Сұраған Рахметұлы. Бақыт формуласы немесе Досхан Жылқыбайға хат!

Бөлісу:

03.02.2020 7881

Аға буын ақындардың қазақ поэзиясына өзіндік лебімен келіп жатқан, қалың оқырманға танылып жүрген жастар шығармашылығы турасындағы бір ауыз пікірінің өзі - көңілге марқайыс сыйламай ма? Осы тұрғыда Сұраған Рахметұлының "БАҚЫТ ФОРМУЛАСЫ немесе ДОСХАН ЖЫЛҚЫБАЙҒА ХАТ" атты көлемді толғанысын жариялап отырмыз.

Досхан! «Квантыңызды» оқыдым, ақ өлең секілді!

Жалпы сіздің тұтас тұстастарыңыз мені қатты қызықтырады. Поэзиядағы желпіністері де, әрбірінің орны да! Харизматизмі басым! Осыдан неше жыл бұрын Бекзат Смадиярдан бір хат алып қатты «сасқаным» есімде! Содан поэзияның ұлы сүрлеуінде жүрген, поэзияның түрленуіне қатысы барлар деп Шерхан Талап, Батырхан Сәрсенхан, Арман Шеризат, Біржан Ахмер т.с.с. ақындарға шұқшидық. Желілерден Абай Ораз, Айдын Байыс, Нұрболат Жолдасбек, Еділбек Дүйсен, Ұмтыл Зарыққан, Оразай Жеңіс, Алтынқадыс Күнтуған, Асылбек Бардам, Нұрбол Мұратбек... деп іздей бастағанмын... Хэмингуэйдің кіртиген көзімен «стилизациясын» көргім келген. Әуелі сол кішкене Бекзат Смадиярдан ересек Хасан Әли Топташты табатынмын. Бекзаттың «Адасқағы» жантылсымы символдық бойымен сонылыққа меңзейтін-ді.

...Сол кеште,

Көкжиек орамалына үкі таққан кеште,

Үмітім,

Ұятың,

Ортақ күмәнді

Дастарқан басына сыйдырып,

Аңсарсыз мезетке бағыштап отыра беруге

Дәтіміз жетті -

Қасіретімізге бауыр басып кетіп ек, әсте.

Сол сәтте,

Кемиек түн тасбиxын тарқата бастаған сәтте,

Кембағалдық молда қылған ағаның

Шимай-шимай сеніміндей

кетік кесемен

Шәй ұсындың -

суып қалған шәй.

Суып қалған...

Әттең!

Топташтың «Жалғыздық» деген өлеңінен «...қасіретімізге бауыр басып кеттік...» деп мөп-мөлдір мұңлы элегияға малтыққан Бекзатты көрер едім!? Арасында өзінің өзгеше үнімен қоңырлатып келе жатқан Ұмтыл Зарыққанды да... Оқимыз да сан ғасырлық тарихты көшпелі жұрттан көтерілген бөлекше эстетикалық құбылыстарға тәнті болар едік! Бекзат – өзгеше, Ұмтыл – өңге... Ұмтылдың жандүниесіндегі жұмсақ әрі кері дүмпулі дауысы «...өртенген теңізге құлап бара жатқан Күнге...» қарай айқайлап тұратындай. Экспрессионизмде көркем сүгірет пен әуен, поэзияда бейнелеу болса – соның салмағы оның ақ өлеңдерінен көрінер-ді. Біздің таным жалпылай Күнге қарай алмайтын көлеңкеде өсті. Содан болар жатырқаумыз бірімізге. Ұмтыл іні сан қабатты ғайыбына ұмтылған интуициялық қырағы жыргер екен!

КАФКА

Алты бұрышты ғаламның алыс шетіндегі

сол бір бейбақ жан

және оның шүңірек көзі

шүңірек көзде малтыған мен

мен және менің асқақ отаным

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде.

Қысқа қанаттарымыз алып аспанды қармап

тұншығамыз сонша

өз қабырғамызбен қалаған

қуыс «Қамалдың» ішінде.

Сол бір шүңірек көз

уытты

үрейлі

һәм қаһарға толы,

менің ішімде де бар сондай

түпсіз меңіреу үңгір.

Шөлдегі шыңырауға құлаған

сынған сәуленің деміндей

жым-жылас ғұмыр.

Мен сол шыңырау ұшындағы

шүңірек көзден ұшып

қонарға қалқа таба алмай

түнектен қайтқан

қанаты күйік құс сияқтымын.

Салқыны соққан

сан мың жылдар соқпағындағы

адамзат ар-ұятының.

Кафка –

өртенген теңізге құлаған күн

күн ішіндегі жойқын жарылыс

жарылыс ішіндегі біз

біз және біздің бейбақ отанымыз

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде

және сондай асқақ кейіпте

тіршілікті қайтадан бастасақ дейміз

жым-жылас орманның түбінде...

Бұлар, яки біз айтқан топ ештеңеге айналмай ескі (қасаң) дәстүршілдікке онша байланбай су жаңа леппен шауып келе жатқандар!!! Осылай бір толқынды мың толқын қуалап келед». Поэзияның тосын бір парағы секілді. «Толқынға қарап, ойланып...» отыруға уақыт жетіспейді. Шет жүрген бізге олар туралы толық білу «бақыты» да кемшін. Сошиал (social) деген әлемен сәлемдесіп қаламыз олармен.

«...Екі жыл бұрын жазыппыз...» немесе «...Бұл туралы бір жыл бұрын осылай деппіз...» деп кейбір кезекті постыда желпініп отыратындарды көзіміз шалып қалады, әредік. Биыл жазғанын екі жылдан кейін оқитынымыз болмаса... Ештеңе... Кім не демейді!? Ашық есік келген заман! Данышпандық кінәрат, жұлдыз сырқаты... Көңілі толмай үнемі қамығып, ашығып отыратындарды кейде әдейі ақтарып көреміз. Осы адам шын қайғыра ма, әлде?.. Бәлки уақыт, кеңістіктен (chronotope) асып, тасып бара жатқан бірдеңесі бар ма деп!? Қайран уақытың босқа кетеді. Құр қаңылтыр даңғырға жолығып көңілің ұялып, құлазып қалады... Жартымды ештеңесі жоқ... Сыни критика делінген таптауырын сүрлеулі мақалалары баяғыдағы бізге «алтын көпір» болған сәбеттік теориялар шеңберінен аса алмайды. Үйретеді, ақыл, нақыл айтады, синдромды дөрекі сөзбен тәлкек қылғысы да бар!? «Мылқаулығыңа» мына ортада мүлде болмауыңа тілектес!

От көсейді, сыналушының жеке басына соқтығады. Тіпті отбасына, әке-шешесіне де тиіседі!? Өз әйелімен ЗАГС-теткенін де... Әл жәйі келіссе жасырын жас тоқал, әлимент жапсырып ойнайды.

Ұзаса бір, екі теңеулер сүйкейсалды сүркей жарамсақ мақтаулар, жарымбақ жасанды монтаж, бұқа тамсаныс, бұлағай жапсырмалы коллаждар. Біреуге орынсыз теңеп, біреумен жауластыру, арандатумен барып әрең бітеді. Шаршап қаласың! Жазып отырған қазымыр жазғанды «осыны өзі қайталап оқыса жазатайым жазым болып кетпей ме...», - деп іштей аяйсың!

Өткенде өте қырағы жазушы Думан Рамазанның «Қазақтың кейбір мінезін жақтырмайтынын...» оқығанмын. Бірін қоймай бәрін жіліктеген еді. Енді оны жаза берсең қайталау болады.

Сын – идеологиялық кесірлі идиоттардың жасанды көзқарасынан пайда болмайды. Сын – өренжілердің өзінше өрнектеген тіпті кейбір көз алдаған дипломдық жұмысынан да өңге. Сын – идеологияға да көзқарасқа да қатыссыз таза психологиялық шеберліктегі әдеби сауап!

Оның сараптамалық, аналитикалық, эсселік мән-мағынасы күйретілмей дөп өбісіп, тыңкелкі келтірілуі керек қой. Сөнген соцреализм былай, әзірге тірі Батыстық әсіре қисын, Шығыстық кеп, Еуроцентрлік біржақты нарративтік (narrative) тұйықтамаларды оқырман жөнді қабылдай алмайды. Майға орап берсең ит жемейді! Біреуге тиіспей отыра алмайтын біреудің мініне қатты шөліркелеп, сілекейлемесе тынбайтын бейазапшылар бүткіл әдебиеттің өрлеуіне бөгет. Жазушы мен биліктің жанды қарымаралық қатынасы, риясыз, жарамсақсыз, сатымсыз қарасы да болған ертеден. Жазушының билікке шүйліккенінен үндемегені нашар, тегіннен.

Біреу, біреулерлермен айтақтасып, жұлысушылар жақындағы біз түгілі сона-а-а-ау алыс шалғай түстіктегі жазу үстелінде отырған классик, қазақ әдебиетінің алдаспаны Мұхтар Мағауинге де тиісіп, өзінше ғұламасаят құрып, әпербақаншылып жатқанын көреміз!? Құтырынады, қағынады, дуэльге шақырады т.с.с! Қызығы сол, шалғайдағы Мағауинді кекетіп, мұқатқаны жарайды енді, тіптен даттағандары да өте ауыр оқылады екен сондайлардың?! Асқар тау секілді асқақ, Ұлы жазушының шуағы бәріне жеткілікті емес пе еді!? Мұқаң (Мағауин) «Әбіш екеуімізі» тағы сол секілді алмас эсселерімен бірнеше дүркін дүрліктіріп алды! Өте ұрымтал уақытында ұсынылған дүниелер. Трайбализмшіл (tribalism) төбел топ екі тұлғаны шақпақтап, егектете бастаған тұста деймін! Шеттен найзағай соқты! Ортадан шеттетілген оттар маздағы осылай көрінсе керек.

Бір кезде Стефан Цвейгтің керемет хаттары да шетте жазылған-ды. Мағауиннің «Шыңғыс хандай» сүбелі дүниелері төрт кітапқа еңсерілуінің өзі жазушының сапарнамасының ұлы бедері. Ертеректегі «Мені», жуық шамадағы «Жармақ» шыққанда буынып өле жаздағандары бар. Жазушы осы ғаламның қай жағында отырып жазса да кімнің шаруасы қанша!?

Француздық Андре Моруа да (1885-1967) жүз жыл бұрын ғажайып қалам тербеген осылай! Екі он тоғыз қатарласқан (1919 ж.) жылы «Отарлықтың сыры», кейініректе «Періште де жалмауыз да емес» деген екі эссесі күшті түрен көтерген!

Енді қылмыс емес қой бұл. Жазушы айтуға, жазуға аманатты жан. Жақтырмағандар жаба тоқысын! Осы заманғы дүниеде сорақылықтар түгел жойылып кеткен жоқ, жойылмасы да анық. Жаңа қасіреттер қайта пайда болды. Жазушының жан азаттығына жол ашу, оны оқу, болашаққа болжаммен оқыту жағы тіпті кемшін. Оқырманды таңдандыратын жаңа леп, тосын форматтағы тың суреттемелер жария етілмейінше ештеңе өзгермейді. Мың мәрте жарнама, мың бір атты қырбайшылық желіде тізіліп тұрсын мейлі. Желі дегеніміз ары кетсе пәкін-шүкін ақпараттардың байланатын діңгегінен басталып, іргелі әдебиеттің діңі тұнатын орны. Әлеуметтік желі әр жазушының жарты айнасы. Айнаға қараған сайын су жаңа кескін талап етілер заман бұл. Синергетикалық талшын тамырлар қоғамның ағзасын түгел шандыған тұста жеңіл қайық, жел сөзбен көп жол ұта алмаймыз-ау!?

Беу, Досхан – ай!

Қазақтың поэзиясының ертеңінің түренін тыңдау қандай ғанибет! Шіркін! Келе жатқан уақыттың үні. Бір кездегі бір дәуірдің басынан ағып өткен сәттердің қайта айналуындай!

Бір топ жас ақындардың өлеңдеріне қарап отырмын. Таңданам әрине. Сирек, сирек кездесетін раноты секілді андыз һәм ішкі пәк арпалыстары сүзімді... Шимай, шатпақ емес. Ешкімге ұқсағысы келмейтін ниеттері де бегдеу керім. Керемет ылпылдап тап-таза соғып тұрған тамырларының құлшынысына қуана қарайсың. Кейбіреулер оларды да тістеп қалып жатады. Мейлі. Біреуге жағыну үшін жазылған жырлардың ғұмыры қанша!? Ақын – өз үлгісінің жолында өледі. «...Бұрқасын да сөйлейді, бабалардың тілімен...» аллюзиялық бұл кестесөз Біржан Ахмердікі.

Поэзияның ауылдық деңгейі мен ғаламдық биіктігі туралы түсініктің арасына қыстырылып қалмауға талпынушы жастарға құрметпен қарау қиын емес секілді. Талпынуды құртатын әрекет бекер – табынушылықта. Алайда жас ақындардың түгелге жуық дерлігі осы бір имиген қармақ секілді сұрау белгісіне іліне беретініне таңмын!?

Жазған жырларының сиясы кеппей тұрып суық жүздерге жиі тап болып, зілді болмыстармен бетпе-бет келетіні қиын. Жас поэзияның бір ауыз жылы сөзге зәру болуы оларға кейде астыртын жасалатын түрлі қиянаттардан да қиын секілді. Әрине қара өлеңнің өрісінен қалып қойып, әншейін ақ өлеңге ілесіп кетіп жүрген бірен – сарандары болуы мүмкін. Оларда кіна жоқ. Үйірін табатын шығар айналып!? Айып тағуға ерте. Мұндағы басты сабырғайып –жас ізденісте!

Өлең – метаөрнектен құралмақ. Өрмекшінің торын оқыған кім бар? Жоғарыда сөз етіп, төменде тоқталатын жастардың бәрі ақын болып кетеді деуден аулақпыз. Бірақ, қазақ жас ақындарында үміт көп. Үміт – ақының көзі.

Бәріміз осы кезде әсіреамерикашымыз... Біз бұл құрлықтың тағамы туралы, оның дәміне тұшынған жазбаларды көп байқаймыз да. Сол тыныш американы ХІХ ғасырда туып ХХ ғасырға қарай күшті демеп, қозғап жіберген екі пақыр ақын бар еді. Эмили Дикинсон (1830-1886) және Эзра Паунд (1885-1972). Эмили Дикинсонның «Үміт дүниесі» (1886) деген шағын жинағына жабылып піскілегендер аз болмаған. Бүткіл оқырман мұншалықты мықты қайрат – «төмен етекті» Эмилиден шығар деп ойламаған шығар!?

Эзра Паунд болса латын әлемінен грек ілімін, фанцуздық ғажайыптарды, испандық, германдық, ағылшындық құнды үлгілердің бәріне өз, өз кілтімен бара алды. Ол ақыры тесіп шықты. Метағарыш сырының адамның жасырын ой-санасына қаншалықты әсері барын болжаған ғылым әзірге жоқ. Болса тек долбар ғана. Қазақ поэзиясында түрен көтеріп келе жатқан жас перілердің (ерекшеледім – Р.С) поэзияда ояна бастауына барынша разылықпен!

Осыдан бірнеше айлар бұрын кенет қабағымның астына – «Мазартастағы жазу» атты өлең байқалған. Жайлап, нақты төзіммен оқып шыққамын. Таңның шаңқан атуына қораздың қалайда бір қатысы бар дейтін тұспалды ақ шумақтар. Алжыған иттің иесіне қарай шабатынын нұсқаған көне білік. Батыс пен Шығыста ертеден бар үлгі һәм психологиялық мәндегі ұстын. «...жер қыртысынан ми қыртысна дейін...» ұзақ сапар шегуші шәһиридің есім сойы, ақиесі Файзолла Төлтай. Мұндағы өлеңіндегі ой ұшқыны шексіз. Тартынбайды, ешқайда да! Сенімді, әрі «...сөздерге жерлеген ойлар...» -дың соңына түседі. Гомердің алып көлеңкесін жамылып отырып кетік кесемен шарап ішкен сүгірет немесе мифтік елес... Өлең үш ойға бөлінеді де әппақ шумақпен шашырайды. Бұған енді қандай «измді» икемдеуге келеріне ой жіберу керек!? Белгілі бір бағытқа да таңып тастағымыз келмей отыр. Мүмкін постмодерндік жаңа палимпсестік пайым... Ой жиегіндегі мұндай сөз түбіне шөгу үшін осы өлеңді оқып көруіңізге де болар.

1

Мағырып пен мәшүріптің ортасында дәл сол сынды сенделген ешкім жоқ,

өмірінің соңына дейін сенделді де жүрді,

түн жарымында таң шақырып жүрген алжыған әтештей марқұм;

өтіріктің құйрығы секілді өмірі ұзын болғанымен де сүріп жарытпады ғой, сабаз,

тәнінен бұрын жаны үлкен мазарға көміліп,

жер қыртысынан ми қыртысына дейінгі аралықты алып жатқан үлкен бір мазарға.

Ал оның артынан ел ертең аңыз ғып айтатын ештеңе қалмады,

ұйқасын құрай алмаған өлеңдердің бір-екі қолжазбасы ғана күмбездің аспанын торлап жүр,

өздерін сөздерге жерленген ойлардың рухымыз деп ойлап.

Енді сол рухтардың орақ пен балғасын ерітіп елтаңба жасаған елдің

ескі балдағына сүйенген күйі

дәл осы жерге кеп жығылған кемеңгер Абайға обал-ақ...

2

Шын мәнісінде мазардың ішінде бір ғана адам жатқан жоқ,

бірнеше ғасырлар бойы басында шырақшы болған мыңдаған адамдар жатыр,

балтырлары бір-біріне оралып;

бәрі оны тау сынды шынжырлап аламыз деді,

жел сынды мінгесіп аламыз деді,

соңында өздері шынжырға байланған тау болды,

жел болып белдері қайысты...

Қазірдің өзінде жыртық шекпен мен тесік өкшелі етікті киіп

мазардың қасынан уақыт өзіне көр қазып отыр;

қызық,

қыста көмілген өліктің иісі көктемде шықпайды деп ойлай ма сонда?!

3

Валмики мен Гомердің көлеңкелеріне сүйенгісі келеді марқұм,

Платон мен Сократқа және Шемси мен Румиға сынық кесесімен шарап ұсынады тағы;

бірақ оған бұл жолы күн мен түнді бір сәтте көретін олар ештеңе бермейді,

бергендерін де кері алып қойғалы қашан;

ал оның ескі бір балдақтан басқа өзіне тиесілі ештеңесі жоқ –

біз енді мүрдесін арқалап жүрген уақыттан еш қайыр келмегеннен кейін,

амалсыз сол ескі балдақтың мойнына мазар гүлдерін тағып,

шайтаншырағының жұпары жағылған кітапқа жерледік...

ол қазір кітаптың ішінде гүлдерді мойыномыртқадан тізілген алқа деп ойлап жүр,

кешегі алып империяны бір сүйкеп құлатқанына сенгені секілді...

...Ал енді «не түсіндің...» деп текті оқырманды қорлауға болмайды. Кірпияз Хэмингуэй айтқан «...дарға асылып қалудан да тайсалмай...» жазу деген осы болса керек! Мұндағы тұспалдық көріністер де ішкі көркем интермәтіндік драмалары да бейжай емес, тік мінезді. Ешқандай бір үлгіге бөленбеудің үлгісін толық ұққан, тоқыған.

Ақынды алғашқы беталысы мен қарқынынан шегіндіре алмайсыз. Қайыру бермейтін асаулық бар мұнда. Шашау шығармай кеудеңе ұшырап, құйыла кететін нақты бәйіт секілді емес. Ғаламның аламан қуаты сіңген жұмбақ пайымның шәрбәтіндей дейсіз бе, еркіңізде. Сіз өзіңізді басқа бір жақтан бір күштің басқарып тұрғанын елестетердей күйде ептер-тептер қалуыңыз мүмкін. Тіптен кеселділеу ашуға мінуіңіз де... Бұлай болары заңды да. Егер олай болмаса ақын өзін «...уақыттың мүрдесін арқалаушымын...» деп бұлданбас та еді. Файзолла Төлтайдың бұдан да басқа қаншама ақ жырлары (blanch) ұласа түсер.

Қазақ поэзиясының қара ала сырмақтай ғаламын жағалап жүрген бір топ қыздар да көрініп жүр. Олардың да соншама оңайшылықпен бөгделеу, бөгесінді ортамен келіскісі жоқ. Бұрқатып өтуге тәңірдің сыйындай келгендерден, Роза Аспанқызы, Әсел Кәрібай, Қарлығаш Қабай, Ақжан Аманжол, Айдана Қайсарбек, Жанар Рахат секілді жаңа есімдер таныла бастады. Солардың ішінде Роза Аспанқызының ғұмырлық шәркез сенбестігіне емес секемінен сескеніп қалуыңыз мүмкін. «...Менің кеңістігім – сенің жүрегің, сенің уақытың – менің өмірім...» деген жолдары жәй ғана айтыла салмаған болар!? Ғұмырда кезесуі заңды бүткіл «кемістікті» жайып салады.

Менің кеңістігім - сенің жүрегің,

Сенің уақытың - менің өмірім.

Сол секілді Қарлығаш Қабайдың бір өлеңіне келгенде тағы да шарқ ұрып ізденіп жүрген жаралман жүректің жандауысына тап боласың!? Өлеңнің өтімі – «Күндес».

Демек өлеңнің атында ғана емес-ті. Кермек дәмі бар дүние.

...Топырақ

бергеніміздің барлығын қайтарды.

Алғанымыздың барлығын қайта алды.

Өмірде одан асқан күндесті көргем жоқ.

Бұдан соң

барлығын теңізден алайық.

Теңізге берейік.

Ақкөңіл, көңілшек теңізге...

Өмірге алғаш жолданған топырағыңа қайтар уақытыңды да саралау... Алайда қарама-қайшы қисынның соңы ақынның осылай айтуымен бей тазаруға бет бұруы болуы керек. Адамның жұмбақ ой санасын арулаудың ең ұрымтал шумақпен бірігуі. Бүткіл дүниенің қарама-қайшылығын ашуға осындай төрттаған шымыр шағын пәлсафалар жетеді әрине! Хош!

Зигмунд Фрейдтегі көзелген гиперкілттің бәрі кез келген құлыпты аша алмасын аңдамай кеткені болса оған ақындар да өзгелер де өкінбесе керек. Ақынның байқамай жаза басып кеткен жолдарын былайғы оқырман аңдамай қалады десек біз руһтың қаһарына қалармыз. Іштен шыққан сөздің тыста қысас көруі де әбден таныс. Ең бергісі, Сартрдың «Сөзіне» болмаса да өзіне қараңыз...

Ендеше, Ақжан Аманжолдың уақытпен келісуге шығуын өзін шыңауы деп паралау орынды. «Уақыт» атымен мына қараңғы дүниеге жарық шашуды ойлап тұрған жоқ. Жарқ еткен бір жарты сәуленің бүтін образы тұр. Жарық арқылы жылуды айтады.

Жер деген ең керемет клетканың уысында сығырайған жетім білтенің жарығымен жылу іздеудің шырқауы һәм өзгеше бір тылсымның аллитерациясы! Ақжанның уысындағы – «Уақыт».

...Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны

бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ,

оның

ескі суреттерді өртеп жібергісі келді.

Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны

бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ,

ол

шылым тұтатты.

Ол қолындағы соңғы шырпыны

Күнге ұқсатқысы келді.

Бірақ,

шырпы сөніп қалды.

Япырай! Досхан сіз мұндай сезімді сен басыңыздан өткердіңіз бе, десем ше!? Бұл өлең бе, дерсіз!? Әсел Кәрібайдың өлеңін айтам. Әрине – өлең. Бұрын, соңды жазылып, оқылып жүргендерден сәл өзгешелігі бар поэзия! «Сіз...» деп сызылып басталмағаны болмаса ауаны өте кең сезім.

...екеуміз

б.з.б. мыңжылдықта да

б.з.б. екімыңжылдықта да

б.з.б. үшмыңжылдықта да

кездеспеген шығармыз,

екеуміз -

босқындар лагерінен қашып шыққан

күннен бастап

тағдырласпыз,

сенің менен өзге ешкімің жоқ секілді -

менің сенен өзге ешкімім жоқ.

қып-қызыл ұран сөздерсіз,

плакаттарсыз,

наразылықсыз,

бүліксіз,

сенің демің - менің шағын революциям

сенің қолың - азаматтық соғысым

сенің құшағың - азаттығым

бізге енді

Палестина да

Сирия да

керек емес,

бізге осы сығандардың тобырында

бір-бірімізге ғашық болған ұнайды.

Жолы болған, болмаған махаббаттың өлдім, талдымынан өңге «көзі тірісі» эстеттік құбылыс осы өлеңнің мәтінінен анық көрініп тұр. Сол тұрғыда Әселдік түпнұсқаны түгел бердік.

Жас ақын қыздардың «неге» деген сауалға жауап іздеп жүгінуі evet!

Бар жан дауысымен айқайлап оянғысы келетін, жылап тұрып қуанышты шақыратын ақын, тастүлек Тілек Рысбек екен. «Өзеннен өзенге көз салған Googl marsі» аяни сағыныштардан сауылған. Тербеліс заңдылығын оймен өлшеген физикалық аян, пайымаралық шексіздік косинусы. Судың бетіне лақтырған тастың шексіз шеңберегінен туған өлең!

...Біз кеше су бетіне шағылған шеңбер тербелістерінің көркіне құмартып өзенге үнемі тас лақтырып ойнайтынбыз.

Бұл тербелістер иірімін елестете отырып Ван Гог картинасына құлаған тастар туралы ойлана бастадым.

Мен сосын Google қаритасынан Шинжияңда қалған туған жерімді іздедім,

ештеңе өзгермеген

құдды мен өліп қалған сияқтымын немесе балалық шағын көктен бақылап

тұрған құдай секілдімін.

Кенет Экран бетінде

Қарита ішіндегі өзен жағасында тұрған балалар маған қарата тас лақтыра бастады.

Ал олар мен едім.

Мен өзімді сағындым...

Толқын айнасына шағылған қыраулы қозғалыстардың қағаз бетіндегі жолақтарын оқи алмайтын руһани мүгедектігің үшін кез келген бір қыңыр ойлы оқырманнан иіліп тұрып кешу өтінуге болады!? Бұл бір тілек! Поэзияның сүгіретке айналып барып көзге көрінер атрибуттық кестесі һәм үлгісі. Ақынның қиялы алып жер картасынан сырғып өтіп жекендегі ұмай даласына сағыныш болып жетеді. Хош!

Арман Әділбектің «Шағала мен шөл» өлеңі де өзгеше екен. Өзгеше дегеніміз қалыптан тыс деген сөз емес. Сана азаттығына шеру тартып жүрген ұшқырлығы тәуір. Американдық Ричард Дэвид Бахтың «Жонатан Ливингстон есімді шағала» (Jonatan Livingston seagull) повестьсі есімде. Шырқау көкке өзін лақтырған құстың өзінен өткендерін қиялдайтыны туралы. Қысқа, қысқа кесінділерден тұратын шумақтарда өте көп кексе ойлар қалықтап ұшып жүреді. Арман Әділбектің «...топыраққа сызған бұлт сүгіреттері...» яғни кіл симулякрі сондай қанатты қиялдардан тұнар ақ өлеңдер.

ШАҒАЛА МЕН ШӨЛ

Тымырсық ауа,

Құм татыған жел,

Мидай жазық қиян дала көгінде

Шаңқиған күннің ыстығы қанатын қарып

Бір шағала ұшып жүр.

Мұнда көл жоқ,

Мұнда өзен жоқ,

Айнала түгел сарғылтым іреңге бөгіп

Мүлгіп қана жатады,

Қарғаның қарқылы,

Ұзақтың шуылы әлдилеп.

Өзегі қаңсып қалған байырғы арнаның бойында

Қаңбақтай жеңіл бір түбірдің үстінде отырмын

Топыраққа бұлыттың суретін салып.

Ау, шағала деп айғайлайтын сияқтымын,

Аузымнан басқа сөз шығатын сияқты,

Сосын,

Шағалаға жетпей-ақ қурап,

Үгіліп

Ауаға сіңіп кететін сияқты.

Ау,шағала дейтін сияқтымын тағы

Іштей күбірлеп,

Күбірім күмілжіп келіп кеудемді соғатын сияқты,

Сол соққыдан мен де күлге айналып

Қапырық желмен ілесе шашылып кеткен сияқтымын.

Тымырсық ауа,

Құм татыған жел,

Мидай жазық қиян дала көгінде

Шаңқиған күннің ыстығы қанатын қарып

Бір шағала ұшып жүр.

Кім не десе де біздің жоғарыда меңзеген поэзиялық сүрлеуді түрлендіріп жүрген жас түрендерді түгендей беру мүмкін болмас. Айтарымыз, жалпы поэзияны жалқы аңыз бен өлім арқылы жалаулатуға болмайтынын да ескерте кетсек дейміз!? Алайда бәрінің өкілі ретінде топ жастарды осылай деп жазғырып көрсету мінәсіп емес...

Мұнда бізді селт еткізген ақындардың бірі Бауыржан Майтай. «Қызыл өзен» өлеңін оқып отырып кәдімгі үрейленіп қаламыз. Қаншама геоақпараттардың арасынан тапқан өлеңнің нышаны түгел өзге. Фридрих Ницшенің де Фрейдтің де ықпалынсыз жасалған көшпелі психоанализм сілемі!!!

ҚЫЗЫЛ ӨЗЕН

Есімнен кетпейді, өзен жағасында әкемнің,

Осы өзен басында баласына қанжар қадаған әке туралы,

Бала қанына мына өзен түсін жұттырғанын естігені жайында айтқаны.

Өзенге қорқа қарағаным...

Есімнен кетпейді,

Өзен жағасындағы сол сәттік көрініс.

Толқынға қасқая бағынған өзен жиегі.

Өтіп жатқан уақыт пен егіз өзен өзін-өзі жұтып жорғалап,

Ұсақ толқындар бір-бірін жетелей жағаны қармап,

Қорқа қарасаң үріккен,

Күле қарасаң күлген бейнеге енгені.

Әкеме қарағаным...

Бұдан кейін біз жастарға қалай сенбейміз!? Өтіп жатқан уақыт пен өзеннің өбісіп, шендесуі жарасымды. Бірақ, уақыт туралы өзге жорамалдардың түбіне үңілу үшін Бауыржан Майтай бауырым тағысын, тағы толассыз ізденер деген үмітпен сәл тұра тұруға тура келеді – Досхан екеуіміз!

Шалқар Дәулеткелді деген есімді көріп, «үйіне қайта алмай...» қалған ақынды ерекшелеп көрсете кетсек пе дейміз!? Мұнда бүткіладамзаттық мәселе алға қойылады. Адамзаттың мәңгі тірі қалуы сандырақ емес.

ҮЙГЕ ҚАЙТПАУ

...Үйге қайта алмаған жылдың әр бір күнінде

Таныс және бей таныстар көзінше, қол созбайды олар заттарға,

Заттың арғы мәніне,

Естімейді сытырлап жанған уықтар мен керегелердің дыбысын.

Қиыр шеттен қудаланған шөп үгітінділерін

Басыпайды олар өз көшелерінде

Қайтып оралмағандықтан үйге.

Ақын оралмаса да оның артында қалатыны – із. Көп нөпірдің өткелінде бір анықтама болса одан өгей не айтар едің!? «Соңғы адам» туралы кімнің жазғанын әркім ұмытады. Алайда оның барлық сәуесі автордың ізін үнемі еске салып отырмақ! Айбол Исламғалидың «Ізіне» түсіп шамалы аялдап жүрдік. Көнерген шежіренің көне парақтары санада өртеніп аулатады... Қиял патшалығына жол бересің!? Айбол айбозымен өлеңнің өрінде жүр. Өңірлік сүрлеуден өмірлік қағидатқа із салады ол. «Іздегі» аллюзиялардың жөн, жосығы солай сезіледі. Көрінеді қолға ілікпейді... Тұтас астары бүтін пішіндердің дэл осындай көрінісі аз емес. Оны қолданатын тек ақындар ғана. Поэзия мың түрлі парадокстардан тұрады десек келісесіз бе!? Келіспеуіңізге құрмет көретеміз. Ендеше...

Із

Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап,

сүрмелі көздердің ішінде өртенді.

...Қиялда - Версальды тербеткен мың гүлзар.

Даланы жалғыздық көмкерді.

Жалғыздық - емексіп, өрекпіп,

Ауада қалқыған өксіктің соңынан еруге асығар.

Кенет.

Күт.

Қорқыныш төгіліп қылқалам ұшынан

Адасқан қиялдың ішінде қан болып жосылар.

Әуейі желдерден ұшындық,

Әулекі бұлттардан ұшындық

Содан соң...

Үй Елесі жанымызды түске орап,

Бақидың суреттерінен үзілген

Қып-қызыл отқа сіңді.

Экран ішінде Эвтерпа зарығып,

Жанарында әкетті жоқ ғасырды.

Түн күлді тасадан,

Түн күлді тасадан

Құсни xаттарды ұшырып

Жетім үркердің қолымен.

Іргеден естілген көрбілте шақтардың үнінде

Маңдайымдағы жазуды көшірмек болды

өлі дем.

...Жаураған аспанның көзі ісіп,

Мұңды мелодиядан оянған үйдің шатырын тоқтаусыз қақты.

Есік алдында - ақ қанат көгершін,

Бер жағында көлеңке сұлап жатты...

"Қош" дей алмай,

Жетім ойларды құшаққа ап

Көнерген кітаптай түледім.

Ал, кейін

Қабырғада гүлдеген үрейдің

қабағында қатып қалғанымды

білемін.

Үрке қарадық кімге?

Үрке қарадық неге?

...Қара ағаштың қауырсындары шашылып,

Жер ауыр күрсінді -

Мен де ауыр күрсіндім.

Сәби тұрды терезеге асылып,

Жол ауыр күрсінді.

Мен де ауыр күрсіндім...

Шумақталып, иректеліп алысқа бастап бара жатқан күйдің соңғы сұлбасы осы. Айбол ақынның әлеміне сырттан араласа алмаймыз. Оның өзі де өлеңінің «ішкі ісіне» сонша батпайтынын ептеп сезетін секілдіміз!?

Ендігі бір ақын туралы шамалы уәждерді нақта айтуға болады. Еділбек Дүйсен деген білімдар ақын бар, бұл өмірде. Ақынның ішкі қуатын өсіретін де өшіретін де бір күш бар ол – білім һәм ілім. Шешенің болмысын түсінде көріп, оны абстрактілі пішінге түрлендіріп жіберуі шеберлік. Ес деген ұлылықтың түске (реңге) айналуы. Түстің түсін ойнатып барып, анасының ақ шашын найзағайдың отына теңеуі! Жел өтіндегі аянышты, қиранды ғұмырдың мөр табы. Есік. Түс – өлеңнің метаморфозы! Есінде қалғаны...

ТҮС. ҰМЫТУ

Шеше,

қиранды үй ішінде

Көз жасың кері ағып,

Тоналып

ескі жиһаздар мен бағытын ұмытқан желге (ұшып???)

жүр екенсің деймін.

Алдыңнан ауру мысық шыға кеп,

Тұра кеп

мен сүймеген маңдайыңа жабыса кетіп,

жібермейді екен деймін.

Есімде қалғаны...

Сынған терезе сыртында

Самайыңдағы көк тамырлардай

Найзағайдың жарқ еткені ғана.

Ішінен жабылған есік сыртында қалғаным ғана.

«Мен үшін келіп тұр» дегенің ғана.

Есімде қалғаны.

Осылайша біршама жөннің басын қайырдық. Айта берсе әңгіме есе көп. Жас перілердің сана азаттығы жолындағы майданда еркін күресіп жүргені абұйыр!

...Байға қайғы – бақыт та, қараға ас!

Ей, Еркіндік сен секілді бұ жүрек,

ел секілді жалаңаш... -

деп Нұрболат Жолдасбек хас жас ақын жалындап, жарқыратып өтеді.

...Барым бердім жараса егер кәдеңе,

Сенен өзге уайым да жоқ және де.

Бір ұлыңның шын сөзіне сен-сенбе,

Көз аларттым көрші елге.

Жаным сатып албастыңа,

Сенің жолың өлсем мен,

Сәтке болсын еркін жүріп көрсең деп.

Мен кеткенде...

Аса ардақты Досхан! «Квантты» қайталап қарап шықтым кеше. Расында сіздер бақытта да, бағытта да барсыздар!

Жастардың ізденіп жүруі оң. Абай да ізденген. Абай болып туа салмағанын да... Абай – ежелгі дүниеден Сократты, содан кейін Шығысты, Батысты қопарды һәм Әбу Насыр әл-Фараби, Руми, Фердоуси, Низами, Саади т.т. Абай – Байрон, Фейербах, Гёте, А.С.Пушкин, Некрасов, Толстой, Достаевский, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Добролюбов...

Ақындық хаһи – «дерт». Онымен шын ауырған адам оңалып кетпеген. Оның қасында тәжвирус деген не тәйірі!? Апамның ащы құртымен бір пергеннен қалмайды!

Бар ғұмырында Ұлы Эйнштейн сызған – «Бақыт формуласын» үлпіл поэзиямен сызып жүрген уақыттың данышпандары осылар және біз атын атауға үлгермей қалыс қалғандары да! Көп...

Istanbul Esenyurt, 02.02.2020

Бөлісу:

Көп оқылғандар