«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» жарық көрді
Бөлісу:
Танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық толағай еңбегі жарық көріп, Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылымы болды. «Тарихи құндылықтар және Қазақ мемлекетшілдігі» атты семинар өтті. Семинардың модераторы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы болды.
Ғалымның өмір жолынан сыр тарта отырып, алғашқы сөзді ғалымға қамқорлық танытып, қолдау білдіріп отырған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыздықовқа берді. Ректор өз сөзінде ғалымды құттықтап, тілектестігін айтты.
Кітаптың тұсауын АҚШ, Назарбаев университеті, профессоры Юлай Шамиль, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов, Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы, кәсіпкер, меценат Марат Нәбиев кесті.
Үш томдық тарихи кітаптың беташарынан соң Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы арнайы қомақты ақша бөліп түсірген Қаржаубай Сартқожаұлының өмір жолына арналған деректі фильмнің тұсауы кесілді. Қауымдастық төрағасының орынбасары З.Қ.Тұрысбековке ғалым өз атынан зор алғысын білдірді.
Семинардың бас баяндамасын жасаған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ шығыстану кафедрасының профессоры, түркітанушы, синолог Қайыркен Тұрсынхан Зәкенұлы өз сөзінде: «Бұл кісі өмір бойы өзінің сүйікті ісімен айналысты. Дүниедегі ең бақытты адам. Айналып келгенде ағамыз, менің ұстазым ұлттық идеяға, тарихи сананың жаңғыруына қызмет етті. Ұлтымыздың қазір қастерлейтін екі мұрасы бар. Бірі – Құран, екіншісі – Күлтегін тасы. Бірі иманымызды бекітсе, бірі елдігіміздің айқын дәлелі. Өкінішті бір жәйт қазір Қаржекеңнің артында жалғыз шәкірт, осы бітік жазуын оқитын ғалымның ұлы Жантегін ғана. Бұл үлкен ойланарлық мәселе. Ғалымның мектебін қалыптастырып, бар білімін алып қалуымыз керек» - деп көпшілікке ой салды.
Сөз алған ғалым Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов кітаптың ішінде кездескен көне түркі сөздеріне тоқталды. Бүгінге дейін өзгемеген мағынасына, дәстүр жалғастығына терең бойлатты.
Таралымы 500 данамен оқырманға ұсынылған тарихи еңбектің бүкіл түркі әлеміне маңызы айрықша.
Тарихи кітап Мәңгілік ел орнатуды көксеп, Еуразия төсіндегі Ұлы далаға үш ғасыр бойы билік жүргізген байырғы түріктердің мұраларын толық қамтиды. Олар өздерінің бай тарихын, терең дүниетанымын, асқан даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп, өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан болатын.
Бұл кітап ғалымның көп жылдар бойы жиған қазынасы болып табылады. 2015 жылы дайын болса да, төрт жылдай көптеген себептермен жарыққа шықпай келген. Енді ғана шығуға мүмкіндік алыпты. Үш томдыққа бұдан 2 мың жыл бұрын ата-бабаларымыз жазып қалдырған мәтіндермен қоса, тасқа басылған бітік жазулары енген екен. Ғалым әрқайсын түпнұсқада зерттеп-зерделеп, аударып, тілдік түсіндірмесін, тарихи маңыздылығын саралай түсіндірген. Осыған дейін тек шетелдік ғалымдарының жазбасы арқылы ғана оқып, біліп келген жаңсақ ақпараттарды енді түпнұсқадан оқуға толық мүмкіндік жасап отыр. Бүгінге дейін мұндай атлас жасалмаған болатын. Түріктер де, орыстар да қанша жасауға талпынғанмен, ақыры ойлағандарына жете алмаған. Тасқа басылған көне мәтіндерді оқу тіл біліп қана қоймай, көне салт-дәстүрден де, ұлтымыздың байырғы дүниетанымынан да, археологиядан да хабардар болуды қажет етеді.
Ғалымның айтуынша, ежелгі көк түрік дәуірінен тартсақ, біздің халқымыз 11-12 түрлі жазуды қолданған. Солардың арасында көк түріктер «бітік жазуы», еуропалықтар «руна жазуы» деп атаған жазумен көптеген мәліметтер сақталыпты. Бұл жазудың 2000 жылдық тарихы бар көрінеді. Кейін соғды жазуына көшкенде, бұл жазу қолданыстан шығып қала берген. 795 жылдан бастап Ұйғыр қағанаты кезеңінде, соғды жазуын азырақ өзгертіп, «ұйғыр алфавитін» қолданыпты. Бірақ Ұйғыр қағанаты мен қазіргі ұйғырдың ешқандай қатысы жоқ. «Ұйғыр» деген атау – сүттей ұйып, бірлесіп, біріккен деген мағына берген саяси атау. Қағанатқа дейін Орталық Азияда көк түрік империясы билік құрыпты. Олардың билеуші тайпасы Қыпшақ тайпалық одағы-тын. Осы билікке оппозиция болып басымыл, қарлуқ, тоғыз-оғыздар екі ғасыр бойы күресіп келіп, 744 жылы билікті тоғыз-оғыздар қолға алды. Бұл – саяси атау осы үш үлкен тайпалық одақтар бірігіп, хандық құрғандықтан, «ұйғыр қағанаты» деп аталған. Ислам діні кіргеннен кейін араб жазуы бізге еніп, Берке ханның тұсында араб жазуы үлгісінде жасалған шағатай әрпін қалыптастырды. Бұл да – біздің рухани аса үлкен мұрамыз болып табылады.
Бүгінге дейін бірінші атласты 120 жылдың алдында В.Радлов жасапты. Онда руника яғни бітіг жазуымен жазылған үш-төрт көне ескерткіш қана қамтылған екен. Шындығына келсек Радловтың атласы, Томсеннің еңбегі екен. Томсен әр таңбаның мәнін, қалай оқылып, қалай таңбаланатынын,ашқан жаңалығының барлығын жақын досы В.Радловқа хатпен жіберіп отырған. Радлов ұстазынан рұқсат сұрамастан мәтіндерді өзінше оқып, атлас етіп жарыққа шығарып жіберген. Кейін Мелиоранскийдің түркология туралы көлемді еңбегі жарыққа шықты. Түркі дүниесіне қатысты мұнан басқа толық қанды зерттеу жасалмаған. Ал, жасалғандары тікелей мәтіннен алынбаған. Түпнұсқадан емес сөздік бойынша оқылып, сол дәуірдегі қолданыстығы сөздіктер бойынша жасалған екен. Бұл еңбектің ерекшелігі таза түпнұсқа негізінде жасалып отырғандығында.
Сондай-ақ бұл кітапта 2-3 мың жылдық тарихымен қатар, ұлттық дүниетанымы, көне архитехтурасы қатар зерттелген. Жан-жақты: діндік, ділдік, ұлттық таным, ұлттық философия, ұлттық этнография тұрғысында да кеңінен қарастырылған. Бұл Қазақ халқының көне мұрасы. Оған ешкімнің таласы жоқ.
Көп дүниелер қайта қаралған. Ғалым бүгінге дейінгі зерттеулерді мұқият тексеріп, қайта қарап шыққан. Көп қателіктер тауып, зерттеу барысында бір ғана тіл білудің аздық ететінін ұққан. Көне ескерткіштерге филология тұрғысынан ғана қарау жеткіліксіз екенін айтады. Анықтап археологиясын қоса меңгерген. Түпкі этнографиялық ерекшелігін де қараған. Салт-дәстүріне терең үңіліп, бүкіл түркі халықтарының дәстүріне бағам жасаған. Осыдан кейін барып қана бұған дейінгі дүниелердің барлығы дерлік қате жазылғанына көз жеткізген. Бұл еңбек сол қателіктің орнын толтырмақ. Томсенның оқуын, Радловтың зерттеуін мысалға алып отырып түпкі ақиқатына жан-жақты дәлелдермен жеткен. Көне жәдігерлердің ұйғыр тілі емес «ж» тілді яғни қыпшақ тілінде жазылғанын дәлелдейді.
Ғалым бұл пікіріне қарсы шығатындар көп болатынын, кемінде жиырма жылдай солай болатынын айтады. Бұл сала толық зерттеліп, ғылымдамығанда бәрі де осы ақиқатқа айналып келмек.
«Орхон ескерткіштерінің толық атласы»Түрік қағанатыныңОрхон, Сэлэнгі, Тоғула /Тула/ дарияларының бойында қалдырған жазу үлгілерін,тарихи-мәдени бай мұраларын қамтиды. Атласқа шығысы-Хянган жотасы,Сарыөзен, батысы–Еділ дариясы, түстігі-Ұлы қорған,терістігі – Лена дариясына дейін төрт құбыласын керіп, Еуразия даласына300 жыл бойы билік жүргізген империяның Орда маңына қалдырған мұраларыенгізілген.
«Баба түріктер бұдан 1200-1500 жылдың алдында түріктік дүниетанымының алтын бағанасы –Бөгү (Тәңірлік) дінін ұстанып, елдік құрып, төр /үкімет/ орнатып, тілі мен ділінің, тарихы мен әдебиетінің алтын сандығы-байырғы түрік алфавитін /БТА/ жетілдіріп, далалық өмір мен қалалық салтты ұштастыра қалалар салып, сәулет өнерін дамытып,өткен аруақтарына арнап мүсін қашап, ұрпағына байтақ тарихи-мәдени мұралар қалдырған. Көне тарихымызға, шежіремізге, тәрбие өнегесіне айналған байырғы түрік ескерткіштерінің жауынның, күннің астында, желдің, боранның өтінде қорғаусыз-күзетсіз, жанашырсыз-күтусіз соншама заманды өткізіп бізге жеткені ғажайып құбылыс. Өзінің мәңгілік ел орнатпақ идеясын, тарихын, салтын өшпестей етіп тасқа қашап кеткен байырғы түріктердің-бабаларымыздың жазу өнерін, мемлекеттігін, ел басқару жүйесін, ұрпағына мирас етіп қалдырған асыл өнегесін тереңзерттеу – өзін тікелей мұрагер санайтын қазақ ғалымдарының ең жауапты міндеті, қасиетті борышы. Өзінен-өзі сөйлеп тұрған тастардың тылсымсырларын аша түсетін мезгіл әбден жетті» – дейді ғалым.
Өкініштісі сол, ата тарихымызға қатысты құндылықтар, ескерткіштер, мұралар бүгінге түгел жетпей қалған. Себебі:
1. Сол тарихи-мәдени құндылықтарды жасаған халық ол жерлерденқоныс аударғандықтан, атадан қалған мұраға жанашырлықпен қарайтын ұрпақ жалғастығы үзіліп, иесіз қалып жатқан.
2. Бөгү (Тәңірлік) діннің дүниетанымымен жасалған мәдени-тарихи ескерткіштерге жаңадан енген будда, ислам діні идеологиялық жау ретінде қараған.Осының салдарынан байырғы түріктердіңтарихи-мәдени мұралары жаппай қиратылған.
3. Мыңдаған жылдар бойы ашық аспан астында боран мен желдің, ыстық пен суықтың, жауын-шашынның өтінде тұрып, табиғи эрозияға ұшырап үгітіліп, қираған.
Осындай себептермен,айбарлы көк түріктердің жасап кеткен ұшан-теңіз тарихи-мәдени мұраларының жұрнағы ғана бізге жеткен. Байырғы түрік мәдениетінің құндылықтарын танып, зерттеп-зерделеу,ғылымға айналдыру, ұрпаққа жеткізу-ендігі қасиетті борышымызға айналмақ.
Ешқандай ұлт, ұлыс, этнос бір күнде ғасырлық дүние тудырмайтыны белгілі. Ерте орта ғасыр дәуірінде Қағанат орнатқан түріктер де әлем мойындаған соншама құнды мұраларды мыңдаған жылғы үзілмей келе жатқан дәстүр сабақтастығының нәтижесінде жасаған. Олар мұның бәрін халық даналығының мол тәжірибесі негізінде жинақтады. Бұл ретте қауым мен жеке адамдардың ізденісі, халықтың шығармашылдық белсенділігі, тарихи-мәдени жады басты рөл атқарған.
Осыншама құндылықтарды өркениет тұғырына көтеруге әлем ғалымдары ғасырдан астам уақыт атсалысты, әлі де атсалысуда. Түркологияның негізін салған В.Томсен, В.В.Радловтардан бастап жүздеген ғалымдар алтын уақыты мен арман-мүддесін осы игілікті іске арнаған.
Тарих – елдің рухани іргетасы, ұлттық мәйегі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап ежелгі тарихына үңіле бастады. Халқымыз тарихи тамырын ерте орта ғасырда әлемге әйгілі болған көк түріктерден, байырғы ғұндардан, ежелгі іш-оғыз (скиф), сақтардан тартады. Өзге түрік тектес халықтар тәрізді қазақ халқы да сол тарихтыңмұрагері. Еліміздің тарихын байырғы түріктер тарихынан еш бөліп қарауға болмайды. Қайта, сол байырғы түріктердің тікелей мұрагері – алдымен осы қазақ халқы.
Ғалымның ендігі арманы көк түріктің академиялық тарихын жазу. Бұл туралы ешкім жазған жоқ. Публицистикалық еңбекке жақын Л.Гумилевтің жазғанынан басқа бұл тақырыпқа ешкім терең бара қоймаған. Қазақтың төл тарихы әлі толық жазылып бітпеді. Өз тарихшыларымыз қолға алмай ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихы ешқашан түгенделмейді. Өкініштісі сол, бүгінге дейін басқаның бұрмалап жазған немесе атүсті жазған тарихын оқып, өзімізді тани алмай келеміз…
Ағамыздың түркологияға келуіне көп дүниелер әсер етіпті. Бала күнінен анасының жатқа айтқан жырларын тыңдап, романтик болып өседі. Көшпелі ортада қой мен қозы бағып далаға деген құштарлығы оянған. Анасы кейбір жырларды өзіне оқытқызып, тыңдап, жылап отырады екен. Өзі ескі жадидше хат танығандықтан топыраққа, күлге, табылса қағазға жазып ескі араб әліпбиін үйретіпті. Кейде ұршық иіріп, жіп есіп отырғанда сыңсып көріс айтады екен. Соның кейбір жолдары есінде сақталып қалыпты: «Дүниенің төрт бұрышын алдау кәпір, Не болар келешекте ұрпағымыз» - деп көзінің жасын сығып отырады екен...
Сол шақта анасын жұбатып жүріп өз елінен алыста жүргенін, ағайын-туыс қазақ ортада отырғанмен Моңғол елінде жүргенін біледі. Төртінші сыныпты бітіргенде осылайша, бала жүрегі дір етеді. Өз елімде, өз жерімде шалқып жүрмін деп алаңсыз ойнап жүрген бала қайдан білсін.
Қазақ жерінің орыстың қолында, жартысының ши аяқ қытай қолында, өздерінің моңғолда отырғанын айтып түсіндіреді. «Орыс – темір ноқта, қытай – кендір ноқта, моңғол – жіп ноқта» - дейді. Жіпті күніне он үзіп, он мәрте жалғауға болар, темірдің үзілуі қиын. Ал кендір ноқта су тиген сайын басыңды қысып, өлгенде көріңе бірге кіреді - дейді.
