Ақын рухына тағзым

Бөлісу:

25.02.2020 7341

Бүгін қазақтың айтулы ақыны, жазушы, драматург, ҚазақКСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің дүниеден қайтқанына 82 жыл толып отыр. Қатыгез қоғамның әділетсіз сотының қанды үкімімен 1938 жылы 25 ақпанда атылған С.Сейфуллинді елорда төрінде ақын ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, жалынды жырларын оқып, сағынған жұрт егіліп еске алды. Осынау ұрпаққа берер тағылымы мол сауапты істі ақынның атындағы қарашаңырақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейі өткізді.

Музей үшін дәстүрге айналған шараның биыл да өз ерекшеліктері бар. «Ер есімі - ел есінде» деген атпен өткен еске алу шарасына музейдің алғашқы директоры Роза Иманғалиқызы, Сәкен музейінде 20 жыл «Сырсандық» атты ақындар клубын басқарған Оспан Сүлейменұлы, Сәкеннің нағашы-қарындасы Асылгүл Әбіш, ақын, ф.ғ.д. Аманжол Әлтай, Сәкеннің музыкалық мұрасын зерттеуші, өнертанушы Серік Оспан, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ұстаздары мен суденттері қатысты.

Музейдің көрме залына ақын ғұмырынан сыр шертіп, өткен тарихтың құпиясынан бойлатқан көрме қойылып, келушілер назарына ұсынылды.

Тарих сахнасында өзіндік із қалдырып, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастырып кеткен ақынның ізбасарлары өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, жырларын жатқа оқыды. Музейдің алғашқы директоры Роза Иманғалиқызы жиылған жастарға музейдің қалай құрылғанын, ондағы әрбір заттың құндылығын, кімдердің тапсырғанын, ақынның жары Гүлбаһрамның еңбегін ерекше махаббатпен әңгімелеп берді.

Өз кезегінде Оспан Сүлейменұлы Сәкенге арнап Меккеде қажылық өтеп, «Бесінші парыз» деген кітабының қалай шыққанын айтты. «Сәкеннің дінге деген жанашырлығын, қамқорлығын зерттеп, қалың елге танытатын уақыт жетті» - деп зерттеушілерге үлкен ой салып, осы тақырыпта ізденіп жүргенін жеткізді.

Сәкеннің ән мұрасын зерттеуші Серік Оспан сері Сәкеннің ән мұрасының тарихына үңілді. 14 әнін жинақтап, нотаға түсіріп, жарыққа шығарған ғалым әрбір әнінің мән-маңызына тоқталды. «Біз көп жылдар Сәкеннің қайда жатқанын, қашан атылғанын білмей адасып келдік. Тіпті, сонау Магаданға дейін барды іздеушілер. Сонда досым, ақын Ғалым Жайлыбайдың жазған өлеңі бар:

Ақ боз атты құлатқан жала керме,

Магаданға мола іздеп бара берме.

Сәкен деген халықтың рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге.

Сондықтан Сәкен әндері, жырлары барда рухы мәңгі өлмейді дегім келеді» - деп түйіндеді.

Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген Сәкен талантының жан-жақтылығын айтып келіп ақын Аманжол Әлтай қазақтың заңғар тұлғасы Ақселеу Сейдімбектің мына бір сөзін еске алды: «Сәкен ағамыз басқа ештеңе жазбаған күннің өзінде, жалғыз «Тау ішінде» атты әнімен қазақ музыка тарихында қалар еді».

Ақынның нағашы-қарындасы Асылгүл Әбіш «Ақсақ киік» өлеңін тебіреніспен жатқа оқып, көпшіліктің зор ықыласына бөленді.

Сәкен Сайфуллин қиындыққа толы ғұмырында артына бай мұра қалдырған. «Тар жол тайғақ кешумен» тайталас күресте шыңдалған ол 20 жылдардың алғашқы жартысында-ақ, ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде танылған болатын.

1937 жылғы 24 қыркүйекте Сәкен тұтқындалып, жан-жақты тергеу жүргізіледі. Бірақ, Сәкеннің қай жауабында да ешкімді қараламай «мен ақпын, тазамын, сол үшін жан беруге даярмын» деп өтеді.

«Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы жеңіл жол емес. Күш-қуат, ой-сезім, істері нәр атауларының барлығын қуаныш пен күйініш, қиналу мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етіп келген. Осы күйді, әсіресе Сәкен басынан мол кешті», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында өлмейтін мол мәдени мұра қалдырды.

Сейфуллин атылған күні - 1938 жылдың 25 ақпанында тағы 39 адамның өлім жазасы орындалған. Олардың қатарында Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов те болды.

Жиналған көпшілік жыл сайын Сәкен Сейфуллинді еске алып, осындай өнегелі шараны дәстүрге айналдырған ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы басқарып отырған музей ұжымына шын жүректен алғыс білдірді.

Арман Шеризат

Суреттер «Әдебиет порталының» меншігі

Бөлісу:

Көп оқылғандар