Қуаныш Жиенбай. Ғұмырға татитын жалқы сәт
Бөлісу:
(әңгіме)
Жеті қараңғы түнде кімнің барып есігін қағады. Бұл қаладағы ағайын-туманың жай-жапсары белгілі. Әке-шеше ауылда. Туған ағасы сауда-саттық төңірегінде, ылдым-жылдым. Күн қайдан шықса солай қарай мойны бұрылатын күнбағыс. Мерекелерде, онда да тірлігін білдіру үшін ғана шаһар ортасындағы ауласы атшаптырым зәулім коттеджіне асығыс-үсігіс кіріп шығатыны бар. Жеңгесінің қабағы бұл кеткенше бір ашылсайшы!.. Жә, жұртқа белгілі жағдай ғой, неге келдім деп өкінгеннен басқа не істейді. Дайын астан ауыз тиіп шығып кеткенше асығады. Ағасының да күткені осы, қалбалақтап есік аузына дейін шығарып салады. Ауылдағылардың хал-аухалдарына жаны ашыған-сиды, өтініш айтатындар табылса қаржы жағынан көмектесер едім деп ақталады. Өзінің ауқатты тұратындығын жасырғысы келмейді. Қарындасына мейірімі алабөтен, құшағына қысады, арқасынан сыйпайды. Қоштасарда мұның қарсылығына қарамай, әжептәуір ақшаны қалтасына сүңгітіп кеп жібереді. Уһ деп бір күрсінеді содан соң, бәлкім туысқандық парыздан құтылдым ғой десе де өзі біледі.
Апайы қала сыртында. Бала-шағасы баршылық. Күйеуі жарымжан. Оларды паналап абырой таппасы белгілі. Асүйде бүрісіп отырып, алтыншы қабаттан тысқа көз тікті. Керек-жарағын сөмкесіне салып, дайындап қойған. Кімді күткенін және түсінбеді. Сән салонындағы құрбысы телефонын көтермеді. «Үйіңе бір түн түнеп шығайын» демекші еді ауызба-ауыз сөйлессе. Әркім өзіне лайық тірлігімен әуре, кімге өкпелейді. Такси шақыртқаны мұндай оңды болар ма, төңірек тастай қараңғы. Аяқ-жолыңды тауып, ілгері жылжуың ақырзаман. Ілдебайлап есік алдындағы аялдамаға жетті де, бірден вокзалға тартты. Аяпбергеннің түрін көрмегені абзал, мұнан кейін де жолықтыра көрмегей деп ішінен мың қайтара тілеп келеді. Күздің қара суық жаңбыры дене тітіркендіреді.
Талайлар бас сауғалаған қайран теміржол вокзалы! Ертеңге дейін шыдаса, одан соңғысын тағы көрер. Маңайдағы қара-құраның көптігіне көңіл демдеді. Дені әскери жорыққа аттанғалы тұрған өңкей шикіөкпе бозбалалар. Әлі қатаң тәртіпке де үйреніспеген, киімдері де олпы-солпы. Соған қарамай дүниені төңкеріп тастағандай, бірімен-бірі даурығып сөйлеседі. Кейбірі тіптен бұйығы, ауылдағы түнгі клубтың қызық-шыжығын әлі ұмыта алмай жүрген сыңайлы. Командирдің көзін ала бере ащысудың бөтелкесінен бір жұтып үлгергендердің жағалары жайлауда, былжырақ әннің түбін түсіргендер де солар. Топ ортасынан екі-үш қыз баланың қысылып-қымтырылып және мына жайсаңдардың «темір құрсауынан» қалай құтыламыз деп, төңірегіне жалтақ-жалтақ қараған аянышты көзқарастарын аңғарып қалды. Бұл да бір ессіз дәурен ғой жарықтық! Өстіп жүріп от басып алмаса жарағаны. Қайдағы-жайдағы еске түседі. Мына түрімен кімді мүсіркеп, кімнің маңдайынан сипамақ. Керісінше әлгі бойжеткендердің бірі жұлқынып шығып, Балшайымның адам аяғандай мына отырысы тегін емес-ау деп жанашырлық танытса, ағыл-тегіл жылап алуға дайын еді; басын иығына қойып, бірер минут мызғып алуға да қайлы еді. Екі-үш күннен бері ұйқысыз. Қалғып бара жатып, біреу бөксесіне біз сұғып алғандай, шошып оянады. Оянып кететін себебі, вокзалдың ана бұрышынан екі көзі қанталап, Балшайымды шарқ ұра іздеп жүрген Аяпбергенді көріп қалатындай, жүрегі алқынып аузына тығылады. Бойын жасырып одан әрі төменшіктейді. Аяпберген залым ғой барып тұрған; қазір де мына топырлаған бейтаныс адамдардың көзінше Балшайымға бір ауыз дөрекі тіл қатпас еді, сыпайы, салмақты. Жайлап сөйлеседі, көптен көрмегендей құшағын ашып, бауырына қысады. Құлақ түбі күңгір-күңгір: –... Үйге келсем, сен жоқсың. Пәтер қаңырап бос тұр. Не болды, сені өкпелеткен кім? Айтшы қазір, ол нәлеттің қолында өлейін! Жаным-ау, көшедегі кезбедей вокзалға түнемекпісің?! Қайдан шығарған жаңалық мұныңыз? Құстың ұясындай шаңырағыңнан безінгенің қалай?! Жүрші, қарамызды батырайық бұл арадан!..
Жүрек елжірететін қандай керемет сөздер! Мұндай лебізді шын ғашықтар ғана айтса керек-ті бір-біріне; мұндай ерке қылықты шын ғашықтар ғана көрсетсе керек-ті бір-біріне. Дос-жаранның ортасында шалқып-тасып, ән айтып, ән тыңдап, ертең көретін көди-сөди тірліктің шаң-тозаңынан уақытша болса да құтылып, бір жасап қалатын Балшайымның бүйіріне кенет добалдай бармақ қанжардай қадалар еді. Ес жиюға шама келтірмейді, «не, не боп қалды, ауыл-аймақ аман ба?!» Аяпбергеннің әртістік өмірге бейімделгені соншалық, бет-жүзінен титімдей өзгеріс байқатпайды. Сол күлкі, сол жылы жымиыс. Отырғандармен әзер қоштасады. Үй иелері жік-жақпар: – Аяпберген Сариевич, ай бойы сіздерді сарылып күткенде... Сіздерден басқа құрметті қонағымыз да жоқ еді, бұ қалай?
– Қызметтеріңіз құдайдан қайтсін, біз де қарыз боп қалмаспыз... бұйырған күні біздің үйден де шай ішерсіздер. Қайтесіз, кезек күтпейтін тығыз шаруа...
Лифтімен сырғып төмен түседі. Балшайымның көңіл-күйі ит тартқан қара терідей. Түн қойнына жұтылып-ақ кеткісі келеді. Үй маңына жақындай бергенде Аяпберген үйреншікті «музыкасын» даңғырлатады келіп: «Ана жігіт саған неге соншалық тесіліп қарады?! Онымен билемесең өлдің бе?!», «Қарсы отырған дәу қара аяғыңды басты, сен оны білдірмеген болдың. Менің көзім сау ғой әзірге. Ал маған мынаны айтшы, анау мәшине базарының меңгерушісі сені жерге сыйғызбай мақтады-ай: «Семьямызбен Балшайымның сұлулық салонына барамыз». Жарайды барсын, шаштарын қидырсын. Байқамай жүргек, сен нөмірі бірінші сұңғыла шаштараз екенсің ғой. Осы марапат жетпей ме бір басыңа. «Кішкентайымыздың қарын шашын алу үшін де Балшайым ханымды үйге шақырып аламыз»... Өй-дөйт, сен сонда жұмыстан соң солардың үйіне баратын болдың-ау шамасы! Бәлкім, мен іссапарда жүргенде сені саунаға да шақыратын болар. Ал кәне, асықпай, аптықпай осы сұрақтарыма жауап берші, кәнекей!»
Түн шымылдығы одан әрі қоюлана түседі. Ал жаныңдағы жан жарыңның кескін-келбетінен манағы жылы жымиыстың жұқанасын таппайсың. Мүлдем тосын, мүлдем бөлек адам. Сұрақтарына жауап күтіп, үнсіз ілбіп келеді. Не айту керек, қалай құтылуға болады осындай тар қапастан?!..
Мына шеткі бойжеткенді бір жерден көрген. Жүзі таныс, сірә сән салонына үзбей келіп жүретін «клиенттерінің» бірі болар. Көзінің астымен ол да Балшайым жаққа жалтақ-жалтақ қарап қояды. Иығын жапқан қоңыр шаштың «мастері» қарсы алдында отырса, неге танымасын. Олар күткен пойыз келіп қалды-ау асылы, жұрт жапатармағай емен есікке лап берді. Бірін-бірі итерісіп, кимелегендер де қисап жоқ. Командирдің айқайына құлақ қойғандар сирек. Есірік топ әлгі бикештерді таптап кетпесе сол-ақ. Ата-аналары әрбір қимылға елеңдесіп, ине ұшында отырған болар. «Алаңдамай ұйықтай беріңдер, мен құрбымның үйіндемін...» Өтіріктің дәурені жүріп тұр бүгінде. Аяқ басқан сайын кес-кестеп ілгері жүргізбейді, ал шындық байғұстың солардың арасында ауа жетпей тұншығып жатысы мынау. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті шамалы. Аяпбергенге бір шындығын өткізе алмай шаршаған. Бүгін, жоқ кеше... салонға тапсырыс берушілер қаптап кетпесі бар ма. Кейде жұмыс жоқтықтан екі қолыңды алдыңа сыйғызы алмай діңкелейсің. Ал мынау тамаша! Қалтаға түсетін тиын-тебеннің сылдырын қойшы, аш-жалаңаш жүрген кім бар. Қатардан қалмайын дегендердің есебі түгел. Қатардан қалмай жанталасқандардың бірі – Балшайым. Орта мектептің ортаң қолдай тіл-әдебиет пәнінің оқытушысын түлен түртті аяқ астынан. Ешкімнің қолқалауынсыз өзі шешініп кірісті біріне. Жалақысы аздау дегенмен мұғалімдік те тар келмейтін бір пенденің тақиясына. Мамандығымды өзгертемін деді жын соққандай. Жұмыс істеп жүріп шаштараздың курсін бітірді. Жоғары білімді шеберді қаладағы кез келген мекеме тілге келместен қабылдауға әзір-ді. Және Балшайымның ізденгіштігі, шаш түзеудің сан түрлі әдістерін ұлттық нақышқа туралап жүйелейтін тапқырлығы – атақ-абыройын аспандатты бір демде. Бұл қай салонға ауыспасын, клиенттері ізінен еріп жүрді шұбырып. «Жолым оңғарылды,– деді ішінен. Дауыстап айтуға жүрексінді. – Тек ұзағынан сүйіндіргей!» Аяпберген секілді «жігіттің сұлтанын» мамандық ауыстырмаса қайдан кезіктіреді. Шаштаразға келушілерді алаламайсың және әлдекімге бар өнеріңді салып тыраштансаң бірден көзге түсесің, сөзге ілігесің.
Дегенмен, тағдырдың жазуынан қайда қашып құтылады. Екі аптаның бірінде шашын қидырып, сақал-мұртын бастыратындығы өз алдына, Аяпберген күнде кешкілік Балшайымды шаштараз алдындағы аялдамадан күтіп алады. Пәтеріне жеткізіп тастайды, демалыс сайын мейрамхана дайын. Құшағында гүл. Сақалын алғанда байқатпай Балшайымның нәп-нәзік саусақтарын құшырлана сүйеді. Таныс-білістерінің ауыздарының суы құриды. Жаһанға белгілі жарапазан-дағы баяғы. «Тұмсығыңды көкке тіреп, байсыз қалып жүр ме, балақай!» Еркектерден қыздардың көптігі, оң жақта отырып қалудың түкке тұрмайтындығы – таразыға салынады ең алдымен. Қыза-қыза әңгіме ауаны төске өрлейді, Балшайымғы қызғанышпен қарайтындар барған сайын қара көбейтеді: «Он жетідегі қыз секілді ыбылжып жүріп алсаң, бізден жақсылық күтпе, Аяпбергенді қармаққа түсіру көп қиындық тудырмайды біздерге!» Екіншілерінің де көз жастары көл: «Бағың бар екен, Балшайым! Егер Аяпберген секілді жігіт бізге сөз салса, бес қатын жіберсе де үндемес ек...» Балшайымның сылтауы түгесілген. Тәуекел, көнді бәріне. Аяпберген туыстарыммен таныстарамын деп үйіне апарған бір күні. Кездейсоқтық па, әлде алдын ала жоспарланған іс-шара ма, түн ортасында екі жеңгесі келіп, басына орамал салды...
Бүгін, жоқ кеше: – Қайдасың? – деді Аяпберген. Дауысы салқын.
– Қайда болушы ем, жұмыста... – Балшайымның кезек күткендерден сіңбіруге шамасы жоқ-ты.
– Бүгін тағы кешігемісің?
– Заказ көп.
– Түсінікті.
– Не түсінікті, сенбесең салонға соғып кет.
– Енді маған сенің басқан ізіңді аңдуым ғана қалып па еді?!
– Өзің ғой...
– Кешкі сегізден кешіксең үйге келмей-ақ қой! Бұл саған айтылған соңғы ескерту.
– Ішіп алғанбысың?
– Ішкеннен сақтасын, көрдім анауыңды. Шашын әдемілеп қиған екенсің, шаштараздан шығып барады талтаңдап.
– Кім, кімді көрдім дейсің?! Есің дұрыс па, не былжырап тұрсың?!
– Дұрыс, бәрі дұрыс, тек сенің ғана іс-әрекетің бұрыс... Бәрін бүлдіріп алып, сып-сыпайы боп жүргің келеді.
– Мұнымен не айтпақсың?!
– Мәшине базардың меңгерушісі сенен басқа мастер таппай қалған ба бұ қаладан? Тағы кездестіңдер ғой есебін тауып... Айнаға қарап тұрып, асықпай сырластыңдар. Үстіне әтір сеуіп, самайын сипалаған шығарсың жұмсақ алақаныңмен.
– Менің қызметім ғой.
– Бәлкім, одан басқа да қызмет істеуге дайын шығарсың!
– Е, енді түсіндім. – Балшайым өзін-өзі қинап күлді. – Ол кісі менің тұрақты клиентім. Ендігі жолы өзіңмен таныстырайын, мәшинеңді жаңалып алу ойыңда жоқ па?
– Рақмет, мені қайтесің, ондай жақсылығыңды соған ғана жасай бер.
– Мақұл, болдың ба?
– Болдым. Бүгін жиналыс, үйге кештеу ораламын. Ал сен...
– Иә, мен...
– Айтылған уақыттан сәл кешіксең үйге келмей-ақ қой.
– Қай да барамын?
– Қайда барсаң онда бар, қысқасы мен келгенше үйде болмағаның абзал!
***
Вокзалдағы қаңғыр-гүңгір басылған. Әр тұстан үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастардың сұлбалары қарауытады. Ары-арасында қаннен-қаперсіз ұйқыға берілгендердің не арманы бар дейсің сырттарынан қызыға қарап тұрып. Екеуара сыбыр-күбірге көшкендер газет-дастархандағы қалған-құтқанға құныға кіріскен. Тамағы құрғап жұтындырмаған соң сөмкесіндегі нарзан судан ұртын толтырып екі жұтты. Толықша келген полицей әйел резина таяқшасымен ұйықтағандарды бөкседен түртіп оятады. Күнде көрген соң бір-бірімен таныс боп қала ма қайдам, әлде аяушылық таныта ма кім білсін, қызметін пайдаланып, әкіреңдемейді: «Қонақүйде жатқан жоқсыңдар, тіктеліп тәртіп сақтап отырыңдар!» дегенді де ишарамен түсіндіреді.
Түн жарымынан ауа бергенде төбедегі жасыл шамдар бір жанып, бір сөніп, төтенше дабыл қағылсын. Жүргінші пойыздардың темір доңғалақтары қос рельсті аяусыз түйгіштейді. Бәлендей өзгерісті аңғара алмады Балшайым. Сүйтсе жылжымалы мәшинелермен еден жуатын бригада – үш-төрт адам тұс-тұстан қаптап келе жатты. Вокзалды босату керек уақытша. Сыртта тоқтаусыз себезгілеген ақ жауын. Балшайымның басында жұқа жібек орамалдан басқа түгі жоқ. Дегенмен тыстағы салқын ауа бірден бой сергітті. Күңгірттеу бұрыштағы үлкен терезенің тұсына келіп бой тасалады. Және жалғыз емес-ті. Сабалақ жүнді күшік жылы орнымнан қуатын болды-ау деп қапалана ма қайдам, бейтаныс кісінің бет-жүзіне қарамастан Балшайым терезе жақтауына сөмкесін қоя бергеннен қыңсылай жөнелді. Құмыққан үні мұндай ащы болар ма, тура жүрегіңді суырып алатыннан әрі. Былайғы кезде бір-біріне күн бермейтін екіаяқтылар қаңғыбас итті қайтсін.
Арлы-берлі ағылған пойыздарға тыным жоқ. Соңғы аялдама – вокзалға тұмсық тірейтін қала таксилерінің де қарасы сиреген. Осы маңға жақын қоныстанған бес қабатты үйлердің көмескі шамдары бірімен-бірі келісіп алғандай, кезектесіп сөне бастаған. Яғни, ұйқыға кететін мезгіл таяу. Балшайымның танауын жаңа ғана үтіктелген төсек жапқыштың таңғы шықтай тап-таза иісі қытықтағандай болды. Шіркін, не айтары бар, жұмыр басты пендеге қайғы-мұңсыз жылы төсекке құлай кеткеннің өзі кішігірім бақыт екен-ау!
– Қарындас, а, қарындас?! – Ту сыртынан келген дударбас саңырау кісімен жолығысқандай, Балшайымның иығынан дөрекілеу нұқып қалды.
– Не, не дейсіз, сізге не керек? – Балшайымның көзі шытынады. Мына сұмпайының көкейіндегісін бірден түсінді.
– Сіз... сіз керексіз. – Қалжыңдағаны қолапайсыз естілді: – Неткен соқыр едік! Сіздей сұлумен күндіз театр фоесінде емес, жаңбырлы түні қолайсыз жерде кезіктірген құдайдың қырсығын қарасайшы! – Қалтасынан шылым алып тұтатты. – Шын айтамын, пенде байғұс өзінің сұлулығын байқайды. Сіз, сіз бар-ау керемет сұлусыз! Сұлулықты ажырата білуге қауқарымыз жетеді әзірге. Сұлулық сайысына түскендер жолда қалады сіздің мына ай мен күндей керемет ажарыңыздың қасында! Мен сірә, түс көріп тұрғаннан саумын ба?! Сіз шынымен адамсыз ба, әлде көз арбайтын перінің қызысыз ба? Сипаттауға тіл жетпес...
– Рақмет. – Балшайымның қателескен түрін қараңыз! Мылқау кісідей мәңгіріп тұра бергені жөн еді. Сұлу екенін мұнсызда біледі. Әлгідей жылусыз, мылжың сөздерді талай естіген.
– Сіздей сұлудың терезе түбінде бүрсеңдеп тұруы – күллі адамзаттың бетіне жағылған қара күйе! – Осындай аталы сөз мыналардың қай жерінен шығады-ей, а?! Ағып тұр, буын-буыныңды балқытып, сай сүйегіңді сырқыратады. Аяпберген де қызыл сөздің түбін түсіруге шебер еді.
– Суық тиіп ауырып қалсаңыз, оған да біз кәніліміз. Сұлулық – бұлт астынан шыға келетін жарық күн. Сіздер болмасаңыздар дүниені қара түнек тұмшалайды. Сондықтан «қызыл кітапқа» енген сіздей сұлуларды қорғау баршамыздың борышымыз.
– Болдыңыз ба, жетер, бар білгеніңізді маған арнап сонша таусылдыңыз ғой. Ертең де өмір бар...
– Ертеңгі өмірдің ішін ұрдым! Біз бүгінмен ғана өмір сүреміз. Ертеңіміз бір Алланың қолында.
– Иә, сонымен менен не керек, тоқетерін айтыңызшы. – Балшайымның бойын болар-болмас ашу биледі.
– Міне, мұныңыз ақыл. Көлік дайын. Менімен бірге жүресіз. Жылы төсек, жылы үй, бой жылытатын мөлдір шарап... дайын, бәрі дайын. Тек сіздің келісіміңіз... –Тамағын кенеп, терең жөтелді: – Кейде мынадай да жағдайлар болады. Түнде кезіккен кейбір көбелектермен бүйтіп езіп тұра алмаймыз. Біз істің адамымыз көгершінім, көнбесе басып әкетеміз. Барымта ғой кәдімгі. Ал сіз, сіздің жөніңіз бөлек. Аш қасқырдай тап бере алмай тұрғаным содан. Есіңізде болсын, айқайға басып ешкімді қорқыта алмайсыз. Бұл маңайдың полицелері бізбен әмпей-жәмпей. Ешкім ешнәрсе көрмейді, ешнәрсе білмейді. Ал кәне, мені қолтықтап алыңыз...
– Егер мен осы орнымнан қозғалмасам ше?
– Онда өзіңізге өкпелеңіз. Соңырағы күні есеп айырылысқанда осы жағдай ескеріліп, сізге тиесілі табыстың біраз бөлігі кейін шегерілуі мүмкін.
– Сіз сонда мені жезөкшеге теңеп тұрсыз ба?
– Енді... түн ішінде кім жалғыз жүреді. Итіңізді де бірге әкетеміз. Өзіңізге байланысты барлығы, тиын-тебен қызметіңізге қарай төленеді. Ертең, бәлкім бүгін... таң ата шайланып-жайланып, жуынып алған соң барар жеріңізге жеткізіп тастаймыз.
Балшайымның көз алды тұманданды. Қайдан пайда болғанын қайдам, бойын алақұйын долылық биледі. Мұнан кейін не боларын тіпті қаперіне ілмеді. Бүйіріме пышақ сұғып алса қайтем деген қауіп-қатерді де санадан сылып тастаған. Жеңінен арлы-берлі тартқылаған бейтаныс ыңғайға көнбейтінін білген соң, құшақтай алып іргеге қарай сүйрелеген. Балшайым қасарысып бақты.
– Оңбаған, жексұрын!- Әйелдің ауыр сөмкесі тура тұмсыққа тиді. Биік өкшелі топыли жуан санды жағалады. Ішін басып еңкейе бергенде тастай түйілген жұдырық көк желкеге қонжиды. Бұл қайдан тап болған бұла күш?! Қорқыныш атаулыдан мақұрым, осы түн өлім кетсем де өкініш жоқ деген өжет сезім жарты минут ойлануға мұрша бермеді. Балшайым табан астынан мүлдем басқа Балшайымға айналып кеткен-ді. Ал айнала түн құшағына бүтіндей сіңіп үлгерген. Арлы-берлі ағылған пойыздарға тыным жоқ.
***
Кең де жарық күту залы қарлығаштың ұясындай жып-жылы. «Тұрақты тұрғындардың» дені әлдеқашан келіп, жайғасып алғанға ұқсайды. Дені сырт киімдерін шешіп, бастарына жастанып, аяқ-қолдарын созып, «енді келетін пәле жоқ» дегендей, жайбарақат күйге көшкен. Балшайым шеткі орындықтың біріне жайғасты. Қарын ашқанын енді сезді. Үйден шығарда жүрек жалғайтын бірдеме алмағанына өкінді. Асықты, әйтеуір Аяпбергеннің көзіне түспеуге тырысты. Бір ауыз сөзінің өзі өкпе тұсына қадалған сұр жебеден бетер еді: «Мен барғанша тайып тұрғаның абзал!». Тайып тұрды. «Менсіз жетіскеніңді көрермін» деді тағы бірде. Мұның не үшін айтылғанын аңғармады. «Қызғаныш – қимастықтан туатын сезім емес пе?!»... Не, не дейді-ей, Аяпбергенді ақтап алмақ па сонда?! Қызғаныш шынайы махаббаттың туындысы! Махаббат... қайдағы махаббат қаңғырып жүрген?!.. Бәлкім, Балшайымдікі де дұрыс емес, оқтаулы мылтықтай бірден атылды. Қызғаншақ күйеуді тәрбиеге көндіретін ақылды әйел ғана. Қақпайлап тамырын басса, кешірім сұрап аяғына жығылса қара тас секілді қасарысқанда не ұтады? Кімге пайда, кімге зиян? Жә, мұнысын қойшы, таң атса тырбынып тірлігін жасар, ашыққан қарын тойынар, уақыт емші ғой бәріне. Бүгінгі көрген азабы да біртіндеп ұмытылар. Ал манағы «спектакльді» қайтеді?! Қаладағы жезөкшелердің қарасын көбейтуге сәл-ақ қалды. Ұят-ай, масқара-ай! Абыройсыздық апанына түсу қас-қағымда. Таныс-білістердің көрмегені қандай жақсы. Түн, қараңғы түн арашалап қалды қиын өткелден.
Көкірегіне өксік тығылды. Аяқ-қолы дірілден ағыл-тегіл жылады, біреудің көзіне түсем-ау деместен армансыз жылады. Оу, бұл не пәле?! Тағы кімге керек болып қалды Балшайым?! Таң алдында қаңғып жүрген бұл не тобыр? Иықтарына асай-мүсейлерін асынған үш-төрт жігіт гүл қауызына қонақтаған арадай Балшайымның төңірегіне ұмар-жұмар топтала қалды. Бірі шамның сәулесін туралады, бірі аппараттың түймелерін ағытты. Сарт-сұрт.
– Сіз осы қалпыңыздан қозғалмаңызшы, өтінеміз қозғалмаңызшы! Бар-жоғы, он-он бес минут. Көзді ашып-жұмғанша... Осындай кадрды түсіре алмай қанша күн аяғымыздан сарсылдық. Сілеміз қатты. Таң атқанша аялдай тұрайықшы деп вокзалға кірсек... – Орта жастағы сақалды режиссердің қимыл-әрекетіне көз ілеспейді. Әлдекімдерге пәрмен беріп, әлдекімдердің жайбасарлығын тілдеп, шыбын жаны тырнақ ұшына тірелгендей, Балшайымды айналсоқтап зыр қағып жүр. Күту залының бір бұрышы құдды киностудияның түсіру алаңына айналып кеткендей. Балшайымның зәресі ұшты. Неткен шым-шытырық мына дүние?! Осы қым-қиғаш оқиғаның бәрі өзі бастан кешкен бір түннің ішіне қалай сыйып кеткен?! Апыл-ғұпыл көз жасын сүртіп, тұра қашқысы келіп еді, режиссері түскірдің адам арбайтын сиқыры бар ма қайдам, олай-былай қозғалуға шама келтірмеді. Оператордың мұрын ұшы шып-шып.
– Қалай?- Режиссердің дауысы дүлей.
– Тамаша!
– Асыра сілтеме, «тамашаңның» қалай түсірілгенін ертең студияға барған соң анықтаймыз.
Жайлап Балшайымның жанына жақындады: – Біздің шаруамыз бітті. Осындай шынайы эпизод сыйлағаныңыз үшін сізге түсірушілер тобы атынан ризашылығымызды білдіреміз. Білесіз бе... сіздің адресіңізді, кім екеніңізді, қайда қызмет істейтіндігіңізді біздің жігіттер журналға тіркеп алады қазір. Қара жұмыс істейтін бикешке ұқсамайсыз. Бізге ол жағы маңызды емес, маңыздысы – бізге еш қоспасыз шынайы өмірден он минуттық үзінді сыйладыңыз. Үзінді, осы үзіндінің өзі біз бастан кешкен тірліктің боямасыз ақиқатын ашып көрсетеді. Және бұл эпизодты мынау деген ешбір актриса айна-қатесіз ойнай алмайды. Таптаурындыққа ұрынады, не әртістік айла-тәсілге салады. Бірақ оның бәрі сіз орындаған рөлге маңайламайды, ұқсамайды. Сіздікі нағыз өнер, нағыз өнер туындысы! Құйыла салған бәйкүнә бейне! Үлкен рөл осындай қарапайым үзінділерден тұрады... Біздің шаруамыз бітті. Қалған әңгімені ертең, не одан арғы күні студияда жалғастырармыз. Аман болыңыз... жүрекке бүйтіп жүк түсірмеңіз. Мұндай көңіл-күй кино үшін болмаса, былайғы уақытта қайталанбасын!.. Бізге таңғажайып үзінді сыйладыңыз!.. Осы үзіндімен-ақ өмірді одан әрі жалғауға болады!..
***
Бұл күндері Балшайым Сәдірқызы киностудияның гример бөлімінің меңгерушісі.
Ал Аяпберген бір айдан бері студияға рұқсатсыз кіре ала алмай, есік алдында сенделіп жүр.
Көрнекісурет: piter-trening.ru
Бөлісу: