Ықылас Ожайұлы. Ай аспанға қалай шықты немесе адамзат көрген «ақырзаман»

Бөлісу:

20.01.2020 5149

"Егерде біз жердің тарихын аспанмен және аспаннан болған ірі апаттармен байланыстырмайынша еш түсіне алмаймыз».

Серікбол Қондыбай

Қадым заманалардан жеткен «Адамның жасы Құдайдан бір-ақ жас кіші» сөзі көп дүниені аңдатады ғой. Адамзат тарихын бес мың жылдан бермен таратып жүрген келте пайымды осынау төбедегі сөз шын тәубаға келтіретін секілді. Рас, адамзат баласы не көрмеді. Жанын жадыратқан жақсылықты да, қара шашын қуартқан азаптарды да ғазиз басынан кешірді. Мынадай бір мысал бар ғой. Әгәрәки, сарғайған кітап парағына оқыстан я болмаса саналы түрде сайтан деген сөз жазылатын болса, сол мезеттен бастап-ақ жаңағы кітап парағында сайтан атаулы шүпірлеп өмір сүре бастайды дейді. Себебі, сөз деген дүниенің өзі тек әріптер мен дыбыстар тізбегі ғана емес, ең әуелі болмыс пен тағдырдың өзі ғой. Байқайсыз ба, «аяз» бен «үскірік» сөзінің өн бойынан дәл өз атауы секілді суық бір дүниелер аңдалып тұрса, ал енді «жылы» мен «жұмсақ» сөзінен, керісінше жылы бір энергия таралып тұрады емес пе. Бұрынғы үлкендердің оқыстан ауызыңа жаман сөз түсе қалса, «тәйт» деп тыйып тастайтыны да осы болса керек- ті. Себебі сөз – тек «сөз» ғана емес, өмірдің өз шырағданы. Інжілде «Әуелі сөз болған. Сөз Құдай еді. Онсыз ештеңе де пайда болмаған» тәмсілі де осы ғой.

Жалпы көктен түсті делінген киелі төрт кітапты ритуал ретінде қараудан гөрі, адамзат өмірінің жылнамасы мен шежіресі ретінде қарау да көп дүниені басқаша көрсететін сынды. Осы көзқарасты адамзат шежіресінің ілкі бастауларындағы тарихын көп зерделеген ғалым Иммануил Великовски де алға тартады. Ол осы Інжілде айтылатын адамның төбе шашын тік тұрғызатын ақырзаман оқиғасындағы көріністерге басқалай қарап, былай деп байлам жасайды: «Мұндай сұрапыл сұмдықты адамзат баласы еш елестетіп отырып айта алмайды. Мұны тек өз басымен өткерген адам ғана дәл осылай етіп жаза алады» дейдi. Ұлы ғалымның «ақырзаман» мен «тозақ» трактовкасын терең түсінуге тырыссақ, киелі кітаптардағы айтылған «жұмақ» пен «жаһанам» суреттері адамзат баласының бақилық емес, керісінше басынан өткерген өмір өткелектері деп те қорытынды жасауымызға болады. Біздің негізгі айтпақ мәселеміз де осы. Мақала барысында бұл ойымызды барынша ашалап көрсетеміз деген ниеттеміз. Айталық, алып шаһарлары алтын мен күміске малынған Эльдорада, жазира алқабы сайраған құстар мен миуалы жеміске майысқан Эдем мен Иранбағы, жерұйық мекен атанған Лемурия (Алтын патшалығы) адам жаны шексіз ләззатқа шомып, бақытқа кенелген Шамбала, міне, осылардың бәрі жер үстінде орнаған «жұмақтың» өз суреті емес пе еді. Бүгінгі біздерге тек утопия есебінде елестейтін бұл шаһарлардың жер үстінде өмір сүргендігі де рас. Мәселен ежелгі Бабылда 53 үлкен храм болған деседі. Осылардың ең үлкені Бабыл мұнарасы. Жеті қабаттан тұратын 90 метрге бой тіктеген осы ғимараттың ұшар басы тек алтын қазынаға ғана арналып салынған. «Мұндағы қазына қоры 40 тоннадан асады», – деп жазады Геродот бір жазбасында. Ол, ол ма Бабылдың Бағдатқа жақын ең үлкен қазына қорының ұзындығы 120 километр болса, ені 80 километр, биіктігі 70 метр болған. Ең қызығы, осының бәрі сыңғырлаған сары алтынға сіресе толы деп айтылады тағы бір қария деректе. Бәрімізге мәлім, Бабыл мұнарасы дегенде мына бір ескі аңыздың еске түсетіні анық қой. Көп қабила бірігіп биік мұнара тұрғыза бастағанда олар «Енді Құдайға қолымыз оп-оңай-ақ жететін болды ғой» деп қуаныпты-мыс. Сонда пендесінің зор көңіліне қолжаулық болғысы келмеген құдай олардың бірінің сөзін екіншісі еш түсінбейтін етіп өзгертіп жіберіпті дейді. Бұл ишарадан біз мынаны аңғаруымызға болады. Біріншіден, бұл мысал Бабылдың дүниені билеп «құдай» болғысы келетін зор амбициясын көрсетсе, екіншіден, ғимараттың өн бойында орналасқан адамдар жіктелімі жоғары, орта және төмен деп бөлінетін таптық статусын әйгілесе, үшіншіден, бір елдің түбегейлі жойылып тынуы тілдің ала-құлалығынан болады дегенді де ишаралаған пайым секілді. Егер сіз қолыңызға түскен тым ілкі мәдениеттер жайында оқи қалсаңыз, онда адамзаттың аз да болсын басынан өткізген шат-шадыман ғұмыры мен сарайлары сары алтыннан тұрғызылған салтанатына қарап, олардың киелі кітаптардағы айтылған жұмақ белгісінен көп бөлек болмағандығын көресіз. Ал, енді ғұмырдың көлеңкелі сәттері мен адамзат басына орынаған қиямет-қайым мен тозақтың тақсіреті ше? Мұны да пенде баласы өз басынан өткерді емес пе?!

Цолькин күнтізбесі

Майяның көне жазбаларын оқу арқылы Му деген құрлықтың болғанын біліп, оны тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізген адам – Брассер де Бурбур деген ғалым. Әрине, одан кейінгі лекте әйгілі Ле Плонжо мен өзінің қырық жыл ғұмырын осынау құрлықты зерттеуге сарп еткен Британ армиясының полковнигі Джеймс Черчвардты атауға болады. Ежелгі Америкалық үндістердің тарихына ден қойып, грек әріптерінің символикалық сырын зерттеген ғалым қазіргі Тынық мұхиты аумағынан табылған 5 мыңға жуық сына тасты өз ой елегінен өткізген ғой. Сөйтіп біздің жыл санауымызға дейінгі 50 мың жыл ілкідегі өркениеттің құпиясын ашады. Майя мәдениеті дегенде оның әйгілі күнтізбесі жайында бірер сөз айтпасақ болмайтын секілді. Бұл тақырып біздің мақаладағы ойымыздың негізгі тиянағы үшін де арнайы жазылып отыр. Осы ұлыс өз жыл есебін мынадай екі түрлі өлшемде жүргізген екен. Біріншісі, ұзын жыл есебі болса, екіншісі қысқа жыл есебі. Осы ұзын жыл есебінің өзі 365 күндік хааб және 360 күндік (түн жылы) деп екіге тармаққа бөлінеді. Ал қысқа жыл есебі 260 күндік (күн есебі) ретінде Цолькин деп жеке аталады. Цолькин бірінші мүшелді жиырма күнге ( яғни 13x20) еселеген күнтізбе есебінде. Мұны кей мамандар Майяның осынау күнтізбе есебін ана құрсағының нәресте көтеретін мерзімімен байланыстырғанында жатса керек дейді. Рас, бұл да негізсіз пайым емес секілді. Бағзыдағы америкалық үндістердің біздермен туыстық тамырын ескерер болсақ, берідегі қазақтың 40 қысырақ ұғымы немесе қыздың 47 есебіндегі қалың малы қырықтың жетіге еселенген уақыты (яғни 40 х7) әйелдің бала көтеретін мерзімі ғой. Осы жердегі қалың мал ұғымы ананың сәбиді (дұрысы қыз баланы) көтерген құрсақ мерзіміне жасалған құрмет пен сүт ақысына төленетін тәбәрік есебінде. Адам пәниден озғаннан кейін оның артта қалған ағайындарының өткен аруаққа арнап жасайтын «жетісі» мен «қырқы» мәзірі де бүгінгі ислам шариғатында атымен жоқ. Қалай десек те бұл салттардың барлығы тамыры тым ілкіде жатқан дүниелердің бүгінге жеткен бір үзігі болса керек-ті.

Мұны айрықша айтып отырғанымыздың себебі, арысы Шумер мен берісі Майя күнтізбесінде Ай атауы мен Ай ұғымы атымен жоқ. Тек Күн мен Жұлдыз есебінде жасалған Цолькин күнтізбесін ғана көруімізге болады.

Бұл «Му құрлығы – адамзаттың бесігі» деп публицистикалық поэмаға жазған қазақ қаламгері Тойшыбек Иіпұлының;

«Бір кезде тұтас болып әлем – құрлық,

Өтіпті мыңдаған жыл, заман сырғып.

Көкте Ай, Гималайдай тау да болмай,

Қайнаған сапырылып қараң тірлік...»

деп жазған кезеңіне келетін сынды. Сонымен Шумер мен Майя күнтізбесі АЙЫ ЖОҚ АСПАНДЫ КӨРГЕН адамзат өмірінің куәгері ғана емес, жылнамасы да болғаны ғой.

Бұдан біз аталған күнтізбе тарихының тым әріде жатқандығын, Шумер мен Майя ұлысы сол ықылымнан жеткен көне күнтізбелердің тек жалғастырушы мұрагері ғана болғандығын көреміз.

Ендеше әңгіме төркіні де әріде жатыр деп байлам жасауымызға әбден болады.

Му құрлығы мен Атлантида мекені

Қазіргі Тынық мұхиттың орыны ол кезде жайқалған жасыл желек-тұғын. Осы аумақты мекен еткен Му халқы жұмыр жерге өз әмірін жүргізді. Ондағы милләт саны 64 миллионға жетіп жығылған еді деп жазады Джеймс Черчвард өз кітабында.

«Алтын тақ, алтын сарай, күміс қақпа,

Қаратып есіктерін шығыс жаққа,

Піл мініп, қоңыраулатып, бұғы жегіп

Ғажайып өмір сүрген тыныш бақта.

Аяғын көгершіннің сақиналап,

Жарлығын жіберіпті, хатын байлап,

Қауіпті алыс жолдан арып-ашып,

Жететін «хат тасушы» жылдап, айлап» дейді тағы да поэма.

Көріп отырғанымыздай айшылық алыс жерлерден ақпар алатын көгершін поштасы да осы бір кездің байланыс құралы екен. Бұған біздің «Алтын сақа» ертегісіндегі ата-анасынан жырақ қалған баланың қарлығаш арқылы бес төбетіне сәлем айтуы, тағы бір ертегідегі тұтқынға түскен батырдың еліне хабар жолдап, оны шаңыраққа қонған құс аяғындағы белгіден анасының аңғарып қоюы, эпостағы Төлегеннің соңғы демі таусылар шақтағы төбедегі алты қазбен мұңдасуы құс поштасының негізгі мотивтері ғой. Мінекей, атағы шар тарапқа жайылған Му милләті осылайынша шат-шадыман ғажайып ғұмыр кешіп жатыпты. Енді сөзімізді осы жерінен сәл ірке тұрып, кезекті Атлантида құрлығына берсек пе дейміз.

Ескі аңыздың сүрлеу жолы Элладаның жетi кемеңгерінің бiрi Солонның Мысыр жеріне қыдырып барғандығын айтады. Ол онда ескі сөз ұстартқан қарияның ауызынан ілкіде Афинамен бәсекелес болған Атлантида елі туралы әңгiме естидi. Ұстазы Солоннан естіген сол әңгіме сорабын Платон өзiнiң «Тимей» және «Критий» атты пәлсафалық еңбектерiнде кеңінен баян етеді. Алғашқы тамыздығы Солоннан тұтанған осы бір тақырып кейін келе үлкен ұғымға ұласып, ол күні бүгінге дейін күн тәртібінен еш түспей келді. Осы мәселе ғылымдағы «Атлантология» деген жеке атау тіктеген ғылым саласының қалыптасуына да себепші болды. Осыған байланысты ғалымдар пікірі де көп көзқарастарға бөлінді. Бірінші көзқарасы жақтайтындар Платонның айтқандарын ұстанып Атлантида б.д.д. 9500 жылдарға дейін өмір сүрген десе, екінші жақтағылар Атлантиданың жойылу кезеңін б.д.д. 1550 – 1226 жылдар, ал үшінші тараптағылар бұл уақытты б.д.д. 8499 жылы деп көрсетеді. Бұл үш көзқарасқа да қосылмайтын тәуелсіз ғалымдар тобы бұл пікірлерді тіптен балаң санап, оның бастауы тым әріде жатыр дегенді айтады. Олардың пікірінше, Атлантида 12 млн жыл бұрын пайда болып, 1 млн жыл бұрын жойылған көрінеді. Рас, Атлантидаға қатысты қалам тербеген қазақ қаламгерлері көп. Соның бірі әм бірегейі Әмірхан Балқыбек еді. Құрандағы Һұд сүресінде айтылған аятты мысалға алған ол Атлантияны ежелгі түркілер мекені болған деп болжам жасайды. Құрандағы Ғад пен Ад қауымының тарихи орынын анықтап, сондай-ақ осы атаулардың өзара дыбысталуының бiрінен-бiрi онша алшақ емес екендігін айтады. Осы екі сөздің түбіріне жалғанған «Ланд» сөзі латын тiлiнде жер дегендi мағына беретіндігін, енді Атлантида сөзiн кең таратып оқитын болсақ, Ад бен Ғад мекені деген мағына шығатындығын жазады. Әрине, Әмірханның бұл жердегі сөзтаным болжамымен келісуге болады. Рас, тілдің пайда болуы мен қалыптасуы деген ұзақ процес. Тіл тарихы мен оның жүрген қым-қуыт өткелектеріне қарап отырып, «Тіл – жаратушының адамға берген сыйы» деген анықтаманың қып-қызыл өтірік екендігін көресің.

«Бір ғана дауысты дыбыстың тіркесінен тұратын тілдік бірлік, түбірлер мен негіздердің түпкі тегі болып есептелетінін» өзінің «Түбіртек теориясы» атты еңбегінде Берікбай Сағындықұлы толыққанды дәлелдеп жазған-тұғын.

Сонымен, ескі дерегі хатқа түскен бұл қос құрлық бүгінде қайда кетті?! Манағы адамзат өмірінің мамыражай гүлстанға айналған ғажайып ғұмыры шынымен-ақ жер бетінен біржолата өшкені ме?

Ақ пен қараның алмасып отыруы өмірдің негізгі заңдылығы десек, «жұмағы» бар ғұмырдың онда «тозағы» да бар болғаны ғой...

Сонымен, Ай аспанға қалай шықты?

Бүгінгі ғылым Айдың пайда болуына байланысты ежелден келе жатқан мына бір үш болжамды көлденең тартады. Біріншісі, Ай бір заманда өзінше бөлек бір ғарыш денесі болып Жердің жанынан өтіп бара жатқан шақта оның тартылыс өрісіне тап келіп содан бастап жер серігіне айналған екен деседі. Екіншісі, Жер мен Ай күн төңірегіне жинақталған ғарыш тозаңының ішінде о бастан-ақ бірге пайда болған.

Үшінші болжам, Ай жеріміздің бір бүйірінен өз осінің жылдам айналысы кезінде ортадан тепкіш күштің әсерінен бөлініп шыққан.

Әрине, мұның бәрі көп жылдардан бері айтылып келе жатқан қария болжам.

Қазір көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан ғарыш технологиясы Айдың пайда болуы жөніндегі төбедегі үш теорияға біраз түзету жасап, мына бір болжамды қуаттайды. Ай өзге ғаламшарлардың тарихымен салыстырғанда тым берідегі дүние. Ол Жерге үлкен бір аспан денесінің соқтығуы салдарынан пайда болған. Сөйтіп, жеріміздің 13,5 бөлігі бөлініп кетіп, ол шыр айналып барып шар пішініне еніп, жердің тұрақты түрде серігіне айналған.

Бұған ең басты дәлел дейді ғалымдар, «Айдың өз осінен айнала тұра Жерге тек бір бетімен ғана көрініп, келесі бетінің ешқандай да көрінбеуі осыны меңзейді» дейді. Біз мана естеріңізде болса, сөз басында киелі кітаптарға тек ритуал көзі ретінде ғана емес, адамзат баласының басынанан кешірген тағдыр-тәлайы ретінде қарау да дұрыс деген болатынбыз. Құран мен Інжілде, қала берді Тәурәт пен Забур парағында Жаратқанның қаһарына ұшырап жермен-жексен болған қалалар мен халықтар жайында мәлімет көп. Айталық, Құран-Кәрімнің Һұд сүресiнде баяндалатын «Оларға апат әмiрiмiз келген сәтте, ол жердiң үстiн астына келтiрдiк. Сондай-ақ үстерiне ерекше әзiрленiп қыздырылған тас жаудырдық» деген аят дерегін Әмірхан Балқыбек Атлантида елінің тағдырына телиді. Аталған ел осы бір сұмдық апаттың салдарынан жер үстінен біржолата жойылып тынды деп болжам жасайды.

«...Мұндай жанартауларды «Құран» дүниеге келгенге дейiн араб елдерiнiң территориясынан кездестiре аламыз ба? Әрине, жоқ. Сондай-ақ бүгiнгi араб мемлекеттерiнен зiлзала, жермен-жексен етер жанартау тасы алауының астында қалу қаупi төнiп тұрған елдi мекендердi таба қоюымыз неғайбыл. Демек, «Тәурат» пен «Құрандағы» қорқынышты әңгiмелер тек араб немесе жебiрей елдi мекендерi ғана емес, олардан сыртқарақта орналасқан қалалар жайында да болуы мүмкiн» дейді қаламгер. Сөйтіп, Атлантида елінің басына орынаған жантүршігерлік оқиғаны жанартау апатына балайды. Осы жерде біз ақынның «жанартау тасы» деген сөзіне сәл ғана толықтыру жасағымыз келеді. Бұл ешқандай да жанартау тасының көктен жауған күп-күрең қоламтасы емес, аспаннан түскен комета еді деп қорытынды жасауымызға болады. Сөзіміз жаңсақ кетпес үшін жаңағы айтылған Құран аятына қайыра оралайық.

«Оларға апат әмiрiмiз келген сәтте, ол жердiң үстiн астына келтiрдiк. Сондай-ақ үстерiне ерекше әзiрленiп қыздырылған тас жаудырдық» ( Һұд сүресі, 82 аят).

Осы аяттағы айтылған деректерді адами өлшемге айналдырсақ шамамен мынадай болып түзіліп шығады ғой. Аспаннан ағып түскен алып кометаның (қыздырылған тастың) салдарынан жердің асты, үстіне шықты деген ойды түсіну онша қиын емес секілді. Бұған иланбаудың соншалықты орыны да бола қоймас деген ойдамыз. Бүгінде жерге түскен ұсақ кометалардың 100-ден астам қазаншұңқыр белгілері бар. Егер естеріңізде болса, 1994 жылы Күн жүйесіндегі ең алып планета Юпитер мен Шумейкер-Леви атты кометаның өзара соқтығысы жер үсті халқын біраз дүрліктірген болатын. 1966 жылы Икар атты алып аспан тасының Жерге қарай бет түзегендігін, әйтеуір құдай қаққанда оның мекенімізбен еш соқтықпай өте шыққандығын кезінде астроном ғалымдар сүйінші сұрап тұрып жазған екен. Мінекей, қос құрлықтың да түбіне аспаннан түскен алып тастар жетіп тынған. Му континентiнiң де жер үстінен біржолата жойылуын аспан апатына балаған Д.Черчвард өзі зерделеген «Троан манускрипты», «Кортестiң кодексi», «Лхаса жылнамасы» сондай-ақ Үндістанның көне храмдарынан табылған «Тас кітаптарындағы» белгілерге сілтеме жасай отырып бүй деп жазады.

«Бүкiл құрлық бейне бір толқын үстінде тұрғандай шайқалып кетті. Көп ұзамай Алтын сарайлар мен ғибадатханалар опырыла құлап, шаһарлар тау болып үйiндiге айналды. Мыңдаған адам «Құтқара гөр бiздi, Му!» деп айғайлады. Олардың ащы айғайынан еріксіз құлақ тұнды. Сөйтіп бірер мезетте алып құрлық төңкеріле құлап мұхит түбіне зым-зия батып біржола жоғалды» дейді. Бірде эрудит жазушы Таласбек Әсемқұлов кезекті бір ғажайып әңгімесінде көне дәстүрлі қоғамда ұлт жоқ, тек төрт топтан ғана тұратын нәсіл (каста) бар кездегі Шолпан жұлдызының жерге жақындап келген сәтіндегі тартылыс күшінен туған алапат апат жайында айтып берген еді. Сонда дейді Тәкең, ең әуелі Марсқа соғылып кейін жерге жақындаған Шолпанның тартылыс өрісінен жердің асты үстіне шығып үлкен апат орын алған. Қазіргі Антартиктида ол кезде Жерорта теңізінің тұсында екен. Сол кезде жерден сегіз есе үлкен Шолпанның тартылыс күші жердегі Мұхиттарды түгелімен жұлып алып оны 16 километрге дейін биікке көтерген. Кейін Шолпан кетіп, әуедегі су қайыра жерге құлаған сәтте жер шарын 3 рет айналып өтіпті дейді ғалымдар. Сонда секунтына 460 метр жылдамдықпен айналып тұрған жер шары үлкен тартылыстың кесірінен бірер сәтке кілт тоқтағанда ондағы алып жануарлар тарыдай шашылып талқандары шығыпты деген еді. «Қиял ғажайып» ертегіге жақын бұл деректерге базбіреулер жатып кеп күлетін де шығар. Ең бастысы мен иланған едім. Сенсең ғана мәтіннің толық сыры тұтас түрегеліп, көп дүниені түсіне аласың деген еді жарықтықтың өзі. Біз Таласбек ағаның айтқан бұл таңғажайып мәліметтеріне кейіннен үлкен бір тақырып қойып бөлек жазсақ па деген ниеттеміз бар. Қош...

Енді қайыра Му құрлығына қайта келейік. Осы жерде «Бұл алапат апаттан аз да болса аман қалғандар болды ма?» деген сауалдың тумай қоймасы анық. «Болды», – дейді Д. Черчвард бұл сұраққа да тұшымды жауап қатып.

– «Сол кездегі сұрапыл сұмдықтан аман қалған азғантай топ сау қалған кей жерлер мен аралдарды барып паналады. Бір-ақ, барлығынан айрылған олардың қолында ештеңе де жоқ едi», – дейді ұлы ғалым өзегі удай ашып. Сол 64 миллион адамды тып-типыл қылып ештеңе болмағандай шайқалып жатқан алып су алқабы бүгінгі Тынық мұхит едi. Рас, оқиғаның тірі куәгері де осы сексен миллион шаршы шақырымды алып жатқан алып мұхиттың өзі-тұғын. Алайда біз бұл оқиғаның куәгері тек мұхит ғана емес, ол енді екеу болды деп батыл болжам айтқымыз келеді. Бүгінгі ғылымның дерегіне сүйенсек, Айдың о бастағы бөлініп шыққан жері қазіргі Тынық мұхитының орыны екен. Әгәрәки бұл гипотеза рас болса онда сол оқиғаның тағы бір «тірі» куәгері аспандағы Ай болып шығады емес пе?! Киелі кітаптарда дерегі қалғандай аспаннан түскен осынау алып кометаның кесірінен жер үсті жүндей түтіліп, саздай иленген болатын. Ал енді осынау асты үстіне шыққан дөңгелек дүниедегі адамзат тағдырының сұрықсыз халін сұрасаңыз, ол ағылшын ғалымы Черчвардың айтқанындай еді. Алапат апаттың отына шарпылып, су астына құлаған құрлықтан құлындай шырқырап шыққан дауыстар киелі кітаптардағы бейнеленген тозақтың өз суреті-тұғын.

Ұлы ғалым Серікбол Қондыбайдың «Егерде біз жердің тарихын аспанмен және аспаннан болған ірі апаттармен байланыстырмайынша еш түсіне алмаймыз» деген сөзінің мәні де осыны меңзесе керек.

Сонымен бұл апат Айды аспанға шығарған оқиға ретінде ел жадысында қалды. Бүгінде «Айды аспанға шығару» сөзінің негізгі мәні де дүниені таң-тамаша ету мағынасында ғой. Ежелгі адамзаттың осынау қан жұтқан қасіретінен туған «таңданысы» осы сөз ішінде мәңгілікке қатталып қалса керек. Бұл үрейден туған таңданыстың тіпті де жөні бөлек. (Әйтпесе, көктегі бұрыннан-ақ бар Айды қайыра аспанға шығарып несі бар еді). Рас, сөзден артық, сөзден кәрі, нендей шежіре, қандай куәгер қажет. Адамзат не көрмеді дейсіз. Басына үйірілген небір қиямет-қайымдар мен «ақырзаман» апаттары біздің бабаларымызға «Көрге де үш күннен соң үйренесің» көмпістігін еріксіз айттырды емес пе? Бірақ, бұл сөздердің тарихи байыбына барып, нарқына кім бойлар дейсің. Алжасқан-ақ екен деп айқаса кетуге даяр отырғандар бар да шығар.

e-history.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар