Мақұлдап Абай атаң

Бөлісу:

07.02.2020 6718

(Мұхтар Мағауинге)

Шықтыңыз тау басына Сексен деген,

Бұл да бір биігіңіз жетсем деген.

Өзегің өрт боп жанды жастайыңнан,

Ұлтыңның бақытына көп шөлдеген.

Ежелгі Едігедей ел қамын жеп,

Тағдырын алты Алаштың толғадың көп.

Күн сайын тұғырыңда дүр сілкініп,

Тұрады заңғар көкке самғағың кеп.

Әр сөзің өткір жүзді алдаспандай,

Мақұлдап Абай атаң мөр басқандай,

Халқыңның жоғын жоқтап, барын қорғап,

Өзіңдей қайрат қылды кім жасқанбай?!

Толқынын көк теңіздей мың аударған,

Кімдерден ауыспаған мынау жалған?

Секілді көрінесің қалған тұяқ,

Шалкиіз, Доспамбеттей жыраулардан.

Болсын деп баяғыдай халқым күшті,

Ояттың ұйқысынан хан Шыңғысты.

Қаламнан таптың ұлы бақытыңды,

Қондырып алақанға алтын құсты.

Ұзартып қысқа таңды, келте күнді,

Маржандай маңдайыңнан тер төгілді.

Бұлт көкте қанатыңа серпін беріп,

Мұхитта жел тербеді желкеніңді.

Бекерге жаратпаған әр нәрсені,

Жеткізбес жүрген сайын жолдар шегі.

Табаның жерге тисе хан көтеріп,

Демеді қолтығыңнан таулар сені!..

Дұшпаның кеуде керсе омыраулап,

Аруақтар аунап жатты сені қолдап.

Тарта бар келешекке, кемел аға,

Керуенің қызыл-жасыл қоңыраулап!..

Несіпбек Айтұлы

07.02.2020

Бөлісу:

Көп оқылғандар