздің туырлығындай жалпақ та ұп-ұзын ақшаны тамашалай қарасып бөлмеге келдік. Жүз, елулік теңгелердің бір басы сөз бен жазудан бос, ақ қағаз екен. Біраздан соң Кебек дейтін серігіміз:
– Ойбай, мынаң қараңдар, мына ақ жерде Лениннің басы жасырылыпты! – деді. Бәріміз көріп, тамашалап жатырмыз. Кісі басы жарым мыңнан ақша алдық. Өзі етектей үлкен, мол ақша енді мәңгі таусылмайтындай көрінеді. Уланбатырда қысы-жазғы киімді қос қабаттап алып беріп, басшы монғол ағай пойызға әкеп отырғызған-ды. Әркімге он рубль берілген. Сондықтан бұрын он, жиырмадан артық ақша ұстамаған басымыз, бұл ақшаның құнына мән беріп тұрғанымыз жоқ. Дереу төртеуіміз де дүкенге барайық деп шештік. Адасып кетпес үшін қол ұстасып алдық. Әр өткен көшеден бір нәрсені белгі етіп, қаланы, оның әсіресе жасыл желек ағашын тамашалап магазиндеріне де бардық. Бәріміз 250-300 сомға бір-бір қолсағат таңдап алдық. Бұл өмірдегі алғашқы табысымыз, «олжамыз» ғой. Қуанышымызда шек жоқ. Бөлмеге келіп, шірене жатып кеттік. Екі күн көсілте ас ішкен біз мол ақшаға толы қалтамыздың тесіліп емес-ау «жыртылып» қалғанын бірақ білдік. Кешкі ассыз аш қалған біз Ұлықпан ағайды тықырши күтіп, таң атқыздық. Ол кісі біздің хикаямызды естіп, күліп алды да, директор Мәкеңе ертіп әкелді. Мәкең ұзын үстелдің қарсы бетіне келіп, жылы жүзбен ақыл айтты. Ұққанымыз біздің жайымызды, ауылдағы ата-аналарымызды сұрады. Алған 500 сомымыз бір айлық стипендиямыз екен. «Екі-ақ күнде оны жоқ етіпсіңдер»,– деді.Ұлықпан ағайдан бәріміздің қол сағат сатып алғанымызды естіп күліп алды да:
– Сабақтан кешікпеудің қамын ойлаған ғой, – деп күлді. Бізге стипендияны Монғолия өзі төлейді екен. Ай сайын соны алып, ас-суға ғана жұмсауға тиіс екенбіз. Ал енді бір айдай аш жүру керек шығармыз. Сонда Мәкең:
– Елдерің алыс. Ақша, азық-түлік т.б көмек сендерге келмейді. Шекара тәртібі қиын. Ақшаларыңды ақылмен ұстаңдар. Қазір ағаларына еріңдер. Мен өз мүмкіндігімізге қарай көмек етемін, – деді. Қайраң жайсаң Мәкең-ай! Көп жайды кейін бірте-бірте ұғып, тезірек ысылуға тырыстық. Ағамызға еріп барып, анадағы тесіктен кісі басы екі жүзден теңге алдық. Бөлмеге келіп, ақылдаса, ақтарыла отырып «колхоз» құрайық, ақшаны біреуіміз ғана ұстайық дестік. Күлияш қу, тілге «жүйрік», пысықтай ғой. «Мына көк ми ұстасын», – деп мені сілтеді. Менің «ойбайыма» қарамай бәрі Мәкең берген ақшаны менің алдыма тастады.
– Әй, өзің де қос! – деп қу қыз тықақтап жатыр. Оны там-тұмдап тауысып, енді Мәкеңе барар бет жоқ. Тағы қиналған бізді Күлияш құтқарды. Біздің ұсақ-кесек киім-кешегіміздің бәрін кетерде үкімет салып берген. Аса сапалы жергілікті және Қытайдың, Советтің экспорттық заттары бұл арада қымбат саналады екен. Соны Күлияш қыз бала емес пе ауладағы бір қазақ тәтейге танысып, жайын айтады. Тәтей: «Сататын заттарың бар ма?»,– дейді. Осылайша «саудагер» Күлияшымыз елден ағаларымыз келіп, өзіміз сегізінші айдың стипендиясын алып «байығанымызша» жан сақтатты.
- Расымен де қызықты оқиғалар екен. Директордың қамқорлығы мен Күлияш апайдың пысықтығының арқасында бір «жан сақтаған» екенсіздер. Сіздердің барған уақыттарыңыз күзгі жиын-терін кезі болып отыр ғой сонда?
- Дәл солай. Жергілікті курстастарымызбен Октябрь мерекесіне дейін таныса алмадық. Әуелі «1-Май» совхозына, одан келе сала Мақтаарал деген жерге жұмысқа кетті. Жерлес серіктеріме: «Біз де барайық», - деп жетекші мұғалімдерге барып едім, Мәкеңнің келісімінсіз бізді ала алмайтындарын айтты. «Өз ағамыз» деп атай бастаған Мәкең ағаға тарттым. Мәкең сонда бізге былай деді:
– Жоқ болмайды, айналайындар! Мақтаарал аса ыстық, суы тапшы жер. Барғандардың дереу іші ауырады!
– Бірге оқитын жолдастардан жанымыз артық па. Жіберіңізші ағай. Біз одан да табиғаты қатал жақтанбыз ғой. Оны өзіңіз де білесіз, – деймін жалынып.
– Болмайды. Сіздерді өз қазағымыз дегенімізбен, шындығында біздің ел (Совет Одағын айтам) үшін сіздер шетелдің адамысыздар. Ауыртып алсақ, немесе нендей бір жағдайда бізден жауап сұрайды! - деп кесіп айтқандай болды. Тағы басқадай бас тартарлық көп жайды қысқаша ұғындырды.
– Олар келгенше Алматымен әбден танысып алыңдар. Керекті оқу-құрал т.б жабдықтар алыңдар, – деді.
– Жарайды, ағай,-деп қайтуға тура келді.
Келесі жылы 4-курстық бір ағамыз ешкімге айтпай жолдастарымен келісіп, тың көтеріп жатқан жаққа жазғы каникулдың үш айында елге де бармастан жұмыс істеп келді. Бәріміз қуанып, әрі өзіміз бармағанымызға өкініп жатырмыз. Келесі жылдан бастап монғолиялық біздерді жаратылыстану (ЕГФ) факультетінің балаларымен бірге Кавказ елдерін аралап Мәскеу, Ленинградқа барып келу тиімді екенін айтып түбегейлі рұқсатталды. Ел-жер көруге құштар біраз естияр жерлес ағаларымыз барып жүрді. Ал біздер ел-жерді, ата-ана, бауырларымызды сағынып, елге барып келе бастадық. Өйткені ол кезде екі жылда бір рет қана елге барып, үкіметтің беретін киім-кешек т.б қаржы көмегін алуға елшіліктен рұқсат виза мен жол расходын келтіретін. Аңсаған сабағымыз да қыс түсе басталды-ау. Шіркін сондағы алабұртқан көңіл қуанышы-ай деген. Бірге оқитын жолдастарымызбен көрісіп; танысып жатырмыз. Көбі бізге әуелде тосырқай қарасқан. Жігіттер үзілісте қасымызға келіп; батылдау біреуі:
– Өздерің қазақша білесіңдер ме; қалай оқисыңдар ей? – дейді. Олардың сұрауына іштей ренжіп қалған мен:
– Кім білсін, сіздерден үйреніп алып, оқи жатармыз; – дедім көзіне тесірейе қарап.
– Кет-ей, мынауың қазақ қой! – деп ол айқайлап жатыр артындағыларға. Қушыкештеу біреуі:
– Ей, бұл қу маңғұлдар біз жұмысқа кеткен үш-төрт айда тілімізді үйреніп алған ғой, – дейді. Аңқаулау біреуі:
– Е саған, қазақ қой, қане шылымдарың бар ма? – деп дау айтып жатыр.
Осылай қырықтай ағайынмен, тұстас азаматпен алғашқы табысуымыздың қуанышты да қызықты сәті, күні бүгін сол жадыраған Алматы күнімен нұрланып әлі күнге көкірегімізде сақтаулы жүр. Шылыммен басталған достығымыз Алатаудың шыңына жеткізгендей сәттер еді ғой, сол бір есіл күндер, жылдар! Келесі бір үзілістің қоңырауынан соң кинодан көретін үстел-орындықтары төбеге дейін өріле созылған екінші қабаттағы аудиторияға кіріп жатырмыз. Қазақ, орыс, ұйғыр тобының барлығы келіп, бәріміз сыйысып отырып болдық. Осы сәт сол жақ босағадағы өзіміз кірген есіктен жедел басып қоңырша кәстөмді, ұзын бойлы келесі оқытушымыз кіріп келеді. Студенттер өзара күбірлесе-дуылдасып кетті. Сәлем алған оқытушым орындықтарды күркірете-дүрілдете отырған соң, кім бұл, не үйретеді деген әуестікпен қарай қалдым. Астапыралла! Өзіміздің Мәкең жымия күліп тұр.
– Қазақ халқының ауыз әдебиеті деген пәнді үйретемін, – деп ұстаздық танысу кіріспе сөз айтты да.
– Айтқанымды жазып аласыңдар ма, жоқ әлде лекциялап айта берейін бе? – деді.
– Жазайық ағай, жазайық! – деп зал гу ете қалды.
– Балалар, менің бұл пәніме сай еңбегім сіздерге арналған оқулық болып басылып шықты. Кітап магазиндеріңе түседі. Соны оқулық т.б әдебиетпен көбейтіп оқысаңыздар білімді боласыздар! – деп жатыр. Жасы егделеу, орта бойлы, толық денелі бір студент алдыңғы қатардан түрегеліп, ол кісіні овыш-повышымен атап алып:
– Ағай кітапты да аламыз. Бірақ сіздің оқыған лекцияңызды да жазайық. Сонда ұғынықты болады, – деді. Тілі мүкістеу, сәл шүлдірі бар жігітті бәріміз қолдап:
– Жазайық аға, – дестік. Балалар, айналайындар, мен сіз ұғатындай етіп баяу айтамын. Ал сіздер «өзіме керек-ау» деген жерін белгілеп алып отырыңыздар. Түсінбеген жерлеріңіз болса қайталап айтып беремін, – деді. Әрі лекцияны конспектілеу тәсілдері туралы қызықты әдіс-тәсілдерін айтты. Кейін бұл ақылға құлай жығылған өз басым орыс мұғалімдерінің лекцияларынан да бір сөз қалдырмай жазып алуға төселдім. Басында қолым талып, басым зеңгігенге дейін 8-10 бет лекция жазатынмын. Бес жылғы конспектімді сақтап елге әкеткен менің Веселовская деген апамыз оқыған «Зарубежная литература» пәнінен жазған беті қалың, қоңыр дәптерім күні-бүгін үйімде кітапханамда тұр. Шетел әдебиетіне қатысты кез келген сұрауыма жауапты сол дәптерден табамын.
Мәкеңнің қазақ ауыз әдебиетінен оқыған лекцияларын қызыға тыңдадық. Өйткені оның ертегілерден басқа тұрмыс-салт өлеңдерінің ұсақ әрі алуан түрлерін біз жасымыздан ауылдас аға-жеңге, аға-апаларымыздан әр кез еститінбіз. Ал сол «өзіміздің өлең-жырларымызды ғылыми түрде мән-мағынасын саралап, білім көзі ретінде үйретуді бізді бір бейтаныс сезімге бөлеп қызыға түстік. Ол сезім өлеңді өзіңе танытып, «біз де осал жандар емес екенбіз ғой» деген ұлттық сезім, түйсік әйгілі данагөй ағаларымыздың бірі Қажым Жұмалиев оқыған лекцияларда тіптеп тереңдей берді.Ол кісі Абайдың әр өлеңін ойлана тебіреніп жатқа айтуы, ал Махамбет жырларын жыр мазмұнына сай жігерлене айтатын. Бұл екі ақынның көп өлеңін бала күнімнен жаттап өскен мен енді ғана сол алып ақындарымыздың өзін көріп, сөзін естігендей болатынмын. Қазақи мақтанышымыз арта түскен еді-ау, сол бір күндер мен жылдарда! Кейін сол сезім меңіреу түкпірде құрып кетуге айналған аз қазақтың қасиетті мұрасы ауыз әдебиетін елу жылдай ерінбей жинап, көп асылын сақтап, саралап, он-жиырмадай ғылыми-біліми зерттеулерімді жазуға үлгі, өнеге болды.
Мәкең алғашқы курстан кейін лекция сабақ берген жоқ. Совет Одағы Хрущевтің құйқылжыған заманына, Қонаев ағамыздың биіктен түсіп, Юсупов деген басшының келген дәуірі ғой. Осылай білім алып, қызық-думанмен жүргенде, көзді ашып-жұмғанша бес жыл мерзім де өте шығыпты.
- Бес жылдық оқу мерзімі аяқталып, туған жерге жол тарттыңыздар. Баян-Өлгейге келген соң, әрине, білім беру ісіне атсалысқандарыңыз анық қой. Ғылыммен шұғылдануға мүмкіндік бар ма еді?
- Әрине, уақыт таба білдім. Өз басым Монғолиядағы туған жерімізге оралып еңбекке араласқан алғашқы он жылда күндіз күлкіден, түн ұйқыдан безініп, «Социализмді дереу құрып, Совет еліне сенімді серік бола береміз!» - деген ұранымен азып-тоза жүріп, елдің мәдени мұрасын жиып, зерделеу, «озығы» дегенін елге халықтың өзіне ұсынып еңсесін көтеру, «тозығы» дегенін тастамай, тықпыштап жүріп, үш кітап жаздым.
Бұл кез – 1960-70 жылдар ғой, қазақтың асылдары 1938-дің нәубетіне кетіп, кетпегені халық мұрасын көкірегінде жаттай тоқып, хат танып үлгергені жазбаша сақтап қалғандар мол кез еді. Бірақ ашыққа шығаруға қорқатын. Зұлматтан кейін 30-40 жыл өткенде жазылып қалған дәптерлер мен халықтың мұра өлең-жырды есте сақтағандар да күрт азайып кеткен еді. Сондықтан енді бәрі кеш болатынын түсініп, 5-10 кластық шәкірттеріме тоқсандық, жаздық тапсырмаға берумен болдым. Баласы, ия немересі мұғалімім тапсырған еді деп қиылғанда олардан несін аясын, есіл халық. Әртүрлі үзік-үзік үлгілер тау-төбе боп келіп жатты. Оларды реттеп, балаға лайығы дегендерін таңдап әдебиет сабағында өзі әкелген дүниесін өзіне оқытып, талдатып салыстыратынмын. Соған сай «төрт пен бес» деген бағасын алған балалар әдебиет сабағын әр сағат сайын аңсай күтетін.
- Осылайша фольклор үлгілерін жинақтап алдыңыз. Мұны жергілікті билік өкілдері, ел зиялылары қалай қабылдады? Кедергі немесе қолдау-көмек болды ма?
- Менің қоғамдық, үкіметтік міндеттерімді де, өз талғам-талабыммен тындырсам деген қосымша мұндай істерімді әуелі бітіріп алмай тұрып, «сондай іс істеп жатырмын» деп әсте алдын ала айтпайтын әдетім болатын. Қолыма келіп үйіме тау-төбе болып үйілген дәптерімді әуелі фольклорлық жанры, түр-тұлғасына, тегіне әрі араб, орыс әрпімен хатталған жазу түріне қарай реттеп, тақырып, мазмұнына таңдау, талдауға 3-4 жылым кетті. 5 жыл Алматыда алған біліміме сүйеніп жазылған бұл еңбегімді «Баян-Өлгий қазақтарының ауыз әдебиеті» деп атадым. Алматыдан және ел ішінен жоғары мектеп тәмамдаған замандастар көбейген кез. Соларға, олар еңбек еткен мектептер мен мәдениет мекемелеріне зерттеуімді таныстырып, талқылатып, барлығының қызу қолдауына ие болдым. Өйткені, ауыз әдебиетінің мұраларын жатқа білетіндер мен жазбаларды ашық, жабық сақтаушылар қызыға да құптай қолдады. Әуелде қорғаншақтай бастаған ісім енді барша жұрттың қолдау, қолпаштауына ілінді. Аймақтық партия, үкімет қызметіндегі ағаларымыз да қанына тартып, шын ниетпен құптасты.
Жұрттың тілек, ұсыныстарымен, келесі кітаптарымды әзірлеуге кірістім. Айналайын қара қазағым: «Қазақстандай арқа сүйер асқар тауымыз бар, соларға барып, еңбегіңді таныстыр, еңбек қорға », – деп мазалай берді.
Әуелі ел қолдаған алғашқы зерттеуімді бастырып алу бас арман болды. Оның жолы да шыт-шытырман еді. Жұрт пікірі айқын болды. Еңбек көлемі он-он бес баспа табағындай еді. Мұндай әдеби-ғылыми көлемді еңбек аймағымызда алғаш басылғалы тұр. Оның үстіне қолжазбамен теріледі. Аймақтық баспаханамыздың өзі 1940 жылы құрылды. 1950 жылдары Алматыдан арнайы әкелінген қол еңбегіне лайықты баспахана аппараттарымен апталық жалғыз газетіміз бен ай сайын «Үгітші» журналы және маусымдық әдеби «Шұғыла» басылатын. Халқымыздың ұмыт болып, өшуге айналған асылы туралы кітапты қолжазбадан-ақ теріп басуға, баспаханадағы басшы-қосшы аға-апайларымыз дүрліге ұмтылды. Партиялық, үкіметтік жоғарғы, төменгі мекемелерден рұқсат жолдамалар алынды да, кітап басуға жолдама алды.
Міне, осы кезде ғана ел қолдауына қанаттанған мен 1968 жылдың ақырын ала Алматыдағы ұстаздарыма хат жазуға батылым барды. Әуелі Қажекеңе (Қ.Жұмалиев), іле Мәкеңе (Мәлік Ғабдуллинге) жазылды. Қажекеңнің кешікпей ұзақ науқастан соң бақилық болғанын баспасөзден хабардар болып, Алматыдан оқығандар бәріміз бірге қайғырыстық.
- Ол заман – хат-хабар дегендердің өзі қазіргідей көзді ашып-жұмғанша емес, апталап, айлап жететін кез ғой. Жазған хаттарыңызға жауап күтумен болған шығарсыз...
- Осылайша қамығып жүргенде, көктем құсындай көңілімізге нұр төгіп 1969-жылдың ақпанында Мәкеңнен хат жетті. Мен не бітіргенімді әдетімше тәптештемей, жинаған мұраларға сай талап-тілек, үмітімді қалай іске асырсам деп ақыл сұрағанмын. Менің Қазақстандық ғалым ағалардың өз аттарына тура жазған хаттарыма хабар болмаған соң, Қазақ ССР Мәдениет министрі М.Базарбаевтың өзі де әдебиетші ғалым екенін естіп, хатты сол кісіге жібергенмін. Оның себебі «ұлы досымыз» СССР елінде жеке адамдардан хат-хабар алуына тыйым салатынын білетінмін. Ал Мәкең, Қажекеңдер әйгілі ғалымдар болса да бақылаушы органдар арқылы барар деп ойлағанмын. Құдай соңғы талпынысыма сәтін салып хатым ресми жолмен барған соң Мәкеңе жетіпті.
Қайран, жайсаң жанды Мәкең-ай, қиыр шетелдегі маған туған бауырындай, кімді болса да ет-бауырын елжіретерлік нағыз кең пейіл, ақ жүрек қазақ ағаларымызға тән қамқор көңілімен хат жолдапты. Хатын «Қымбатты інім, бауырым Қабидаш!»,– деп бастапты. Хатты қалай алғанын айта келіп, өзінің КазПИ директорынан кейінгі жұмыс-тұрмысы жайлыежелгі таныс, туысына жазғандай қарапайым хабарын тәптіштей хабарлапты. Соның өзінен Мәкеңнің өзін өзгелерден биік тұлғалап тұрған қарапайым, ақкөңіл, кіршіксіз таза жанды бейнесін көргендей болдым. «Енді хатыңда жазған мәселеге келейік», – дей келіп, МХР дағы қазақ ағайындарының ауыз әдебиетін жинап, зерттеудегі талабымды құптап, – Біз бұл әдебиетті жетік білмейтіндігімізді сен толтырып берсең, «нұр үстіне нұр» дер едік, аса көп алғысымызды айтар едік, – депті.
Зерттеуіме толық кеңесін ұсына келіп, хат соңында арап-қазақ жазуымен менің онда барып (ҚазССР-ге) жүзбе-жүз дидарласып, әзір болған еңбектерім негізінде қорғауға болатыны жайлы МХР Ғылым академиясына ресми шақыру алғым келетініне: «Шақыру жіберу оңай дүние. Саған мұнда келуге МХР-ға рұқсат та берер, біраз жұмысты өз еліңде орындап шық. Жазатындарыңды еңсеріп таста...», – депті. Монографиям баспаға кірген соң ғана Қажағаң мен Мәкеңе хат жазып екінші, үшінші кітаптарымды баспаға әзірлеп жүргенмін. Сондықтан қуанғаным сонша, егер қанат бітсе шекара үстімен даяр жұмыстарымды қолтықтап ұшып-ақ кеткім келді. Амал қанша, ол үшін МХР Ғылым академиясынан қолдау хат, Қаз ССР Ғылым академиясынан (шындығында КСРО Ғылым академиясынан) рұқсаттап келіскен келісімхат алу керек. Ол ұзақ та, күрделі жол еді.
- Сонымен көптен көкейде жүрген арманыңызды орындау жолында мемлекеттер арасындағы шытырман соқпақ – тиісті қағаздарды еңсерудің күдір жолына тәуекел деп түстіңіз де кеттіңіз.
- Иә, түстім де кеттім. Бірақ шын қолдау, демеуге қай елде қай қазақ коммунистік үстемдік кезінде қарық бола қалыпты. Сан қилы тексерулерден, аймақтық, мемлекеттік партия комитетінің, Монғолия ҚҚСМ-і (Қоғамды қауіптен сақтау министрлігі) СССР КГБ-сі, елдердің мәдениет министрліктері, жазушылар бөлімшесі, одағы деген ондаған ресми өткелдердің ауыр есікті азабынан өттім. «Кітаптарыма жол ашық болса болғаны, атақ қуып нем бар», - деп кітаптарымды басуды қолдаған монғол ғалымдарына, еліне разы-ақ болып жүргенмін. Еңбек, атақ қорғау дегенге талаптанбап едім. Себебі, бар мақсатым халқымның өшіп, жоқ боп бара жатқан асыл мұрасын қиын-қыстау заң-зәкүндерді бұзбай, ерінбей жинап-бастырып шығарсам халыққа деген жақсы міндетімді орындағаным деуші едім. Бірақ оған ұлтын, халқын шын жақсы көретін партиялық, үкіметтік басшылықтағы қазақ ағаларым менің еңбегімнің мемлекеттік ұлт саясаты үшін маңыздылығын айтып, итермелей берді. Олар монғолдық басшылардың қолдауын тура мағынасында менің тартынғаныма қарамастан алып берді. Тәуекелге сүйеніп, жұрт қолдауын бұзбай жол-жөнекей қазақи ұсақшылдықты жеңе отырып, СССР-ге баруға рұқсат-жолдама алуға бірер жылым кетті. Ақырында аңсаған Алматыға, асыл ағаға да жеттім-ау! Алғашқы кітапты баспадан шығысымен-ақ Мәкеңе жібергенмін.
- Аңсаған Алматыңызға жеттіңіз. Уақытты ұту үшін, жетекші ұстазыңыздың ақыл-кеңесі бойынша қорғауға ұсынатын ғылыми жұмысыңызды Баян-Өлгейде даярлап алып келдіңіз ғой?
- Шекараның өткелегінен соң ғылыми жұмыстың өткелегі деген қиындықтар әлі алда еді ғой. Менің жіберген жұмысыма Мәкең пікірін жазып қалдырып, өзі Балтық жағалауы елдеріне демалысқа кетіпті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнертану ҒЗИ-ның Мәкең басқарған фольклортану бөлімі ғалымдары біраз күн үш кітабыммен танысып, Оразгүл Нұрмағанбетова басқарған бөлім кеңесінде бәрі бірдей еңбегімнің ғылыми мән-маңызын жоғары бағалады. Олар ғылыми еңбектер жиынтығы бойынша тіпті докторлық қорғауға болады деп те пікір шығарды, алайда басшы МХР ҒА-сы менің еңбектерімнің ғылыми құны бар-жоғын ғана ашып беруімізді сұрапты деді. Соған сай Мәкең келе сала Қаз ССР ҒА Президенті Шахмардан Есеновтің МХР ҒА Президенті Д.Ширэндэвке ресми қолдау хатын жолдатыпты. Оның бір данасын өзіме жіберіпті. Осы хат негізінде Д.Ширэндэвтің тікелей қолдауы мен даяр еңбектеріме сүйеніп кандидаттық атақ қорғап келуге екі айға уақыт және қаржы бөлінді. Сөйтіп Алматыға, қорғауға кетуге 1972 жылдың қарашасында әзер деп жолым түсті.
Келсем Мәкең Ғылыми еңбектер жиынтығы бойынша (по совокупности научных трудов) қорғау өзгертіліп, тек диссертациямен қорғайтын болып ереже өзгергенін айтып: «Бірінші кітап-монографияңды диссертацияға айналдырсаң жарар еді. Келген уақытың өте аз екен. Дайындап үлгересің бе? 5-6 айсыз болмайды-ау», - деген қаупін айтты. Мен бұл ережені өзім алып тұратын Мәскеулік басылымынан («Правда» газеті) елде жүріп-ақ оқып, біліп келгенмін. Бір жақсысы кандидаттық диссертация 150-ден 300-бет, ал докторлығы 300-ден бір мың беттік болып саннан, тура сапалық талапқа көшірілген еді.
Мен де екінші рет келер жол жоқтығын, күн-түн демей өзі ұйғарса сол монографиям негізінде диссертацияны әзірлейтінімді айтып, еңбектерімді (3 кітабым бойынша) тезірек қарап беруін қиыла өтіндім. Өйткені МХР Ғылым академиясының «осы екі айлық мөлшерге берген қаржысына сүйеніп қорғап қайтасың» деген заманалық қатал талабы еді. Осы мерзімде қорғап қайтпасам екінші ретке жолым мүлде жабық еді. Өйткені мені аспирантурасыз, даяр еңбектеріме сай ізденуші (соискатель) ретінде жіберген еді.
Қайран Мәкең ертеңінде Медеу жолындағы академияның шағын қонақ үйінен мені шақырып кеңсесіне келтірді. Амандық-саулықтан соң:
– Айналайын монографияның бірінші бөлімін алсаң да жетіп тұр екен. Жалпы сенің осы ғылыми еңбегің туралы еліңнің академиясына отзывымды жолдағанмын. Кітабыңның халық ақыны Қ.Тауданбекке арналған 2-бөлімін алмай-ақ қой, – деді. Қуана келістім.
– Орналасқан бөлмең жайлы ма? Ас-су, тамақ жағы қалай?-деді.
– Бәрі дұрыс қамсызбын, – дедім.
– Ал, онда кіріс, іске сәт! – деді. Мен де құлшына кірістім.
- Диссертацияны қорғаудан гөрі оған дейінгі рәсім-ресімдері көп қой. Әрі уақытыңыз да тым тығыз. Ұстаздарыңыз да бұл жағдайды ескерген болар...
- Әрине, Мәкең бастаған ұстаздарым түсіністікпен қарады. Диссертацияны даяр етіп, әуелі Мәкеңнің ұйғарымын алуға тиіспін. Одан соң фольклор бөлімі мен Әуезов ҒЗ институтының талқылауынан сатылай өтіп, сол арқылы академияның С.Кеңесбаев басқарған ғылыми кеңесінде ақырғы қорғауға шығуым керек. МХР Ғылым академиясының бұл үшін маған берген мерзімі, қаржысы екі ай ғана екені белгілі. Осы мерзімде қорғап қайтпасам шекаралық үкіметке, оның қатысы бар барлық сала бөлімдеріне хабарлауға тиіс. Егер қорғап үлгермесем, мені партбилет пен жұмыстан айырған үстіне, алдағы бүкіл-барша зерттеу жұмысына кедергі, кесепаты тиер еді. Әрі жұрт алдында масқара болып, намысшыл басым бәрін мансұқ етіп алар едім. Күні бүгінге дейін айналып тағзым ететінім – қазақи жанды жеке ғалым аға-апаларымыздан бастап, академия басшыларына дейін дұрыс ұғынып бәрі бірдей шынайы жанашырлықпен қол созды. Партбилеттен айрылу деген – қоғамнан тірідей аластату еді ғой, ол кезде.
Күні-түні аузы-мұрнымнан қан кетіре отырып әзір қітабымнан диссертация нұсқасын сегіз-тоғыз күнде даярлап шықтым. Менің бар жұмысым барысында маған тілмаштық істеп іс-қағаздарымды аударып-бастыру, баспаға шығару ісіне тұрақты қолғабыс жасауға Мәкең кісі тағайындаймыз деді. Мен Мәкеңнен, институттың зерттеу бөліміндегі өзіммен КазПИ-ді қатар бітірген жолдасым Тұрсынов Едігені ұсынуын қаладым.
Мәкең Едігенің өзінен сұрап еді, ол сөзсіз келісе кетті. Академия ресми ұйғарым берді. Едігенің өз қатарластарынан орысшаға ана тіліндей жетік білімділігі бәрінен де артық екенін естіп, аңғарып жүретінмін. Ғалым ағалары ол туралы үнемі мақтау айтатын. Мәкең: «Өзіңе қатысты любой мәселені Едігеге айтасың. Бұл реттейді. Болмағанын маған және тиісті адамдарға жеткізіп, мәселеңді уақытылы шешуге көмектеседі», – деген-ді.
Мәкең менің жұмысымды мұқият қарап, ұйғарды. Фольклор бөлімінің мәжілісінен құпталып, институт кеңесіне қорғауға ұсынылды. Жұмысты машинаға төрт дана бастыру керек екен. Бұл кезде қазақша басушы адамдар институттың өзінде саусақпен санарлық болған соң, оларда жұмыс та көп, мұршасыз екен. Едіге мен үшін жүгірісін бастап, кешінде келіп, бір тәтеймен әзер деп келіскенін айтты. Менің уақытымның тарлығынан басу мерзімін де қыспақтауға мәжбүр едік. Әзер келісуі де содан екен.
Енді кандидаттық емтихандарды тапсыруым керек. Алдымен философиядан тапсырдым. Бір академик қазақ ағамыз бастаған үш адамдық (бірі қазақ, екіншісі орыс) комиссияға тапсырдым. Марксизм мен ленинизмге қашан да іштей қырысығып жүретін басым, Ленин құрғырдың «Марксизмнің құрамдас үш бөлігі және үш бұлағы» дейтін еңбегі жайлы сұрауға келгенде ар үшін, жан үшін суырыла сөйлеп, қалған екі сұраққа тәлтіректеген маған төрттік баға қойды. Монғолиялық біздер үшін шет тілінің біріне орыс тілі есептелетін. Мәкең институт директорына айтып, ұйғартып, емтиханды КазГУ-ге барып тапсыратынымды айтты. Сонымен бірге Мәкең мамандық емтиханына бөлім кеңесіндегі еңбектерімді талқылаған сын-пікір, ұйғарымдар жарайтынын айтты. Өйткені, ол кеңесте қазақ әдебиеттану ғылымының мүйізі қарағайдай марқасқалары қазақ әдебиеті жайынан аямай «сүзгілеп, іреп» алып, ал монғол әдебиеті, ондағы қазақ әдебиеті жайлы өздерін қызықтырған мәселелерді мейірлері қанғанша сұрап танысқан-ды. Ағаларымыздың маған деген шынайы қолдауын қиыр шетте қинала өсіп келе жатқан аз қазағымыз үшін қолдау, разы болу ниеті деп ұғынып, мен де барлық сұрауға ықтияттап жауап бергенмін. Ғалым ағалар да разы болған. Бір қызығы, Мәкең сұрау тоқтамаған соң, ақсақалдарға: «Сұрау бітер емес қой. Бұл жігіттен оңаша монголша «пәлен» деген сөзімізді не дейтінін сұраңыздаршы, – деді қулана күліп. Мұнда үлкен бір қызық барын білген ғалымдардың барлығы: «Қане, қане не дейді монголша, айта ғой», – деп жабыла кетті. Бұдан он бес жыл бұрын осы Мәкеңе ауыз әдебиетінен алғашқы емтиханның бар сұрағына үздік жауап берсем де осы бір «қосымша» сұрауының жауабына әбден қысылып, қиналған соң:
–Білмеймін, – деп құтылмақ болғанмын. Мәкең құтқармады.
– Ол сөзді білгеніңше осы баға жетеді саған, – деп сынақ кінәшкама «неуд.» деді де қол қойып берді. Ұяттан не жыларымды, не өлерімді білмей тарығып есеңгіреп тұрған маған:
– Қане, бара ғой, айналайын. Ертеңге дейін біліп келсең, емтиханды қайта тапсырасың! Бар, бара ғой! – деп тақауырлап, шығып кетуіме мәжбүр етті.
Есік алдында тұрған курстастарым: «Не болдылап» жатыр. Не дерімді білмей қолдарына кінәшканы ұсына бердім. Менің үздік тапсыратыныма сеніп тұрған олар шынымен-ақ «құлап» шыққаныма аң-таң. Онсыз да емтиханнан үрейлері кетіп тұрған үш жерлесім де естері шыға шошып кетті. Менің білім деңгейімнің нобайына әбден қанық олар мұны көріп тілдерінен айрылды. Оларды аяп кетіп: «Барлық сұрауға толық жауап бердім, бірақ ағамыздың жалғыз ғана қосымша сұрағынан ұшып түстім...», - дегенді монғолша айтып бердім. Олар «үһ» десіп, қуанысып қалды. Жергілікті достар түк ұқпай, әрі-сәрі аң-таң. «Бұларға бұл жайды айтпаңдар, ұят болады», – деп жерлес екі жігіт пен қызға мықтап тапсырып жатырмын. Жерлестерім күліп жіберген соң көңілім көтеріліп қалды. Ертеңінде ол сөздің жауабын «Өзіңізден артық білмеймін», - деп құтылдым.
«Е, бәсе, жарайды. Ренжіме, намысың мен ұятың қалай екенін сынауға сұрағанмын», – деп Мәкең жарқылдай күліп «неуд» деген сөздің үстіне «отл.», «исправленному верить», – деп қол қойып берген-ді. Бұл бес жылғы курстас достарыммен ортамыздағы әзіл-қалжыңға азық болған «хикая» еді.
5 жылдан соң Мәкең КазПИ-ден кеткеніне көрместей болып достарыммен бірге мұңайған мен сол Мәкең «әйгілі» бағасын жазған кінәшкамды ректораттан сұрап алып, еліме алып кетіп, атжұртқа көшкенше қырық жыл сақтадым. Енді міне сол «сынақты» алдымнан тағы шығарды. Қашан да жүрген жері күлкі-қалжыңға толы есіл Мәкең-ай!
Ағалар, ақсақалдар менің айтуға батпай қиналғаныма қарап: «Ей, шырағым, айтшы, айтсаңшылап!», – деп өліп барады. Дүңк еткізіп қойып қалуға аузым бармай тұр. Ақыры Мәкеңе қарап:
– Аға, монғолшаны менен де артық білесіз ғой, өзіңіз-ақ, айтып беріңізші! – дедім. Мәкең қарқылдай күліп жіберді. Жұрт енді өзіне жармасты. Мәкең «білемін» көрсетіп салды. Арқам шымырлап, терлеп кеттім.
– Әй, мынау нақ ауылдың таза қазағы екен. Қып-қызыл болып кетті. Ұялама. Өзге тіл ғой. Талай тілде талай қызық сөз бар, – десіп ағаларымыз менің қысылғанымды жуып-шайып жатыр. Өздері де күлкіге қарық болып, шуласа тарасты.
Қайран, Мәкең! Кімді болса да жарқын күлкіге қарқ ететін. Жұртты, үлкен-кішіні әйтеу бір амалын тауып жайдары, жарқын күлкіге кенелтіп жүретін!
- Сөйтіп, негізгі алдын ала талқылаудан өттіңіз. Кандидаттық минимумдарды тапсыруда қиындықтар болды ма?
- Сондай бір қиналып кеттім деп айтсам өтірік болар. Дегенмен, оңай болды деп те айтпаймын. «Туған ай – тураған ет» деп халық тегін айтпаған ғой. Желді айы да, желдей есіп, ақырғы күніне жетті. Едігенің ұқтыруымен орыс тілінен үшінші емтихан (минимумды) тапсыру үшін КазГУ-ге келдім. Келген ел-жер, шаруамды ректорға айттым. Ө.Жолдасбеков деген еңсегей бойлы, қара торы, түсі жылы кісі екен. Уақытқа қысылып, жаңа жылға қарсы келген жайымды оңды ұғып, хатшысына: «Мен өтінді деңіз, алыстағы ағайынның баласы ғой, дереу емтиханын алсын», – деп тапсырып берді. Ол кісі алдыңғы бөлмедегі орнына орнығып алып, өзін: Шоқан Уәлихановтың туысы Шота деген кісінің зайыбымын. Ол кісінің Шоқан ағамыздың Академияның алдында тұрған ескерткішін жасаушы, басты шебер екенін айтып таныстырып жатыр. Мен де Шоқанды пір тұтатынымды, ал Шота ағамызды көрмесем де өзім де ол кісіні ескерткіші үшін мақтан тұтқанымды айтып жатырмын. Біреулерге телефон шалып келіскендей болған жеңгейім:
– Академик Махмудов басқарған комиссия бар. Сол кісіге барып емтиханыңызды тапсырыңыз. Ол аса үлкен ғалым. Келісімін берді, – деп отыратын жұмыс жерінің адрес, жайын ұқтырды. Өзі бір әсем хатқа жаңа жылмен ректорат атынан құттықтау жазып, оны сол ақсақалға берерсіз деді.
Келсем кеңсесінде күтіп отыр екен. Қасында екі жігіті бар. Аман-есендіктен соң тура іске көшті. Қасындағы жігіттер емтиханның үш сұрағын жазғызды. КазПИ-де Мәкең монғолиялық біздерді тілегім бойынша жергілікті жолдастардан бөліп М.Скибина деген ұстазға: «Екі жылда бұлардан орысшаны өзіңіздей білетін адам даярлап бересіз», – деп әзіл-шыны аралас тапсырып берген-ді. Ол бір шебер ұстаз екен, өз басым орыс тілін осы екі жылда өзге жерлестерден оза үйреніп шыққанмын. Сондықтан емтиханға еркін жауап бере бастадым. Үшеуінің жүздерінен разылықтарын байқап отырмын. Кенет ақсақал сөзімді бөліп: Абайды білесіз бе? – деді.
– Бала күннен білем, – дедім. Сол-ақ екен:
– Жатқа бір өлеңін айтыңыз! – деді. Өзі орыс па, иә татар ма, жыға айыра алмай отырғанмын. Әдейі Абайдың Лермонтовтан аудармасы «Жалғыз жалау желкілдеп, тұманды теңіз өрінде», – деп термелей жөнеліп едім, өзі жалғастырып әкетті. Мен тына қалдым.
– Тағы қандай өлеңін білесіз, айтыңыз! – деп маған бастатып, өзі қалғанын жалғастырып біраз өлеңін айтқызып тастады. Арасында Пушкиннің жақсы көретін Абай аудармасы «Сібірге хатында» қайырып тастадық. Ақыры өзі де қанағат тұтты ма, серіктеріне қарап:
– Сіздер сұраңыздар, – деп шалқая берді. Олар сұраулары жоқтығын айтып жатыр. Маған разы-хош болғанын өңдерінен білдіргендей болды. Сыртта бес минөт демалдырып келтірген маған «жақсы» деп хаттама қағазыма қолдарын қойып берді. Ақсақал Абайды, Махамбетті, Қасым т.б ақынды жатқа айтатынын, әр білімдар адам солай болуы жөн екенін айтып жатыр. Мен де «рахметіме қосып, бұл кісіні кейбір сөз оралымына қарап татар-ау» деп ұқтым да Тоқай мен Мұса Жәлелдің де біраз өлеңдерін қазақша жатқа білетінімді айттым. Жылмиысынан қош көргенін байқадым. Орысшамды мақтап, өзінің бұл тілді ұзақ жылдар зерттегенін, тек «Л» дыбысының орыс тілінде екі жүз түрлі айтылу ерекшелік нұсқасын ашқанын айтты. Екі жақ та разы-хош боп айырылыстық. Соңғы екі тәуліктей жүгіріс кезінде салқын тигізіп алып зертеңім (бронхитім) ұстап қатты қиналып жүргенмін. Кешінде бөлмеме жетіп, қызуым қырыққа таяп жығылдым. Едігеге хабарлап, ол әкелген дәрілерді еселей ішіп, екінші күні ептеп бас көтердім. Ауруға да мұрша болмай 2-қаңтар күні түс аудырып, Мәкеңе, жұмыс орнына келдім. Орнында болмады. Өзгелер де жоқ. Кеңсе бос, жұрт мерекелік көңілдерін баса алмай кіріп-шығып жүрген сияқты. Едігеге тілипондап (телефондап) едім, ол келе қалды да:
– Мәкең, ұйғыр жігіттерімен шахмат ойнап отырған шығар, жүр барып жолығайық! – деді.
- Мәкеңнің студенттер жатақханасына келіп олармен шахмат ойнап, студенттердің қара шайын рақаттана ұрттайтыны туралы естеліктерді көп естідік. Өзіңіз де талай куә болған шығарсыз?
- Иә, Мәкеңді студенттер сол қарапайымдылығы үшін жақсы көретін еді ғой. Жатақханадағы бөлмемізге келіп талай-талай әңгімелесетін еді. Бүгін де сондай мамыражай күндердің бірі деп ойладық, әрине. Академияның алып үйінің астынғы қабатына түсіп сол қанатына бұрыла бергенде алдымыздан екі қолын сермей, қинала адымдаған Мәкеңнің өзі шыға келді. Едіге екеуіміз де ағалап:
- Ауырып қалған жоқсыз ба?! – деп жатырмыз.
– Жарайды, жарайды, айналайындар, ештеңе емес. Кеш болып кетті ғой, үйге қайтамын, – деді. Өң-түсінің сиқынан үрейленген біздер:
– Аға, үйге қайтыңыз, біз жеткізіп саламыз, – дедік.
– Жоқ, айналайындар, мазаланбаңдар. Мен кеңседе немереме Аяз атаның дорбасы бар еді. Соны алуға шығам, – деді. Біз қатар жүруге батпай сәл кейіндеп, соңынан ердік. Әншейінде сеп-сергек, жылдам жүретін Мәкең теңселгендей болып, ілби басып барады. Біз де естияр жандармыз ғой, екеуіміз де ол кісінің қатты ауырып тұрғанын біліп тұрмыз. Академияның аспанмен таласқан 3-қабатына көтеріліп жетпейді-ау деп шошыдық. Қасына жүгіре басып келіп:
– Аға, сол дорбаны біз-ақ алып келейік. Сіз анау диванда дем ала тұрыңыз! – деп жалынғандай болдық.
– Сонда барып дем алайын. Қойыңдар алаңдамай! – деді. Әзер деп кеңсеге де жеттік-ау. Орнына келіп, шөке түсіп отыра қалған Мәкеңнің Едіге алдына, мен сол қапталына ербие қалдық. Маған: «Терезе алдында тұрған графинді әперші» – деді. Біз стакан іздей бастадық. Ол кісі графинді сол қолымен алып, көтере ұстап аузын толтыра суын шалқая шайқап, түкіріп тастады. Сәл тынысы түзеліп ентігі бәсеңдеп, дамылдағандай болды да, үстелінің сол жағынан Аяз атаның сәлемдемесін алып шықты. Біраз отырды да маған:
– Жұмысың бітті ме? Жайың қалай? – деді. Мен емтихандарды түгелдей тапсырғанымды айттым. Едіге:
– Диссертациясы да машинкадан шыққан. Өзі де, мен де әбден қарадық. Қатесін түгел түзеттік, – деді. Ертең сағат онда осында келіңдер. Мен қол қойып берейін, – деді. Біз құп дестік. Орнынан тұрып кете бастаған Мәкеңе еріп, астыңғы қабатқа жеткенде, бір бүйірден ғалым Мұсабаев Ғайнеддин ағай келе қалды. Ол кісі де Мәкеңнің түр-түсінен шошына қалды да:
– Әй, Мәлік, саған не болған? Ауырып тұрсың ғой. Сендер не, скорый неге шақырмадыңдар! – деп бізге ұрса жөнелді. Мәкең ол кісінің аландамауын өтініп:
– Үйге барып демаламын. Қатты шаршап тұрмын, – деді. Көпті көрген қарт адам:
– Жоқ, Мәлік. Сен қатты ауырып тұрсың. Барыңдар, скорый шақырыңдар. Мен қасында болам! – деп бәйектеніп жүргенінде бәріміз академияның үлкен есігінен де өте бердік. Мәкеңді Мұсабаев аға берік қолтықтап алған еді. Алдымыздан машинасынан шығып, баспалдақпен өрлеп келе жатқан академия президенті Есенов Шахмардан ағамыз Мәкеңдерге сәлем беріп өте берді де:
– Ау, Мәке, сіз не, ауырып қалдыңыз ба? Түр-түсіңіз жоқ қой, – деді абыржып.
– Жоқ, жоқ. Жәй ғой, бара бер айналайын. Үйге бара жатырмын. Жанымда Ғайнекең мен ана жігіттер бар, – деді.
– Менің машинаммен жетіп алыңыз! – деп еді, рахметін айтып көнбеген Мәкең сатымен баспалдақпен түсе берді. Екі қолтығынан ұстаған Ғайнекең екеумізге қарсылық көрсетпеді. Ал Едіге, ағалап:
- Такси ұстайыншы! – деп үздігіп жүр.
– Жарайды, қойыңдар. Үй жақын ғой, – деп болмады. Ақыры Ғайнекең екеуі күнделікті өздеріне мәлім әңгімелерін айтысып, баяу жүріспен М.Төлебаев көшесіндегі үйіне тұспа-тұс келе бердік. Күлімдей бізге қарап:
– Қанекей, қолымды жіберіңдер. Өзім де жүремін ғой! – деп қолдарын босатып алды. Ғайнекең:
– Қой, үйге жеткізейін, келінге, – дей беріп еді.
– Ғайнеке қоя қойыңыз! – деп сау күндегісіндей сергек үнмен қоштасып, көшенің арғы бетіне, үйіне қарай жедел басып жүре берді.
– Қап-ай! Мәлік қатты ауырып жүр екен, – деп Ғайнекең деп, бізге мұңая «қош» деп кете барды. Едігенің:
– Екеуміз жездем, ғалым М.Дүйсеновтікіне барайық, - дегеніне, разы жалынышымды айтып, қонақүйге қайттым. Менің көңіл-хошымды түсіне білген Едіге де қинамай, ертең Мәкеңнің алдында табыспақ болып, тарқастық.
- Сонымен, ертеңінде Мәкеңе қол қойдыруға келдіңіз...
- Ертеңінде академияға Мәкеңнің айтқан уағынан сәл бұрын құстай ұшып жеттім. Үстіңгі қабаттағы Мәкеңнің бөліміне жеткенше таныс ешкім кезікпеді. Ал бөлімге бұрылар коридордың әр жерінде екі-үштен бас қосып, шүйіркелескен адамдар тұр. Шеткі бір топтан ұзын бойлы бір ағамыз мені көре салып, жетіп келді де:
– Қарағым-ай, сізге де қиын болды-ау, – деп күңірене бауырына тартты. Не болғанын, онша таныс емес ағайдан сұрай алмадым. Біреумен жаңылысып, шатастырып тұр-ау, – деп бетіне абыржи, ыңғайсыздана қарай бердім.
– Шырағым-ай, естімеген бе едің, білген жоқсын ба? – деп елжірей емірене сұрады. «Үлкен әдебиетші ғалым, Сібірде, айдауда болып қайтқан кісі», – деп анада бір сыртынан Едіге таныстырған. Мен:
– Ағай, не болды? Жаңа келіп тұрмын, – дедім.
– Ой, бүу, қарағым-ай. Ардағымыз, асылымыз Мәкеңнен, Мәліктен айрылдық қой, – деп қайта құшып, кемсеңдеп, көзіне жас алды. Естен танғандай болып, есеңгіреген мен, сырттай тілеулес болып танып алған осы ағаға іштей қынжыла қарап алып, бөлімге қарай мағынасыз ілби басып өте бердім. Күйінішім ішімді өртеп барады. Мәкеңнің ажалы еді алқымымнан қысқан. Кеңседегі аз адам маған үн-түнсіз үдірейісе қарасады. Едіге ұмтылып келіп, портфелімді қолымнан алып, өз үстелінің қуысына қойды да: «Жүр, сыртқа», - дегендей ыңғай білдіріп, лезде коридорға шықтық. «Не болды, Едіге-ау?» – деймін үздігіп.
- Мұны естіген кезіңіздегі өз жағдайыңызды да түсінуге болатындай. Сол кеште Мәкең қатты сырқаттанып жүргенімен, айналасындағыларды дүрліктірмейін деген екен ғой...
- Қайратты адам, солай жасаған ғой. Мәкең кеше дәрігерге барып, жүрегі тағы да сыр беріп жүргенін, олардың жүрек соғысын аппаратқа жазып көріп, жаны аши, абай болуын өзіне қатты ескертеді.
«Олар, дәрігерлер бәрін таятып жібереді, – деп күлген, – дегенмен күн сайын Көктөбеге барып еркін шығатынмын. Қазір ентігіп, дамыл-дамыл тоқтап, демалып шығып жүрмін», – деген еді. Мәкең кеше біз жеткізген соң үйіне кіріп, диванында демалып жатады. Асүйдегі жеңгейіміз сәлден соң залдан оқыс дүңк еткен дыбысқа шошына жетіп келсе, Мәкең диван жанында, еденге құлап кетіпті. «Не болдылап» орнына жатқызбақ болып ұмтылған жеңгей ол кісінің қозғалыссыз қалпынан бір сұмдықты сезе қояды. Мәкеңнің асыл жүрегі мәңгіге тоқтағанын, жан-жарының о дүниелік болғанын біліп, жан-жаққа жар салады, аңырап.
Әди Шәріпов бастаған институт түгелімен бұл күндері Мәкеңді о дүниеге аттандырумен әбігер болды. Қаңтардың бесі күні академияның үстіңгі қабатындағы алаңқайға сүйегін әкеп қойды. Қоштасуға ағылған жұрт тал түске дейін толастамады.
Ж.Әбділдин академик, вице-президент бастаған жерлеу комиссиясы мені сол кісінің бөлмесіне шақырды дегенге келсем ҚКП Орталық комитетінің бір хатшысы Имашев деген кісі бастаған адамдар Мәкеңмен соңғы ізденуші шәкірті, әрі алыстағы ағайындарымыздың өкілі ретінде мені құрметті қарауылға тұруға шақырғанын, партия-үкімет басшыларымен бірге тұратынымды Әбділдин Жабайхан ағамыз ұқтырды. Соңдарынан еріп келіп, Мәкеңнің табытының аяқ жағын ала тұрдым. Ашық бетіне ет жүрегім елжірей қарадым. Сұлу Мәкең, асыл Мәкеңнің жағын басып ақ матамен орапты. Ардақты да ақжарқын өңі өлі дененің суық түсін танытады. Шынымен о дүниелік болғанына енді көз жетіп, сенгендеймін. «Әттеген-ай, елу сегіз жас деген не, Мәкеңдей біртуар ардагер ағаға», - деймін іштей егіле елжіреп. Сол күні түс ауа батыр Мәкең, ғалым Мәкең, қазақтың қайта тумас асылының денесі жер анаға табысталды.
Қабыр басында Сәбеңнің, Сәбит Мұқанов:
– Мәлігім, балауса жігіт Мәлікті соғысқа аттандырып бір күйзеліп едім, одан аман да, абыройлы келіп ең, енді екінші рет келмес, мүлде қайтпас сапарға аттандырып тұрмын, – деді. Соны айтып, – одан әрі сөйлеуге, халқым, шамам жоқ, қош, Мәлігім, – деген мағынада қоштасқаны есімде. Осыдан кейін Сәбең де Мәкеңнің артынан бірнеше айдан соң көз жұмған еді.
- Ұстазыңыздан осылай мәңгілікке айырылып қалдыңыз. Бұдан кейінгі қорғау мәселесі қалай жүрілді?
- Ертеңінде институт кеңесі болды. Онда менің жайымды қарастырып шешуді Әдекеңнен өтіндім. Өйткені екі айлық мерзімімнің жарымы өткен. Қайран Мәкең Жаңа жыл мерекесінен соң дереу менің институт қорғауына жіберетінін айтып, соған әзірленгенмін. «Енді сараптама пікір жазатын жетекші қайта тағайындалады», - деді институт кеңесі. Мен:
- Мәкеңнің, марқұм ұстазымның МХР Ғылым академиясына сұрауы бойынша ғылыми еңбектерімді жан-жақты қарап берген пікірін пайдалануға бола ма? – деп өтіндім. Әдағаң да, кеңесте отырған барлығы: «Бәрекелді-ай», - десіп күңірене, әрі қуана қолдады. Сондағы ақын-ғалым Әбділда Тәжібаев ағаның: «Қайран Мәлік-ай, қайтатынын білген-ау!», – деп қазақ қарттарының қасиетті мұңын айтқандай, өкіне бас шайқап бәрін де толғантқаны әлі емісде. Жиналыс: «Ендеше сол бір пікірге сүйенеміз. Жаңа жетекші тағайындамайық», - деп келісті. «Сондықтан шаруаңды асықпай бізге сүйеніп бітіру үшін, еліңнен қосымша виза уақытын созып берейік», - деді. Сөйтіп, Мәкеңнің жазып қалдырған пікірінің, ол кісіден кейінгі менің тағдырыма жанашырлық танытқан ағалардың арқасында ақпанның ортасында кандидаттық диссертацияны табысты қорғадым. Құжаттарымды Мәскеуге жөнелткен соң еліме қуаныш пен мұңымды екі иығыма арқалап елге қайттым. Қуанышым – сәтті қорғауым, мұңым – орны толмас ұстазым Мәкеңнің бақилық болуы еді. Бірақ жүрегімнен Мәкеңді содан бері өшіргенім жоқ!
- Алматыға арман арқалап келген кезде, ұстазыңыз мәңгілікке аттанған өкінішіңіз болмаса, бұл сапарыңыздың соңы қайырлы, құтты болған екен. Бұдан кейінгі ғұмырыңызды тұтастай ғылымға арнадыңыз ба?
- Солай десем болады. Алтайдың күншығысындағы аз қазақтың тілі мен ділі былғанбауы жолында қызмет жасадық. Мәкеңдей абзал ағалардан алған білім мен өнегені өмірлік азық етіп, тура жолдан таймауға, әділдікті жақтауға бейіл болдық. Ғылыми еңбектер жазып, кітаптар бастырып дегендей, қадери-халімізше елімізге еңбек еттік.
Суретте: Қабидаш Қалиасқарұлының ғылыми еңбегі
Монғолия қазақтарының Атажұртқа ұлы көші басталғанда, Талдықорғанға қоныс аударып келіп, І.Жансүгіров атындағы универсиетте оқытушылық қызмет істедім.
Суретте: Қабидаш Қалиасқарұлының қолтаңбасы
Докторлығымды қорғадым. Өміріме өкінішім жоқ. Мәкеңнің, қазақтың марғасқа ұлы Мәлік Ғабдуллиннің жарқын бейнесі еш ұмытылмақ емес!
- Ұстазыңыз жайында өткен өмір белестерімен өрнектей отырып, кең көлемде баяндап берген сұхбатыңыз үшін зор алғыс білдіреміз. Ел ағасы, алтын тонның жағасы болып, амандық-саулықта жасай беруіңізге тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: