Нұрбек Тәленұлы. Шеңбер

Бөлісу:

05.03.2020 3172

(Әңгіме)

Жәндік деуге жарамайтын жаратылысынан міскін кейіпті: Мыртық, бақанақ, жеркене, осынау иттің ұлы итақайдың өз әмір алабын, тиесілі жерін, ықпал аумағын – шеңберін қорғауға келгенде мұншама өлермен, мұншама ақ көз боларын кім біліпті...

Шеңбер аумағынан өз нәсілінің жат иісін танауы шалды-ақ өре түрегеліп, өрен-жаранымен жаппай атакаға өтіп, құны-перен ызбарлана лап бергенінен жаның түршігеді... бұлардың соншама ызақор, көкбет, тасбауыр болатыны, шамасы келсе, дұшпанын шайнап, жәркемдеп тастамаққа дайын тұратыны сұмдық!... осыншама көкдолы болатыны, бәлкім, бұлардың бір кездері: үйге, құшаққа, былқылдақ орындыққа, төсекке әдеттенген, әбден әздектеліп, бұла өсірілгендігінен болар... Қадірін қашырмаған бірлі-жарымы әлі де біреулердің еркетотай, шолжаңбайы болып жүр емес пе? Үйде отырып түзге үрген ит арпылын іргеден өткен жолаушының құлағы әлі де шалып жүрген жоқ па?!

Тумысынан төрт қанат тамға қамалған үй күшіктің тірлікті мәртебе көретін сығырдаңның қоржада отырып үрген дауысында біртүрлі менменсудің, мейманасы тасудың, масаттанудың сұмқай лебі бар-ау, бәтір!

Көп «күшікттейтін» иттігінен қадірі қашып, сүйкімі кеткеннен кейін, қаңғыбастық кепешін киіп, кілең кір-қожалақ, лас, мүскін, мыржық бастанған. Үйден қудаланған соң, кекті мақұлықтың көкірегіне ешкімді аямас кезбастық-өштік беріші шемен боп қатсын, ендігіде шамасы жетсе, кім-кімдіде шайнап тастамақ.

Жаман қорыққанын сыйлайды. Соншама қиқар, қиянпұрыс бола тұра, бұлар әлуетті, дүмі жуан, тұрқы зор дәулердің бетіне, әсте, жел боп тимес еді. Күштілер иемденбелі өңіріне баса көктеп кірсе де, тіпті иелік шеңберінің ішіне дәретке отырып кетсе де, оларға қың дей алмас-ты. Есесіне, киімі жыртық, иіні салыңқы, ілбиген қорғансыз жандарға аш бөрідей атылып бағатын. Алпыншақ-салпыншағын, әлекей-шөлекейін артқан кембағалдың үш дөңгелекті арбасына, ақсаңдай басқан кемтарға, әлжуаз кәріге, шынжау жас балаға шие бөріше жабылып кеп, тажалдай тисер еді. Арашаға тұсер біреу-міреу болмаса, талап жеуге бар.

Қанден әулеті сәулетті көліктің, сындардай жігіттің, бай-бағланның қабағына қарағыш келеді, тіпті керек десең, мүлаймсіген монтаны түрі арқылы оларға деген өзінің кемшілігін, «Ізетін» байқатып қоюдан еш жаңылмас та еді, әттең, ергежейліге көз салар мұрсат бұларда болса ғой.

Көрші үй сирағы сабаудай бір сұқсыр тазыны әкеп темір шарбаққа тоғытты. Бір кезде бел-белес, қыр-жоталарда оқ жыландай ұшып, шаршамай жүгірген, қырдың каусар ауасын суша сімірген құтпан зәузәтінің енді келіп қапырық ауадан тынысы буылсын, демі сығылсын... қапаста тырп етпей жату бұған да жеңіл тимеген, келе-келе қатты қыңсылауға, үн салып жылауға да барған.

Жүйрік тазы қамалған шарбақ осы маңдағы үйірлі қандендердің аумағында-тын. Аты бір ит, заты бір байқотан болған соң, бұлар келіп, ендігіде қамаудағы тазыны сырттан бір сәт қызықтай жүруді тапқан. Биіктен салбыраған салпаң құлағына шалқая қарап, сояудай сирағына еңкейе көз салып, иіс төркінін парықтап, нәсілін мелжемдеп бір сәт бөгелісін, алабөтен аңтарылсын! Бұлардың мынау үрпиіскен түрі тазыға да аз-кем алданыш, сәл-пәл ермек...

Түлкі түгіл тауық ұстай алмас қанденнің, тағы келіп, сұқсыр тазыдан бағы артық екен. Қаласа мұның маңынан табылып, қаламаса, өз жөніне кете барады. Тұрлаусыз достық – у, өзіңді өзгемен салыстыру – қапа: ұшқыр болғанымен қапаста ғой, мынау мыртық болса да бір тұтам сирағымен көше-көшені аралап, мігірсіз тімтеңдеп шауып жүрмей ме...

...міне бүгін де ұйқы қашқан бір түн болды... Қандендер иелік алабына жуып кеткен әлде бір ит-құстың сыбдырын шалып, шәбелеңдеп, шабынып, жабыла лап берген, шажылы айғай-шудан түн тыныштығы бұзылған... Қалың дүбірге қатыса алмай қор болып, біреулер пұшаймандық кебін киген, қалың шарқылдақ арпыл арасынан дауыс салып жылаған кісі үніндей бір зарлы үн құлаққа шалынады, ол қапастағы сұқсыр тазының зар-запыраны еді... Ит екеш иттің де қасіреттен өзегі өрттеніп, қан құсар кезі болады екен-ау! Сұқсыр тазы анау итбегі інімнің қолына түссе ғой... Көкек әні басқаша айтылар еді, құшақтағы итақайдай әспеттелетіні мұнда тұр.

Кешқұрым итбегі інімнің «Достық шеңберінен» (әлеуметтік желідегі парақша) «Ақтөс» пен «Жолдыаяқтың» кескінін көргем... бір уақ бой жаздырып, серуендетіп жүрмін дейді... Екі ит қуаныштан есі шыға жынданады, мынау бақытын дүниенің бар қызығына айырбастағысы келмегендей арсалаң қағады, иесін жеп алатындай жақсы көріп, өліп-өшіп сүйеді, іші-бауырына кіріп кете жаздайды, ал келіп шауып жөнеледі, ал келіп арсалаңдап оралады...

Екі тазы онда асыр салады, сұқсыр тазы мұнда қан құсады, топанының көптігіне арқаланып әлсізді басынып шарқылдап-барқылдап қандендер салтанат құрады. Арпыл мен арсылдың, үру мен ұлудың шу-шұрқаны жуырмаңда басылатын емес... Мұның бәрі де әркімнің өз шеңберінің ішінде болып жатқан «Хикметтер» еді.

Көрнекісурет: https://pixabay.com/ru

Бөлісу:

Көп оқылғандар