Сағат Әшімбаев. Көз жасының орыны бөлек...

Бөлісу:

12.02.2020 6234

Халқымыздың аяулы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтің дүниеден озғанына отыз жылға жуық уақыт болыпты. Сыншының рухани әлемін тереңнен таныған Әбіш Кекілбайұлы: «Оның өмір жолын ұлттық руханиятымыздың тарихи тағдырынан тысқары қарастыру еш мүмкін емес»- деп жазған еді. Ғалымның екі томдық шығармалар жинағын парақтай отырып, көңілімізде жүрген сұрақтарға жауап іздеп, ретро-сұхбат жасаған едік. Осыдан жарты ғасыр бұрын жазған Сағат Әшімбаевтің сын мақалалары мен ғылыми зерттеулері әлі де өзекті екенін толық аңғардық. Сосын да, уақыт сынынан өткен, өз құндылығын жоймаған сыншының ой-толғамдарын өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

– Сағат аға, сыншылық өміріңізде әртүрлі тұлғалардың әдеби портреттерін жасадыңыз. Соның ішінде Достоевскийдің шығармашылығына айрықша ден қойғаныңыздың сыры неде?

– Адамзат қоғамының даму тарихында ХІХ ғасырдың алатын орыны айрықша. Өйткені, осы ғасырда бүкіл әлемдік ақыл-ойдың алып асқар шыңдары саналатын небір ғұлама ғалымдар, данышпан көсемдер, әйгілі жазушылар, талай-талай талантты өнер адамдары дүниеге келген. Осы ғасырда әлемдік әдебиет пен философия бұрын-соңды болмаған шырқау биік дәрежеге көтерілді. Пушкин, Толстой, Тургеновтерді былай қойғанда ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті үшін бір ғана Достоевскийдің өзі қаншаға тұрады десеңізші! Басқалары болмаса да жалғыз Достоевскийдің өзі бүкіл орыс әдебиетіне зор абырой әперген болар еді. Бүгінде Достевский ХХ ғасырдағы дүниежүзі әдебиетінің даму процесіне зор ықпал етіп келе жатқан жазушы. Әлемнің қай түкпірінде де оған бас иіп табынбайтын оқушыны, оны ұстаз тұтып, творчествосынан үйренбеген, үйренуді мақсат етпейтін озық ойлы жазушыны кездестіру қиын. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Қайта туған халықтың әдебиеті» деген атақты мақаласында «Абай жолы» эпопеясындағы әкелер мен балалар арасындағы тартысты жазуға Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романынан үйрендім дегенін атап кетсек, артық емес қой дейміз.

– Достоевскийдің шәкірттерін әлемнің әр бұрышынан табуға болады дейсіз ғой?

– Осы ғасырдағы (ХХ ғасыр) «модадағы» атышулы жазушылар Ремарк, Ф.Кафка, М.Пруст, Д.Джойс, Ж.Сартр, Э.Хемингуэй, А.Камю, Г.Гессе, У.Фолкнер, Р.Акутагава және басқалары бар, бәрі де Достоевскийді ерекше пір тұтқан. Айталық Франс Кафка «Процесс» сияқты атақты романын жазуда Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының көп әсері болғанын мойындап жазғаны мәлім. Сол сияқты ағайынды неміс жазушылары Генрих Манн мен Томас Манның творчествосына да Достоевскийдің ықпалы күшті болған. Мұны Достоевскийдің Америкада басылған шығармаларына жазған алғы сөзінде Томас Манның өзі де еріксіз мойындаған. Томас Манның туған баласы, белгілі жазушы Клаус Манның жазғандарында әкесінің Достоевскийді ала-бөтен көп оқығаны айтылған. Сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаттары У.Фолкнер де, жапон жазушысы Я. Кавабата да, неміс жазушысы Г.Гессе де Достоевскийтворчествосын айрықша бағалағанын оқуға болады. Қысқасы, осы заманғы белгілі қаламгерлердің арасынан Достоевский туралы жылы лебіз, жақсы пікір айтпағандары жоқтың қасы. Зерттеушілердің ресми деректеріне сүйенсек, дүниежүзі көлемінде Шекспирден кейінгі ең көп тиражбен шыққан суреткерлердің бірі Достоевский екен. СССР-дағы және шет елдердегісін қосқанда жазушының өмірі мен творчествосына қатысты 6 мыңға жуық адам үлкенді-кішілі пікір жазыпты. (1974 жылғы мәлімет) Әрине, мұның ішінде монографиялармен қатар әртүрлі көлемді мақалалар да бар.

Суретте: Ф.М. Достоевский

– Достоевскийді алғаш таныған, айрықша бағалаған, жөн сілтеген орыстың ұлы сыншысы В.Г. Белинский болды ғой?

– Бір кезде «Бейшара жандар» повесі ұлы сыншы В.Г. Белинскийге қатты ұнаған ғой. Оның бұл повесть турасында пікірлер айта келіп «орыс әдебиетіне Гогольдің шын мәніндегі ізбасары келді» деп ағынан жарыла , жар салып қуанғанын білеміз. Шындығында да Достоевский алғашқы дүниесімен-ақ өз үнін, ешкімге ұқсамайтын жазу мәнерін, яғни қайталанбас психолог жазушы екенін танытып үлгірген еді. Белинскийдің жас жазушыны Гогольдің ізбасары деп қарауының өз негізі бар еді. Біріншіден, Достоевский қз күнделіктерінде алғаш жазып жүрген жылдары Гогольге еліктеп, оны көп оқығанын жазады. Оның «Бәріміз де Гогольдің «Шинелінен» шықтық» деген атақты сөзінің мәні осында жатқан болар?! Бірақ кейінгі жылдары Гогольге «қырын көзбен» қарағанын да ұмытпаған жөн. Екіншіден, «Бейшара жандар» повесі мен Гогольдің «Шинелінің» арасында бүтіннің бөлшекке қатынасындай творчестволық сабақтастық сезіледі. Достоевскийдің «Макар Девушкині» кейбір қылықтарымен Гогольдің «Акакий Акакиевичін» еске түсіреді.

Гогольдің роман, повестерінде негізінен сол кездегі Россияның комикалық жақтары басым суреттелсе, Достоевский шығармаларында керісінше трагедиялық жағы баса сөз болған. Бәлкім, оның ұлылығы да осында шығар?! Өйткені күлкі қанша астарлы, терең болғанымен көз жасының орыны бөлек қой. Шекспир трагедиясының жүздеген жылдар бойы сахнадан түспей, рухы жасымай келе жатқан себебі осыдан емес пе екен? Максим Горкий совет жазушыларының 1934 жылғы І сьезінде жасаған баяндамасында Достоевский туралы едәуір тоқтала келіп, оны «Талант күші жағынан Шекспирмен ғана қатар қоюға болады» деп айтуы да бұл пікірімізді дәлелдей түсетін сияқты.

– Трагедия дегеннен шығады, Батыс әдебиетіндегі экзистенциалистер Достоевскийді өздеріне ұстаз санайтын сыңайлы?

– Трагизмді айтқанда оны қазіргі Батыс әдебиетіндегі экзистенциализм ағымындағы «бұралқы трагизммен» шатыстыруға болмайды. Рас, экзистенциалистер Достоевскийді көр ретте өздеріне ұстаз санайды. Бірақ, олардың қателігі сонда, Достоевский шығармаларындағы жеке адамдар басындағы трагедиялық драма арқылы бүкіл қоғамдық-әлеуметтік шындықтың көрсетілетінін ескере бермейді. Бұған бір ғана Раскольников образын мысалға алуға болар еді. Раскольников трагедиялық планда жасалған жазушының сол кезеңге дейінгі (1866ж.) бүкіл творчествосының қортындысы, дүниетанымының жемісі іспетті философиялық образ. Әлем әдебиетінде Достоевскийге дейін мұндай тұлғалы образ жоқ болатын. Раскольниковты Шекспирдің Гамлетімен ғана салыстыруға болар еді. Романдағы өзекті идея: «Раскольниковтің жағдайы басына түссе, кез келген адам сондай қылмысқа барар еді» дегенге келіп саяды. Достоевскийдің Раскольниковы өсімқор кемпірді ғана емес, патшаны да өлтіруден тайынбайтын жан. Оның «Адам өз бақытына жету жолында ешқандай кедергі қиындықтан қорықпай, реті келсе болашақ бақыт үшін құрбандыққа баруға болады» дейтін идеясы шынтуайтқа келгенде революционерлердің идеяларынан алыс жатқан жоқ.

– Сіз Достоевский шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастырыпсыз. Соның қысқаша айта кетсеңіз. Сонымен Достоевский туралы әңгімемізді түйіндесек?

– Жалпы, Достевский творчествосын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі жазуға алғашқы машықтануы және Белинский, Петрашевский төңірегінде өткізген жылдары. Жазушының өзі де Белинскийдің ақыл-кеңестерін тыңдау бақытына ие болғаны үшін күнделіктеріне ризашылықпен жазған: «Это была самая восторженная личность изо всех мне встречавшихя в жизин». Белинский туралы осы пікірін ол ақтық деміне дейін айтып өткен екен. Әсіресе ұлы сыншының Гогольге жазған әйгілі хатын басқалардай емес, сондай таза көңілме қабылдапты. Достоевский өзіне дейінгі өз кезіндегі Европа классиктерін көп оқыған кісі. Ол пансионда жүрген шағында, инженерлік училищеде оқыған жылдарында (1839-1844) Бальзакты, Гетені, Гюгоны, Шекспир, Шиллерді, Ж.Сандты көп оқиды. Кейбір деректерге қарасақ Бальзактың «Евгения Грандесын» аударғаны да айтылады.

Ал екінші кезең – жазушының Омскіде айдауда, Семей қаласында әскерде болған жылдары. Яғни 1849-1859 жылдар. Он жыл уақыттың таза төрт жылы түрмеде, қалғаны Семейдегі әскери гарнизонда өтеді. Ол мұнда қатардағы солдаттан унтер офицерлік дәрежеге дейін көтерілген еді. Мүмкіндігінше Семейде болған жылдары әр нәрселер жазуға, жаңа кітаптар оқуға тырысып-ақ бағады. Ағасы Михаилға жазған хаттарынан оның Канттың, Гегельдің философиялық еңбектерінің қайсыбірімен осында танысқанын көруге болады. «Қапастағы үйден жазбаларын» арагідік уақыты болған сәттерде жазумен Семейде жүріп айналысқан. Врангел сияқты саналы адамдардың арқасында кітап оқуға қолы жетіп, Петербург, Москва жаңалықтарын анда-санда естіп жүреді. Тургенов сияқты жазушылардың жаңа дүниелерін, әрі сын көзімен, әрі алыста жүрген соң ба, құныға оқыған екен.

Айдаудағы жылдар, солдаттық өмір Достоевскийдің творчестводан едәуір уақыт қол үзіп шеттеп қалуына себепкер болғанымен шындығында пайдасызда болмаған. Ол мұнда жүріп мүлде есейіп, сана-сезімі толыса түсті. Азаттық өмірдің мәнін барынша терең түсініп шықты, жақсылық пен зұлымдықтың аражігін танып білді. Сонымен қатар, адамдардың қиын-қыстау сәттердегі психологиясын зерттеп білген.

Жазушы өмірі мен творчествосының соңғы кезеңіне 1860 және 1880 жылдар аралығы жатады. Бұл кезең өте қайшылықты, сонымен қатар жазушы үшін жемісті болды. Негізгі романдары да осы кезеңде дүниеге келіп жатқанымен, заманның бағыт-бағдарына дұрыс түсіне алмауы жазушы творчествосына кесірін тигізбей қойған жоқ. Аяғын көп жағдайда шалыс басып, қателіктерге ұрынып қалып та жатты. Тіпті шет елдерге жиі шығуының өзі замандастарының айтуынша, Россиядағы жағдайды алыс жатып та бағалап көру болған. Россия Достоевскийді түсінуге тырысқанымен, ол үшін Россияны түсіну қиынға соқты.

Достоевский әдебиетте таза жиырма бес жылдай ғана уақыт қызымет еткен. Сондықтан да оның әрбір босқа өткен сағат үшін қиналуына еріксіз сенеміз де. Оның осы үшінші кезеңде кеудеге кептеліп қалған сыр шудасын қайткенде де сыртқа шығаруға асыққаны да әбден заңды еді. Сондықтан да бір жазғанын Толстой сияқты он көшіріп қайта-қайта жазуға мұршасы болмаған. Бір жағынан жұрттан алған қарызынан құтылу керек, екіншіден, Стелловский мен Краевский сияқты кітап бастырушы өсімқорлардың уысынан құтылып шығу еді. Бір таң қалатын нәрсе Достоевский қанша қиындық көрмесін, жиырма бес жыл ішінде барлық жиғандарын қосқанда артына отыз томнан астам өлмес мұра қалдырған адам. Ағылшын журналистерінің сұрақтарына қайтарған жауабында да, Эйнштейін «мені ойлауға үйреткен Достоевский» деген пікір айтыпты. Демек, Достоевский мұрасы адам баласының рухани дамуына айрықша рөл атқарып келе жатқаны сөзсіз.

Суретте: ақын Өтежан Нұрғалиев

– Қазақ ақындары ішінде Өтежан Нұрғалиев шығармашылығына баса назар аударуыңыздың сыры неде?

– Өтежан Нұрғалиев өлеңдері «шу» деп шыққан кезде жырқұмар жұртты елең еткізіп, бүйірін бір қыздырған еді. Оның «Менің махаббатым» атты тұңғыш кітабы туралы жылы лебіздер кезінде ағыл-­тегіл айтылғанын да білеміз. Алпысыншы жылдардың, сөз ретіне қарай айта ке­тейік, қазіргі қазақ әдебиетінің даму тарихында алар орны айрықша болуға тиіс. Себебі, осы мерзім ішіндегі жалпы әдебиетіміздің творчестволық өсу, толысу, тол­ғау жағы басқа уақыттармен салыстырғанда ерекше жемістілігімен көзге түседі. Алпысыншы және жетпісінші жылдар аралығында әдебиетіміздің барлық жанрларында жандану, жаңғыру, ізденіс үстінде ілгерілеу процесі болды. Өтежан Нұрғалиев осы тегеурінді буынның ортасынан ойып орын алады. Оның да өз тұрғылыстары сияқты жастай көрмегені аз екен, жетімдіктен жаны жасып, көңілі пәс болып өскендігін өмірбаяны – өлеңдерінен іштей сезіп отырасың. Арада біраз жылдар жылжып өте шықты. Шындығы керек, Өтежанның алғашқы жырларына жапырыла қол соққан, жамырай сүйсініскен көпшіліктің көкейінде кейінгі кездегі ақын өлеңдеріне орай айтылар өкпе­-наз да жоқ емес еді. Оның себебі сол, а дегенде арындап шыққан ақын соңғы кездерде, атап айтқанда, 1973­-74 жылдарға дейін мынау Нұрғалиев Өтежан ғой дерлік өрнек­ нақышымен, поэтикалық образ ­ойымен ерекше көріне алмай келгені жасырын емес. Сөйтсек, ақын шын мәнінде ұзақ уақыт бойы жүрегіне жүк артып, іштей ізденісте жүрген екен. Ізденіс болғанда мүлде жаңаша формалық, мазмұндық бағыттағы творчестолық тоқсан толғаулы ізденіс екендігін ашық айтып, бүкпесіз мойындауымыз керек. Әдебиетте де қайсыбір жаңалықтар бірден мойындала қоймаған ғой. Қашан да екі ұдай пікірлер бір­бірімен қамшыласып­ қапталдасып келетіні белгілі. Сол сияқты ақын Өтежан Нұрғалиевтің творчествосындағы жаңа кезең – оның жаңалығы мол соғыс тақырыбындағы өлеңдері мен баллада ­толғауларының төңірегінде де қым­қиғаш пікірлер бой көрсетіп келеді.

– Ақынның тұтастай балладалардан тұратын «Соғыстың соңғы жазы» кітабы несімен ерекшеленеді?

– Өтежан Нұрғалиевтің соғыс жылдарындағы тыл туралы баллада­ циклдарын ақын творчествосындағы ғана емес, қазіргі қазақ поэзиясындағы елеулі жаңалық деп қараудағы дәлелдеріміз мынадай: Біріншіден, ақын соғыстың ауыр кезеңіндегі, одан кейінгі кезеңдегі ауыл тақырыбына өз тұрғысынан кел­ген. Яғни ол соғыстың қараша ауылдағы трагедиялық зардабын бүтінді бөліп, жартыны жарып, адамдар тағдырын тәлкекке салғанын өзіндік поэтикалық форма арқылы, соған үйлесімді образ­ характер арқылы өрнектейді. Өзіндік форма дегенге байланысты айтарымыз: ақын өлеңдерінде психологиялық портрет, деталь, конфликт, драмалық оқыс сюжет, шымыр да шынайы эпизод, Әлеуметтік тип­, характерлер бар. Сондықтан да мұндай лиро­эпикалық сипаттағы өлеңдер шын мәніндегі баллада жанрына қойылатын заңды талаптарға толық жауап береді. Бір сөзбен айтқанда ақын Нұрғалиев қазақ поэзиясында, шет­қақпай көріп, қаға берісте, көзден таса қалыңқырап жүрген баллада жанрын көркемдік жаңа биікке көтеріп отыр.

Суретте: "Соғыстың соңғы жазы" кітабының мұқабасы

– «Соғыстың соңғы жазы» қазақ поэзиясындағы баллада жанрының жаңа кезеңінің басы деуге толық негіз бар ғой?

– Баллада жанры Өтежанның ақындық зор мүмкіндігінің қайнар көзін ашқан сияқты. Екіншіден, Өтежанның әр балладасында сол уақыттың рухын танытатын бізге таныс және бей таныс адам образдары жасалып, солардың характерлік өзгешелігі, психологиясы ұтымды детальдар арқылы нанымды ашылады. Көз алдымызға соғыс жылдарындағы жадау өмір, жадағай тіршілік, қиын­-қыстау күндер, аш­-жалаңаш бала-­шаға, таңның атысынан күннің батысына шейін еңбек етіп жүрген аяулы аналар, қамкөңіл қыз­-келіншектер, жесір жеңгелер, майданнан жаралы болып қайтқандар мен әскерге жарамай қалған кембағал жандар елестейді десек ешқандай да артықтығы жоқ. Жалпы бұл тақырыпта, соғыс тақырыбына жазылған Өтежан өлеңдерін де соғыс жылдарындағы қай ауылға, қай семьяға болмасын, ортақ шындық – әлеуметтік жағдай, типтік ситуациялар яғни сол тұстағы адамдар басындағы қуаныш пен қайғы, қайрат пен қажыр, күдік пен күмән, сенім мен сезім, жақсылық пен жамандық өлең жолдары арқылы табиғи өріліп беріледі. Автор осы жайларды суреттегенде оның өлеңдеріндегі қоңыр әуеннен ешқандай да пессимистік мұңның иісі сезілмейді, керісінше оптимистік рухтағы драмалық­ психо­логиялық юморға толы суреттер, детальдар, эпизодтар, көріністер мол ұшырасады. Осының бәрі, баршасы лирико­драмалық пландағы жас кейіпкерлердің көзімен, соның ащы да ашынған сезім­толғанысымен беріледі.

Сондықтан да Өтежанның жас геройының басындағы шырғалаңды шындықтардан бүгінде қырықтың о жақ, бұ жағындағы буынның өмірлеріне тән күйініш пен сүйінішті, арман мен мақсатты, тағдыр мен талайды, мінездер мен әрекеттерді көрер едік. Бүгінгі 70­ жылдардың дженси киген жастары үшін Өтежанның «Шалбар әні», «Кармен», «Маңдай» атты баллада­өлеңдеріндегі суреттелетін шындықтар нанымсыздау көрінуі мүмкін, ал балалық, жігіттік шағы соғыс жылдары мен одан кейінгі уақытта өткендер сол көріністерді көз алдына елестететін осындағы эпизод – детальдарды оқығанда көңілдері босайтындығына күмән жоқ.

– 60-шы жылдардағы қазақ прозасының ізденісті жолын сараптағанда, осы тұста жазылған лирикалық шығармалардың көбіне, жас жазушылардың «Шұғаның белгісі» сияқты классикалық дүниемен қайта табысуы болуы мүмкін деген ой айтасыз?

– Жас жазушылардың әңгіме жанрында ізденістері жайында сөз болғанда Сайын Мұратбековтің есімін бөлек атар едік. Сайын қазақ әдебиетінде алғаш рет қарапайым ауыл адамдарының 20-30 жылдардағы психологиясын, сана-сезіміндегі әлеуметік түбірлі өзгерістерді өз шығармаларында реалистікпен суреттеген Бейімбет Майлиннен көп үйренген жазушының бірі. Оның әңгімелерінде «Шұғаның белгісіндегі» лирикалық психологизм мен тау суындай тұнық та мөлдір реализммен көп үлгі алушылықты, соларды байсалдылықпен зерттеген творчестволық ізденіс бедерлерін байқауға боады.

Сайын Мұратбековтың «Менің Қарындасым», «Ауыл оты» жинақтарындағы әңгімелерден алпысыншы жылдардағы қарапайым ауылдарының тамаша мінездері мен іс-әрекеттерін көреміз. Біздіңше Сайын әдебиетімізге осы бір кезеңнің талай-талай қайталанбас жаңа образдарын әкелген жазушы. Сайынның ізденісін ауыл адамдарының ішкі-сыртқы бейнесін өзгеше суреткерлік бояулармен өрнектеп бергенінен анық танимыз. Сондықтан да Сайын творчествосы әдебиетіміздің әңгіме жанрына тән ізденушіліктің бір дәлелі дер едік. Жазушы көз көргендерін сол қалпында бейнелеп қана қоймайды. Өмірден алатыны, өз жанынан қосатыны анық. Былайша қарағанда шығарма жазушының идеалы мен антиидеялының көрінісі. Өйткені жазушы ең алдымен күрескер азамат. Алдаспаны – қаламы мен парықты сөз. Жазушы жаны сүйген құбылысты мадақтап, жиренгенін мансұқ етеді.оның бұл ойы шығармада бүркеулі жататыны анық. Өйткені әдебиет жалаң публицистика емес, онда идея образға айналып кетеді. Өмірдегі талас пен тартыс, жалпы жақсылық пен жамандық атаулының туу себептері көп. Соның бірер себебі – харектерге байланысты. Белгілі бар жағдайдан соңғы дұрыс, не бұрыс әрекеттердің тікелей мінезге қатысы бар. Өмірдің күрделілігі де мінездердің әр қилылығымен, қым-қиғаштығымен сабақтас. Адамдардың түр-тұлғалық, дене бітімі, бет-пішімі жағынан ұқсас еместігі сияқты мінездері де әр алуан. Сайын осындай бір мінездерді жіті көре біледі де соны көркем шындықпен белгілі ситуацияға байланысты иланымды жеткізеді.

Суретте: жазушы Сайын Мұратбеков

– Әңгімемізді сыншылық бағытқа қарай өрбітсек, суреткерлік пен ойшылдықтың ара жігін ажыратып алайық деп жазғаныңыз бар?

– Суреткерлік сөзбен сурет салу ғана емес немесе болған, болуы да мүмкін қызықты, мазмұнды деген оқиғаны боркемік тілмен баяндау, сүлесоқ күйде суреттеп шығу да емес. Суреткерлік өмірдегі жай көзге танылмағанды таныту, жұрт байқамағанды аңғарту, елемегенді електен өткізіп көрсету, білмегенді биіктете елестету, танымағаныңа таңғалтып дүйім қауымды табынту, шын мен жалғанның, ез бен ердің адал мен арамның, кесапат пен парасаттың ішкі-сыртқы белгілерін таңбалап беру, басқаны қасіреттің қайғысына ортақтастыру, бақыттының бағына қуанту; жақсылыққа тебіренту, зұлымдыққа лағнет айтқызу. Ал ойшылдық болса жазушының осы қасиетіне имандай иландырып, айтқанына ажар беретін, көрсеткеніне көрік беретін, шығармасына қан жіберіп тұрған күретамыр іспетті. Суреткерлік – жазушы зеректігі десек, ойшылдық зерделілігі, кемелділігі, бейнелеп айтқанда кемеңгерлігі. Демек, ойшылдық пен парасаттылық суреткер сырының сымбаттылығы ғана емес, айтар идеясының қымбаттылығы, жасаған образдары жан дүниесінің мөлдірлігі, ой-сезімнің тереңдігі, көргені мен түйгенінің молдығы. Суреткерлік көрегендік – терең ойшылдық пен парасаттылықтың табиғи ұштасқан жерінен жазушы творчествосындағы өміршең философия, басқаша айтқанда интеллектуалдық концепциясы жарқырап көрінеді. Осындай жағыдайда ғана шынайы жазушы әдебиет атты «адам тану ғылымында» (М. Горький), «басқаның бақытын қолдап, адамдық асқақ сезімді қорғайты» (Т. Манн), сөз өнерінде жаңалық ашып, мұратты жауһар ойымен көркем сөзден гауһар мұнара тұрғыза алады!

– Уақыт пен Кеңістік және Әдебиет сынды ауқымды ұғымдардың таразысын тап баса білу сыншы үшін ең өзекті мәселелердің бірі болар?

– Уақыт және әдебиет... Осы бір күрделі ұғымның байланысы туралы ойланғанда ойың он саққа жүгіре береді. Біреулер нағыз әдебиет уақыт ырқынан тыс өз заңдылығымен қарақұлақтанып қаз тұра бастайды десе, екінші біреулер шынайы әдебиет шығармасы дәуір қажеттілігіне орай өмірге келіп, алдымен сол кезеңнің рухани мұрат-мүддесіне жауап берген соң ғана уақыттың қоян-қолтық, демеп-жебеуімен прогресшіл сипаттағы «ұлы көшке» ілесіп отырады деген тезис ұсынады. Шамасы осы бағдар баянды болу керек. Өйткені, тарих – ғұлама, замана – сарапшы, кақыт – қазы кезінде өз рухымен үндес шыққан нәрсенің бәріне бірдей көзжұмбайлық жасап артқа тастап, ескі жұртқа елеусіз қалдыра бермеген ғой. Демек, әдебиет уақытқа тәуелсіз жағыдайда жасалады деген қағида қасаң болу керек. Себебі, бүгінгі ұрпақ таңдай қаға оқып, тамсана айтып жүрген, өткен ғасыр еншісі саналатын классикалық дүниелердің жазылу сырына үңілетін болсақ, олар сол уақыттың әлеуметтік рухани қажеттілігіне, талабына, сұранысына сай туғандығына дәлел болатын көптеген фактілер алдыңнан шығады. Олай болса әдебиет уақытқа емес, екіншісі біріншісіне өз «әмірін» жүргізеді екен. Осы тұрғыдан қарағанда жазушыға бүгінгі күн мүддесі атынан творчестволық эстетикалық талаптар қою, міндеттер арту заңды да қасиет.

Суретте: Сағат Әшімбаевтің үш томдық шығармалар жинағы

Қазіргі қазақ жазушыларына осы заманғы әдебиеттің жағдайына сәйкес уақыт қойып отырған үлкен міндеттің бірі – «адам жанының диалектикасын» (Н.Г. Чернышевскийдің сөзі) ашу, дәл айтқанда кейіпкердің ішкі рухани әлеміне терең үңілу, жан сарайына психологиялық талдау жасау мен зерттеудің формаларын игеру бағытындағы тегеурінді еңбек етіп, моншақтатып мөлдір тер төгетін ізденіс мәселесі. Шынтуайтына келгенде, бұл өзі жазушылық шеберлікке ғана қатысты шешілуі қиын кординальдық проблема деседе болар еді. Өткендегі сияқты қазіргі заманғы озық әдебиеттердің алдыңғы қатарлы өкілдерінің творчествосын да адам жанының жұмбақты ішкі әлеміне психологиялық талдау жасау тенденциясы үстемдік алып отырғандығын айта кеткен жөн. Өйткені бұл творчестволық құбылыстың пайда болуы, қолдау табуы әдебиеттің қоғамдық сананың ерекше белсенді формасы ретіндегі айрықша дамуымен, адам жанын зерттеудегі үлесіне тиетін гегемондық миссиясымен, өміртанушылық қасиетінің бұрынғыдан да арта түскендігімен тығыз байланысты.

Сұхбаттасқан: Ұмтыл Зарыққан

Бөлісу:

Көп оқылғандар