Хорхе Луис Борхес. Эдвард Фицджеральдтың жұмбағы

Бөлісу:

22.01.2020 3754

Христиан дәуірінің XI ғасырында Персияда әлдебір Омар ибн-Ибрахим (ол үшін бұл хиджраның бесінші ғасыры) дүниеге келіп, болашақ гашишин немесе ассасиндер сектасының [1]негізін салушы Хасан ибн-Саббахпен, Кавказды жаулап алған Алп-Арсланның уәзірі болған Низам ал-Мүлүктермен бірге Құран Кәрім мен шариғат заңдылықтарын оқып үйренеді. Үш дос өзара әзілдесіп, әрі іштегі ойларын сыртқа шығарып, егер кімге тағдыр оң қабақ танытса, сонымыз қалғандарымызды қанатымыздың астына аламыз деп анттасты. Жылдар жылжып өтіп, Низам уәзірлік манасапқа қол жетікзеді, Омар бар болғаны оның бас айналдырар лауазымға қол жеткізуінің көлеңкесінде жүріп, Жаратқаннан оның амандығын тілеп, математика жайында ой жүгіртуге мұрсат беруін өтінеді. (Хасан жоғарғы мансап сұрап, уәзірлік дәрегейге үміт етеді) Нишапурдың жомарттығымен Омар жыл сайын он мың динар сыйақы алып, өз ғұмырын ғылым жолына арнайды. Ол жөйіт астрологиясына сенбей; астрономиямен айналысып, сұлтан жүргізген күнтізбелік реформаны қолға алып, алгебра бойынша атақты трактатын өмірге әкеледі...[2]. Сан мен жұлдыз құпиясы оған оңайлықпен сырын ашпайды; кітапханада жападан жалғыз ислам анналдарында Мысырлық Платон немесе гректік Ұстаз атанған Плотин мәтіндерін адал бауырлардың [3] универсум дегеніміз Бірліктің қайтып оралып отыратын эманациясы деп тұжырымдалатын еретиктік және мистикалық 50-ден астам жолдау Энциклопедияларын оқып-үйреніп... Оны заттан тыс әмбебап форма өмір сүрмейді дегенге сенімді басқа дінді қабылдаған әл-Фараби (прозелит әл-Фараби) [4], әрі әлем мәңгілік деп ақылмандық айтатын Авиценна атандырады. Бір хроникада адам жаны хайуанға қонады дегенге сенеді немесе метемпсихоз нанымын ойыншыққа айналдырып, әрі бірде Пифогордың итпен сұхбаттасқаны сияқты есекпен ой бөлісті деп айтылады [5]. Ол – дінсіз, Бірақ Құран Кәрімді ешкімнің шамына тимей тәпісірлей біледі. Омар ибн-Ибрахим әл-Хайями астрономия, алгебра мен апологетикадан қолы босап, мойыны жар берген шақта 1, 2 және 4-сі өзара ұйқасатын рубайларын шығарды; толық редакциясы оның авторлығына 500-ден астам төртағанды еншілетіп отыр, әрине саны асып бара жатпаса да, Персияның даңқын арттыру үшін (Испаниядағы Лопе [6] мен Кальдерон замандарындағыдай) ақын өнімді де, жемісті еңбек етуі керек. Хиджраның 517 жылы Омар «Жалғыз бен көп» деп аталатын трактатын оқиды; дімкәстік немесе дімәстіктің нышан-белігісі оның оқуын үзіп жібереді. Ол орынынан тұрып, кітап парағын белгілейді (тағдыр басына ендігі жерде зағиптықты жазған еді) де, одан кейін Құдайға жалбарынады, өзінің алгебрасының күрмеуінің шешімі қиын беттерінде Алладан шапағат тілеп құлшылық етуінің сілемі қалған шығар... Тап сол күні ол келместің кемесіне мініп, кеш бата дүниеден озды. Ал, дәп сол шақта ислам картографтарына белгісіз жер шарының солтүстік-батысындағы аралда Норвегия королінің сау-тамтығын қалдырмаған саксон королін норман герцогы тас-талқан етеді [7].

Бірде тарих құзынан құлаған, бірде аспандай дәуірлеген, енді бірде бұлғақтаған жеті жүз жылдықтан кейін Англияда Омарға қарағанда біршама білімді, әрі көңілі тез жабығатын, жүзін қайғы бұлты торлаған әлдебір Фицджеральд өмірге келеді. Фицджеральд маңдайыма жазылған шынайы пешенем әдебиет деп танып, алаңсыз әм табандылықпен шығармашылық тер төгеді. «Дон Кихотты» қайталап оқудан еш жалықпай, өз пікірінше, әлемдегі ең үздік кітаптың бірі деп танып, (Шекспир мен dear old Virgil [8] ілтипат білдіріп кеткені де орын алады), сөзден маржан теріп, өз сүйіспеншілігін тезаурусқа [9] төгеді. Ол кез келген адам егер жан-дүниесіне әлдебір әуен қонақтайтын болса, онда жұлдызы оңынан туатын болса, өз саналы ғұмырында 10-12 өлеңнің басын қайырып шығарып тастауға қабілетті екенін аңғара біледі, бірақта өзі сырбаздықпен одан бойын сырғақтап ұстайды. Ол даңқтылар (Теннисон, Карлайл, Диккенс, Теккерейлермен) досжар болып, өзінің дегдарлығы мен зипалығы жағынан олардан еш кем түспейді. Ол талғаммен жазылған «Эуфранор» [10] диалогын және Кальдерон мен ұлы грек трагиктерінен жасаған аудармаларын жариялайды. Испаншаны оқып үйренуден, парсыны оқып үйренуге басы бүтін ауысып, ...Самұрық[11] құс әлемді шарлап, шарық ұрып өз падишаһын іздейтін... мистикалық эпопея «Мантик-әл-Таирді» [12] аударуға бел шеше кіріседі. 1854 жылдың шамасында әліпбиілік ұйқасу принципімен түзілген қолжазбалық Омар шығармаларының жинағы оның қолына тиеді; Фицджеральд бір өлең жолының ырғағын латыншалап, соның негізінде таңсәрі, райхан мен бұлбұл образдарымен ашылып, түн және моламен аяқталуды паш ететін тұтасқан және төлтума кітапты түзіп шығудың мүмкіндіктерін қарастырады. Осындай асқан ауыр және шындықтың ауылынан тым алыс мақсатына қол жеткізу үшін Фицджеральд оған қайғысыз-қамсыз, жалғызбасты және бірбеткей фанатиктік ғұмырын арнайды. 1859 жылы кейін басқалары ізін ала әр алуандықпен көркемделе туындайтын «Рубайяттың» алғашқы аудармасын жасайды. Таңғажайып жайт орын алып: поэзияға басын иген парсы астрономының жемісті симбиозы мен ой түбіне бойламай, шығыс және испан кітаптарына ден қойған ағылшының одағайлау кеңкелес қылығынан не анаған, не мынаған ұқсамайтын даңқты ақын өмірге келеді. Суинберннің жазуынша: Фицджеральд «Омар Хайямға Англияның ірі ақындық тағынан түсіп орын береді», осы даңқы асқан кітаптан дүниені романтикалық және классикалық аңыста қабылдайтын Честертонның аңғарғаны [13], оның тінінде бірмезетте «әуен қара үздіріп, мәтін ұзарады». Кейбір сыншылар Фицджеральдтық Омарды ағылшын поэзиясындағы парсы аллюзиясы деп санайды; Фицджеральд – құрастырушы, әрін келтіре өңдеп, жаңаны өмірге әкелуші – бірақ та, біз оның «Рубайятын» көне парсы поэзиясы деп оқуымызды талап етеді.

Осы жағдай метафизикалық жосықтағы күмандануды тудырады. Омар (бізге мәлімі) жанның сан мәрте қонақтауының платондық-пифагорлық доктринасын ұстанды; ғасырлар өткен соң, оның жаны кезінде Нишапурдегі математика езіп-жаншып тасағандықтан арылып, латын шырмаған алыс герман тілінде Англияда қайыра жаңғырып, әдеби тағдырға иелік етті. Исаак Лурия эль Леон бізді оқытып, құлағымызға құятын өлген адамның жанның өмірде жолы болмаған жанға қонып, оны қолтығынан демеп, үнемі жебеп, жол сілтеп қолдап отырады; мүмкін, 1857 жылы Омардың жаны Фицджеральдқа қонған шығар. «Рубайятта» айтылатын бүкіл әлемдік тарих дегенміз – бұл Құдай ойлап тапқан, қойған және сырттай бақылайтын қойылым; бұндай бақылау (терминологияда «пантеизм» деп аталады да) бізге ағылшын парсыны қайыра тірілте алды, өйткені, екеуі де Құдайдың пейілі немесе кездейсоқ назары түскен пенделер еді деп ұйғарым жсауымызға мүмкіндік береді. Өте-мөте ақиқатқа жуық, біршама таңғажайып, әрі ақылға еш сыйымсыз тылсымды ұйғарым мен игі үйлесу гипотезасы бір-бірімен сәйкеседі. Кейде аспандағы бұлт тау мен арыстанның формасын қабылдай алуы, Эдвард Фицджеральдтың жабыңқы келбетімен оксфордтық Bodleyana [14] сөресінде тарс естен шығарылған ақшыл көк түсті әріпті, сарғайған манускриптің әлпеті айна-қатесіз ұқсап, тамыр-таныстықпен поэзия формасын иеленді. Кез келген қосаравторлық жұбақ жағдаят. Ал, енді ағылшын мен парсының қосаравторлығы болса, мүлдем өзгеше дүние, не болмаса олар бауырлары жабыспай, шындық өмірде кезіге қалса, дос болмақ түгіл бір біріне қолдарын да бермес еді-ау, ал, өлімі болса, соңғысының біріншісі турасында білуіне мүмкіндік беріп, тағдырдың басқа салуымен бір қазанда екі бөлек жан бірге қайнап, бір ғана ақынға айналып шыға келді.

ЭДВАРД ФИЦДЖЕРАЛЬДТЫҢ ЖҰМБАҒЫНЫҢ ЕСКЕРТПЕЛЕРІ

Алғаш рет 1952 жылғы «Жаңа іздестіру» жинағында жарық көрді. Орысшаға: ОС, 688 – 690 Б. бойынша аударылды. Фицджеральд туралы ғұмырнамалық деректі Борхес Эдмунд Госстың «Эдвард Фицджеральд» (1912) кітабынан ауысып алған.

1 Сунниттерге қарсы XI – XIII ғғ. лаңкестік күрес жүргізген исламдық ағымның «гашиш тұтынушы» деген еуропаланған атауы.

2 Сөз бұл жерде Мәскеуде 1981 жылы шыққан Хаййями Омар. Трактаттарының 69 – 112 Б: «Алгебра мен алмукабаланың есептерін шешу туралы трактат» жайында.

3 Бұл арада сөз сопылық ағым жайында (Сол трактаты. 186 Б.).

4 Аль Фараби.Логические трактаты. Алма Ата, 1975. С. 159.

5 Яғни, метемпсихоз принципі бойынша; Диоген Лаэртский бойынша Пифагордың ертеректегі жаны түрлі адамдар мен хайуандарға қонған.

6 Тар ауқымда Лone де Вега Карпионың заманы, кең ауқымда – XVII ғасырдағы испан әдебиетінің алтын ғасыры.

7 Жаугер Вильгельм (1027 – 1087 шамасы); сөз 1066 жылғы Гастингстегі шайқаста Жаугер Вильгельм англо-саксон королі Гарольд II жеңіп, Англия королі атанғаны туралы болып отыр.

8 Арман болған Вергилий (ағыл.)

9 тезаурус –лингвистикалық және тарихи-мәдени аспектідегі барша ақпаратты қамитын тілдік сөздік.

10 Фицджеральд 1851 жылы шығарған діни-философиялық «Жастық шақпен диалогы».

11 Симург//Самрұқ – Борхес біз қазақшаға қысқартып аударған Фицджеральдтың ағылшынша аудармасынан (Variorum and definitive edition of the poetical and prose writings of Edward Fizgerald. N. Y., 1967. V. VI. P. 199 – 200 ) дәйексөз келтіріп отыр.

12 Сөз 1857 жылы Гарсэн де Тасси парсыша мәтінін жариялаған Аттардың бәрінің бірлігі туралы сопылық доктринаны танытатын поэтикалық эпосы. Фицджеральд 1862 жылы өзі жасаған тәржімасын «Құстар Ассамблеясы» деп атап, Үндістандағы Эдмонд Госсқа жібереді.

13 «Викториан ғасырындағы әдебиет» кітабындағы «Ұлығ викториан ақындары» тарауынан (Chesterton G. К.Victorian age in literature. N. Y.; P., 1913. P. 193) дәйексөз келтіріліп отыр.

14 Оксфорд университі жаныдағы Бодлей атындағы кітапхана.

Аударған: Әбіл-Серік Әліәкбар

Бөлісу:

Көп оқылғандар