Осы сөз, осы әңгімелер жасынан ұлтшыл етіп тәрбиелейді. Ұлтқа қызмет етуді, оның керегіне жарауды армандап, әдебиетке бойлап өлең, әңгіме, повесті жаза бастайды. Сөйтіп, 8-сынып бітіргенде «Білім және еңбек» журналына шыққан Ғ.Айдаровтың «Күлтегін ескерткіші» деген мақаласы қолына түседі. Мұнда Күлтегін қолбасшы туралы мәлімет бере отырып байырғы түрік бітіг (руника) әліпбиі жарияланған екен. Әліпбиін жаттап алдып, белгілеулерін бітіг (руника) әріптерімен жаза бастайды. Көне дүниеге құштарлық осылай басталады. Өзіне-өзі мақсат қойып, крил, араб, бітіг әліпбиін меңгереді. Сөйтіп Моңғолия мемелекеттік университетіне барған соң Чой Лувсанжав атты 12 тіл білетін полиглот ғалымның көмегімен байырғы түрік әлеміне енеді.
Қазақтың түркологияны зерттеген ғалымдары А.Байтұрсынов, Ғ.Айдаров, Томанов, Ә.Құрышжанов, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Қ.Жұбанов, А.Аманжоловтан бастап бүгінгі толқынға дейін түркітануда көп дүниелер ашылып, арнасы кеңи түсті. Қазақ елінде түркология мектебі қалыптасты. Қазақ тілінің, дінінің, ділінің, дәстүр-салтының бастауы ежелгі Көк түріктер заманынан қалыптасқанын анықтап, айқындап берді. Сол Көк түрік дәуірінен біздің мемелекеттілігіміз қалыптасып, салт-дәстүріміз жүйеленгенін дәлелдеді.
Кеңес өкіметі тұсында классикалық түркологиямен түріктекті ғалымдардың айналысуына шектеу қойылған болатын. Осы солақай саясаттың ықпалынан біздің қазақ түріктанушылары қатты қысымға алынған екен. Ғ.Айдаров 1960 жылдары «Орхон ескерткіштерінің грамматикасы» атты монографиясы жазылып бітсе де 5 жылдан кейін 1970 жылы әзер жарыққа шығады. Ресейлік ғалымдар Ғ.Айдаровтың осы еңбегін сынға алып, артынан осы еңбектің әдістемесін өздері қолданып 1980 жылы басып шығарды. 1980 жылы А.Аманжоловтың оқыған байырғы түрік майда жазуларына орай мақалаларын да сынады. Ғалым 2010 жылы Түркияда халықаралық конференцияға қатысады. Сонда байқаған екен Түркиялықтардың ондаған еңбектерінде Қаржаубай ағаның кітаптарына 400-ден астам сілтеме жасалған екен. Бұл әрине еңбектің бағаланғаны.
Бір ғана «Атадомбыра» атты мақаласы миллиард халқы бар ҚХР-ның, сексен миллион халқы бар Түркияның, сосын Германияның сайттарында орын алыпты.
Көрнекті ғалымның Шыңғыс хан тақырыбында айналып өтпегенін білеміз. Моңғол империясының басшылары Ұлы қағанның қайтыс болғанын, оның қайда жерленгенін өте құпия ұстапты. Қағанның қайтыс болғаны туралы хабарды жылдығында ғана таратыпты. Сол күйі қайда жерленгені құпия қалады. Кейінгі екі ғасырда қағанның қабірін іздеп 100-ге жуық экспедиция Орталық Азияны шарлап, басын тауға да тасқа да ұрған. Осы жолда ажал құшқандар да баршылық. Бәрі де сәтсіздікке тап болған. Кейбірі дақпыртқа салынып, бірнеше мәрте қағанның жатқан жерін таптық деп жалған ақпар таратады. Ұлы қағанның мүрдесін іздеген екі ғасырда шетелдік бір адам ғана қаған мазарының басына барыпты. Ол 1903 жылы америкалық зерттеуші Кентай жотасындағы Бурхан-Халдун тауына барған. Сол жерде алты ай бойы мекендеп, жергілікті жұртпен жақын араласып, ел аузындағы аңызды жазып алып, Бурхан-Халдун тауына шыққан екен. Сапар тәмамдалған соң еліне келіп Шыңғыс ханның мазары Бурхан-Халдун тауының үстінде деген тұжырым жасаған екен.
1795-1847 жылдарда өмір сүрген моңғолдың белгілі ғұлама тарихшысы әрі жазушы Ванчинбал "Көк судар" (Киелі шежіре) деген тарихи еңбекте (кейін бұл еңбекті ұлы Инжинаш жалғастырыпты): "Шыңғыс ханның мүрдесін Онон, Керулен өзенінің бастау алған басы, Бурхан-Халдун тауының төбесіне тас үй орнатып жерлеген. Мүрдені шынар ағашынан жасалған сандыққа салып, сандықты үш алтын белдікпен сақиналап бекітіпті. Алтын белдікті сандық арнайы айналмалы механизмге орнатылған деген де аңыз бар" деп жазып қалдырады.
«Түркология әлемдік дәрежеге шыққан ғылым саласы болып табылады. Егерде түркологиямен біреу айналысар болса әлемдік деңгейдегі біліммен қаруланып, әлемдік дәрежеде ой ойлап, әлемдік дәрежеде сөз қозғауы қажет. Олай істей алмаса бұл киелі ғылымнан алыс жүргені ләзім» дейді ғалым. Өзі еуропа ғалымдарының жетегінде емес, еуроцентризмге (еуроөктемдік) мәңгілік соғыс жариялап, сонымен алысып келеді екен.
Жалпы алғанда, көп дүниемізден айырылып қалған халықпыз. Барымызды әлі бағамдай келеді. Кезінде өз тарихымыз екенін біліп тұрсақ та, көп дүниені өзгеге телідік. Бүгінге дейін көк түріктің дүниелерін қазақ еліне ешкім жақындатпай келген. Алдымен орыстар зерттеп, қазақтан дұрыс маман шығармауға талпынған. Түркі жазбаларының соңына түсіп, ерекше қызыққан Ғ.Айдаров, А.Аманжолов сияқты ғалымдарды көк түріктің мұралары сақталған Моңғолияға жібермеген екен. Сол шақтағы озбыр саясат көк түріктердің билеуші тайпасы кім екенін айтқызбай келген. Бірақ ол таста тұр. Тілі кімдікі екені де тарихи деректе анық тұр. Оны да айтқызбады.
Көне түркі жазбалары мен ескерткіштерінде өте көп дүние жатыр. Мұнда барлық біздің тарихи төлтума дәстүріміз тұр. Ел басқару жүйесі жатыр. Бізде билік әскери-азаматтық демократиялық жүйеге құрылыпты. Бізде нағыз демократия болған екен. Түркілік дәстүрдің ең бір ерекшелігі мәселені ортаға алып, бірлесе шешетін болған. Бұл демократиялы қоғамның көрінісі. Мемлекет есебінен әскер де ұстапты. Олар ондық, жүздік, мыңдық немесе түмен деп сатылай өскен. Өзіне тән әскери атаулары мен шендері болған. Біз бүгін әскери атауларды қазақшалай алмай келеміз. Неге сол ата-бабамыз қолданған атауларды енгізбеске?! Түменбасы, мыңбасы немесе жүзбасы деген атаулардың мағынасы жоғары.
Қыры мен сыры ашылмаған соң, байырғы жазбаларда көп дүниелер байқалмай жатыр. Күлтегін жырында «Ұмай текті анасы Күлтегінді 12 жасында ат болдырды» деген жол жүр. Ат болдыруың – кәдімгі баланы сүндеттеу ғой. Ал біз сүндетті ислам дінінен алдық дейміз.
Күлтегін ескерткішінің тасын 60 шақырымдай қашықтықтағы таудан тасын дайындап әкеліпті. Ескерткіштің маңында дәл ондай тас жоқ екен. Оны қайдан әкелгенін іздеп, маңындағы ауыл ақсақалдарынан сұрастырған. Ондай тастың қайда барын солар айтыпты. Ескерткіш кешен тұрған жерден 50 шақырым машинамен, қалған жерін атпен жүріп өткен екен. Таудың тұмсығы көк жартас. Содан кесіп дайындағаны мәлім болған. Тасты дайындап алып 60 шақырым өңірге арнайы әкелген.
Арман Шеризат
Бөлісу: